Жаһандық текетірес дәуіріндегі Қазақстанның дипломатиялық феномені
Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысты бастан кешу үстінде екені көзі ашық жұртқа жақсы таныс. Жиілеп кеткен қарулы қақтығыстар, жетекші державалар арасындағы геосаяси бәсекелестіктің шегіне жетуі және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сияқты жаһандық қауіпсіздік институттарының пәрменсіздігі әлемді жаңа «қырғи-қабақ соғысқа» немесе тіпті жаппай қарулану жарысына қарай итермелеп келеді. Мұндай «миналданған» геосаяси кеңістікте ұстамдылық таныту, ешбір лагерьге жақтаспай, бейтарап қалу және ұлттық мүддені қорғау — аса жоғары саяси шеберлікті талап етеді.
Бүгінгі Қазақстан дипломатиясы — жаһандық популизм мен агрессивті риторика аясында байсалды да, салмақты әрі прагматикалық саясаттың үлгісін көрсетіп отырған жайы бар. Төмендегі сараптамамызда еліміздің сыртқы саяси бағытының ерекшеліктері, оның халықаралық аренадағы рөлі және бейбітшілік орнатудағы миссиясы бойынша өз ойымызды ортаға салмақпыз.
Популизмсіз дипломатия
Бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі әскери шығындар рекордтық көрсеткішке — 2,7 триллион долларға жетті. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиодағы БҰҰ Университетінде сөйлеген сөзінде ашық айтты. Осындай уақытта Қазақстанның ұстанатын басты бағыты — сезімге емес, салқын қанды ақылға сүйенетін прагматизм.
Қазақстанның сыртқы саясаты арзан ұрандар мен бос мәлімдемелерден (популизмнен) ада. Ресми Астана кез келген халықаралық дағдарысқа қатысты өз ұстанымын білдіргенде әрқашан байсалдылық сақтайды. Бұл әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, дипломатиялық маневр жасауға және келіссөздер жүргізуге арналған «дәлізді» сақтап қалудың ең дұрысты һәм бірден-бір жалғыз жолы.
Қазақстандық дипломаттардың қазіргі жағдайдағы іс-қимылын мина алаңындағы сапердің жұмысымен теңестіруге болады: кез келген ойланбай жасалған қадам немесе эмоциялық мәлімдеме елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Үш бұлжымас қағида
Қазақстан сыртқы саясатта кез келген мәселені шешудің негізі ретінде БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын алға тартады. Осы орайда біздің мемлекетіміз үшін үш басты принцип маңызды: Мемлекеттердің егеменді теңдігі; Территориялық тұтастықты құрметтеу; Бейбіт қатар өмір сүру.
Астана кез келген қақтығысты қару күшімен емес, тек қана келіссөздер үстелінде шешу қажет деп есептейді. Осы қағидаттарға беріктік Қазақстанға әлемдегі ең ірі күш орталықтарымен — АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропалық Одақпен тең дәрежелі әрі сенімді серіктестікті сақтауға мүмкіндік береді.
Жаһандық ұйымдар мен бейбітшілік миссиясы
Бүгінде Қазақстан — халықаралық қауымдастықтың жай ғана мүшесі емес, жаһандық процестерге тікелей ықпал ететін, позициясымен санасатын белсенді ойыншы болып саналады.
Дипломатиялық география және мәртебе
Қазақстан бүгінде 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Еліміздің төлқұжатының беделі артып, отандастарымыз 80-нен астам елге визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен бара алады. Қазіргі уақытта Еуропалық Одақпен визалық режимді одан ары жеңілдету бағытында маңызды келіссөздер жүріп жатыр.
Біздің еліміз 40-тан астам беделді халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ИЫҰ, ТМД, АӨСШК, Түркі мемлекеттері ұйымы, ДСҰ және т.б.) белсенді мүшесі. Сонымен қатар, Қазақстанның жаһандық саясаттағы салмағын төмендегі біз келтіріп отырған факторлардан көруге болады:
- C5+1 форматы: Орталық Азия елдерінің сыртқы серіктестермен (АҚШ, ЕО, Жапония) ортақ диалог алаңының жетекшісі болуы.
- Үлкен жиындарға шақырту: G20 (Үлкен жиырмалық) саммиттеріне тұрақты түрде қонақ ретінде шақырылуы және БРИКС ұйымымен серіктестікті нығайтуы.
- «Бейбітшілік кеңесі» миссиясы: АҚШ-тың бастамасымен құрылған, «Жарату арқылы бейбітшілікке жету» жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыратын бірегей гуманитарлық жобаға Қазақстан Президентінің белсенді атсалысуы.
Көк байрақтың астындағы бітімгерлер — Голаннан Конгоға дейін
Қазақстан сыртқы саясатта тек қана сөзбен шектелмей, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге іс жүзінде үлес қосып келеді. 2014 жылдан бастап қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ аясындағы миротворлық (бітімгершілік) миссияларға белсенді түрде қатысып келеді. Голан биіктігі: 2024 жылы БҰҰ шешімімен Қазақстанға тұңғыш рет өз туымыз астында дербес бітімгершілік контингентін орналастыру мандаты берілді. Израиль мен Сирия арасындағы бітімгершілік режимін бақылау.
Ливан: Үндістан батальонының құрамында біріккен бітімгершілік миссиясын табысты орындау, патрульдеу және гуманитарлық көмек көрсету.
Батыс Сахара мен Конго: БҰҰ-ның әскери бақылаушылары ретінде жергілікті қақтығыстарды тоқтату туралы келісімдердің сақталуын қадағалау.
Орталық Африка мен Мали: Тұрақсыз аймақтарда қауіпсіздікті сақтауға және жергілікті тұрғындарды қорғауға бағытталған операцияларға қатысу. Бұл миссиялар біздің Қарулы Күштеріміздің кәсібилігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның бейбітшілікке бейілді, жауапты және сенімді серіктес екенін әлем алдында тағы да дәлелдеді.
Ұлттық мүдде — тұрақты дамудың кепілі
Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Геосаяси қысымдар мен халықаралық қатынастардың фрагментациясына қарамастан, Астана өзінің тәуелсіз бағдарын сақтап қалды.
Бұл жетістіктің негізі — біздің дипломатиямыздың өзге елдердің мүддесіне жалтақтамай, ең алдымен, өз халқымыздың мүддесін және егемендігімізді қорғауға бағытталғанында. Прагматизм, прагматикалық бейтараптылық және халықаралық құқықты құрметтеу — Қазақстанды жаңа әлемдік тәртіп қалыптасуы кезеңінде де тұрақты әрі табысты мемлекет ретінде сақтап қалатын басты кепіл болып табылады.
Abai.kz