Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІІ
Бақандай жарым ай қамалып Бақай шықты түрмеден. Әкімді екі еселеп боқтай шықты. Абақтымен бопсалап қана жуасытып шығармақ екен. «Бірлік сапқа бұзғыншылық салатын арыз жазбауға», «бұзақы өлең шығармауға» тілқат сұраған сақшы тергеушісіне тілқат жазбайтын себебін ғана жазып беріп шықты. Әкім құйрығы жоғары жақтың бекітуінсіз бекемделмесе керек, бәсе! деп күлістік.
ІІІ
Бақандай жарым ай қамалып Бақай шықты түрмеден. Әкімді екі еселеп боқтай шықты. Абақтымен бопсалап қана жуасытып шығармақ екен. «Бірлік сапқа бұзғыншылық салатын арыз жазбауға», «бұзақы өлең шығармауға» тілқат сұраған сақшы тергеушісіне тілқат жазбайтын себебін ғана жазып беріп шықты. Әкім құйрығы жоғары жақтың бекітуінсіз бекемделмесе керек, бәсе! деп күлістік.
Жарқырап 50-ші жылдың жазы келді. Менің көзім де тау жаққа қарап, жарқырап жүр еді. Мақпалды іздестірген достарымның еш-қайсысы толық дерек таба алмаған. Қыр мектептерінің жылдық сынау уақыты жетісімен жорта жөнелдім. Омарбек мыңбектің ауылы бұрынғы көктеулік жұртында екен. Аңсағаным, сол ауылдың келіні болғандықтан алдымен әрине сонда бармаспын ба. Бірақ, сақтық үшін қоналқыға бір мұғалімнің үйінде болып, ертеңіне сәскеде соны ерте бардым. Омарбек қолбаңдап, Әлімбай жылмаңдап, әрине бұрынғыдан да жақсы күтті. Қожасы Әлімбай қатшының пор қолымен арақ құйғызып, «азаттығымыз үшін алып жіберелік!» деп күтті. Бірақ, онысымен күтілгім келмей, «мұны ішпейтінмін» деп қайтардым. Оның есесіне келін-кепшектерін байқастауым қажет қой. Сол мақсатпен түстік жеуге көніп, онысы пысқанша қоныс-қолаңдарымен «ахуалдасуға» шықтым. Қасымдағы мұғалім сол ауылдың сөз қуған шалымен де, құлағы ұзын кемпірімен де, аяғы жеңіл келіншегімен де, алғыр жігіттерімен де орайын тауып сөйлестірді. Әр баппен әр қырға алып байқадым. Бұл, жақын ауылдардың маңын Мақпалдың әлі баспағаны біліне берді, із жоқ. Жаңа бүрлеген жусанның жағымды иісі де сезілмеді мұрныма. Боз торғай зар шеккендей, шырқап-қалқып, ұғымсыз тілмен жылай-жоқтай былдырдайды. Көк аспан мелмірейіп, нұрлы күн телміріп қалғандай. Ауа лебі ішіне тартылып сыбыр-сыбдыр берер емес.
Ішімді кептірген жүрек дертіме бір қойшы келіншегінің тұспалы ғана шала-шарпы ем айтқандай болды: «Мақпал екеуіңіздің жайыңызды естігенбіз. Әліге дейін осы ауылға келін болып бір көрінбеуінен үміттенсеңіз болар. Егер ол разылық көрсеткен болса, жер тебініп жүрген мына мықтылар осында отау тігіп алып келуден қорқпас еді. Мақпал сол бөле бауырын өзіне әлі жолатпай, тепкілеп жүрген сияқты» деп күлді келіншек. «Қаймиған аузыңнан айналайын!» деп ішімнен айттым да, сыртыма одан да кеңірек тілегімді шығардым:
- Мейлі жолатсын-жолатпасын, өзі тірі табылса екен!
- Мақпал өлсе ең болмағанда өздерінің ұлы қайтып келмес пе. Және құдалары тым тату, сыбырласып сөйлеседі. Соның тірі болып көнбей жүргеніне өздерінің қапалы екендіктері байқалады. Мақпалдың тірілігінен әсте үміт үзбеңіз!...
Сергек сезімталдығы жайнаған көзінен білініп тұратын осы қара келіншектің қара құрым үйінен осындай үміт ұшқынын жылтыратып шыққандаймын. Мыңбектің үйіне көңілдірек оралдым. Қайта кіріп отырысымызбен қолға су құйғызып, дастарқан жасатты. Қонақасыға мал союдан, ысрапқорлықтан сақтану жөнінде епті ғана үгіт-насиқат жүре бастаған кез болса да, бізге түстікті мол асыпты. «Төре табақ» деп аталатын үйменің үстіне жамбас пен жая қондырып, әрең көтеріп әкеліп тартты Әлімбай.
