Испаниядан бөлінеміз: Каталония тағы тулап жатыр
Испанияның Каталония аймағында тәуелсіздік үшін митингтерге 100 мыңнан астам адам қатысты. Каталония Ұлттық Жиналысы ұйымдастырған шеру Испания үкіметі 2017 жылы тәуелсіздік референдумын өткізгені үшін тұтқындалған каталондық азаматтардың тоғыз лидеріне рақымшылық жасағаннан кейінгі алғашқы акция болып табылады. Оқиғаны сарапшылар, Испаниядағы ондаған жылдардағы ең ірі саяси дағдарыс деп атауда.
Полицияның мәліметінше, шеруге шамамен 108 мың адам қатысқан деп мәлімдеді. Ұйымдастырушылар 400 мың адам шығады деп үміттенген болатын. 2019 жылы 600 мыңға жуық адам көшеге шығып, рекорд орнатқан еді.
Келесі аптада орталық және аймақтық үкіметтер Барселонада жиналып, 2020 жылдың ақпанынан бастап тоқтатылған Каталониядағы саяси жанжал бойынша келіссөздерді жалғастырады деп күтілуде. Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл келіссөздерге қатысатынын әлі растаған жоқ.
Каталония - Пиреней түбегінің солтүстік-шығысында, Жерорта теңізі жағалауы мен Пиреней арасында орналасқан Испанияның автономды қауымдастығы.
Abai.kz