Шекарадағы шырғалаң немесе жұрттың аузында жүрген қай генерал?
Қазақ-Қытай шекарасындағы қанды қасапқа қатысты мәселе ушығып барады. Ушықпағанде ше, билiктегiлер әлдененi бүлдiргендей бүгежектей берсе. Құзырлы органдар шындықты жасырған сайын өсек өршiп, оның жалыны президент Н.Назарбаевтың өзiне де тиiп жатыр... 14 шекарашы мен қорықшының өлiмiне қатысты ресми ақпаратқа ешкiм сенген жоқ. Тiптi "тордағы бұлбұл" Ертiсбаевтың өзi де. Той-томалақ пен өлiм-жiтiмдi талғай бермейтiн ертiсбаевтар "Норвегияда Брейвик деген бiреу жетпiстен астам адамды бiр өзi қырып салмады ма?!" деп өрекпiгенiмен, өз өтiрiгiне өзi сенбейтiнi көзiнен көрiнiп тұрды.
"КУӘГЕРЛЕРДIҢ КӨЗIН ҚҰРТЫП ЖАТЫР"
Кеше газет шығарудың қамымен абыр-сабыр боп жатқанымызда редакцияға Алакөл ауданының Үшарал қаласынан бiр оқырманымыз телефон соқты. Аты-жөнiн айтқысы келмедi. Ол бүй дейдi: "Үшарал қаласы адам танымастай өзгерiп кеттi. Қала емес, әскери гарнизон дерсiң. Айтпағым - Алакөл ауданында әскерилер бiрiнен соң бiрi өлiп жатыр. Бұдан бiр-екi күн бұрын ғана Үшарал - Достық тас жолында әскерилер мiнген жеңiл көлiк өзенге құлап, бiр жауынгер қаза болды. Тағы бiрнеше адам жоғалып кетiптi. Осы сендерге күдiктi көрiнбей ме? Менiңше, бұлар куәгерлердiң көзiн құртуда. Менiң ұлым да - офицер. Соған уайымдаймын...".
Қазақ-Қытай шекарасындағы қанды қасапқа қатысты мәселе ушығып барады. Ушықпағанде ше, билiктегiлер әлдененi бүлдiргендей бүгежектей берсе. Құзырлы органдар шындықты жасырған сайын өсек өршiп, оның жалыны президент Н.Назарбаевтың өзiне де тиiп жатыр... 14 шекарашы мен қорықшының өлiмiне қатысты ресми ақпаратқа ешкiм сенген жоқ. Тiптi "тордағы бұлбұл" Ертiсбаевтың өзi де. Той-томалақ пен өлiм-жiтiмдi талғай бермейтiн ертiсбаевтар "Норвегияда Брейвик деген бiреу жетпiстен астам адамды бiр өзi қырып салмады ма?!" деп өрекпiгенiмен, өз өтiрiгiне өзi сенбейтiнi көзiнен көрiнiп тұрды.
"КУӘГЕРЛЕРДIҢ КӨЗIН ҚҰРТЫП ЖАТЫР"
Кеше газет шығарудың қамымен абыр-сабыр боп жатқанымызда редакцияға Алакөл ауданының Үшарал қаласынан бiр оқырманымыз телефон соқты. Аты-жөнiн айтқысы келмедi. Ол бүй дейдi: "Үшарал қаласы адам танымастай өзгерiп кеттi. Қала емес, әскери гарнизон дерсiң. Айтпағым - Алакөл ауданында әскерилер бiрiнен соң бiрi өлiп жатыр. Бұдан бiр-екi күн бұрын ғана Үшарал - Достық тас жолында әскерилер мiнген жеңiл көлiк өзенге құлап, бiр жауынгер қаза болды. Тағы бiрнеше адам жоғалып кетiптi. Осы сендерге күдiктi көрiнбей ме? Менiңше, бұлар куәгерлердiң көзiн құртуда. Менiң ұлым да - офицер. Соған уайымдаймын...".
Аты-жөнiн айтқысы келмеген оқырманымыз көп нәрседен хабардар сияқты көрiндi. Суыртпақтатып сыр тартып көрiп едiк, "бас жаққа" барысқысы келмедi.
