Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3789 0 пікір 1 Маусым, 2012 сағат 06:06

Қажығұмар Шабданұлы. Шайқаста (жалғасы)

ҮШІНШІ БӨЛІМ

ШАЙҚАСТА

І

Құрметті тергеушім өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

«Досан қызметтен аластап, Әлиев демалыс берген тұңғыш күн ғой, апатай, оята көрме!» - кешегі іңірде осыны айта ұйықтап едім. Төр үй есігі сақ етіп ашылғанда бір-ақ ояндым. Өмірбек саңғырлай кірді:

- По, әлі ұйықтап жатырмысың? Сенен төңкерісші түгіл сау жігіт те шықпас? Мә, мынаны оқи жат.... мектепке кетіп барамын...

«Халық дауысы» газетін үстіме тастай сала жөнелген Өмірбек соңғы сөзін табалдырықтан аттап бара жатып айтты. «Оспан көр аузында» деген тақырыптағы бас мақаланы оқи бастағанымда-ақ көзім бадырая түсті. Көр аузына емес, Алтайдың мойнына міне түскен сияқты.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

ШАЙҚАСТА

І

Құрметті тергеушім өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

«Досан қызметтен аластап, Әлиев демалыс берген тұңғыш күн ғой, апатай, оята көрме!» - кешегі іңірде осыны айта ұйықтап едім. Төр үй есігі сақ етіп ашылғанда бір-ақ ояндым. Өмірбек саңғырлай кірді:

- По, әлі ұйықтап жатырмысың? Сенен төңкерісші түгіл сау жігіт те шықпас? Мә, мынаны оқи жат.... мектепке кетіп барамын...

«Халық дауысы» газетін үстіме тастай сала жөнелген Өмірбек соңғы сөзін табалдырықтан аттап бара жатып айтты. «Оспан көр аузында» деген тақырыптағы бас мақаланы оқи бастағанымда-ақ көзім бадырая түсті. Көр аузына емес, Алтайдың мойнына міне түскен сияқты.

Сол мақаланы оқи сала киіндім. «Төңкеріс дәуірінде Оспанның аты аталып тілденгені осы ғой. Осының өзі-ақ оқыс ауқымының басталуы болар... - Бет-аузымды шайқай сала шәйға отырып, тағы оқыдым. - Бәсе, өзімізді-өзімізге жәркемдетпесе, мыңгүй атала ма; Америкадан тіс, «Жанымханнан»* тұяқ құрап беріп, бәйтіктен тік тұрғыза айтақтаған екен ғой. Аузын енді өз қанымен бояды деші, өз бауырын өзіне жұлғызды деші!... Әттең надандық!... Соқырлық!... Өзінің қай қозысын жарып, қай шешесін, боздатқанын да білмей жайқамақ қой, қарашы, қарашы!... Жауымен сегіз-тоғыз жыл жағаласқанда беліне тірек, кеудесіне қалқан, басына қорған болған өзінің жауынгер халқына - жарылқаушысына, жаратушысына апат қатерін төндіргенін қарашы!..»

- Не болды балам, саған? - деп үңіле қарады шешем, - қалшылдап кеттің ғой.

Газетті Биғайшаға жауапсыз ұсына салып, шәйімді асыға ұрттадым. «Қарашы, қарашы, «батырлығына» қарашы. Өз туысқандарының терісі төселген мешітте намаз оқып, өз халқының басынан жасалған биік таққа отырмақ екен?... Мұндай ниет, өз басын өзіне «тақ» етіп, құйрығын қондыратындығын түсінбейтінін қарашы!...»

- «Көр аузында» екені ып-рас, тамаша тақырып, - дей салдым да, шыға жөнелдім. Күн отты көзін кең ашып, сәскеге көтеріліпті. «Ебі» желі Желдіқараны* баса көктей өтіп, барлық төскейін шаңыттандырған екен, оң қанатының лебі қаланы да шарпып, үдеп келеді. Түйдектелген жаңбыр бұлты күн батыстан қауырт жылжи көтеріліп келіп, қарсы желден тоқырай қалыпты. Тасыған өзенге тап болған қалың көштей, «аңысын бағып» төне, түнере қарайды. Мұндайда «көш басшы» бұлт өктем болса, солтүстікке қиырлай ығысып, Тарбағатай жонымен «еңбектей» жылжушы еді. Онда «ақылға» келе қоймаған сияқты, үйлісіп қалыпты.

Жаздың соңғы айы туылғалы тамшы тамбай тозаңытқан қала сол мол бұлтқа қарап тамсанып жатқандай. Осы қаланың кенезесі кекпкен көшесімен келе жатсам да басқа тілеуді - егіншілердің қырман тілеуін тілеп келемін. «Қазірше жауын келмей ақ қойса екен» деп күбірледім. Биыл егін өнімі мол еді. Жаугершіліктің жалпы аттанысынан бұрын жиылып бітетіндігін біліп аттансам, артыма алаңдамаймын ғой.

Төңкерісшіл жастар ұйымына келдім. Бірнеше жігіт жиылып гулесіп отыр екен. Мен оқыған газетті бәрі оқи жиылыпты; «тезірек аттану», «жау жолын кесу» жөніндегі талаптар жан-жақтан құйыла табысып жатыр.

