Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2297 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:48

Шалқар Естен. «Венгр ғажайыбы» - Ласло Папп

Осыдан 59 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен болған ұзақ үзілістен соң олимпиаданы өткізу мүмкіндігі туды. Бұл істе белсенділік таныта білген Англия мемлекеті төрт жылда бір ұйымдастырылуы тиіс дүбірлі доданы Лондонда өткізуге қол жеткізді. Спорттық мерекеге әбден шөліркеп қалған әлем елдерінің барлығы дерлік олимпиадаға қатысуға ұмтылды. Дегенмен бұл екінің бірінің қолынан келмеді. Мәселен соғыста мерейі үстем болған КСРО Халықаралық олимпиада комитетінің құрамына алынғанымен, оның көптеген спорт түрлері бойынша жұмыс істейтін федерациялары халықаралық спорт федерацияларына мүше болмағандықтан жарыстан тыс қалды.
Сол сияқты Израиль де Лондон олимпиадасына қатысуға барын салды. Дегенмен араб елдерінің оған түбегейлі қарсы болып, «Израиль өкілдері оған жіберілсе - өздерінің қатыспайтындықтарын» мәлімдеді. Жағдайдың ушығып кетуінен қорыққан ұйымдастырушылар израильдіктердің ұсынысын қабылдай алмады.

