«АСТАНАНЫҢ» БҰЛ АСҚАНЫ МА, ӘЛДЕ САСҚАНЫ МА?
Қазақстанда Республиканың барлық аумағына көрсетілетін саусақпен санарлық телеарна бар. Сол телеарналардың ішкі болмысы қандай алаң-құбаң болса, сырты да сондай түсініксіз, күңгірттеу болып отырғаны өкінішті-ақ. Әрбір БАҚ-тың басты логатипі айшықты, сырт көзге түсінікті әрі көркем болып келсе аудиторияға жолы ашық болары сөзсіз. Ал біздегі «Қазақстан» мен «Хабар» деген логатиптер болмаса, қалғандарын қарапайым көрермен түсініп болмайды. Мәселен «КТК», «СТВ», «НТК», «CASPIONЕT» деген сияқты «жұмбақтарды» аңғал қадамға түсіндіріп көріңіз. (Әйтеуір соңғысының атауы өзгеретін болыпты, оған да шүкір). Бұлардың қатарын қазақ ұлтына біртабан жақын саналатын «Ел арнаның» да белгісі толықтырып отыруы түсініксіз. Төрт шаршыға бөлінген логатив ішіндегі «Е» және «А» әріптерін қай қазақтың «Ел арна» деп зеректік байқатып, жыға танырына күмәніміз бар. Не себептен әп әдемі арна атауын осылай жұмбақтатып, есектің ақырғанына ұқсатып қойғанын креатившіл арна ұжымы өзі білер, әйтеуір. Ал осыдан 3 жылдай бұрын ғана кіндігін Қазақстанда кескен «Жетінші арна» деп аталатын ақпарат құралының нақты атауы қалай аталарын жұрт түсінбей әуре. «Жетінші арна ма?», жоқ «Седьмой канал ма?». Интернеттегі сайтына кірсек бірден орысша нұсқасы ашылады. Тіл таңдау түймешесінде ештеңе жазылмағанымен Ресей туы желбіреп тұр. Соқыраңдап жүріп Қазақстан туы белгіленген пернені тауып бассаңыз ғана қазақша беті зорға ашылады. Ғаламтордағы мекені -«tv7.kz». Бұдан кейін бұл арнаны «қазақстандық па, ресейлік пе?» деп екі ұшты ойда қаласыз.
Ал Елорданың есімін еншілеген «Астана» телеарнасының соңғы кезде ішкі болмысы да ширап, аудитория ауқымын кеңейтіп отырғандай әсерде еді. Не көрінгенін кім білсін, «Астана» деген алты алашқа әйгілі әп-әдемі атауды, ағылшын әріптерімен алмастырып айды аспанға бір шығарғаны. Бұл арна ұжымының халықаралық деңгейге шығуға ұмтылған тәтті қиялынан туған талпыныс па, жоқ басқа себебі бар ма, ол жағы түсініксіз. Әйтеуір бір-ақ күнде «Astana tv» болып құлпырып кеткені. Сонда бұл не тағы да басқалардан ерекшелену үшін жасалған қадам ба, жоқ болмаса бір елдің бас қаласының атауын менсінбеу ме? Арнаның логотипін шет ел танымай қалады дейтіндей бұл өзге елде, өзге тілде хабар таратып отырған арна емес. Кезінде таралу аймағы Елордадан ғана басталып, кейіннен ел аумағының біразына қанат жайған қатардағы БАҚ-тың бірі. Негізгі аудиториясы қазақстандықтар. Ендеше бас қаламыздың бас арнасы өз атауын ағылшынша жазуға неге құмартты?! Жоқ әлде бұл «болашақта үш тілді мемлекет боламыз» дейтін саяси керуеннің алдын орауға бағытталған ойын ба? Біздің білуімізше бұл сәтсіз қадам болған сыңайлы. Ертең алыс-жуықтан қонақтар келсе де, бас қаланың есімін еншілеген арнаның ағылшын әріптерімен әдіптеліп тұрғаны бір түрлі ыңғайсыз болар. Осылайша «Астана» арнасының ағылшын әріптерін таңдап асқанын, болмаса өркениет көшінен қалып қоймайық деп бекерден-бекер сасқанын түсінбей біз отырмыз.
Т.БИБАЛА
«Халық сөзі» газеті