Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4578 0 пікір 29 Мамыр, 2012 сағат 07:15

Мұхан Исахан. Тарихтағы илаһи діндер арасындағы алғашқы диалог

немесе 622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» туралы

Осыдан 6-7 жыл бұрын ұстазым марқұм Сәкен Өзбекұлының жетекшілік етуімен ««622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» және оның ислам мемлекеттілігінің пайда болу және қалыптасу тарихындағы орны» (610-632) атты тақырыпта диссертация жазған едім. Алайда, ұстазымның күтпеген жерден қаза болуы, сондай-ақ, елдегі базбір бармақ басты, көз қысты орнаған хал-ахуал диссертацияның тиісті деңгейде қорғалуына мүмкіндік бермеді. Осы жазылған дүниенің діндер арасындағы сұхбаттастыққа қатысты кейбір тұстарын алдағы аптада Астанада өткелі отырған «Әлемдік діндер жетекшілерінің IV құрылтайы» қарсаңында жариялауды жөн көріп отырмын.

Мәдина қаласында 622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» - зерттеушілердің айтуына қарағанда  жазбаша түрде қабылданған әлемдегі ең алғашқы конституция болып табылады. Бұл құқықтық құжаттың негізінде Мәдина мемлекеті (622 жылы) құрылып, мұндағы бірнеше діни қауымдастықтар бір мемлекетте бейбіт түрді  өмір сүруге қол жеткізді. Бұл құқықтық құжаттың басты  құндылығы да бірнеше дін өкілдерінің саяси, әкімшілік, әскери, қылмыстық, азаматық мәселелерді ортақ түрде тиімді шешіп, федеративті мемлекетті қалыптастыруы еді.

немесе 622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» туралы

Осыдан 6-7 жыл бұрын ұстазым марқұм Сәкен Өзбекұлының жетекшілік етуімен ««622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» және оның ислам мемлекеттілігінің пайда болу және қалыптасу тарихындағы орны» (610-632) атты тақырыпта диссертация жазған едім. Алайда, ұстазымның күтпеген жерден қаза болуы, сондай-ақ, елдегі базбір бармақ басты, көз қысты орнаған хал-ахуал диссертацияның тиісті деңгейде қорғалуына мүмкіндік бермеді. Осы жазылған дүниенің діндер арасындағы сұхбаттастыққа қатысты кейбір тұстарын алдағы аптада Астанада өткелі отырған «Әлемдік діндер жетекшілерінің IV құрылтайы» қарсаңында жариялауды жөн көріп отырмын.

Мәдина қаласында 622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» - зерттеушілердің айтуына қарағанда  жазбаша түрде қабылданған әлемдегі ең алғашқы конституция болып табылады. Бұл құқықтық құжаттың негізінде Мәдина мемлекеті (622 жылы) құрылып, мұндағы бірнеше діни қауымдастықтар бір мемлекетте бейбіт түрді  өмір сүруге қол жеткізді. Бұл құқықтық құжаттың басты  құндылығы да бірнеше дін өкілдерінің саяси, әкімшілік, әскери, қылмыстық, азаматық мәселелерді ортақ түрде тиімді шешіп, федеративті мемлекетті қалыптастыруы еді.

Саясаттанушылардың көпшілігі бүгінгі күнгі елімізде жанданып отырған діндераралық «диолог» бастамасының діни бірлестіктер арасындағы келіспеушілікті қақтығысқа айналдырмайтын және әлемдік татулықтың сақталуының бірден-бір негізі болатынын пайымдайды.  Ал  діндер арасындағы алғашқы диалог осы «Мәдина қаласы келісім кітабында»  жасалды. Ежелден тек өз дінін ақиқат деп келген яһуди қауымы жаңа дін өкілдері мұсылмандар және Әус пен Хазреж тайпасының пұтқа табынушыларының Мәдина қаласында бір мезгілде қатар өмір сүруінің мүмкіндіктерін қарастырған бұл келісім кітабы, сөз жоқ адамзат баласының үлкен жетістігі болатын.

Алғаш рет «Мәдина қаласы келісім кітабының» мәтіні Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны туралы шығарма жазған ибн  Хишамның (VIII-ғ)  еңбегінде жарияланды. Ибн Хишам бұл сүбелі еңбегін ибн Исқақтың еңбегінен алғандығын айтады. Ал, Ибн Ысқақ Мұхаммед с.ғ.а-ның өмірі туралы деректерді хадистанушылардың жеткізуімен жинаған. Сириялық зерттеуші Рамазан Буютидің айтуына қарағанда Мұхаммед с.ғ.а «Мәдина қаласы келісім кітабын» арнайы қағазға жаздырған. Ал мәтіннің ауызша нұсқасын Ибн Исқақ Ахмад б. Женабтан естіген, ол Әбул-Велидтен, ол Иса б. Юнистен, ол Амр әл-Музениден, ол әкесі Абдиллаһтан, Абдиллаһ та әкесі Кесирден жеткізілгенін баяндайды. Шығыстанушы В.С.Соловев өз шығармасында Мұхаммед с.а.ғ Мәдинаға көшіп келгеннен кейін мұхажірлер мен ансарлар және мұндағы яһуди тайпаларының қарым қатынасын реттейтін жазбаша негізде «ереже» қабылдағандығын баян етеді. В.С.Соловевтің «ереже» деп отырғаны осы «Мәдина қаласы келісім кітабы» екендігі анық.В.Ф.Панова мен Ю.Б.Бахтин «Мұхаммед пайғамбар» атты сүбелі еңбегінде бұл келісім туралы «624 жылы құбыланың өзгеруімен бірге Мұхаммед «Мәдина Конституциясы» деп аталатын құжатты қабылдады. Бүгінгі күнге дейін түпнұсқасы сақталған осы құжатта Мұхаммед өзінің соңынан ергендер мен әртүрлі тайпалардан тұратын Мәдина қаласының тұрғындарын біртұтас халық деп танып, оның жаңа қағидаларын бекітті» дейді.Бұл жерде В.Ф.Панова мен Ю.Б.Бахтин «Мәдина Конституциясы», яғни, «Мәдина қаласы келісім кітабы» «624 жылы қабылданды» деп хронологиялық жаңсақтыққа ұрынған секілді. Өйткені, өзге шығармалардың бәрінде «Мәдина қаласы келісім кітабын» 622 жылы қабылданды деп көрсетеді. Дегенмен, В.Ф.Панова мен Ю.Б.Бахтиннің «Мәдина Конституциясы» деп, «Мәдина қаласы келісім кітабын» айтып отырғаны түсінікті.

