Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІ
Аудандық әйелдер қоғамының қызметін тексеруге аймақтан өкіл келіпті, аудан мектептеріндегі әйел оқушылардың да санымен, оқу жағдайларымен танысады екен. Жиындарына қатынасуға Әлиев мені бұйырды. Оған қатынасуыма қарсы Шәкербай Досан әкіммен «әңгімелесуге» ерте жөнелді мені.
- Әкім-ау, мына инспектор біздің қызметкер ме, әйелдер қоғамының қызметкері ме? Қит етсе-ақ әйелдер қоғамына барамын дейді де тұрады. Онысыз да қызмет басып жатыр емес пе бізді...
- Мен әйелдерге баруға қашан рұқсат сұрадым сізден? - деп, шағымын бөліп жібердім, - Әлиев бұйырды ғой?
- Міне, мына сөзін қараңызшы, не деп тәлкуайттап тұрғанын естідіңіз бе?
- Әлиевтің өзіне айтсаңшы! - деп Досан тоқпақтай мұртын тағы да бүлк еткізді. Шығып жүре беріп едім. Есік алдында Шәкербай тағы тоқтатпақ болды:
- Тұра тұр осы жерде, мен кіріп шығайын.
Мен ере кірдім. Әлгі шағымын тағы айтты бастығым. Әлгі жауабымды тағы қайталадым.
- Міне көрдіңіз бе, не деп басынып, сықақтап тұрғанын?
ІІ
Аудандық әйелдер қоғамының қызметін тексеруге аймақтан өкіл келіпті, аудан мектептеріндегі әйел оқушылардың да санымен, оқу жағдайларымен танысады екен. Жиындарына қатынасуға Әлиев мені бұйырды. Оған қатынасуыма қарсы Шәкербай Досан әкіммен «әңгімелесуге» ерте жөнелді мені.
- Әкім-ау, мына инспектор біздің қызметкер ме, әйелдер қоғамының қызметкері ме? Қит етсе-ақ әйелдер қоғамына барамын дейді де тұрады. Онысыз да қызмет басып жатыр емес пе бізді...
- Мен әйелдерге баруға қашан рұқсат сұрадым сізден? - деп, шағымын бөліп жібердім, - Әлиев бұйырды ғой?
- Міне, мына сөзін қараңызшы, не деп тәлкуайттап тұрғанын естідіңіз бе?
- Әлиевтің өзіне айтсаңшы! - деп Досан тоқпақтай мұртын тағы да бүлк еткізді. Шығып жүре беріп едім. Есік алдында Шәкербай тағы тоқтатпақ болды:
- Тұра тұр осы жерде, мен кіріп шығайын.
Мен ере кірдім. Әлгі шағымын тағы айтты бастығым. Әлгі жауабымды тағы қайталадым.
- Міне көрдіңіз бе, не деп басынып, сықақтап тұрғанын?
- Көрдім. Сенің қырттығыңа қайтарылған жауап, - дегенде орынбасар әкімнің көзі жарқ ете түсті, - рас, ол барамын демеді, мен тапсырдым. Әйелдер қоғамындағы бұл жиын оқу жасындағы қыздардың түгел оқуына пайдалы, бойжетіп қалған қыздарын ата-аналарының оқудан айырып ұзатып жіберуін белгілі дәрежеде шектейтін жиын. Бұл сендердің де қызметтерің емес пе?... Бар, Биғабіл, тез бар, жиын уақыты өтіп барады!
- Міне өстеді енді, бар қызметті артады да, қызметкерлерімізді лауға алып, от пен суға мені салады да отырады! -дей шыққан бастығым мені енді өз бөліміне жетектеді. - жә, Биғабіл, енді өзіміз «әңгімелесіп» алалық... сен әйеледр жиынына барасың, сөйлей қалсаң не туралы сөйлемексің, қане айтшы!
- Не сөйлейді дейсіз, әйелдер көңілін табуға тырысамын дағы.
- Қой шырағым, қылжақты қой, бұл үлкен іс. Сөйтейтін тезис дайындап бар. Өз ойыңдағыны айтшы қане.
- Ой Шәке, қазір менің ойымда ешнәрсе жоқ. Әуелі барып алайын. Сонан соң тыңдайын, тәжірибелі бастықсыз ғой, не сөйлеуді, қалай етуді сізбен келіп ақылдасайын, уақыт өтіп барады, кеттім.
- Тоқта, тоқтай тұр сонда да! Аудандық қыздар мектебінен әке-шешесінің талабы бойынша, үкімет рұқсатымен қайтарылған бойжеткендерде шаруаң болмасын тегінде, айтып қояйын. Мұғалималары шағым етсе, қосылып кетуші болма! Оның себебін білмейсің сен, білмеймін деде қой! Үкімет мекемелерін сүзістіру өзіңе оңай тимейді.
- Мұны есіме салғаныңыз дұрыс болды, мақұл! - дедім де шығып жүре бердім. Үздік оқып, мектеп бітіру алдында тұрған екі оқушы қызды былтыр март соңында оқу-ағарту бөлімі қайтарып жібергенін естіп едім. «Екі күн жылап отырып алып, әке-шешелерінің сүйреуімен әрең кетті» деп оқытушылары ызалана сөйлеп еді. Мақпал атты бірінің «төтенше дарынды, алғыр» оқушы екенін естігенмін. Шәкербайдың мені тағы да әкімдер алдына тартып, әйелдер жиынына қатынасуыма қарсы шығуы - осы қыздарды өз еріктерінен тыс зорлап қайтаруын жасыру үшін еді.
Аудандық әйелдер қоғамының «сегізінші март мерекесін қарсы алу» байланысымен шақырылған кеңейтілген бас алқалар жиыны мен барғанда қоғамның есепті баяндамасын тыңдап, аяқтастырып қалған екен. Шағын ғана жиын залының ең артқы орындығында отыра қалдым. Баяндама әйелдер теңдігі жөніндегі талаптарды ұрандап тоқтады да, оны толықтау ретінде дәлелді шағым пікірлер көтерілді, Мақпалдардың оқудан қалай шығарылуын мисал етіп, олардың бас оқытушысы да сөйледі, әке-шешелерінің Досан әкім қол қойған өтінішін мектепке Шәкербай әкеліп орындаған екен.
- Сол қыздардың бәрі де параның күшімен қайтарылған дей аламын, - деді шешен екілене сөйлеп, - партасында тып-тыныш оқып отырған қыздарды мұншалық жылатып-еңіретіп, сүйреткіге салып қайтару дәл осындай сұмдықтың ісі екенінде дау жоқ!... Алғашында отыз бес-қырық қыз оқитын кластарда, қазір жиырма шақты ғана қыз отыр. Ыңғай ересектері кетіп, ұсақтары ғана қалады. Мұны аймақтан келген өкілдер естіп, тексеріп көрсін деп айтып тұрмын. Осының көбі Шәкербай оқу бөлім бастығы болып тағайындалған соң кетті. Міне, Биғабіл әпенді келіп отыр, мектептердің бірнеше жылдық тізімі өз қолдарында, инспектор ғой, көрген шығар, сұрап көріңіздер!
Төрде қасқая отырған өкілдер маған бір-бір қарасып қойды да, үстелдің бір шетіне хатшылық істе отырған түбіт шәлілі әйел басын көтеріп маған қадала қалды. Танығандай кідіре қарауына мен де қарай бердім, семізше, ақ сұры, жас әйел... бетінің толықтығы болмаса Қалима сияқты. Бір кезде өзім «қатқан тері» деп қалжыңдайтын «сүйіктім» сары ала белдікті бай мырзасына тиген соң семіріп, бабына келген екен. Бірақ, ол мырза оқудан шығарып, Шәуешекке қайтарып әкелісімен тастап кеткенін былтыр жазда естігенмін. «Ондай қатал соққы қалай жақты екен өзіне? Рас сол ма, басқа ма» деген оймен қарай түстім. Менің енді танығандығымды сезгендей тұқыра түсті, рас сол. Қол орамалын алып көзін сүртті, ыршытып қойған сияқты. «Көзіңе ақ түссін» деп күбірлеп қалыппын. Қайта қарамай сөз тыңдаумен болдым.
