Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІІ
Көше бойына созылған керме қызыл тулар көпірдің де үш жерінен керіліпті. Рашеткасының ұзын бойына ұрандар жапсырылған. «Көсеміміз Ахыметжан Қасымиға ұзақ өмір тілейміз», «батыр қолбасшымыз Ысқақбек жасасын», «ұлттар ынтымағы жасасын», «халқымыздың еркіндік-теңдігі жасасын», «егіс науқанына жалпылай аттаналық» деген ұрандар өздігінен айқайлап тұрғандай айқын жазылған.
Мектеп оқушылары мен қала халқы өзен жағасынан «Күрті көшесінің» басына дейін созыла сапқа тұрып болғанда, тегіс жолдан бұлдырап көрінген екі «победа»* зымырап лезде жетіп келді. Қарсы алушылар дуылдай ұран көтерді. Автомобильдер тоқтай қалды. Алдыңғысынан ықшамдап қана тегістелген қою қара мұртты, қара қасты, ақ сұры кісі мол қара палтосымен жеп-жеңіл ыршып шыға келді де, оң қолын бас изей көтеріп, сәлем білдірді, алдына амандаса барған аудан басшылары мен жұрт ақсақалдарының барымен де қол алысып, кейбіреулерімен құшақтаса амандасты. Ахыметжан осы еді.
ІІІ
Көше бойына созылған керме қызыл тулар көпірдің де үш жерінен керіліпті. Рашеткасының ұзын бойына ұрандар жапсырылған. «Көсеміміз Ахыметжан Қасымиға ұзақ өмір тілейміз», «батыр қолбасшымыз Ысқақбек жасасын», «ұлттар ынтымағы жасасын», «халқымыздың еркіндік-теңдігі жасасын», «егіс науқанына жалпылай аттаналық» деген ұрандар өздігінен айқайлап тұрғандай айқын жазылған.
Мектеп оқушылары мен қала халқы өзен жағасынан «Күрті көшесінің» басына дейін созыла сапқа тұрып болғанда, тегіс жолдан бұлдырап көрінген екі «победа»* зымырап лезде жетіп келді. Қарсы алушылар дуылдай ұран көтерді. Автомобильдер тоқтай қалды. Алдыңғысынан ықшамдап қана тегістелген қою қара мұртты, қара қасты, ақ сұры кісі мол қара палтосымен жеп-жеңіл ыршып шыға келді де, оң қолын бас изей көтеріп, сәлем білдірді, алдына амандаса барған аудан басшылары мен жұрт ақсақалдарының барымен де қол алысып, кейбіреулерімен құшақтаса амандасты. Ахыметжан осы еді.
Ұртына иіле өскен ұзын қара мұртты, формалы киімді жуан генерал леитенант кейінгі «победа» есігінен сығылып әрең шықты, қарсы алушылармен чес бере келіп қол алысты да, Ахыметжанның оң жағына өтіп қатарласа мамырлады. Бұл кісі - Ысқақбек болатын. Ұзаққа созылған халық тізбегінің шатырлаған қол шапалағына Ахыметжан қол шапалақпен, Ысқақбек чеспен жауап бере жүрді, өзен жайылмасына жеткенде түсірді қолдарын. Автомобилдері еріп келе жатқан халықтың соңында қалған. Ахыметжан аттамалардан кідірмей аттап өте шықты да, екінші тасқа аяғын енді басқан генералға қарап күле қалжыңдады:
- Байқаңыз, дәуім, құлап түссеңіз өзен бөгеліп, қаланы су басып кетер. Сізді көтеретін кран жоқ.
Генерал бұл сөздің қаруын аттама сайын бір үзіп, аттай қайтарды:
- Сіз қорыққандығыңыздан ... секіріп... қашып өттіңіз... біз бұл енеңді ұройындың... желкесінен... былай... башып өтеуіз!
Көпір аузындағы керме туға қарап тұра қалған Ахыметжан иегін уыстап, сылқылдай күлді. «Көсеміміз Ахыметжан Қасымиды қызу қарсы аламыз», деп жазылған ту еді. Өзін «көсем» атауымызға ұялып күлгенін клуб залына кіріп барғанында түсіндік. Сахна маңдайынан өзінің үлкейтілген суретін көріп, тағы да күліп жіберді, шатырлаған қол шапалақ арасымен сахна мінбесіне мырсылдап күле жетті, бір қолын көкірегіне қоя сәлем берді де, сөзді осы жөнінен бастады:
- Бізді мұншалық қарсы алғандықтарыңызға шексіз борыштымын. Менде сіздер үшін алал қызметкерлік қана бар, бірақ «көсемдік» жоқ, -деп алып қарқылдай күлді, - мені бұлай атап қыжыл* етпеулеріңізді өтінемін. «Әпенді» аталуымның өзі де жетіп асқан. - Зал ду күлкімен шатырлай жөнелді. Ахыметжан қолын көтере сермеп, қол шапалақты тоқтата жалғастырды сөзін - біздің демеушіміз де, жебеушіміз де, ақыл-парасатымыз да, күш-құдіретіміз де коммунистік партиялар, әсіресе Жұңго мен Совет одағы коммунистік партиялары. Адамгершілік дүниесінің ең жоғары биігі - «көсем» дейтін атау сол партияларға ғана тән!...
Ұзаққа созылған қол шапалақты «өз ортамызда сөйлеп тұрған көсем» бұл жолы әрең тоқтатты. Енді Жұңго коммунистік партиясының төңкерістік ырықты қимылынан алып сабақтады сөзін. Бүкіл мемлекет көлемінде азат болған райондарды атап көрсетті де, мұнан соңғы қызмет-міндеттер жөнінде нақтап түсіндіруге кірісті.
- ... Біз үш аймақ халқының өз күшімен ғана гоминдаңның жүз мың армиясын Манас өзеніне қаратып байлап өтеміз, - деді бір сөзінде, - қара тұяғынан хал кетіп, бөксесінен жаншылып келе жатқан Жяң Жиеші жан таласуда. Үш аймақтың он екі мыңдық қана армиясын шайқап тастап, сол жүз мыңымен өзін қорғауға асыға құтыруы мүмкін. Біз онысына армиямызбен ғана емес, бүкіл өлке халқын аттанысқа келтіру арқылы жауап бермекпіз. Төңкерісшіл жастар ұйымын ұйтқы еткен халықтық зор одақ құрамыз. Бұл «Шынжаңда тыныштық пен демократияны қорғау одағы» деп аталып, Үрімжі гоминдаңының уысындағы жеті аймақты да қамтиды. Сөйтіп, төңкерістің отын өлке бойынша лапылдатамыз. Қане, жүз мың «батырын» қымырлатып көрсін!...
Ахыметжаннан өздерінің теңдігі туралы сөз шыққанда залдың әйелдер отырған жағы қозғалақтап, орындықтары сықырлай түсіп еді. «Салмақтарын бөкселеріне түсіре қоюларын қарашы» деп Өмірбек күле сыбырлады маған. Тұсымыздағы Меһірге жалт қарасам, екі қыздың оны екі жақ бүйірінен түрткілеп, күлісіп отырғаны байқалды. Одан үш қатар артта отырған Әлия маған көз қырымен жымия қарап қойды, мен оған тағы да мұңдана қарадым...
Әнеу күнгі Өмірбектің сәлемінен соң Әлия мені ыңғай соның үйінде қарсы алатын болып еді. Бұрын қосақтарын жазбайтын бұл екі қалыңдықтың жұлдыздары әлі де жараспай жүргенін осы алшақ отырыстарынан байқап, күмәнім тағы да қоза мұңайғандаймын.
Бастықтар клубтан шығып, жиын тарағанда, Меһірге бүгін кеш сағат тоғызда сөйлесетінімді айтып өте шықтым. Уақытты кешірекке белгілегенім Әлиямен бүгін ол үйде кездеспей, көшеден қайтару үшін еді.
Әлияның жолын күн батқаннан ымырт жабылғанша тосып, бұрынырақ өтіп кеткенін сездім де, Өмірбектің терезесінен келіп сығаладым. Әлия Меһірмен оңаша сөйлесіп отыр екен. Есікке ақырын баса жетіп, тыңдай қойдым. Бірақ, Әлияның сөзін ести алмай қалдым.
- Опасыз демей не деймін? - деді Меһір, - Биғабіл енді бір ай кешіксе мүлде танымай кететін едің. Махаббат деген солай бола ма екен?
- Мен оны ұмытқаным жоқ.
