Жұма, 22 Қараша 2024
4188 9 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 14:42

Бүгін Олимпиада, трансляция қайда?

Cанаулы сағаттардан кейін әлем жұртшылығы асыға күткен Токио олимпиадасы басталады. Төрткүл дүние жанарын теледидарға бұрып, өз елдеріне жанкүйер болмақ. Пандемия кесірінен көрерменсіз өтетін Олимпиаданың бар қызығын тек қана тікелей эфир арқылы теледидар бермек. Алайда Қазақстанда Токио төрінен трансляция бола ма, жоқ па деген сауалға әлі нақты жауап жоқ. 

Спорт сайыстарын көрсететін Qazsport арнасы да нақты жауаптан қашқақтауда. Арнаның директоры Нағи Бақытбеков әзірге нақты шешім жоқ екенін, келіссөздер жүріп жатқанын, шешім белгілі болғанда әлеуметтік желі арқылы хабарлайтынын айтты.

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев бұл мәселеге қатысты: "Дәл қазір Жапониямен келіссөз жүргізіліп жатыр. Тікелей көрсетілім жасау құқығын сатып алуға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Біз азаматтарымыз өз спортшыларына қолдау көрсетуі үшін бар жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Мәселе тек бағада. Кешегі күнге дейін бізге жоғары баға айтып келді. Көрші мемлекеттер төлейтін бағаға қарағанда, Қазақстан 10 есе жоғары баға төлеп келді. Бұл біздің экономикалық дамуымызбен байланысты болды. Азаматтарымыз үкіметті спорттық мерекеден айырып жатыр деп кінәлауы мүмкін. Бірақ біз салық төлеушілердің қаржысын үнемдегіміз келеді. Менің ойымша бұл мәселе жақын арада шешіледі", – деді Дәурен Абаев.

Белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан болса "Олимпиада ойындарының трансляциясы 8 сағаттан кейін басталады. Біздің елімізде көрсету мәселесі әлі шешілген жоқ. Біздің еліміздің 96 спортшысы ел намысын миллиондаған жанкүйерлерінсіз қорғауға жол бермеу керек. Егер солай болса, онда бұл тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихындағы алғашқы жағдай болмақ және ол масқара" деді.

Бұған дейін "Қазақстан" ұлттық телеарнасы Баспасөз қызметкері келесідей хабарлама таратты: "XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты көрермендер мен әріптестерімізден келіп түсіп жатқан сауалдарға байланысты келесіні хабарлаймыз.

Токио Олимпиадасының тікелей трансляциялар құқығы "Dentsu Inc." компаниясына тиесілі. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы мен "Хабар" агенттігі" АҚ "Qazaqstan", "Qazsport", "Хабар" телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөздерді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ. Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы.

Қазіргі кезде "Qazaqstan", "Qazsport", "Хабар" телеарналары қазақстандық спортшыларды қолдау және отандық көрермендерге Олимпиададан жедел ақпарат ұсыну бойынша жан-жақты әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Телеарналардың Ұлттық Олимпиада комитеті мен шетелдік ірі ақпарат агенттіктерінен фото,-видеоматериалдар алу мүмкіндігі қарастырылған.

XXXII Жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар" деген ақпарат таратқан еді.

"Qazaqstan", "Qazsport", "Хабар" телеарналары Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарын көрсету құқығын иеленген "Dentsu Inc" компаниясымен келісімге келе алмауда.

Abai.kz

 

 

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290