М.Хамидуллаһ өзінің «әл-Весайкус-Сиясийе» (Саясат туралы келісім) атты шығармасында «Мәдина қаласы келісім кітабының» бүгінге дейін жеткен араб тіліндегі мәтінін 1-ші нөмірлі келісім ретінде көрсеткенін жеткізіп, «Ислам пайғамбары» атты ғылыми еңбегінде осы мәтінді қайталап көрсетіп өтеді. Оның айтуына қарағанда хижраның (622 ж) алғашқы жылы хз. Әнестің үйінде Мәдинаны мекендейтін субьектілердің (рулардың) өкілдерінің қатысуымен «Мәдина қаласы келісім кітабы» жазылған.

«Мәдина қаласының келісім кітабын» түзуге меккелік мұсылмандар және ансарлар, яғни, Мәдинадағы Әус және Хазреж тайпасының рулары және осы рулармен дос болып табылатын Қайнұқа, Нәдір, Құрайза атты яһуди тайпалары қатысқан. Әус пен Хазреж өз ішінен 8 руға, ал, яһуди тайпалары 20 рудан тұратын.

Ибн Хишам өз еңбегінде Әус тайпасынан Хатм, Уакиф, Уайл, Умайй сынды әулеттердің мұсылмандықты қабылдамай, пұтқа сенушілікті жалғастырғанын айтады. Келісімде осы тараптартың мүддесінің ескерілгенін негізге алсақ, «Мәдина қаласы келісім кітабын» жазуға барлығы 30-дан астам субьекті қатысқан деп болжауға болады.

Әнастің (р.а) үйінде өткен осы жиында қай субьектінің өкілі қандай ұсыныс айтты немесе қандай қарсы пікірде болды, осы жағы деректерде айтылмайды. Бірақ, Мәдинаны мекендейтін субьектілердің мүдделері тең ескерілгенін есепке алсақ, басқосуға қатысқан ру өкілдерінің өз қауымының мүддесі мен мәртебесін сақтауға атсалысқанын аңғарамыз.

Мұхаммед с.ғ.а мен яһуди тайпалары басшыларының қатысуымен Мәдина қаласынының саяси құқықтық мәртебесін анықтаған бұл келісімді пәкістандық исламтанушы М.Хамидуллаһ бірінші болып «Мәдина қаласы мемлекетінің конституциясы» деп атады [8, 201-б].

Профессор М.Хамидуллаһтан өзге ислам тарихшылары «Мәдина қаласы келісім кітабын» «Келісім» деп атады. Ал, М.Хамидулаһ «Мәдина қаласы келісім кітабына» «Ислам конституциясы» деген баға бергенмен, келісімдегі қамтылған мәселелерді терең талдамаған. Ол өзінің «Исламға кіріспе» атты лекциялар жинағында «Мәдина қаласы келісім кітабының» мазмұны жөнінде қысқаша былай дейді: «Хз.Мұхаммед с.ғ.а жасаған 52 баптан тұратын хатқа түсіп, күні бүгінге жеткен бұл конституцияда жаңа мемлекетті басқарушы мен азаматтардың құқықтары мен міндетттері, әділеттің қамтамасыз етілуі, қаланың қорғанысы, мұсылман емес отандастарға берілген құқықтар, өзара әлеуметтік көмек, сенім мәселелері т.б. сол дәуірге тән мәселелер қарастырылды».

Жалпы, «Мәдина қаласы келісім кітабына» қалам тербеген зерттеушілердің басым көпшілігі М.Хамидулаһтың пікірлерін қайталаумен шектеледі. Бұл құжатта Мәдина мемлекетінің ішкі құрылымы мен сыртқы саясаты және әкімшілік басқару жүйесі мен әскери, азаматтық, қылмыстық құқықтық мәселелерінің негізгі бағыттары қарастырылған болса, онда қандай ерекшеліктері бар екендігін анықтауымыз шарт.

«Мәдина қаласы келісім кітабындағы» қамтылған негізгі мәселелерді төмендегіше қарастыруға болады:

Саяси мәселелер

«Мәдина қаласы келісім кітабында» мемлекеттің ішкі, сыртқы саяси мәселелері қалай қарастырылғанын  анықтауымыз, бұл құқықтық құжаттың қаншалықты мәнді екендігін көрсетеді. Ислам діні Араб түбегіндегі дәстүрлі қалыпты жағдайға қозғау салғандықтан, Мәдинада құрылып жатқан жаңа мемлекеттің саяси ұстанымы, ішкі тәртіпті қамтамасыз ету мен сырттан келер қауіптің алдын алуға бағытталды.

1-баптағы «Құрайш мұсылмандары» деген тарап жоғарыда баяндап өттік Меккеде  пұтқа табынушы өз тайпаластарынан 13 жыл бойы ислам дінін қабылдағанына байланысты қысым көріп, ақырында бұл кіріптарлықтан құтылу мақсатында Мәдина мұсылмандарымен келісімшарт жасасып бұл қалаға көшіп келді. Ал, «Мәдина мұсылмандары» деген тарапқа келетін болсақ, олар осындағы Әус пен Хазреж араб тайпалары еді. Олардың түбі иемендік арабтар болғанын, ондағы егістік алқаптарын су басып қалғаннан кейін, олар Мәдинаға жан сауғалап көшіп келгендігін жоғарыда баяндадық. Меккелік Құрайыш мұсылмандары Мәдинаға келместен бұрын Әус пен Хазреж тайпасының  өкілдерімен Ақаба келісімшарттарын жасап, бұл келісімдерден кейін Әус пен Хазреж тайпасының көпшілігі ислам дінін қабылдады.

1-баптағы  «Оларға бағыныштылар мен кейін қосылғандар және бірге соғысқандар» - деген тараптар Мәдинадағы Қайнұқа, Нәдір, Құрайза атты яһуди тайпалары және осы яһуди тайпаларының құрамындағы Авф, Нежжар, Харис, Саид, Жушем, Салебе, Жефне, Шутайба рулары, сондай-ақ, Әус пен Хазреж тайпасының пұтқа табынушылары  болатын.

