Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарды қатаң жазалайтын заң қабылданды
Бекітілген тәртіп бойынша Үкіметтің бюджетті атқарғаны туралы есебін Парламенттің қос палатасы жеке-жеке талқылап, түпкілікті шешімді бірлескен отырыста қабылдайды. Соған орай өткен аптада төменгі палатада талқыланған былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы үкіметтік есепті кеше Сенат та қарап шықты.
Өткен жолы Мәжілістегі фракция басшыларын қабылдағанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы қазына қаражатын игеруге қатысты темірдей тәртіптің болуы керектігін сөз еткен-ді. Сосын мемлекеттік қаражаттың мақсатты орындалуын қатаң талап ету керектігін айтып: «Парламент, Конституцияға сәйкес, жұмыста жіберілген олқылықтары немесе мемлекеттік қаражаттың елеулі түрде игерілмегені үшін кез келген министрге сенімсіздік танытуы мүмкін. Басқаша болмайды, депутаттар мемлекеттік органның әр басшысынан оған жүктелген міндеттің орындалуын қатаң түрде сұрай алады. Халық сіздерді сол үшін сайлады», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан да қос палата депутаттары атқарылған бюджеттің сапасын сұрағанда ең алдымен қаржының игерілісіне, қаражаттың мақсатты жұмсалуына үңілуді ерекше қаперде ұстайды. Былтырғы бюджеттегі қалдық - бұған дейін де белгілі болғандай, 42 млрд теңге. 2010 жылмен салыстырсақ, мемлекеттік органдардың игере алмаған қаражаты 15 пайызға артыпты. Алайда бюджеттің «жілігін шағып, майын ішуге» әбден жараған бас қаржыгер Болат Жәмішев мұның объективті себептерін көлденең тартады.
Қаржы министрі Болат Жәмішев айтады: игермеудің сүбелі үлесін объективті себептер құрайды. Мәселен, 17 млрд теңге ағымдағы жылы орындалу мерзімі бір жылдан артық жалғасып жатқан бюджеттік даму бағдарламалары бойынша 2011 жылы тіркелген міндеттемелердің төленбеген бөлігіне тиесілі. Ал 10,6 млрд теңге - бұл үнемдеу.
Бұдан басқа қаржы министрі санап шыққан игерілмеген қарыздардың дені жауапсыздықты нұсқайтын тәрізді. Мәселен, 4,7 млрд теңге - мердігерлерге байланысты орындалмай қалған шарттық міндеттемелер, 5,9 млрд теңге - орынсыз олқылықтардың есебінен анықталған, қажет болмай қалған қаражат, 4,7 млрд теңге негізсіз жоспарлауға, шарттарды уақтылы жасамауға байланысты туындаған. Басқасын қайдам, Болат Бидахметұлы дәл осындай олқылықтары үшін депутаттар алдында кішірейіп, тиісті тұлғаларды жауапқа тартудың қаралатынын жеткізді. Айтуынша, орынсыз игерілмеулер үшін бірінші басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы хат та жолданған. Десе де, түйіндей келе, бюджеттік қаражаттың игерілмеуіне қатысты қаржы министрі соншалықты «қорқыныштың» болмауы қажеттігін де алға тартып, әлемдік тәжірибелерді келтіреді. Оның сөзіне сенсек, әлемнің алпауыттарында да бюджетте қалдық қалып, сол қалдық келесі жылдарға көше беретін көрінеді.
Ал Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың игерілмеген бюджетке қатысты пайымы бұдан бөлек. «Жекелеген объективті себептердің не болмаса төтенше оқиғалардың туындауына байланысты бюджет қаражатының толығымен игерілмей қалу жағдайлары болып тұрады. Ол түсінікті. Өкінішке қарай, былтырғы игермеудің басым бөлігі - бюджеттік әкімшілердің кінәсінен», - дейді комитет басшысы.
Сөз арасында Есеп комитетінің төрағасы Ұлттық банкке қатысты сынның да бір ұшын шығарып кетті. Бұл сын жалған кәсіпорындардың қаулауына қатысты болған еді. «Жалған кәсіпорындар саны бүгінгі таңда 1 мыңнан асып кетті. Сөйтіп, жалған шот-фактураларды пайдаланған 270 бір күндік фирма өткен жылы 110,5 млрд теңге мөлшеріндегі салықты төлемеген. Осындай фирмалардың саны былтыр 23 пайызға артқан», - деді Омархан Өксікбаев. Соның салдарынан әлгіндей фирмалар қызметінен мемлекетке өндіріп алудан күдер үзілген салық берешегінің мөлшері 22,8 млрд теңгеге өсіпті.
Осылайша, Үкімет пен Есеп комитетінің баяндамасын тыңдаған сенаторлар бюджеттің орындалуын екі сағат бойы талқылады. Сосын біршама ұсыныс-ескертпемен есептерді қолдауға келісті. Дегенмен аталған мәселе алдағы уақытта Парламенттің бірлескен отырысында тағы бір сынға түседі.
Бұған дейін Мәжілісте мақұлданған мемлекеттік рәміздерге қатысты құжат Сенаттың қолдауына да ие болып, жоба заң мәртебесін иемденді. Енді Елбасы қолын қойса, аталған заң өз күшіне енетін болады. Тоқтала кететін жайт, бұған дейін де белгілі болғандай, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшерінің ең төменгі деңгейі - 200-ден 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, ал оның жоғары мөлшері 1мыңнан 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Рәміздерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылық та қатайтылып, бұған қатысты айыппұл мөлшері төрт есеге артты. ҚР Мемлекеттік Әнұранын пайдалану және орындау тәртібін бұзғаны үшін жауаптылық қатаңдау қарастырылды. Спорт және дене шынықтыру жөніндегі уәкілетті органның рөлін арттыру мақсатында еліміздің аумағында және шетелдерде спорттық іс-шаралар өткізу барысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету бойынша құзырет бекітілді. Ендігәрі спортшылардың Әнұранның музыкалық редакциясы мен мәтінін білуі, кеше қабылданған заң бойынша, міндетті болып табылады.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
«Алаш айнасы» газеті