- Ең алдымен аттанатын тобыңда мен де бармын, -дей кірдім.

- Сені әкім жібере қоймас, - деген Ерболдың күдір мұрны жымиыстан бүкірейе түсті, - «жақсы оқытушысын» запас сақтамаса мектеп «күйремей ме»?

- Бұған жібермесе өзінің артқы екі сирағын ғана шағып кетермін!

Төргі бөлмеден Әлиевтің мені шақырған дауысы естілгенде, отырғандардың күлкісі тына қалды.

- Әкімде неше сирақ болушы еді сонша? -деген Ерболға жауап бере түрегелдім:

- Бұған жауапты зоологиядан ізде, қос мекенділердің ең ірісінде екі-ақ аяқ болушы ма еді?

- Үлкені крокодил* ғой, аяғы еке-ақ шығар! -деп қалған біреуінің сөзіне ду күлгенде төр үйге кіріп, есік жаптым.

- Әскери қатарға кіруді талап етпе, - деді Әлиев, - аузыңнан шығарсаң-ақ Досан бассалады, Күртіге оқытушылыққа жіберіп, осылай ықтиярсыздандырсам, алдыңғы шепке кетеді деген сасық үміті бар. Қисынын осылай таппаса, қабілетті мұғалімді өздігінен босата алмайды. Қалалық басқа мектептерден, өз мектебіңдегі тәуір оқытушылардан, тіпті оқу-ағарту бөлімінің инспекторларынан да сенің қуылуың жөнінде наразылық пікірлер түсіп жатыр. Оқушылар жиылып болған соң бұл наразылық тіпті күшейетін сияқты. Сені жібере алмаймыз.

- Түке, бұрыннан ойлап жүрген талабым еді бұл... Барайын, Алтайдан жау қуылысымен қайтып келейін.

- Жоқ, әскери қатарға сені жібермейміз... Қазірше тіпті ешқандай мұғалім жіберілмейді. Аймақтық ұйымның нұсқауы бойынша, жастарға ертеңнен бастап әскери тәрбие жүргізіледі. Ұйым мүшелерінен тәрбиеленуге лайықтыларын тізімдеп жатырмыз. Соғыс майданында болған Өмірбек екеуің осы курс жұмысын істейсіңдер. Жаумен соғысу міндеттерің осы қызметпен-ақ неше еселеп орындалады. Қайталап айтып қояйын, майданға кетемін деуші болма, олай десең-ақ мұрт аспанда ойнақтайды, түсіндің бе?!

Шын түсінетінім Алтайға бару ғана болғанымен, қазірше мұны да «түсіне» тұрғым келді. Бұл жерде әскери тәрбие берерлік ресми офицер аз емес, «дер кезінде үнсіз-ақ сытыла жөнелмеймін бе!..»

Түс кезінде қайтсам, үйге Мәулен мен Қиялзат келіп, шәй ішіп отыр екен. Мәулен Арысбектің жасырын тапсырмасын ашық күлкісімен сықақтай әшкереледі:

- Мәкен көк көзді, алтыншы клас оқушылары қуып шығыпты. Арысбек бізге сені бопсалап қорқытуды тапсырған соң келдік. Алдымен отыр... Біз қорқытайық, сен тезірек қорық та, оқушыларыңды жуасытып бер, әйтпесе «құтыртып қойған» өзің жауапқа тартыласың.

- Былжырамашы мұғалім «Әбзей», - дедім мен (бұрынғы ұстаздың жасы құралыптастығы бойынша қатты қалжыңдасатын болғанбыз), - онан да жөнін айт!

- Сен оқытқан кластар тулай бастады, неліктен қудаланған жайыңды толық естіген сияқты. Мәкен кіргенде, «сізден оқып жетісіп болғанбыз, былтырғы өзімізбен бірге қиналған оқытушымыз керек» десіпті де, сырт айналып отырып алыпты. Арысбек кіріп тәртіпке шақырған екен, «біз ешқашан тәртіп бұзғамыз жоқ» деп наразы күбір шығарыпты. «Өзіміздің бас мұғалім керек» дегенді бастағаның қайсының, «тұр орныңнан» деп Арысбек ақырғанда, түгел түрегеліпті. Біз-екеуін мықтап қорқыту арқылы жуасытпақ болған Арысбек, бәрі бірдей түрегелгенде өзі қорқып қалғандай, жымыңдай сөйлеп, сенің «басқа мектепке жауапты болып» ауысып кеткеніңді айтқан екен. Оқушылар өзара сөйлескенсіп, қарсы факт қойыпты да, меңгеруші шығып бара жатқанда, жоғарғы жаққа арыз көтеретіндіктерін білдірісіп қалыпты. Соған қатты ызаланып шыққан Арысбек бұл мәселені сенің бұзғыншылығыңа айналдырып отыр.

- Олай десе мен-ақ құтыртқан болайын, осыған өздерің сенесіңдер ме? - деп екеуіне кезек қарадым.

- Оттамашы, оқушым, - деді Мәулен әлгіндегі кеткен есесі үшін, - құтыртқаныңа құтыра беретін жас бала емес қой олар?

