Тамылжыған жаз айы: балаңыз қайда демалады?
Міне, жарқырап жаз да келді. Дүниенің бәрі көкке малынып, күн ысып, өсімдік атаулы қаулап өсе бастады. Жаз кезінде әдеттегідей балалар суға шомылып, балық аулап, күнге күйіп, өзен жағалауларында асыр салып ойнайды емес пе? Тек балалар ғана емес жаз кезінде үлкен адамдар да күнге қыздырынып, өзенге шомылатынын жиі байқаймыз. Неге? Себебі, күнге қыздырынып, суға шомылудың денсаулыққа пайдасы зор екені медицина ғылымында кеңінен дәлелденген. Күнге қыздырынғанда адамдардың терісінің сыртқы қабаты (медицинада мұны эпителий қабаты деп атайды) қалыңдайды. Мұны бейнелеп айтсақ, адамдар да жыландар секілді түлейді деуге болады. Осылай күн сәулесімен күнге қыздырынғанда қалыңдаған теріде «Д» дәрумені көп болатыны және бірқатар тері ауруы жойылып залалсызданатыны ғылымда дәлелденген. Сондықтан да жаз кезінде жасөспірімдердің тез өсіп, бойы ұзаратынын аңғару қиын болмаса керек. Жаз бойы күнге қыздырынғандар қыста жеңіл-желпі ауруға төзімді келеді. Әрине, ірі өзен, көлдердің жағалауына орналасқан елді мекендер мен Өскемен, Павлодар, Орал, Атырау секілді ірі қалаларда жазда суға шомылып, күнге күю қиындық тудырмайды. Ал шағын су көздері жағалауына орналасқан Шымкент, Тараз, Талдықорған, Алматы секілді ірі қалалар мен аудан орталықтарында жаз кезінде тұрғындардың жаппай суға шомылып, күнге қыздырынуы айтарлықтай қиын мәселеге айналған деуге болады.
Міне, жарқырап жаз да келді. Дүниенің бәрі көкке малынып, күн ысып, өсімдік атаулы қаулап өсе бастады. Жаз кезінде әдеттегідей балалар суға шомылып, балық аулап, күнге күйіп, өзен жағалауларында асыр салып ойнайды емес пе? Тек балалар ғана емес жаз кезінде үлкен адамдар да күнге қыздырынып, өзенге шомылатынын жиі байқаймыз. Неге? Себебі, күнге қыздырынып, суға шомылудың денсаулыққа пайдасы зор екені медицина ғылымында кеңінен дәлелденген. Күнге қыздырынғанда адамдардың терісінің сыртқы қабаты (медицинада мұны эпителий қабаты деп атайды) қалыңдайды. Мұны бейнелеп айтсақ, адамдар да жыландар секілді түлейді деуге болады. Осылай күн сәулесімен күнге қыздырынғанда қалыңдаған теріде «Д» дәрумені көп болатыны және бірқатар тері ауруы жойылып залалсызданатыны ғылымда дәлелденген. Сондықтан да жаз кезінде жасөспірімдердің тез өсіп, бойы ұзаратынын аңғару қиын болмаса керек. Жаз бойы күнге қыздырынғандар қыста жеңіл-желпі ауруға төзімді келеді. Әрине, ірі өзен, көлдердің жағалауына орналасқан елді мекендер мен Өскемен, Павлодар, Орал, Атырау секілді ірі қалаларда жазда суға шомылып, күнге күю қиындық тудырмайды. Ал шағын су көздері жағалауына орналасқан Шымкент, Тараз, Талдықорған, Алматы секілді ірі қалалар мен аудан орталықтарында жаз кезінде тұрғындардың жаппай суға шомылып, күнге қыздырынуы айтарлықтай қиын мәселеге айналған деуге болады. Мәселен, Алматы қаласының жағдайына үңіліп көрейікші. Алматы ірі өзеннің бойында болмағанымен тұрғындардың жазда суға шомылып, күнге қыздырынатындай бірнеше бұлақтар мен шағын өзендер қаланың ортасынан қақ жарып өтеді. Тау жағында Медеу шатқалына барып та жазда суға түсіп қайтуға болады. Алайда миллион жарым халқы бар Алматы үшін бұлар жеткіліксіз. Кеңес заманында осы мәселе ескеріліп Сайран көлі жасалғаны, сондай-ақ қала түбіндегі Қарасу ауылының жанындағы көл жағалауы жағажайға айналдырылғаны есімізде. Қазір бұл жерді қоршап алып жағажайға кіруге бала басы 100-200 теңге талап ететін болды.