- «Ет аз, күн жаз» дейді. Ысырап деп мал союға өздеріңіз көнбейсіздер, - деді қожасы. - Аз да болса алыңыздар енді!
- Үкіметтің өз кадырлары жеген ет «ысырап» аталмас деп барымызды қойдық әйтеуір! -деп Әлімбай жымиды. Орайы келсе бұл қу осы қонағасының өзін үлкен мәселеге көтеретіндігін осы сөзінен сезіп, мен де жымидым. «Өз құлқыныңды көздеп сен астырдың да, жоғымызды іздестіру үшін біз көндік» дей жаздадым да күліп жібердім.
- Екі жігіт үшін ғана астырсаңыз мұншалық ет ысырап аталуы да мүмкін! -дедім сонан соң, мұғалім кесуге ыңғайлана бергенде жамбас пен жаяны алып, Әлімбайдың өз алдына қойдым. - Мыналарды «артық ысырап» еткелі салдырған - өз қомағайлығыңыз. Мына үйме табақ бәрімізге жетеді!
«Артық ысырапты» Әлімбай қайта көтеріп, табаққа қоса қойды да, іркілдеп бізбен бірге күлген мыңбек, ысырап еместігіне қазақ дәстүрімен пәтуа айтты...
Етті бізбен бірге асай отырып күрсінді мыңбек:
- Өткен қыс біздің малды тағы да недәуір шығындатып кетті, Биған. Бұрынғыдай емес, азайып қалдық! -деді.
«Көменес партиясы келді. Қаншалық жымиғанымен жиып алмай қоймайды», «қаншалық бай болсаң, соншалық өшігеді» дейтін өсектері бойынша малдарын азайтып жатқаны белгілі еді. Сол сұмдықтарын қыс «апатымен» жасырмақ екенін түсіне жауап қаттым.
- Өткен қыс оншалық өктем қыс емес еді. Малыңыз келер қыс қиын деген өсек естіп, қорққандықтарынан сандыққа кіріп кеткен шығар! -дегенімде оның жайын түсінетін мұғалім Ерен күлді де, мыңбек пен қатшы ере күлді. Үкіметтің қазіргі саясатын айқындайтын түсінік қостым сөзіме. - Малдарыңызға жақсырақ түсіндіріңіз, мыңбек, «мұнан соң беталды соя бермейміз. Сендер түгіл иелеріңді де үкімет әлпештеп отырғанын көрмейтін неткен надансыңдар!» деп өздерін сөге түсіндіріңіз!... Расында да солай, жаңа дамократиялық бір дәуір бар алдымызда. Ұлттық буржуазия мен мал иелері канпескісіз қорғалады. Маужуши солай нұсқап отырмай ма. Соған сеніңіз! -Тек, басқаларды... мұнан соң алдап-зорлап қанамасаңыздар болғаны!...
- Ие, дұрыс айтасыз, ұлы көсем Маужушиға сенемін ғой, шырағым! Малдың биылғы азаюы канпестен қорқудан емес, қыс қсымынан, сонан соң... мына мыңбек болған соң... қонақ көп болады... ұяласың. Содан болып отыр ғой азаюы!...
- Қонақ пен қыстан дәл сіз зияндалып та көрген емессіз, -деп күлдім мен. - Оған жайылымыңыз бен шабындығыңыздың молдығы кепіл.
Омарбектің түлкілігінен Әлімбай түлкілігі ежелден артық екендігін білетінмін. Бірақ, бұл жолы тіпті ерекше артып кеткені, саясатты менен аса жүйткіткенінен байқалды:
- Ие, Биғаш дұрыс айтады, жеріміз күшті, қыс тіпті қорқытып бара жатса, малшыларды күйлендіре түсуіміз, ынталандыра түсуіміз керек!... Күшті малшылардан мұндай жерде қыс әкете алмайды! -деп бастады да, үкімет саясатына зиянсыз өтірігінен үстемелеп қосып, «байларға шексіз ұжмақ» саясатқа айналдыра - далита соқтырды. Бұрын зорекерлік жағынан мыңбекпен тілек мұраты ортақ, оның дырау қамшысы болып келген қатшы енділікте бөлектеніп ұрымтал жолға түсіп келе жатқан сияқты. «Осы аюды түбінде өзің-ақ шоңқитарсың, түлкім» деген оймен күле аттандым.
