Еркеғали Бейсенов. Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырап тұр
Бүгінде «Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» Кеңес одағымен бірге келмеске кетті. Енді қайта тууы неғайбыл» дегенге саятын сөздер жиі айтылып жүр. Олай деушілер анау-мынаулар ғана емес, ел аузында аты бар кейбір қаламгерлеріміздің де «ауызды қу шөппен сүртіп отырғаны» байқалады. Шын мәнінде, төл әдебиетіміздің мүлде құлдырап, құру жолына түспей, тек тоқырау үстінде тұрғанын мойындамайтынға ұқсайды. Ұлы өнердің қайта өрлеуі үшін «Ойбай, өлді-бітті!» деп келетін жаттанды сарын, дәстүрлі әдеттен арылу маңыздырақ екенін дұрыс түйсіну керек.Әйтпесе, «Әдебиетте тоқырау бар ма?» деген пікірталас 1988 жылы да болған...
Бүгінде «Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» Кеңес одағымен бірге келмеске кетті. Енді қайта тууы неғайбыл» дегенге саятын сөздер жиі айтылып жүр. Олай деушілер анау-мынаулар ғана емес, ел аузында аты бар кейбір қаламгерлеріміздің де «ауызды қу шөппен сүртіп отырғаны» байқалады. Шын мәнінде, төл әдебиетіміздің мүлде құлдырап, құру жолына түспей, тек тоқырау үстінде тұрғанын мойындамайтынға ұқсайды. Ұлы өнердің қайта өрлеуі үшін «Ойбай, өлді-бітті!» деп келетін жаттанды сарын, дәстүрлі әдеттен арылу маңыздырақ екенін дұрыс түйсіну керек.Әйтпесе, «Әдебиетте тоқырау бар ма?» деген пікірталас 1988 жылы да болған...
Рухани сұраныстың төмендеуі салдарынан адами құндылықтардың әлсiреуi белең ала түскені өтірік емес. Қазiр кiтапты жата-жастанып оқитын жастар бар болса да, тым сирек. Тән құмарлығы мен материалдық байлыққа мойынсұнып, дегуманизацияға ұшырап бара жатқанымыз айқын. Мұндай жағдайда көркем шығарма ой-өресі ойсыраған жандарға құрғақ ақыл айтушы ретінде көрінбей, баяндау түрін, мазмұнды ашу тәсілін бас тарту мүмкіндігіне итермелемей-ақ жолға қоюға болады. Мысалы, соңғы 60 жылдың ішінде Қытай әдебиеті жақсы дамуда. Біздің қазіргі әдебиетімізге онда тұрып жатқан 2 миллионға жуық қазақтың қосып келе жатқан үлесі елеулі. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Еркеш Құрманбекқызы: «Бізде «ұлттық әдебиет» деген ұғым бар. Ол, әрине, 56 ұлттан құралады. Олардың ішінде әдебиетін өз ана тілінде жазатындар - қазақ, қырғыз, моңғол, сібе және ұйғырлар. Осы ұлт қаламгерлерінің шығармаларын ана тілінде басып шығаратын журналдары мен баспалары бар. Мәселен, қазақтың Шыңжаң Жазушылар қоғамында «Шұғыла» деген және одан кейін 3 ауданға қарасты «Іле айдыны», «Алтай аймағы», «Тарбағатай әдебиеті» деген әдеби журналдар бар»,- дейді бір сұхбатында. Ал, өзімізде ше? Жартылай саясат пен экономикаға арналып кеткен «Қазақ әдебиеті» газеті мен онша сұраныс жоқ «Жұлдыз», «Жалын», «Ақиқат» журналдарынан басқа жөні түзу әдеби басылымға да жарымай отырмыз ғой! Осылайша дұрыс насихаттың жоқтығы салдарынан «Кеңес үкіметінің құлауы көптеген жазушылар рухының азат емес екенін, біздің әдебиетімізде бір үлкен идеяның жоқтығын көрсетті» деп, бар ынта-ықыласымызды қызыл өкімет кезеңімен бұғаулап отырмыз. Әйтпесе, қазақ әдебиеттану ғылымының бастауы Әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтан өріс алып, кәсіби қалыптасуы 1900-1932 жылдармен сабақтасады. Бұл сөзіміздің дәлелі - Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Р.