Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2281 0 пікір 7 Маусым, 2012 сағат 14:27

Бас прокуратура: Челах өзінің әскери қызметтестерін өлтіргендігін мойындады

Арқанкергеннің астары

Сонымен, бас прокуратура қатардағы сарбаз  - Челах өзінің әскери қызметтестерін өлтіргенін мойындады деген ресми ақпаратты жария етті. Ресми орындардың қортындысы осылай боларын, тап бір «ақылдасып алғандай» көпшілік  алдын ала біліп отырды. Оған түрлі сарапшылар пікірі мен әлеуметтік желідегі жұртшылық болжамдарын дәлел ретінде алға тартуға болар.

Арқанкергеннің астары

Сонымен, бас прокуратура қатардағы сарбаз  - Челах өзінің әскери қызметтестерін өлтіргенін мойындады деген ресми ақпаратты жария етті. Ресми орындардың қортындысы осылай боларын, тап бір «ақылдасып алғандай» көпшілік  алдын ала біліп отырды. Оған түрлі сарапшылар пікірі мен әлеуметтік желідегі жұртшылық болжамдарын дәлел ретінде алға тартуға болар.

Ең әуелі, ресми мәлімдемеде айтылған: «Челах өзінің әскери қызметтестерін өлтіргенін мойындады. Челахтың айтуынша, қылмысты жасаудың себебі ретінде ішкі қақтығыстар және есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылу жағдайы себеп болған» деген тіркестер саясаттанушы Досым Сәтпаевтың: «Бұл оқыс оқиғаның себебін қарастырмаған күннің өзінде бір тұжырым жасауға болады: барлық дерлік құқық қорғау құрылымдары өте күрделі реформаға зәру. Өкінішке орай, соңғы жиырма жылда құқық қорғау саласында әр түрлі шатақ оқиғаларға күә болып келеміз. Мәселен, Қазақстан әскерінде жемқорлыққа қатысты, тіпті қару-жарақпен байланысты жағдайлар талай орын алған. Құқық қорғау құрылымдарының өз арасында қанша жанжал болды?! Осының барлығы еліміздің қауіпсіздік саласының мығым еместігін көрсетіп отыр. Ал шекара бекетіндегі жағдай - тек соның бір дәлелі ғана» деген пікірінің ақиқаттан алыс кетпейтіндігін көрсетеді. Себебі, бас прокуратураның ресми өкілі айтқандай Челахтың «есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылу жағдайы» бар болса, ол қалайша әскери комиссиядан өтіп, әскер қатарына алынған деген заңды сұрақ басы ашық күйі қалады.

Екіншіден, мәлімдемедегі «ішкі қақтығыстар» делінетін тіркестің әскерлер арасындағы әлімжеттіктің азаймай отырғандығын әрі соның салдарынан талай қыршын жас жігіт қаза болғанын тағы бір мәрте айғақтай түсетіндей.

