Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2529 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 10:43

Абайды аласартпау керек

 

 

Халыққа, әсіресе жас буынға кітаптан гөрі телеэкранның ықпалы зор. Бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналып барады. Мұны ертерек сезінген өзге елдер өз ұлтының ұлы тұлғаларының өмірін телеэкран арқылы көрерменге ұсынуды бізден бұрын қолға алған. Оған адамзат тарихында өзіндік жол-жоба көрсеткен әлемнің атақты адамдарының өмірі мен қызметі туралы түсірілген түрлі деректі драмалар дәлел. Жуырда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тапсырысымен «Қазығұрт» киностудиясы түсірген «Абай» деректі драмасының тұсауы кесілді. Деректі драманың сценарийін жазған - өнертанушы Ерлан Төлеутай, режиссері - Нұргелді Садығұлов, продюсері - Сәбит Әбдіхалықов. Біз фильм туралы мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің, режиссер Сламбек Тәуекелдің пікірлерін ұсынып отырмыз.

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы:
- Бұл фильм арқылы Абайдың өмірін түсінуге тағы бір рет қадам жасалды деуге болады. Алайда, фильм барысында Абайдың дүниетанымына орыс пен Батыс әдебиетінің зор ықпалы болғандығы айтылады да, Шығыс әдебиетінің әсері туралы сөз жоқ. Ал Абай болса Шығыс әдебиеті мен Батыс әдебиетінен қатар нәр алған үлкен әлем. Сондықтан Абай туралы фильм түсіруде ең алдымен оның өлеңдері мен қара сөзде­ріне сүйену керек. Алысқа ұзамай, орыс халқына қарасақ, Пушкиннің жеке өмірін бөлек қарастырады да, ұлы рухтың иесі ретінде жеке көрсетеді. Ұлы адам­дардың қарапайым өмірі мен озық ойларды өмірге әкелген қуатты рух иесі ретіндегі өнегелі ғұмыры бар, сол рухтың биіктігін көрсете білу керек. Бұл фильмде қазақ халқының мәдениетін биікке көтерген Абай жоқ, мұнда отаршыл саясаттың құрбаны болған ақын Абай бар. Жалпы алғанда, жас буынға таныстыру бағытында қолға алынған фильмнің құрылымы дұрыс. Алайда, Абайды қарапайым халыққа түсіндіреміз деп оны аласартудың қажеті шамалы.
Сламбек Тәуекел, режиссер
- «Абай» деректі драмасының тұсауы ке­сілгенінен хабардарсыз. Фильм туралы ойыңызбен бөліссеңіз?
- Біз үшін жаңа жанрдың тұсауы кесілгенімен, әлемдік өлшеммен қарағанда деректі драма жаңа жанр емес, талай ұлы тұлғалар туралы мұндай фильм­дер түсірілді. «Абай» деректі драмасын алғаш көр­гендегідей емес, екінші қайтара көргенде фильмнің өне бойынан біраз артық тұстарды аңғардым. Мәселен, фильм барысында сонша көп адамды сөйлетудің қажеті жоқ еді. Абайдың өмірі туралы сөйлеген адам саны тым көп және олар қажетсіз уақытта тартылады. Соның салдарынан фильм авторлық ойдан тұл болып қалған. Оның үстіне фильм барысында Абайдың өмірінен бұрын біз білмеген сыр айтылмаған секілді. Біздің қолданысымызға жаңа еніп жатқан жанр болғандықтан Абай өмірінен жаңалық ашпай-ақ, бар деректерді ұтымды пайдаланып, режиссерлік шеберлікпен біраз нәрсе айтуға болар еді. Дегенмен М.Әуезовтің 4 томдығын оқуға уақыты жетпейтін жастарға Абайдай күрделі тұлғаның өмірін осылай таныстыру жөн болар деген ой да бар.
