Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІ
- Оспан бұзылды деп Алтай халқының да қопарыла бұзылғаны ма, Әлеке, бұл қалай болғаны? - деп сұрадым клубтан шыға бере.
- Оспан бұзылайын деп бұзылған емес те, халық Оспан үшін бұзылайын деп бұзылған емес, - деп Әлмен ірі ақ тістерін баяғысынша ақсита күлімсіреді, - өйтетіні, Оспан гоминдаң өктемдігіне мұқтаж емес те, халық бұзылуға тіпті де мұқтаж емес еді, бәрін де феодализмнің санадағы түнегі бұзды. Әлихан төренің үкімет басынан түсірілуі ислам дінінің қатерге түсуі деп Оспан бұзылды да, оған қарап бірнеше рубасылары бұзылды, олардың шылауы мен шырмауындағы қараңғы жұртшылықтың бәрі бұзылды сөйтіп. Отызыншы жылдарда Совет үкіметінде болған асыра солшылдық Алтайдағы ру феодалдарының кертартпа үгітіне құрал болған. Сөйтіп комунист дейтін атаудан аса қатты жирендіріп қойған.
Генералды автомобиль кабинасына кіргізіп, арттарына қарайлап тұра қалған әкім мен өз серіктерін Әлмен «жүре беріңдер» дегендей қол сермеп жөнелтті. Төрт көшенің күн шығыс жақ тармағындағы әскери қамдау мекемесіне жітірмелете сөйлесіп жеттік. Тым асығыс екен. Қарулы қарауылды қақпа алдына қойып, сыбырлай тұжырды сөзін:
ІІ
- Оспан бұзылды деп Алтай халқының да қопарыла бұзылғаны ма, Әлеке, бұл қалай болғаны? - деп сұрадым клубтан шыға бере.
- Оспан бұзылайын деп бұзылған емес те, халық Оспан үшін бұзылайын деп бұзылған емес, - деп Әлмен ірі ақ тістерін баяғысынша ақсита күлімсіреді, - өйтетіні, Оспан гоминдаң өктемдігіне мұқтаж емес те, халық бұзылуға тіпті де мұқтаж емес еді, бәрін де феодализмнің санадағы түнегі бұзды. Әлихан төренің үкімет басынан түсірілуі ислам дінінің қатерге түсуі деп Оспан бұзылды да, оған қарап бірнеше рубасылары бұзылды, олардың шылауы мен шырмауындағы қараңғы жұртшылықтың бәрі бұзылды сөйтіп. Отызыншы жылдарда Совет үкіметінде болған асыра солшылдық Алтайдағы ру феодалдарының кертартпа үгітіне құрал болған. Сөйтіп комунист дейтін атаудан аса қатты жирендіріп қойған.
Генералды автомобиль кабинасына кіргізіп, арттарына қарайлап тұра қалған әкім мен өз серіктерін Әлмен «жүре беріңдер» дегендей қол сермеп жөнелтті. Төрт көшенің күн шығыс жақ тармағындағы әскери қамдау мекемесіне жітірмелете сөйлесіп жеттік. Тым асығыс екен. Қарулы қарауылды қақпа алдына қойып, сыбырлай тұжырды сөзін:
- Білеубай баталионы бүгін кеште Қобыққа аттанады. Олар тек Қобықты ғана қорғай тұруға міндеттелді. Ертеңгі кеште Тарбағатай полкының қалған баталиондарын Алтайға жүргізіп болу үшін біз қазір Шәуешекке барамыз. Ертең түсте жүруге дайындалып тұр. Осындағы қызметке бізден бір капитан қалады, айтпақтайын, ол өзіңнің сабақтасың екен ғой, әлгі Ынтықбай.
- Ол да келіп пе еді?!
- Иә, сонымен бірге жүресің. Қалған жайды содан ұғарсың, ал мен кеттім...
Әлмен кірісімен жабылған берік қақпа лезде сақырлап қайта ашылды да, екі босағадағы төрт қарауыл қайта тіктеліп, ізетке келе қалды. Айқыш-ұйқыш сап-сары ала асынған жуан қара капитан ыршып келіп құшақтай алды мені. Екі жылдың алдында ғана бойы менімен теп-тең Ынтықбай көлденеңіне жайылып кеткендей жап-жалпақ. Фуражкасының күнқағары иегіме келіп тірелді. Бірнеше рет сүйісіп алған соң тілге келдік. Екеуміздің көзіміз де жаспен бұлдырап, үңіле қарастық.
- Үй, сені мына екі жыл созғыға салып ұзартқан ба?!
- Біраз қысқаштап, балғалап көрді, - деп жымия күлдім мен, - созыла қоймаған сияқты едім, сені балғалап жалпайтып жіберген бе қалай?
- Осы жолғы Оспан шоқпары болмаса, балға тие қоймап еді. Сен расында да биіктеп кетіпсің, басыңдағы қарды қара! Шырайың күз соңындағыдай сұп-сұры. Бұрынғы ақ сұры емес, нақ сұры болыпсың. Манас бойындағы қара сұрылардың қанына сусыныңды өз күшіңмен бір қандырып қайтқаныңды естігенмін қыраным... Жә, тоса тұр енді, генералды Шәуешекке шығарып салып сөйлесейін!