Жалпы, Мәдинадағы яһуди тайпаларының келісімге келуінің мынадай үш себебі болғандығын болжауға болады:

Біріншіден, яһуди тайпалары өз арасындағы дау жанжал кезінде екіге жарылып, Әус пен Хазреж тайпасына арқа сүйейтін. Қайнұқа Еврей тайпасының одақтасы Хазреж араб тайпасы болса, Нәдір мен Құрайза яһуди тайпасының одақтасы Әус араб тайпасы еді. Сондықтан,  яһуди тайпалары өз одақтастарының келісімге шақырғанынан бас тарта алмады.

Екіншіден, яһудилер бұл келісім арқылы өздерімен жауласушы Шығыс Рим христиандарына қарсы мұсылмандармен одақтас боламыз деген сенімде болды. Жоғарыда айтып өттік Шығыс Рим империясына қарасты Сириядағы христиан дініндегі Гассани әмірлігі Палестина мен Вавилондағы яһудилерді Иса пайғамбарды өлтірген деп шабуылдағаннан кейін, яһудилер Араб түбегіне ойысуға мәжбүр болды. Яһудилерге Мәдина мен Хайбар өлкесіне көшіп келгенннен кейінде Гассандық арабтар бірнеше рет шабуылдады. Яһудилердің мұсылмандармен бір мемлекетте өмір сүруге келісімшарт жасасуына  Шығыс Рим Империясына қарасты Гассандықтардың төндірген қаупіне, мұсылмандармен бірігіп қарсы тұрамыз деген ішкі есебінің болғандығын байқауға болады.

Үшіншіден, яһудилердің бұл келісімшартқа  уақытша отырғандығын жобалауға болады. Себебі, яһудилер Мәдинаға сырттан қауіп төнгенде келісімшартқа сай өз міндеттерін атқармады. Яғни яһудилердің әрекетінен көп ұзамай Құрайыш пұтқа табынушылары Мәдинаға шабуылдап, мұсылмандар мемлекетін құлатады. Сөйтіп, Мәдина билігін қайта өз қолымызға өтеді  - деген  ниеттің болғандығын бажайлауға болады.

Мәдинада ислам мемлекеті құрылған алғашқы жылдары мемлекеттің негізгі ішкі функциясы яһудилердің келісімшарт негіздерін сақтамай, мұсылмандардың солармен арпалысқандығын ескерсек, яһудилердің мұсылмандармен келісімге келуінің саяси ойын екенін ұғу қиын емес. Тек, Құрайза яһуди тайпасының «Ор» соғысында Хуйей б. Ахтаптың мұсылмандарға қарсы азғыруына алғашқыда қарсы болуы, үшінші себебімізді жоққа шығарғандай болады. Алғашқыда, Құрайза тайпасының азғыруға ере қоймауының себебі, Нәдір яһудилері өздерін Құрайза яһудилерінен жоғары қоятын. Бір Нәдір яһуди бір Құрайзалық яһудиді өлтірсе, жарты құн төлейтін. Ал керісінше бір Құрайзалық яһуди бір Нәдір яһудиін өлтірсе бүтін құн төлейтін. Мұхаммед с.ғ.а яһудилер арасындағы бұл теңсіздікті жойды. Құрайза яһудилерінің алғашқыда Мұхаммед с.ғ.а-ды жақтауының мәнісі осында еді.

Әус пен Хазреж тайпасының пұтқа табынушыларының аты айтылмағанмен 1 баптағы «бағыныштылар» және 14 баптағы «кәпірлер»  деген тараптың осылар екені түсінікті жайт. Ибн Хишам өз еңбегінде Әус тайпасынан Хатм, Уакиф, Уайл, Умайй сынды әулеттердің мұсылмандықты қабылдамағанын айтады.

Мәдинада христиандардың болғандығы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Ибн Хишам Әус тайпасының беделді адамдарының бірі Әбу Амир Әбд ибн Сайфидің христиан дінінде болғандығын айтады. Ол Мұхаммед с.ғ.а Мәдинаға көшіп келгенде Меккеге өз бетімен кетті. Кейін Мекке алынғанда Тайфқа көшеді. Өмірінің соңында Тайфты Мұсылмандар бағындырғаннан кейін, Сирияға кетіп, сонда өледі [25, 266-267-бб]. Басқа деректерде Әбу Амир Әбд ибн Сайфиден басқа Әус тайпасының ішінде христиан дінін ұстанғандардың болғандығы айтылады. Мұндағы яһуди қауымының басты жауы өздерін Вавилон мен Палестинадан қуғындаған христиандар болғандықтан, Мәдинада христиандар көп мөлшерде тұрды деп айту қиын. Себебі, исламға дейінгі Мәдина туралы деректердің барлығында Мәдинада пұтқа табынушы Әус пен Хазреж араб тайпасы және Нәдір, Қайнұқа, Құрайза яһуди тайпаларының тұрғандығы айтылады. Мәдинада христиандар бар болған болса 1 баптағы «бағыныштылар» деген тараптың осылар екендігін ұғуға болады.

М.Хамидуллаһ «622 жылы Мұхаммед с.ғ.а пайғамбар мұсылмандарға санақ жүргізіп, олардың cанының 1500 адамға жеткенін хадистерінде баян еткен»дейді. Ислам тарихшылары сол кезде Мәдина қаласында 10000-дай халықтың өмір сүргендігін айтады. [68, 333-б]. Бұл сандарға қарап мұсылмандар Мәдинада үстемдік еткенмен яһудилер мен пұтқа табынушылардың олардан сан жағынан басым екенін аңғарамыз.

Сонымен қатар 1 баптағы «бағыныштылар мен кейін қосылғандар және бірге соғысқандар» деген тарапқа Мәдинадағы тайпалардың қамқорлығында болғандар мен олармен дос тұтылған адамдарды жатқызуға болады. Араб дәстүрінде қамқорлыққа алынғандарды «мебла», дос тұтылғандарды «даһил» деп атайтындығын жоғарыда баяндадық.

