Геройханның бастамасы: қазаққа қызмет ету
«Мен текті ұлттың ұлымын!»
Атилла
27 мамыр күні қазақ азаматы Геройхан Қыстаубаев ел ақсақалдарын, партия мен қоғам қайраткерлерін, баспасөз өкілдерін, жалпы, ұзын-саны алпыстан ұлт жанашырларының басын қосып, өзінің қазақ ұлтын сақтап қалудың жолдары жайлы ойын ортаға салды. Осы тақырыпқа баяндама жасаған ол бүгінгі қазақтың ұсақталып, майдаланып, тіпті азғындауға ұшырап бара жатқаны туралы соның ішінде ол былай деді:
«Мен текті ұлттың ұлымын!»
Атилла
27 мамыр күні қазақ азаматы Геройхан Қыстаубаев ел ақсақалдарын, партия мен қоғам қайраткерлерін, баспасөз өкілдерін, жалпы, ұзын-саны алпыстан ұлт жанашырларының басын қосып, өзінің қазақ ұлтын сақтап қалудың жолдары жайлы ойын ортаға салды. Осы тақырыпқа баяндама жасаған ол бүгінгі қазақтың ұсақталып, майдаланып, тіпті азғындауға ұшырап бара жатқаны туралы соның ішінде ол былай деді:
- Ардақты ағайын, мен мынадай ойға келдім, біреу бастамаса, малдың өзін суға тоғыту қиын. Бірақ, бастайтын бір белгілі азамат шығатын шығар деп жүргенде күндер, айлар, тіпті жылдар өтті. Ал ұлт жойылуға жетті. Олигархтардан, алпауыт, ірі бизнесмендерден үміт жоқ. Әр адамның ұлты үшін күресті тікелей өзінен, тек өзінен және осы мезеттен бастауы керек екеніне менің көзім әбден жетті. Бұны ұғатын әлемде бір ұлт болса, ол сүйегіне дейін текті біздің қазақ ұлты болуға тиіс деп ойлаймын. Мен сол ұлттың бір перзенті ретінде Талғар ауданындағы «Ақбұлақ» және «Аққайың» шипажайларының ортасындағы саяжайымды сатып, оның бағасы 35 мың доллардан кем болмауы тиіс, ортаға салмақпын. Кәсіпкер де емес, тіпті дүңгіршегі де жоқ менің қолымдағы барым осы. Мұндағы мақсатым өзімнің кереметтігімді көрсету емес, керісінше, жағдайы менен жақсы қалталы азаматтардың бетін өз ұлтына қарай бұру. Әркім өз шамасына қарай демеу жасаса болғаны. Алматы қаласындағы азаматтардың ішінен мен ең болмағанда «Жомарт жанды жүз жігіт» деген топ құрылар деп ойлаймын. Оның әрбір мүшесі ай сайын 5-10 мың теңге жарна төлеп тұрса, қалада 4-5 адамнан құралған шағын топқа офис алып, халық арасында күнделікті нақты іспен айналысуына мүмкіндік туады. Бүгінгі ең қажет, жетіспей жатқан шаруа да осы. Біздің қоғам осындай азаматтардың арқасында ғана өзгеруі мүмкін. Қазақ үшін сенен басқа ешкім күреспейді. Өз ұлтыңды өзің ғана құтқара аласың!
Алғашқы сөз алған ақын ағамыз «айналайын, бауырым, күн көрудің әлегінен бас көтеруге жарамай қалған көпшілікке түрткі болайын, ой салайын, оянуына, басының қосылуына себепкер болайын деп, атыңа сай көп адамның қолынан келмейтін батырлыққа барып отыр екенсің, жерге қарап отырған жайымыз жоқ, біз сенің бастамаңды ең бірінші қолдаушың да, баспасөз бетінде қорғаушың да боламыз, жел жағыңа пана, күн жағыңа сая боламыз, қандай қиындық көрсең қасыңнан табылатын боламыз, өзің секілді шын мәнінде елім деп еңіреген ерлердің қатары көбейе түссін, ертерек алға қойған асқақ арманыңа, мұрат-мақсатыңа жет, айың оңыңнан, жұлдызың солыңнан тусын, Алла-Тағала жар болсын!» деп, жүрегін жарып тастаған отырған нар ұлға ақ батасын берудің орнына «ақшаны қалай жұмсайсындар?» деген сұрақ қойса бола ма? «Ақын - аңғал» деген осы екен ғой. Әйтпесе «пәленшенің өлгені қалып, менің жылағаным қалып па?» дегендей, қаржының жоқтығынан қаншама қоғамдық бірлестіктер істі бастай алмай тастап кетіп жатқан, тастамағандары тұсаулы тұлпардың күйін кешіп отырған бүгінгі таңда барлық мәселе ақшаға келіп тіреліп отырған жоқ па?