Ынтықбай қайта жүгіріп кірісімен ауладан екі мотордың от алған гүрілі естілді де, аз кідірістен соң автомобиль қақпадан жылжып шыға берді. Генерал кабинадан жымия қарады маған. Артында отырған Әлмен қол сермеп өткенде мен де қол көтеріп қалдым. Соңынан жаяулап шыққан Досан Әкім де маған жымия қарап, шылапәлі басын сәлем алғандай изеп қалып, мекемесіне қарай бүрсеңдей жөнелді.
Ынтықбайды үйден шәй ішуге көндіріп ерте қайттым. Одан алдымен сұрағаныма қайтқан жауап қатты тиіп жүрегімді солқ еткізді. Өксіп қалдым да, базары қайнап тұрған төрт көшеге келіп қалғандығымыздан тиыла қойдым: Қабен 44-ші жылдың соңында кірген сол түрмеде өлтіріліпті...
- Нұрияның үй іші... шешесі аман ба?
- Былтырғы осы уақытқа дейін аман еді. Одан бері өзіміз қарбалас болып, Оспаншылармен аңдысуға түсіп, сұрастыра алмай қалдық.... Біз осылай шегінуден бір күн ғана бұрын ол ауылдарға Оспанның бір топ күші келіп түскенін естідік.
- Нұрияш... Нұрияш! - деп күбірледім мен. Үнім дірілдей шықты. «Нұрияштан дерек бар ма» деп сұрай жаздадым да, Үрімжіде өлтірілген жайын Ынтықбайға бұрын өзім айтқандығымнан ұялып, осылай ғана күбірлеп едім, көзінің қиығымен ғана қарап қойып күрсінді ол:
- Шіркін сенің жүрегің-ай, қия алмай әліге дейін қиналады екенсің-ау! Басыңа түскен қыс та содан болғанын енді түсіндім.
- Иә, дәл солай, өзімді өзім әрең басқарған болып келемін. Сорлы шешесін мен де өз баласы екендігіме сендірмей бұл қиналыс тоқтар емес.
- Кім білсін, ол ауыл өз жұртынан енді табыла қояр ма екен? - деп күрсінді Ынтықбай, - Оспанның жеңіліп қашса да халықты зорлап айдай жөнелуі мүмкін. Алтай халқына бір зор қырғын апаты төнді ғой!?
Ынтықбай Дәлелқанның сол қырғынды болдырмау үшін шегінгенін айқындай әңгімеледі.
Алдыңғы күннің арғы күні сәскеде бандылар Сарсүмбені қоршау үшін күншығыс, солтүстік, оңтүстік, жақтарынан бірдей шеп жайып, андыздап келе жатты. Дәлелқан өз үйінің алдындағы сыпы рашеткасына сүйеніп, Құлжадан келген генерал майор Махаровпен сөйлесіп тұр, кең аула мен алдыңғы көше бойына созыла сап түзеп, лықсып тұрған атты әскердің арт жағы бұйрық күтіп, тықырши даурығысады. Жорық жамылғысымен атқа қонуға дайын тұрған екі генерал асығар емес, үндері баяу болса да салмақты айтысып тұрған райлары бар. Бас қолбасшылық штаптың штап бастығы ақ бас Мажаров жаудың алдын тосып тойтаруды қуаттайды, бұйрық түсіруді талап етеді. Дәлелқан оңай шығынмен тойтарылмайтындығын айтып, шегіне тұруды айтады.
- Сіз қорықсаңыз кете беріңіз, мен соғысамын. Іле мен Тарбағатайдан күш топталып келгенше бөгей тұруға мұндағы армияның күші жетеді, - деген Мажаровқа Дәлелқан мысқылды шыраймен жымия қарады:
- Тосатын алды да, қуатын арты да жоқ жау бұл, қазірше Сарсүмбені ғана бермей қан төксеңіз, аймақтың ең артқы тілі - Жеменей мен Қабадан да жау келіп басады. Алтай халқының мінезімен ойнай көрмеңіз, зор қырғын болады!
- Қазір жаудың оншалық көбейе қоюы мүмкін емес, мұндай күшіміз тұрғанда Алтайды өздігімізден босатып бере алмаймыз, бізде алдымен, жауынгерлік намыс болуға керек, - деп түйілген Мажаровқа Дәлелқан түйіле қарап, ірі дауыспен орысша сөйлеп кетті:
- Сіз дәл қазір соғыссаңыз, нағыз жаумен емес, өз халқыңызбен соғысасыз, одан үлкен намыс жоқ, кіммен, қанша «жаумен» соғысқалы тұрғаныңызды қазір анау шоқыдан көрсетемін. Сабыр етіңіз, - дей сала арт жағында тұрған штап бастығына жазба нұсқау ұстатты. Әр бөлімнен міндет қабылдауға келіп, алдында тұрған дәрежелі офицерлерге екі-ақ ауыз сөз сөйледі: «барлық бөлім-бөлімшелер қолбасшылық штаптың орналастыруы мен бұйрығына толық бағынсын, бассыз әрекет болмасын! Бір аптада негізгі жау Шіңгілге дейін адаланатындығына сеніңіздер!»
Офицерлерден бастап барлық жауынгер «уралап» ду көтерді. Штап бастығы алға шығып, қорғанысты орындарға шегіне тұру бұйрығын жариялауға ыңғайланғанда Дәлелқан Мажаровты ертіп артқы аулаға өтті. Өңшең жарау сайгүліктер ерттеліп дайын тұрыпты.