Шағым сөз сөйлеушілердің әрқайсысы менің сөйлеуімді талап ете берген соң, жиын басқарып отырған алтын тісті, шүңірек көз, қызыл сары «Тәлиға аппай» түрегеліп, «оқу-ағарту бөлімінің өкілі» атауымен сөзге шақырды.
- Айтылып жатқан пікірлердің бәрі рас, -дедім мен үстел шетіне бара сала, - бірақ, менің инспекторлық қызмет алғаныма үш ай ғана болды. Оның алдында бір жыл оқытушылық істегенмін. Содан бергі көргендерім жаңағы сөйлеушілердің пікірлерін түгел растайды. Дәл солай. Былтыр жазда оқу жасындағылар мен оқушылардың санын алуға шығып, ауданға қарасты райондарды түгел аралағанмын. Сондағы алынған санды мәліметтерімнен ғана жинақтап айтпақпын. Қыр райыондарында оқу жасына толған қыздардың бес-алты проценті ғана оқиды, оның үстіне, қазіргі құдалық, қалың мал дейтіндеріңіз шалғы сияқты, бойы өсіңкіреп қалғанын қырқып әкетіп жатыр. Қала тұрғындарынан оқуға кірген қыздар жалпы оқу жасындағы қыздардың қырық процентіне биыл ғана жетті. Бұлардың да ересектері астыртын ұрланып-тоналып атады. Докладтарыңыздың соңғы талабына қуандым, игілікті де әділетті талап! Бірақ, әйелдер теңдігі дейтін мәселе мұндай талаппен ғана шешілмек емес. Әйелдердің шынайы теңдік алуындағы шешуші кепілдіктің бірі - оқыту, оқу-білім болмақ. Санасы төмен әйел ерікті азамат бол деп қанша үгіттесеңіздер де «ерікті» күң болуға дайын тұрады. Феодализм «әйелдер көбірек оқыса бұзылады» деп үгіттейді, мұнысы: «ерікті күң болмай қояды» деген сөзі. «Осы үкімет қызылдасады, қалың малды жояды, қызымызды осындайда малға өткізіп алайық» деп жанталасушылар да жоқ емес!... Өсіп қалған қыршындарымызды қиғызып тастатпай, жалпылай оқытуға, сан жағынан ер оқушыларға теңеуге тырысалық!
Әйелдер қолдарын шатырлатып жіберді де, Тәлиға аппайлары қолымды ала сілкілеп отырғызды. Мұнан соңғы сөз тіпті өрлеп, менің сөзімді қуаттай шапқылады...
Жиын түскі демалысқа тарағанда алдымен шығып, жалғыз жөнеле беріп едім, Қалима ере шығып, артымнан ілесті. Қарамай жеделдеттім.
- Ей сылқым, тоқташы! - деп дауыстады, бұрма көшеден айнала беріп тоқтадым. Сықылықтап әдемі күлсе де қыңсылағандай сезілді, бұрынғыдан да жасарып алған сияқты өзі. Екі омырауын баса салбыраған жіңішке салпаң жағалы сукно палшопкасы белінің тағы да бұраң қаққанын айқын көрсетіп келеді. Қамамен жұрындалған қоңыр құрым біз өкшелі туфлиі тық-тық етіп, сық-сық күле жақындады. Мысқылдай қарсы алдым:
- Пай-пай, шіркін байлық-ай, қатқан теріні де майлы торсыққа айналдыра қойыпты-ау!
Бетін жібек орамалымен басып, жылай жетті, көзін сол басқан күйі алдымнан өте шықты. Бірге жүрмей тұрып қалғанымды сезбей өткен екен.
- Бөксеңе күбі байлап алғанбысың, ей? -дегенімде жалт қайрылып, күле жылады:
- Сықақтай бер, бар мазағыңа көнейін деп келдім... Амандаспай жатып, артыма қарауын қарашы, - деп сықылықтай күліп ашты бетін, - маған обал жоқ! - деп күрсінді де, қолтығымнан ұстай аяңдады, - соққыға жаралған сорлыны кім аясын?
- Не бопты сорлы боп? - деп сұрадым әдейі. - «Генерал ханымы» сорлы болмақ па?
Қалима арбай қарады жүзіме.
- Естімеп пе едің? - дегенде, басымды шайқай салдым. Сылдырай сөйлеп кетті, - құдай-ай, онымен анық екі күн бірге болғаным жоқ әуел десең... алданып, саған опасыздық етіп қойғаныма ызаланудан ауырып, той өтісімен мектеп больницасына жатып қалғанмын. Шәуешекке сол больницадан қайттым да өз үйіме келіп жаттым. «Кедей қызын келіндікке алмаймын» деген шешесінің сөзі естілді бір күні. Соның ертеңіне, «қайыршының қызы, осынша неге бұлданасың» деп әлгі қуыс кеуде тістене жетті де, қағазымды беріп шықты. Адастырған қырсықтан сөйтіп тез құтылдым әйтеуір.
- Жоқ, адастыра алмапты, тегі содан талақ қағаз алғаның да өтірік шығар, қасына жатпаған қыз талақ қағаз ала ма екен? -дегенімде сақылдай күлді Қалима, қолтығымнан қатты қымқыра сақылдады. Төрт көшеге келгендегі бұл қылығының себебін түсіне алмай, жан-жағыма қарай бердім, қарсы алдымызда шешесінің соңынан Әлия еріп келеді екен, көзінің астымен қарап қойып өте берді.
- Көріспегенімізге бес жыл болды ғой, иә?! -деп күрсінді Қалима.
- Санамда жоқ, - деп түйілдім мен, - санағаным да жоқ, сағынғаным да жоқ, ызаланғаным да жоқ!
- Сорлымын дегенім сол ғой, мен сені той үстінде де сағынып, қатты өкініп отырғанмын. Содан ауырғанмын. Қырық бесінші жылдың соңында сенің қайтып келгеніңді естіп, енді көріп қайтайын деп тұрғанымда, айдалып кетіпсің. Одан шашың түгел ағарып қайтты деп еді, оншалық емес екен ғой...
- Түгел ағарғаны рас болатын, денсаулық жақсарған соң қайта қарайып келеді.
- Одан келе салып Алтайға кетіпсің. Көрісуге мына қызмет орайымен енді келдім, енді көрдім.
- Көрісудің орайы келгенімен келісудің орайы келмеске кеткен ғой, өтірік пен шынды айыра алмайтын қошақан санап, тағы да қорлап келесің, «сағынғаныңды» айтып, осыныңа нандырмақ болуың қорлаудан басқа ештеңе емес! Осы уыңды умен қайтарсам көтере алмассың, менен тезірек алыстап кет, Қалима! Махаббаттан қатты жәбірленгенсің ғой, екі жаза обал болар, менен одан да қатты жәбірленбей кетші!
Бағдарлай күлімдеп қарады Қалима. Қолтығымнан қолын ажыратып, жан қалтасына салды.
- Білемін, -деді аз кідірістен соң, -маған сол уың керек!... Әрқандай жәбіріңе көнейін деп келдім дедім ғой жаңа, неғұрлым соныңды айтып алшы!
- Айтып алу емес, Шың Шысайдың сары ала белдігінен қалған кісі маған керексіз!