Апыр-ай, ә! Бiрден компьютердiң тiнтуiрiне жармасып, бұған қатысты қасаңдау бiр ақпарат таптық. Алматы облыстық IIД-нiң баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет былай дептi: "Алматы облысының Үшарал - Достық тас жолында үш әскери адам жол апатына ұшырады. "Мерседес" көлiгiнiң аударылып кетiп, суға құлауының салдарынан 1969 жылы туған әскери адам қаза болды. Оның денесiн судан құтқарушылар алып шықты. Жарақаттанған тағы бiрiне медициналық көмек көрсетiлген соң, үйiне қайтарылды. Көлiктiң жүргiзушiсi мен Үшарал қаласында қызмет ететiн тағы бiр офицер iз-түзсiз жоғалып кеткен".
Баспасөз хатшысының сөзiне сенсек, "әскерилер мiнген көлiк енi 3 метрлiк өзенге құлап түскен. Өзеннiң ағысы қатты болғандықтан, көлiктi ағызып әкеткен. Жоғалған әскерилердi құтқарушылар iздеп жатыр, өзеннiң көлiк құлаған арнасы бекiтiлдi".
Бұл кездейсоқтық па, әлде әдейi жасалған қастандық па? Соңғы күндерi Алматы облысының Алакөл ауданында түсiнiксiз жағдайлар болып жатыр. Алдымен "14 адамды өлтiрген - осы" деп, бiр қазақ жiгiтiнiң суретiн таратты. Одан кейiн 19 жастағы жасөспiрiмдi "құлағынан сүйреп әкеп" қылмыскер жасады. Мұнан соң әскерилер жоғалып, тағы бiрi өлдi. Түсiнiксiз...
БҰЛ НЕ ҚЫЛҒАН "ЛЕКСУС"?
Сенбi күнi Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы "Арқанкергендегi" оқиғаға қатысты заттай айғақтарды көрсеттi. Әскери прокурор Дастан Секенов айғақ ретiнде капитан Кереевтiң тапаншасы, күртесi мен шалбары, ноутбугi, ұялы телефондары және 12 мың теңгесiн көрсететiнiн ескерттi. Бұл заттардың бәрi де Владислав Челахтан алынған. Жұрт мұның бәрiне жай ғана көзбояушылық деп қарайтын едi, тек тағы бiр түсiнiксiз жайт болмаса...
Тергеушiлер бiр жауынгердiң неке сақинасын тауып алған. Сақинаны қаза болған азаматтың жары таныған. Сақинаға тiлдей қағаз iлiп, қай күнi, қай жерден табылғанын жазған. Онда былай дейдi: "Кольцо изято 09.06.12 при осмотре а/м "Лексус" В 311СХО опознание А.Иманбаевой".
Жұртты күдiктендiрген де осы. Бұл не қылған "Лексус"? Шекарашылардың тауға "Лексуспен" барғанына күмән зор. Оның үстiне сақинаны тек 9 маусымда ғана тапқаны да күдiктi. Бұрнағы күндерi бiрқатар басылымдарда оқиға болған жердiң төңiрегiнде әлдекiмдердiң нөмiрi жоқ бiр джиптi өртеп кеткенi айтылған-ды. Мұны Пекинде президент Н.Назарбаев та сөз еттi. Ендеше, бұл қымбат көлiктiң кiмдiкi екенi неге жарияланбайды?
Тағы бiр сәйкессiздiк көзге ұрып тұр. "Челах өз еркiмен берiлген жоқ, оны шекарашылар наряды ұстады", - дедi әскери прокурор Д.Секенов.
Алғашқыда "Челах өзi келдi" деген ақпар тараған. Артынан iшкi iстер министрi Қалмұхамбет Қасымов "Челахты қыстауда тығылып жатқан жерiнен бiз ұстадық" дедi. Сонда Челахты кiм ұстаған? Шекарашылар ма? Әлде полицейлер ме? Бәлкiм, бiрiгiп ұстаған шығар? Онда неге әрқайсысы "көрпенi" өзiне тартады? Кiмнiң сөзiне сенемiз: әскери прокурордың ба, министрдiң бе?
ҰҚК ТӨРАҒАСЫ НЕНI МӘЛIМДЕДI, ПРЕЗИДЕНТ НЕ IСТЕДI?
2006 жылы мемлекет және қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне қастандық жасалғанда ҰҚК-нiң сол кездегi төрағасы Н.Дүтбаев президент Н.Назарбаевқа жағдайды мәлiмдедi дейтiн әңгiме есiңiзде ме? Мұны президенттiң қызы Д. Назарбаева өзiнiң "Дежавю" дейтiн атышулы мақаласында жазған. Ол сонда былай деген: "2006 жылдың ақпаны... ҰҚК-нiң төрағасы Н.Дүтбаев бiрден жағдайды мемлекет басшысына мәлiмдеп, қастандыққа қатысты өзiнiң болжамын айтқан: не - Рахат Әлиевтiң, не - Тимур Құлыбаевтың, не - Қайрат Сатыпалдының қатысы бар...".
