Қазақтар, бізбен тұрып, бізбен жаттығасыңдар!
Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін әлеуметтік желідегі көпшілік спорт саласын басқаратын тұлға іздеп кетті. Біреулер Дәулет Тұрлыхановтың, біреулер Серік Сәпиевтің, енді біреулер Ермахан Ибраимовтың атын атап, спорт басшылығының төріне оздырып жатыр. Ал мен "егер аман-есен ортамызда болғанда, спорт саласының екі тізгін бір шылбырын қолына ұстайтын тұлға - Талғат Атабаев болар еді" деймін. Талғат марқұм жүректі, батыл, әрі қара қылды қақ жарған әділ жігіт еді. Түйткілді мәселелердің де түйінін тез тарқатып, тығырықтан жол табатын. Соның бір мысалы Нұрбол Даутбаев жазған мына бір шағын естелікте жақсы көрініс тапқан.
- Иә, Талғат Атабаев туралы бір естелік жазайын. Бұл естелікті мен қазақтың белгілі еркін күрес палуаны Мәлік Нәдірбековтің аузынан естідім.
Бұл оқиға Атланта олимпиадасының алдында болған болуы керек. Сонымен еркін күрестен Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын Сочи қаласының маңында өткізуге сол шаһарға келеді. Ұйымдастырушы жаңадан ғана «аға» («старший брат») деген атағынан айырылып, іштей ұлып жүрген Ресей тарапы екен. Біздің құраманың жігіттері келісілген шаһарға келе салып ұйымдастырушыларға жолығып, тұратын жерін, жаттығу жасайтын орнын білгенде көңілдері құлазып шыға келеді. Себебі берген жайлары орталықтан алыс, жол қатынасы да біраз уақытты алады екен. Ең сорақысы – берген қонақ үйлері өте лас, аннан қашқан, мыннан қашқандар тоқтайтын орын болып шығады.
Әрине, сол кездегі Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мәлік Нәдірбеков Алматыға телефон шалып, спорт шенеуніктерін, министрлікті (ол кезде ресми орталық әлі Арқаға көшпеген кез) мазалап, жағдайды баяндап, дұрыстау орын алып беруді айтып көмек сұрайды.
Ал біздің шөпкетышарлар болса, орыстарға сөзі жүрмейтіндерін айтып ат тондарын ала қашады. Жігіттердің олимпиада алдында көңіл күйлері жабырқап тұрғанына жаны ауырған Мәкең өзінің шәкірті Талғат Атабаевқа хабарласып мән-жайды түсіндіреді .
(Осы тұста Талғат Атабаев әлі күрес федерациясының басшылығына келмеген, жәй қатардағы, әрине беделді қазақ қана еді).
Әңгіменің төркінін тез бағамдаған Талғат: «Алаңдамаңдар, мен Москваға хабарласып жағдайды түсіндіремін. Бір хабарын береді», – деп басу айтады.
Екі сағат өтпей жатып біздің құраманың жігітері амалсыздан орын тепкен жаман қонақүйдің алдына үлкен автобус келіп тоқтап, ішінен бір зор орыс шығып: «Казахи, поехали в лучшую гостиницу города Сочи. Будете жить с нами и тренироваться будете тоже с нами до конца сбора», – дейді.
– Ал сонда бұл мәселені кім шешті? Қалай тез болды? – деп сұрағанымызда әлгі орыстың алыбы:
– Из Алматы какой-то крутой парень звонил прямо Михаилу Мамиашвили и он приказал немедленно решить проблему и доложить. Вот мы и бегаем!» – деген екен.
Ал «Михаил Мамиашвили кім?» дегендерге жауап:
Ол – Ресей ғана емес, әлем күресінде беделді адам. Олимпиаданың, бұрынғы Одақ көлемінің, Еуропаның, Әлемнің чемпионы.
Орыстардың бірде бір палуаны ол кісінің рұқсатынсыз қимылдай алмайды. Тіпті орекеңдердің криминалды құрылымдарының серекелері де бұл кісімен санасады.
Міне, өз заманынан ерте туып, маңдайымызға симай кеткен алып туралы бір мөлтек сыр...
Нұрбол Даутбаев
Abai.kz