- Сен құтыртты дегенді саяси жақ қуаттайды ғой, сенбеске лаж бар ма? - деп Қиялзат күмілжіді, желбезегін делдите жымиғанда мен де жымия қарадым оған. «Таптық тегің жаман-ау кәпір» дегендей жазғыра жымиысым еді бұл. Соған меңзей әзілдедім:

- Туа сала саясатты «қулық» деп түсіндіріп едің, сеніміңді саясат билесе нағыз қу өзің екенсің-ау!... Жеңсе шындық батыр жаққа, жеңілсе сұмдық батыр жаққа құлай салмақсың ба, қалай?

Мәулен мырс-мырс күлді де, Қиялзат қызғылт тарта күлімсіреп сөйледі:

- Олай емес Биқа, сені орға жығу жағына тіпті де қосылмаймыз. Бірақ, «құтыртты» деуінің қисыны табылып отыр ғой. Оқушыларды өзің түзетпесең, әкімге мәлімдемек.

- Ендеше, меңгерушіңе де, әкіміңе де, тіпті өзіңе де жауабым мынау: «құтыртты» десеңдер, сол оқушыларды бәрің дұғалап, маған қарсы құтыртып ала беріңдер, дауым жоқ.

- Оларға мені қоссаң, обал кетемін ғой? - деп Қиялзат қарқылдай күлді, - оқушылары бұлай құтыра талап еткен оқытушыны мен өрденмен сыйлар едім, амал не!... Дәл қазіргі жағдай қиын, өзің үшін олардың бұл талаптарын баса тұру керек болып отыр. Оқушыларыңа өзіңнен инабатты ешкім жоқ, бірдеңе айт та, баса сал Биқа. Олар араласпасын бұл мәселеге, сен туралы мұғалімдер пікір қойып жатыр, болмады ма сол?

- Мұғалімдерді де мен «құтыртып» жатқан шығармын? - деп мен бадырая қарадым да, Қиялзат «олай емес» дегендей басын шайқады, - олай болса әркімнің ауруы өзіне батады, - деп сөзімді жалғастырдым, - өздеріне пайдалы мұғалім талап еткен оқушыларды менің құтыртпағаныма да сенсеңдер болар! Бар, сәлем айт қожаларыңа, қолдарынан келсе маған қарсы құтыртсын! Оқушылардың білім алу жолындағы, тәуірірек мұғалімінен оқу жолындағы талабын тойтара алмаймын, анықтап айтқанда, өз басыма жабылған жаладан қорқып, оқу-ағартудағы кербақпалыққа қызмет істеп бере алмаймын. Қиялзат, бұрынғы достығымыз үшін ескертейін, сен де қызмет істеме оған, солқылдама. Арысбектің Мәкенге сүт деп жасырын емізіп келгені іс жүзінде ылғи у болып еді ғой. Содан өлексеге айналған Мәкеннің осы оқушыларды да өлексеге айналдыруына орай тудырып берсек, біз кім болмақпыз? Буғызбаңдар да бумаңдар оқушы талабын... Мәкен бұрын оларға не бере алып еді, енді алтыншы класқа көшкенде несін бере алмақ, сауат жағынан бәрің де жоғары едіңдер ғой одан?... Табан бір жыл төккен ашты теріміз арқылы әрең көтерілген оқушыларды Арысбектің Мәкенге қайтадан байлап беруіне ұжданың қалай шыдап, маған бастырмақ болдың Қиялзат? Мені қатерден қорғаудың орнына өзіңнің ар-намысыңды қорға, әкеңнің мыңбектігін тіпті аяма оныңнан!

Үш-төрт оқушы есік ашып қарады да, Қиялзат пен Мәуленді көріп, есікті жаба жөнелді. Тасып келе жатқан ашуым сабасына түсе қалғандай, қайтпақ болған екеуін қайта отырғыздым да, сыртқа өзім шығып, оқушыларымның сәлем бере ұсынған қолдарын ала сөйледім:

- Сендер менен ақыл сұрауға келген шығарсыңдар? - дегенімде жымың-жымың күлісті. - Ақылым мынау: сендерге мен ғана емес, өздеріңнің оқу талаптарыңды қанағаттандыра алатын тәуір мұғалімдер керек. Мәселен, Өмірбек, Дәулет, Мәулет, ғылыми меңгеруші болғанымен Қайсен де сағаттық сабақ өтейтін болады. Мәкеннің бас мұғалім болуына қарсы шығуларың әсте қате емес, бұрын сендерді шала жансар оқытқандықтан өткен жылы қатты қиналдыңдар ғой...

- Сіздің не себептен ауысқандығыңызды өзіңізден естуге келіп едік, - деп бірі күбірледі.

- Оны сұрамай-ақ қойыңдар, сендер естігеннен басқа өзімнің де бір қажетіммен ауыспақпын. Мұнан соң мені іздемей, өздеріңнің талаптарыңа лайық басқа бір тәуір оқытушыны сұрағандарың жөн! Қандай оқытушы кірсе де ынтамен жақсы оқу шарт. Мен жақсы оқытушыдан оқу арқылы емес, өздігімнен ізденіп оқу арқылы көз ашқанмын. Өздігінен ізденіп оқитын өршіл талаптан үлкен мұғалім дүниеде жоқ. Сендерге тапсырарым да, ақылым да осы ғана. Сабақтастарыңның бәріне жеткізіңдер осыны. Өмірбек сияқты тәуірірек оқыта алатын біреуін талап етсеңдер болғаны.