Мұны не үшiн айтып отырмыз? Ел арасында мынадай да әңгiме жүр: "Қазақ-Қытай шекарасындағы оқиғадан соң ҰҚК-нiң қазiргi төрағасы Н.Әбiқаевты президент шақырып алып, жағдайды мәлiмдеудi талап еткен. Әбiқаев бұл қылмысқа қай генералдың қатысы бар екенiн айтқанда президент сылқ етiп орнына отыра кетiптi-мыс".
Мiне, өсек-аяң президенттiң өзiн де шарпыды деуiмiздiң себебi - осы. Егер шынайы ақпаратты жасыру осылай жалғаса берсе, бұдан зорғысын естимiз әлi.
"ЕСIРТКI ЖОЛЫ"
Үшаралға барып, немересiне жолығып қайтқан ақсақал Владимир Челах Алматыда баспасөз мәслихатын өткiзiп, мәлiмдеме жасады. Владимир Челахтың сөзiнше, ол Владиславқа: "Владик, ұлым, сенiң жазықсыз екенiңдi бiлетiн адамдар бар. Егер сенi бiреулер қорқытса - қорықпа", - дептi.
Сондай-ақ ол "Арқанкерген" шекара бекетiнiң тұсынан "есiрткi жолы" өтедi деп есептейдi. Челахтың атасы ресми айыпты түбегейлi мойындамайтынын мәлiмдедi. "Әлдекiм өздерiнiң берекесiз әрекеттерiн жасырып отыр. Неге екенiн айтайын. Маған қорықшының екi күн бұрын - 30-ына дейiн оққа ұшқанын айтты. Яғни оқиға шекарашылар постқа келмей тұрып болған. Шекарашылардың постқа қай күнi келгенi жария етiлмейдi. Баспасөздiң жазуынша, олар 28-i күнi келген. Менiң ойымша, немеремдi пайдалану арқылы әлдекiмдер қылмысының iзiн жасырған", - дейдi ол.
Владимир Челахқа "Арқанкергенде" "есiрткi жолы" өтетiнiн кiм айтқан? Немересi айтты ма, әлде бұл жұрт аузында жүрген сөз бе?
Аса ауыр қылмысқа қатысты ойымызды бiр түйiп тастайтын тұсқа жеткен сияқтымыз. Тергеудiң болжамдарына жұрт сенбейдi, сендiру мүмкiн де емес. Ал ендi жоғарыдағылар жұрттың "аузына қақпақ қойғысы келсе", кiнәлiнi шенi мен шекпенiне қарамай жауапқа тартуы керек. Егер бұлай етпесе, халық аса ауыр қылмысты ашылды деп есептемейдi. Дәл Зәкең мен Алтекеңе қастандық жасалған кездегiдей...
Бас прокуратура Владислав Челахтың он төрт адамды қалайша жайратып салғанын жiпке тiзiп берсе де, оған сенетiндердiң қатары аз. Қарапайым халықты былай қойғанда, сарапшылар мен осы салаға бiртабан жақын әскери адамдардың өзi ресми дерекке күмән келтiредi. Төменде бiрқатар белгiлi адамдардың пiкiрiн ұсындық.
Николай КРЕМЕНИШ,
КСРО батыры, Ауған соғысының ардагерi:
- Ең бiрiншi, атылған оқтардың қанша қарудан атылғаны белгiсiз. Сонымен қатар автомат атылғанда, оның үнiн естiмеу мүмкiн емес. Барлық сарбаздарды пышақтап тастады десе, сөз басқаша. Ал мынау қылмыс бойынша әрбiр әскери азаматты автоматпен өлтiрген деген дерек бар. Сонда қалай? Сарбаздар өзiнiң кезегi келгенше В.Челахтың өзiне оқ атуын күтiп жатқаны ма? Мен В.Челахтың бұл қылмысты жасағанына үлкен күмәнiм бар. Бiрiншiден, қылмыс жасаған сарбаздың психикасына қатысты болжамдар айтылуда. Расында Владиславтың психикасында ауытқушылықтар бар болса, онда әскери комиссия қайда қарады? Әрбiр азаматтың денсаулығын жiтi тексеру - әскери комиссияның мiндетi. Сонда денсаулығында кiнәраты бар баланы әскерге жiбергенi ме? Жалпы, Арқанкерген оқиғасына қатысты ақпарат өте аз. Сондықтан қазiр нақты пiкiр айту да қиын. Десек те, менiң пайымдауымша, сарбаздарды шекара бекетiне барғанда-ақ әлдекiмдер күтiп алған сияқты. Әйтпесе, серiктерiн жайратып салды деген В.Челахтың өзiмен бiрге автомат емес, тапанша алуы қалай? Мәселен, мен Владиславтың орнында болсам, бiрден автоматты ала кетер едiм. Қорыта айтқанда, қылмысты тексерудiң қазiргi беталысы қисынсыз.
