Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасына аттанды
Қазақстанның ұлттық құрамасы Токио Олимпиадасына аттанды. Қазақстанның олимпиадалық құрамының негізгі бөлігі 16 шілде күші Алматыдан Токиоға ұшқан. Ұзын-саны 128 адам. Олардың қатарында спортшылар, бапкерлер, дәрігерлер, ғылыми-кешенді топ мүшелері, Олимпиададағы Қазақстан миссиясының өкілдері бар. Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Токиоға «Ақбұлақ» олимпиадалық базасынан каратэшілер, садақ атушылар, үстел теннисі мен семсерлесу командасы, ауыр атлеттер мен боксшылар аттанды. Өзге де жаттығу базаларынан жүзу спортының, су добы спортының өкілдері, жеңіл атлеттер, велошабандоздар, стенд ату мен нысана көздеуден құрама командалар, сондай-ақ, дзюдошылар Токиоға жол тартты.
Атлеттер екі апталық карантинде болып, соңғы жаттығу жиындарын Алматы қаласы мен Алматы облысында өткізді. Ойын қарсаңындағы соңғы күндерді спортшылар оқшаулану режимінде өткізген.
«Біз Олимпиада ойындарына қатысушы спортшылардың қауіпсіздігіне бағытталған ХОК пен Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің барлық талаптарын орындадық. Ұлттық олимпиадалық комитет пен ұлттық федерациялар спортшылардың сапалы әрі қауіпсіз дайындалуына бар жағдайды жасады. Біздің командадағы 96 спортшы ортақ еңбегімізді жемісі. Спортшылар мен бапкерлерге, сондай-ақ, спорттық дәрігерлерге бірлескен жұмысы үшін рахмет айтамыз», - делінген Ұлттық олимпиадалық комитетінің жазбасында.
Олимпиадалық құрамның қалған бөлігі 28 шілдеге жоспарланған екінші рейспен ұшады. Онда 43 адам бар. Олар балуандар, көркем гимнастикадан Қазақстан командасы, әртістік жүзу, бессайыс және жеңіл атлеттердің қалған жартысы.
8 шілдеден бастап Жапониядағы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан миссиясы жұмысын бастаған.
Олимпиада ауылындағы тіршілік те карантин талаптарына сай болмақ. Түрлі ел командаларының, әртүрлі спорт түрлеріндегі атлеттердің өзара байлансуына тыйым салынған. Олимпиадалық ауыл мен жаттығу және спорт залдарының арасындағы маршруттан ауытқуға болмайды, қоғамдық көлікті пайдалануға рұқсат жоқ. Коронавирусқа байланысты күн сайын тест тапсыру міндетті саналады. Сонымен қатар, спортшылардың жүрген орны мен денсаулық жағдайын бақылайтын бірнеше қосымшаларды ұялы телефонға орнату міндеттеледі.
Қазақстан олимпиадалық командасының сапында 97 лицензия жеңіп алған 96 спортшы бар.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де басталады.
Тақырыпқа тұздық:
Дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос СметовТокиоға ұшар алдында Қазақстан халқына үндеу айтыпты.
«Құрметті жанкүйерлер! Бүгін біз ең маңызды жарысқа – Токио Олимпиадасына аттанып барамыз. Біз еліміздің көк туы жеңіс тұғырында желбіреуі үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Ал сіздер, біздің қолдаңыздар! Сіздердің қолдауларыңыз керек. Бұл біз үшін өте маңызды», - депті Сметов.
Спорттағы ең биік шың - Олимпиада ойындары. Аталған дүбірлі дода төрт жылда бір өтеді. Биыл әлемдік пандемияға байланысты мерзімінен кешіктіріліп өткізілуде. Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған спортшы дәл осы биікті бағындыру үшін барын салады. Олимпиада ойындарына еліміз спортшылары тәуелсіздік алғалы алты мәрте қатысты. Әрі ешқашан медалсіз қайтып көрген жоқ. Айта кетейік, 1992 жылғы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы сапында өнер көрсетті.
Еліміз спортшылары жазғы Олимпиада ойындарында 1996 жылдан бері жалпы 64 медаль жеңіп алды. Бұның 19-ы алтын, 20-сы күміс, 25-і қола медаль. Ал қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып жүрміз. Бұл жарыста қазірге дейін жеті жүлде жеңіп алдық. Атап айтқанда 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медалге қол жеткіздік.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері өткен алты кезекті Азиадада еліміз спортшылары жалпы 557 медалге қол жеткізді. Бұның ішенде 155 алтын, 158 күміс, 244 қола медаль бар. Ал қысқы Азия ойындарындағы көрсеткішіміз мынадай: 69 алтын, 51 күміс, 44 қола жиыны 164 медаль.
Қазақстан тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы Олимпиада - 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындары болатын. Қазақстанның әнұранын Олимп шыңында тұңғыш рет Владимир Смирнов шырқатты. Атақты шаңғышы сол кезде бір өзі бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды.
Содан бері Тәуелсіз Қазақстан тарихында қол жеткізген спорттық жетістіктеріміз аз емес. Әлемдік ареналарда жеңіп алған жүлделер ел мерейін үстем етуге септігін тигізетіні шын. Спортшыларымыз халықаралық ірі додаларда топ жарған кезде бөркімізді аспанға атып қуанатынымыз осының дәлелі.
Abai.kz