Генералдармен бірге шегінуге дайындалғандар қорғаушылары болып екі жүз шақты адам екен. Көбі Оспан кезігетін адамдар, олар қос-қос атпен қолбасшы соңына еріп қаланың күншығысына қарай тарта жөнелді, екі генерал «жаңжүн қызыл» деп аталатын шоқыға атпен өрлеп барып, қатар тұра қалды. Дәлелқан дүрбімен жан-жағын шола қарады да, дүрбісін Мажаровқа ұсынды. «І...һ...і» деді Мажаров алғаш қарағанында-ақ. Осы ыңылдауын үш жағына қарап үш рет қайталады. Көз жетім жерге дейін қара нөпір қалың қол, аттарына жалпая отырған өңшең шошақ тымақты қазақ. Одан арғысы қатар-қатар будақтаған түтін, Дәлелқанның пікіріне сонда ғана мойындаған Мажаров басын изеп-изеп қалды.
Екі генерал күбірлесе шоқыдан түсіп, Қыран өзенінің бір көпірінен өтті де, батыс-оңтүстіктегі Бұйрат тауға бет түзеп жорта жөнелді. Бұл жаққа жау өте қоймаған, ешқандай қараң көрінбеп еді. Жазықтағы бір қырманның тұсынан өте бергенде тарс-тұрс мылтық атылып, сол жақтағы генерал қорғаушысының жетектегі аты оққа ұшты. Қырмандағы сабан далдасынан атылыпты. Құрал кезене қалған бірнеше қорғаушыға «атпаңдар» деп дабыстаған генералдың төбесінен бір оқ зулап өте шықты лезде. «Бір автоматпен ғана бізде де құрал барын білдіре салыңдар» деп жүре берді...
Генерал оқ атылған жықпыл-жыралардан осы үн, осы бұйрықпен өтіп, Ертіс жағасына жетті, Ертістің бұл тұсы кешу берместей, молығып алған екен. Құлдай шапқылап, Буыршындағы пароммен өтіпті...
- Мажаров Құлжаға бүгін жетіп қалар, түнде осында келе сала жеңіл машинамен жөнелген! -деді Ынтықбай үйге кіргенін сезбей сөйлеп келіп. Ауыз үйде тұрған шешеме жалт қарады да, селк ете түсті. Өзі де күліп жіберді. - Амансыз ба, апа?...
Өзім қауіптенген сұрауды ішкі үйге кіріп жайланып отырған соң тастадым:
- Жә, бұл жақтан әскер жеткенше Алтай қалай болар деп ойлайсың?
- Алтай жерін көшіріп әкете қоймас, - деп Ынтықбай бұрынғысынша сүзе қарап күлімсіреді, - және ошаңның... (сол оңбағанды «ошаң» деп құрметтеп дағдыланған аузыма ұрарма еді!). Оспанның «қарсыласпағанға тиісіп, қарсыласқанды аяма» дейтін ұраны бар. Өзі бар жерде бұл ұран орындалып жүретін. Сонысын білетін генерал да «тентектігі» жоқ туысқандары мен «аруақты», «қарашаңырақ» аталатын үлкен семьясын қалдырып жүре берді. Хауыпты көрінгендерін, әзер болса, біраз күн қамай тұрар. Ол қамауы да мырза түрме болатындығына іргелі ру - қалың Жантекей кепіл. Алтайдың жергілікті әскери бөлімдері ғой Совет шекарасына өтсе де бас сауғалай тұрады. Ең қатерде қалғаны - Іледен келген Нүсіпқан полкы, ол мықты полк еді, бірақ, тым бытырап, әр аудан районға орналасқан және Оспаншылар оған азуын баса қарайтын. Осы полк зор шығынға ұшырап жүрер ме екен деймін?
- Гоминдаңның қалың армиясы Оспанның соңынан келіп, Алтайды бекітіп ала қоймай ма?
- Ол жақтың жол қатынасы өте қиын, біз жеткенше шөлден өтіп үлгіре алмайды...
Шайға әрең қанған Ынтықбай қызметіне асыға қайтты. Екі сағаттан соң барып әскери киім алуымды күбірлей шықты, Әлмен тапсырып кеткен екен.
Бір тәулік ішінде екі ұлын соғысқа аттандырғалы отырған ана жүрегі әлем-тапырық еді. Соны тыныштандыру үшін бар жеңілдік пен мықтылықты құдай бергендей өзімізге ғана орната бердім. Сарт-сұрт басып Биғаділ жетті. Қобыққа Орқашардың төте жолымен жаяу асу үшін баталион бүгін түн қайтпақ екенін айтқанда шешемнің көзі қайта бадырайды.
- Апатай, бадыраймай-ақ қой, - деп күлді кеуделі Биғаділ, - борбайымыз шидей кезінде-ақ сенің білезігіңді іздеп, күндіз-түні тау кезгенімізді ұмыттың ба, не көрмеп едік? Енді міне, балтыр дегенің жатқан бесігімнен де жуан. Құлжаның көн етігіне симай, қонышын жырып бара жатқан балтырға уайымдай ма екен?! Орқашардың «құйрық» жағындағы анау «кетікке» жетіп барамыз да аттап түсіп Оспанның алқымынан ала қоямыз!