Осыдан 59 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен болған ұзақ үзілістен соң олимпиаданы өткізу мүмкіндігі туды. Бұл істе белсенділік таныта білген Англия мемлекеті төрт жылда бір ұйымдастырылуы тиіс дүбірлі доданы Лондонда өткізуге қол жеткізді. Спорттық мерекеге әбден шөліркеп қалған әлем елдерінің барлығы дерлік олимпиадаға қатысуға ұмтылды. Дегенмен бұл екінің бірінің қолынан келмеді. Мәселен соғыста мерейі үстем болған КСРО Халықаралық олимпиада комитетінің құрамына алынғанымен, оның көптеген спорт түрлері бойынша жұмыс істейтін федерациялары халықаралық спорт федерацияларына мүше болмағандықтан жарыстан тыс қалды.
Сол сияқты Израиль де Лондон олимпиадасына қатысуға барын салды. Дегенмен араб елдерінің оған түбегейлі қарсы болып, «Израиль өкілдері оған жіберілсе - өздерінің қатыспайтындықтарын» мәлімдеді. Жағдайдың ушығып кетуінен қорыққан ұйымдастырушылар израильдіктердің ұсынысын қабылдай алмады.
Соған қарамастан бұл ойындарға әлемнің 59 елінен төрт мыңнан астам спортшы қатысып, үлкен мерекеге айналды. Соғыстан сілесі шыққан ел еңсесін тіктеп, бір сілкініп қалды. Мұнда АҚШ спортшылары толағай табысқа жетті. Әйтсе де дүние халқы Венгрия елінің де мықты спорт державасы екеніне осы жолы куә болды. Бокс өнерінде Ласло Папптай жарық жұлдыздың пайда болған тұсы еді. Лондон төрінде 22 жасар венгр жігіті қарсылас шақ келтірмей, өз ғұмырындағы алғашқы олимпиадалық жүлдеге иелік етті. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында «венгр ғажайыбы» туралы сөз қозғалды. Иә, расында да дәл осы жылдары венгриялықтар баршаны таңқалдырды. Осы елдің семсер ұстанған спортшылары ешкім болжамаған жетістікке жетіп, бес бірдей жүлдені еншіледі. Әйгілі Ференц Пушкаш бастаған футбол құрамасы да жасыл алаңда жай отындай жарқылдады. Кішкентай ғана Венгрияның даңқ-абыройы алысқа жетті.
Ал былғары қолғапты Ласло Лондондағы жеңісінен соң, шеберлігін тіптен шыңдай түсті. Ол 1949 және 1951 жылдары өткізілген екі бірдей Еуропа чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тағынды.
Көптен күткен 1952 жыл да келіп жетті. Олимпиада алауын Лондоннан алған Финляндия астанасы - Хельсинкидегі бәсекелерге қатысушылар қатары бұрынғыдан анағұрлым көп-тін. Халықаралық олимпиада комитеті алға тартқан барлық талаптарды орындап үлгерген КСРО да, әлемдік қауымдастық мойындаған Израиль де олимпиадалық ойындарға қатысатын болды. Спортшылар саны күрт көбейген сында бокстағы бәсекелестік жұрт назарын өзіне ерекше аудартты. Өйткені мұнда жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған жұлдыздар шоғыры топтасқан еді. Олардың арасында әсіресе Ласло Папп пен америкалық шебер Флойд Паттерсонның есімі құрметпен ауызға алынатын. Тартысқа толы бокс сынын тамашалаған қалың ел бәкене бойлы венгрдың керемет қимылына тәнті болды. Барлық кездесулерін мерзімінен бұрын, нокаутпен аяқтаған Ласлоға бірінші орта салмақта тең келер ешкім табылмады. Сөйтіп ол екі дүркін олимпиада чемпионы атанды. Бұл жолы да Венгрия спортшылары ғажап өнер көрсетіп, командалық есепте алпауыт мемлекеттер - АҚШ пен КСРО -дан кейінгі үшінші орыннан табылды.
1953 жыл Папп үшін сәтсіз болды. Ол өзінің спорттық өмірінде алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Бұл - Польша астанасы Варшавада өткен құрлық біріншілігі болатын. Екі дүркін олимпиада чемпионы, Венгрия мақтанышы финалға да жетпей, жарыс жолынан шығып қалды. Оны ұпай санымен кеңес боксшысы Борис Тишин ұтып кетті. Сәтсіздіктер мұнымен тоқтамады. Арада екі жыл өткенде Папп тағы да жеңілді. Атақты поляк боксшысы Збигнев Петшиковскийге есе жіберген Ласлоның «ғұмыры» аяқталғандығын сөз етушілер көбейді. Оның өткір шабуылдары, шалт қимылдары, кез келген қорғанысты бұзып-жара алатын тегеурінді соққылары біртіндеп ұмытыла бастады.
1956 жыл. Олимпиада алауы Мельбурнде тұтанды. Өзінің үшінші олимпиадасына үмітін үкілеп келген Ласло Паппты ешкім фавориттер қатарына қоспады. Отызға аяқ басқан даңқты боксшының соңғы сәтсіздіктерін алға тартқан мамандар оны қартайып қалдыға жорыды. Бұл олимпиаданың алтын жүлдесі кезінде Паппты ұтқан және бүгінде тамаша нәтижелерге қол жеткізіп жүрген поляк Петшиковскийге бұйыратындығын айтқан сәуегейлер де табылды. Әйткенмен өзінің сәтсіздіктерінен мықтап сабақ алған Папптың осы олимпиадаға тыңғылықты әзірлікпен келгенін ешкім біле бермеді.
Мельбурн рингіндегі алғашқы жекпе-жегін аргентиналық Сайенспен өткізген ол қарсыласын ауыр соққылардың астына алды. Қарулы венгрдың зіл батпан жұдырығын жасқай алмаған Сайенс қабағының жарылуына орай, жеңіліп тынды.
Ақыры Папп сарыла күткен жекпе-жегіне шықты. Үш ай бұрын опық жегізген полякпен қайта бетпе-бет келді. Өзіне сенімді болған Петшиковский рингте еркін қимылдап, бірінші шабуылдауға кірісті. Керісінше гонг соғылғаннан-ақ жинақы қалыпқа енген Папп аса сақ жүрді. Бірінші раундтың соңына таман әбден еркінсіген қарсыласының оң қолын сәл түсіргенін байқай қойған ол өзінің әйгілі солақайын сілтеп қалды. Поляк еденге гүрс етті. Дегенмен оны бірінші кезеңнің аяқталғанын ескерткен гонг дауысы құтқарып қалды. Екінші және үшінші раундтар да Ласлоның айқын басымдылығымен өтіп, ол қауіпті қарсыласынан есе қайтарды. Келесі кездесуде америкалық Жозе Торреспен бәсекеге түскен Папп жиырма жасар  талантты, бірақ тәжірибесі әлі толыса қоймаған боксшыны ұтты. Жекпе-жек барысында Торрес бір мәрте нокаутқа да түсті. Осылайша үш рет қатарынан олимпиаданы бағындырған Ласло Папптың аты аңызға айналды. Бұған дейін бокс тарихында бірде-бір былғары қолғап шебері дәл Папптай үш олимпиаданы ұтып көрмеген еді. Тек ширек ғасырдан кейін оның бұл көрсеткішін кубалықтар - алдымен Теофилио Стивенсон, сәл соңыра Феликс Савон қайталады. Міне осы үш саңлаққа бағынған биік әзірге өзге боксшылар үшін тек арман болып келеді. Оған шеберліктің шыңына жеткен хас мықтылар ғана қол жеткізері анық.
1957 жылы Ласло Папп социалистік жүйемен өмір сүрген елдердің өкілдері арасында тұңғыш рет өз бағын кәсіпқой рингте сынап көруге рұқсат алды. Мұнда да ұлы боксшы жеңістен жеңіске жетті. «Әуесқой бокстан ауысқандар кәсіпқой рингте қоңыз теріп кетеді» деген түсінікті алғаш өзгерткендердің бірі де Папп еді. Ол осы салада асығы алшысынан түскен алпауыттарды тұқыртып, алты рет Еуропа чемпионы атанды. Жұрттың бәрі оның әлемдік тәж үшін таласқанын көргісі келді. Бірақ осы жекпе-жектің қарсаңында венгр үкіметі күтпеген жерден Ласлоның кәсіби аренада өнер көрсетуіне тыйым салды. Кәсіпқой рингте барлығы 29 жекпе-жек өткізіп, 27 рет жеңіске жеткен, оның 21 -ін нокаутпен аяқтаған, екі кездесуде тең түскен, бірде бір жеңіліп көрмеген даңқты боксшы кейінірек бапкерлікпен айналысты. Оның ақыл-кеңесіне сүйенген венгр боксшыларымен әлемнің күштілері санасуға мәжбүр болды.

 

 

Венгрияның ұлттық мақтанышына айналған аңыз боксшы 2004 жылы, жетпіс сегіз жасында дүниеден өтті. «Венгр ғажайыбының» негізін қалаушылардың бірі Ласло Папптың есімі әлемдік бокс тарихында алтын әріппен жазулы тұр.
2009 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408