Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2882 0 пікір 11 Маусым, 2012 сағат 09:13

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ: «Біз Еуропа футбол федерациясының құрамына қосылу арқылы арманымызды 50 жылға шегердік»

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

- Несаға, сізбен болатын әңгіменің әлқиссасы Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігі туралы. Тәуелсіздікке 20 жыл толды, оны қашанғы айта береміз дейтін азаматтар табылуы мүмкін. Бірақ ел азаматтары, тұл­ғалар, қай­раткерлер, қалам­герлер бұл сұраққа қалай жауап береді екен деген тек қызығушылық қана емес, түбінде елдік мұраттардың оңға басуына ықпалы, әрекетке әсері бар ойлар тудыру мақсаты жатыр.

- Біздің бұрынғы ғаламат ұрпақтан, бүгінгі жас буыннан артықшылығымыз - екі дүниенің ортасындағы көпірден өз аяғымызбен өткен адамдармыз. Кеңес одағының кезінде ақыл тоқтатып, іс басында жүріп, өмір сүрсек, қазіргі Тәуел­сіздіктің кезінде, тәубе, тек нан жеп, ұйқы соқпай, шаруа атқарып жатқан азамат­тармыз. Сондықтан біздің өз бағамыз бар. Тәуелсіздікті қайта-қайта айта беріп, тоздырдық дейтін азаматтар қателеседі. Тәуелсіздік - ғасырлар бойы айтылатын жырдың тақырыбы, тоқтаусыз толғанатын, мәңгілік аялап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, ерекше, қастерлі ұғым, теңдессіз дүние, баға жетпес асылымыз. Тәуелсіздік бір-ақ рет келеді. Оны ұстай алмасаң, сонымен бірге сен де кетесің деген сөз. Кеңес кезін жаппай жамандай беруге бол­майды. Ол кезде біз тудық, мектепте оқыдық, жоғары оқу орнында білім алдық, қызметке келдік, өмір сүрдік. Мен азамат ретінде, Қазақ мемлекетінің қайраткері ретінде қорықпай, айтатын нәрсем, Кеңес одағының сол кездегі идеологиясы адам­ның сезіміне әсер етіп, кеңес халқын бір мақсатқа жұмылдырып, қайтпастай қайсар жолда тәрбиеледі. Мен «ком­мунизмге» сенген адаммын.

- Коммунизмге жетердің алдын­дағы жалпы ұрандар: «Барлық ел­дердің пролетарлары бірігіңдер!» деп, сол барыста дәстүр, салт, тіл, дін секілді ұлттық құндылықтар мүлде қаралған жоқ, керісінше, қазақтың барынан айырды. Сырты бүтін болғанмен, іші түтін еді ғой?

- Коммунизм құрушылардың мораль­дық кодексі - әр адамға, қоғамның барлық салаларына, қоғамның әрбір буынына тән еді. Бұл кодексте бірде-бір қателік, жаман нәрсе жоқ болатын. Лениннің немесе одан кейінгі мықты­лардың қазақ халқының бү­кіл дәстүр, әдеп-ғұрпын, салтын, бола­шағын бірінші орынға қойып, айқайла­мауында өзіндік себептер бар. Кеңес одағында 130-140 ұлттың өкілдері тұрды. Он бес, он алты одақтас мемлекет болған­мен, біздің елімізде курд, якут, нанай секілді аз ұлттар қазақ сияқты жарқырап, өзінің туын желбіретіп, дәстүр-салтын алға шығарып, жайып тастап, өмір сүруге хақысы бар болатын. Бірақ, оның бар­лығының тетігі жергілікті ұлт көш­басшы­ларына берілді. Мен саясатшы емеспін, бірақ, менің өмірден түйгенім, білгенім, көргенім бар. Бір ғана спорттың маңайын алайық. Әрине, кедергілер болды. Қазақ­тың балуаны - Әбілсейіт Айханов, боксшы - Әбдісалан Нұрмаханов, желаяқ - Әмин Тұяқов, футболшы - Темір Сегізбаев сынды спортшыларымызға мүмкіндік бермеді. Кезінде Әбілсейіт Айханов - Белоруссияның Александр Медведев сияқты үш дүркін Олимпиада чемпионын жеңген балуан. Бірақ ол Олимпиада түгіл, Еуропа чем­пионатына бармады, шындығында жібермеді.

- Кеңес өкіметінде осындай ке­дергілер болды. Құдайға шүкір, Тәуел­сіздік алдық. Бізге мол мүмкін­діктер туды. Біз осы мүмкіндікті қан­шалықты пайдаландық?