- Олай болса, хат жазған әнеу бір офицеріңді не үшін уақытында тойтармай, салпақтап ере бердің?
- Тойтарғамын, қасам ішейін, жүргенім жоқ онымен! Өзіңе де айтып едім ғой, Меһір, бірақ, өзі соңымнан қалмай қойды... және Биғабіл жай қызметке емес, соғысқа кетті ғой, тірілігінен де қауіптендім. Хат келмей қойды емес пе?...
- Іһі, сол сенің мақсатың, «бірі өлсе біріне барамын, мұның да көңілін қалдырмай жүре тұрайын» дегенің ғой!
Бір офицердің қыста Әлиямен қақпа сыртынан сөйлескен сөзі есіме түсе кетті: «расын айтыңызшы, не үшін?» «кейін естірсіз» - Әлия осы жауаппен қақпасын жауып алған ғой. «Бұл жігітпен оншалық қойындасып кетпегендігін осы сыпайылықтары айқындамай ма?... Бірақ...»
- Жоқ, Биғабілді ешқайсысына айырбастаған емеспін, аясаңшы мені Меһір! - деген Әлияның жалынышты ақталу сөзі тағы естілді. «Ол офицерге айырбастай қоймағаны рас» дедім мен тағы да ішімнен анықтап. - «Бірақ...»
Осы «бірақтың» салмағы денемді баса түскендей, ауырлығын бір аяғымнан бір аяғыма ауыстырғанда еден сықырлап кетті білем, «біреу келді» деп күбір ете түсті Әлия. Меһір жетіп келіп есік ашқанда бірге ұмтылған қалыңдық мені көріп қалды. Үйге кіріп орындыққа отыра қалжыңдап амандастым. Меһірге амандасқанымда оған Әлияның бас шайқап қалғанын байқадым да, Әлияға амандасқанымда Меһірдің бас шайқап қалғанын көрдім.
- Иә, енді айтпай құтыларсыңдар ғой? -деп күліп жібердім сонан соң.
- Нені? - деді Меһір. Әлия ағара түсіп қызарды.
- Ішектеріңдегіні емес, жүректегіні ғана... жүректегі «асылды» жүрек таппай қоя ма?!
- Сөйлеспек екенсіңдер, мен қарсы үйде отыра тұрайын, - деп Әлия жеп-жеңіл басып шыға берді. Көз жасын сүрте шықты есіктен.
- Сенің не туралы сұрайтыныңды Өмірбектен естігенмін, -деп күлімсіреді Меһір маған, - Әлиядан күмәнің бар екен. Менің де... оған қоятын сұрауларым бар еді, сөзіміз аяқтасып қалғанда келдің. Ештеңе де болмапты. Саған алал жүректі екендігіне көзім жетті. Бір офицер хат жазып, соңынан қалмай бірнеше күн ізіне түскен болатын. Ол үшін Әлияны кінәлауымыз дұрыс болмайтын сияқты.
- Мен сені ең адал махаббаттың иесі деп түсінемін Меһір, адал махаббат алдауды білмейді. Әлияны аяу арқылы мені алдай көрме, олай болғанда Өмірбекті де алдағаның.
- Олай демеші, олай демеші! - деп Меһір нарт жана қызарды, қоңырша кең көзі бадырайып шыға келді. - Рас, оның көз жасын да аяйды екенмін.. сұрашы, білгенімше айтып берейін.
- Сол офицермен ол қай шақта, қанша уақыт бірге жүргенін айтшы.
- Өзім көргенім жоқ, Бақайдан естіп тұрғанмын. Сен қайтудан жарты айдай бұрын кештерде бірге жүргенін екі-үш рет көріпті. Біз «Биғабіл қайтып келетін болыпты» деген соң тоқтап, ондай жүрісті қойған болатын. Бұл анық.... жаңағы сұрағымда сенен хат келмеген соң екі ойлы болып қалғанын білдірді. Бірақ, офицерге сөз бермей келгені рас екен.
- Қойындаспағаны рас, - деп күлдім мен, - бірақ, осындай қалыңдықтан түбінде опа келер ме?
- Сенің тірі екеніңді біліп тұрса... мен жаңа ғана толық түсіндім оны, сен дегенде ерекше екен!
- Сабырсыздығы да ерекше болғаны ғой? -деп жымидым мен, - күйеуі өлген соң оған жүрегін білдіріп жылын күтетін жарларды да ерекше деп атамаймыз ғой?
«Менің намысым үшін құрбандыққа шалынған есіл Нұрияшым» деген ішкі қиналыстан терлей бастадым. Тырнағын шұқылап отырып қалған Меһір күрсіне сөйледі:
- Соғыс... өте қатерлі ғой. Оған қатынасқан жігіттің өзі білмейді... Өмірбектің хаты кешіге қалғанда менің басым қатты ауыратын... бірақ, Өмірбек жиы жазып тұрды. Сен хабарсыз кеттің ғой. Тым болмағанда бір рет хат жазсаң...
- Екі ай ғана емес, үш-төрт ай хабарсыз кететін жағдайға тап болсам қайтпек?
- Биға, мен басқаны білмеймін, мәңгілік тұрақты сенім әрқандай қызға оңайлықпен орнамайды екен... Өз жүрегіңді жұмбақ сақтап, толық сенім байлатпай кеткен көрінесің?
- Ең тереңдегі жұмбағымызды да ашып тастап уәде байласқанбыз, - деп күрсіндім мен, - оны қинап отырғаны да сол, Әлия оны жәй ғана ойын есептепті, бірер ай ішінде-ақ ұмытып, алданыш «кәсіп» іздепті. «Өліпті» деп естісе «мейлі» дей салмақ қой, негізгі мәселе сенімінде емес, мінезінде. Мұны түзету құм арасынан бір қап тары теруден де қиын.
Сөз осы жерге жеткенде Әлия кіріп келді есіктен. Көз жасын парлата жетті де, қатарыма отыра сала еңіреді:
- Мінезіме сенбесең де ақтығыма сендіремін!
Меһір оған күреңіте қарап түрегелді де, шығып жүре берді.
- Адалдығы сенімсіз жардың «ақтығы» тұрақты болатындығына сену қиын ғой Әлияш, -деп күрсіндім мен. Әлия тіземе басын қоя жүгінді, түйіліп алып, әдемі шашын сылай беріппін.
- Тым болмағанда жазған бір ауыз сәлеміңді естісем едім. Сонда да шыдағамын!... Хатын қайтарғанмын. Көшеде... қыздардың үйіне кетіп бара жатқанымда екі-үш рет тосып алып сөйлесті. Жібермей... бірнеше көшені айналдырды.
- Қараңғы кезген қош қыз - қорғаныс ниеті бос қыз пәлеге ұрынбай қалар ма? Иә, ол да емес айтпағым, оны оқыс өтілген іс делік. Офицер дейтін осы бір пәле жабысқанын мен қайтып келіп алғаш көріскен кеште неге айтпадың? Уақыт жетерлік болып еді ғой, міне үш ай өтіпті, қайран Әлия! Бүгін де жасырмақ болып, Меһірге бас шайқадың-ау!
- Бекер сөзбен басыңды ауыртқым келмеді, ісім ақ болған соң... мұншалық мәселе болар деп ескермедім.
- Іһі... әдеттегі ғана... дағдылы іс сияқты...
Сырттан кірген Өмірбек пен шешесінің үні естілді.
- Тұра ғой, мына орындыққа отыршы, тізең былғанды, -деп көтермелеп, қатарыма отырғыза күрсіндім, жүзіме қарай түсіп ол да күрсінді, - шындығында бұл жүрісің алғашқы кезеңімізде өтілсе әдеттегі іс. Қыз дегенің талай жігітпен кезігуге, оларды сынап барып біреуімен табысуға ерікті ғой! Бірақ,... бірақ, менімен одан бұрын мүлде табысып қойғаның ғана, сол ғана ауырлатады осыныңды.
- Қалай, менен еш кінә өтпесе де ме? Оған көңіл бермесем де ме? Сенсеңші, жаным!
- Оны «сен» деп атай қоймағаныңа сенемін ғой!...
Меһір күлімдей кіріп Әлияның қатарына отыра қалды да, Өмірбек келіп қолымнан жетелей жөнелді. Шешесі шақыртыпты. Қарсы үйге кіріп барысыммен ақтарыла жөнелді кемпір. Тәмпіштеу мұрнының бүйірі делдиіп, жайдақтала қалыпты. Өмірбекті «пұшық» ататып қойған осы ана мұрнынан шексіз қуаныш байқап, мен де серпіле келіп отырдым.