Түс ауған шақ, қоналқыға барар жерім, жау қайынжұрт аулындағы дос Дүйсеннің үйі еді. Бірге жүруін өтінбесем де, жампеңдеп маған ілесе аттанды Әлімбай. Жол бойы сөйлеген сөзінің бәріне де Маужуши араласып, көзін Маужуши ашқанын, күш жігерінің енді тасығанын тіпті, мына атының күйі де «биыл ғана» оңалғанына дейін сөйлей жортты.
Мақпал маған алғаш көрінген белеңге екінтіде шыға келіппіз. Әуелі көзіме жарқ ете түсті де, өртенген жұрттай өшкіндеп жүдеп сала берді, өзі жоқ қой!... Ие, мен бас изей өтер құрметті жеңешесі де жоғалған!... Қасіретті қос терек пен оның сыртындағы «қасқырлы» шиге мен мұңая қарадым да, Әлімбай жымыңдап күле қарады. Ат басын өр жаққа бұрып, мектепке туралай тарттым.
- Мен мына ауылға қонайын, Биғаш, шақыратын кісілерің болса... өзім хабарласармын!
- Шақыртатыным шақырылып болған дедім ғой. Осы мектепке ауылдарынан өздері-ақ келеді, қош тұрыңыз!
Сұрқия-сұм сөздерімен жарым күн мезі еткен сапарласыма тіл қатуым осы ғана. Жолымды өрмекшінің нәзік те жиренішті торынан аршығандай, қамшы сабын шайқай жөнелдім.
Бұл ауылдағы жаңа сыбыстарды Дүйсен ағайдан оңаша сұрап, анықтап тыңдамақ едім. Бөтегелі жеңгем шәй құя отырып, ағыта жөнелді: жуан кемпір өзіне-өзі күбірлеп, немере қызын қарғай отыратын болыпты. Содан талай өсек тарапты: «Мақпал күйеуін ұрып, оның нағашысы ұрсса, қашып кетіпті, қайда кеткенін ешкім білмейді.», «Мақпал өліпті», «пәле, өлсе әжесі қарғайма, біреумен кеткені кеткен», «Мақпал сол маңдағы бір жігітпен табысып, Үрімжіге кетіпті», «Мақпал бір ауылда екі күн тұрса-ақ, үкіметке арыз жазады екен. Сондықтан иендегі бір аңшының үйіне апарып қамап тастапты»... дегендей қауесеттердің бәрін шешен-шежіре жеңгем жиып-теріп баяндады да, бір-ақ қортынды шығарды: «Мақпал бар, және Биғабілді ұмытып еш кімге кетпейді. Өлу түгіл бір жаққа дерексіз жоғалса да әжесі бұлай қарғамайды. Бұл өздерінің жеңілісінен дал болып қарғауы. Нұрияшың қайда болса да қатты күресіп жатыр. Қайтсеңдер де тез тауып, құтқаруларың қажет!» деп бұйыра тоқтатты сөзін.
Дүйсекең екеуіміз іздер жер, жүрер жол жайын әңгімелесе бастағанымызда, қазан-ошақ жақта жүрген жеңгем қайтып кеп кірсе кетті де, жол-жорықты тағы да тартып ала сөйледі. Мақпалды іздеп бір рет барып келген оқымысты «шалынан» оқығаны бойынша күйнішпен ойлай жүріп, Жеменей қаритасын тоқып болған сияқты, ортамыздағы аласа столға бормен сызып көрсете түсіндірді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қараса түсіп, екі-үш қарулы жігіт қосып бере алатындықтарын айтып еді, оған мен көнбедім:
- Дабырасыз жіңішке жолмен жүрмей табу қиын ғой. Алдымен өзім бір кезіп көрейін!.
Бұл сөз іңірде итпен айтыса келіп Әлімбай кіргенде тоқтап еді. Әдемі мылжың, қағытба қалжыңдар онымен бірге кіріпті. Тамақ жесіп болған соң шәйді да бірге ұрттасып, Дүйсекең екеуіміз қисайғанда әрең қайтты олар.
Ертеңіне таңертең районға қарасты төрт мектептің бастықтары мен ғылыми меңгерушілері келіп болсымен жиын аштық. Жылдық сынау комиссиясы құрылды. Емтихан тәртібін шорт-шортынан түсіндіріп мақұлдаттым. Әр бір кластың сабақтарынан шығарылған сұрауларды район инспекторына беріп, құпия сақтауын тапсыра сала қайттым.