2 баптағы «Бұл келісімге келгендер айрықша бір қауым ретінде қалыптасады» - деген нормадан бұл келісімге келгендердің Мәдинада тәуелсіз ислам мемлекеттілігін құрғандығын көре аламыз. Мұхаммед с.ғ.а-ның Мәдинаға көшудегі басты мұраты жаңа ислам дінінің ережелеріне сай өмір сүру үшін пұтқа табыныушыларға кіріптар емес, тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру еді. Мәдинаға көшу жөніндегі Меккедегі Ақаба келісімдері мен Әус пен Хазреж мұсылмандарымен жасалған бауырмашылдық келісімшарттар және осы құжаттағы яһуди тайпаларымен жасалған келісім негіздері тәуелсіз ислам мемлекетін құрудың амалдары болатын.

Шығыстанушы В.С.Соловев өз шығармасында Мұхаммед с.а.ғ Мәдинаға көшіп келгеннен кейін мұхажірлер мен ансарлар және мұндағы яһуди тайпаларының қарым қатынасын реттейтін жазбаша негізде «ереже» қабылдағандығын, бұл «ереже» бойынша мұхажірлер мен ансарлардың тең құқылы болғандығын баян етеді. В.С.Соловевтің айтып отырған «ереже» «Мәдина қаласы келісім кітабы» екендігі белгілі.

Бұл құжаттығы аты аталған тайпалардың өз әдет-ғұрып заңының болуы және олардың тең құқықтық мәртебеге ие болуы Мәдинадағы ислам мемлекеті біртұтас мемлекет болып қалыптасты деп қарастырумызға жол бермейді. Сондықтан, профессор М.Хамидуллах: «Мәдина Ислам мемлекетін федеративтік мемлекет» деген болатын.

«Мәдина қаласы келісім кітабында» тараптарға тең құқықтық мәртебе туралы 16 бапта «Бізге қарасты яһудилерге зұлымдық көрсетілмейді, олар бізбен тең деп танылады, оларға қарсы ешқандай әрекет жасалмайды, керісінше көмек беріледі» - деген норма бекітілген. Сонымен қатар, құжаттың 25 бабымен 35 бабы арасындағы аты аталған тайпаларға тең құқықтық мәртебе берілді. Мұнда Авф, Нежжар, Харис, Саид, Жушем тайпасының яһудилері - деп, Құрайза яһуди тайпасын, Әус яһудилері деп, және Салебе, Жефне, Шутайба яһудилері деп, Нәдір мен Қайнұқа яһудилерін көрсетіп отыр.

«Мәдина қаласы келісім кітабының» бір ерекшелігі Құрайза, Нәдір, Қайнұқа яһуди тайпаларының құрамындағы руларды келісімге қатысушы жеке субьектілер ретінде қарастырған. Себебі, әр рудың құқықтық мәртебесі туралы келісімнің 25-35 баптарында жеке-жеке нормалар көрсетілген. М.Хамидуллаһтың айтуына қарағанда сол кезеңде Мәдинада яһудилердің 20 руы өмір сүрген.

Мұхаммед с.ғ.а-ның яһуди тайпаларын бұлай қамқорлыққа алуының себебі, Құранда өзге діндегілермен қарым-қатынас туралы мынандай үкім бар болатын: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла-Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла-Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» (Мумтахина, 7).

Әсілі, ислам дінінде бір ұлттың екінші ұлтқа өктемдік жасауына жол берілмейді. Барлық ұлттар сенім-нанымына қарамастан тең болып табылады. Мұхаммед с.ғ.а: «Араб ұлты өзге ұлттарға үстемдік ете алмайды, сондай-ақ, өзге ұлттар да араб ұлтынан үстем емес» деп өсиет еткен. Ислам дінінің негіздерінде осылай айтылғандықтан, біз ислам дінінде ұлттардың теңдігі принципі паш етілген деп айта аламыз. Ал, ислам тарихына көз жіберер болсақ, ұдайы ұлттар теңдігі принципі қатал сақталды деп, айту қиын. Муабиттер династиясы ислам билігін қолына алған кезде, араб ұлтының үстемдігі  белең алғаны белгілі. Харижиттер оппозициясының тарих сахнасына шығуының бір себебі, исламда араб ұлтының үстем болуына қарсы болған болатын. Десекте, ислам дінінің негіздерінде ұлттардың теңдігі принципі бар болғандықтан, тарихтағы теңсіздіктер исламның бұл құндылығын жоққа шығара алмайды.

«Мәдина қаласы келісім кітабында» мұсылмандарға негізгі қауіп төндіруші Құрайыш пұтқа табынушыларымен қарым-қатынас қалай өрбу керектігі хақында саяси доктриналар қарастырылды. Сол кездегі әлемнің алып империясы саналған Шығыс Рим империясы мен Ирандық Сасаниттер немесе Араб түбегін мекендеген өзгеде тайпалаға қарсы құқықтық нормалар көзделмей, меккелік Құрайыш пұтқа табынушыларына тоқталып өтуінің себебі, исламның өркен жаюына бірден-бір қарсы Құрайыш пұтқа табынушылары болатын. Араб түбегінде ислам үстемдік етсе, Меккедегі Қағба қасиетінен айырылып, біздің күніміз қараң болады - деген Құрайыш пұтқа табынушыларының қорқынышы болды. Бұл құқықтық келісімнің саяси жетістіктерінің бірі, Құрайыш төндіретін қауіптің алдын алуы еді. Бұл туралы 14 бап пен 20 баптың б тармағында мынандай норма көзделген:   «Бір мұсылман келесі бір мұсылманды кәпір үшін өлтіре алмайды және мұсылманға қарсы кәпірге көмек көрсетілмеуі тиіс». «Мүшіріктер Құрайыш адамдарымен олардың мал-мүліктерін өз қамқорына алып қорғай алмайды. Мұсылмандардың бұл жолдағы күресіне ешкім кедергі келтіре алмайды». Сондай-ақ, 43 бапта: «Құрайыш тайпасындағылар және оларға көмектескендер ешкімнің қамқорына алынбайды» деген норма да бар.