- Енді айттың, - деді Қалима төмен қарай беріп, қатты күрсінді, - шыныңды айттың, маған осы ем. Сенің махаббаттық жүрегіңе керексіз болғаным рас. Бірақ, төңкерістік сапқа қосылдым ғой, қызметтес, пікірлестігім керексіз емес шығар?!
- Әрине, олай бола алсаң қоғамға керексің ғой, өз келешегің үшін де керек.
- Демек, майдандасыңмын, тілектестігімді қабыл ал. Менің басымнан өткен сәтсіздіктен, менің алдануымнан тәжірибе алуыңа шақырамын. Жоғары таптың жалтырауықтарына берілме. Сырты жалт-жұлт еткенімен іші қал-құлт, нағыз опасыздар содан шығады екен!
- Иә, өзіңдейлері тағы шықса шығар-ақ, мақұл пікір.
- Ха-һа...һа...һа...һа... мені не десең де өзің білесің. Осы пікірімді есіңе сақта. Ойланарсың, ал кеттім!
Осыны жыпылықтата айтты да бөксесін бұлтыңдатып бұрыла жөнелді.
- Ей, түстік шәйді біздің үйден іше салмаймысың? -деп жымидым мен. Ол жалт қайрылып күбірлей кетті:
- Шындап шақырғаныңда көшіп келе салармын.
- Ол үміттен аулақ болғайсың.
Төрт көшеден Әлия қарсы кезіге қалғанда маған жабыса өтуі мен «жоғары таптың жалтырауықтары» жөніндегі мына өсиетінен секем алып қалдым, Әлия екеуміздің байланысымызды білетіндей сөйледі ғой. Бірақ, оны білетін қисыны жоқ сияқты. Біле қалса екеуміздің арамызға от салуға кірісетін ниеті айқын көрінді, «Әлиядан айырсам өзімді алады» деп мұндай сайқал қарманбай қалар ма?...
Түстен кейінгі жиын соңына қарамай, ертерек шығып, Қалимаға маң қарамды көрсетпей кеттім. «Көшеде оны жабыстыра берсем, ел көзіне жабысарда, Әлияның көзіне қайнасып қалар» деген оймен зытып едім. Сол сұлу көзге соның арасында іліне қалған екен: ақшам бата өз қақпасының алдынан тапқанымда томсара ілесті Әлия.
- Не болды, Әлияш?... Бір жерің ауырып қалды ма?
- Жүрегім ауырды, сені біреудің құшағынан көру қиын екен, - деп солқ-солқ ете түсті, мен қарқылдай күлдім, - күлкісін! - деп алып солқылдады, - қуанышың қойныңа симай барады ғой!
- Иә, сенің қызғаншақтығың да қуаныш! Қазіргі заманда біреудің біреумен қолтықтаса жүруі де сөз бе?
- Бауырыңа кіріп алуы жай қолтықтасу ғой?... Өткен күзде Шәуешекке барғанымда сені сұраған ол. Мен, «таныстығым жоқ» дей салғанмын. «Алтай соғысына кетті деп естідім» дегенімде қатты күрсінген, енді міне жүрген жүрістерің?... Сол күрсінгеніне қарап, «онымен бір жақындығыңыз бар ма еді» деп сұрағамын артынан, «дос сабақтасым еді» деп қана қойып, үндемей кетіп қалған. Енді білдім!
- Нені білдің?
- Онымен де уағдаң бар! Ол байдан шыққан келіншек болғанымен сұлу ғой!... «бірі болмаса бірі» деп, мені де қолтықтай салғансың баяғы!
Бұл күмәнін қоздырта бермеу үшін онымен болған байланысымның да, айрылысуымның да шындығын сөйлеп бердім. Оны бағана төрт көшеден шыға беріп тойтарған қатал сөзімді естігенде ғана құйқылжыды. Екі-үш күннен бері өзіміз паналап жүрген бақ қоршауының кетігінен аттап түстік.
- Қалимаға енді кезігуші болма, - деп тапсырдым қайтар шақта, - аса сайқал қатын болған екен. Екеуміздің жақындығымызды біле қалса, айыру амалын мықтап іздестіреді.
- Мақұл! ей, тоқтай тұршы!... Өзің кеткенше асығып барасың ғой тіпті, оныңды ұзақ күттірмеуге асығасың ғой тегі! - деп қайта құшақтай құйқылжыды, - мұным әншейін қалжың ғой... айтпақтайын... не айтпақ едім, ұмытып қалғанымды қарашы... иә, «Қалимаға кездеспе» дегеніңнен ойыма түсті... енді осылай көрісіп тұрайық, әр күні осылай, қақпаның маңайынан күтейін, сонан кейін осы жерге келейік!.... Өмірбектің үйіне бармай тұра тұрайықшы, саған қояр бір өтінішім бармай тұра тұрайықшы, саған қояр бір өтінішім осы!
- Не себепті? Екеуімізді табыстырған солар емес пе?
- Иә табыстырды ғой... бірақ... сенен қатты өтінемін, Меһір мен Өмірбекке енді кезікпей... сөйлеспей қоя тұршы, Мақұл ма?... Маған... мен... онда бара беруден... ұялатын болдым.
- Бармасаң өзің білесің, мен «кезіксем», «сөйлессем» не болады екен?!... Өз достарың емес пе?
- Иә, өз досым ғой, бірақ, Меһірдің мінезін білмейсің, - деп құйқылжи түсті Әлия. Төне қараған көзі қараңғылықты жарқ еткізгендей сезілді, - сүйген жігітіне мендей берілген қыз жоқ шығар? Меһір екеуміз.... айтысып отырып ренжісіп қалғанбыз! - деп сықылықтап алды, - «сенің жігітің пұшық, көзі бітеу сияқты» деп қойыппын. Содан бері Меһір маған ашулы. Екеуімізді айыру ниеті бар ма екен деп қорқамын. Мен десең... ол екеуміз татуласқанша көрінбей қоя тұр, жаным! Мен десең, қазірше барма сонда, мақұл ма?... Сенен тілейтінім осы!...
Қалыңдығымның осы өтінішіне алдыңғы секемдерім қайта жамалып, күдікке айналды да, қиялдың сүле сапа масындай марғаулау қайттым....
Ертеңіне мекемеден түскі демалысқа шыққанымда сол күдік ойымды тағы торлады. Өмірбектерден сыр тартып көргім келді. Әлия кездеспе деп шектеген достарым көңілімді сүйреп бара жатқандай, солай қарай бұрыла жөнелдім. Көлденең бір көшеден өте бергенімде «Қалимашымның» қолтығында Әлияшым да менше дедектеп бара жатыр екен. Оған қарай түсіп күле дедектедім: «кездесуден шектеген дұшпаным Әлиямның көңілін сүйрей жөнелген екен-ау?!»
Өмірбектің үйіне кіріп бардым, шешесімен бірге шәй ішіп отыр екен.
- Жарығым-ау, өзің де ұлық болып қалдың ғой, енді келінімді түсіріп берсеңдерші, - деді шешесі шәй құя отырып, - мына жалғызды сотқарлар айналдыруын қоймады. Сонымды келтіріп алмай көңілім орнығар емес! Сақалы құралыптасырақ бір шалды құдама кіргізсем, өзінің қазнасындай алтын-күміс сұрапты. Қысасы ғой бізге істеп отырған, оны мен қайдан табармын? Онысын аймақтан келген қатын өкілдерге барып айтсам, «тұра тұрыңдар, қалың малға шек қойылады» дейді. Тоса тұрайын десем, сотқарлар тоса тұратын емес, қапысын тауып жайратып кететін сияқты бір күні! «Екеуің бір жаққа қол ұстасып кете тұрыңдар» десем, мені тастап бұлар кететін емес. Және жұртта қалған жалғыз итше ұлып өлемін ғой бұлар кетсе, осыған бір амал табыңдаршы, балам!
