«Гәкку» деп жаңғырған аққу арман
Алматыда «Адырна» бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлы композитор, әнші, ақын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған концерттік кеш өтті.
Қара мұрын ұстадан бекзат туған Ыбырай жақсылардың мәжілісін көркейткен, жан думанына айналған өнерімен, алты қырдың астынан естілер аруақты әнімен туған елге ханнан да қадірлі болғаны аян. Ән сауықтың жаңа пірі, жас перісі топты жарып шыққанда Ақан сері мен Біржан сал бек ләззатлу қуанып, қатарларына алған екен. 1927 жылы Бурабайға алдыртып, Оқжетпестің етегінде тыңдаған кезде әншілік қияпатына Сәкен Сейфуллин қайран қалып, басын иген. Ал, махаббат пен арман-аңсардың аққуындай «Гәккуі» 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің алғашқы декадасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында ғажайып әнші Күләштің бас ариясына айналып, алаш әнінің абыройын асқақтатқан еді. Әрине, бұл тегін емес-тін. Бұл ұлттың жан жүйесіне жалғасқан Үкілі Ыбырай өнерінің кие-құдіреті болатын.
Алматыда «Адырна» бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлы композитор, әнші, ақын Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған концерттік кеш өтті.
Қара мұрын ұстадан бекзат туған Ыбырай жақсылардың мәжілісін көркейткен, жан думанына айналған өнерімен, алты қырдың астынан естілер аруақты әнімен туған елге ханнан да қадірлі болғаны аян. Ән сауықтың жаңа пірі, жас перісі топты жарып шыққанда Ақан сері мен Біржан сал бек ләззатлу қуанып, қатарларына алған екен. 1927 жылы Бурабайға алдыртып, Оқжетпестің етегінде тыңдаған кезде әншілік қияпатына Сәкен Сейфуллин қайран қалып, басын иген. Ал, махаббат пен арман-аңсардың аққуындай «Гәккуі» 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің алғашқы декадасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында ғажайып әнші Күләштің бас ариясына айналып, алаш әнінің абыройын асқақтатқан еді. Әрине, бұл тегін емес-тін. Бұл ұлттың жан жүйесіне жалғасқан Үкілі Ыбырай өнерінің кие-құдіреті болатын.
Шын мәнінде, ән өнерінің барша өресімен өлшесек, Сәкен айтса айтқандай, «Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар Алмайды Шаляпинді қапталына!». Болмаса, Алматыдан ат шаптырым көше атап, Шаляпинге алаштың ән ардагерлерін жығып беріп жүрген өзіміздің шолақ ойлы шенеуніктеріміз. Өз ерлерімізді, өз кемеңгерлерімізді ескеру жағы кем соғып жатқаны өтірік пе. Ақан мен Біржан көшелері бар ма, жоқ па, бар болса ол шолтаңдаған шолақ көшелер қай жерде, қай қуыста жасырынып жатыр, - ешкім тап басып айта алмас. Сол сияқты, қазақтың дәстүрлі әні мен домбырасы да теледидар мен үлкен концерттік залдардан шетке қағылып, қағажу көрген өгейдің күйін кешіп жүргеніне көз жұмудың жөні жоқ-ау.