- Кеңес одағының кезінде мен «Ленин­шіл жас» газетінде жұмыс істедім. Бұл - комсомол орталық комитетінің газеті болатын. Газеттің Бас редакторы, менің ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың ұлттық істерге оң көзімен қарайтын ұлт­жанды азамат болғанын жақсы білесіздер және үлкен жазушылар: Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Серік Әбдірайымов, Ақселеу Сейдімбек, Сейітқазы Досымов, бүгінгі Ырым Кененбаев сынды ағалардың жанында жүріп, әрі газеттің басшысының ұстанған бағытына байланысты ұлтжанды­лықты керемет үйрендім. «Мен туабітті ұлтжанды болдым» деп айта алмаймын. Сейдахмет ағамыз, егер Қазақстанның қазақ баласы КСРО-ның жарысына қатысып, Красноярскіде немесе Якутскіде, Волгоградта, Литвада болған жарыста 30-орын алып, ол ертеңіне «Лениншіл жас» газетінің бетіне шықпай қалса, бізді тоқпақтайтын: «Ей, сендер ана қазақтың бала­сын неге бермейсіңдер? КСРО-да 30-орын алып отыр ғой. Ең болмаса, соны көріп, алыс ауылдағы балалар: «Біздің ағаларымыз да жетіп қалған екен ғой» деп талпынады ғой» дейтін. Бұл - бір мысал. Енді Тәуелсіздіктің нақты бергенін айтайын. Сөйтіп жүріп, мен армандадым: «Неге қазақтың ғана балаларынан команда жасақ­тамаймыз?! Неге, Қайраттың құ­рамында бір-екі-ақ, ары кеткенде үш-ақ қазақ футболшы болады? Неге, бірді-екілі болмаса, жүгіру­ден, күрестен, бокстан спортшылар жоқ» деп жүретінмін. Екі-үш рет ұмтылдым, бірақ, Кеңес одағының көзі қырағы, жұдырығы ауыр, рұқсат бол­мады.

- ...1991 жылы «Спорт» газетіне редактор болып тағайындалдым. Сол кезде Тәуелсіздік алдық. Тәуелсіздіктің бірінші берген жемісі - таза қазақ бала­ларынан «Намыс» командасын құруға мүмкіндік туды. Бұл - бостандықтың, Тәуелсіздіктің, егемендіктің арқасы. Егер сол кезде қазақ қоғамының тек қана спорты емес, мәде­ниетімізде, өнерімізде, әдебиетімізде, ауыл­шаруашылығымызда, ауыр өнер­кәсіпте мамандар дайын болып, әрқайсысы бір-бір саланы жетелеп кеткенде, мүмкін, бүгінгі Қазақстанның жағдайы басқаша болар ма еді? Біздің көмірімізді, алтын-күмісімізді басқалар басқарып отырмас па еді? Әрине, тұм­сығымыз тасқа тіреліп қал­ды деген сөз емес. Ұлттық құндылық­тарымызды ары қарай, шамамыз келгенше, дамыта беруіміз керек. Бірақ, менің ойым, біздің ұлы классиктеріміз, ұлы қайрат­керлеріміз армандағандай, таза, ұлттық мемлекет, еш қоспасы жоқ Қазақ елі болып шығу бүгінгі таңда өте қиын секілді. Бірақ тәубе, бостандық алғалы көптеген жақсы істер жасалды. Түнек басып, ашыл­майтындай болып тұрған жоқ, шүкір!

- Қазақ спортына бір шолу жасап көріңізші. Жалпы, қазақ спорты қандай?

- Шындығында, абсолютті тәуелсіздік деген жоқ. Ол болмайды, ешуақытта. Неге десеңіз, бүкіл шекарамызды жауып алып, төбемізге шатыр қойып, Қазақ мемлекеті ғана болып, жұмыртқаның ішінде өмір сүруіміз - мүлдем, мүмкін емес нәрсе. Тәуелсіз елдердің де, тәуелді жақтары болады. Ол спортпен байланысатын ел­дер, спорттың жарысына баратын елдер, жаттықтырушы шақыру, т.б. Ал осы салаға келгенде, жаңағы айтып отырған, ақ киімнің ішінен қызыл жіпше көрініп тұрған тамырлар бар. Ол - әлемдік қауымдастық. Норвегия секілді бөлек отырған, жан-жағы су, ақнәсілді, әдемі мемлекеттің құрамында бүгін шойындай қара спортшылар Нор­вегияның туын көтеріп, сол үшін шайқасып жүр. Ал Германияның футболдан құрама командасында қаранәсілді Асамоа деген жігіт алаңға шықты. Керек болса, таза қанды нәсіл боламыз деп, әлемге айбат шегіп, дүниені қанға бөктірген осы неміс мемлекеті болатын. Сол секілді әлемнің ақ елінде қара спортшылар, қара елінде ақ спорт­шылар өріп жүр. Мұның бәрі - сол мем­лекеттерде туған адамдар емес. Яғни ұлттық құндылық, мемлекеттік ерекшелік дегендердің барлығының қырлары мүжіліп, бүгінгі таңдағы спортта 20-25% басшылары, жаттықтырушылары болмаса, ұлттық қуатпен олимпиаданы жеңіп алайық деген ойлар мүлдем жоқ.