Осы сөзбен ғана қайтарып едім, төртеуі де көздерін сүртіп бара жатқанын байқап, өзім де бір ыршытып жіберіп, үйге кірдім. Мәулен сөйлеп отыр екен:

- Оқытушылардың метод ауыстыру жиындарынан өзге араласымыз жоқ. Басқа мектеп мұғалімдері жақтап жүрген Биғабілді жақтамаудан ұялып қана айтып жүргенің ғой деймін шырағым, мыңбек баласы, - деп ол қыжырта күлгенде, Қиялзат қайтсем түсіндіремін дегендей ентелеп, нақтай сөйледі оған:

- Менің келіспей отырғаным - оқушыларды айқайлатып, саясатқа томпақ келіп қалу жағы ғана. Олардың араласуына жол берсек, тіпті оқытушылық методикаға да томпақ болып қалмаймыз ба?

- Жалпайту керек десең өзің ғана жалпайта бер... Әкімнің өзі заңға қайшы томпайғанда, оқушылардың заңды талабы томпайса не болады екен? Бұл мұрт бүгін Биғабілға істегенін ертең бізге істемей ме? Аянарымыз жоқ бұл жауыздықтан!

- Мен өз жөнімді өзім табармын, - деп күрсіндім - жеке бас желкек теріп жесе де күн көрмей ме? Осы мектепке қайта келіп ырылдасудан соным жақсы. Мен туралы оқушылар түгіл сендер де «құтыртып» әуре болмай-ақ қойыңдар, жалғыз-ақ анау бишара оқушыларды Мәкенге қайта түншықтыртпай, жетігіректерің оқытсаңдар болғаны!

- Жоқ, сені біз бұлай қорлата алмаймыз, - деп ышқынды Қиялзат, - қайтсек те келтіреміз орныңа!

- Орнына келмейтін жағдай туып тұрғанда орныма қайтып барармын? Оқушы кезімізде мұғалім Арысбек Мәкенін көтермелеу үшін мені көзге түртуші еді ғой. Енді оқытушы кезімізде меңгеруші Арысбек Мәкенін өрлету үшін мені көрге итеруші болыпты. Қайтып бірге істеп береке таптырармын? Мені жақтаймын деп ырың-жырың, басқа мектептерге күлкі жырым-жырым болмай тұра тұрыңдар, тірі болсам бір жағынан өзім-ақ шыға келермін!

- Биған, бұлай айнуыңды бізден басқа ешкімге айтушы болма, - деп Қиялзат түрегелді.

- Оттама, қайтсеңде осы мектепте істеуің керек! - деп Мәулен түрегелді, - орныңа келмесең өзіңнің де, біздің де жеңілгеніміз.

- Арысбекке әлгі жауабымды жасырмай айтыңдар, - деп қала бердім, - әкімшілік те, бедел де өз қолдарында ғой, оқушыларды маған көндіріп бер деуі өздеріне намыс болар, сол мықтылықтарымен маған қарсы «құтыртсын!»

«Оқушыларды құтыртып қойыпсың» деп кешке жақын қалжыңдай келген Махмұт Керімге де осыны айттым. Ол күліп жіберіп, құшақтай алды да, арқамнан сипалай берді:

- Оқушыларды жәліп қылушы* мұғалімдіктен зор бедел ешқандай әкімге біткен емес, құттықтаймын Биға! Рухи үстемдігіңді сақтап дем ала тұр, жақында орналасасың.

Қайдағы демалыс болсын, ертеңінде жастар ұйымына ерте жиналдық та, демді алқына шығардық, ұйым мүшелерін түгел сапқа тұрғызып, сақ-сақ команда мен сарт-сұрт жүріске баса жөнелдік. «Бір-екі-бір!...» «жүгіріңдер!»... «бір-екі-бір!» «жатыңдар!» «жер бауырлап алға!».... «Сәкен, ішке жық өкшеңді, оқ жұлып әкетеді!»... «Мәкен, бас құйрықты, Оспан соныңды көзеп отыр!»... «тұр»... «бұға жүгір!» «бір-екі-бір!...»

Түстен кейін салқын түскен соң да осылай сақылдап, қадам санауымызды «үшке» бір шығара алмай қайтып едік. Өмірбек қолтықтай жөнелді мені.

- Қайда апармақсың?

- Біздің үйге... қызмет жөнінде әңгімелесеміз.

- Айта жүр, қаншалық қызмет екен, естиін.

- Барғанда айтамын, бірнешеуіміз талқыға салмақпыз.