Сонымен қатар Кеңес заманында Үлкен Алматы каналы салынған болатын. Мұндағы мақсат - қаланың батыс жағындағы шаруашылықтардағы егістіктер мен бау-бақшаны суландыру болса, екінші жағынан Алматының ортасын қақ жарып өтетіндіктен оның жағалауын жағажайға айналдыру көзделген еді. Сөйтіп, Кеңес заманында Алматы тұрғындары Сайран көлі мен Қарасудағы жағажайға барумен қатар, Үлкен Алматы каналы бойында да тынығатын болды. Өкінішке қарай, қазір мұның бәрі мүлде ұмыт қалғанға ұқсайды. Сонымен қатар, жазда балалардың тіпті тұрғын үй аулаларына шығып ойнауына да мүмкіндік мүлде тарыла түсуде. Сөйтіп, Алматы тұрғындары үшін жазғы демалыс кезінде алпыс шақырымдай жердегі Қапшағайға немесе Қырғызстандағы Ыстықкөлге барып демалу қазір кеңінен жарнамаланатын болды. Әрине, қала тұрғындарының бәрі бірдей бұл жерлерге баруға уақыты да, қаржысы да жете бермейтінін түсіну қиын емес.
Қазір Үлкен Алматы каналына су жіберу де мүлде ұмыт қалған. Мұның тіпті пайдасынан зияны басым бола түсті. Неге десеңіз, каналдың ішіндегі қыс бойғы жиналған сарқын су сасып, қолайсыз иіс жұқпалы аурудың көзіне айнала бастады. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бұл туралы мүлде жақ ашпайтыны таңдандырады. Оның есесіне Сайран көлінің, Алматыны жарып өтетін бұлақтар мен шағын өзендердің суы зиянды дегендей үгіт-насихат жиі естілетін болды. Сөйтіп, Алматы тұрғындарына бұл жерлерде суға шомылуға тыйым салынып келеді. Тіпті Есентай өзенінің жоғары жағында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығы тұсында бұрын балалар суға шомылатын болса, қазір ол жерлерге де тыйым салыныпты. Неге? Шынында да, мұндағы суда жұқпалы дерттің вирустары көп болғаны ма? «Ағын суда арамдық жоқ» деп халқымыз айтқандай, таудан ағып шығатын мұндай судың таза екенін аңғару қиын емес. Сондай-ақ, Республика сарайы артындағы бұлақтың жағалауына да Кеңес заманында балалардың суға шомылуына қолайлы етіп жағажай жасалса, қазір бұл жерге де суға түсуге болмайтын көрінеді. Мұндай жайт судың денсаулыққа зиянынан емес, ақшаға құныққандардың әрекетінен екенін аңғаруға болады. Өйткені қазір қала ішінде ашық су бассейндері көптеп салынып жатыр. Бұлардың суы таза әрі күнге қыздырынуға да қолайлы деген насихатты естисіз. Ал мұндай бассейнге шомылу үшін сағатына 1000-1500 теңге төлейсіз. Егер қалталы бай болсаңыз мұнда ертеден кешке дейін шомылар едіңіз. Ал бір жарым миллионға жуық қара халықтың мұндай орынға бара алмайтынын түсіну қиын болмас. Сондықтан да бассейнге келушілердің санын көбейту үшін, яғни көбірек пайда табу үшін бұлардың қожайындары қаланың ашық су көздерінің бәрін зиянды деп тыйым салдырып келеді деуге болады. Ал мұның халыққа келтіретін залалы қандай зор екенін түсіну де қиын емес.