Әмiрбек ТОҒЫСОВ, зейнеттегi генерал:
- Жалғыз Челахтың бүкiл сарбаздарды қырып салуы - қисынға сыймайды, мүмкiн емес. Ойлап қараңызшы, сонда Владислав Челах қаруын кезенгенде, ешбiр сарбаз қарсылық көрсетпегенi ме? Жап-жас баланың жарты жыл бойы әскери мiндетiн бiрге атқарып жүрген әрiптестерiн жайратып салуы ақылға сыймайды. Оқиғаның барысына қарап, сараптап көрсеңiз, қылмысты жасағандар тәжiрибелi адам екенi анық байқалады. Менiңше, есiрткi сатумен айналысатындардың не болмаса, экстремистердiң осы қылмысқа қатысы болуы мүмкiн.
Бiр автоматпен он төрт адамды мерт қылу мүмкiн емес. Он төрт адамның әлдебiреуi қарсыласып, күш көрсетуi мүмкiн ғой. Арқанкерген шекарасындағы жағдайды саясаткер Заманбек Нұрқадiловтiң өлiмiне ұқсатып отырмын. Кезiнде оның өлiмiне қатысты өзiн-өзi үш рет атып, соңынан өзiнiң басына "контрольный" оқ атты дегiзiп, iстi жауып едi. Арқанкергендегi жағдай да сол сценарийдiң сүрлеуiмен жол тартқан сияқты. Сонымен қатар, шекара әскерилерi тек қана автоматпен жүредi. Ал В.Челахтан тапаншаның табылуы қалай? Әскери тәртiп бойынша шекарашыларға автоматтан оқ атуды үйретедi. Сонда В.Челахқа тапаншаның нендей қажеттiлiгi болды? Менiңше, қылмыстық жағдай шекарашылар мен әлдекiмдердiң арасындағы қақтығыстан болған жағдай сияқты.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы, "Эксклюзив" журналының бас редакторы:
- Бiр сарбаз он бес адамды өлтiрдi дегенге сену - қиындау дүние. Әлемде азын-аулақ болса да мұндай сирек жағдайлар болған. Былтырғы жылы Норвегияда бiр жауынгер бiрнеше адамды қырып тастады. Бiрақ оны бiздiң шекарадағы жағдаймен салыстыруға болмайды. Бiрiншiден, сөз болып отырған Челах Брейвик сияқты маньяк, есi ауысқан емес сияқты. Екiншiден, айтарлықтай тәжiрибесi жоқ, әскери машықтарды бiлмейтiн он тоғыздағы жiгiт. Үшiншiден, хаттарда жазылған заставадағы қатарлас сарбаздарға қатысты көзқарасы әлгiндей әрекеттерге баруға негiз болмайтын сияқты. Төртiншiден, мерт болғандар - қатардағы бейбiт азаматтар емес, әрқайсысы қару асынған, белгiлi бiр дайындықтан өткен сарбаздар. Челах әскерге жаңадан шақырылған болса, көпшiлiгi келiсiмшартпен жұмыс iстеп жүрген кәсiби әскерлер.
Тергеу амалдары мейлiнше ашық, жария, анық жүргiзiлуi керек. Iстi тезiрек жауып тастауға жол бермеу керек. Себебi жоғарыдан сондай тапсырма келгенiмен, бұл iс бәрiбiр ұмытыла қоймайды. Қайта керiсiнше, билiк, құқық қорғау, тергеу органдарына одан әрмен сенiмсiздiк ұялатады. Бұған дейiн Заманбек Нұрқадiлов, Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза тапқанда келтiрiлген ресми деректер тым мардымсыз болды. Әрi бұл құқық қорғау органдарына деген сенiмдi қатты төмендеттi. Тiптi қазiр құқық қорғау органдары шын ақпаратты таратқан күннiң өзiнде оларға сену-сенбеуi екiталай.