Бұл «алқымдау» шешемізді алаңдата түсетін еді, жауды жағаластырмауға мен күшедім:
- Жаяу сендер жетіп алқымдағанша, машинамен зымыратқан зеңбірек-пулиметты қалың қол алдына салып қуа жөнелмей ме?... Сендердің Қобықты күзеткен болып, қой сорпасына тойып қана жататындықтарыңды естідім, Оспанның алқымынан сен дәмеленбей-ақ қой. Одан «комиссар» менің де дәмем жоқ, маған мына Қостоғайды күзеттірмек.
- Е, сен де баратын болдың ба?! -деп маған түйіле қарады Биғаділ. Әкемізге тартып, жуан қара болып өскен ол менен әлде қайда үлкен сияқты көрінетін болған, түксие түсті.
- Сенен арырақ барайын десем, Қостолағайдың айраны жібермей қоймады ма?... Жазық далаға құрылған пулиметтың алдына Оспан келмейтіндігіне ғана ренжіп отырмын.
- Мен әскерлікке сен үшін кіріп, үйден алаңсыз кетейін десем...
- Үй алаңсыз болады, айлық еңбекақымды беріп тұрады. Оспан молданың аузын халық бөліміне буғызып қоямын да, Қостолағайға барып, «демалып» қайтамын...
Түстен кейін тиісті орындарға барып, сол істерді растығымен орындап келдім. Қазірше иыққа әскери дәреже белгісі қонбаса да, әйтеуір офицерлігімді білдіретін салпыншақты белбеу байланып, маңдайында бес бұрышты қызыл жұлдызы бар фуражканы сәнқой офицерше шекеме қондыра қойдым (бұл шақта жырық қалпақ ұлттық армияның әдеттегі жауынгерлеріне ғана тән болып қалған).
Жүз елу километр шамасындағы таулы жолға жаяу түсетіндігі үшін, бүгін шешесінің ерекше аялауында отырған әдеттегі әскер Биғаділ маған тыжырына қарады:
- Қарашы апа, мына мылқауыңа, менің ең жек көретін взводтарыма* ұқсай қалыпты... қалпақтарыңды қанша қырлап шекірейгендеріңмен бізсіз шегіртке де соға алмайсыңдар кербездерім!
Өзінің ең жақсы көретін ағасына Биғаділдің лезде мұншалық жауыға қалуына шешемізден бастап бәріміз күліп едік. Себебін содан екі-үш сағат өткен соң түсіндім.
Айтқанына көнбей әскери аттанысқа келе қалуыма наразылық білдіре жеткен Өмірбек мені үйіне қонаққа шақырды: «Алтайдан келген Ынтықбай сүзегеніңді ерте бар. Сабақтас уақытымда атысарға оғымыз жоқ жау едік. Кейін сен жанқияр дос болып кеткеніңді айттың ғой. Ондай өзгерісіне мен де жанқияр дос екендігімді көрсетейін» деді.
Күн бата Ынтықбайды ерте жеттім. Күтушіден жамағайын жеңгесінен басқа мен үшін көрнеу жақын жүретін Әлия ғана бар екен. Үлкен құпиялыққа түскен Меһірді бүгін «базарға салмағанын» жөн көрдім. Бақай мен бізден басқа әлдеқайдан келген капитан, поручик дәрежелі екі-үш қазақ офицер отырыпты. Өмірбек өзінің әскерде достасқан азаматтары екенін айтып, аттарымен таныстырды. Ілелік жігіттер екен. Ертең бізбен бірге жүретін екі рота барын Ынтықбай айтып еді, офицерлері осылар екенін түсіндім.
Үсен аталған отыз жас шамасындағы семізше күрең қызыл капитан өз ротасының «беті қайтып көрмеген, аса қыран рота» екенін айтып, шірене түсті. «Нылқыдағы төңкерістен кейін өзім құрап, өзім бастап шығып едім. Содан Шихуға дейін гоминдаң шеріктерінің қаншасын қырғанымызды бір құдай өзі біледі, ақыры санын алудан да зеріктік қой» деп, бір қолын сермей шалқалады. Соның ішінде өзінің ерен қыран екенін байқататын әңгімелер де ағытыла берді.
Жалғастыра қойылған екі үстелдің терезе жағында менімен қатар жайғасқан поручик оған жымия күліп қойып отыр еді. Шәй үстінде қуырдақ келіп, төменгі жақтан екі бөтелке мөлдіреп «отыра» қалғанда, Үсеннің сол әңгімесі үдей түсті. Айналдырып келіп айтпағы рота жауынгерлерінің қырандығы емес, түгелімен өз «қырандығы» екені бір шайқаста жау пулиметынан ротасы тұра қашқанын айтқанда сезілді, өзі ақырып тоқтатып, алдыға түсе «ұмтылыпты», гранатты тастап-тастап жіберіп, пулиметын жойыпты да, «жаудың быт-шытын» шығарыпты.
Бұл «батырлығы» айтылғанда төрде онымен қатар отырған Ынтықбай күржие қарап қойды да, тағы күлген поручикке бір жағында отырған салмақты сары капитан көзін қыса жымиды. Жерлес серіктерінің бұл ишаралы күлкісінен Үсеннің мақтаншақ біреу екені байқалып еді.