Үшінші мәселе, ресми мәлімдемеде Арқанкерген оқиғасына қандай да бір сыртқы күштердің қатысы болғандығы жайлы ешнәрсе айтылмайды. Алайда, оқиға орын алған күннен бастап, қоғамда шекарашылардың опат болуының артында Ресей немесе Қытай тұруы ықтимал деген жорамалдар желдей есті. Әлі де солай. Ел ішіндегі түрлі жорамалдардың қисынына қарағанда, мұндай іске Ресей тарапы мүдделі көрінеді. Жұрттың ойынша, Қазақстанға саяси-экономикалық ықпалын әбден арттырып, кедендік одаққа енгізу арқылы елдің кеденін алған Ресей енді Қытай мен Қазақстан арасынан ала мысық жүгіртіп, онсыз да Қытай десе де жиырыла қалатын қазақ қоғамын шығыстағы көршісімен біржола өшіктіріп, оның орнына орыс шовинистігі мен Ресейдің империялық пиғылына деген қарсылықты бәсеңдету әрі әскери күшті біріктіру, яғни, қорғаныс саласына қол салып, қазақ жерінде «ортақ қорғаныс мақсатында» деген сылтаумен орыс әскери базасын орнату, сол арқылы Қырғызстан мен Ауғаныстанда ошақ қазып, әскери базаларын орнықтырған АҚШ пен Еуропаға сес көрсету-міс. Бұқара халықтың ойы мұнымен тоқтамайды. Елдің сөзіне сенсек,   Ресейдің Қазақстанға дендей кіруі «Қазатомпром» ісімен басталып, Қорғастағы іспен сабақталып, Арқанкергенмен жалғасып жатыр. Мұндай әңгімелердің қисыны ретінде  - оқиғаның Путиннің билікке келісінен көп уақыт өтпей әрі ШЫҰ-ы жиынының қарсаңында орын алуы аталады. Қалай десекте, мұның бәрі ел ішіндегі түрлі интернет сайттар мен әлеуметтік желілерде көрініс берген жұрттың ойы. Ал, ресми мәлімдеме төменде тұтас беріліп отыр.

"Абай-ақпарат"

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесі

Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде қайғылы оқиға орын алғандығы белгілі. Әскерилер мен бір азаматтық тұлға қайтыс болды.
Бүгінгі күнге дейінгі тергеу қортындысы бойынша, мынандай жайттар анықталды:

2012 жылғы 10 мамырда Шекара қызметінің 3-ші шекара жасағының 15 адамнан, оның ішінде 1 офицер, 3 келісім-шарт бойынша әскерилер және 11 мерзімді әскерилерден тұратын қызметкерлер «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде мемлекеттік шекараны күзету бойынша кезекшілікке түскен. Бекет елді-мекендерден алшақ жерде 3 мың метрге жуық биіктіктегі тауларда орналасқан. Аудан орталығы Үшаралға дейін 224 километр.
Ағымдағы жылғы 30 мамырда байланыстың жоғалуына байланысты бекетке кезекші құрам жіберілген, олар оқиға орнына келгенде өртеніп кеткен казарма, офицерлік құрам үйі мен шаруашылық құрылыстарға тап болған. Ол туралы жасаққа баяндалған.

Оқиға орнына тікұшақпен дереу жедел топ ұшып шықты, оның құрамында шекара жасағының басшылығы, әскери прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының өкілдері болды.
Жедел топ оқиға болған жерде қажетті шаралар ұйымдастырып, өртенген казарма мен  офицерлер үйінде 13 адамның мәйіті күйген қалдықтарды тапқан. Бір жанып кеткен мәйіт маңайдағы ағып жатқан өзен бойында болған.
Сондай-ақ, «Арқанкерген» бекетінен 150 метр қашықтықта орналасқан аңшылық шаруашылық күзетшісінің үйінде автоматтан атылған оққа ұшып көз жұмған Руслан Кимнің мүрдесі табылды.

Қазіргі кезге геномдық сараптаманы пайдалана отырып, 10 әскердің тұлғасы анықталды.
Осы факті бойынша 30 мамырда Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-тармағының «а» тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғады (екі және одан көп кісіні өлтіру).
Іс арнайы әскери прокурор басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен тергелуде.
Өртеніп кеткен жайлардан бекет командирі Кереевке тиесілі бір «Макаров» пистолетінен басқа шекарашылардың қолында болған барлық қарулар табылды.
Жақын арадағы шатқалдардың бірінен іздеу тобы бекеттен жоғалған барлық қызметтік   5 мініс атты тапты.