Иір-қиыр, ыңғай шет көшемен ертіп келіп, қақпасының құлпын ашты да, шешесі бір жаққа жолаушылап кеткенін айтты. Күн ұясына қонған шақ. Қақпаны енді ішінен құлыптай сала күбірледі:

- Тұра тұр, айтатынымды алдымен айтып алайын. Сен осы мектептегі орныңа мені ұсынып жүргеніңді естідім. Арысбек кеше Қиялзаттан айтқан сәлеміңе қатты ызаланған екен. Бүгін менімен күлімдеп сөйлесті. Алтыншы класқа бас мұғалім болатындығымды айтты. Мен қабыл алмай шықтым. Сірә, оқушыларды да, бізді де солай тыныштандыра тұрып, алдымен сен пәледен құтылуды абзал көретін сияқты. Ал сен сытылып Алтайға кеткелі жүрсің. Сен кетсең талап қойып жүрген біздің жеңілгеніміз.

- Енді жеңілмейсіңдер, Арысбектің мектеп меңгерушілігі де қатер астында болады мұнан соң. Менің ырылдасудан құтылып, біраз кеңи тұрғым келеді, - дей бергенімде Меһір шыға келді үйден. Күлімсірей жетіп, қолымды ала күбірледі:

- Қазір-ақ кеңисің.

Осы күбірден ғана үйде тағы біреу барын айқын түсініп, сыпайыси қойдым.

- Құлыптаулы үйге қайдан кіріп алғансыңдар?

- Бұл үйдің құлпы мені таниды. Үйіме барып қамалудан бұрын осында бір қамалғым келгенін айттым да кіре бердім, - деп күлген Меһір мені босаға сыртында тоқтатып сыбырлады. Әлгі бір қыз жөніндегі қасіретіңді Әлияға әшкерелеп қойма, кіші үйде отыр.

«Мен үшін өлген Нұрияшымды ұмытып өмір сүрмекпін-ау! - деген оймен күрсіндім, - әйткенмен, тірі жанға тіршілік те керек қой, сөйлесіп көрмеймін бе!»

Қыр мұрынды, сұлу қара торы Әлия орнынан түрегеліп, сәл күлімдей амандасты. Қайқиған ұзын кірпікті, ойнақы қара көзі тігіле қараған менің найзалы қара көзіммен тоғыса қалып, жалт берді.

- Денсаулық қалай, құдаша? - деп қайталай амандасқанымда тұқыра жымиып, басын үнсіз изеді.

- Отырыңыз, отырыңыз! - дедім мен. Ол үстел шетіне қайта отырмай, терезе алдына барып отырды. Жаңа қонысының төменгі қатарына мен де отыра кетіп едім, Әлия сықылықтап күле түрегелді:

- Жоғары отырыңыз.

- Бұл үйде сіз жоғары отыруға тиістісіз.

Өмірбек пен Меһір мұнда кірмей, арғы үйге кеткен. Қыз жымия түсіп үстелдің төменгі шетіне отырды. Тағы да қуалай барып төменгі қатарына отыра қалдым да, қыз және түрегеле бергенде иығынан баса қойдым. Тұла бойымен толқып, бетін баса сықылықтап күлген Әлия үстелге етпеттеп алды. Иығындағы қолымды түсірмей, мен де өзінше етбеттеп жата қалдым, қыз саңғырлай күліп жіберіп, басын көтергенде, мен де көтерілдім, ол енді түзеле отырып күрсінді. Мен де күрсінгенсіп, қолымды мойнынан асыра құшып едім, қолым қомақты омырауын шеңбектей түскенін сезбей қалыппын. Шолақ жеңді зеңгір жібек кофтамен отырған оның денесі иіле, икемделе берді маған қарай. Мен де көйлекшең едім. Қатып қалған жүрегім жібігендей, нығыз бұлшықты бикештің қызуы балқытып бара жатқандай сезілді. Қыса түсіппін. Тұқыра түсіп сөйледі қыз:

- Мұныңыздың аты не?.. Қойыңызшы!

- Жас құда мен құдаша тек отырмақ па, әуел десең «түйе көбейтер!»

- Айтпаңызшы оны! -деп бұртия қалған Әлия қайта күлімсіреді. - Мен құдашаңыз емес, жиеніңізбін... және... мені басқаша... біреу деп басынатын сияқтысыз ғой?

Әлия күрсініп жібергенде мен тағы да қосыла күрсініп, қолымды жия қойдым. «Дүниеде Нұрияштан басқа мен басынбайтын қыз барын білмейтін де шығармын» дей жаздап жиылдым.

- Сіз мені мүлде басқаша түсінетін сияқтысыз? - деп тағы күрсінді Әлия. Күрсінді де көзі ойнақтап, күлімсірей қарады маған. Әдемі жамалы түгел күлімсіреп, жұқа ерні жыбыр ете түсті де, иығымен толқи қозғалып қалып, түзеліп отырды. Сөйлерде ернінің жыбырлайтынын да, құйқылжуын да, күлімсіреуі мен қатты күлуін де Арысбекке ұқсатып, томсара қарап қалып едім; бірақ, ол сияқты жирендірмей, сұлу жүзіне аса жарасымды, үйлесімді қылықтар болып көрінді. Бұдан соңғы сөзін салмақтырақ сөйледі Әлия. Кездесе салып бұлай басынуыңыздан мен туралы басқаша түсінігіңіз барын байқадым.