«Лондоннан бәленше медаль әкеліп, 205-208 мемлекеттің ішінде алғашқы ондыққа, бестікке, жиырмалыққа ілінсем болды» деген ой әлемнің кез келген елінің төбесінде, қазір құйындай үйіріліп тұр. Оның ішінде Қазақстан бөлек емес. Біздің құрамамыздағы олимпиадаға баратын шетел спортшыларының күн санап көбейіп жатқаны содан. Бұл - әлемдік үрдіс. Бұдан құтылу жоқ, менің ойымша, дүние қайта жаратылмаса. Істің мәнісін білмейтін, тек сырттан ғана көз салып, кейбір адамдар­дың қисық сөзін шындыққа балап, алтынға бағалауға болмайды. Қай мемлекетте болса да, сол саланың басшысы, мен осындай табыс әкелемін демесе, істің басында ол жүрмейді. Мен ертең Лондонға барғанда бір медаль әкеле алмаймын деп айту сол саланың басшысына жараспайды. «Лондонда өтетін олимпиададан үш алтын медаль алып келеміз» деп отыр, біздің спорт мекемесінің басшысы - Талғат Ер­мегияеев мырза. Қазіргі таңда, рес­пуб­ликамызға көптеген шетелдік спорт­шылар алып келдік. Мұны мен ашық айтамын. Олар - бүгінгі таңда алтын медаль алуға жарап тұрған спортшылар. Егер осы олим­пиадада үш алтын медаль немесе одан да көп алсақ, соның басым бөлігін сырттан келген спортшылар еншілеп береді-ау деймін. Олимпиададан алтын алу - өте қиын жағдай. Ол, біріншіден, спорттың қай түрінен болса да, Алла тағаланың нұрына бөленіп, асқан талантты болып туылуы керек. Уақытында көзге түсіп, негізгі тәр­биеленетін жерге кешік­тірілмей берілуі тиіс. Осы жағынан біз кеш қала береміз. Қазақтың мықты балалары ауылда туылады деп жатамыз. Бұрын, солай болатын. Қазіргі уақытта білмеймін... Ауылдың жағдайы да бүгін, онша, жақсы емес. Суы таза емес. Ата-аналары көп азап көреді. Азапты адамнан туған бала өзінің мүм­кіншілігінің, құры­ғында, 10-20 пайы­зын жоғалтып туады. Елбасы айтуындай ай­тады: «Ауылды қолдаңдар! Ауылдың спор­тын көтеріңдер!» деп. Ол кісінің сөзін қағып алған құзырлы органдар сатылап тапсырма беруі керек, ол ары қарай облысқа, ауданға, ауылға жалғасып жатса... Өкінішке қарай, біздің еліміздегі спорт саласының жүйесі бұзылған. Облыстың спорты облыстың әкімшілігіне бағынады. Облыс­тың спорт басшысы спорт министрін танып, сәлем бергенімен, оның айтқанын істе­мейді. Өйткені министрліктен айлық алып отыр­ған жоқ. Әрине, егер министрден бастап, ең төменгі, ауылдағы спорт нұс­қаушысына дейін, бәрі - ұлтжанды, бәрі: «Ұлтым үшін қызмет қылам!» дейтін болса, бұл орын­далар еді. Өкінішке қарай, адам­дар­дың жан-дүниесін билеген арман-тілектің ішінде көп бөтен нәрселер жүр. Өмірдің талабы деп қарап, ол үшін оны кінәлауға болмайтын секілді. Әлі де кеш емес. Еліміздегі спорт саласының буын­дарының бәрін бір орталыққа бағындыру керек. Біз - тұтас елміз. Сондықтан, спортты, ауыл­шаруашылықты, өнеркәсіпті, т.б. сала­ларды бір орталыққа бағындыру керек. Сонда ғана Елордада айтқан сөз ауылға дейін жетеді. Болмаса, облыстың спорт басшысының бағынары - спорт ми­нистрі емес, облыстың әкімі. Әкімге жақса болды, қазақ спортының қайда кетіп бара жатқанында оның шаруасы жоқ. Ол өзінің білгенінше жасайды. Ал, оның спортты қаншалықты білетіні - өзіне ғана аян.