Мәдинадағы ислам мемлекетінің сыртқы саясаты жағдайында бейбіт келісім жасау туралы 17 бапта мынандай нормалар қарастырылды: «Бейбітшілік бүкіл мұсылмандарға ортақ. Ешқандай бір мұсылманның Алла жолындағы соғыста мұсылмандардан бөлек бір бейбіт келісім жасауына жол берілмейді». Яғни, Құрайыш пен Мәдина мұсылмандары бір-бірінің хабарынсыз ешкіммен келісім жасамауы тиіс. Бұл баптағы норма Құрайыш пен Мәдина мұсылмандарының мызғымас бір одақ құрғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, 45 баптағы норма бойынша, егер мұсылмандар Мәдина қаласы үшін маңызды бір бейбіт келісім жасайтын болса, яһудилер бұл келісімге қатыса алады. Яһудилер дәл осындай бейбіт келісім жасайтын болса, бұл келісімге мұсылмандар қатысуға  құқылы. Яһудилер үшін мұндай келісімге келу Шығыс Рим христиандарына қарсы өздеріне сенімді одақтас табуы болса, ал, мұсылмандар үшін Меккедегі пұтқа табынушылар Мәдинаға шабуыл жасаған жағдайда яһуди тайпалары солардың жағына шығып кетпеуінің алдын алған еді. Мәдинада пайда болған ислам мемлекеттілігі федеративті мемлекет болғандықтан және діни сенімі әр-түрлі бірнеше қауымның бір кезеңде қатар өмір сүруі үшін тараптар бейбітшілік ұстанымда болуы тиіс болды. Сонымен бірге, жаңа құрылған ислам мемлекеті, мемлекеттілікті өміршеңді ету үшін бейбітшілікті қатаң ұстануды мемлекеттің негізі басымдығы деп таныды.

Әкімшілік мәселелер

«Мәдина қаласы келісім кітабында» әкімшілік бөлініс туралы тайпалық дәстүр негізге алынды. Әус  пен Хазриж тайпалары өз ішінен бірнеше руларға бөлінетін. Хазреж тайпасы Нежжар, Жушем, Саид, Харис. Авф руларынан тұрса, Әус тайпасы Набит Авф, Авфса руларынан тұратын. Сонымен бірге, дәстүрлі тайпалық құрылым бойынша ру ішінде де бірнеше әулеттер бар болатын. Әулет басшысы мен ру басшысы тайпа басшысына бағынатын. «Әрбір тайпа өз ішіндегі мәселелерді өз әдеп-ғұрыптары бойынша шешеді» - деген норма тайпалық дәстүрге жасалған ишара болатын. Сонымен бірге, 45 баптың б тармағында «Әрбір тайпа өздеріне қарасты аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» - дейді. Бұл норма Мәдинадағы әрбір тайпаның белгілі бір әкімшілік аймақтан тұратынын көрсетеді. Мәдинадан яһуди тайпалары шығарылғаннан соң және 631 жылы Құранның Тәубе сүресіндегі пұтқа табынушылар мен мұсылмандардың дос бола алмайтындығы туралы үкім түскеннен кейін бұл құжаттағы әкімшілік басқарудағы ескі тайпалық дәстүр нормалары күшін жойды. Дегенмен, ислам мемлекеттілігінің қалыптасуында «Мәдина қаласы келісім кітабының» әкімшілік нормалары елеулі рол атқарды.

Келісім бойынша Мәдина федеративті ислам мемлекетінің басшысы Мұхаммед с.ғ.а болып табылды. Себебі, 23 бапта «әрбір туындған даулы мәселеге әділ шешім айту Аллаға және Мұхаммедке тапсырылады» - делінген. Сонымен бірге, 42 бапта «бұл келісімде аты аталған тайпалар кісі өлімі немесе өзге де қоғамдық тәртіпке қарсы әрекеттердің алдын алу шараларын жүргізуді Аллаға және Мұхаммедке тапсырады» - деген норма бар. Белгілі шығыстанушы Л.И.Климович те өз еңбегінде: «Бұл келісімшарт бойынша мұхажірлер мен ансарлар және яһуди тайпалары тең құқылы болды. Мұхаммед с.а.ғ Мәдина мемлекетінің жоғарғы соты және саяси жетекшісі болып белгіленді» дейді. Мұхаммед с.ғ.а келісімдегі өзіне берілген осы нормалар арқылы кейін келісімді бұзған яһуди тайпаоарын қылмыстық жазаға тартқан болатын.

Әскери мәселер

Жаңа бой түзеген жас мемлекеттің басты мәселелерінің бірі соғыс жағдайында мұсылмандар мен яһудилер қандай ұстанымда болу керек, бірігіп әскер шығарған болса, кім қолбасшы болуы тиіс, әскери тәртіптің қағидалары қалай болуы керек? деген мәселелер еді.  Мәдинада өмір сүрген тайпалардың соғыс жағдайында қалай іс-қимыл жасау керектігі бірнеше баптарда баяндалады. Мәдина тайпалары үшін негізгі соғыс қаупі Меккелік пұтқа табынушылар мен яһудилерге өшіккен Шығыс Рим христиандары тарапынан туындауы мүмкін болатын.

«Мәдина қаласы келісім кітабында» соғыс жағдайында Мәдина мемлекетінің мұсылмандары мен яһудилерінің біріккен әскеріне Мұхаммед с.ғ.а қолбасшылық жасауы тиіс болды. Бұл туралы 18 бапта «Бізбен бірге соғысқа шығатын бүкіл әскери жасақтар белгілі бір тәртіпке бағынып әрекет етеді» - деген. Сонымен бірге, 36 бапта «Яһуди тайпалары мұсылмандармен бірге соғысқа Мұхаммедтің рұқсатынсыз шыға алмайды» - деген норма қарастырылды.

Соғыс жағдайында мұсылмандар мен яһудилердің әскери жасақтары қалай әрекет ету керектігі 37 бапта былайша анықталған: «Соғыс жағдайында яһудилер өз шығындарына мұсылмандар өз шығындарына жауапты бұл құжаттағы аты аталған тайпалар соғыс ашқандарға қарсы бір одақ болып табылады, одақтастар өзара жақсы қарым-қатынас аясында әрекет етеді. Қағидаларға мойынсұну міндетті, қарсы келуге жол берілмейді». Мұнда тараптар соғыс шығындарын өздері көтереді дегенмен 38 бап бойынша, егер яһудилер мұсылмандардың мүддесі үшін соғысатын болса, соғыс шығындарын өздері көтеруі тиіс болды. Келісімдегі әскери шешім бойынша Мәдинаға қандай бір қауіп төнбесін мұсылмандар мен яһудилер бір-біріне көмек беруі міндетті болды. Бұл туралы 44 бапта былай баяндалады. «Мұсылмандар мен яһудилер Мәдина қаласына шабуыл жасағандарға қарсы соғысуға бір-біріне көмек береді».