Кино өнеріне тән заңдылықтар тұрғысынан келер болсақ, түсіру тобы қолға түскен материалдың бар­лығын пайдаланамыз деп, жүйесіздікке ұрынған. Яғни, қажетсіз кезде пайдалана берген. Ересек Абайды ойнаған актер (Жалғас Толғанбай) сөйлейтін тұс­тарында Абайды тәп-тәуір ойнауға жарайды. Ал үндемей қалатын тұстарына келсек, режиссер бір уақытта түсірілген «Абайды» әр жағдайға пайдалана берген, олай етуге болмайды. Әр уақытта болған жайды қабылдағанына сай, бет-әлпетіндегі өзгерісі арнайы жеке-жеке түсірілуі керек еді. Ал мұнда кейіпкердің үнсіз қалпы фотография секілді еш өз­геріссіз беріледі. Жарықтықтың қолындағы қыл­қаламның жазбауы көрер көзге кері әсер береді екен. Түсіру тобы қылқаламды қозғалтуға аса күш салмаған секілді. «Шіркін-ай, сол екі ортада қаламды жүгіртіп жіберсе, қандай жақсы болар еді», - деп ойладым. Мұны мен түсіру тобының жұмысын сынау үшін емес, болашақта қайталамасын деген ағалық жана­шыр­лықпен айтып отырмын. Қарапайым болса да осындай детальдарға немқұрайлы қарау - фильмді едәуір ақсатып қояды. Ал жалпы алғанда осынша үлкен жүкті мойындарына алған ұжым өз қадерінше жұмыс істе­ген, оны ескермеуге болмайды. Әрі олар біздің режис­серлеріміз бұрын бара қоймаған жанрға тәуекел еткен. Сонша көп адам Абай өмірінен деректер айт­қанымен, оларды жұдырықтай жұмылдырып, пайдалана алмаған. Сол адамдардың екі-үшеуін ғана сөйлетіп, оны ұтымды пайдалануға болар еді. Абай­дың шығармаларын терең түсіне білетін қарапайым оқырманды неге қоспасқа?.. Алғашқы қадам болған соң кемшіліктердің болуы заңды. Дегенмен бұл фильм арқылы түсіру тобы өздерінің көп жұмысты атқара алатынын көрсетті. Тек көп ізденіс керек. Елдің ұлы тұлғаларының өмірін қарапайым халыққа таныс­тырудың оңтайлы тәсілі екендігі шын. Жігіттердің талпынысы құптарлық.
- Продюсердің айтуынша, «Қазығұрт» киностудиясы енді Мағжан туралы деректі драма түсіруге тапсырыс алыпты. Аға буынның өкілі ре­тінде түсіру тобына қандай кеңес берер едіңіз?
- Бізде абайтану секілді мағжантану саласы да бар. Менің түсіру тобына айтарым, алдағы фильмде сол Мағжан өмірін жетік зерттеген ғалымдарды ұтымды пайдалану керек. Ол адамдарды көп немесе аз сөйлету деген сөз емес, қажетіне қарай сауатты пайдалану. Ғалымдардың айтқан деректерін фильмге енгізу оңай дүние емес. Оның өз ерек­шелігі болады. Деректі проза мен көркем прозаның айырмашылығы болатыны секілді, көркем фильм мен деректі фильмнің айырмашылығы да көп. Сол үшін де бірінші фильмде жіберілген қателіктерді қайтала­мағаны жөн.
Біздің көрерменге ұлы тұлғаларымыздың өмірінен мәлімет беретін осындай фильмдер керек. Ол басы ашық мәселе. Оның артықшылығы мен кемшілігі туралы әр алуан пікірлердің айтылуы да заңдылық. Тек айтылған сынды мін ретінде қабылдамай, керісінше, жол көрсету, бағыт сілтеу орнына қабылдауды қалыптастыра алсақ, абзал болар.

Дайындаған Назым Дүтбаева

«Қазақ әдебиеті» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415