Бұл аудандағы ауыл қулары бірдемеден танарында «астапыралла деңіз» деген сөзді көп қолданушы еді. Жол ортасына енді жақындағанымда сол сөз мені де мойындатып, «астапыралла» дегізді, өткен түнде ғана мүдірдің үйінде менімен табақтас болған Әлімбай тал түсте қарсы алдымнан шыға келді, қалаға барып қайтып келеді екен. Зәуде болса Досан әкімге әлденені сыбырлап қайтқандай, сезігін секіруінен сездім: мені әудем жерден тани сала, ат басын күн шығысқа шорт бұрып шапқылай жөнелді. Маған танылмай зытпақ болғаны еді бұл. Оның алдында не сөйлегенімді ойлана жеттім мекемеге.
Әкім менің қайтып келгенімді ертеңіне естіп шақыртты. Ол алуға балсінетін сәлемімді мен қымбаттата түскенмін. Бұл жолы амандаспай қарастық. Мен ернімді де жыбырлатпағанымды байқағандай, аздан соң мұртын жыбырлатып қалды өзі, амандасқаны еді.
- Қашан келдің, Биғабіл, отыр! -деді сонан соң. - Жә, Омарбек районындағы жұмысың бітті ме?... Ал, басқа не жұмыс істедің?
- Мыңбек үйінен түстік жедім. Шындығында, түстік жеу үшін емес, түсірген келінін көрейін деп барғанмын.
- Өзіңнен үлкен адамға қылжақтамай жауап бергенің жөн шығар!
- Қылжақтауға мұрсам жоқ, рас жөнім сол!
- Мал шаруалары жөнінде не түсінік беріп қайттың?
Әкімнің бұл сұрауынан Әлімбайдың бір жаласы мал жөніндегі сөзімнен болғанын түсіне жауап қайырдым:
- «Малымды өткен қыс азайтып кетті» деді мыңбегіңіз. Мен: «өткен қыс өктем қыс емес еді, келер қыс қатты болады дейтін өсектеріңізден қорқып, малыңыз сандығыңызға кіріп кеткен шығар» дедім. Социализмнен қорқып, малдарын сандық сомасына...
- «Келер қыс» дегенің үкімет қой, «қатты болады» дегенің, «тартып алады, конфессиялайды» дегенің ғой, солай емес пе?
- Тіпті де олай емес, оған да, дәл қазір сізге де өздері шығарған өтірік-өсек екенін айттым ғой! Жаңа демократиялық өтпелі дәуірде жекеменшіктегі малдың да, мал иесінің де қорғалатындығын түсіндірдім. Өз аулының мұғалімі бар қасымда... ол Әлімбай сияқты жалақор емес, қай жерде де дұрысына куә бола алады!
- Һы, ауыл белсендісін жалақорға шығардың ба тағы да!
- Мен шығармай-ақ әлде қашан өзі-ақ шығып болған. Белсенді боп еш кімнің беліне тіреу бола алмайды ол!
- Демек... Омарбекке «алдағы қыс қатты болады деген өсекпен, малды сандыққа тығып ала қойдыңдар» дедің. Жаңағы өз мәлімдеуің солай ғой?
- Солайырақ.
- Ал, өзің қасыңа еш кімді ертпей, ол ауылды не деп тінттің?
- Тінтпедім! Бұрыннан таныс жалшы үйлерінің жәй-күйлерін көре шығуға кіріп сәлемдестім.
- Жә болды. Ондай абыройлы ауылды шарлап, түрткілеп күдіктендіруің зор қателік болатындығын талай айтқанбыз. Сен бұл жолы одан зорғысын істеп қайттың...
- Не істеппін?!
- Қандай әдемі сөйлесең де әлгі сөзің не? «алдыларыңда қатер бар, малдарыңды жоғалт, тық!» деген сөз екені расқа шығып отырмай ма!... «не істеппін» дейсің тағы да! Үкіметке қастық істедің! -деп ақыраңдай кідірді де, қайта бәсеңдеп «жұмсақ» әуенге түсті. - Шырағым, дәл қазір кері төңкерістік сөз бұл. Мұнан соң ондай жерде мұндай сөз шығарудан сақтансын деген ниетпен ғана айтқан ақылым!