- Жә, балаларым, жолдарың болды, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар, - деп бастады аналық сөзін, - құдамыздың ашуы сабасына түсіп қалыпты. Бағана, түс кезінде сөйлесуге бауырсымақтарымның еті тірілерінен екі-үшеуін жіберіп едім. Мына жалғыз екеуміз сол елшілерімізден естіп келдік: «мен өзім ешнәрсе сұрап қысамаймын, бірақ, туысқан-туғандарым көп, соларды разы етіңдер... Олардың жайын мына ханым біледі, сандық ашқанда ұялатындай іс болса қызаратын осы қатын. Өзімен сөйлесіңдер» деп шығып жүре беріпті. Құдағиымның жаздырып қайтарған тізімі мынау... сыпыра кит болса да орташа қалың мал сомасы көрінеді. Басқасы өртеніп кетсе де құдағиымды қызартқым келмейді, осы тізімі - тізім... ой әлгі Бақай қайда, шақыршы!
Өмірбек жуан денесімен борсаңдай жөнеліп, асхана болып жүрген кілетте өлең жазып отырған Бақайды жетектей қайтты.
- Ал, балам, біздің көмекке шақыратын мықтыларымыздың тізімі мынау, - деді кемпір маған тағы бір тізім ұстатып, -өздеріңнің жанашыр достарыңнан кімдер бар тағы, бәрін ертең осы үйге менің атымнан шақырт та, сөзді өзің баста! Беретін ас-суларыңды дайындап қойғанмын.. менің жиғаным отауларыңда ғана ғой, көріп жүрсіңдер, Өмірбек пен Мейірімнен немді аяйын, одан басқа мынау ғана бар менде, - деп, үш жүз сом дегендей үш саусағын көрсеткен кемпір, маймаңдап қазан-ошағына беттеді, - ал, өз отауларыңа барып сөйлесіңдер енді.
Кіші үйге үшеу болып кірдік. Меһір Әлияны құшақтап алыпты, уатып отырғандай. Сонда да қабағы шытынулы, ақ құба жүзі тым ширақ көрінді. Әлияны қатал сөгіп жылатқандай да. Көз жасына өзі шыдамай құшақтаған сияқты. Біз кіріп барғанда түзеле қойды екеуі де, түрегеліп үстел жанына орындық қойысты. Бақай Меһірді басынан сылай құшақтап, маңдайынан иіскеді. «болсаң осындай бол» деп Әлияға көрсеткен ишарасы екенін түсіндім.
Сөзінде жалтарыс, жанында қалтарыс болмайтын тура мінезді Бақайдың өрлігі қара қоңыр жүзінен де шүйілген қырандай айқын көрініп тұрушы еді. Жақтырмаған адамына бір көзін сығырайта үңілетін, отты қоңыр көзінен ұшқын атып, қызғылт нұр жылтырай қалатын. Әлияға олай қарамағаны байқалды. Махаббатын да, ғадауатын да солай айқын көрсететін сол пәлекет «айнадан» Әлияға пәлендей сүйініш те көре алмадым. Құда жақтың аласысы жазылған тізімді үстелге қойып, үшеуіміз үңіле қалдық: екі кілем, үш алтын сырға, меруерт көзді екі алтын жүзік, үш меруерт алқа, қалған көпшілігі шұға шапан, мешпет, торғын көйлектер, сандықтан отыз адам үлесетін толымды «кәде» шығуы керек екен. Меһірге жымия қарап сөйледім мен:
- Басың алтын, көкірегің гауһар, солай екенің рас. Ал түкті кілем неменең және екеу дейді ғой өзін? Төркіндерің сені осылай бағалапты!
Бақай мен Өмірбек қарқылдай күлді. Аңыра қалған қалыңдық ыршып келіп қағазға үңіле қарады да, қызара түсті. Тізімді бүктеп, жан қалтасына салды.
- Артық ысырап, мұнысын өзім түзеймін, қайта тізімдеп өзім апарамын!
- «Қызымыздың өзінен қайтарыпты» демей ме, қой, сен араласпа бұған, - деп Өмірбек қолынан ұстай алды. Қалыңдығы анықтай сөйледі енді:
- Апама ғана көрсетіп, бірнешеуін соның алдында өшіремін! Алтын сырға, алқа, жүзік салатындардың бәрі мені жақтайтын әпеке-жеңгелерім. Олар алмайды, біздің кедей екендігімізді біледі және бәрі де әйелдер ұйымының мүшесі.
- Сонда да тізімді сен қайтарып апарма, бізге ұят келеді. Шектесең өзің ғана оңаша айтып шекте, шешеңе олардың өздері айтсын!
- Мақұл, бұларды есепке қоспаңдар!
- Мейіржан! -деп енесі шақырды ауыз үйден. Тізімді тастай сала жөнелді Меһір, -не деп дауласып жатырсың, жарығым-ау?! - деп күбірлей сұрады енесі, - құдағиымды ренжіт деймісің?
- Сіз де көңілшексіз апатай, айтып едім ғой, алқа-сырға алмайды олар. Көңілі деп байларға тоната бермейік деймін!
- Е, табылса аярым жоқ, сенен тағынсын олар да!
- Олардың өздерінде бар, апа, дос болса бізді сынамайды.
- Жә, көрерміз, мына құрбыларыңа құятын бірдемелерің бар ма еді? Алдымен шәй жаса! Бүгін табанымнан таусылдым балам, енді жатайын...
Өз тілектестерімізден ертеңге шақыратындарды тізімдеп болдық та шәйға отырдық. Дастарқанға бірге, менімен қатар отырса да достарының назарынан түсіп қалғандай жүдең тартқан Әлияға жаным ашыды. «Сонша ұзақ сарылып мен үшін отыр ғой осында, шын сүймесе бұлай мүсәпірсіп жаутақтамас еді, «күмәннан иман қашады», қайран сұлу жазықсыз жәбірленіп қалар ма екен? Жоқ, тіпті қалай қиярсың» деген оймен қарап қойып едім. Түрегеліп сырт киімін шешті де, алғаш табысқандағы зеңгір жібек кофтасымен лыпылдап ауыз үйге шықты. Ұзақтан келген мейманша отырып қалғанын енді сезген сияқты, көмектесе кетті Меһірге. Қуырдақ әкеліп қойып, есік жақтан шәй құюға отырды. Бір шәйнек сыра мен бір бөтелке арақ алып кірген Меһірге менің қатарымдағы өз орнын нұсқады.
- Неге? - деп күбірледі Меһір, - араларыңа отырмақпын ба? Екеуің бүгін менің мейманымсыңдар.
Әлияны қолтығынан көтеріп, маған жабыстыра отырғызды. Бетін басып өксіп қалған Әлияға аңтарыла қарады Өмірбек. Бақайға бұл жәйт таңданыс та, таңсық та емес сияқты, тіпті қарағысы да келмейтіндей, басын төмен салып, қуырдақ асай түсті, Өмірбек екі рюмкаға құйылған арақты Бақай екеуміздің алдымызға қойып, бірін өзі ұстай түрегелді:
- Тоңып тұрмын, келіңдер ішелік!
«Тоңуы» Әлия жөнінде айтылғандай сезілді маған. Анықтай түскім келді:
- Басытқы үшін Әлияның бетінен сүйсең ішейін!
Бақай жауапсыз қағып салды да маған ұмтылды:
- Сенің өз маңдайыңнан жақсы басытқы жоқ маған, - дей сала сүйіп-сүйіп алды.
- Әлияны да сүйші! - деп шындап өтіне қарадым, - ұятсынсаң бағанағы Меһірше маңдайынан иіскеші!
- Меһірдің жөні басқа ғой, - деп елеусіз күрсініп жіберді Бақай. Төмен қарап отырған Әлияның нарт жана қызарғанын байқап, көңіл жыртпас сөзге жалтарса да, жалаңаш шындығын жасыра алмады, - жаңа табысқансыңдар ғой, өздерің сүйісіп болыңдаршы алдымен. Өз арағыңа басытқы болар ма екен, көрейік!
- Шын достар сүйсе шын басытқы болар деген оймен әдейі өтініп тұрмын, - дегенімде Меһір елең қатты. Езбе сөзіміздің мәнін енді түсінгендей, Өмірбекке «сүй» дегендей жасыра ымдады. Өмірбек жымия түрегеліп, артынан жетіп келгенде Әлия бетін баса сықылықтады.