Бақай тостағандарға арақ құйып, алды-алдыларына қоя келіп күбірледі маған:
- Арақ ішпей батырлық көпірген емес, мынауың енді іше келе тарихтың тас-талқанын шығарады, көріп отыр!
- Сабақтас, қызметтес достар! - деп тост көтеру сөзіне Өмірбек түрегелді, - шеше жолаушылап кеткен, үйімде қазір өзімнен басқа ешкім жоқтығынан дайындығым жөнсал болса да, ертең жүретіндіктеріңді естіп, дәм татқызып қалуға шақырып отырмын. Осы тостағанды амандықтарың үшін, жауды жеңіп, үстемдікпен қайтуларың үшін көтерелік!
Бірінші тосты көтерісіп тастағанымызда Үсен батыр тыным тапқан сияқты, қуырдақты тыныштықпен асап, шәйді үнсіз ұрттап еді, онысы тасқынды көңілінің екінші күшті толқынын көтеру алдындағы тыныштық екен: Шәй құя кірген Әлияға тұна қарап, жалтырата майлаған қара шашын сылай түсті. Әлия менің әскери киім киуіме көңілсізденіп, мөлдіреген дымды көзін көбірек тоқтатып қойып жүр еді.
- Конвой* Мұрат! - деп дабыстады Үсен. Ауыз үйде тамақтанып отырған екі жауынгердің бірі сарт-сұрт басып кіре чес берді:
- Келдім, тақсыр капитан, конвой Мұрат!
- Сұңқар қайда?
- Сұңқарды штап начальникке тапсырып шыққансыз тақсыр, капитан!
- Дереу ертіп кел, жоғалады!
- Құп, тақсыр капитан, Сұңқарды ертіп келуге!
Әсілінде Бақай болғысы келмейтін Бақай «қожа» мен «құлға» кезек қарап, көзі жарқ-жұрқ ете түсіп еді:
- «Тақсырың» не, төңкеріс жауынгері! - дегенше конвой ғайып болды. Ынтықбай мен Өмірбек маған қарап жымыңдасты. «Сұңқар» дегені ақ шұнақ қаншық ит екенін поручик маған сыбырлай айтып күлді. Қызынып ширай түскен Бақайды қасындағы Өмірбек жанбастан шымшып тоқтатты да, тостағанын көтеріп тағы түрегелді:
- Жолдастар, тоғышар «тақсыр» аталмай, төңкерістік «жолдас» аталуымыз жолымыздың болуы үшін қолайлы шығар, сендердің жолдарыңа тілейтін ақ тілеуімнің бірі осы...
- Тоқтай тұр! - деп бір қолын жая көтерді Үсен, - әйелдер теңдігін ұмытқансыңдар ма? Әлде бұрыннан осылайсыңдар ма?... мешеуліктен қашан құтылар екенсіңдер! Кел сұлу бикеш мұнда, батыр ағаларыңның ортасынан орын ал!
Тұла бойымен сықылық қаққан Әлия жайнаңдай қарап, бүгін күтушілік міндеті барын айтты да, шәй құя берді.
- Біздің Тарбағатай ол жөнінен расында да мешеу, - деп көзін сығырайта жымиды Өмірбек, - қыз-келіншектеріміз де феодализм шырмауындағы бір оңбаған жұртшылық. Сіздің төңкерісшіл қыз-келіншектерше қайын аға, қайын аталарынан темекі сұрап та тарта алмайтынын қайтерсіз? Алдымен осы қызды бір жөнге салыңызшы!
Қарқылдай күлген Бақай мен Ынтықбайға ілесе ілелік екі офицер күліп еді, оларға көз қиығымен бір-бір қарап қойған Үсен орнынан ширай түрегеліп Әлияны араққа қолқалаумен болды, «мешеуліктен құтылуды» оған да айтып жатты.
- Соқтың, соқтың! - деді салмақты сарысы Өмірбекке қарап, - жеңілгенін мойындау да батырлық, кел жігіттер, үй иесінің осы жеңісі үшін бір көтерелік!
Тостағанын бізден бұрынырақ көтеріп жіберген Өмірбек Әлияға ымдап ауыз үйге шықты. Үсеннің зорлауымен қатарына - креуетке отыра кеткен Әлия оның күбіріне сылқылдап күле қарады маған, «көрдің бе» дегендей ойнақылана қарады. «Көрдің бесінің» ар жағында шалқақтамауыма ескерту де бар сияқты. Үсенге күбірлей бір жауап айта салып, сытылып шыға жөнеліп еді, бұл сөзінің: «біздің ішетін арағымыз басқа, содан ішейін» дегені екенін артынан түсіндім: бір рюмкаға қызыл күрең шәй құйып алып кірген Әлияның соңынан «қызыл арақ» екенін растағандай вино бөтелкесін алып Өмірбек кірді.
- Ал, ағай, сіздің жеңіспен аман-есен қайтуыңыз үшін көтерейік! - деп рюмкасын Әлия соғыстырғанда:
- Қайта оралғанымызда сіздің аман-есен, шын ниетпен күтіп алуыңыз үшін! - деп Үсен соғыстырып қағып салды да, қыздың білегінен ұстай алды, - сұлулардың әрқашан батыр үшін жаралғандығын білетін шығарсыз, кел, отыр мұнда!
