Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3148 0 пікір 12 Маусым, 2012 сағат 06:22

Дәурен Қуат. «Арқанкерген»: Челахтың шындығын есту мүмкін бе?

;hl=en_US&rel=0" />;hl=en_US&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">
Елдің шеті мен желдің өтінде бірге жүрген жолдастарының көзін бір түнде жойған Владислав Челах дейтін шекарашы жауынгер «қандықол қылмыскер» екендігін мойындады. Бас прокуратураның мәліметі бойынша. Осыдан кейін қоғамдық пікір «ақыл-есі кем» Челах деген «жеті басты жалмауызды» жерден алып жерге салуы керек еді - олай болмады. Бас прокуратураның арнайы өкілі журналистерге 15 боздақты баудай түсірген Челах ісін жария етісімен жұрт «мүмкін емес» десіп және дүр ете қалды. Порталымыздың сауалнамасына «Челах өз қылмысын шынымен мойындады ма?» деп сұрақ қойып едік, көпшілік дауыс «Жоқ, мойындатты» деген тұспалды қолдай кетті. Демек, күдікті Челахтан бұрын Бас прокуратураның мәлімдемесінің өзі күдікті болып тұр. Әйткенменде, осындай оқиғаның болуы мүмкін бе? Нақтылай түссек, әскерде сарбаз ботқасын бірге «сапырып» ішкен біреудің маңайындағы көпті жусатып салып қашуы ықтимал нәрсе ме? 1970 жылдары Байқал өңіріндегі әскери гарнизондардың бірінде «Арқанкерген» қырғынына ұқсас  оқиғаның болғанын ҚХКП жетекшісі Косырев айтып отыр. Танкке мініп қашқан дезертир тікұшақпен қуған жасақты атып тастап біраз уақыт бой тасалап жүреді. Ақырында қолға түседі. Сонда қашқын солдаттың мүрдесін көрген командирі бас киімін шешіп:«Менің жауынгерлерімнің бәрі сендей болса, бізге ешбір жау беттей алмас еді», - депті. Енді, танкпен тікұшақты атып түсіру деген анау-мынау солдаттың қолынан келе бермейтін керемет емес пе? Кім білген, Челахта «анау-мынау солдаттың қолынан келе бермейтінді» жасауы кәдік қой?.. Ендеше, Бас прокуратураның мәлімдемесінде де шындық бар деп қоялық. Оның үстіне бүгінгі «жүйкесі жұқарған» әлемде Челах жалғыз емес. 2011 жылы 22 шілдеде норвегиялық Андрес Брейвик жастар лагеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, 77 адамды жер жастандырып, 96 адамды жардар еткен болатын. 2009 жылы АҚШ-та  мектеп оқушысы өз сыныптастарын қуалап жүріп атып өлтірді,т.б. Бірақ, олардың ақыл-естерінің кемдігі туралы сөз құлағымызға тимепті. Брейвик тіпті оқымысты, зиялы адам. Ол христиан дініндегілер қысымға ұшырауда деген ұранды алға тартып, мультикультуризмге қарсы екендігін жария еткен. Иммануил Кантты сүйіп оқыған. Марксті жаңаша талдаған. Путинді жақсы көрген. Ал, Челахтың «ақыл-есінің» кемдігінен өзге «ерекешілігі» әзірге бізге белгісіз. Белгілісі -  оның қылмысында қатарластарынан кемдік көріп кектену немесе өз ұлтынан басқа ұлтты жек көру атымен жоқ. Әншейін, «ақыл-естен жұрдай», сондықтан құтырмасы ұстап қолына қару алғанда «құлағының түбінен мылтық атса, оянбайтын» әріптестерін шетінен тырапай асырған. Сосын өртеген. Болған, біткені - осы. Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласына күдіктінің атасы қарт Владимир жеткенше, баспасөз өкілдері де Бас прокуртаураның мәлімедемесін малданудан аса алмаған-ды. Сөйтсек, әріптестерін тегіс о дүниеге аттандырып бірінің киімін, бірінің ноутбугі мен ұялы телефонын ұстап шекаралық аймақтағы малшылардың үйінде «шалжиып жатып» қылмысын мойындаған Челахымыз Бас прокуратура айтқанның бірінде істемепті. Қазір бала Челахтың ата-анасы жанұшырып Еуропаның адам құқығын қорғайтын ұйымдарына шағым түсіретін болып, қала берді көп ұлтты Қазақстандағы диаспоралардың әдетінше Ресей президенті Путинге арыз жазып әрекеттенуде. Жә, бұның бәрі жұртқа белгілі әңгіме. Әйтседе басынан түсіп қысқаша баяндағанды жөн көрдік. Себебі, Челахтың туыстары шырылдаған сайын Қазақстанның құзырлы орындары да қимылды күшейте түсуде. Өткен жексенбіде Талдықорғандағы әскери прокуратура Челахтан тәркіленген заттарды жария етті. Шамасы, Бас прокуратура ә дегендегі мәлімдемесінен бас тартпасқа бекіген сыңайлы. Бүйткен жағдайда «Арқанкерген» оқиғасы алаш жұрты үшін тағы бір жұмбақ іс болып қала береді. Жұмбақ  болғанда кездейсоқ қылмысты іс емес, саяси астары қалың жайттың бірі ретінде күн тәртібінен түспейді. Неге десеңіз, бұл оқиғадан саясаткерлер мен әскерилер бірігіп жасаған жымысқы әрекетті сөз етушілер көп. Мысалы, «Жас қазақ үні» газетінің веб-сайтындағы сауалнама былай көрсетілген:

«Арқан керген» қырғынына кім кінәлі?
Көрші елдерден келген қаскүнемдік (67)
Террористік күштер (33)
Әрине, Челах, өзі мойындап отыр ғой... (0)
Барлығы: 100%»

(www.qazaquni.kz)

Расында, «Арқанкерген» қырғынына көрші елдер мен террористік күштердің қатысы бар ма? Қоғамның көңілінде осы екі болжам күмән тудырмаса, «Жас қазақ үні» оны сауалнаманың тақырыбы етпес  еді ғой. Алдымен террористік күштер дегенге тоқталып көрелік. Сауалнамадан аңғарғанымыздай, көпшілік «террористтік күштер» дегенге көп дауыс бере қоймапты. Яғни, қандайда бір діни-экстермистік топтардың «Арқанкерген» қырғынына араластығы шамалы көрінеді. Әгәрәки, «Арқанкерген» діни-экстермисттік топтардың террорлық әрекетіне сайса, олардың мәлімдемесі Бас прокуратураның мәлімдемесінен бұрын жарияланар еді. Челахтың ісі терактке ұқсағанымен белгілі террорлық күштердің «қолтаңбасын таба алмаған» (?) біздің тергеу орындары да тырс етіп тіс жармады. Ал, қазіргі жағдайында Қазақстан «Арқанкерген» сұмдығына көрші елдерді еш айыптай алмайды. Әрине, «Арқанкергеннің» ар жағындағы пәлені қытайдан көру біздің ресейшіл саясаткерлерге тиімді болып шығар еді. Өкінішке қарай, Челах пен 15 боздақтың мезгілсіз ажалын сөз етушілердің бірде бірі осы күнге дейін ҚХР жағын тілге тиек еткен жоқ. Неге? Біріншіден, баяғы Дамаск мен Жалаңашкөл оқиғасы тұсындағыдай қытай билігі шамшыл, өркөкірек, тыз етпе емес. Орнықты, салмақты. Сондай қытай Қазақстанға әскери қоқан-лоққы көрсетуге тіпті құлықсыз. Өйте қалса, қатты үркітіп алады. Қытайдың мемлекеттік ірі компаниялары Қазақстанның «қара алтынына» иелік ететінін бұл арада ерекше атап өткеніміз ләзім. Екіншіден, қытай әскері - қатаң тәртіптің әскері. Қатаң тәртіптің әскері «осылай етіп бір көрелікші» деп, шекара бұзып бұзақылық жасамайды. Алайда, «Арқанкерген» қырғынына кім кінәлі?» деген сауланаманың жауабы неге «Көрші елдерден келген қаскүнемдік» болып тұр? Біздің қытайдан кейінгі тағы бір жақын көршіміз Ресейдің «Арқанкергенге» арамдық жасауы қисынға сияды ма? Шама шарқымызша талдап көрейік.

Қазақ президенті Назарбаевтың халықаралық саясаттағы әсіре белсенділігі Кремльге аса ұнамауы мүмкін. Сондықтан әккі Путин бір қолымен от көсеп, екінші қолымен (Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарт ұйымын сылтау етіп) Қазақстанға қамқор болудың қамымен «Арқанкерген» сияқты жерлерге астыртын арнайы жасақ аттандыруға қарсылық танытпауы болжамды екендігін бір есепке енгізіп қоялық. Екіншіден десек, бұл да қисынға келеді: Ресейдің тәжірибелі әскери адамдары Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы бөлімшелер мен бекеттерді бес саусағындай біледі. Өйткені олар - КСРО күйрегенше Қиыр Шығыстан бастап қытай шекарасы Орталық Азия елдерімен шектестін шептің бәрінде қызметте болған адамдар. Ресейге кеткенде жай кеткен жоқ, шекара картасын түп көтере кетті. Басқа елдерді білмейміз, Қазақстан дербес армиясын құрғанымен шекаралық бекеттері мен бөлімшелерінің орнын бұрынғы қалпынан өзгертіп, жаңарта алған жоқ.Демек, ресейлік арнайы жасақ әскери қимылдар жасау қажет бола қалса,  Қазақстандағы шекаралық нысандарға қалаған мезетінде салаң етіп  келе салады. Бұны аз десеңіз, шекара қауіпсіздігін де Фомин сияқты адамдарға беріп қойып қарап отырмыз.