- Иә, ондай жөнім жоқ емес, кейін естірсіз, қазірше кінәлай көрмеңіз мені, қызығып кеттім.

Әлия лып етіп түрегеліп барып шам жақты.

- Шәй әкелейін, олар өз әңгімелерімен өздері болып, бізді ұмытып та қалған шығар? - деп сыңғырлай шықты есіктен. «Сөзді де Арысбекше жітірмелете, тез сөйлейді екен. Құдай екем, оның мінезін бұл сұлудан ары етсін! Айыр құйрықты алаяқ қой ол» деген ой оралып, Әлия дастарқан алып кіргенде күрсіне қарадым. Қос тәлеңкемен қант-кампит, ботнаспен бауырсақ қойып, шәй әкеліп құйды. Қимылы да аса жарасымды екен, таңданарлықтай тамаша мүсін. «Сұлулар тәңірісі мұны да арнаулы естетикалық қалыбынан бар ықыласымен шығарғандай екен-ау! Оқыс ұрыншақтық, жағымсыз қылық көрсетіп қойдым-ау осыған. Нұрияштан басқаны бойыма тоғытпаудан болғаны ғой, ештеңе етпес... Және өзі ұрынсын дегендей, құлыпты иен үйде күтіп отырғанда ұрынбау да қиын шығар, ұрына берейін, тұмсығыма ұрар деймісің...» деген оймен жымиып қойған сияқтымын. Маған көз астымен қарап қойып шәй ішіп отырған қыз да жымиды.

- Тағы да не сұмдық ойладыңыз екен? -деді де тұла бойымен құйқылжи сылқылдап, Арысбекше күлді.

- Сұмдық емес, Құдай Тағаланың өзіме ұсынған сыйлығы мастандырып отыр.

Жып-жылтыр ұзын қара бұрымды басын сол жақ иығына жыға, қиыла күлімсіреді Әлия.

- Шәй іше отырыңыз, - деп алып, күрсіне қарады маған, - жазда қайда болдыңыз?

- Қасыма келіп отырсаңыз айтамын.

- Қолыңыз тәртіп сақтаса, - деп жымиды.

- Мақұл-ақ болсын, - дегенімде сықылықтай келіп қатарыма отыра кетті. «Ұжмақ иісі» аңқып, Нұрияштың лебі жеткендей, жүрегім лап ете түсті де, тежеулі қалпына қайта келе қалды. «Сәулешім мен дегенде шартсыз адал еді ғой» деген оймен күрсініп жіберіп, Әлияға жазда қайда болғанымды баяндай бастадым. Жанасып тығылыса отырдым да, оң жақ балтырымды тізесіне арта сөйледім. Қыз тағы күрсінді бұл қылығыма, жаңағы қойған шартында аяқ тәртібінің айтылмағандығынан ба, иә, қайтер дейсің дегеніме елемегенсіді. Сөйтсе де өзін тағы да «басқаша түсінетіндігімді» анықтағандай, жүзінен ауыр мұңайыс көрінді.

- Жаз бойы осылай қаңғуыма алған «сыйлығымды» естідіңіз бе? - деп сұрадым айтып болып.

- Естімей, - деп басын төмен сала күбірледі, - бәрі айтып жүр, әкімнің неден өштескенін де білемін.

- Неден өштестіріппін?

- Ынтымақ-теңдік жөніндегі сөзіңіз қатты тиіпті дейді.

- Ол жаман сөз бе?

- Бізге... қыздарға одан жақсы сөз жоқ шығар? - деп Әлия тағы да Арысбекше құйқылжи сықылықтап, орнынан бір қозғалды. Тақымымдағы тізесін жайшылықси ғана жиып, иығыма басын сүйеді. «Қолымның тәртібі» енді сақталсын ба, арғы иығынан аса орап барып, көз құмарын тағы да тап баса қойды, тілсім байлағандай үнсіз-қыбырсыз отырып қалыппыз...

Қақпа сақ-сақ ұрылғанда екеуміз екі жаққа ыршыдық.

- Кім?! - деп арғы үйден Өмірбек шыққанда мен де ұмтылдым. Сырт қап-қараңғы. Бақайдың дауысы естілді. Клубтан кино көрушілер тарағанда Меһірді үйіне дейін шығарып салу міндеті бар екен:

- «Қалыңдығымда» енді ақың қалмаған шығар? - деп қақпа сыртынан Өмірбекке «кіжіне» күбірледі, - шығарып бер!...

Екі қыз екі жағымнан келіп, қолтықтаса шықты қақпадан.

- Мына селтигені кім еді тағы да? - деп маған үңіле қараған Бақай құшақтай алып, екі қыздың арасынан көтере жөнелді, - жақсысын тауыпсың, құттықтаймын! - деп бетімнен сүйе сыбырлап түсірді жерге.

- Үндеме, үндеме, әлі тауып болғаным жоқ...

Түсіне қойған Бақай Меһірді қолтықтай жөнелді де, Өмірбек маған көшенің төменгі жағын ымдап қойып, қақпа алдында тұрып қалды. Әлияны қолтықтап, нұсқаған жаққа мен жөнелдім.

- Меһірдің әке-шешесі Өмірбекке қалай қарап жүр? - деп сұрадым біраз үнсіздіктен соң.