Бұл сұмның «шырағым» деуі, түрмеге қарай шырық үйіре жөнелетін амалы екендігін Бақай мәселесінен есіме түсе қалды да, мен де өзінше жымиып, жылы жылым райға келе қалдым. Бірақ, жымиғаныммен үскүрік суық, жылымсынғаныммен орқаш-орқаш толқын шықты сөзімнен:
- Мені "шырағым" деп атай көрмеңіз, сізге шырақ болып көргенім жоқ. Мұнан соң да бола алмайтынымды түсінемін. Сақтансын деп айтқаныңызды Бақай да өз аузыңыздан ести салып, түрмеге кірген ғой. Өзім сақтанбасам, бәрі-бір сақтай қоймайтыныңызды бұрыннан білемін. Әлімбайдан басқа сап-сау адамдар да естіген бұл жолғы сөзімді кері төңкеріске шығара алмайсыз! Бәрі-бір оған өзім де шықпай қоямын, дәлелім көп. «Кері төңкеріс» дейтін шоқпар енді маған тимек емес, өз иесін табады! Қолыңыздан келгеннің бәрін істей бер! -деп есікке беттедім.
- Биғабіл, тоқта, сөз соңын күт! -деп әкім қайта тоқтатты. - Тегінде мұндай сөзді мен өз жанымнан шығарған деп ойламағаның жөн...
- Ойлағаным жөн! -деп сөзін бөліп жібердім. - Өз жаныңыздан бұдан үлкен де шығатын ғой. Омарбектер жіберген жылан жұмыртқасы Әлімбай арқылы сізге келеді. Сіз оны бауырыңызға басып өсіріп, менің балағымнан жүгіртесіз. Мен сол районға шыққан сайын бар жақсы еңбегім зая кетіп, жаманға айналып келе жатпай ма!... Қайтып келген сайын тергелемін!
- Соңғы сөзіңнің дұрыс жері де бар-ау! -деген болып, мырс ете түсті әкім.
- Басқы сөзім тіпті дұрыс. Бәрі дұрыс. Мен сізге өтірік айтуға мұқтаж емеспін, әкім. Тегінде олардан көрі менің сөзімді инаваттырақ деп тыңдауыңыз сізге жөн! Себебі, мен істеп жүрген ісім жөнінен де, ой-сана, тұрмыс-халім жөнінен де компартияны жанымдай сүюге, бар күшіммен қорғауға тиісті кадырмын. Ал, Омарбектер кім! Мұны менің өзім түгіл сіз де іштей жақсы түсінесіз!... Осы үкіметке қастық істейтін мен бе!... Халықтан, қалыс адамдардан сұрап көріңіз!
-Менің бір осал жағым бар, шырағым. Нанғышпын, кім жылырақ сөйлесе соның сөзіне ергіштігім бар екен. Ал, ұмытшақтықтан қайтадан ойлап көрмей... ұмыт қала береді екен. Сондай себептен бір сыпыра іс өткен болса керек... осы материал туралы да бәрін де мен жіңішкелеп қайтадан тексеріп көрейін. Қайраты бар жас зиялысың ғой, көтере тұр менің ауыс-күйісім болса!
«Күйісіңді с...»-деп шықтым ішімнен. - «Нанғыш та, ұмытшақ та емес, нағыз ішмерез ібліссің!».
Уын умен қайтарғанымнан ба, ушы сәл жетіліңкіремей қалғандығынан ба, иә, «денсаулығым» күштірек екендігін біліп, мықтап шағуға орай күтті ме, немесе, «осы пәлеге енді соқтықпай-ақ қояйын» -деді ме, «қазіргі қызмет қажеті үшін сақтап тұрғысы келді ме, әйтеуір, бұл жолғы Әлімбайдан тапқан шырағымды да мені шырмай қоймады. Мектептердегі жылдық сынауға дайындық істей жүріп сапарға дайындалдым. Мал сатушылар көбейген, арзаншылық шақ еді. Биғазының ұтқырлығымен бір жақсы ат сатып алып, тағы бір мықты аттың жаздық майын алдық. Жылдық сынаудың нәтижесі шығарылып болысымен Шакербайдан демалыс сұрадым.
- Биғабіл-ау, өзің қалайсың, шырағым? Мекемеде басқа инспектор қалмағанын біле тұрып, демалыс сұрағаның не! -деп қынжылды ол. Бұл сапарым үшін Өмірбек семіз де өзінің «бір жаздық майын берген» болатын. Соны алдына тарта қойдым:
- Менің орныма Өмірбек істей тұрады, өзі разы болған!