- Жанкүйері өте көп спорт түрі - футбол ғой. Қазақ футболы жөнінде не дейсіз?

- Футбол - спорттың төресі, құдіретті түрі ғана емес, әлемдегі төртінші бизнес. Оның қымбаттығы сонда жатыр. Бизнесті сапырылысқан ақша деп қана емес, ол - жақсылықтарды жасайтын, инфрақұры­лым­дарымызды жетілдіретін тәсіл деп қарауымыз керек. Осыдан он жыл бұрын біздің футболымызды зорлап Еуропаға қосты. Сол кезде пікір сұрағандардың бірі мен едім және футболымыздың Еуропаға қосылуына үзілді-кесілді қарсы болдым. Қарсылығым, біріншіден, біз - Азия мем­лекетіміз. Неге Азияның мемлекеті Еуропаға қосылуы керек? Біреулер: «Жеріміздің 14 пайызы Еуропада жатыр ғой» деді. Мен айттым: «Жеріміздің 86 пайызы Азияны қамтиды ғой» дедім. Қайсысы жеңу керек? Менің ойымша, сол кезде футболымызды Еуропаға қосып жібергендер, біріншіден, футболды дамытудан гөрі, тамашалауға әуес адамдар болды. Екіншіден, біздің фут­болы­мыздың маңайындағы жаттық­тырушылардан бастап, ойыншыларына дейін 90 пайызға таяуы еуропалық ұлттың өкілдері еді. Оларға Азияда футбол ойнау қиынның қиыны болатын. 1994 жылы тұңғыш рет Хиросимада өткен Азия ойын­дарына, одан кейін Азияның футбол чем­пионатына қатыстық. Мен футбол коман­дасымен бірге іріктеу ойындарында Азия мемлекеттерін араладым. Сонда біздің футболшы­ларымызды Азия мем­лекеттері үрпиіп қарсы алатын. Мысалы, Қытайдың футбол командасы 100 пайыз қытай ұлтынан тұ­рады. Корей­дікі, Син­гапурдікі, Тайландтікі де сондай болатын. Сол кездегі мем­лекетіміздің спорттағы шенеуніктері тез­детіп, сүйреп апарып, УЕФА-ға қосып жі­берді. Қосылу үшін бедел салынды, та­ныстық жалғасты, қаржы да кетті. Енді соның жемісін жеп отырмыз. Барған жері­мізден бес-алты доп арқалап келеміз. Өткенде қыздарымыз бір ойыннан 16-17 доп арқалап келді. Ұят емес пе? Намысқа тие ме? Тиеді ! Жерге қарата ма? Қаратады. Бізге осы керек пе еді? Әрине, Еуропаның футбол қауым­дастығы - өте бай ұйым. Олар жыл сайын бізге футболды дамыту үшін миллиондаған доллар ақша береді. Ондай заң Азияның конфе­де­рациясында да бар, бірақ қаржысы аздау, дегенмен түзеліп келеді. Ал негізінен қай елдің футбол ұйымы болса да, ең биік мақсат біреу-ақ. Ол - сол елдің футбол құрама ко­мандасын құрлықтық чемпио­наттың финалына, яғни сегіз команданың қата­рына кіргізу. Еуро­пада бұл финалда 32 команда қалады. Бұл - барлық елдердің футбол құрама­сының негізгі мақсаты. Яғни біз Еуропаның футбол федерациясының құрамына қосылу арқылы бұл арманы­мызды, міндетімізді, жоспарымызды, ке­мінде 50 жылға шегердік. Еуропаның футбол биігіне жетемін дегенше, олар бұлтқа өтіп кетеді. Сөйтіп, қуып жүреміз. Ал Азия арқылы баруымызға болар еді. Бұл - біздің кемшілігіміз және қателігіміз.

- Несаға, қай кезде де уақыт өз дегеніне көндіреді ғой. Сол себепті, түйінсөзіңіз.

- Мақсатым біреу-ақ. Ол - қайтсем, Қа­зақ мемлекетін жақсы жағынан көремін деген арманнан тұрады. Әркім өз ісіне, өз Отанына адал болса екен. Сонда ғана айтып отырған жақсылықтар келеді, кем­шіліктер кетеді. Қазақ мемлекетінің қа­рышты қадамын, шаңырағына күн сәу­лесін жарқыратып, өсетін заманы келеді, әлі-ақ. Соған рухымызбен жалғасып жа­тайық. Елімізге амандық тілеймін.

- Рақмет!

«Алаш айнасы»газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435