Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2938 0 пікір 8 Қыркүйек, 2021 сағат 16:41

Мәжіліс Төрағасы бірқатар кездесулер өткізді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуды және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешу үшін парламенттік дипломатия құралдарын пайдалануды қолдады.

Осы күндері Вена қаласында өтіп жатқан парламенттер спикерлерінің Бесінші Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин еуропалық және азиялық парламентшілермен, халықаралық парламенттік ұйымдар басшыларымен, сондай-ақ ұлттық делегация өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекомен кездесу барысында одан әрі өзара іс-қимылдың келешегі жайы талқыланды. Сонымен қатар, Мәжіліс Спикері қазақстандық Парламент өкілдері негізгі құқықтар мен бостандықтарды сақтай отырып, барлық адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін, әлеуметтік әділ және қауіпсіз әлем пайымына негізделген Парламентаралық Одақтың қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың маңыздылығы туралы да айтылды. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Парламентаралық Одақ парламенттік дипломатия құралдарын пайдалана отырып, Ауған мәселесін реттеуде маңызды рөл атқара алар еді.

Мәжіліс Спикері Парламент өкілдеріне толеранттылық пен мәдени сан алуандық идеологиясын ілгерілету, жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешуге және ымыраға келуге шақыру қажет деп есептейді.

Мәжіліс Төрағасы өзінің испандық әріптесі - Депутаттар конгресінің Спикері Меритчель Батетпен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформаларға, сондай-ақ әйелдер мен жастардың саяси өміріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге, партиялардың Парламентке өтуінің шекті деңгейін 7-ден 5%-ға дейін төмендетуге, сайлау бюллетеньдеріне «баршаға қарсы» бағанын енгізуге және т. б. мәселелерге қатысты өзгерістерге назар аударды.

- Біз Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын және демократияны нығайту бағытында үлкен қадамдар жасалып жатқанын көріп отырмыз. Ең алдымен, әйелдер мен жастардың рөлін күшейтуге қатысты саяси реформалар – бұл жалпы демократияны дамыту үшін өте маңызды, - деді өз кезегінде Меритчель Батет.

Одан әрі Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Пак Бён Сокпен кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту тақырыбы жалғасын тапты.

Тараптар қазақстандық және кореялық Парламент өкілдерінің өзара іс-қимылының кеңеюі екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин атап өткендей, жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары екі елдің саяси диалогын дамытуға және стратегиялық серіктестігін кеңейтуге серпін берді.

Мәжіліс Спикері Әзербайжан және Қырғызстан парламенттерінің басшылары Сахиба Гафарова және Талант Мамытовпен кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Нұрлан Нығматулин Парламент өкілдерінің, соның ішінде түркі институттары аясындағы бірлескен сындарлы жұмысы бауырлас халықтар мен елдер арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды, достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының биылғы қыркүйек айының соңында Түркістанда өткізілуі жоспарланған X пленарлық отырысы алдағы ынтымақтастық үшін жаңа перспективалық бағыттарды ашатынын атап өтті.

Парламенттер спикерлерінің Бесінші Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин Бельгия Өкілдер Палатасының Спикері Элиан Тильемен де келіссөздер жүргізді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408