Не дерін білмей әкімге жөнелді бастығым. Құныперен болып ұша жөнелуіне орынбасар бастығым өрт кетті ме дегендей аңыра қарап қалып еді. Демалыс сұрағанымды, былтыр жазда да дем алмағандығымнан ауырып қалғанымды естіген соң басын шұлғып жіберіп, тағы да өз ханзушасымен саудырлатты:
- Көп болды, сен жалғыз істеді. Жаз болды, сенде қызмет азайды. Дем алған жақсы, мен қосыламын! -дегенін ұқтым. Жарты сағаттан соң Шакербай біржолата шаршағандай, алқын-жұлқын ентіге жетті:
- Ұйбай, Биғаш-ау мен ұмыта қалыппын ғой, шырағым, жаздық демалыс кезінде мұғалімдер курсы ашылады екен ғой. Сенен басқа лектор да жоқ. Мен де дем алмақ едім, биылша үміт үздік енді рұқсат сұраудан.
- Мен былтыр жазда демалмағандығымнан ауырғанмын ғой, енді біржолата төсек тартқым келмейді. Және өз орныма өзімдей оқыған сабақтасымды қалдырып отырмын. Менің орныма сол өтей тұрады.
- Жоқ, болмайды, Биғабіл, айта көрме оны, сол курсты бастан-аяқ басқаруға міндетті өзіңсің. Әкім де, мен де тоқтата алмаймыз бұл курсты. Жоғары жақ тапсырыпты!
- Бұл, жандарыңыздан шыққан «жоғары жақ». Шын болса, мына орынбасарыңыз да, бас инспектор мен де еститін едік қой. Биыл аудан бойынша қызмет нәтижесі төмен шыққан оқытушы екеу ғана. Оның бірі өздеріңіздің Мәкен көк көздеріңіз. Ал, сонда да курс ашылатын, оқытушылар блімін асыратын нұсқау болса, орнымда Өмірбек қалды. Сол міндетіне алды!
- Қалай да рұқсатсыз кеткеніңе қосыла алмаймыз!...
Ертеңіне таңертең Өмірбекті ертіп келіп, инспектор шкабындағы іс қағаз, кітап-кінешке тізімдерді бір-бірден көрсетіп өткізіп беріп жатқанымда, күліп кірген Шакербайдың танауы қызара қалды. Мен Өмірбектің оң қолын көтере күліп тұрып сөйледім:
- Өмірбек, сен Биғабілдің қызметін ақсатсам аяғым сынсын деші Шакеңе!
- Ақсатсам, сүйекті аяғым түгіл, сүйексіз аяғым да сынсын! -деп Өмірбек мыс-мырс күлді. Шакербайдың үлкен өлез көздері от алып, тікірейе қарады оған.
- Бұл не дегенің?
- Шәке, бұл шындап ант еткенім ғой. Осының демалысына ең жан жерлерімді де қосып атамасам көнгелі тұрсыз ба! Бұл кедей шолағыңыз жауыр болғалы қашан. Қысы-жазы міністе болғанына бес жыл болыпты. Бір аз уақыт дем алғызып, бой жаздырмаса бола ма... осының менен парқы мына бурыл бұйра шашы ғана. Басқа жағынан мені қалысады екен демеңіз. Рұқсат етсеңіз, қызметін уақытша орындап бере аламын!
Шакербай шыға жөнелді де, әкім кабинетіне тағы кірді. Он шақты минуттан соң нығыздалып, сыз көрсете сөйледі:
- Биғабіл, сенің мына қарбалас уақытта қызмет тастап кеткеніңе еш кім рұқсат ете алмады. Егер осыдан бір мәселе туылса өзің жауап бересің, шырағым, енді менің жұмысым жоқ!
- Мақұл, заңсыз-жолсыз мәселе туғызсам өз обалым өзіме!...
Шакербай шығып кеткен соң, Өмірбекпен қол қысыса қоштастым.
- Нұрияшыңды не ғұрлым тауып қайтуың үшін Меһір екеуіміздің бар тілегіміз жолыңда. Бірақ, көп кешіксең мыналарың сені бір тықырға тақайтын сияқты! -деп күрсіне қоштасты Өмірбек.
Бақай екеуіміз соның ертеңіне, 6-шы маусым күні ерте екі атпен екі қоржын азық алып жолға түстік. 1947-ші жылы Оспан қозғалаңында Биқаділдер жаяу асатын Орқашар жолы, Қобыққа ең төте салт ат жолы еді. Емілді өрлеп барып, тау аңғарына кіргенімізде күн батып бара жатты. Сонда да едәуір ішкерілеп, өрлеп барып түстік. Қалың терек-қайыңды, шалғынды жылға жағасына ат қаңтарып, отын жиғанымызша ымырт жабылды. Шатқалдың екі жағындағы заңғарларда түксиіп, тас қараңғыға айналды. От жағып, мескейімізге су қайнатып отырғанымызда алыстан бажылдай бақырған әлдененің қорқынышты дауысы естілді. Тұсымыздағы құзарлардың жаңғырығуынан жартылай бажыл спеттес әлгі айқайдың - аюдың ақырғаны екендігін білдік. Бақайдың темір шоқпары мен қанжардан басқа қаруымыз жоқ болатын. Соны ескеріп, бір-бірімізге қарасып қана қойдық.