- Бұлардан басқа амалдар да бар, апа, - дедім мен, - алып қашпай мәселе шешілмейтіндей болса, Меһірдің өзі өзін «алып қашуы» керек, бір жерге аз уақыт қамай тұрамыз. Өзі қамаған қызын біз қамасақ ешнәрсе болмас. Бір-екі айдан кейін «кексе» келініңіз болып жауылқ салып шыға келсе қайтпек?
Қарқылдап күле жөнелді Өмірбек. Шешесі аңыра қалып сұрады:
- Онда мына жалғызды апарып, үкіметке қамата салып іздер?
- Ақпын да, саумын деп бұл отырса, «аппақ мұғалімдерге қызмет істетпеймісің?» деп біз суырып алмаймыз ба? Бұған Махмұт екеуміз тұрған Әлиевті саламыз. Бұл кезеңде Өмірбекті қорғаушыларды көбейтсек болғаны, қиямпұрыстар өзінен зорын көргенде қыңқ ете алмай жуасиды.
- Е, жарығым-ай, бұл да ақыл екен-ау!... Бірақ, Меһірдің әке-шешесі болған соң, ол құрғырларды да ренжітуге қимаймыз-ау, сарт болса да шешесі бір маңғаз адам еді.
- Рас маңғаз болса маңқисын да отырсын, екі-үш күн өткенде шешесіне: «жоғалмайды» деп сыбырлай салмайсыз ба? Өзіңіз де малдан құр қол емессіз, ауқатты туыс-туғандарыңыз көп. Меһір «жоғалардың» алдында соларды жиып жіберіп, бірдеме құрастыра қоймайсыз ба?
- Е... бұл да ақылдасатын іс екен. Тек әйтеуір осы істердің басы-қасында өзің бола көр, қарғам! - деп маймаңдай жөнелді сыртқа, - уһ... ой құрып қалғырлар-ай, сендей азаматты да көп қуарлапты-ау!...
- Меһір келмеді ме? - деп сұрадым Өмірбектен, - сұрайтын бір сөзім бар еді.
- Сұрайтының сөз ғана болса менен сұрай бер, оның білгені менде ғой.
- Әлия екеуінің ренжісіп қалған себебін білемісің?
- Ренжіскен жоқ, -деп мырс ете түсті Өмірбек, - оның несін сұрадың?
- «Меһір екеуміз татуласқанша, онымен сөйлеспей тұра тұр» деп өтінді Әлия менен. Меһірдің білетіндігінен қорқатын бір ісі бар сияқты. Ұзақ жолдан қайтқан жігітін өзінің ең жақын сырлас достарымен сөйлесуден шектеуі не сұмдық екенін білуім керек шығар?
Ойлана жымиған Өмірбектің көзі жұмыла түсті. «Сұмдық болса да жеңіл сұмдық» деген жымиыс сияқты сезіндім.
- Қазір өзіңе сүйіспеншілігі қандай, жақсы ма?
- Жақсыдан да жақсы, -деп күлдім мен, - қызғыштай қызғаншақ екенін әлден-ақ түсіндіріп болды. Бірақ мен махаббаттағы ерекше қызғаншақтықты, ерекше сүюдің нәтижесі деп қана түсінбеймін. Оның кері жағынан да туылатын нәтиже болады, мәселен, махаббатқа жеңіл қарайтын адамдар басқаны да солай түсініп, қарайғанның бәрінен қызғанатын болады.
- Әй, қиынсың-ау өзің! ... Әлияда соның қайсысы бар деп білесің?
- Қазірше бұл туралы емтихан беруге келгенім жоқ, сол шектеуін шеше алмай келіп тұрмын ғой, былжырамай білгеніңді айтшы маған!
- Алтайдан қайтып келгелі сені күдіктендірген, маңайынан көрген біреуің бар ма?
- Қақпасын шертіп, ішіндегі Әлияны шығара алмай тұрған бір офицердің жер тепкілеп, ызалана қайтқанын көргенмін... жақындығы болмаса шықпадың деп ашуланғаны да жұмбақ қой! «Баяғыда бір хат жазған жігіт, соңымнан қалмай жүр» дейді Әлия.
- Демек, қазір өте жақсысыңдар... басқадан қақпасын мүлде бекітсе, қыз басымен кіріңді жуып, көрпеңе кіріп жүрсе жақсы болғаны сол емес пе? - деп жымиды Өмірбек, - Меһір не дер екен деп елеңдемей-ақ қой, не керек ұсақ сөз. Өзіңнен қырағы емес ол, ешкімді басындырмайтыныңа сенемін... шашыңды айнадан өзің де көріп жүрген шығарсың, осымен табысқалы қарайып қалды... күлкі емес, рас айтам, қарасы көбейді. Қыздан болған нервіңді осы қызға емдету үшін табыстырып едік қой, үздіксіз емделе бер. Бірақ, саған да қас қылу ниетінде болатындар жоқ емес шығар, сақтана жүріп емдел!
Өмірбек пен Меһір Әлия екеуміздің қазіргі ыстық құшағымызды суытқысы келмейтінін байқаған соң, түрткілеп сұрай бергім келмеді. Қайтуға түрегелдім.
- Әлияға менің сәлемімді былай айт, -деді Өмірбек, - өзгертпей жеткіз, маған «келін» болуға сенімі берік болса, сенімен осы үйде табысып тұрсын.
Ақшам бата «емшімді» іздеп тағы шықтым, Өмірбек айтқан сәлемі ауырлата түскендей, басымды төмен сала жеттім: «әй осы Арысбек қыздың Өмірбекке «келін болу сенімі» бір шақта берік болмай қалған-ау» деген түйінді күдік келеді ішімде.
Бұл кеште қақпасының алдынан екі-үш рет өткенімде әрең шықты Әлия, тұлан тұтып түйіле шықты. Қол артпай да тіл қатпай уәделі дуал қоршауға жеттік. Кетіктен аттап түскен соң әдеттегімізше тоғай аралай жүріп сөйлескісі келмегендей, қарсы қарап тұра қалды, бетін басып алып солқылдауға кірісті ол енді.
- Не болды? - дедім мен. Жауапсыз еңкілдей түсті. Қатқыл үнмен қайта сұрадым, - не болды?!
- Қалима туралы маған ыңғай өтірік айтыпсың. Бағана түскі тамаққа қайтарымда мені мекеме алдынан ертіп әкетіп... бәрін айтты.
- Не айтты?
- Ол алғашында сенің әйелің екен ғой?... Ашықтан-ашық... некелі ер-әйелше жүріпсіңдер ғой?... Солай жүріп-жүріп алып, оған бір қыс бойына көрінбей кетіпсің. Сенің опасыздық істегеніңе шыдамай, екінші ерге тиіпті. Сенімен жүргенін білгеннен кейін ол ері де тастап кетіпті... сен қазір мені де... маған да сол әдетіңмен жүрген екенсің!
- Енді сен маған мынаны айтып берші, расын айт, екеуміздің жақын екендігімізді ол кімнен естіпті?
- Маған ол сенімен «жақын екенсің» деп айтпай сөйледі. «Өз басымнан өткен, жігіттерден көрген зұлымдығым» деп айтты. «Сондай опасыздарға жолығып қалма» дейді, тәрбие ретінде айтты. Аймақтық әйелдер қоғамында істейді емес пе?
- Қайда істесе онда істесін, әйтеуір сенің жүрегіңді дәл тауып, қадап тұрып атыпты. Оның не үшін осылай дәлдеп ататынын, сайқалдық ететін себебін кеше айтып едім ғой, есіңде бар ма?
