Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3650 0 пікір 12 Шілде, 2009 сағат 18:42

Ине көзінен сынады

Қашанғы қазақ тілі мемлекеттік тіл деп арқадан қағып, орысша сөйлей береміз?!
Шыныменен қазір тіл туралы сөз қозғай қалсақ жұрттың езуіне күлкі үйіретін жағдайға жеттік. Бір әңгіме жетіспей ішің пысып отырған адам секілді қарайды саған.

Қашанғы қазақ тілі мемлекеттік тіл деп арқадан қағып, орысша сөйлей береміз?!
Шыныменен қазір тіл туралы сөз қозғай қалсақ жұрттың езуіне күлкі үйіретін жағдайға жеттік. Бір әңгіме жетіспей ішің пысып отырған адам секілді қарайды саған.

Еріккеннің ермегі етіп, жай әншейін уақыт өткізуге талғажау ету үшін айтыла салғандай. Тіл туралы айта-айта зиялы қауымда титықтағанға ұқсайды. Баяғыдай үлкен мінберлерден оқтын-оқтын сөйлеп, найзағай ойнататын Мұхтар Шаханов ағамызда үнсіз қалды. Арасында шай қайнатым уақыт болса да тіл мәселесі төңірегінен әңгіме іркіп қалатын депутат мырзалардың да ауаны басқа жаққа ауып кеткен бе, қайдам? Әлде айқайлай-айқайлай елден ұят болды, енді бір мезгіл бой сергітіп дем алмасақ болмас деді ме?! Не керек нақты іске көше алмай әлекпіз. Өз қолыңды өзің кесесің бе, іштен тынып жүрген жай бар. Сілтідей тынған тыныштықты менің баламның жеткізген хабары селт еткізді. Әңгіме төркіні былай. Аулада ойнап жүрген балалар әдеттегідей болмашы нәрсеге таласып қалады ғой. Сондағысы, әткеншек тебуге кезек мәселесін анықтау сияқты « қауырт» шаруа шешіледі. Бірдемеге көңілі толмаған қаршадай орыстың қызы «Сендер қазақтар ақымақсыңдар, бізді ешқашан қазақша сөйлете алмайсыңдар» депті. Сонда балалар: «Ол сөздің мына жерге қатысы қанша, қазір әкеме айтып Президентке жеткіздіреміз» - деп қорқытпақшы болыпты. Мына сөзге жаңағы қаршадай қыз еш шімірікпестен: – «Ал мен Ресейге кетіп қаламын» деген екен. Санаға үйлеспейтін жайт. Мұндай теріс пиғыл, жат қылық түймедей қыздың ойына қайдан келсін. Яғни, жанұяда жадына құйып отыратын әңгіменің болатыны хақ. Осыдан кейін бойым салы суға кетіп жүргенде ҚР Президенті әкімшілігінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ғылыми-сараптық кеңестің мүшелері, мемлекеттік сарапшылар, тәуелсіз ғылыми-зерттеу институттары мен талдау орталықтарының зерттеушілері қатысатын «Қазақстанның бірлік доктринасының негізгі бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, соған қатысатын болдым.
Ылғи сорпаның бетіне шығатындармен қауқылдасып қалайын деп мен де жеттім. Қазақтың төрт көзі жиылған бұл жиында да қазақ тілі бұрышта қалып, орыс тілі төрге озды. Қазақы журналистер демімізді ішімізге тартып қозғалмай отырмыз. Кезекті сөз алған филология ғылымының докторы, профессор Аманкелді Айталы ағамыз: «Біз қай жерде отырмыз? Осындай орысша сөйлеумен болашаққа қалай доктрина жасаймыз» деп қаяу көңілімізді серпілтіп, арпа ішінде бір бидай екенін аңғартты. Доктрина жасау өте дұрыс және уақыты да келді. Тәуелсіздік алған он сегіз жыл ішінде Қазақстанның ұлттық келбеті, ұлттық құрамы, халықтардың сана сезімі, діни қатынастар бізді доктрина жасауға итермелеп отыр. Бүгінгі доктрина жасаушылардың халықаралық тәжірибені зерттегендеріне риза болып отырмын. Бірақ сол тәжірибеге мұқият көңіл бөліп, ұлттың мүддесінен шығара білу керек. Қандай ұлттық саясат ұстанамыз? Мәселе сонда. Әсіресе тіл мәселесі. Маған Украинаның, Латвия, Литва, Эстонияның ұстанымы ұнайды. Олар ешкімге де тәуелді емес, ешкімнің көлеңкесінде болмайтын мемлекет боламыз деп ішкі және ұлттық саясатын қалыптастыруға жанын салып жатыр. Аталған мемлекеттерде диаспора немесе этникалық топ деген жоқ. Ұлт мәселесі жөнінде интеграция қабылдап әрбір этникалық қоғамның тілі өздерінің тарихи отанында жан-жақты дамуы тиіс деп бақырайтып қойып мәселені төтесінен кесті. Келдің бе
менің тілімді білуге міндеттісің дегенді ашық айтып отыр. Ал, бізде қазақ тілінің орны қалай болады? Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп өтірік арқадан қағып қойып, орысша сөйлей береміз бе, әлде шынымен ел боламыз ба? Біз Қазақстан 2030 бағдарламасын сынадық. Себебі, бұл ұлтсыз мемлекеттің бағдарламасы. Бүгінгі күні қазақтың болашағы 2030 жылы қалай болатыны анықталып жатыр. Иә, 2030 бағдарламасынан бас тарту керек пе немесе оны қазақ халқының мүддесіне қарай бұру керек пе? Қалай десең де ұлтсыз мемлекет жоқ қой. Қашанда ұлттың мәртебесі, тілі, мәдениеті айшықталып тұруы керек. Ресей Президенті айтты: «Без самочувствие русской наций, не будет России». Біз осылай айтуға батылымыз бара ма жоқ па?
Ел ағасының сөзінен кейін еңсем көтеріліп қалды. Қашан тәтті сөзден гөрі нақты іске көшеміз. Бәріне өзіміздің құр дабыралығымыз кінәлі-ау осы. «Ине көзінен сынады» демекші, тілімізді көкке көтеретін кез жеткен секілді. Ұлтымыздың обалына қалмау үшін қазақ тілін көтеру қажет!
Дегенмен, жоғарыда сөз қылған түймедей қыздың түйедей сөзі көкейімде кептеліп әлі тұрғаны. Сіз не дейсіз?

 

 

Бейбіт- Өмір
“Ел” ұлттық қоғамдық-саяси апталығы 8 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446