- Осыншалық сұлу табиғаттың аңқыған сүйікті демінен қорқынышты сүркей леп те шығатыны өкінішті-ақ! -деп күлді Бақай.
- Сұлудың басынан суық қатер кеткен бе! -деп мен күрсіндім. Жуығырақ жерден тағы бір аю ақырды. Маңымыздағы тау-тас түгел бажылдап, біріне-бірі жалғаса, күңірене барып тынды. Отын жиғанда дайындап қойған екі қайың сырғауыл сойылдың екі басын отқа сұғындыра қаладым мен.
- Өй бар қаруымызды отқа тыққаның не?
- Мұндай жауды қаруыңның басын қызартпай қорқыта алмайсың. Жеңіңдегі темір шоқпарды бүйірінен түртіп қалғанда құлай салатын көше сотқары емес бұл!
Екеуіміз қатар күлген болсақ та көңілімізге хауіп сезіле бастады. Халық қолынан мылтық кеткен Шың шысай дәуірінен бері бұл таудың аюы көбейіп алғанын, отпен қорғанбаса қатерлі екенін естігенбіз. Отыны көп жерді таңдап, кешіге келіп түскеніміз содан еді. Екеуіміз қайта түрегелдік те ат жайылатын жердің сыртына да от жақтық. Шатқалдың жоғарғы жағынан алдымен иттің, одан соң адамдардың шуылы естілді бір шақта. Алдымызда таяу жерде ауыл барын сонда білдік те, ауылға аю тигенін естіп елеңдей түстік. Иттің еселеп үргенінен басқа шуыл тез тынды. Шоқ лақтырып жүріп қуып жібергенін түсініп, жайлана бастағанымызда аттарымыз құлақ тігіп тықырши бастады.
- Әлгі аю енді бізге келді ме екен?! -дегенімше жиырма шақты метр ғана алдымызға келіп бір үлкен тас гүрс ете түсті. Аттар осқырып шиыршық атты.
- Мына биік жартас үстенен лақтырды, күйреткенше лақтыра береді енді. Кеттік, мін атқа! -деп мен мескейде қайнап тұрған шәйді төге салып жиылдым. Басы жанып шоққа айналған екі сырғауылды екеуіміз алып, атқа міне қаштық. Сезімтал жануарлар құйындата жөнелді. - Ат тізгінін еркіне жібер, жаңағы ауылды өздері табады!
- Япырай, әлден аю қуса, алдымыздан айдаһар да шығар ма екен! -деп күлді Бақай. Қолымыздағы қайың сойылдың шоқтарын жарқылдатып, ат екпінімен лапылдата жеттік ауылға.
Сырт жақтарына әр жерден от жағып, ересектері түгел қой маңында жүрген 3-4 үй екен. Жайлау жұрттарына жете алмайтын болған соң, қос тігіп, бұлар да еріксіз түнепті. Өздеріне серік қорғаушы келгеніне қуанышын айтыса қарсы алды....
Соның ертеңіне екінтіде Қобыққа жетіп, таныс мұғалімнің үйін тауып түстік.
- Биғабілмісің, үй? Құдай айдап келді ме, құйын айдап келді ме?!-деп қарсы алған қунақы жігітке ненің айдағанын айтпай жымиып қана амандасып едім. Шәй іше отырып, сұрастырғанымда Сауырдағы Мақпалды торлаушы бүйіні танитындығын білдірді. «Өзі бұрын бандыға байланысқан, барынша сотқар бай еді. Қазір мүйізі ішінде, жуасыған сияқты болып жүр» деп таныстырды. Мені ненің айдап келгенін арақ іше отырып, үшеу ара оңаша сөзге келген соң айта бастадым. Қызыса келе тіпті қиюласып алдық. Бірақ монтаны сотқардың қолына жиен келін түскенін білмейді екен. «Бұл аудан үкіметіне сондай қамаудағы әйелден келген арыз бар-жоқтығын халық бөлімінен сұрап бере аламысың?» деп сұрадым. Ол ауылдар Алтайдың Жеменей ауданына қарасты екенін айтты. «Арыз жазса Жеменейге жазар» деп тұспалдады да, сонда да ертеңіне таңертең халық бөліміндегі бір досынан сұрай барып, мұнда ондай арыз түспегенін біліп келді.