Марсеков, Ы.Мұстамбайұлы, С.Торайғыров, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Сейфуллиннің әдебиеттанушылық зерттеулері дер едік. Бұлардың ішінде А.Байтұрсыновтың 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқыш», одан кейін 1927 жылы жарық көрген М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» және Х.Досмұхамедұлының 1928 жылғы «Қазақ халық әдебиеті» атты зерттеулері өз әдебиетіміздің тарихын, теориялық негіздерін қалыптастырды. Сөйте тұра, тек 1932-1956 жылдар аралығындағы «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеттануының дамуы» кітабын «алтын ғасыр» арқауы ету ағаттық болар. Ал, бәріміз де «сол кезде солай еді» деуге көшсек, қазіргі әдебиетіміздің кеңестік кеңістіктегі қазақ әдебиеті деңгейіне жете алмай отырғаны шындық. Себебі, ол кезде әдеби цензураның мықты болғанына қарамастан, қазақ қаламгерлері өзінің ұлттық мәселелерін ретін келтіріп айта білді. Өкімі өктем өкіметтің өзі әдебиетті идеологияның қаруы етіп, ақын-жазушыларды жаппай жарнамалап, олардың атын елге танытып отырды. Әлгі «қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» Кеңес одағымен бірге келмеске кетті» деушілердің дәуiрi сол сәтте жүрген. Қазір цензура ресми түрде жүргізілмесе де, мықты деген ақын-жазушыларымыз белгілі мәселелерден шеттетіліп отыр. Одыраңдаған одашылар қаптады. Мадақтарының бәрі - шылқыған өтірік! Мемлекетіміздің сыртқы имиджге жұмыс істеуі тек экономикаға негізделген. Азуын айға білеген алпауыт елдерді алақандай ғана техникалық, экономикалық жетістіктермен мойындата алардай ертегі соғып отырмыз әлі. Міне, қарама-қайшылық! Одан да, жат жұрт біздің ғибратты мағынамен көркемделген ауыз әдебиетінен жалғасып келе жатқан асыл сөз тарихымыздың 10 ғасырды қамтитынын білуі тиіс қой. Қазақтың он ғасырлық асыл сөзі бар! Күлтегіннен басталған қазақ жазбаларында текті сөз ғана өмір сүрді! Осыны жете ұғынбағандықтан, енді қабылданып жатқан «Ғылым туралы» заңға да ғылымға жаңадан келіп жатқан жастардың құқықтары туралы ештеңе енгізбедік. Қазақстан бойынша әдебиет пен өнерді зерттейтін жалғыз ғылым ошағы - Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты ғана бар.Оның бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова институтта 12 ғылыми жобаның іске асатынын айтады. Сенсеңіз, соның 2-еуі ғана бабалар сөзі мен ауыз әдебиетімен айналысады екен. «Қалғандары қазіргі заман әдебиетін зерттейді»,- дейді. Бұл ретте «қандай қазіргі заман әдебиеті?» деген орынды сұрақтың ұшы қылтияды.