- Әкесі әлі де сол қалпы, Шәуешектегі біреуге атастырып қойған ғой, Меһірді қайтсе де соған көндірмек, - деп тітіркеніп қалды да, жітірмелете сөйледі, - Өмірбектің жаман жігіт емес екенін айта бастаса қатты ызаланып ақырып жібереді екен... Сырттан кірісушілер де қиын болып тұр. Шешесі жақсы, Өмірбекті жек көрмейді. Бірақ, Өмірбек сақтанбаса қатерлі дегеніңіз рас болды. Білесіз ғой, әлі аңдып жүр!... Кештерде Меһірмен бірге жүруден мен де қорқып қалдым.

- Қорықсаңыз неге бірге келіп қамалдыңыз? -дегенімде тағы да құйқылжып толқи күлді, жауап қайырмай тұқыра толқыды.

- Тоңып келесіз ғой деймін, жылытайын ба?

- Жоқ, - деп күрсініп, қолтығымнан мықтап қымқыра түсті. Үлкен көшеге шықтық. Төрт-бес серігімен алдымыздан Бақай өте шықты. Бізді әдейі көрмегенси өтті.

- Меһір мен Өмірбекті осы бишаралар қорғап жүр, -деп сыбырлады Әлия, - Бақай Меһірді ертіп шыққанда қасындағылары алыстан байқап ілеседі. Өмірбекті қоршап жүреді.

Үлкен көшеден қиыстай өтіп, тағы бір тар көшеге кірдік.

- Мені оншалық жақтырмайтындығыңыз рас болды ғой, - деп жымия күбірледі де, тұқыра түсті қыз.

- Қашан? ... Қалайша?...

- Бағана «ондай жөнім жоқ емес, кейін естірсіз» демедіңіз бе?

- Иә, бірақ, ол ешқашан жақтырмағандықтың жауабы емес, басқа бір мәселе жайында.

- «Мені мүлде басқаша түсінеді екенсіз» дегенімде айттыңыз ғой, - бұл сөзін Арысбекше жітірмелете сөйлеп, үнін тігілірек түсірді, - көрінген жігітке көне салатын көше қызы дейтіндей түсінігіңіз бар ма әлде?

- Тіпті де олай емес, - деп күрсіндім, - ол өз басымнан өткен бір оқиғадан айтылып қалған сөз. Сізге ешқандай байланысы жоқ.

- Байланысы жоқ болса айтыңызшы!

- Кейін.

- Не үшін кейін?

- Кейін айтылатын сөз болған соң кейін.

Қыз сылқылдап тағы да құйқылжи күлді де, тағы да күрсініспен тоқтатты.

- Үлкен сыр, - деді өзіне-өзі сөйлегендей ғана күбірлеп, қараңғы көше шетіндегі үйеңкі түбінде тұрып қалыппыз.

- Оған басыңызды қатыра көрмеңіз, ол тіпті сыр қатарына да жатпайды.

- Олай болса, неге жасырасыз?

Бұл тергеуден орынсыз қысыла қалғаныма қарқылдай күлдім, кесірсіз сырды жасырудан үлкен кесір жоқ сияқты. Таза махаббат адамы «жасыр» дегендіктен жасырғаным болмаса, мұнда не қиыншылық бар ед?

- Мен ғой өздігінен жасырып тұрғаным жоқ, «жасыр» деген соң жасырғаным, - деп алып тіпті қатты күліппін. Әлия. - ақырын күліңіз, біздің үй әнеу қақпада!

- Не себепті «жасыр» деді екен, соны өзінен сұрап білейін де, толық айтып берейін... Естірсің екеуміздің таныстығымызға нұқсан жеткізетін сыр емес ол!

- Рас қой?! - деп алып, мен, «рас» дегендей изектегенімде соза күрсінді Әлия. - По, басымды қатты ауырттыңыз.

- Менің сырым үшін басыңыз ауыра ма?

Әлия үнсіз бас изеп, томсара, мұңдана қарады. Құшағыма тарттым. Сүймек болғанымда ғана бас тартты:

- «Кейін айтылатын сөз болған соң кейін», -деп менің сөзімді қайталай сықылықтады да, сытыла берді, - хайыр, ертең кездесерміз!

- Па, кенеземді кептіргеніңіз-ай! - деп күліп мен де қайрыла жөнелдім.

- Тоқташы! - деп өзі ыршып келіп құшақтай алды... Кезектесе, соңынан кезек беріспей жабыса шөпілдетісіп айырылыстық, - тағы да көрінбей кетпеуің үшін! - деп иығымен солқылдай сықылықтап қайтты Әлия.

«Көңіл көтере тұруды ойлап келіп, көңілімді біржолата тұтқындатып қайттым ба осы мен? - дедім, былай шыға бере. - Сабыр, сабыр, Арысбек мінезділігін сұлулығы арашалап әкетті ме, қалай... Есіл Нұрияшым... іші-сырты бірдей, алтындай таза алтайлығым... өкініш-арманым да айрылғаны ма сенен?... Жоқ, жоқ, олай болмақ емес, тым болмағанда жүрегімнің ең төрінде жасайсың... барып қайтсам солай... соғыса барып тоғыса қалсамшы соныммен...»