(Бас прокуратураның мәлімдемесінде «Сары Бөктер» шекаралық заставасының бастығы Алексей Фоминге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны айтылады. Фомин  мамырдың 28 - 30 аралығында «Арқанкерген» шекаралық бекетімен байланыстың болмағанын қасақана жасырғаны және оның себептерін анықтау мен қалпына келтіру бойынша шара қолданбағаны үшін айыпталуда).Негіссіз күдіктенуден аулақпыз, бірақ, қажет деп тапсса, Фоминдермен байланысу ресейлік барлау қызметі үшін түкке де тұрмайды. Үшіншіден, алдағы күзде АҚШ-та өтетін президент сайлауында билікке республикашылар партиясы қайтып оралса, Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалынан ырық кетуі ықтимал. Республикашылар осы күндері Путиннің Орта Азия, оның ішінде Қазақстанға қатысты ұстанатын саясатын сын тезіне алуда. Ендеше, Путиннің Қазақстанға асығуында үлкен мән бар. Қытайға атом бомбасын асығыс «сыйға тартқан» Хрущев сияқты ол да Қазақстанға АЭС салып берудің уағдасын жасап қайтты. Үлкен саясаттағы үлкен ойындарға араласқысы келетін Қазақстаннан үлкен саясаттың бір пұшпағын ұстап жүрген Ресей қалайша  айрылсын? Ельциннің кезінде Шығыс Еуропа елдеріндегі бәсін текке ұтқызған Ресей енді Орталық Азия мен Қапқазды, қалған-құтқан социалистік елдерді қайткенде уысынан шығармауды, соны себеп етіп үлкен саясаттағы орнын сақтап қалуды көздейді. Ал оның төте жолы - әскери әлеуетін күшейту, «қауіпсіздігіңе кепілдік етемін» деп әскерін өзге елдерге бақтыру. Ресейдің көздегені осы болып «Арқанкерген» қырғынына аралсса, онда он төрт шекарашы мен қорықшы азамат геосаясаттың құрбандығына шалынды есеп. «Арқанкерген» сияқты оқиғалар алдағы жылдары  (Құдай оның бетін ары қылсын) бірнеше дүркін қайталанады да Қазақстанның шекаралық аймақтарына Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарт ұйымы бойынша Ресей мен ұйымға мүше ТМД елдерінің әскері толық бекиді. Ол әскердің екі тізгін бір шылбыры, әрине, Ресейдің қолында болады. Одан арғысын болжау қиын.

Болжау демекші, «Арқанкергенге» Ресейдің қатысын болжам ретінде ұсынып отырғанымызды ескертеміз (тегінде ішкі мәселені сыртқа аудару оңай, сондықтан «ұры алыстан келмейді» деген қазақы аксиомаға алдымен жүгінген жөн). Тағы бір болжамдар «Арқанкерген» біздің биліктегі ішкі итіс-тартыстан шыққан дегенді меңзейді. Бір-біріне, анығы - ҰҚК басшысы Нұртай Әбіқаевқа қарсы күштер осындай сұмдыққа барған көрінеді-міс. Шекара қызметі құзыретіне енетін ҰҚК басшысын Елбасы сенімінен айыру бір бұл емес дейді білетіндер. Былтырғы Атырау, Ақтөбе, Тараз, Боралдай оқиғаларының бәрі қолдан ұйымдастырлыпты. Содан төзімі түгесілген Әбіқаев Президенттен отставкаға сұраныпты (ал, бұл рас сөз). Президент Әбіқаевтың өтінішін қанағаттандырмапты (бұл да рас).  Егер, осының бәрі: биліктегі күрделі фигуралар мен ірі қаржы алпауыттары өзара мүдде қайшылығынан туған есептері үшін жалдамалы жендеттерді, халықаралық экстермистік топтарды пайдаланып бастағаны түбі рас болса, онда сұмдық екен. Бұндай сұмдық жайлаған елде Челахтай баланың шындығын есту мүмкін емес.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437