- Есімде болғанымен, оның айтқаны да сенің айтқаныңа ұқсап кетеді, ер-әйелше тұрып, тастап кеткенің туралы айтқан сөздері ғана парықты шықты. Ондай опасыздығыңды, әрине, маған айтпайсың.
- Олай болса ақ-нахақтығыма көзіңді қазір жеткізейін, көз алдыңда сөйлесейін жүр!
- Шыдаймысың?!
- Шыдау түгіл көзін шығарып жіберемін!
Әлия төмен қарап үнсіз ілесті. Қалиманың жатқан үйін сұрай түстім алдына. Қақпасына терек далдасымен жасырына жеткен Әлия соңғы теректің түбіне тоқтады. Кіші есігін шалқасынан тастап, кіре бергенімде ыршып келіп ұстап, сыртқа тарта сыбырлады:
- Тоқташы, ақылдасып алайық!
- Ақылдасатын не бар? - деп қалғанымда аузымды баса қойып, құлақ түбімнен сүйді. Терек далдасына қайта орала сөйледім енді, - бұл қастықты маған емес, саған істеп отыр. Осы жаладан айрылысып кетсек саған обал болады, бетпе-бет сөйлесіп, оның кім екенін көзіңше айқындауым қажет!
- Ұят қой, ешкімге айтпа деп қатты тапсырып еді және өзі біздің бір құданың қызы...
- Ә, енді түсіндім. Жауыңа мені өзің таныстырып, өз қаскүнеміңді өзің тауып жүр екенсің ғой, солай ма?!
- Алтайға кеткеніңде онымен бірге жатып... ұйқысырап... сағынғанымнан атыңды айтып қойыппын, - деп сықылық қаға құйқылжыды Әлия, - содан бері менімен байланысыңды неше рет сұрады. Айтпай қойғанмын. Сонда да біліп алып, ажырастыру мақсатымен сөйлепті, енді сендім жаным!... Жүр, кетіп қалайық!...
- Жоқ, бетін қимасаң, әнеу теректің түбінде көрінбей тұр, мен осы жерге келтіріп сөйлесемін.
- Жаным дедім ғой, қойшы енді, болды, толық сендім, одан ақ екенсің. Сөзін саған жеткізгенімді сезсе әкеме шағып, әшкерелеп қояды, жүр, кеттік, енді сенбеспін басқаның өсегіне, - деп қолтығыма кіре жетектеді, - басқаның сөзіне сен де сенуші болма, иә? -деді аз үнсіздіктен соң, - өзімізге ғана сенейікші, басқалар басымызды айналдырып, айырып жібермесін... өзіңе қаншалық берілгенімді білесің ғой, басқаның сөзі керексіз болсыншы!
Жауап қайырмадым. Арт жаққа жалтаңдап қарай келіп, тар көшеге кірдік. Бір қалтарысқа мені тоқтата сала, мүйіске қайта барып барлады. Жүгіріп келе құшақтасты. Бір-бірімізге төне қарасып қалыппыз. Жүзімнен әлде не іздегендей қара көзін ол қыдыртты да, «шіркін осы мүсінің, қалыпқа құйғандай осы сұлу мұрның, мөлдір тұнық осы көзің... не айтсаң да әрқандай қуды сендіретіндей-ау! -деген оймен телмірдім. - Бірақ, менің сенбей қалғаным қалай? Осы көзіңнің терең түбінен көрінгендей болып тұратын ақылыңа сенбей қалдым-ау! Осы ажарың ой орамы мол қыздарға бітсеші!... Есіл Нұрияшым, дүниенің бар асылы бір өзіңде еді ғой!...»
Қып-қызыл ернін ерніме тақай түсті Әлия, «сүйші» дегендей лып етіп жабыса қалды өзі...
- Жүр, Өмірбектің үйіне барайық! - дедім бір шақта.
- Неге, айтқамын ғой?
- Өмірбек саған сәлем айтты: «маған келін болуға сенімі берік болса, сенімен біздің үйде табысып тұрсын» деді.
Бой тартып, ойлана қалды Әлия.
- Барып айтып қойған екенсің ғой? -деп томсара түсті, - Меһір бар ма екен?!
- Жоқ, оның барлық білетіні Өмірбекте екен.
- Меһір не депті?
- «Маған келін болуға сенімі берік болса...» Һі, ұқтың ба? - деп жымидым мен. Әлия аузын баса сықылықтады.
- Сенімім берік екенін ол... кездескен сайын айтып жүрдім ғой!...
- Берік болмай қалған кезің бар сияқты!
- Солай деді ме?! - деп томсарды қыз.
- Жоқ, осы сәлемнен білдім.
Әлия мойныма асылып, көкірегіме басын қоя күрсінді. Ойланып қалған сияқты, едәуір кідіріп барып сөйледі:
- Менен көп күмәнданады екенсің, олай болмасын деп... жүрегімді әр күні алдыңа қойып жүрсем. Енді бәріңнің де күмәндарыңды шешу үшін әр күні сонда барып тұрайын!.. Сен жоқта да сонда болып тұрайын!.. Бірақ, бүгін кеш болып кетті, үйге қайда баратынымды айтпаппын, қонып қалсақ... ертең айтып шығып, сонда барайын!
- Өмірбектің үйіне қонамын демекпісің шешеңе?
- Жоға, әкемнің кіші шешесі бар, үйі анау шетте. Кішкене кезімде мені сол асырап алған. Өз үйім мекемеге жақын болған соң ғана тұрмын ғой, сонда барамын деп кетемін. Ол кісі мені өте еркелетеді, сұраса менің қасымда болды дей салады!
- «Жақсы» екен ғой... ол кісіге барып айтпай кетсең де солай жасыра сала ма?
- Әке-шешемнің маған қаталдығын білген соң солай дей салатын болды.
- Демек, сенің жүрісіңді жасыру жағынан сынақтан көп өткен, сенімді ана екен ғой?
Мойнымнан қатты қыса сықылықтады Әлия, бұл жөніндегі сұрағымның сырын енді түсінген екен.
- Қайдағы көп жүріс?... Мені сонша... - деп томсара қалды лезде, - өткен күзде Меһірді қорғау үшін бірге жүрдім. Сонан соң өзіңмен... одан басқа қайда барыппын?
- Қалжың ғой... мен Алтайда жүргенде осы «үлкен шешеңнің үйінде» көп жүрдің бе, Шәуешекте көп жүрдің бе?
- Кім айтты солай жүрді деп?... Өздері көрмеген соң-ақ кетті дейді екен ғой? Сен қайтып келгенше күндіз мекемеде, кеште өз үйімде ғана болдым, кітап оқыдым.
- Өмірбектер сен туралы ешқандай сөз шығарған жоқ, - деп күрсіндім мен, - оларды кінәлай көрме. Үлкен шешеңнің өзіңді жақсы көретіндігінен ізіңді жасырғыш болуына қарай қойған сұрауларым ғой... уақыт өтіп барады, қайтайын.
- Бек гүмәнхор екенсің! - деп Әлия күрсіне тығылды қолтығыма.
- Қызғаншақ та болып бара жатқан сияқтымын ба, қалай?
Екеуіміз енді мұңая құшақтасып едік. Әлия иегімнен қыршып кеп алды:
- Міне, олай болса!... Күдіктенбей қызған міне, жүрегім сенікі екенін көр!... Олар сенімімді білмек болса соның үйіне қона берейікші! Ертең-ақ барайын, шешесі кіші үйіне кіріп ұялтпайтынын білем!
Көзімді жұмып үнсіз тұрып қалған мен:
- Олай қонудан сені енді аяуым керек шығар! -дегенімде, түсімде сөйлегендей, ернім әрең қыбырлады. - Осы жүзіңе тағы кір жұқтыра бергім келмейді... кетісіп қалсақ зор опасыздық болмай ма?