Сонымен қатар, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жаз кезінде күн сайын демалатындай бақтар мен аулалар да мүлде тарылып кетті. Аулаларға супермаркеттер, өзге де ғимараттар салынып, халықтың тынысын тарылта түскен деуге болады. Мәселен, соңғы жылдары «Құлагер» шағынауданы салынып, мұнда 1 мың 200 балаға арналған мектеп-гимназия ашылды. Шағынауданның жанында көлемі атшаптырымдай ну тоғайлар, жеміс ағаштары қаптай өскен бақ бар. Бір кезде мұны ботаника бағына айналдыру көзделген еді. Осынау әсем бақтың ішінде футбол, баскетбол ойнайтын алаңдар, өзге де демалуға қолайлы орындар жасалған болатын. Әрі бақтың іргесінен жанай өтетін Үлкен Алматы каналы жағалауына суға шомылып, күнге қыздырынуға қолайлы жағажай да болған еді. Қазір канал суы тартылғандықтан оған тақап баруға болмайтындай жағдайды жоғарыда айтып өттік. Ал қазір осынау әсем бақтың өзі қандай күйге ұшырады? Оның ортасын ойып отырып, теректер мен жеміс ағаштарын жаусата қиып, қолайлы жер табылмағандай, Жетісу ауданы әкімдігінің ғимараты салынды. Футбол, баскетбол ойнайтын алаңдар жекешеленіп кетті. Мұнда кіріп бірер сағат ойнау үшін мыңдаған теңге төлейсіз. Бұрын бұл алаңдарға көршілес «Айнабұлақ» шағынауданы мен «1-Алматы» тұрғындары мен балалар да келіп ойнайтын. Қазір «Құлагер» шағынауданында тұратын мыңдаған тұрғындардың өздеріне де, осы жердегі мектеп-гимназияда оқитын 1мың 200 балаға да жаз қызығын көріп, демалу үшін бұл маңайда барар жер, басар тау қалмағандай болды. Тіпті, жаңадан пайда болған «Шаңырақ», «Ұлжан», «Әйгерім», «Дархан», «Байбесік» шағынаудандарының жанынан суы мол бұлақтар өтсе де, мұнда жағажай жасау ойластырылған емес. Сондай-ақ, қаланың өзге аудандарында да жағдай осындай.
Ал Алматыдан өнеге алатын еліміздің өзге қалаларында да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Бір сөзбен айтқанда, елімізде балаларымыздың жаз қызығы суға шомылып, күнге қыздырынып, бұлақтар мен өзендердің жағалауында асыр салып ойнап, уақыт өткізуге, сондай-ақ тұрғындарға да осындай демалыс орындарын қолайлы етіп жасауға мән берілмей келе жатқаны ащы шындық.
Бұл күндері радиода, телеарналарда, баспасөзде балалардың жазғы қызықтарының бірі - лагерьлерде демалуы жөнінде жиі-жиі жарнамалар берілетінін естіп жүрміз. Обалы не керек, Алматы маңында жарнамаға сай лагерьлер барған сайын көбейе түсуде. Ал осы балалар лагерьлерінің жұмысына үңіліп көрелікші. Лагерьлердің көбі бір апталық, 10 күндік деп аталады. Лагерьдегі ең арзан баға орта есеппен тәулігіне 2 мың теңге мөлшерінде екен. Ал 10-15 күн ғана демалу үшін 30-40 мың теңге төленетін лагерьлер де аз ұшыраспайды. Жарнамаларда осындай лагерьлерді мақтағанда әркім-ақ оған балаларын жібергісі келетіні анық. Ал бір апталық лагерьге 15 мың теңге төлеп барған бала осынша аз уақытта бүкіл қысқа жететіндей қуат жинап қайта қояр ма?! Ал 10-15 күнге 30-40 мың теңге төлеп жіберген балалар да қалған уақытын қайда, қалай өткізбек? Әрине, қара халықтың бәрі мұндай лагерьге балаларын жіберуге шамасы келмейтіні түсінікті. Қазіргі мәліметке қарағанда, жалпы мұндай орындарға еліміздің қалаларында балалардың жартысы да бара алмайды екен. Сірә, сондықтан да болса керек, балалар оқитын кәдімгі мектептерде де балалардың демалыс орны ашылып, оны да лагерь деп атайтын болды. Мұнда балалар таңертеңнен кешке дейін болып, тамақтанып үйлеріне қайтады екен. Сонда қаладағы үйлерінің жанындағы мектепте бала қандай таза ауа жұтып, қалай демалады десеңізші! Әрине, жазғы шуақты күндердегі көңілді демалыс еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қажет екені айтпасақ та түсінікті болар. Жаз кезінде қалаларда халық саны еселеп артып кетеді. Себебі, қалалы жерлерге ауылдардан оқуға, жұмысқа немесе демалып, қызықтап қайтуға келетіндер де, сауда жасайтындардың да саны көбейе түседі. Өкінішке қарай, қалалы жерлерде демалыс орындарын жасау ескерілмегені жөнінде жоғарыда айтып өттік. Ал қалаға келген адам қонақүйге жатып, асханадан тамақтанып, қаланың көрікті жерін, бау-бақтарын, театрларын аралап, қызықтап қайтқысы келеді ғой. Бұл мәселені сөз ету үшін тағы да Алматыны мысалға келтірелікші. Мұнда асханалардың тамағы да, мейманханалардың бағасы да, сондай-ақ бақтардағы ойын құралдарының бағасы да шектен тыс қымбат екенін әркім-ақ айтады.