Үкілі Ыбырай өмірде де, өнер де шырғалаңды көп шеккен қасіретті тұлға. Сонымен бірге, қайсар да асқақ. Өнеріне қаншалықты адал болса, арына қылдай қылау түсірмей өткен. Кеңестің келеңсіз кеспірсіздігін уытты әжуамен сықақтағаны әлі күнге ел аузында аңыз болып айтылады. «ГПУ деген сотыңыз. Жүріп тұр ғой хотыңыз...» деп алып, үштіктің үкімімен сотталып, барса келмеске айдалар алдында да тілін тартпайды, райынан қайтпайды. Кеңес өкіметіне де, кәмпескеге де наразылығын ащы тілмен ашық айтады. Әуелде «қиқар шалды» құтқару ниетінде болған Жұмабай Шаяхметовтің де енді оны айдатпасқа шарасы қалмайды. Сөйтіп, Үкілі бабаның сүйегі қайда қалғаны да белгісіз. Бұл аз болғандай, «халық жауы» деген айдар тағылып, атын атауға тыйым салынғасын, әндері де барымтаға түсті. «Қараторғайын» Сыр бойындағы бір келіншек шығарған деп, «Аңшының әнін» Әсетке теліді. Ең шоқтықты әндерінің бірі «Толқын» да Үкілі Ыбыраймен бірге репрессияға ұшырап, сөзі өзгертіліп, колхоз тұрмысын жырлайтын әнге айналдырылды, дейді өнер зерттеуші, әнші Ерлан Төлеутай. Сөйтіп, «Толқынның» әуенімен «Елім бар колхоз болып күлімдеген, Көлік бар трактордай дүрілдеген» деп әндеткен екен колхоздастыру дәуірінде. Тек өткен ғасырдың сексенінші жылдары ғана өнер зерттеуші, сазгер Ілия Жақановтың рухани қайрат көрсетуінің арқасында, әнші Қайрат Байбосыновтың бірегей орындаушылық шеберлігі және септесіп, қазақ музыкасының алтын қорына қайта оралған екен. Тоғыз толғаулы «Толқынды» шырқағанда итальяндық ән білгірлері таң қалғанын кезінде Қайрат әншінің өз аузынан естігеніміз бар еді. Ыбырай атамыздың басқа бірқанша әндерінің «халық әні» деген жалпылама атты жамылуы да кешегі кеңес заманындағы рухани жайдақтық пен жетесіздіктің көрінісі болатын.
Шүкір құдайға, айналайын халқы еркін тыныстаған бүгін таңға ұлы композитордың 50-ге тарта әні жетіпті. «Гәкку» мен «Қалдырғанның» кең таралған әлденеше нұсқаларымен бірге. Үкілі Ыбырай әндерінің алтын қорда қордаланып сақталуына, әлбетте, қазақтың 1000 әнін жинап нотаға түсірген ұлты поляк А.Затаевич сіңірген еңбек баға жеткісіз. Ал енді сол кісіге Үкілі Ыбырай әндерін ең көп айтып берген адамның бірі айкөл жазушымыз Сәбең, кәдімгі Сәбит Мұқанов болуы да бір ғажап. Екінші бір поляк, композитор әрі хормейстр Иван Коцык қазақ феноменінің әндеріне тәнті болып, 1928 жылы өзі сабақ беретін Петропавл педтехникумында Үкілі Ыбырайдың концертін ұйымдастырыпты. Жалпы, Көкшетаудағы қазақ әнінің Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақпен қатар аталатын төрт бәйтерегінің бірі - Ыбекең әндерін бүгінге жеткізушілер ішінде халық ақындары Тайжан Қалмағанбетұлы, Молдахмет Тырбиев, Шәкен Отызбаев, Мұса Асайынов, Дәнеш, Бәйсейіт, Әбіқай сынды әншілер, музыка зерттеуші Б.Ерзакович, Ілия Жақанов, көкшетаулық музыкатанушы Гүлсім Бәйтенова, солтүстікқазақстандық айтыс ақыны Игібай Әлібаев, әдебиетші Сәркен Құлмағанбетов, ауыл ақсақалы Қайырлы Сейітжанов, т.б. есімдерін ерекше атауға болады. Ахмет Жұбановты айтпағанда, Үкілі Ыбырай шығармашылығын тұңғыш зерттеушілердің бірі Есмағанбет Ысмайылов екендігін де біреу білсе, біреу білмес. Ондаған жылдар бойы нота беттерінде қалып, бұрын айтылмай жүрген әндерін қайта жаңғыртып, ел назарына ұсынуда дәл қазіргі күндерде белгілі әншіміз Жоламан Құжимановтың елгезектік танытып, дәстүрлі жас әншілерге үйретуін де аса құптарлық іс санаймыз.
