Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ой түрткі 4742 2 пікір 20 Шілде, 2021 сағат 12:39

Дипломат мемуарынан түйген ой...

 

 

Аға буын әріптесіміз, Қазақстанның сыртқы саясатының негізін қаласушылардың бірі, елші, белгілі қайраткер, ардагер дипломат Вячеслав Хаменұлы Ғиззатовтың «Өзгерістер кезеңі» («Время перемен») кітабының жарыққа шығуы сыртқы сала, дипломатия, жалпы қоғам өміріндегі елеулі оқиға дегеніміз абзал.

Қомақты туындының айтары көп, берері мол, астары терең, мақсаты айқын. Аталған еңбектің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарияланып, көзіқарақты оқырман назарына ұсынылып отыруының рәміздік мәні бар. Олай дейтініміз кітап авторы еліміз егемендігінің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік мүдде жолына білек сыбана кірісіп, бүгінгі күнге дейін ұзақ жылдар бойында қарымды қызмет жасап келе жатқан, өзі айтқандай «мәңгілікпен» айналысушы азамат.

Анасының қойған аты Меңжан, ал іште қалған перзентін көре алмай, сұрапыл соғысқа аттанып майдан даласында қаза тапқан марқұм әкесінің өтінішімен құжаты бойынша Вячеслав ағамыз да өз заманының «Жалаң аяқ жар кешіп, Қызыл аяқ қыр кешіп» өткен түлегі, сонау бір сойқан дәуірдің ащы шындығын біздерге құдыретті өлеңімен жеткізіп берген поэзия патшасы Мұқағалидің:

«Аңыздардан тере жүріп масақты
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты» ,-

дегеніндей, қиындықтың қияметін көре жүріп, ақын айтқан батырлыққа, яғни үлкен, маңызды істерге араласып ірі қайраткерлікке қол жеткізген жан. Мұның барлығы соғыс ұрпақтары үшін орасан күшпен, жігермен, үздіксіз оқу-ізденумен, талмайтын еңбекпен, иә, ең мәндісі, адал жолмен ғана келгені әбден түсінікті. Сондықтан В.Ғиззатовтың өзінің өмір, білім, еңбек жолы туралы жылдар өткеннен кейін жүректен жазылған естеліктері аға буын өкілінің ендігі олардың миссиясын ары қарай жалғастырушы бүгінгі жастарға, әсіресе халықаралық қатынастар саласында жүрген мамандарға, жалпы мемлекеттік қызметкерлерге, қоғамның сәулелі өкілдеріне барынша пайдалы еңбек екендігі анық. Олай дейтініміз, Вячеслав Хаменұлы екі дәуірді көзімен көріп, қолымен ұстаған, яғни екі кезеңде, соның ішінде кеңес уақытында ұлттық азшылық өкілдерінің маңдайына сирек бұйыратын мүмкіндік – сыртқы саясат саласында, барлау қызметінде одақтың шетелдік өкілдіктерінде ұзақ жылдар жұмыс істеп, одан кейінгі ғұмырын тұтасымен туған елінің егемендігін нығайтуға арнап келеді.

Иә, қазақ халқы - үлкенге құрмет, ініге ізет дейтін кең  пейілді жұрт. Алдыңғы ағаларымыздың өнегелі өмірі, боямасыз еңбек жолын әрдайым үлгі тұтатын болсақ, бұл орайда олардың айтар әрбір сөзі, ой-пікірі мен кеңесінің өзектілігі жоғары, ал мұның барлығы шебер қаламмен ақ қағаз бетіне таңбаланса, ұрпақтан ұрпаққа жететін мәңгілік құндылыққа айналмақ. Тарихымыздың бергі кезеңдеріне ғана үңілсек, өткен ғасыр басындағы аумалы-төкпелі заманда ұлт арманын асқақ етіп, азаттық жолына бастарын тіккен Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып пен Мағжан, Мұхтар бастаған Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік аса дарынды білімдар, ғалым, публицистер болғаны мәлім. Бұл қуатты үрдіс тоталитарлық кезеңде жойқын қыспаққа алынып бәсеңсігенімен, қазақ қаламгерлерінің арқасында қоғамның сан-саласындағы  жанды тақырыптары әдеби, ақпараттық амалмен дамыды. Осылайша, елдіктің өзегі, оның әлеуметтік, саяси, рухани мұрасы сан мәрте тарихтың дүлей толқындарына тап болса да, үзілмей өрлей түсуде. Бүгінде әлем таныған қазақ елінің сыртқы саясат саласы, отандық дипломатия дүниенің ықпалды күштері арасында көпбағыттылық ұстаным негізінде, алғашқы сәттерден бастап жас мемлекет мүддесіне сай сауатты шешімдер қабылдай біліп, ілкімді әрекет етудің арқасында жүйесін табуда. Асыл текті бабаларымыздың қасиетті аманаты -  мемлекет тәуелсіздігін орнатып нығайтудың сан түрлі саласының жүріп өткен соқпақты жолы бір сәтке де ұмытылмай, осынау абыройлы іске тікелей қатысушы азаматтардың жүрек түбінен шыққан шынайы ой-толғамдары, ғылыми, талдау еңбектері, болашақта ескеруге бағдарланған тұжырымдары тар шеңберде қалып қоймай, кең ауқымда жұртшылыққа жетуі әбден орынды, әрі аса пайдалы. Мұндай игі дәстүр Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың қолынан шыққан «Тәуелсіздік туы астында», «Беласу», «Нұр мен көлеңке» сынды құнды еңбектерінің арнасымен жалғасуда десек, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, бірнеше мәрте елші, келіссөзші В.Ғиззатовтың мемуары бұл пікіріміздің жарқын дәлелі бола алады.