Мұның бетіндей беттен сүймеген жігітте жігіттік бола ма? -деп Әлияның мойнын қайыра төнді де, маңдайынан сүйіп-сүйіп жіберді Өмірбек.
- Менің көңіліме бола сүйгенің үшін көтердім міне, - дедім де қолымда тұрған рюмканы аузыма төңкере салдым. Сыра құйылған екі кесенің бірін Меһір Әлияға ұстатты да, құлағына сыбырлап жіберіп қағыстырды. Мен рюмкама арақтан тағы құйып алып сөйледім, - шіркін, турашыл ақынның жүрегі-ай! Тастан қайтпайтын сол қатал жүрек жақтырғанына қорғасынша балқиды ғой? Міне Бақай, сенің сол жүрегің үшін бірді артық ішейін, - деп тағы қағып салдым да, Бақайдың көйлегінің түймесін ағытып жіберіп, жүрегінің тұсынан сүйдім. - Ақын ғана емес, бүкіл адамзат сүйетін бір жүрек үшін ішелік! - деп толтыра құйдым ыдыстарға. - «Құбылмай шын сүйсе екен кімді сүйсе, бір сөзінде тұрса екен жанса-күйсе» депті Абай. Сол ұлы Абай арман еткен жүректен айналып кетейін!... Мынаны Меһірдің дәл сондай жүрегі үшін іштім!
Бақай бұл сөзді қуаттай көтергенде Өмірбек ішіп салды да:
- Сүй! - деп қырылдай бұйырды маған. Меһірдің қасына барып, сыра кесесін қолына ұстатып қағыстырдым.
- Артық мақтап жібердің ғой мені, - деп Меһір күле түрегеліп ішті. Қасындағы Әлиядан сырт бұрыла сыбырлады маған, - не үшін бұлай сөйлегеніңді түсінеді, жетті, қатты сөйлеп қойма, өзіңдік! - дегенше бетінен үш рет сүйіп үлгіріппін.
- По, Құдай сақтасын, - деді Өмірбек жымиып, - мен онікін ақтап сүйсем, менікін мақтаған болып, нақтап сүюін қарашы! ... Жә, Бақай, - деді тағы да бір рет қағыстырған соң, - әрең алғалы отырғанымызда елге сүйгізе бермей үйіне апарып салайық.
Арақ басыма өрлеп шыға келді. Олар кетуге ыңғайланғанда кереуетке құлай кеттім. Меһір басыма жастық қоя келіп, тағы сыбырлады, - Бақай ағаның титтей кемшілікті таудай көретін мінезі бар, өте күдікшіл. Маған сен! Саған ешқандай жамандық келтірмейтініме сен! Әлия мұнан соң тіпті жақсы болады. Ал, кеттім.
Мен үнсіз жатып қалып ауыр күрсіндім бір шақта:
- Сол титтей «кемшілік» дегеніңді тудырған мінез таудай сойқанды да тудыратын мінез ғой!..
Маңдайыма жұп-жұмсақ алақан тиді:
- Жоқ, тіпті де олай болмайды, жаным, - деп сылағанда Нұрияның үні естілді.
- Нұрияш! - деп тарттым құшағыма. Үстіме құлай кетті. Көзімді аша қарадым, Әлия екен, екі қолым екі жаққа сылқ түсті. Өксіп-өксіп қалғанымда ол солқылдап жылай аймалады. Қолтығынан итермелей көтердім, түзеліп отыра қалып солқылдады. Шам жанып тұр. Әлия маған қарай-қарай егілді. Түрегеліп барып костюмының жан қалтасынан қол орамалын әкелді де, көзімді сүрте өксіді.
- Не болды жаным, осынша? - деп шиқылдады.
- Сен үшін емес, -дей салып, аңыра қарадым, жат әйел сияқты, танымағандай ұзақ қадалдым. Өз көзін сүрте отырып, ол да қарай берді.
- Үйіңе апарып тастайын ба?
- Кеш болып кетті... айтып шыққамын.
Із жасырғыш әжесінің «қасына жатуды» айтып шыққанын түсініп, күрсіне қарадым. Ол да күрсіне қисайып, қатарыма жатты. «Есік» деп күбірледім, «ілгемін» деп ол күбірледі. Жүзінен көз алмай қарап жата бердім, ол да көз алмады. Күрсіне бердім, күрсіне берді...
Жүзімізге қимай қарасып, ішімізге симай күрсінісумен таң бозарттық.
- Қайран Әлия, -деп түрегеле беріп едім.
- «Қайран» демеші! - деп, басын көтере құшақтап сүйе берді, - ешқайда кеткенім жоқ қой! Мәңгіге қасыңда боламын.. сендіремін... тіпті де айрылыспаймын! Сенен басқа ешкімге де!...
- Осы мен рас сенбей кеткенім бе? -деп құшақтап қайта құладым, - соншалық тоңмойын, соншалық күдік-күмәншыл болғаным ба? Сенгенім жақсы ғой, сенейінші, сенейінші! Сендірші жаным мені!... Опасыз боламын ғой, құтқаршы мені!... Құтқаршы осы оңбаған пейілімнен!...
Қатты қысысып, құшысып, демі қысыла үзе-үзе сөйледі Әлия:
- Қайтемін енді, міне... міне... бұдан артық... қалай сендіремін енді! Міне!... Хат жазбай қойғаның жаным... бір рет... бір рет болса да... сен тұрғанда... сүйем бе оны?..
Осындай есалаң сандырақтардан есімді әрең жиып, тағы да үнсіз қарасып жатқанымызды сездім бір шақта.
Терезеден жарық түсіп, керексіз болып қалған шамды өшірдім де, қалыңдық жамылышын қымтай шықтым...
Өмірбектің үйіне түс уақытында шақырған жиырма неше ауқатты жақындары жиналды. Ыңғай қазақ саудагерлері. Сөзім жақсылап «сарқа сауатын» сөз болған сияқты, барынша толық «иіп» атады жәрдем-көмектерін. Есебімше шартты сандық толатындай ақшаның тізімі алынды. Сол екпінмен кешкілікке қызметкер достардан жиырма шақтысын саудагерлерден артылған дастарқанымызбен шақырып едік, олар тіпті «күйсей иіді».
Қонақтар тарасымен шешеміздің жомарттығы қайнай жөнелді: «құданың өзіне...», «құдағиымның өзіне...», «әлгі Мейіржан алқа-сырға бермейміз деп еді, енді онысын итім тыңдасын... бар болған соң тақыстық етіп не керек... айналайын қазағымнан» деп есіп отырғанында Меһір мен Әлия кіріп келді.
«Алқа», «сырға», «жүзік» деп аталған алтындарды әпеке-жеңгелерінің алмайтын болғанын Меһір сыбырлай айта келіп отырды қасыма:
- Шешелеріне өздері кіріп айтатын болды. Ол «шығындатпайық» деп мықты тұрса әкем де көнеді, үкімет заңына бағынғыш болатын. Кешегі Ахыметжан әпендінің сөзін де естіді. Осы жолы «алтын», «жамбы» демей көнуі де содан. Енді алтын сырға бермедің деп айныса, - деп сыңғырлай күлді Меһір, - кейінірек өзіне бір сырға тағармыз, былтырғы қылқындыруынан көңілім жаман қалыпты! -деп күрсінді сонан соң...
Кешкіліктің ең соңғы қонағы болып Бақай мен Әлия үшеуіміз тағы отырдық дастарқанға. Тағы да сол орнымыз. Бірақ кешегідей жылау-тергеусіз, рахат күлкімен отырдық. Біз күлісе берген соң Бақай да күлді. Бірақ, қалыңдығымды тағы да сүймей қойды. Онысына біздің де ешнәрсеміз кете қоймады, өзіміз «Горки» ойнадық. Тағы да қонып қалудан ұялып, ымдастық та «ерлі-зайыпты» үшеуімен бірге шықтық қақпадан. Үшеуі солтүстік көшеге, екеуміз оңтүстік көшеге бөліне жөнелдік.
«Қайран Әлия!» дейтін суық сөз кейде сумаң қағып, жүрегімнің бір жерінен өте шыққандай болса да, орнын ашытпай жағыла қалатын дәрі бардай, зардапсыз өтіп келе жатты. Ол дәрім - сүйісу сияқты, аспан буалдырынан «ең өжет» жұлдыздар әрең «көретіндей» қараңғы көше олай кідіруімізге орайды мейілінше жиі берді.