Мәдина қаласының тыныштығы мемлекеттің басты құндылықтарының бірі болып табылды. Бұл туралы 39 бапта «Бұл келісімге келгендерге Мәдина қаласының ішінде соғысуға тыйым салынады» - деген норма қарастырылды. Сонымен қатар, әрбір тайпа өздеріне қарасты аймақтың тыныштығын сақтауға тиіс болды. Бұл туралы 45 баптың б тармағында: «Әрбір тайпа өздеріне қарасты аймақты қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» - деген норма бекітілген.

Бұл әскери нормалар «Мәдина қаласы келісім кітабының» жаңа пайда болған ислам мемлекеттілігінің әскери доктринасы екендігін көрсетеді. Меккелік пұтқа табынушы Құрайыштықтар мен Шығыс Рим империясына қарасты Сириядағы Гассани әмірлігі Мәдинаға әскери жорық жасауы әбден мүмкін еді. Бұл қауіптің алдын алмаса Мәдина мемлекетінің болашағы бұлдыр болатын. Мұхаммед с.ғ.а-ның бұл жағдайды терең ұғына отырып, қауіптың алдын-алуға әскери іс-шараларды қолға алуы, сөз жоқ оның мықты стратег екендігін көрсетеді. Көрнекті мысырлық исламтанушы Мұхаммед Әбу Зехра Мұхаммед с.ғ.а-ның әскери доктринасының негіздері Құран үкімдері болғандығын айтады.

Қылмыстық мәселелер

«Мәдина қаласы келісім кітабында»  қылмыстың алдын  алу, қылмыстың әділ жазасын беру, қылмыстық дауды шешу турасындағы құқықтық нормалардың  басым екенін аңғаруға болады. Қылмыстық істерді әрбір тайпа өз әдет-ғұрыптары бойынша қарастырды. Бұның себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей Мәдина қаласында ислам дініндегі мұсылмандармен бірге иуда дініндегі яһудилер және  пұтқа  табынушылар  бір мезгілде қатар өмір сүрді. Әрбір тайпаның қылмыстық қағидалары және қылмыстық жазалары әрқилы болуы мүмкін екендігіне байланысты әрбір тайпа қылмыстық дауларды өз әдет ғұрыптары бойынша қарастыруы тиіс болды. Егер екі тайпа өкілдерінің арасында қылмыс туындаған жағдайда әділет қағидалары негізінде мұсылмандар шығарған шешім соңғы шешім болып табылады. Бұл туралы құжаттың 4-11 баптарында баян етілген.

Әрбір тайпа өз араларындағы болған қылмысты жасыруына немесе қылмыскерге пана болуына жол берілмеді. Бұл туралы  13-бапта «Дінді берік ұстанушылар өз араларындағы қастандықпен шапқыншышлық жасағандарды және арандатушаларды жауапқа тартады. Қылмыс істеген өз ұлдары болса да, жауапкершіліктен босатылмайды» - дейді. Сонымен қатар 22-бапта «Осы келісімді қабалдаған Аллаға және ақырет күніне сенген мұсылмандардың қанды қол кісі өлтірушіге көмектесуіне және оған пана  болуына болмайды» - деген норма қарастырылды.

Мұсылман құқығында қылмыскер жеке жауапкершілікте болуы тиіс болды. Мәдинаға дейінгі Мекке кезеңінде жеке жауапкершілік туралы Құранда мынадай үкімдер бар болатын: «Әлде кім ізгі іс істесе сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе ода өзіне» (Жасия, 15). «Әлде кім бір жамандық іс істесе, сонда ол соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал және ер, әйел кімде-кім сенген түрде ізгі істесе, ал міне солар жаннатқа кіреді (Ғафыр, 40). «Ешбір күнақар, басқаның күнәсін көтермейді. Күнәсі ауыр болған біреу көтеруге шақырса, егер жақыны болсада оған ешнәрсе жүктелмейді» (Фатыр, 18). Ал,13 баппен 22 бапта жеке жауапкершіліктің болу керектігі туралы құқықтық нормалар қарастырылған.

Қылмыстық жауапкершілік тайпалық дәстүрге мынадай жағдайда арқа сүйейді: егер қылмыскер келтірген зиянының  орнын өтеуге  шамасы жетпесе, онда оның тайпасы құн төлемін бірге өтеуге тиіс болды. Қылмыс үшін  құн төлеу зиян тек қасақана келтірілгенде ғана  алынып егер зиян қорғану мақсатында туындаған болса, онда  зиянның орны өтелмеуі тиіс болды. Қылмыскердің қылмысы үшін отбасы да қоса жауапқа тартылды. Бұл туралы 36-баптың б тармағында мынандай құқықтық норма көзделген: «Өтемақы тек қасақана зиян келтіргенде ғана алынады. Мұндай жағдайда кісі өлтіруші отбасымен бірге жауапқа тартылады. Келтірілген зиян қорғану мақсатында туындаған болса өтемақы алу қағидасы өз күшінде болмайды». Бұл норманың ену себебі,  біріншіден араб қоғамындағы тайпалық дәстүр негізге алынса, екіншіден қылмыскерге қылмысы үшін отбасында зиянға ұшырататынын сезіндіру арқылы қылмыстың алдын алуы болатын.

Мұсылман қауымы Мәдинаға көшу арқылы бостандыққа қол жеткізгеннен кейін, осы шаққа дейін белгілі болған мұсылман құқығы үкімдерін іске асыруды қолға алды. Солардың бірі азаматтық және қылмыстық жауапкершілікте адамдардың тең болуы еді. Исламға дейін арабтарда қылмыстық немесе азаматтық істерде шейхтің кімге бүйрегі бұрса, жеңіс сол жақта болатын. Яһудилерде зина жасаған адамды таспен ұрып өлтіру жазасы болғанмен, әл-ауқаты жоғарыларға бұл жаза қолданылмайтын. Керісінше кедей-кепшік зина жасаса таспен ұрып өлтірілетін. Ал, 15 бапта қылмыстық немесе азаматтық жауапкершілікте адамдарды алалауға жол бермейтін мынадай құқықтық норма  көзделді: «Алланың қорғауы жалпыға ортақ. Шығарылған үкімдер де баршасына тән». Меккелік Құрайыш аритократтарының исламды терістеуінің бір себебі, исламда бай болсаңда, кедей болсаңда теңсің деген принциптің болуы еді.