Тіпті мұндай жайт шетелдерден келген меймандарды да таңқалдырады екен. Жуықта туристік сапармен Қазақстанға Батыс Еуропа елдерінен келіп қайтып бара жатқан бір топ азаматтарға жолығып, әңгімеге тарттық. Сонда олардың бәрі дерлік Қазақстанда туристерді қызықтыратын орындардың өте көп екенін сүйіне де, таңдана айтты. Иә, шынында да Қазақстанда өз азаматтарымыз үшін де демалатын, тамашалайтын орындар аз емес. Шарын шатқалынан бастап Марқакөлге дейін, Абай ауылынан бастап батыстағы Бекет ата кесенесіне дейін, Астанадан Түркістанға дейін қаншама таңдай қақтырарлық орындар бар. Шетелден келгендердің бәрі әуелі Алматы мен Астанаға соғады ғой. Біз әңгімелескен туристердің бәрі де сүйінішімен бірге ренішін де ашып айтып салды. Нақты айтқанда, Қазақстанда мейманханалар мен санаторийлердің, мейрамханалар мен асханалардың бағасы Түркия мен Италиядағы бағадан тіпті бірнеше есе қымбат екен. Сондықтан мұнда келіп демалу шектен тыс қымбатқа түсетінін қынжыла әңгімеледі. Шынында да, қазір Көктөбеге аспалы жолмен бару үшін кісі басына да, бала басына да 2-3 мың теңге алады. Ал машинамен барамын десеңіз Көктөбенің қақпасынан енуге 5 мыңнан кем төлемейсіз. Медеу мұз айдынының маңындағы мейманханалар мен асханаларда, өзге де ұсақ-түйек дәмханаларда тағамдардың бағасы тым шарықтап кеткен. Тіпті қаланың қара базарларының өзінде де күніне үш рет тамақтанамын десең 2 мың теңгеден кемге түспейді. Туристер осындай жайттарды сөз етіп, мұндағы ел азаматтарының табысына мұндай шектен тыс қымбат баға мүлде үйлеспейтіні жөнінде қынжылыстарын білдірді. Тіпті бір турист кәдімгі тауықтың жұмыртқасы дүкендерде 20-25 теңге тұрса, ал асханаларда 50-100, мейрамханаларда 200-300 теңге болатынына таңдана: «Сонда тауықты бағып, өсіріп жұмыртқасын алып, оны сауда орындарына тасымалдап жеткізгендегіден небәрі ыстық суға салып 5-10 минут қайнатқандағы нарқы еселеп қымбат болуы ешқандай ақылға сыймайды, адамгершілікке де жатпайды» деп ащы мысқыл айта отырып жеткізді өзінің пайымдауларын. Өзге тағам түрлері де, мейманханалардағы жатын орындарда заттарды қолдану бағасы да осы секілді ақылға сыймастай қымбат екені, мұның өзі Қытай, Оңтүстік Азия елдері, Түркия, Италия секілді бай мемлекеттерден де Қазақстанда қымбатшылықтың ешқандай себепсіз асқынып кеткенін ұқтырса керек. Ал еліміздегі Монополияға қарсы күрес жүргізетін агенттік электр энергиясы мен ыстық судың, суық судың, жанармайдың нарқы өскені жөнінде дабыл қаққан сыңай танытқаннан басқа не тындырып жүргені беймәлім.
Осындай жайттарды ой-елегінен өткізсек елімізде ересектердің де, әсіресе, балалардың да жазғы демалысын ойдағыдай өткізе алмайтынын ұғынуға болады. Демек, жергілікті үкімет осындай мәселеге баса мән беретін болса жастардың да, балалардың да демалыс орындарын көптеп ұйымдастыруға жол ашылар еді. Мұның өзі үкімет тарапынан тіпті көп қаржы жұмсауды да қажет етпейтін, тек басшылар тарапынан баса көңіл бөлінсе қиын шаруа емес екенін аңғару да қиын бола қоймас.
Қуанбек БОҚАЕВ
«Ана тілі» газеті