Ойымда тергеу, жолымда тектеу болмай осылай келе жатып, қалыңдыққа тағы бір сұрақты қойып кеп қалыппын:
- Арысбекті танимысың сен?
- Танымай, ол менің нағашым емес пе, өз шешемнің туған бауыры... оқудағы кезімде сабағыма көп көмектесіп, көп түсіндіретін.
- Е, ол да тәрбиешің екен ғой? - дей салсам да, демім ішіме тартыла қалғандай болды, - бәсе...
Қақпасына жақындап қалған Әлия паналы үйеңкіміздің түбіне тарта келіп тоқтады. Қоштасардағы ернім болсаң тиді білем, құшағымды жазып, енді бұрыла бергенімде қайта ұстай алып, құйқылжи ұмсынды. Көңілін бейжай ете берудің мәнісі жоқтығы есіме түсіп, қайтадан құшақтастым да ұзағынан өзінше «сендіре» сүйіп айрылыстым...
Ертеңіне таңертең қызмет бөлмеме кірісіммен Шәкербай қолындағы қағазын сілкілеп, алқын-жұлқын жетіп келді:
- Ойбай, Биғабіл қайдасың, тез жөнел, сегізінші район мектептері жабылып қалғалы тұр... Әрбірінде он-онбестен ғана оқушы қалыпты. Ел қыстаудан түскен соң балаларын тартып ала жөнеліпті.
- Ол районға міндеттелген инспектор қайда жүріпті?
- Мынау - соның хаты, міне, оған да, мектеп меңгерушілеріне де бойбермей әкетіп жатыр екен! «Малымыз қыстан көтерем болып күйсіз шықты, төлдеп те жатыр, соған қарасады» деседі екен. Міне, көрші өзің... аужайларын көр де, қайтсең де жылдық емтиханға қарат! Қыр мектептеріне енді он бес - жиырма күн ғана қалды ғой, сенің қолыңнан келеді бұл, бұйрық осы, тез жөнел!
- Мұны шешу үшін аудандық үкіметтің мыңбекке жазылған бұйрығы керек қой, жеке адамның бажалағына бітетін іс емес бұл!
- Ойбо...й, шартыңның көбі-ай, шырағым, қызмет басып жатпай ма? Әкімнің өзі көп жұмыс тауып отыр саған, Ахыметжан әпендінің алдыңғы күнгі нұсқауын бар районға жеткізіп насихаттауға сені жібермек болып отыр, менің зарымды тыңдай ма? Тезірек кетіп қалсаң үгітке басқа адам шығарады. Ат қорадан бір атты мін де, үйіңе барып дайындала бер, бөлім қатынасын артыңнан жеткізіп берейін! Айтпадым ба, келді міне, жұмыс шықса-ақ бізге жүгіреді. Ал, түпкі бөлмеге тығыла тұр! - деп үлгіргенше бас хатшы кіріп келді. Мен күліп жібердім:
- Сөзді соза беруіңізден тығыла алмай қалдым ба?
Аудандық үкімет таңбасы басылған мықты таныстыруды сол районға жүргізілетін үгіт қызметімен қоса тапсырып ала жөнелдім.
Жай ғана сырма мешпет-сыммен жүретін, беті тозып болған сахара инспекторлары мен мектеп меңгерушілеріне, мұғалімдеріне қарағанда салауатым жоғарырақ сияқты: сырма мешпеттің сыртында жылтыраған қара құрым палтом бар, сырма сары дегнал сымым да жай ғана емес, бота тірсек «галифе» еді, осылар қала иісімді мүңкіте жеткізді қоналқы мыңбек ауылына.
Ертеңіне таңертең бұйра буырыл шашымды сипай шығып, жусанды даладағы бір топ шиге бет алдым. Бұл жаздық көктеуде содан басқа «дәретхана» болсын ба. «Өкіл шығыпты қаладан», «өкіл келіпті» дескен үндер әрбір есік алдында тұрған еркектерден киіз үй ішіндегі балаларына естіліп, шұбырта шығарды сыртқа. Баяғы жалаңбұт Биғаділдердей қара шұнақтар «өкіл, ей, өкіл» десіп айқайлап қарата берді мені. «Үй, айқайлама, құлағыңды кеседі» деп тоқтатады үлкендері. Жымия барып, жымия қайттым. «Өкіл» аталғаным емес, ашық көктем күнінің таңертеңгі тұнық ауасы мен жусан бүрінің аңқыған иісі сергітіп, тыңайтып жіберіп еді. «Биғаділ екеуміздің жусан шабатын шағымызда осындай түпті, наржусан кезікпей-ақ қойып еді-ау, - деген оймен жымидым, - бір арқаны лезде-ақ толтырасың ғой!»
Ел жата жетсем де сұры жанбасын қайта асқызып, қонақасы берген мыңбегім - ана жылғы Омарбек елубасы еді. Қырық бірінші жылы жазда театр қоя шыққанымызда, Қиялзат екеуміз тас үстінде отырып таңданған жемеңгер елубасын қайтып ұмытайын. Жалаңаш кедей қоңсыларын қамшымен бүріп жібермеп пе еді. Ол танымаса да әйтеуір «өкіл» болған соң сыйламай ма. Сол шоқша сақалды жуан қара, мыңбек болған соң тіпті жуандап, шердиген жайын қараға айналыпты. Сондағы елу басылығымен жер қайыстыра байыпты да, сол байлығымен «дін исламдық», «Шығыс Түркістан» деп естілген төңкерістік үкіметке жәрдем малды төгіп-төгіп жіберіп, мыңбек бола қалыпты.
Таңертеңгілік шәйға отырысымен аудандық үкімет қатынасын ұсындым.
- Е-е... солаймын деңіз! - деді Нәнси «оқып» шығып дастарқан шетінде жүгініп отырған шегір көз жылмаң сары мұрттыға ұсынып еді, ол ыршып тұрып, қос қолын соза ұмтылды қатынасқа. Қайта жүгіне сала жария оқыды, хатшысы екен:
- Ал тақсыр, не бұйырасыз бізге, қызметіңіз шұғыл сияқты ғой?
- Иә, тым шұғыл, - деп жымидым мен, - бірінші, «бұйыратыным», «тақсыр» деуді қалдырыңыз, мұнан соң ешкімді бұлай атамайсыз! Екінші, қызмет, бүгін осы райыонға қарасты бар мектептің меңгерушілерімен сөйлесіп боламын, қазірден бастап бір-бірден келе беретін болсын! Мектебіндегі оқушылардың жалпы тізімі мен әр кластың жоқтама дәптерлерін осы үйге алып келсін! Үшінші, осы жердегі бірінші жүздігіңіздің халқын ортадағы бір ауылға иә мектепке, ертең дәл сәске уақытында жиғызып беріңіз! Қоныс жағдайларына қарай әр жүздікке айырым-айырым ашылатын жиын бар.
- Жиылыс жайын жүзбектердің өзді-өзіне хабарлай саласың ғой! - деп сыздықтатты Омарбек хатшысына. Тамырымды ұстап, қабағыма қарай қыбырлағысы келіп отырғанын байқадым да, өзіне өктемірек қарадым:
- Хабарлай салу ғана емес, мал жая кеткен малшылардан басқа ер-әйел түгел жиылуына өзіңіз төтелей кірісесіз! Әсіресе сахарадағы әйелдер қауымы әлеуметтік жиынға қатынасып дағдыланбаған. Егер олар келмей қалса, қайта шақыртуға тура келеді. Осыны кесетіп тапсырыңыз жүзбектеріңізге!
- Хұп-хұп! - деп жылмаң сары шыға жөнелді. Бәйбішесінің сүйемелімен мыңбек те түрегеліп, алшаңдай шықты соңынан. Хатшысымен сыртта едәуір күбірлесіп алып қайта баптана келіп отырды.
- Осы мына мұғалімдердің талабы қиын тиіп тұр бізге, - деп кекірді сонан соң, қыстан әрең шыққан малдарын қалай бағар деп ойламайды, түтін сайын тінтіп, бала іздейді, мені де ығыр қылып болды әбден, жаз шықты ғой, енді мына қарбалас шақта қоя тұрса болар еді, соны түсіндіріңізші мұғалімдеріңізге!
Мен күліп жібердім:
- Соны өзіңізге түсіндіруге келдім. Мыңбек ағай! Басқа райондар балаларын түп-түгел оқытып жатыр. Бірақ, сізге қарасты мектептер жабылу алдында тұр екен. Мұныңызды естігенде аудандық үкімет селк ете түсті... алдымен соныңыздың жайын сұрастырмақпын.