- Қайда кетпексің? - деп селт ете түсті қыз. Қиял ұйқысынан мен де селт етіп ояндым:
- Аяймын жүзіңді күйеден, тіпті титтей дақтан аяймын.
- Аясаң күдіктенбеші, күмәнданбашы менен!
«Күмәнді өзің ойлатпасаң мен қайтып ойламақпын» дегенді айтқым келмей, қыса құшып қоштастым.
Бүгін де шаршағандай аяғымды ауырлай бастым. Неліктен екенін толық түсінбеймін, денем ауыр сияқты. «Неге бұла"? менсінбеймін бе, қалай менсінбессің? Тіпті жан-денеңді түгел қосып алып менсінбеу кімнің ісі? Ол менсінбей ме? Жоқ, бұдан артық қалай көрсетпек берілгендігін?... Опасыздық істегенін көрдің бе? Жоқ, бұлай берілген жүрекпен қалай опасыздық істемек? Қызғаншақтығы - қимастығы ғана сияқты ғой, мұндай сұлудың онысын кім жек көрер... аңқау-ақымақтау көремін бе? Жоқ, әрқандай сұм адамның да жаны сүйген жарына аңқаулық-аңғалдық етіп қоятыны бар, өйткені шын сүйетін жүрек шынын айта салуға итермелегенде сұмдығына тым болмаса тұсамыс салмас па. Үлкен шешесінің өзіне із жасырғыш болғандығын айтып қалуы дәл солай емес пе? Әйтпесе аңқау-ақымақ болайын деп жүрген Әлия көрдің бе? Ал жалған жүректі, жүреген кезбе болса, онысын бар күшімен жасыруға тырысар еді ғой?! Алтайға соғысқа жүрер шағымда өз тағдырын қанжығама байлап, жолдыққа берген қыз оңайлықпен опасыздық істер ме... Өмірбек айтқандай, «ұсақ сөз неге керек, жаман емессің Әлия!..»
Қалыңдықтың аппақ тісінен жараланғаным жылы үйге кіргенде иегімнің ашуынан білінді. Жол сөңкемнен дәкі мен желімдегіш алып жапсыра салдым.
Ертеңіне таңертең мекемеге «ақсақал инспектор» болып кіріп едім, сарапшылық камалатына жеткенімді халық бөлімі сонымнан біле қойғандай, бір дәудің билігіне шақырды мені:
Неке қағаз алуға елуден асқан шал мен он сегіз жастағы қыз келген екен. Қыз өзім разылық бердім, тиемін деп отырып алғалы екі күн болыпты. Заңның рұқсат етпейтіндігін айтып, қайтара алмаған халық істер бөлімі комиссия құрып тексермек екен. Жаңа жылға дейін өз районындағы мектепте оқып келген қыздың бұл ісіне оқу-ағарту бөлімінен мені шақырыпты.
Ауыз бөлменің төргі бұрышында отырған түлкі тымақты, шоқша қара сақалды бұжыр күрең шалға сәлем бере кіріп едім, есік жақ бұрыштан бұраң бел, қара торы қалыңдық ізетпен түрегеліп иілді. Мойнындағы қызыл гүлді салысынан басындағы қара елтірі тымағы жарасымды көрінді, төбетайша шекесіне қондыра киіпті. Қасында отырған қара кемпір қызының шырайына қарап қойып сәлемдесті менімен.
Қаланың жаңадан тағайындалған қазақ міңбегі, әйелдер қоғамының өкілі мен үшеуіміз төргі бөлмеге кіріп отырған соң халық істер бөлімінің бастығы Айыржап күйеу шалды шақырып кіргізді. Ұтылай сұрап тергеуге кірістік. «Бәйбішем алдыңғы жылы ауырып өлген», «екі ұл, бір қыз ғана бар», «қалыңдықпен өзім сөйлесіп көндірдім», «қалың малына ата-анасы сегіз ғана қара алған, «балаларына» ақ батасын беріп отыр», «өзім елу беске биыл ғана шықтым», «қалыңдық бақандай он сегіз жаста», «малымыз да, тойлық, жасау-жабдығымыз да - бәрі де бітті, мақамбатымызда олқылық жоқ, жарасып болғанбыз, неке қағазымызды ғана алсақ бітті, өздеріңізді тойға шақыра келдік» - осыдан басқа жауап шықпады күйеу шалдан.
Айыржап оны басқа бір бөлмеге апарып, ешкімге сөйлестірмеуді өзгелерге тапсырды да, ауыз бөлмеден «енесін» шақырып кірді. «Жасым елу екіден асып барады, төрімнен көрім жуық, көз тірімде бастарын қосып кеткім келді», «малына емес, күйеудің басына қызықтық», «Кәукешімді құтты орнына қондырып өлсем, бар арманым сол», «балалардың өздері сөйлесіп келіскен, Кәукешім тіпті ықыласты, серігін өзі тауып, кетуге дайындалған қызға кім ара түспек, бара ғой, жолың болсын дедік», «қашып кетсе қайтпексіз, өз қолымыздан ұзатайық, қағазын беріңдер қарақтарым» - кемпір осыны айтып зарлай шықты. Айыржап оны тағы бір бөлмеге орналастырды.
Қарсы алдымыздағы орындыққа кексе бойжеткенсіп сызыла келіп қалыңдық отырды. Кең қой көзі жаутаң қағып, әрқайсынымызға бір-бір қарап тұқыруынан «момынсың-ау қалқашым» деген ой келді маған. «Он сегіздемін» деп бір тұқырды, «өз ықтиярыммен» деп бір тұқырды. «Қанша мал алғанын білмеймін» дей сала шапанының бір түймесін ұстап бұрай түсті де, «әйтеуір өзім ұнатқан соң...» деп кідіріп, кірпігін жиі-жиі қағып еді, бұрап отырған түймесі үзіліп, жерге түсіп кетті, күлімсірей иіліп, жүзікті саусақтарымен жерден іліп алды да, жан қалтасына сала қойды.
- Шешеңнен үлкен осы шалды қалай ұнатпақсың балам? - деді әйелдер қоғамының өкілі, қырықтар шамасындағы көнерген қызыл сары жүзі жана қызарып, түйіле қарады. - Әлдеқандай бір зорлауға түсіп, қиналудан көнген жағдайың бар ғой. Шыныңды айт, басыңды ауыртпай азат етудің жолын таппақпыз!
- Өз ықтиярым... осы, - деген қыздың да жүзі қызғылт тартты, - мені ешкім зорлаған жоқ... барамын деген өзім... барамын!
Жалт қарағанда көз шанағынан жас дымы байқала қалды маған, бозғылттау қарашығын жас торлап, алғаш мен көргендегіден басқаша жанарсыз-үмітсіз көздері бұлыңғыр-өлез болып көрінді. Халық істер бөлімінің бастығына сыбырлап, ауыз үйге шығара тұруды сұрадым. Қыз шығып кеткен соң әйелдер өкілі ернін сылып еткізді де, «не дерсің бұған» деп мыңбек күбірледі. «Оңаша отырып он минут сөйлессем қыздан бір сыр білер едім» дедім мен. Екеуі қарай қалды да, «он минутыңа берейік» деп күлген Айыржап он бес минутқа демалыс жариялады. Мен де демала шыққан болып, ауыз бөлмедегі қыздың қасына отыра кеттім.
- Оуһ... ауырып тұрғаным-ай! - деп дәкі жапсырылған иегімді ұстай қойдым, - сен де ауырғанбысың қарындас?
- Жоқ... ауырған сияқтымын ба? - деп жымия төңкерді көзін.
- Соншалық сұлу жүзің солып, көк сұрыға айналыпсың, ауырмаған болсаң ауыр қасірет бар жүрегіңде...
Қыз үнсіз жымиыспен төмен қарап алды да, жасырын күрсінді.