Келісімде қылмыстық жазаның екі түрінің болғандығын көруге болады. Бірінші санкция бойынша зиян көруші тарап кешірім бермеген  жағдайда қанға қан жазасы берілді. Бұл туралы 21 бапта мынандай құқықтық норма көзделген: «Бір адамның  бір мұсылманды өлтіргендігі нақты дәлелденіп, өлген адамның жақын туыстары кешірім бермеген жағдайда қанға қан жазасы беріледі. Мұсылмандар кесілген жазаның орындалуына күш салады». Екінші қылмыстық  жаза бойынша қылмыскер келтірген зиянның орнын құн төлеуі тиіс болды. Бұл туралы 12-баппен 36-баптың б тармағында құқықтық нормалар көзделген. Сонымен бірге, жәбірленуші тарап қылмыскерді кешірген жағдайда қанға-қан жазасының орнына жүретін құн төлеу жазасы да мұсылман құқығына сай үкім болды.

Мәдина мемлекетінің жоғары соты қызметін Мұхаммед с.ғ.а атқарды. Бұл туралы 23-бапта «Әрбір туындаған даулы мәселеге әділ шешім шығару Аллаға және Мұхаммедке тапсырылады» - дейді. Төменгі соттар қызметін тайпа басшылары атқарды. Өйткені 3-баптан 11 бапқа дейінгі баптарда аты аталған тайпалар өз араларында туындаған құн дауларды өз әдет-ғұрыптар бойынша шешетіндігі айтылған. Даулы мәселелер өз араларында шешімін таппаған жағдайда ғана Мұхаммед пайғамбар соңғы шешімді айтуы  тиіс болды.

Азаматтық  мәселелер

«Мәдина қаласы келісім кітабында» азаматтық мәселелер қамқоршылық жасау, отбасы мен дос тұту және мүліктік жауапкершілік тақырыбында өрбиді. Ол дәуірдегі тайпалық дәстүр бойынша құлдықтан босатылғандар бұрынғы қожайынының қамқорында болды. Сонымен бірге жалғыз жарым сұраушысы жоқ деп, танылған адамдар белгілі бір тайпаның мүшесімен достық серт жасасатын. Құлдықтан босағандарды «мебла», достық серт жасағандарды «даһил» деп, атайтын. Ол дәуірде араб қоғамында құлдар (абд) да бар еді. Құлдардың басы азат емес болғандықтан қамқорлықтағы адаммен салыстыруға  келмейтін. Ал, қамқорлықтағы адамдар «Мәдина қаласы келісім кітабы» бойынша қамқоршылармен бірдей құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл туралы 40-бапта: «Қамқорлықтағы адамдар қамқоршы адамдар секілді құқықтық мәртебеге ие» - деген норма қарастырылды. Қамқорлық жасауға пұтқа табынушы  мүшіріктерге ғана  тыйым салынды. Оның себебі жаңа құрылған Мәдина мемлекетіне негізгі қауіп төндіретін мұсылмандарға өшіккен меккелік мүшіріктер еді. Қамқоршылар арасында қамқорлық  жасау туралы дау туындамас үшін қамқоршы адамның келісімінсіз қамқорлықтағы адамға келесі бір адамның қамқорлық жасауына жол берілмеді. Бұл туралы 41 бапта былай баяндалады «Қамқоршы адамның келісімінсіз келесі бір адамға  қамқорлық жасауға жол берілмейді».

«Мебла» болу мәселесі бір ізге түсірілді. Бір адам екінші адамға қарсы оның «мебласы» болған адамымен келісімшарт жасамауы тиіс болды. Бұл туралы 12-баптың б тармағында мынадай құқықтық норма  бекітілген: «Бір мұсылман  келесі бір мұсылманға қарсы оның «мебласы» болған адамымен келісімшарт жасауына  тиым салынады».

Дәстүрлі тайпалық түсінік бойынша «мебла» (құлдықтан босаған адам) мен «даһил» (дос тұтылып қамқорлыққа алынушы) «хұрлармен» бірдей құқықтық мәртебеге ие емес болатын. Бір «мебла» бір «хұр» әйелмен үйлене алмайтын. «Мәдина қаласы келісім кітабының» үлкен бір жаңалығы «мебла» мен «даһилге» «хұрмен» бірдей құқықтық мәртебе беруі еді. Бұл туралы 40-ші бапта мынандай құқықтық норма қарастырылған: «Қамқорлықтағы адамдар қамқоршы адамдар секілді құқықтық мәртебеге ие. Қамқорлықтағы адам қамқоршының қылмысы үшін жауапқа тартылмайды».

Сириялық зерттеуші Р.Буюти 40-баптағы: «Қамқорлықтағы адамдар қамқоршы адамдар секілді құқықтық мәртебеге ие» немесе 41 баптағы «Қамқоршы адамның келісімінсіз келесі бір адамға  қамқорлық жасауға жол берілмейді» атты нормалар ер адамның әйелдерге деген құқығын да қамтып отырғанын айтады. Яғни, бұл нормаларды таратып түсіндіретін болсақ, 40 бап бойынша отбасында ер адамның қамақорлығында саналатын әйелдің сол ер адаммен құқықтық мәртебесінің тең екендігі және 41 бап бойынша бір еркектің некесіндегі әйелге келесі бір еркектің көз салуына тыйым салынғандығын көре аламыз.

Мүліктік жауапкершілік мәселесі тайпалық дәстүрге негізделді. Егер, бір адам мүліктік жауапкершіліктегі өз міндеттемесін атқаруға дәрменсіз болған жағдайда онда оған тайпаластары көмектесуі керек болды. Бұл туралы 12-бапта былай баяндалады: «Мұсылмандар өз араларындағы ауыр мүліктік жауапкершіліктегі адамды шарасыз жалғыз қалдырмайды».