- Сұрасаңыз солай, қазір малымыздың бәрі көтерем. Қолғанат болып қалған балаларын әке-шешелері әкетіп жатыр.
- Жылдық емтиханына қаратпай әкете берулерін мақұл көрдіңіз бе?!
- Мақұл көрмеске шарамыз болмады.
- Ассалаумағалайкум! - деп кіріп келді район инспекторы, мыңбек сәлем алмай түксиіп төмен қарай берді, - ау Биғаш, келіп, қапсың ғой, сәтімен болғанын қарашы! - деп инспектор қуана амандасты да, есікке қарап шақырды біреуді. - Ей балам, үйге кір, мына мыңбек атаң көрсін!
Ерні жарылып, бет-аузын тыртыстыра сор бүрген қара бала тартыншақтап кіріп сәлем берді. Жалаң аяғы қожыр-қожыр қотыр, штанының балағы жалбырап тұр.
- Мыңбек, міне мынау - мектебін биыл бітіретін төртінші клас оқушысы, - деді инспектор, - қалған жарым айына қаратпай мектеп жатақханасынан шығарып әкетіп, мал баққызыпты!
- Әке-шешең әкетті ме? - деп мен үңіле сұрадым. Басын шайқап төмен қарай берді бала.
- Мұнда әке-шеше жоқ, - деп инспектор жауап берді, - жамағайын туыстарының көмегімен мектеп жатақханасында жатып оқитын немерелес ағасы бір байдың малын бағады екен. Сол шығарып әкетіп, малға салыпты.
- Ағаңның өз малы қанша еді?
- Онда бір өгіз бен бір сиырдан басқа мал жоқ, - деп күбірледі бала, - байдың малын бақтырды.
- Өзі ше?
- Өзі де.
- Биғаш, бұл былай, - деді инспектор, - немере ағасы көтеремдерді айырым бағуға жетіспей қалып байдан көмекші сұраған екен. «Шақыр анау мектепте жатқан бауырыңды» депті де, өзі бастай қиқулап барып мектептен айдап әкетіпті!
- Мал түгіл әке-шешесі де жоқ жетімді мектептен шығарып құлдануы қалай?! -деп мыңбекке тағы да жымия қарадым.
- Бұған шара жоқ, шырағым, қайсысымен барып шармаяқтасарсың?
- Сізде шара түгіл тегене, тіпті жер шарының жартысын тықсаңыз сиятын бөшке де бар, -деп күліп жібердім, - қазір оны ақылдасып табармыз. Келе ғой бауырым, отыр мына киізге!
Тізімдерін көтеріп меңгеруші мұғалімдер келе бастады. Мектептен ажыратылған оқушылардың тізімін және үйлерінің мал санын қатар әкеліпті. Барлығы кедейдің балалары екен. Жүздіктер бойынша малшыға айналған ондай оқушылардың семьяларындағы малды есептегенде әр ондық ауылға бес бастан ғана келетін сияқты. Бай балаларынан «көтерем бағуға» қалған бірі де жоқ...
- Енді табылды, - деп жымия қарадым мыңбекке, - сіздің шараңыз жоқ емес, заңыңыз жоқ екен, соны ғана тапсақ болғаны!
- Қалай?
- Аудандық үкіметке менімен бірге барып заң үйреніп қайтсаңыз болғаны! Таңданатыны жоқ, ып-рас. «Байдың балалары ғана оқысын, кедейдің балаларына оқу-білім керексіз, олар мал бақсын» дейтін заң да, оны шығарушылар да жоғалған. Оны білмей қалыпсыз. Оны білсеңіз міне, мына тізімдерді көтеремі де, көтеретіні де көп бай балалары тып-тыныш оқып жатыпты ғой, өз үйлерінде көтерем болатын тоқтысы да жоқ мына екі жүз шақты оқушы кімнің көтеремін көтеруге шығарылған? Мұны не үшін, кім үшін тежемей отырсыз? Шара деген, міне, мынау. Ертең барамын да осылардың өз малдарының көтеремі болса тізімдеп, бағатын адамды өз ауылдарынан тауып беремін, тіпті бар малын өзді-өзі ондықтарындағы қайырымды малшыларға қосып-қосып бере салуға да болады. Сонда да әр ондық ауылға бес бастан ғана мал қосылады, ұзаса енді он бес күн ғана бағып береді... Өз қамқорлығындағы оқушыларға жаны ашитын мыңбек, жүзбек, онбасыларға мұның несі қиын? Көтеремдерін байлардың өздері расхот шығарып бақтыруы шарт!
- Ой әлгі Әлімбай келді ме? Шақырыңдаршы! -деп дауыстап жіберді мыңбек сырттан: «бар, бар, келе жатыр» деген дауысты естіп, өзі қолбаңдай жөнелді.
- Өй Әлімбай, мына бұйра басың жұп-жуас сияқты сөйлеп отырып, таудан тас домалататын жігіт екен, -деп тастап даурыға бұйырды хатшысына, - жаз жүзбектерге тез жаз! Оқудағы балаларды дереу қайтарсын мектептеріне, бірі қалмасын, қайтсе де қайтарсын, малы күл болмаса бүл болсын!
- Бағынбайтыны болса алып келсін мыңбектің өзіне. - Деп үйден мен дауыстадым, оқытушылар жымыңдаса келе қарқылдай күліп еді мыңбек қайта кіргенде жым бола қалды. Ырсылдай келіп отырған мыңбекке мен тағы да жымия қарап сөйледім, - міне, шара деген тіпті көп екен ғой, сізді жұрт мыңбектікке білмей сайламағанын түсінеміз, қолыңыздан іс келеді.
- Бұл ел тым қиын, шырағым, оны білмей маған ғана зейілдік етесіңдер. Жақсы келіпсің, өз алдыңда жөнге келтіріп алмасақ, бітпей жатқан талай ісіміз бар, істемейік деп жүргеніміз жоқ, талай кежірлері бар.
- Бар ісіңізді бітіріп беретін мықтыңыз мен емеспін-ау, - деп күлдім мен, - беталысы дұрыс іс «мықтылық» талап етпей-ақ өздігінен біте береді. Мен оқу инспекторымын.
- Инспектормын дейсің бе, мына Әкімжан сияқты?
- Иә, осы кісінің қызметтесімін.
- Біздің бастығымыз осы кісі, - деді Әкімжан аталған инспектор санымнан түртіп қалып, - бүкіл ауданның бас инспекторы!
- Е, бәсе, сөзі өктемдеу көрінеді, - деді мыңбек. «Бастық» дегенге ғана бас иетіндігін білдім де, сонымды үлкейте сайқылағым келді!
- Менің бұл жолғы міндетім көбірек әйелдер қызметі бар, төңкерісшіл жастар ұйымының қызметі бар, мына бала сияқты жетімдерді езгендерді жаншып кеткім келетін мінезім де бар! - дей сала жетім оқушыға бұйырдым, - ертең жүздік бойынша үлкен жиын ашылады, соған кел сөзге бірінші мисалым сен боласың! Киіміңді де сол жерде бүтіндетіп беремін!
- Тағы да әйелдер қызметі бар деймісің, шырағым, оларға да жақынмын деші? - деп піскен сабаша іркілдей күлді мыңбек.
- Иә, оларға кім жан тартпайды дейсіз, өзіңіздің де екі-үш апайға жақын екеніңізді ести келдім.
Әйел үстіне әйел алудың мұнан соң қатал шектелетінін естіп жүрген мыңбек бұл сөзімнен түйткілси қалды.
- Е, баладан кедейірек болған соң, асса алланың, қалса үкіметіміздің қамқорлығында, алдыңғы жылы тағы бір кішілік алып едім шырағым, соны естігенсің ғой? Шариғат мекемесі өзі қосқан. Ой әлгі азаматтарға айтыңдаршы... мына кісіге мал әкелсін!
- Мал сойдыра көрмеңіз, - деп ана жылғы көргенім бойынша азар да безер болдым енді, - маған сойылған бір қойыңыз халыққа он қой салық түсірер! -дегенімде үйде отырғандар ду күлді.
- Бірер қойды кім жемеген, шырағым? -деп үлкен қарабас қойға өзі бата қыла салған мыңбек бір мырзасын шақыртып алып, жетім оқушыға осы ауылдан ескі-құсқы киім жиып беруді бұйырды.