Қазақ «Әдебиет - ардың ісі», «Әдебиет - барлық өнер атаулының атасы», «Сөз сүйектен өтеді», «Өнердің ең алды - сөз өнері», «Өнер алды - қызыл тіл» деп бекер айтпаған. «Туғанда дүние есігін ашады өлең...» деп Абай да сөздің анығына тоқтады. Шын мәнінде, алғаш бесік жырынан бастап, балаға бар нәрсені түсіндіріп, үйрету тектен-текке өлең тілімен айтылмаса керек. Киелі Құранымыз да өлеңмен жазылған. Осы тұрғыдан келсек, дәл қазіргі сәтте қазақ әдебиетінде поэзия жанрының құлашын кеңге сермеп, айрықша көріне бастауы көңіл көншітеді. Кемталант мүмкіндігінше, шын талант қалағанынша жазып жүр. Стильдiк, көркемдiк, тақырыптық, тiлдiк, шеберлiк тұрғыдан түлеп жатырмыз. Халық бар жерде қашан да әдебиеттің болатындығын дәлелдеп келеміз. Қаламақы болмаған соң кейбір прозаиктердің жазбай, қолды бір сілтеп кеткені жасырын емес. Кейін жазатын шығар... Ал, өлең өрлей бермек. Кейінгі толқынның поэзиясын оқымайтындар, қазақтың ақын халық екенін біле тұра, «қазір өлең жазатындар да жоқ» дегенді ерігіп айта салуда. Олай дегенше, өлеңдерінде баяндау, айту бар да, өз ойларын көркемдік кестелермен жеткізу жағы жетісіңкіремейтін жайттарға жөн сілтей отырса ғой, шіркіндер! Әйтпесе, жастардың жазғанында теңеу, эпитет, метафора, балау, әсерлеп суреттеулердің кемшін соғып жатқанын көріп жүрміз. Жұмаш Сомжүрекше айтсақ, «тың ой, тың әсерлі тіркестер, оқырманға ой салатын мықты түйіндер некен-саяқ». Аға буын мән бермеген соң, қазіргі қазақ әдебиетінің өрісі бір реткі мүшайралармен, таралымы 1000-2000 дана кітаптың шығуымен ғана шектеліп қалып жатыр. Ақын Болат Шарахымбай бір сұхбатында былай дейді: «Бiздiң бiр жаман әдетiмiз, неге екенi белгісіз, бар нәрсенi жоққа шығарғымыз келiп тұрады, бар нәрсенi бағалай бiлмеймiз. Әсiресе, алдыңғы толқын өзiнен кейiнгi толқынды оқымайды, оқыса да жылы пiкiрлерiн аяйды». Бұл - бір.
Екіншіден, аударма жағынан ақсап келеміз. Біз негізінен шетел әдебиетінің қазақ тіліне емес, өз әдебиетіміздің өзге тілдерге аударылуына ден қоюымыз керек. Әрине, бұл қатардағы баспалардың ғана міндеті болып қалмай, мемлекеттің мүдделі болғаны жөн. Осы кезге дейін шығармасы шет тіліне аударылған қазақ ақын-жазушылары «Кеңес қаламгері» ретінде танылды. Сонымен қатар, қазір кез келген қазақ баласы шетел жазушыларының есімдерімен жақсы таныс. Себебі, олар біздің тілге көп аударылуда. Өркениетті елдер әдебиетті табыс көзіне айналдырып үлгергендіктен, олардың мықты дамыған әдеби агенттіктері өз қаламгерлерінің шығармаларын сыртқа жанталаса жарнамалап жүр. Осы мүдде тоғысында орыс, француз, жапон, ағылшын және Латын Америкасы елдері қаламгерлерінің көптеген шығармалары қазақшаға аударылған үстіне аударылып жатыр. «Аударма» баспасы қазір ағылшын, орыс, түрік, қытай, жапон, поляк тілдерінің білгірлерімен бірлесіп жұмыс жасауда. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, бұл ретте тек өзгелерді қазақшалауға бағытталып кеткен бүгінгі аударма саласын толық дәрежеде қаржыландырып, өз пайдамызға жарату керек-ақ.