4 маусымда шекара жасағымен жергілікті шопандар қыстағының бірінде 1992 жылы туған, «Арқанкерген» бекеті шекарашыларының бірі болып табылатын Челах Владислав Валерьевич табылып, ұсталды.
Одан капитан Кереевтің азамттық киімдері, «Макаров» пистолеті, ноутбугі және кейбір қайтыс болған әскерилердің ұялы телефондары табылып, алынды.
Адвокаттың қатысуымен жауап алу кезінде Челах өзінің әскери қызметтестерін және Руслан Кимді өлтіргендігін мойындады.
Челахтың айтуынша, қылмысты жасаудың себебі ретінде ішкі қақтығыстар және есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылу жағдайы себеп болған.
Қылмысты жасауға көмектескендер мен қатысушылардың бар болғандығын Челах үзілді-кесілді терістеуде.
Оның жауабына сүйенсек, қылмыс 2012 жылғы 28 мамырда шамамен таңғы сағат 5-тер шамасында сақшыдан басқа барлық бекет шекарашылары ұйқыда болған кезде жасалған.
Челахтың өзі сол түні казарма бойынша кезекші болған және сәйкесінше, қару арсеналына қол жетімділігі болған.

Челахтың айғақтарына сәйкес кісі өлтіру хронологиясы келесідей болған.
Бірінші болып бекет территориясынан алдау арқылы шығарылған сақшы өлтірілген.
Одан кейін, Челах казармаға оралып, ондағы қалған қызметтестерін атып өлтірген, олардың 9-ы ұйқы үстінде болған.
Соңғы болып аңшы үйінде қорықшы Руслан Ким өлтірілген.
Челах құрбандары өлтіру кезінде қарусыз болғанын атап айту қажет.

Сонымен бірге Челахтың айтуы бойынша, кейбір ұйқыдан тұрған қызметтестері оларға қару бағыттағанды шынайы қабылдамаған.

Кісілер өлтірілгеннен кейін қылмыс іздерін жасыру мақсатында Челах әрқилы позициялардан автоматтан оқ атып, казарма бөлмелерінде оқтарды шашып, алдын ала бензин төгіп, бекеттің барлық казармалық және шаруашылық құрылыстарын өртеп жіберген.
Осындай тәсілмен бекет территориясынан тысқары жатқан сақшы мәйіті де өртелген.
Осының бәрінен кейін Челах өзімен бірге «Макаров» тапаншысын, азық-түлік, қызметтестерінің бірқатар жеке заттарын (ұялы телефондар, ноутбук, ақша) алып, капитан Кереевтің азаматтық киімін киіп алып оқиға болған жерден жаяу бой тасалаған.
Қазіргі уақытта Челахтың берген жауаптарының шынайылығы тексерілуде, сонымен бірге бекетке сырттан шабуыл жасау белгілері тергеу бойынша анықталған жоқ.

Тергеу шеңберінде барлық қажетті сараптамалық зерттеулер жүргізілуде, соның ішінде Владислав Челахтың жеке басына қатысты кешенді психологиялық сараптама да жүргізіледі.
Қазіргі уақытта сарапшылар 11 әскери қызметкердің жеке бастарын анықтады және сараптама шекарашылардың да, қорықшының да алколгольді ішімдік ішу фактісін жоққа шығарды.
Өрт-техникалық сараптамамен жарылыс ошақтары және сәйкесінше, жарылғыш заттарды пайдалану фактісі анықталған жоқ.
Болған барлық жағдайды анықтауға бағытталған басқа да жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.
Бұл оқиғаның тергелу барысына қатысты басқа ақпарат тергеу мүддесін ескере отырып, қосымша хабарланатын болады.
Сонымен қатар «Сары Бөктер» шекаралық заставасының бастығы Алексей Викторович Фоминға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабардар етеміз.
Фомин үстіміздегі жылғы мамырдың 28 мен 30 аралығында «Арқанкерген» шекаралық бекетімен байланыстың болмағанын қасақана жасырғаны және оның себептерін анықтау мен қалпына келтіру бойынша шара қолданбағаны үшін айыпталуда.
Сот санкциясымен ол қамауға алынды.
Оқиға болған жерге жақын аудандарда жедел-тергеу, іздеу шаралары жалғасуда.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407