Ертеңіне таңертең жастар ұйымына ерте жиылып, Еміл жасаңына саппен сартылдата жүгіріп жетіп, сақылдаған әскери тәрбиеге кірісіп едік. Күн көтеріліп қалғанда Ербол ентіге жетті де, «сағат дәл тоғызда клубта зор жиын барын» хабарлады. Үйге қайтып тамақтана сала клуб залына келдім. Жай жиын емес сияқты, аудандық үкіметтің басшылары арттарына алақ-жұлақ қарап, алдыңғы қатарда отыр. Мұрттар мен сақалдар басылыңқы, жүздер сұрланыңқы көрінді. Сахнада Әлиев сақылдап, келетін кісілерді қарсы алу тәртібін сөйлеп тұр.

Зал толған халық ду етіп түрегелді бір шақта, шапалақ шатырлап ала жөнелді. Ұзын бойлы, тіп-тік, кең иықты генерал майор сақ-сақ басып, оң жақ шетпен өте шықты да, сахнаға шыға чес беріп, тік тұра қалды:

- Сәлем!

- Сәлем, Дәлелқан аға! - деп жастар ұйымының мүшелері бір дауыспен жауап қайырды.

- Алтай халқынан, жау қоршауында тұрған жауынгер аға-бауырларыңнан сәлем!

- «Урра...а....!» -деген даусымыз залды жаңғырықтырып жіберді. - «Жауды біз қоршаймыз!» «жоғалсын гоминдаң!» «жоғалсын халық жаулары!...»

Генерал бізді қол ишарасымен басып отырғызды да, үстелдің төріне өтіп, залды шола қарады, сөйлемек екен. Ат жақты, бет сүйегі шығыңқы, шағындап қана қойылған қырықпа мұртты қызғылт сұры кескінінен қажымас қайрат, қаһарлы ашу байқатып, аса өткір қарады. Шоқтай қызарып алған қиықшалау көзінің кең шанағы ойыстанып, неше тәулікті ұйқысыз өткізгендігін әйгілеп тұр.

Ол ашық дауыспен сөйлей жөнелді. Бір жылдан бері қырыстанып жүрген қырсықты-қыңыр Оспан мен Үрімжідегі жаулардың қалай астасқанынан бастады сөзін. Әккі жау қару мен қазна уын төгіп, Алтай халқының ішкі рулық жігін - ескі сенім қайшылықтарын қатты ушықтырғандықтан, көптеген қарапайым халықтың да алданып жау қылышына айналып кеткенін ұғындырды. Біздің қарулы күш оқ шығармай қорғанып тұр екен. «Айқын жауға күшіміз жетер еді, бірақ, оларға далда болып, алдына түскен жаңсақ жауды - өз бауырластарымызды қыруға еркіміз жетпеді» деп, зор дауыспен айқайлап жіберді генерал, - «қоршап құрсаулау талаптарың дұп-дұрыс, бауырлар!»

Сағатына қарап, сатырлаған қол шапалақты тоқтатты да, өзі бастап, отан азаматтығы жөнінде екі ұран көтертіп тұжырды...

Полковник, майор, капитан дәрежелі төрт-бес офицер генералға ілесе келіп, сахнаның оң жақ бүйіріне отырып еді. Генерал залға түсіп, қайтуға беттегенде, олар да түсіп, көтеріле шатырлаған шапалақтың арасымен өтіп келе жатты. Бір семізше қаралтымы үңіле берді жан-жағына, мен де шырамытып, ұмтыла түстім. Атақты генералдың иығынан өзімнің «атақсыз генералымды» байқамай қалыппын:

- Биғаш! - деп бұрылып тұра қалды Әлмен.

- Әлеке! - деп жетіп бардым да, құшақтаса түстім...

- Бәсе, осында қайтып келген шығар деп сұрастырмақ едім. Өзіңнің басыңа қылау түскен бе?

- Неше рет қар жауып, боран да соққан...

«Генералым» қолтықтай жөнелгенде жиналыстың жалғасы түгіл қаулысына қарармын ба, шыға бердім.

 

Құрметті тергеушім, бұл тарауда сізге де қайрылуға мұрсам жоқ. Біраз соғысып, қылмыстарымды семіртіп алайын!... А... маған қарап араны ашылған делоңызды осы кергуім де керней түсер-Ақ!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Үрімжі ақшасына осы кезде өлкелік қазна меңгермесінің меңгерме бастығы - Жанымханның аты жазылатын. Үрімжіде құны қалмаған бұл ақшаның атын сықақтап «Жанымхан» деп атайтындар болған.

* Желдіқара - Дөрбілжіннің Шығыс оңтүстігіндегі бөктер таудың аты. Күншығыстан соғатын құрғақ дауылдың - ебінің өті.

* Крокодил - құрлықта дем алып, суда кәсіп ететін ең ірі жыртқыш. Қыс болмайтын ыстық үйектің теңіз, көлдерінде жасайды. Жағаға келген жануарлармен адамды су астына тартып әкетіп жейді.

* Жәліп қылыш - өзіне тарту, қызықтыру, ертіп әкету.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276