Бұдан соң сөйлеген оппозициялық партия басшыларының бірі де: «Абай кеше басын біріктіре алмаған қазақты бүгін де біріктіруге болмайды. Біз ақша жинаудан емес, ұлттық идеядан бастауымыз керек, ал ұлттық идеямыз Жаңаөзен болуға тиіс» деген ой айтты. Жаңаөзен жарылайын деп тұрған көп жараның аузы ашылған біреуі ғана емес пе? Сәл алға озып кетер болсақ, ертесіне осы жолдар авторына «Геройхан екеуіңнің қазақтың басын біріктіргендеріңді көрермін» деген тағы бір саясаткер болды. Пәленбай жыл саясатта, оппозицияда жүрген жандардың қазақтың басы құралатынына сенбесе не үшін жүргендеріне таң қалмасқа шара жоқ. Біз де ешкімге «біріктіре қаламыз!» деп уәде, кепілдік бере алмаймыз. Бірақ осы жолда шамамыз жеткенінше еңбек ететін боламыз. Себебі біз өз ұлтымызға сенеміз. Ал қазақтың басының бірігетініне осы жиынға Еңбекшіқазақ және Ұйғыр ауданынан келіп қатысқан азаматтардың сөздері дәлел. Тек ол үшін осы аудандардағы секілді халықпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеу қажет.
-«Қазақ оянбайды» деп жатыр осында біраз жұрт. Ол ояну үшін басшылардың өздері шын мәнінде адал болуы тиіс. Қоғамдық ұйым құрған адамның ішкі өз есебі өзінде екенін халық көрмей ме? Біздің мүйізі қарағайдай саясаткер ағаларымыз халықтың соңынан ерте алмады. Неге? Себебі, «билік аспанда жүр» дейтін олардың өздері де жоғарыда жүр. Ал, мен қарапайым халықтың қатарындамын. Менің бұл қадамға барғандағы жалғыз ойым - түрткі болу. Біз бүгін жардың басына келдік, шегінетін жер қалмады! Азаматтық қоғам құрамыз деуіміз қазақ ұлтын демократиясы ең жоғары «дамыған» америкалық ұлтқа, қоғамымызды еркегі еркекке, әйелі әйелге үйленетін, нашақорлық пен жезөкшелік заңдастырылған батыстық аты азаматтық, заты азғындық қоғамға алып келері сөзсіз. Бізге керегі сол ма? Жоқ, бізге адамгершілікті, тазалықты, тектілікті ту етіп көтеретін қазақы қоғам керек! Осыны ұғына алсақ, мынау ұлттық идея ретінде жазылып қойылғандай «қазақ - еліміздегі көшбасшы, рухы асқақ ұлт» болуы үшін әрқайсымыз қолымыздағы барымызды аянбай жұмсасақ қана ұлтты да, өзімізді де құтқарып қаламыз, - деді екінші рет сөз алған Геройхан.
Иә, Қазақстан халқы, марқұм Болатхан Тайжан айтқандай қазақ ұлтының айналасында топтасуы тиіс. Ол үшін қазақ ұлты соған сай болуы керек. Бұл жолда К.Маркстің атақты «Коммунистік манифесті» секілді кішкентай кітапшалар шығарып, халыққа тарату керек деген әдемі ұсыныстар айтылды. «Ұлттық идеяның бір түрі - ұлттық тәрбие!» деді профессор Есенқос Сағынайұлы Мәмбеталин ағамыз. «Мен төртінші курстағы студент қыздарыма «ертең күйеулеріңнен бұрын сөйлемеңдер!» деп үйретемін» деді ұстаз. Саяси партия құру қажет деген түйінге келді жиын. Оның мақсаты - «қазақтың мүддесі - қазақстандықтардың мүддесі» деген ұранды қазақтың ұлттық мемлекетін құру болуы тиіс. Бүкіл дамыған әлем сол жолдан өткен болатын. Билеушілерін сандаған ғасырлар бойы сайлау арқылы таққа отырғызып келген (батыстың оған қолы жеткені кеше ғана, соның өзінде бүгін де тең жартысы республикалық монархия) қазақ о бастан жаратылысы демократ халық.
Ұлтымыз өзінің бес мың жылдық тағдырында нағыз шешуші кезеңге бүгін келіп тұр. Бұның қасында он сегізінші ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» да, отызыншы жылғы қазақтың жартысын жалмаған ашаршылық та ойыншық. Өйткені, ол кезде жау көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын, тіпті республика басшысы Голощекин бейнесінде болса да сырттан келген ашық жау еді. Бүгінгі жау ішімізде. Және көп ол.
