Талибан: ОА елдері қандай шара қабылдауда?
«Талибан» лаңкестік ұйымы Ауғанстанды толық жаулап алды. Ел үкіметі билікті содырларға табыстап, өз өкілеттілігін тоқтатты. Нәтижесінде Кабулге тәлібтер кіріп, мемлекеттік ту қозғалыстың туына ауыстырылды. Ауғанстанның президенті Ашраф Гани елден кетті. Қазір ол Оман елінде. Ауғанстандағы жағдай Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан аймақтың басшылары жаңа қатерлерге дайындалу үстінде.
Түркімен, өзбек, тәжік шекаралары Ауғанстанмен шекараласып жатыр. Сондықтан аталмыш мемлекеттер өз әскерлерін күшейтілген режимге келтірді. Әсіресе Өзбекстан тәлібтермен қарым-қатынас арналарын ұйымдастырып жатыр. Ауғанстандағы соғыс Ташкентке бірден өз тигізіп жатыр. Ауғанстаннан босқындар легінің ағылуынан бөлек, тәлібтерден бас сауғалап қашқан үкімет жасақтары Өзбекстанның Термез қаласына әйгілі «Достық» көпірі арқылы өтіп кетті. Соның ішінде әйгілі маршал Дустумның да жасақтары бар. Дустум қазіргі уақытта Ташкентпен құпия деңгейде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Ауғанстан әскерилері Өзбекстанға рұқсатсыз өтіп жатыр. Нақтылап айтсақ 22 ұшақ пен 24 тікұшақ Өзбекстан аумағына кіріп, Термез әуежайына қонған. Онда барлығы 585 ауған сарбаздары болған. Оларға «ел шекарасын заңсыз өтті» деген айып тағылып, тергеу жұмыстары басталды. Ташкент қазіргі уақытта оларды Ауғанстанға қайтару, әскери техниканы Кабулге кері беру туралы ақпараттарды құпия ұстауда.
Ташкент шекарадағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында қорғаныс саласына күш салса, екінші жағынан «Талибанмен» жұмыс жасауда. Талибанмен Ташкент бұған дейін бернеше келіссөз өткізді. Ауғанстандағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, тәлібтермен де байланысын үзген емес.
«Біз жағдайдың осы бағытта дамуы ұлттық келісімге жетуге алып келетініне сенімдіміз және күшті, қабілетті мемлекеттің қалыптасуына жағдай жасалады деп сенеміз.
Өзбекстан жағы Ауғанстанмен дәстүрлі достық және тату көршілік қарым-қатынасты сақтауға және көрші елдің ішкі ісіне араласпау қағидаттарына берік екенін мәлімдейді», - дейді Өзбекстан билігі.
Ташкент тәлібтермен байланысы жайлы да айтты.
«Өзбекстан жағы шекараны қорғауды қамтамасыз ету және шекаралық аймақта тыныштықты сақтау мәселелері бойынша Талибан қозғалысының өкілдерімен (Қазақстанда Жоғарғы Соттың шешімі бойынша Талибан қозғалысына тыйым салынған) тығыз байланыста.
Біз сондай-ақ кез келген мемлекеттік шекараны бұзу әрекеттері Өзбекстан заңнамасына сәйкес қатаң түрде қорғалатынын мәлімдейміз», - деп қосты республиканың Сыртқы істер министрлігі.
Түркімен билігі де жағдайға алаңдаулы. Аркадаг Ашхабадтағы жағдайды ашып айтпаса да, тәлібтердің билікке келуінің кері әсерін де ойлайтыны анық. Бұған дейін сансыз мәрте түркімен-ауған шекарасында түркімен сарбаздары құпия жағдайда қаза тауып, оны «жол апатына» сілтеп келген түркімен билігі енді тәлібтердің күш алуына тіпті алаңдайды. Түркіменстан тәлібтерге құпия негізде салық төлеп келгені де айтылуда. Алайда оның барлығын жоққа шығарған Ашхабад, қорғаныс саламыз мықты деп сендіріп отыр.
Тәжікстан билігі де қауіпсіздік шараларын күшейткен. Атап айтқанда Ауғанстанмен шекаралас аймаққа қосымша әскер жіберіп, Ресей әскери базаларына жаңа әскери техникалар келуде. Тәжікстан әскері бір айда үш мәрте жаттығу ұйымдастырды. 1992-1997 жылдары азамат соғысының қасіретін көрген ел ретінде, жағдайдың ушығып кетуіне алаңдайды. Тәжікстан аумағында Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан әскерлерінің бірікке жаттығуының өтуі де сол себептен еді. Қазірдің өзінде Душанбе босқындарға байланысты дабыл қағып отыр. Тәжік аумағына бірнеше мың ауған сарбазы мен қарапайым халық босып келген болатын. Оларды тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету де тәжік билігіне салмақ салып отырған көрінеді.
Қырғызстан билігі болса Ауғанстанда жағдайдың тұрақталатынына сенімді. Кабулдегі елшілік қызметкерлері қазақстандық азаматтармен кері қайтпақ. Ал «этникалық қырғыздардың тәлібтерге алаңдауына негізі жоқ», - дейді билік өкілдері. Қырғызстан тарапы ауған босқындары келсе, 1200 адамға дейін қабылдауға дайын екенін де мәлімдеді.
Қазақстан Ауғанстандағы жағдайға алаңдаулы екенін ешқашан жасырған емес. Президент Тоқаев Ауғанстандағы жағдайдың ушығуына байланысты екі мәрте басқосу ұйымдастырып, арнайы шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын.
«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда.
Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», - деп жазған еді президент Тоқаев.
Қазіргі уақытта ел әскерін күшейтілген режимге ауысты. Бұл Ауғанстандағы жағдаймен тығыз байланысты.
Қарулы Күштердің қырағылығын күшейту бойынша келесідей шаралар қабылданған:
- Оқу-жаттығулардың тәртібі бекітілген. Қазақстанға қандай да бір қауіп төнген жағдайда бақылаушы һәм күзетші әскери күштер мен құрылымның іс-қимыл жоспары бекітілген.
- Мемлекеттік органдармен, өзге де әскери органдармен, әскери құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеу, іс-қимыл шараларын ұйымдастыру тапсырылған.
- Мемлекеттік күзет күштер мен әуе қорғанысы, әуе фронты мен әуе кеңістігін қорғаушы күштердің, әскердің санын арттыру туралы шешім қабылданған.
- Әскери нысандардың қауіпсіздігіне жауапты күзетті күшейту, әскери қоймалар мен қару-жарақ арсеналдарын күзетушілердің санын арттыру тапсырылған.
- Арнайы операциялар мен әскери-транспорттық әуе күштері құрылымдары күшейтілген режимде жұмыс жасайды.
- Мемлекеттік шекара күзетін күшейту бойынша Қарулы Күштердің жоспары бекітілді.
«Қорғаныс министрі өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Жоғары қырағылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі атап өтілді»,- делінген министрлік хабарламасында.
Асхат Қасенғали
Abai.kz