- Кешіріңіз, ағай, мен жұмыста жүрмін, шәй құяйын! - деген Әлия лып етіп барып шәугімін ұстрай алды. Өмірбек бір тік сөз бастардағы әдетінше соза күрсініп, қонақтарына қарады енді:
- Жә..., жаңағы бір сәтте тағы бір тост көтеретін сөзімді бастай бергенімде, «тақсыр капитан» Үсен бұйрықпен тоқтатып еді. Жаман үйдің қонағы билейді, енді сабыр ете тұрсын! Қазір менің айта кетерлік бір қуанышым, бір аянышым бар. Қуанышым - 44-ші жыл басынан бері көріспеген сабақтасым Ынтықбайдың үйімнен дәм татып отыруы. Сол айрылысқаннан бері нағыз батырлық өмір бастап, үздіксіз өрлеп келе жатқанын естідім. Қане, осы достың ұзақ жасауы үшін, табыстан-табысқа жете беруі үшін алып жіберелік!
Бөтелкедегі шәйынан құйып алған Әлия да қағыстырып жіберіп, менің қасыма орындық әкеліп отырып, жасыра күрсінді. Маған қарап жалтақтай түсіп, «арақ емес, шәй іштім» деп күбірледі сонан соң. Төрдің арғы шетінде отырған Үсен бадырая бір қарап қойды қызға.
- Сұңқар келді тақсыр, капитан! - деп сақ ете түсті осы кезде конвой кіріп. «Дереу» деген бұйрықпен тым тез жүрген сияқты, самай тері бұршақтап, алқынып тұр. Капитан да сақ ете түсіп бұйырды:
- Тамақтандырылсын!
- Құп, тақсыр капитан, сұңқарды тамақтандыруға!
Бұйрықшының өзі мен менен басқа дастарқандастар ду күлді. Өзі командирлік бұйрығының ресмилігін бұзбау үшін күлмеген шығар, мен «Биғаділім де осылай қорланған-ау» деген ашынышпен күлмедім. Бағана, үйде офицерлік қалпақты шекеме қондыра қойғанымда, осындай әулекілерді елестетіп, жат көре қалған екен ғой мені.
- Енді аянышымды айтайын, - деді Өмірбек, толтыра құйылған тостағанын тағы да қолына алып түрегелді, - жан құрал асынып, жарқырауық пагон тағынғандардан да батырырақ бір сабақтасым отыр осында. Туған еліне адалдығымен, жанқиярлығымен гоминдаңның қаһарлы апанына екі рет кіріп шайқасқан қандыкөйлек қыран, көрешегін толық көріп, жүрегі қанға, шашы аққа толып қайтып еді. Енді сендермен бірге үшінші рет аттанғалы отыр, - деп бір кідіргенде Әлияның бұға түсіп күрсінгені естілді, - көз ашқалы көргені азап, қауіп пен қатер, кедергі мен кесір еді. Осы өткен бір жыл бойына бірер күн еркін дем алмай миқынаттанып гүлдендірген қызметін де тастап аттанғалы отыр. Кел достар, осы аса аянышты достың аман қайтуы үшін осы рюмканы сарқа көтрелік!
Шалқалап такаппарлана отырған Үсеннен басқасы түгел шапалақ соқты. Ауыр Ынтықбай ыршып тұрып, қолымды алды:
- Титтей де артығы жоқ ақиқат сөз болды!
- Еркек тоқты қошақан болдым деп енесін қомсынбай, ел құрбандығына жараса, «азамат» аталар еді, «батыр» аталу оңай ма? -деп күлдім мен, - асыра бағалап қойғандықтарыңа борыштымын, достар!
Бақай ұмтылып келіп бетімнен шөп еткізді де, рюмкасын қағыстырып жіберіп қағып салды. Қолымдағы рюмканы жақындаған бар рюмкаға тиістіріп, көтере беріп едім, шәйді толтыра құйған рюмкасын Әлия да созып, сақ еткізіп, менің ішуімді мұңая бағдарлай тұрып сімірді. Шәйін аштысынғандай тыжырынып қалды сонан соң. Өтірікшілікті аса шебер келістіргеніне қарап қалыппын.
- Мына сөз неткен кесек? -деді салмақты сары капитан иегімен мені нұсқай Үсенге қарап. Жауабын ортадағы Ынтықбай қайырды:
- Өзі одан да кесек азамат.
Үсен қуырдақтан асап-асап жіберіп, шайнаңдай сөйледі:
- Біріңді бірің мақтап алу қисынын ойлап отырып, ата жолын да ұмытып қалдыңдар-ау сендер, жаудан есе-теңдік әперген еңселі ағаларыңа арнап айтатын алғыстарың қайда? - деп алып, аузындағысын жұта қарады жан-жағына. Дастарқандастарының сөлекет шыққан сөзге таңырқап, жым-жырт қарай қалғанын өзінің ұлы сөз айтып ұялтқандығына балағандай, үстем мереймен солқылдап күле түрегелді орнынан. Рюмкасын көтере шіреніп, тост сөз сөйлейтіндігін білдірді, - керек жоқ, керек жоқ, «білмегенді кешірмесең білгендігің қайсы» деген! - деп кідірді де, - конвой Мұрат! - деп шақырды тағы да.
- Келді тақсыр, конвой Мұрат!
- Күлкіні қойып, есікке жақсы қарауларыңды бұйырамын, ұқтың ба?