Біріншіден, біз рушылмыз. Негізі, осы «рушылмыз» дегеніміз мүлдем қате түсінік, себебі, Геродот, Страбон, Сыма Цян, Бан Гу заманынан бері Алтайдағы найман, керей, Арқадағы арғын, қыпшақ. Алатаудағы үйсін, қаңлы, Атыраудағы адай, әлім, қысқасы қазақтың әр руы бұрын өз алдына бір ел, жеке мемлекет болып өмір сүріп үйреніп қалған. Руымызды әлі мемлекетіміздей көреміз. Осыны жұрт «қазақ әлі ру деңгейінен көтеріле алмаған, ұлт болып ұйыса алмаған халық» деп қате түсінеді. Біздің қателігіміз - жеке батырлығымызда, басқа руларға иілгіміз келмейтіндігінде. Нәтижесі - алауыздық. Ең үлкен жауымыз да - осы.
Бұл алауыздық соңғы жиырма жылда өршімесе өшкен жоқ. Себебі, рушылдықтың мемлекетшілдік, қауымшылдық, ұжымшылдық бейнесіндегі жақсы жақтарын қалдырып, жаман жақтарын отқа күйдіріп, суға батырып, олардан осылайша халықтың бойын тазартып отырған билік жоқ. Ол үшін билікті айыптауға да болмайды, өйткені кез келген билік үшін қол астындағы халықтың алауыз болғаны ауадай қажет нәрсе. Біздің билікті де сол деңгейден көтеріле алмай отырғаны үшін ғана кіналауға болады.
Ол аз болғандай бүгінгі таңда, әсіресе тәуелсіздік келгелі жаңа екі жау келіп қосылды. Екінші жауымыз - тілден бөлінушілік. Үшін жауымыз - діни бөлінушілік. Дер кезінде қимылдамаса, аурудың алдын алмаса бұл үш кеселдің біреуінің өзі-ақ ұлтты жарып тастайтын жара. Оған бүкіл адамзат тарихы куә. Бұрынғы да, бүгінгі де. Ал, «бөлінгенді бөрі жейді». Қазақтан айтылмаған сөз қалмаған. Өйткені, қазақтың көрмегені қалмаған. «Ой түбінде асыл сөз, шер толқытса шығады». Басынан өткізгені адам, ұлт қана сол жайлы бір ой саларлық сөз айта алады.
...Баяғыда бір ауылдың ақсақалдары отырып, артымызға қандай ұлағатты сөз қалдырып кетеміз деген ойға келіпті. «Ертең осы уақытқа дейін ойланып, айтатын болайық, айтуға жарамағанымызды мынау ауыл іргесіндегі асау өзенге лақтырып жіберейік, себебі ондай адамның одан ары қарай өмір сүруінің мәнісі жоқ» деп бәтуаласып тарапты. Ертесіне бәрі бір-бір сөзден айтқанда, ішіндегі біреуі ғана «айтар сөз таба алмадым» деген көрінеді. Уәденің аты уәде, және ол бұрынғы ірі қазақ заманы, қарттар әлгіні арқыраған суға лақтырып жібереді. Бір батып, бір шығып бара жатып «құтқарыңдар, айтамын!» деп айқайлапты байғұс шал. Бәрі жабылып құтқарып алып:
-Ал, айта ғой! - демей ме. Сонда:
-Көп қорқытады екен, терең батырады екен! - деген жауап алыпты...
Біз де ұлттан, елден, жерден айрылғымыз келмесе, тірі қалғымыз келсе, өзімізді тарих асау өзенге лақтырып жібермесін десек - лақтырса құтқаратын де ешкім болмайды! - әрқайсымыз Ахмет атамыз айтқандай ірі болуымыз керек. Соған тырысуымыз керек. Соның алғашқы қадамы ретінде Геройханның бастамасына қолдау көрсетейік. Геройханның ісі ерлік ретінде қабылданбай, әрқайсымыз істеуге тиіс іс ретінде қабылданғанда ғана, бұл бастаманы жаппай халық болып қоштап ала жөнелсек қана мақсатымызға жетеміз. Біз ірілігімізді, тірі болуға хақылы екенімізді сонда ғана дәлелдей аламыз. Бақа-шаян, құрт-құмырсқа күйінде өмір кешіп, ертеңгі ұрпағымыз ұлы ұлына, қызы қызына үйленіп отырса, шетінен нашақор, жезөкше болса, бүгінгі біздің өмір сүруіміздің не мағынасы бар? Ондай ұлттың «қазақ» деген асқақ атпен өмір сүруге қандай хақысы бар? Ендеше, бүгін қимылдамасақ ертең бізді судан шығарып алатын да адам қалмайды. «Пендем әрекет етсе, мен берекет беремін» деген Алла-Тағала. Ықылас танытқан азаматтарға мына байланыс телефондарына хабарласуын өтінеміз: 8777-470-54-74, Геройхан Қыстаубаев; 8701-682-56-52, uakzhigit@mail.ru , Өмірзақ Ақжігіт; 8771-456-78-55, Серік Абай.
Дайындаған - Өмірзақ Ақжігіт