Үшіншіден, қазіргі қазақ әдебиеті сынында көпіре мақтайтын және сыпыра жамандайтын аз ғана шоғыр бар. Бәрі - біржақты. Мақтайтындар шығарманы үстірт баяндап, оның авторын жанын сала дәріптеумен әуреленсе, «сынға алдым» дегендердің дені ғылыми негізі әлсіз, шығарманың астарына үңіле алмаған, онсыз да оқырман көзіне көрініп тұрған ұсақ кемшіліктерді теріп жазған балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ бірдеңелер өңкей! Бұлардың көбі сын объектісінің жазылу тәсілін қазбалаудың орнына, өз басының өкпе-назын айтып, пікір білдірген болып автордың жеке басына тиісіп, кекетіп-мұқата қоюға әуес. Басқа түгі де жоқ! Сол сияқты, әйтеуір мақтау керек болған соң мақталып жүрген қаламгерлер де жеткілікті. Топ-топқа бiрiгiп алып, бiрiн-бiрi жер-көкке сыйғызбай көпірте жөнеледі-ай, келіп! Ондай бос әрекетке жас «жұлдыздар» үйірсек. Соған лайық болса, бір сәрі...
Төртіншіден, «бүгінгідей ақпараттық технологияларға бет бұрған заманда...» деп келетін жаттанды сөзге малданып алдық. «Кітаптың орнын компьютер, көркем шығарманың орнын ғаламтор басып алды» сарынында сайраймыз. Ал, неге әлемдік әдеби процесстің жаңа заманға бейімделіп, одан әрі дами түскенін көрмей қалдық? Сол ықпалымен біздегі кітап нарығын орыс пен ағылшынның әдебиеті игеріп отыр. Олар өздерінің әдебиеттерімен әлгі ғаламтор арқылы да жаулап алған. Қазақ жастарының санасын емін-еркін бағындырды. Қабылдаушы санасы, танымы, қалыбы, талап-тілегі автор тарапынан алдын-ала ескерілетіндіктен, мобилді ақпараттық қатынастар арқылы реципиенттің авторға әсер-ықпалы қолжетімді, қарқынды болары байқалды. Әдебиет тарихында авторлар жазған том-томдық көлемді романдар мен ауқымды шығармалардың күні өтіп, көлемі жағынан ықшам, сығыңқы, ақпараттық-идеологиялық, философиялық мағынасы мол, интеллектуалдық көркем шығармалар тудырудың қажеттілігі алға шықты. Соған қарамастан, «Еуропалық PhD жүйеге көшу - уақыт талабы» деп алып, Ресей бұрынғы жүйені де сақтап отыр. Себебі, PhD жүйесі бойынша қорғалған жұмыстардың шарттары бұрынғы жүйеге қарағанда үстірттеу көрінеді. Ал кеңестік кезеңде қалыптасқан оқулық авторларының кесірінен біздің жоғары оқу орындарында сол баяғы соцреалистік негізге құрылған бағдарламалар оқытылуда. Сондықтан да, «ойбай, ғаламтор жаулап алды» деп отыра бермей, сол ғаламторға қазақтың классикалық туындыларын енгізуді қолға ала алмадық. Міне, артта қалғанның көкесі!