Араб қоғамындағы тайпалық дәстүр болып табылатын рулық жауапкершілікті ислам Мекке кезеңінде жоққа шығарды (Жасия, 15). 12-ші баптағы «мұсылмандар өз араларындағы ауыр мүліктік жауапкершіліктегі адамды шарасыз жалғыз қалдырмайды» - деген бұл норма дәстүрлі тайпалық түсініктегі рулық жауапкершілікті жаңғыртуды көздемейді. Бұл баптағы норма, бір мұсылман азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша мүліктік жауапкершілікте дәрменсіз болған жағдайда, оған мұсылмандардың көмектесетіндігін білдіреді.

Мұхаммед с.ғ.а исламға дейінгі арабтардың дәстүрлі тайпалық танымын түгелімен жоққа шығаруды мұрат еткен емес. Сонымен бірге,  исламға дейінгі дәстүрлі тайпалық түсінік мұсылман құқығына мүлде қайшы емес-ті. Арабтардың қонақжайлығы мен жомарттығын әйгілейтін дәстүрлері ислам құндылықтарымен қабысатын. Сондықтан, Мұхаммед с.ғ.а  исламмен үндесетін  дәстүрлі тайпалық түсініктің сол күйінде сақталуына рұқсат берді.

Кейін мұсылман құқығының үкім беру қайнар көздеріне әдет-ғұрыптар да жатқызылды. Егер қалыптасқан әдет-ғұрып, қоғамдық-қатынастарды оң реттеп жатқан болса және бұл әдет-ғұрыптар ислам негіздеріне қайшы болмаса шариғат бұл әдет-ғұрыпты құқықтық үкім берудің қайнар-көзі ретінде қарастырды.

Азаматтық істер болып табылатын қамқорлық жасау, дос тұту, мүліктік жауапкершілік мәселелерінде дау туындаса, соңғы  шешімде Мұхаммед пайғамбар айтуы тиіс болды. Себебі, 23-баптағы «даулы мәселе» деген терминге тек қылмыс істі емес, азаматтық істі де жатқызуға болады.

Дін мәселесі

 

«Мәдина қаласы келісім кітабында» қамтылған мәселелердің бірі - дін мәселесі еді. Мәдинада ислам діні мен иуда діні және пұтқа табынушы сенімнің өкілдерінің бір мезгілде қатар өмір сүруі бұл келсімде дін мәселесінің  орын алуына  тікелей әсер етті. Мәдинада мұсылмандар мен яһудилерге қарағанда пұтқа табынушылардың ықпалы төмен болды. Осы себептен мұсылмандар яһудилерге ғана өз діндері бойынша жүріп-тұруға рұқсат берілді. Бұл туралы 25-бапта былай баяндалады. «Авф яһудилері мұсылмандармен бір қауым болып табылады, яһудилердің діні өздеріне тән мұсылмандардың діні өздеріне тән, бұл қағида дос тұтылғандарға да тиесілі».

Бұдан  пұтқа табынушыларға өз сенімдері бойынша жүріп-тұруға тиым салынды - деген түсінік шықпауы керек. Десекте, пұтқа табынушы арабтардың кейбір өз қыздарын өздері тірідей жерге көметін әдеттеріне  күші басым  мұсылмандар жол бермеді.

Дін мәселесінің маңызды екенін көрсететін тағы бір жәйт Мәдина үшін болатын бейбіт келісімге тараптардың бірге қатысуы еді. Мұсылмандар тарапынан жасалатын бейбіт келісімге яһудилер шақырылған болса, олар бұл келісімге қатыса алады. Сонымен бірге яһудилерде бұндай келісім жасайтын болса, мұсылмандар бұл келісімге қатысуға құқылы еді. Бірақ дін соғысы кезінде бұл қағида өз күшінде болмайды.  Мұсылмандар мен яһудилер тек дін соғысы  кезінде ғана бейбіт келісім жасаудан бас  тарта алатын. Өйткені, Мәдинаға сырттан келетін қауіптің дін тұрғысынан болатыны айдан анық еді.

Тараптарға дін еркіндігі беріліп, бейбіт өмір сүру нормасы көзделгенмен, бір-бірінің діни сенімін келеке етуден діни араздық туып, соғыс болған жағдайда бейбіт өмір сүру нормасының күші жойылатындығы ескертілді. Бұл туралы 45 бапта мынандай норма қарастырылған: «Мұсылмандар тарапынан жасалатын бейбіт келісімге яһудилер шақырылған болса, олар бұл келісімге қатыса алады. Сонымен бірге яһудилерде бұндай келісім жасайтын болса, мұсылмандар бұл келісімге қатысуға құқылы. Бірақ дін соғысы кезінде бұл қағида өз күшінде болмайды».

Мұхаммед с.ғ.а 624 жылы Нәдір яһуди тайпасын Мәдинадан шығарып, сүргінге жібергенде, осы 45 баптағы құқықтық нормаға сүйенген болатын.

«Мәдина қаласы келісім кітабында» дін мәселесінде мұсылмандар басым күшке ие болды. Бұны 20-баптағы: «Дінді берік ұстанушы мұсылмандар тура жолдағылар болып табылады» - деген норма айғақтайды. Сонымен бірге, ислам дінінің  пайғамбары Мұхаммед  с.ғ.а-ның Мәдинаның саяси, әскери, азаматтық және қылмыстық істерге жетекші болуы мұсылмандардың басым күшке  ие болғандығын көрсетеді.

Түйін

Әлбетте, біздің зертеу нысанымызға айналған «Мәдина қаласы келісім кітабының» ертең өткелі отырған «Әлемдік діндер жетекшілерінің IV құрылтайына» тікелей қатысы жоқ. Дейтұрғанмен, тарихтағы илаһи діндер арасындағы ең алғашқы сұхбаттастық осы құжатта қарастырылғандықтан, сондай-ақ, Хақ Елшісі с.ғ.а-ның диалогқа қатысты ұстанымы да осы келісімде паш етілгендіктен мұсылман қауымы үшін  «Мәдина қаласы келісім кітабының» маңызы өте зор. Көріп отырғанымыздай Мұхамед с.ғ.а Ислам дінін өзге дін өкілдеріне өтімді ету мақсатында діни сұхбаттастық жасаған. Демек, діндер арасындағы диалогта да біздің көздегеніміз Хақ діннің мәртебесін асыру болуға тиісті. Осы ұстанымға берік болсақ, діндер арасындағы сұхбаттастықтың бізге берері көп болмақ. Лайым, солай болсын тілейік!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339