Тергеу орындары бiрiн-бiрi жоққа шығаратын мәлiмдемелер жасады. Алдымен қаннан алкоголь табылды десе, сосын табылмады деп шықты. Бiрде он екi адам, ендi бiрде он төрт адам, ендi келiп он бес адам мерт болды дейдi. Дәл осылай шекарада он бес адамды қырып кеткен жағдай болған емес. Мұндайды тек Рембо тәрiздi кинолардан ғана көретiн едiк.
Арат НАРМАНБЕТОВ, ҰҚК-нiң отставкадағы полковнигi:
Арқанкергенде қоян-қолтық ұрыс болуы мүмкiн
- Бұл оқиғада күмәндi дүние өте көп. Бiрiншiден, 15 адамға автоматтан оқ ату хронометражға сәйкес келмейдi. Асып кетсе, екi рожок патрон саны атылу керек. Адамдар өздерiн атып тастағанша қол қусырып отырған жоқ қой. Олар қалайда да қарсыласуы керек. Өз басым жүргiзген хронометражда оқиға уақыт межесiне сәйкес келмейдi. Екiншiден, шекара бекетiндегi құрамның үштен бiрi нарядта тұруға тиiс. Яғни шекара сызығында бақылау жасап, құпия қызмет атқарады. Тағы үштен бiрi шекара бекетiндегi iшкi қызметке жұмылады. Қалған үштен бiрi казармада қалып демалады. Күндiз-түнi сақталатын тәртiп осы. Үшiншiден, Челахты мұндай қылмысқа не итермеледi, оның себебi мен үшiн түсiнiксiз.
Бұл турасында қызметтестерiммен сөйлестiм. Шекара бекетiндегi әскерде әлiмжеттiк өзге әскери бөлiмшелердегiдей емес. Олар да мұны растады. Қанша дегенмен шекарада орналасқан және ҰҚК-ге қарайды, арнайы барлау бөлiмi бар. Қысқасы, үстiнен бақылайтындар өте көп.
Сонда ол ақыл-есiнен адасқандықтан қылмысқа барды ма? Менiңше, ақыл-есiнен адасты дегеннiң өзi бiртүрлi термин. Себебi шекаралық әскерге анау-мынауды емес, әбден iрiктiлген сайдың тасындай жiгiттердi алады. Ақыл-есi дұрыс болмаса, арнайы бөлiм оны бiрден байқар едi.
- Сiздiңше, Арқанкергенде шын мәнiнде қандай оқиға болған?
- Сырттан жау шапты дегендi жоққа шығаруға болмас. Бiрақ Қытай немесе өзге жақтан емес. Менiң болжауымша, бұл жерде жеке кландық кикiлжiңдер мен кланаралық күрес болуы мүмкiн. Оған құқық қорғау мен арнайы қызметтiң "Альфа", "Арлан" тәрiздi бөлiмшелерi тартылуы ықтимал. Яғни конъюнктуралық мақсатта кек алып, аяқтан шалуы да ғажап емес.
Челахтың ақыл-есi дұрыс емес десе, тергеу кезiнде мiндеттi түрде жанында психиатор болуы тиiс. Егер Челах ақыл-есiнен адасып қылмыс жасады десе, тергеушi одан жауап алғанда ақыл-есi дұрысталып қалып па? Мұндай кезде ол "туған шешемдi өлтiрдiм" деп те бар кiнәнi өз мойнына ала салуы мүмкiн. Оған кiнәсiн мойындату үшiн 37-жылдағыдай тырнақ пен саусағының арасына ине тығудың қажетi жоқ.
- Арқанкергенге әлдебiр шенi жоғары адамдар барып демалыпты, бұл солардың жасаған iсi екен дейтiн әңгiмелер өрiп жүр.
- Егер ол жерге VIP-шенеунiктер барған болса, қасында оларды алып жүретiн жеке күзетi, арнайы дайындықтан өткен адамдары болуы керек. Бұл болжамды да тексерген жөн.
Шекарашылар шекара бекетiне не үшiн барды, онда не iстедi, осы жағы түсiнiксiз болып тұр. Менiңше, бұлар өзiнiң тiкелей мiндетi - шекара күзетiмен айналысқан жоқ. Себебi барлық мәйiттер казармадан табылды.