Бесіншіден, Ресейде орыс классикалық әдебиеті барлық мамандықтарға, жоғары лауазымды шенеуніктерге міндетті түрде оқытылады. Себебі, әдебиетте ұлттық пен мемлекеттілікті біріктіріп тұратын басты құндылықтар айқындалған. Біз де солай істесек, ұлттық классикамызды санасына түйген саясаткер, экономист, қаржыгер, кәсіпкер міндетті түрде қазақ тілінде шегеленген басты ұлттық этикалық құндылықтарды аттап өте алмас еді. Әйтпесе, қазақтың жанын, ұлттық намысын түсінбеген рухани мүгедек шенеуніктер қуыс кеудесін көтере шіреніп, тек қара басының қамымен ғана шектеліп қалған. Өкінішке қарай, олардың рухани байлығы мен сезімдерін, моральдық-этикалық қасиеттерін санатқа алып жатқан ешкім жоқ. Ал мемлекетін шын беріліп сүйетін тұлға ондайлардан емес, бойына әдебиетті, рухани мұраларды сіңіріп өскен адамдардан шығады. Бұл тұрғыда, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті Ноябрь Кенжеғараев: «Бүгінде еліміздің бірде-бір жоғары оқу орындарында әдебиет теориясы кафедрасы жоқ, тиісінше ғылыми-зерттеу институттарында да бұрыннан болмаған... Қоғамдық дамудың жаңа сатысына аяқ басып отырған уақытта, еліміздің ғылымы алға қадамды нық басуы үшін, міндетті түрде әдебиет теориясы бөлімі жұмыс істеуі керек. Қазақ елі үшін әдебиет пен әдебиеттану ғылымы - жай нәрсе емес, тарихи-тағдырлы мәні бар, мемлекет рухының айғағы, кепілі ретіндегі символдық мағынасы бар киелі дүние»,- дейді.
Алтыншыдан, қазір қорғалып жүрген кандидаттық, докторлық жұмыстардың көбі - әдебиет саласынан. Содан «қазақтың бәрі филолог!» деген ұғым қалыптасты. Бірақ, ол жұмыстардың дені атақ және күнкөріс қамы үшін қорғалғандығы ащы да болса, шындық! Әйтпесе, сол «кандидат», «докторлардың» жазып шығарған әлемдік деңгейдегі теориялық ізденістер мен жаңалықтарға толы, адамзаттың рухани дамуының жаңа қырларын танытқан, әлемдік деңгейде мектеп болып қалыптасқан дүниесі бар ма?!. Басқасын айтпағанда, біз қазір қазақ поэзиясы туралы сөз қозғай қалсақ, кең көкжиекке көз тастауға «ерініп», Абайдан бері тарата саламыз. Қазақтың Қазтуған, Доспамбет, Мұрын, Ақтамберді, Дулат сынды ақын-жыраулары, өзге елде жоқ ұлт мақтаныштары тасада қалып қойып жатыр. Бірақ, біз өзгелерді тек өзіміздің ұлттық құндылықтардан бастау алатын дүниелерімізбен ғана таңқалдыра алуымыз керек қой?! Сол үшін қазақ қоғамына үлкен міндеттер атқаратын ірі рухани орталық қажет. Әлі күнге дейін «алдымен - экономика, сосын - саясат» деп жүргеніміз ұят болмаса, сол «дамып кеткен» экономикамыздың рухани құндылықтарды алға сүйретіп ала жөнелгенін көрдіңіз бе? Елімізде қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік зерттеулер мен талдаулар жасайтын ірілі-ұсақты бірнеше орталықтар бар. Осы төңіректе ондағы мамандар арнайы сараптама жүргізіп, әр тоқсанды, әр жылды қорытындылап отырады. Ал қаптаған «ғалымдарға» жарыған әдебиеттің ретсіздігі, алтыбақан алауыздық сол деңгейге де көтеріле алмай, киелі өнерді билікке жалтақтатып отыр.Жазушылар одағы төңірегінде біраз дау-дамайлар орын алуда. Ал ел билігі оған нүкте қоюдың орнына, жазушылар арасындағы ішкі ұсақ қайшылықтарды қоздыруға бағытталған жұмыстар жүргізумен әлек. Өздеріне сөйтіп тәуелді етіп алған соң, бұрын халық алдында жүрген керемет құдірет иесі көрінген ақын-жазушылар қазір қайыршы, бейшара күй кешіп қалды. Қабырғалы қаламгерлердің осындай қиын жағдайға душар болуы салдарынан қазақтың тілі де әлсіреді. Ана тіліміз «мемлекеттік тіл» деңгейіне дейін көтеріліп, заңмен бекітілген өз мәртебесіне жетуі керек еді. Олай болмады...
«Ұлт Times» газеті