- Нешінші клас оқыдың?
- Төртінші класты жартылай ғана оқыдым.
- Тым болмаса соныңды неге толықтап оқымадың? Сауаты бар - көзі бар адам болғың келмеді ме?
Қыз демін соза алып маған таңырқағандай қарады.
- Қыр мектебі ғой, мендей үлкен қыз қалмаған соң... -деп тұқырды сонан соң.
- Олай емес, сені оқудан зорлап босатқан. Ақылы бар адамда болатын үлкен қасіреттің бірі осы, жас шағында оқытпай, надан-соқыр болуға зорлау ғой... одан да үлкен қасіретің - әлгі шал. Бұлардан ұсағырақтары да бар сенде. Осы қасіреттердің бәрінен құтылуыңа және қиналмай құтылуыңа жол тауып беруім үшін, бір ғана шындығыңды айтар ма едің маған? Мен барлық адал ниетіммен жәрдемдесу үшін ғана сұрап отырмын.
- Қандай шындықты сұрайсыз?
- Жүр, төргі бөлмеге кірелік, - деп ертіп келіп үстелдің төменгі шетіне қатарыма отырғыздым, - менің сұрайтыным - бір ғана шындығың. Осы бұжыр шалға өз ықтиярыңмен баруға құлшынып отырған себебіңді ғана айтшы?.. Сен ешқашан да бұл шалды жақтырған емессің! Осының ғана шын себебін айтсаң болғаны. Басқасы айтпасаң да маған түсінікті.
- Жақтырмағанымды қайдан білесіз? - деп жымиып, төмен қарай беріп күрсінді, -расымды айттым ғой, шал болса да осыған барамын, басқа шындық жоқ.
- Шындығың бұл емес. Мұндай жалған разылық сөзімен өзімнің қарындасым да алдап кете алмаған, - деп бастадым да, Биғайшаның былтыр семья жағдайы үшін әменгерге өтірік разы болған себебін, оны қалай білгенімді, қалай құтқарғанымды сөйлеп беріп, қазір оқып жүргенін айтып едім, қыз маған жаудырай қарады. Көзіне жас іркіле қалды да, төмен қарап, тырнағымен үстел бетін сыза күбірледі:
- Менде сіздей аға жоқ қой...
- Мені өз ағаң санап расын сөйлеп берсең болғаны, ағалық борыш маған артылады.
Қыз тымағын үстелге қойды да, екі қолын желкесінен айқастырып, керіле күрсінді. Күлімдеп қарады маған. Алғашқы өлездеу көрінген көзі жайнай қалды. Ағаға еркелеу сезімі біте қалғанын байқап, ішімнен елжірей күлімсіредім.
- Сізге айтып қойғанымды шешем білсе қайтем? - деді қыз маған тура қарап, батыл үнмен сұрады.
- Шешеңмен мен өзім сөйлесем. Одан қорықпай-ақ қой, айтқаныма разылықпен көнетін болады.
- Маған бәрінен қиын тигені сол кісінің өзі болды, - деп үстелге қайта еңкейіп томсара сөйледі, - «сот алдында осыған разы емеспін десең, ақ сүтімді көкке сауамын, қарғаймын» деп әкелді... мен өзім оған мүлде қарсы болсам да... әке-шешемді аяймын ғой, оларды жылатып қарғандырғым келмеді... барайын деп отырғаным солар үшін ғана... әйтпесе... оқитын едім... құдалығымыз «сегіз қара» дегені өтірік қой деймін, одан көп сияқты болатын...
- Шалдың берген малынан қолдарыңда қазыр нешеуі бар?
- Үш өгізшесін «жасау-жабдық» деп базарға әкеліп сатқан.. басқасы бар шығар... біздің үй - азын-аулақ малы бар үй.
- Шалың бай ма?
- Бай, - дей салып, «шалың» дегеніме үзіп-үзіп күле берді қыз, қызара түсті.
- Өлтірі беріліп пе еді, ұрын келді ме?
- Жоға, - деп қалған қыз үстелге екі алақанымен бетін баса етпеттеп алып жауап берді, - шешем менің көнбейтінімді білетін. «Қашан ұзатып бергенше... табалдырық аттамасын» деп қайтарыпты... жеңгем айтқан.
- Өзіңнен сұрайтыным бітті қарындас, - дедім мен, - басыңды көтер! Өткізген малын жасырған шалдың өзі! Неше қайталап сұрасақ та «сегіз ғана қара» деп отырып алған. Енді ең көп болғанда әкең сол сегізін ғана қайтарады. Үйіңе қайт та, оқуыңа күдіксіз дайындал, сені мұғалімдеріңнің өзі іздеп тауып оқытады, оқу бөлімінен қағаз жібереміз! Шешең өз еркіңді өзіңе беріп және разы болып қайтады.
- Рас па, аға, барған соң әке-шешем... маған ұрыспай ма?
- Ұрыспайды, енді қалың малға сата алмайды, - дегенімде қыздың көзі оттай жайнады:
- Олай болса осының малын түгел-ақ қайтарта аламысыз? Онысызда күн көрерлігіміз бар болатын...
- Не үшін, ол бай емес пе?... Адам басын малға сатып аламын дейтін сенімін селге кетіру үшін, әсіресе шешеңді қыз бермеуге толық көндіру үшін бай күйеудің өзі мойындағанын ғана қайтарса, ол да дау шығара алмайды.
- Сіздерге дау айтып келе алмағанымен, ақсақалдарымыз... ағайын берекесі деп... мені қайта шырмайды ғой?
- Өйтетін болса мектебің арқылы болса да халық істер бөліміне мәлімде. Шалың одан үлкен айыппен кесілетін болады. Өзіне қазір-ақ түсіндіреміз!
- Рахмет аға! - деді қыз, бар дертінен енді айыққандай кең тыныстап кідірді. - «Шалың» демеңізші!
Екеуіміз қатар күлдік. Айыржап кіріп жымия сұрады менен:
- Жә, қарындас қай жаққа шықты?
- Қарындас төңкерісшіл жастар жаққа шықты. Құтқару кесімін мен шығардым, бұл кесімім орындалмаса сіздермен мен дауласатын болып уағда бердім.
- Ойпыр-ау, бізге сен өзің пәле болып тимесең игі едің? - деп арықша ақ сұры Айыржап жарқылдай күлді де, «қарындас» деп атап, ауыз үйде отыра тұруын өтінді. Комиссия орындарына қайта келіп, менің қалай анықтағанымды тыңдап күлісті, кесіміме бір ауыздан қосылды да, шешесімен сөйлесіп көндіруге және қалдырды мені.
Кемпірді шақырып әкеліп отырғыздым да, «апалай» сөйлеп, өз әңгімемді тағы баяндадым.
- Япыр-ай, балам-ай, әлгі қудың малын әлі қайтарып бола алмадық дейсің бе? - деді соңында.
- Иә, әр айлық еңбекақымның жартысын үзбей беріп тұрамын. Бұл былтырғы кесім ғой, шариғат мекемесінің қара үкімі үдеп тұрған кез болатын. Қалың мал енді шектелгелі отыр. Мен де төлеуді тоқтатпақпын.
- Тоқтатқаның дұрыс балам, по, залымын-ай!
- Залымдықта шек болмайды, апатай! Кейбір момын, құдайшыл болып көрінген кісілерде де түбін оайласаңыз асқан зұлымдық жатады. Мәселен, мен бір қыз тусам, -дегенімде кемпір күліп жіберді, - күлкі емес, рас тусам, оным әдемі болса, екі шекесіне тұлым, маңдайына кекіл қойып әлпештеп сүйемін ғой, оның жиі алған демі өз өкпемнен шыққандай, жүрегінің лүпілі дәл өз жүрегімдей сезіліп, бауырыма қыса түспеймін бе? Иә, жан-жүрегім де, өкпе-бауырым да дәл сол жап-жас ыстық дене сияқты сезілер еді...