Жоғарыда айтқанымдай, олар үшке бөлiнуi керек. Бiр бөлiгi үнемi шекара сызығында жүрмесе, ол күзетсiз қалады. Соған қарағанда, шекарашылар әлдебiреудiң шаруашылығын күзетiп, сонда жұмыс iстеген болуы да ықтимал. Оның үстiне екi күн бойы байланыс болмағанымен, Сарыбөктердегi шекара заставасы бұларға iздеу салған жоқ. Тап бiр онда тұрған түк жоқ, бәлкiм, жұмыстан қолдары тимей жүрген шығар дескен болар. Соған қарағанда байланысқа шықпау олар үшiн үйреншiктi жағдай ма деп қалдым. Шекара бекетiндегi әскер кем дегенде күнiне үш рет байланысқа шығуы керек. Шықпады ма, тiкұшақпен он бес минутта жетiп баратын жерге екi тәулiкте әрең жеттi.
- Челах ұсталғанда жанынан ноутбук табылды делiндi. Сарбаз шекарада ноутбуктi қайтедi?
- Ноутбуктi тауда қайтсiн? Жақын елдiмекен шалғайда. Спутник немесе сымсыз интернеттiң болуы мүмкiн емес. Әлдебiр затты басып шығармақ болды десең, оның қуаты екi күнге жетпейдi. Қысқасы, ақылға сыймайтын нәрсе. Бәлкiм, ол қылмысты жасады дегенге сендiру үшiн қалаймақанда жасап шығарған нәрсесi шығар.
- Қорықшы Руслан Кимнiң денесiнен оқтан бөлек пышақтың iзi табылыпты.
- Қателеспесем, одан бөлек басқа сарбаз денесiнен пышақпен салынған жарақат iзi табылды. Демек, бұл жерде қоян-қолтық ұрыс болған.
- Сараптама шекарашылар алкоголь iшпеген деген қорытынды шығарды. Өртелiп кеткен мәйiттерден алкоголь iшкен-iшпегенiн анықтау мүмкiн бе?
- Алкоголь iшкенiн анықтау үшiн қан алады немесе асқазаннан анықтайды. Ал өртенiп кеткен, күл-талқаны шыққан сүйекке геномды сараптама жасап, туыстықты анықтауға болады. Ал алкогольдi iшкен-iшпегенiн анықтау мүмкiн емес. Бiрiнiң үстiнен әйелдiң iш киiмi табылыпты деген де сандырақ.
Тағы бiр маңызды нәрсе, Челах күзетшiнi жүз метр қашықтыққа алып шығып, тапаншамен атып өлтiрдi дейдi. Макаров тапаншасының даусы 600-700 метр жерден анық естiледi. Оның үстiне таулы аймақ болғандықтан ол жаңғыруы керек. Қысқасы, тапанша даусын шекара бекетiндегiлердiң естiмеуi мүмкiн емес.
Ең бастысы, Челах әрекетiнен қылмыс жасауға итермелейтiн себеп көрiп тұрғаным жоқ. Өз басым барлық бейнематериалды қарап шықтым. барлығы Челахқа жағымды мiнездеме бередi. Ақыл-есi дұрыс дейдi.
- Бәлкiм, Челах көз алдында көрген сұмдық оқиғадан шошынып, есiнен адасқан болар?
- Бұл да мүмкiн. Бiрақ тергеу орындары оны қылмысты есiнен адасып жасады деп тұр ғой. Челахтың ақыл-есiнде ауытқу қашан пайда болды? Қылмысқа дейiн бе, жоқ одан кейiн бе? Психологиялық сараптама осыған жауап беруi тиiс.
ССР КГБ-сында қызмет атқарғанымда кезекшiлiк кезiнде ақыл-есiнен адасқан адамдар келсе, олардан бүге-шiгесiне дейiн сұратып, жауап алуға мiндеттелетiнбiз. КГБ төрағасы сондай бұйрық беретiн. Себебi бiр кезекшi мәлiмет беруге келген адамның шизофреник екенiн байқап, оны қуып жiберген. Артынша оның қолында алда болатын терактiлер туралы мәлiмет бар болып шығыпты. Мiне, сондықтан егер жұмыс дұрыс жүргiзiлсе, нақты жауап алуға болады. Ал егер "осылай айтсаң, сонда жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз етемiз" десе, ол өзiне-өзi жала жауып, кiнәнi мойнына ала салуы мүмкiн.
Е.БИЕКЕ.
«Жас Алаш» газеті