- Құп, тақсыр капитан, жақсы қарауға!
- Рюмкаларыңды көтере тұрып тыңдауларыңды өтінемін! -деп бізге енді қарады Үсен. Рюмкаларымызды жымия көтерісіп түрегелдік, - бұл аймақты мына біз азат еткенбіз. Енді Алтайды азат етуге аттандық. Бір-біріңді батырлықпен сыйлауға орай тудырып беріп отырған қаһарман ілеліктердің даңқы арта беруі үшін, қытайға сатылған Керейлерді ада-күде жойып қайту үшін осы рюмканы ада-күде жұтып қояйық!
- «Тарихтың тас-талқанын шығарар» демеп пе едім? - деп Бақай күбір ете түсті де, рюмкасын дастарқанға қоя салды. Серіктері сөйлеушінің алғашқы сөзінен-ақ ұялғандай жымия күлісіп, рюмкаларын төмендете беріп еді, Ынтықбай үстел шетіне қоя жымиды. Өмірбектікі де «отыра» кеткен. Мен рюмкамды «тақсырдың» көзіне көрсете созып апарып, дастарқанның дәл ортасына қоя қойдым.
- Неге бұлай қоясыз?! -деп Үсен түйіле қарады маған, - алдымен саған бұйырамын, алыңыз ақ басым!
- Дастарқандастарына ортақтығы жоқ, зорлық мүйізі бар сөз рюмканы көтертпек түгіл еденге ұрғызар еді. Осы сөзді сөйлеуді маған да бұйырсаңыз алайын.
- Бұйырды... «тақсыр капитанның» өзі бұйырды! - деп Өмірбек пен Бақай қатар дауыстады, - сенің сөйлеуіңді бұйырды!
- Бұйырса толығымен орындадым!... Шың Шысай мен гоминдаңға қарсы он жылға созылған төңкерістік қозғалыстың жеңіс жемісі бүкіл Шынжаң халқына осы дастарқандағыдай ортақ. Төтенше еңбек сіңірген Алтай халқы мен Іле халқының даңқы арта беруі үшін... Азғырындыға ұшырағандарының туысқандарымен ап-аман табысуы үшін... жеке батырлықтың жер болуы үшін.. көтерелік достар, осы тосты!
Дастарқандастар ду көтеріліп, рюмкаларын шақ-шұқ қағыстырғанда кеселді капитан кекжиіп отырып қалды, онымен де қағыстыру үшін рюмкамды соза бердім алдына. Орындығына шалқалап алған капитан дөңес мұрнын тыжыра, үстемси сұрады:
- Қай дәрежеңіз үшін мақұлдық етсем болар екен?
- Тым болмағанда фелдфебел* шығармын. Бәріміз бір қолбасшылықтың жауынгерлеріміз ғой әйтеуір, жауынгер деген шын адам деген сөз емес пе, сол атқа толық ие болуымыз үшін ішелік!
- Мұндай сөз тез көнгенді ғана жеңіл құтқарады! - деп салмақты сары капитан сақылдай күлді де, Ынтықбай күлімсіреп қана қуаттады:
- Иә, жеңілірек түсу үшін жөн шығар кісім, ішіп жіберіңіз!
- Мен қыңырларды қылышпен түзетіп, бандыларды тып-типыл ету үшін ішемін! - деп тістене сақылдаған Үсен рюмкасын менің рюмкаммен «сүйісіп» қалудан сақтағандай, тез жұлып әкетіп аузына кептей қойды. Мен де салық еткізіп көмекейіме құя салдым.
Сақылдаған күлкі, шабытты қалжыңдар енді үдей түсіп еді, салмақты сары Ынтықбаймен күбірлесті де, «ертең жүретін болғандықтан ертерек қайтуды» айтып, үй иесіне рахымет білдіре түрегелді. «Тақсыр капитанның» қасқыр мінезін көрсетпей ертіп әкеткісі келгенін сездіре бас изеп, қолтықтай шықты онысын.
Түнде шәуешектен телефон күтетінін айтып, қонбай қоштасқан Ынтықбай былай шыға бере мені оңашалап кідірді:
- Сенің осы түн кірпік ілмей қоштасарлық біреуің барын сездім, - деді қолымды қатты қыса күлімсіреп, - Нұрия қайтып келмейтін болған соң... осының жөн... екеуміздің бұл жорықта қандай міндет көтеретіндігімізді білдің бе?
- Білмеймін, бірақ Үсеннің жаңағы тост сөзіне қарағанда, аса қатерлі міндет көтеруге тиісті екенімізді түсініп сөйледім.
- Бәсе, дәп бастың. Әлмен майор аса қырағы азамат қой шіркін, бағана Шәуешекке жүрерде сені генералға жақсылап таныстырып отырған үстіне бардым. Екеуміздің осы роталармен бірге жүретініміз сонда айтылды. Міндет нұсқауы біз жүргенше келетін болған.
- Онда осы сияқты «тақсыр капитандарға» саяси көмекші болғанымыз ғой, қарсыңнан көзейтін жаудан артыңнан көзейтін жау қиын болар-ақ!