Қарапайым да түсінікті жеңіл тілмен өрілген көркем туындыға татитын естелігінде Меңжан ағамыз бұрынғы одақтың сыртқы саласының темір есігін аша біліп, оның қатаң жүйесінде ұзақ жылдар жұмыс істеп, адалдығы мен ерік-жігерін табындылықпен дәлелдей білгенімен, ол кездегі барлық ұлттық азшылық өкілдерінің маңдайы тірелетін кедергілердің бірнеше рет ашықтан-ашық алдынан шыққанын жасырмай баяндайды. Осылайша, кеңестік дипломатияның кермек дәмін молынан татқан кәсіби һәм тәжірибелі маман тарихи дербестігін алған туған еліне оралып, ендігі бар қабілет-қарымын, білімі мен қайратын қастерлі атамекен мүддесіне арнайды. Ердің жасы елуге толған шағында ендігі мүлде жаңа  іске, жас тәуелсіз отанының халықаралық танылуы мен лайықты мойындалуын көздейтін жауапты да абыройлы міндетке кіріскен азаматтың екінші тынысы ашылғандай, туған топырағының ерекше қуаты әрдайым жебейтіндіктен де, мол жігермен аянбай еңбек еткеніне көзіміз жетеді. Ол кезеңде Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын жасау, әлемді, әсіресе АҚШ бастаған алпауыт державаларды алаңдатқан ядролық қарудан оңтайлы арылу, бекітілмеген мемлекеттік шекараны нығарлап қымтау одан өзге де сан қилы күрделі мәселелерді шешу міндеттері тұрғаны мәлім. Автор кітабында тоқсаныншы жылдары әлем картасында енді пайда болған жас республиканы жаһанға таныту жолында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей қадағалап үйлестіруімен жүзеге асқан кең ауқымды істердің басы-қасында болып, барша үзеңгілес және жас әріптестерімен бірге күн-түн демей,  ұзақ жылдарға созылған жанкешті жұмыс барысындағы қатпарлы оқиғаларды тартымды баяндайды. Олардың қатарында министрліктің басшылық құрамындағы, кейіннен Иран, Германия, Түрікменстан елдерінде Төтенше және Өкілетті Елші лауазымында атқарған істері, қол жеткізген жетістіктері, әлбетте кездескен қиындықтары, өмір жылдарын өткізген әлгі елдердің қызықты тарихы, мәдениеті мен өнері, атақты, ықпалды адамдарымен достығы жөнінде бүкпесіз әңгімелейді. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін қалмай келе жатқан мемлекеттік аппараттағы жекелеген лауазымды адамдар арасындағы аяқтан шалу, енді бірде дипломаттардың орасан күш-жігерінің арқасында шетелдік ірі компаниялармен қол жеткізілген тиімді жобалардың елдегі әлдебір жеке адамның мүддесіне бола жүзеге аспай қалуы тәрізді өкінішті жайттар да тілге тиек етіледі. Бұған қарамастан, артта қалған отыз жылдық айрықша кезеңде отандық дипломатиялық қызметтік қыр-сырлары, толайым табыстары, сонымен бірге қателіктерді қайталамай, алдағы уақыттары ұдайы есте ұсталуы лазым өзекті жайттар алға тартылған. Олай деуге автордың толық қақысы бар дейтініміз, Вячеслав Хаменұлы Қазақстанның сыртқы саясат саласына келгенде кеңестік қана емес, халықаралық дәстүр оң екендігін дәлелдегендей, алдымен үлкен мектептен өтіп, еңбек және өмірлік тәжірибені молынан жинаған сақа жасындағы сенімді тұлға-тұғын. Өкінішке қарай, кейіннен белгілі де белгісіз себептермен мұндай тәртіптің іргесі сөгілуінің жағымсыз салдарлары жиі кездесуде.

Біз бұл шағын баянымызда аға буын әріптесіміз, беделді дипломат, тәлімгер қоластында істеген жас жігіттердің барлығына дерлік шапағатын тигізіп, бүгінде олардың басым бөлігі жоғары лауазымдарға жетуінің жолын ашқан Вячеслав Хаменұлы Ғиззатовтың қомақты еңбегінің бүкіл мазмұнын қайта баяндауды мақсат етпедік. Оны көзіқарақты, көкірегінде сәулесі бар әрбір оқырман мұқият оқып, ойына түйеріне сенімдіміз. Айтарымыз аталған тұрғыдағы еңбек отандық дипломатиялық дәстүрді сақтау мен жалғастыруға, келіссөздер барысында бірізділікті бекемдеу, өткен кезеңдердегі қиындықтар мен тиімді шешілген түйіндерді әрдайым есте ұстау, бүгінгіде пайдалану, үлкен белестерден өткен тәжірибелі аға дипломаттардың жұмыс тәсілін үйрену, ақыры оларды ұмытпай ұдайы бағалау, тұжырымдай келгенде әлі де жас, қалыптасу, өрлеу кезеңіндегі төл дипломатиямыздағы ұрпақтар жалғастығын дәріптеп тереңдету тұрғысындағы  маңызы кәміл! Қазіргі іс басында жүрген ортадан асып, ағалық кезеңге өткен білімді де білікті әріптестеріміз осынау игі жолды абыройлы жалғастырады деген үмітіміз мол.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5564