- Ертеңгі жиынға осы қалпында барсын, бүгінше кимей-ақ қойсын! - дегеніме болмай баланы қолтықтай жөнелді дәу жігіт...
Ертеңіне бірінші жүздіктің орта шеніне салынған мектеп алаңына жиналған халықты аралай жүріп, онбасыларын қузадым да қалғандарын жиғыздым. Алғашқы жиыным шала болса кейінгі жиыным құр дала болатындай. Әсіресе жетім оқушыны сорлатқан қарау бай келмей қалған екен. Оның онбасысына мыңбек хатшысын қоса шаптырып келтірдім.
Сөзімді Жұңго-Совет одағы компартияларының осы төңкерісіміздегі ролын, Жұңго халық азаматтық армиясының қазіргі жеңістерін түсіндіруден бастап, бұл жеңістің де біздің жеңіс болатындығының астарынан байларға артын қысып жүруді сездіріп, әлгі Қарау байдың көзін бақырайта қойдым. Мектеп қызметі, әйелдер теңдігі мен қалың мал мәселесі, малшы-жалшылардың еңбегі мен ақысы жөніндегі сөздерім бірнеше көзді бақырайтып, талай көзді жайнатып жіберді, едәуір мәнерлі, әсерлі сөйлесем керек.
Мектеп оқытушылары мен жергілікті инспектор берген «кесірлер тізімі» бойынша қоңсы-жалшы балаларын мектептен әкетуге мұрындық болғандарды жиын соңында алып қалып, мәселелерін енді шақшита түсіндірдім. Бұл «мықты лексияны» тыңдауға қалған мыңбектің өзі де мықталып, курсты озат бітіргендей, алдыма оза түсіп тайпалта жөнелді, екінші, үшінші, төртінші жүздіктерде болатын жиындарды басқартуға өзін ертіп әкеттім...
Тағы екі күн ішінде екінші жүздіктегі істі де осылай бітіріп, үшінші жүздіктің аулына күн еңкейе жеттік. Күтетін қонағы мыңбек, хатшысы мен үшеуіміз ғана болсақ та бұл жүзбек ауыл шетіне арнаулы қонақ үй тіктіріпті. Сұлу мұртты жүзбектің өзі алдымыздан шығып, сонда апарып түсірді. Халықты ертең түске шақыртуды жүзбекке шәй іше отырып айттым да, орнымнан түрегелдім. Қонақ күтіп жүрген торқа киімді, жастау қызыл шырайлы әйел менен бұрынырақ шығып есік ашты, мен шыққан соң киіз есікті қайта түсіре салып, қолыма бүктеулі қағаз ұстата қойды. Тез қимылынан жасырын қағаз екенін түсініп іліп әкеттім де, «дүзге» бара жатып оқыдымп: «сіздер үгіттеп жүрген әділ заң бізге жетпей жатыр. Ішінен зарлаған қарындастарыңыз зорлықпен ұзатылып болғанша жетуі мүмкін емес сияқты. Бұл - жиын ашып келген ауылдарыңыздағы бір бойжеткеннің сәлемі. Менің де сәлемім осы, тұтқынбыз. Кездесіп баяндауыма орай тауып берсеңіз екен!»
Қағаздағы сөз осы ғана екен, бірақ, ат жазылмапты. Үш мейманға бола арнаулы қонақ үй тігіп, оқшаулап күтуінде бір сұмдық барын сезгендей болдым. «Осында бүрсігүні сәскеге дейін бармын. Оғанға дейін өзіңіз ашық келіп сөйлессеңіз, шамам келісінше қорғап қалуға дайынмын. Мектептен сырт бойжеткендерді тауып сөйлесуіме үгітшілік міндетпен ғана келген жағдайым жар бермейді. Менен көрі аудандық үкіметтің халық істер бөліміне арыз жазғандарыңыз ұтымды болады. Дереу жеткізіп тапсырып берейін» деп мен жаздым.
Қайтып есікке жете бергенімде әлгі әйел күлімдей шығып есік ашуға тұра қалды. Жауабын мен де өзінше ұстата қойдым. Күтуші әйел содан бір сағаттай көрінбей кетіп, ақшам бата шәугім әкелді де дастарқан жасады. «қол жуайын» деп түрегеліп, есік жаққа беттегенімде әйел лып етіп, орамал мен құманын сыртқа ала жөнелді, соңынан еріп шыға бергенімде тағы бір хат ұстатты. «Ертең түн ортасына таман, -деп күбірледі қолыма су құя еңкейіп, - әнеу бұлақ бойына, жар қабаққа барып сөйлесуіңізді көп өтінеді.»
Бұл хатта да осы өтініш жазылыпты, арыз жазудың алдында сұрап түсінетін мәселе барын айтып өтініпті. Бұл маңда осы «жеңешесінен» басқа ешкімінің сезбеуі жайлы ескертуі де бар екен.
«Әуейі әлде көрсе қызар біреу ме, - деп ойладым шәй іше отырып, - жоқ, жазған сөздерінің есі дұрыс сияқты ғой. Мынау қонақ үйдің шеттете тігілуі осы қыз жөніндегі құпиялықты жасырып қалу үшін-ақ болған шығар!»
Қонақасы кешірек беріліп, кешірек жатқандығымыздан ертеңіне сәскеде тұрып сыртқа шықтым. Қос етек ақ көйлекті жалаң бас қызқ шапан жамылып, күншығыс жағымыздағы белеңнен түсіп келеді екен. Көз алдымда Нұрияш келе жатқандай, жүрісі де, тұрқы да сол сияқты. Үңіле қарадым. «Бет-бейнесі де солай, соным болғаны ма» деген оймен қарсы жүріп кеткенімді сезбей қалыппын. Мен баратын «дүз» ол жақ емес, жатқан үйіміздің сыртындағы шилеуіт еді. Оғаш жүріс, оқыс қылық болатынына қарамай жеделдете бастым аяғымды. Екі көзім сол қызда. Жүрегім алып ұшып, алқымымда ойнақтады. Ол да менен көз алмай қарап, жақын келіп қалды. Толықша жазық маңдайлы ақ сары қыз, сол Нұрияшым! Шанағы кең көкшіл көзі көкірегіндегі күнмен жарқырайтындай көрінетін нұрлы ойдың көзі ғой!
- Нұрияш!... Нұрияш! - деп қадала қарадым. Қыз басын төмен сала жымиды, сол сүйікті көзін жалт еткізіп амандаса сала қиыстап өте шықты:
- Артыңыздан қарап тұр, - деп асыға өтті «үні де соныкі екен, дәл сол!»
- Нұрияш! - деп артынан қайрыла қарасам өз үйінің алдынан жүзбек, үлкен үйінің алдынан жуан кемпір ғана қарап тұр екен. «Қарап тұр» дегендегі пәлесі осы екеуі иә біреуі болғаны ғой, қызға қайтып қарамай, бел аса жөнелдім. Келе жатқан шаруам да ұмытылып ары қарай кете беріппін. Оң жағымдағы төбешікте бір ересек бала жатқаны түрегелгенде көрінді, маған қарап түрегелді, қойған аңдушысы ма деп қалдым. Нұрияш! Нұрияшым! - дедім күрсіне күбірлеп. - Жау түрмесінде атылған ақ кептерімнің мынау кең даладағы қапасқа келіп түскені ме? ... Батқан күнімнің қайта шыққаны ма?... Менің зарымды естіп қайта тірілгені ме әлде мені Әлияға қимай әкетпек болып келгені ме?... Иә, қайда апарсаң да барайын енді, түстім соңыңа! Бақытым - сенімен бірге болуға ғана, Нұрияш, Нұрияш!..»
Жүре, жүре белді айналып өтіп, ауылдың арт жағындағы шилеуіттен шықтым. Бұл есіруімді мүлде сездірмеуге, Нұрияш енді көрінсе жұрт көзінше қарамай, шыдай тұруға беки түстім. Жүзбегі келіп мыңбектерімен сөйлесіп отыр екен, жүзіме қарай берді.
- Қайда бардыңыз? -деп жымия сұрады.
- Таңертең біраз жүгіріп, дене тәрбие ойнайтын әдетім бар еді, ауылдарыңызда жүгірсем жындыдай көрінетін болған соң, ұзақ жол басып келдім.
- Иә, ондай әрекетті сахара халқы біле ме, сөлекет көретіні рас, - деп күлді жүзбек. Бет-қол жууыма құман-орамал алып шыққан әйел: «жаңағы көргеніңіз сол» деп күбір ете түсті. Сыртқа жүзбек шығып келе жатқандықтан, жұмбақ қыздың ділгер еткен атын сұрай алмай, үнсіз кірдім үйге...