- Көлеңкеде отырып, Іледегі төңкеріс жеңісінің буына пысқан осындай кеуделер де бар көрінеді. Мұндайлар гоминдаңға қалай кезенсе, Алтайдағы халыққа да солай кезенетінін генералдың өзі де байқаған сияқты, жаппай қырғындауға қарсы шара белгілеп берер. Бірақ, нақ мына Үсендермен қалай байланыс жасау қатерсіз болатынын біздің де мықтап ойластыруымыз жөн екен. Ал, таңертең кездесерміз.
Өмірбек пен Бақай дастарқандарын енді үлкен үйіне жайыпты. Кіші үйдегі әлгі қонақ үстеліне қайта келіп отыра кеттім. Жарты бөтелке арақ пен бір тәлеңке ет, екі кесе, екі рюмка тұр. Қарсы үйден Әлия шығып, екі есікті де жаба кірді. Маған мұңая қарап келді қасыма. Қолынан тартып жандастыра отырғыздым.
- Тағы кететін болдыңыз ба енді?! - деп өзі жақ иығыма қолын асты да, кеудеме басын сүйей өксіді. Қолымның «тәртіпсіздігіне» біржолата кешірім жариялағандай.
- Иә, баратын болдым. Қандай пікірің бар? Жыламашы!
- Енді недеймін, жолыңыз болсын! - деп басын көтерді. Түзеліп отырды да, кастюмының жан қалтасынан қол орамал алып, көзін сүртті, - бірақ,... бастықтың бәріне ашық қарсы шыға сөйлейтін әдетіңіз бар ұқсайды!
Бұл сөзінен тіксіне қалдым.
- Бастық біткенге бас ұра беру қажет пе еді?!
- Бас ұра бер демеймін ғой, - деп құйқылжи күлді Әлия, - бас та ұрмай, қарсы да шықпай қоя салуға болады ғой, жақтырмағаныңызға қарсы шыға беріп қалай өспексіз?
- Дұрысты - дұрыс, қатені - қате деме демекшімісіз? Өсу, жоғарылау жолы солай дегеніңіз бе?
- Солай болмағанда... мен көріп жүрген бастықтардың бәрі солай өскен. Қате десеңіз кешіріңіз. Бірақ жаңағы өзі ыза болып отырған капитанға айтқан сөзіңізден қатты шошыдым. Әсіресе соғыс уақытында мұндай мінез өте қатерлі ғой.
Негізі бүкілдей қате түсінік болса да, соңғы сөзінен шындық жылтраған соң Әлияны қайта құшақтап өзіме тарттым. «Жас өсіп, жарлы байымай ма, қате түсінік түзелмей ме, тіршілік буыны қатқанша өспей ме?...»
Әлия тағы да жыпылықтатып, жітірмелете сөйледі:
- Біреудің пікіріне қарсы ашық сөйлеуді қиын жек көремін. Қарсы болсаңыз да ішіңізге сақтап қойып, артынан көрмеймісіз... өшіңіз болса орайы келгенде қайтпай ма?
«Жоқ, мынау - буыны қатқан кексе пікір, Арысбектей кәрі түлкінің пікірі. Қалай жұқты екен есіл сұлуға!» -деген оймен «аямай» қыса түстім.... Ол иегімнен енді сүйе бастап еді, ішкі үйдің есігі қағылды. Құшағымнан серпіліп босап, түзеле қалды Әлия.
- Әлі «ұйықтамай» отырғандарың қалай? -деп жымыңдай кірді Өмірбек. Жатуға дайындалып болып кірген екен. Шкаптан бір стакан әкелді де үстелдегі бөтелкеден үш стаканға құйды. - Кел, ішелік, келісіп қалған екенсіңдер, құттықтаймын! - деп көтерді. Қыз ішпейтіндігін айтып, азар да безер болған соң екі стаканды екі қолыма ұстай түрегелдім. Әлі де аяғыштықпен жетіліңкіремей отырған ұжданымды арақпен қайрай түскім келіп еді. Стаканның біреуін Әлия ұстай алды да, екеуміздікіне шақ-шұқ қағыстырып жіберіп, қағып салды...
- Ал, «ұйықтаңдар» енді! - деп қызға көлеңкелі жақ көзін маған қаратып қысып қалған Өмірбек кереуеттегі адиялды жұлып тастап, бас жаққа жастық қоя сала жөнелді. Үйіне қайтуды айтып, апарып салуымды өтініп отырған бойжеткен, кастюмын жауып күтпей-ақ шешіп, орындық арқалығына кигізе қойды. «Әлгіндей отырайықшы, қорқамын» деді сонан соң.
- Өзің айтқандай, «қарсы пікірді бұлай ашық қоюдың» керегі не! Қорқуды да «ішке сақтап қойып», жазасын «орайы келгенде» берерміз! -дедім мен.
Әділетті тергеушім, қарсы пікірлі адамға ашық қарсы сөйлеуді жек көріп, жасырын илеуді сүйетін сол сұлуға қолданған сондағы жазамды жақтырып-ақ қалған шығарсыз. «Шыныңды» сөйле деп шыжымдап отырған қазіргі сізге сол кездің өзінде-ақ соқтандай жағымды іс істеппін ғой. Шынын сөйлеймін деп бұл тарауда сізді қылмыстан ашықтырып алғанымның өзі де зор қылмыс емес пе?
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* Взвод (пай) командирін жай әскерлер осылай атайтын.
* Конвой (орысша) - атқосшы, күзетші, қарауылшы.
* Фелдфебел (орысша) - әскери дәрежелерінің ең төмені.