Қазақстан "Талибан" билігін мойындай ма?
Ауғанстанды тәлібтер толық басып алып, соңғы қарсылық күштері орналасқан Панджшер аймағын өз қарамағына қаратқаннан кейін, ел үкіметінің құрамын жариялады. Оған екі тәжік, бір өзбектен басқа пуштун азаматтары енді. Барлығы дерлік Талибанмен тығыз байланыста болған және халықаралық іздеуде жүрген жандар. Тіпті Гуантанамо түрмесінде лаңкестігі үшін отырған жандар да бар.
"Талибан" өзінің инаугурациясын 11 қыркүйекте өткізуі мүмкін деген ақпарат бар. Алайда бұл ақпаратты тәлібтер не растамады, не жоққа шығармады. Ресми тұрғыдан олар өзін ұлықтау рәсіміне Қытай, Ресей, Пәкістан, Иран, Катар, Түркия және Өзбекстан өкілдерін шақырды. Қазірдің өзінде Ресей өкіл жіберетінін айтса, Қытай Ауғанстанға 31 млн доллар көмек көрсетуге ниетті екенін жеткізді. Яғни аталмыш елдер тәлібтермен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін нақты аңғартып отыр.
Қазақстан билігінің Талибанға қатысты ұстанымы әлі белгісіз. "Талибан" қозғалысы біздің заңнамамызға сәйкес тыйым салынған лаңкестік ұйымдар қатарында. Жоғарғы сот 16 жыл бұрын сондай шешім шығарған. Дей-тұра билік тәлібтермен байланыс орнатуы мүмкін. Ол экономикалық жағдайға және Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге көшіруге қатысты болуы мүмкін.
Күні кеше ғана Президент шетел елшілеріне сенім грамотасын табыстау рәсімін өткізді. Аталмыш шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымын айтты:
"Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер.
Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын.
Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын.
Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін.
Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз.
Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек.
Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек", - деді ол.
Abai.kz