Шәйдан соң мектепке кеттік. Үш жылдан бергі оқушылар тізімін тексердім. Іздеп сұрастырғаным - мектептен қалған оқушылар, әсіресе қыздар. Бұл мектепте үш жылдан бері жүзбек семьясынан оқыған қыз жоқ болып шықты. Ел жинала бастағанда алаңға қойылған үстелге мектеп материалдарын жайып салып, тағы үңілдім, бір көзім жиынға осы ауылдың өзінен келген қыздар да, Нұрияшым келе қоймай қынжылтты. Онбасыларынан сұрастырып, келмей жатқандарды тездетулерін қузап едім, жүзбек те бір жігітіне күбірлеп, аулына жүгірте қойды.
- Бастаңыз, мыңбек, көпшілігі келіп болды, -дей сала сөзді жүзбектің өзі бастай жөнелді. Бір шақта жиын жайын таныстырып, көпшілікті тәртіппен тыңдауға шақырып тұрғанда, таңертеңгі ерекше жуан кемпірге ілескен жұпыны киімді «жігіт» те жетіп еді. Ол көпшіліктің ең артына «далдалана» келіп отыра қалды. Киімі өзгергенімен Нұрияшымның жүрісі өзгерген бе, аулынан бері беттегенінен-ақ танығанмын. Келгенінде елемегенси қойдым, көзіне баса киген жеңіл тымағын шалқайта салды да, жаутаңдап қарай берді маған...
Сөйлеген бар сөзімнен әдейі ең соңында сөйлеген әйелдер туралы үгітім асып түскендей болды, мысқылды мисалдармен бөлеп кеңейте, тыңдаушылардың күлкісін қоздыра сақылдата сөйледім...
Жиын күн екінтіге еңкейе тарады. Нұрияштан бейхабар, ондайдан бейғам жігітше әйел заттың біріне де қарамай шаршағанси қайттым қонақ үйге. Шайға да, тамаққа да көңілім тартар емес, бір-екі шыны ұрттап қана еттен екі-үш рет асап қана қол сүртіп, қисая бердім. Уақыт жылжудан тоқтап қалғандай сарылтса, жүрегім қоныс таппаған құстай зырлайды, «Нұрияш-Нұрияш» деп зырлайды. Қайырымды «жеңешем» сол науқасымды есіркегендей, орнымды оқшауырақ салып берді де, «жол киімің» дегендей ишарамен көрпе сыртынан сұр шапан жапты.
Мыңбек пен хатшысының қорылы жарысқа шындап түскен шақта, жүрегіммен мен де жарыса жөнеліп белгіленген жарқабаққа ауылдан орағыта заулаттым. Түн қараңғы, жар түбі тіпті қараңғы. Сол қараңғыны жарқ еткізгендей сезіліп, таныс үн естілді:
- Ұйқыңызды менің өтінішім үшін қиып келгеніңізге рахмет, ағай!
- Нұрияш! -деп ұмтылдым мен. Жайған құшағымды көрді ме, жоқ па, білмеймін, өзіне төне түскенімнен шегіне күлді қыз:
- Мен... «Нұрияш» емеспін, ағай, атым - Мақпал!
- Мақпал?... Мақпал дедің бе? Қайдағы Мақпал!... Ой әлгі... әлгі... 47-ші жылғы қыс соңында аудандық қыздар мектебінен алтыншы клас бітіру алдында зорлықпен қайтарылған Мақпал сен бе едің?
- Иә, иә, дәл солмын, өзіңіз де біледі екенсіз ғой... мен сыртыңыздан көріп жүретінмін, көшеде ыңғай ойланып, ешкімге қарамай өтетінсіз.
- Ал сөйлей ғой, енді көрдім, енді таптым!
- Мен сол қайтқаннан әлі қамаудамын, - дей бере күрсінді қыз, - әжем, «бойжеттің, енді үйде боласың» дейді. Өзіңіз көрген жүзбектің тұңғышымын. Ол қарындасым деп атайды мені. Әжем өзінің бір бөлесінің менен үш-төрт жас кіші ұлына кішкене кезімде атастырып қойыпты. Мен оны алдыңғы жылы ғана естіп, қарсылық білдіргенмін. «Орта мектеп бітіргенше ешкімге бармаймын, зорласаңдар тойларыңды асқа айналдырамын» деп ант еткенмін. «оқи берсе оқымаған күйеуді менсінбей кетеді» деген оймен мені де оқытпай, тіпті кітапқа да қаратпай қамап отыр.
- Осы бесік құдалықтарын әшкерелеп, арыз жазсаң болмай ма? Одан құтылсаң, оқытпай қоя алмайды ғой?
- Мұны ойлағанмын. Бірақ, арыз жаза алмай отырған себебім бар, сізден сұрап білмегім сол жайында: мен қарсы шыққалы ол құдалықтан жасырып, мойындамай қойды. Қанша мал алғандықтарын да білмеймін. Қамағаннан бері тіпті жасырын. Кішкене бауырымның «сүндет тойы» деген сылтаумен былтыр жазда аса үлкен той жасады да, сол құдаларын айырым үйге түсіріп ақ сарбас қойға бата тілетті. Сонда да ресми құдалық той екенін толық дәлелдей алмаймын. Сондықтан, оқуды ғана талап етіп арыз жазсам болар ма екен?
- Бұл жайды мен заң орнына түсіндіріп, сұрастырайын. Жауабын өзім жеткіземін. Бірақ, ата-анасы мүлде көнбесе бойжеткен қызын оқуға зорлап әкету қиын.
- Мені.... атастырған баласы әлі де жас болғандықтан ғана осында қамап отыр, ендігі жолдары онда апарып қамаса қайтемін?
- Жоқ, оған сені жібере қоймаспын, Нұрияшым!
- Нұрияшыңыз кім, ағай, соны айтыңызшы? -деп Мақпал күліп жіберді.
- Ол - нақ сен едің, бар бейнең содан аумайды, Үрімжіде менімен қатарлас оқып жатқаныңда гоминдаң өлтіріп еді ғой? Шашым содан ағарған. Міне үш жыл болды. Ішім түтін, сыртым бүтін, әрең шыдап келіп едім. Енді шынымен тапқандаймын.
Құшағымды тағы да жая ұмтылып едім, ол тағы да шегіне күлді:
- Түрім сол... Нұрияшыңызға ұқсағанымен білетінім ұқсамаса қайтемін?
- Осы сөзіңнің өзі де соның дәл өзі болатындығыңның айғағы... қалай оқитыныңды бас оқытушыңнан неше рет естіп қанық болғанмын, оқудан кетуіңе онымен бірге назаланғанмын. Енді табылдың.
Бұл реткі созған қолыма үнсіз, бұғына ілінді «Нұрияшым», аш белінен тарта құштым, қалшылдай кірді құшағыма.
- Не болды, тоңғанбысың?
- Жоқ... өзім де білмеймін... таңданып тұрмын, -деп күліп жіберді, - мектептегі уақытымда сізді көріп жүргенмін. Оқушы болған соң... қараудан ұялып, теріс қарап кететінмін, осыныңызға... сенбей тұрмын...
Әділетті тергеушім, өз кезіндегі Ләйлілерінің бірін тастап, бірін бассап жүрген мендей Мәжнүнді кешіріңіз! Түрмеде аш отырған шалды да зар етеді екен ғой кемпір деген. Зар болғансоң соларымды жарлай беріппін. Әйтпесе саяси мәселеден басқа қылмыс, сізді қылмыс болып жарытпайтынын білемін ғой.
Осының да қылмыс па деп тебе көрмеңіз, мұның астарынан таудай қылмыс көрсетіп берейін!... Қылмыс деп жазылып жатқан осы материалда әйелдерді көбейтіп, шіріктестіре берсем, өзіңіздің ең асыл дәстүріңізді қылмысқа жатқызғандығым болмайма! Сіздің өзіңізге кір келтіруден үлкен саяси қылмыс болушыма еді! Осылай-осылай аудара салатын шеберлігіңізге сеніп көкідім. Осы қылмыскерлігіммен мырза қамақтағы қатындарыңыздың жайын көкімей тұрғанымда арқанмен қылқындыра салуыңыз жөн шығар!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* Победа (орысша) - жеңіс, үстемдік; Совет одағының осы маркамен шыққан жеңіл автомобилі.
* Қыжыл - ұялту деген мағынада.