- Ып-ырас балам, дәл солай, - деп күлді кемпір.
- Әрине, рас, мені де, әлгі айтылған қарындасымды да әке-шешеміз солай сүйіп өсірген, содан сезгенім ғой. Сөйтіп, мәпелеп, сүйіп өсірген қызымызға бар ниетімізбен бақыт тілейміз бе, сор тілейміз бе?
- Өзінің ішін жарып шыққан баласына кім бақыт тілемейді?
- Олай болса қызыл талдай майысып, жаңа өсіп келе жатқан жас гүліңізді - өз қолыңызбен үзіп тастағандай, мектептен шығарып алып, мына қу томарға қалай қондырмақ болдыңыз? Мұныңыз балаңызға сор тілегендік қана емес, оны көктей орып қуратқандық емес пе?...
- Балам, бұл қызымның бақыты осы күйеу деп және өзінің разылығымен беріп отырмын. Бардам орын ғой!
- Өз разылығы болса, «осы күйеуге бармасаң емшек сүтімді көкке сауамын, қарғаймын» деп шегелеп әкелер ме едіңіз?! Балаңызға «бақыт» деп тапқан «күйеу балаңыз» өзіңізден үш жас үлкен екен. Енді он жылда қызыңыз жиырма сегіз жасқа жетіп кемелденгенде, «күйеу балаңыз» алпыс беске жетіп «пайғамбар жасынан» асып қурайды. Олай болса бал балаңызға берген батаңыз: «он жыл мал ішінде жаса да өле қал, көгінен сол» деген қарғыс болып тимей ме?... Бұл - балаңызға берген у, жаңағы айтқанымыздай асқан сұмдық емес пе?...
- По... балам-ай, қайдағы сұмдықты айтып басымды ауырттың-ау!...
- Осы сөзімде сұмдық болса, қане, айтып айыптаңызшы!
- Жоға, тіпті... шын сияқты, бірақ, әлгі, «батаң қарғыс болып тиеді» дегенің өзіме қиын тиді балам... бірақ, енді...
- «Бірақ» деп айтпағыңыздың да ендігісін мен айтайын: сізді қинамаудың жолын тауып қойғанбыз... алдымен біздің үйге барып, шәй ішіңіздер, түс болды. Менде де сіз сияқты шеше бар, ол да алданған қызының басын қырсыққа байлатып алып әрең шешкен кемпір. Шәйін ішсеңіз-ақ басыңыз жазыла қалады, жүріңіз!
- Өзің тіпті қызық сөйлейтін бала екенсің, -дей ілесті кемпір. Ауыз үйдегі қызын ым қағып ерте жөнелдім де, үйге жеткенше ендігі шешімін ұғындырып айтып та болдым.
Алғашында ауыз жыбырлатып қана жатырқай амандасқан кемпірлер шәй іше отырып жәмпеңдесе кетті, қыздарының мұңын айтысып, жыласты да күлісті. Қырық жылдан тату абысындардай тізелесе қалып күбірлескенде екі қарындас оларға қарап қойып, сық-сық күлумен болды. «Шал қалыңдығы» тіпті масайрай қарап жымиды маған, «орындадыңыз» дегені сияқты, еркіндік көліндегі ақ шабақтай жалтылдап, қуана шыққанын байқадым.
Түстен кейінгі аз күбірлесуден соң комиссия өз шешімін жариялады да, қыз бен шешесін жолға салды.
Он сегіз жастағы қалыңдықтан айрылып, өзі айтқан «сегіз қарасының» қағазын ұстап отырып қалған «күйеу» үнсіз түксие түсті бізге, наразылық пікір бастағалы отырғанын түсіне қойдым.
- Ортаншы балаңыз он тоғыз жаста, рас па? -деп мен де түксие сұрадым, - кенже балаңыздай қызды қалыңдық етіп, малыңыздың күшімен тоқалдыққа алмақ болғандығыңыз үшін қанша айып төлейсіз, енді соны айтыңызшы!
Түксиуін қойып тұқыра түсті «күйеу»:
- Қайран малым, қайран малым! - деп басын шайқап-шайқап жіберді аз кідірістен соң.
- «Қайран малың» қайтты ғой өзіңе, - деп Айыржап түйілді, - қызбен «өзім сөйлесіп келістім» дедің, міне делоңа жазылған. Ол өтірік болды. Өзіңнің кіші балаңдай қызды төрт-бес жас үлкен балаңа шеше етпек болдың! Оның өзіңнен үш жас кіші шешесін өзіңе ене етпек болдың... қалың малға берген сегіз қараң енді он алты қара болмақ па?
- Шынында... шынында, жасау-жабдығына деп берген екі өгіз бен отыз екі еді, қарақтарым! - деп күйеу жалтақ-жалтақ қарады бізге.
Айыржап қарқылдай күлді де, Мыңбек ыршып тұрды орнынан:
- Айып салу керек мынаған!... Сонша қайталап сұрағанымызда «сегіз қара... сегіз ғана» деп отырып алып, енді не деп былжырағаның? Кімді алдап, кімді ақымақ еткенің бұл?
- Берген малы қанша болса да салауат, айып оның үстіне салынсын, -деп әйелдер өкілі түрегелді, - малды шалдардың мұндай нәпсісін тию үшін қатал шара қолдану қажет!
- Ашумен айтылып қалыпты шырақтарым, сегіз екені рас, сегіз болатын, - деп жалт берді шал...
Айыржап айтарын қазіргі заң жобасы туралы түсінік бере келіп тұжырды:
- ... Демек, өзіңзден жас парқы осыншалық ашлақ. Мектептегі жас қызды шырмаған қалың малыңыз қанша көп болса, соншалық айып төлеуге тиісті едіңіз. «Сегіз қара» дегендігіңіз үшін ғана қайтарылып отыр. Енді даулассаңыз ол да қайтарылмайды!...
Күйеу шал мұнан соң «шатақ шығармауға», «қыздың әке-шешесіне қайтадан сөз салып, дау жаңғыртпауға» тіл хат беріп, «сегіз қараның» қағазын қойнына тыға қойды...
Ертеңіне түске жақын Айыржап мені тағы шақырды. Оспан Молдекеуміздің арамыздағы делоны жайып салып отырған үстіне кірдім. Кешегі мәселенің қалай шешілгенін Тұрған Әлиевке баяндаған екен. Қыз бен шешесінің идеясына үлгі болған Биғайшаның бостандығын айта келіпті де, менің он бес қараға қалай жығынды болып, айлық еңбекақыммен төлеп жүрген жайымды қоса түсіндіріпті. Орынбасар әкімнің көзі бадырая қалып, «тоқтатсын» депті жалғыз-ақ.
- Оспан молданың берген барлық батасын енді өзіне қайтарып беретін болдың, -деп Айыржап қарқылдай күлді, - «он бестен бірі өтелді» деп пе едің? Қалған он төрті салауат!...
Көреген тергеушім, үш аймақ кері төңкерісіне сіңірген еңбегімді айт деп шақылдап едіңіз ғой бір күні. «Кері төңкеріс емес ол, нағыз төңкеріс» деп «бетбақтық» қылғанымда найзаңыз көмекейімді көсей жаздаған еді ғой. Соныңыздың шын көрегендік екеніне бұл тарауда өз көзіңізді де жеткіздім білем. Азық бола салатын алал пенделеріңізге қыз түгіл берген малының қылшығын да қайтармай тонап жүргенімді көрмейсіз бе? Сол бір қара дәуірдің «қарақшы өкілі» қылмыс тұзағыңызға басын өзі сұқты, міне!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»