Сонымен, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар театрында өткен «Ханнан да қадірлімін туған елге» деп аталатын ән кеші халқымыздың дәстүрлі өнерінің рухын асқақтатты. Әуелі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер Сағызбай Қарабалиннің сахналауымен қойылған «Гәкку» әнінің шығу тарихынан шағын көрініс жас Ыбырайдың арман аққуын әдемі бейнелегендей. Осындай аққу-арман театр шымылдықтарын мың мәрте желпіп, әлемді шарлаған Күләш - «Гәккуге» жалғасты. Қазақ әнінің абыройын ұлы биікке көтерген, бұлбұл Күләшті 24 жасында КСРО халық артисі атандырып, мұңды қазақты мақтнышқа бөлеп, ұлт рухын аспандатқан ол жайға баршамыз қанықпыз.
Ән кешін Ерлан Төлеутай түрлендіре жүргізіп, Үкілі Ыбырай өмірінен көптеген тың деректер келтіріп, әр әннің белгілі-белгісіз тарихтарына тоқталып, лекция концерт дәрежесіне жеткізді деуіміз керек. Атақты «Гәкку» әнінің бес түрі орындалды, «Қалдырғанның» екі нұсқасы шырқалды. Зал толы халық домбыраның қоңыр күмбіріне қосыла әуелеген дәстүрлі әнге сусап қалған екен. Үкілі Ыбырайдың «Қаракөзі» мен «Харарайы», «Кідік-айы» мен «Арарайы», «Көкейкестісі» мен «Қараторғайы», «Шалқымасы» мен «Желдірмесі», «Ал, гәкку» мен «Жиырма бесі», «Толқыны» мен «Қызыл асығы» құлақ құрышын қандырды. «Үкілі Ыбырайдың қоштасуын» Көкшетаудан ат терлетіп арнайы келген жыршы-жырау Жұмабай Есекеев ақсақал орындап, ән ардагеріне қатысты оралымды ойларын айтты. Осындай ұлы дуға алғаш шыққан Дидар Жұмабекқызы, жас әншілер Талғат Әбуғазы, Жақсыгелді Маясаров, Жасұлан Сақаевтар көпшілік көңілінен шыға білді. Сонымен бірге, Еркін Нұрханов, Сәуле Жанпейісова, Саят Нұрғазин, Ерлан Құжиманов, Ардақ Исатаева сияқты дүлдүл әншілер Үкілі баба әндерін бар бабында балқытты. Қаршығадай Ерлан Рысқали бұл жолы да өзінің әншілік дарынына тәнті етті. Сахнаға бірінен соң бірі шығып, кешті түйіндеген Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев және Ерлан Төлеутай сынды қазақ әнінің майталмандары Үкілі Ыбырай рухы елімен бірге жасай беретінін тағы бір айғақтады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл концертке «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхамед, «Жай Ай» Шығыс Тибет медициналық орталығының директоры Жасан Зекейұлы, «Дәулет» шаруа қожалығының иесі Өтеміс Маханов, «Саржайлау» қымыз орталығының директоры Ахметбек Нұрсилә, «Асыл кітап» баспасының басшысы Жасұлан Сейдахметовтер демеушілік жасаған екен.
Қорыта келе айтарымыз, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі 2010 жылдан бері Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса әндерінен концерттер ұйымдастырды. Өкінішке қарай, сол кезде осынау ұлы өнерпаздар туған өңірлерден демеушілік қол ұшы созыла қоймады. Иә, сол өңірлердегі облыс әкімдерінің құлақтарына алтын сырға. Бүгінгі Үкілі Ыбырай кешінде де баяғы жайбарақаттығымыздың аяғы сан соқтырды. Бірақ соған қарамастан, игі бастама жалғасын таппақ. Алда Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Қапез, Кенен, Нартай, Жамбыл әндерінен үлкен концерттер беру жоспарлануда. Осы реттегі бірталай қиындықтарға қарамастан, «Адырнаның» жас жетекшісі Арман Әубәкір қазақ әнінің жалауын желбіретуді көздеген ізгілікті ой-мұратын ақырына дейін апарады деп сенеміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.