Енді сол ауылға «иіс сездірмейтін жолмен» тездетіп, жеткізіп салуға келісті мұғалім.
Сауыр тауына кіре қайдағы қиын қия жолдармен бастап отырып, тықыр ғана өскен күреңсе-бетегелі тегіс жонға шығарды. Жорта жөнелдік. Шығыс-Солтүстікке қарай құлаған бір сай басына ат шалдыруға түсе сөйлеп, сапар жоспарын айтты. Осы сайдың аяқ жағында оңаша ғана отыратын үш үйлі туысқан ағасының ауылы бар екен, «тұрағың сол болады» -деді ол маған, бұл ауылға бөлелік туыстықпен жайлауға шыққан Бурылтоғай аудандық мектептің оқытушысы боласың. Атың Әбділ, ұмытпа!» деп бастап, Әбділ жайлы да, мектебі туралы да түсінік берді. Ағасының үйіне «бөле» болып, недәуір таныстықпен жеттім сөйтіп.
Барып түсісімізбен аға-жеңгесін жеке шығарып сөйлесіп күлдіріп кірді... Ертеңіне таңертең Бақай екеуі сол үйде қалды да, ағасының ұлын ертіп, іздеген ауылыма жалғыз кеттім. Тағы екі қырқа асып барып, жыныс шатқалға түстік те күнбатыс жаққа қайта өрлеп барып, жайдақ сай ішіндегі ақ үйлі ауылға күншығыс жағынан келдік. Былтыр күзде Дүйсен ағай келіп танысқан Қайдар атты қонысының қоңырша үйі бай үйлерінің алдыңғы жағында, қотанның оңтүстік жақ шетінде екен. Мақпалым бірінен жарқ етіп шыға келер ме екен деген дәмемен атты белдеуге асықпай байлап, айылды асықпай босатып, ақ үйлер жаққа қарай-қарай кірдім. Ол жақтан көрінбеген жақсы елес, кірген үйімнен жарқ ете түскендей болды; сырт жақ тұрқы Мақпалға ұқсайтын ақ көйлекті бойжеткен, төрге жаңа сырмақ салып, төр көрпесін тәптіштеп жая еңкейіп жүр екен. Оң жақтағы өз орнына сол жұмысымен шегініп барып түзеліп қарады маған. Қара торы жүзі тұтас көрініп, Мақпал емес екендігі айқындалғанша бар ыстық сәлемімді сол бойжеткенге бріп болыппын. Сәлем алушы кісінің үні арт жағымнан шықты; естуімдегі үй иесі көсе қара сол (жақ) босағада тұр екен. Жалт қайрылып қол бердім де, өреше жақтан түрегелген толықша қызыл күрең әйелмен амандастым. Ақ көйлек Мақпалдікі болмай шыққаннан кейінгі керегім осы әйел еді. Тәуап еткендей иіліп амандастым....
Үн де, ажар да сөйлесе келе ашылады. Қасымдағы баланың «Бурылтоғайдан» келген бөле ағасы болатындығыма сендіре сөйлеп отырғанымда, қыз да ашыла күлімсіреп, маған қарай берді. Сыртқа шығып кетіп, жер ошақ басынан шешесін шақырды бір шақта. Шешесі күбірлесе түсіп қайта кірді де, шәй құя отырып, «шалына» бір жұмыс жайын ескертті:
- Ей, шал, осындайда өгізбен әлгі отыныңды әкеліп алсаңшы, мына бала атымен барып артысып берер!...
Шәй жиылып бола бере шалы түрегеліп, менің серігімді ерте жөнелді.
- Жә, шырағым, «Бурылтоғайданмын» дедің бе? -деп әйел менен қайталай жөн сұрады. Сонсоң оңашада шыныңа келіп, бүйімтайыңды айтып ал дегені екенін сезіп, мен де сұрау қойдым.
- Жеңеше, былтыр күзде осында Дөрбілжіннен Дүйсен дейтін кісі келді ме?
- Ие, ие, келген. Оны қайдан танисың?
- Мен сол кісінің інісімін.
- Е, е, ол кісі... жоқ іздеп жүргенін айтып, маған бір жайларын көп тапсырып кетіп еді... Сонысын білемісін, шырағым?
- Әрине, білемін. Ол кісі екеуіміздің жоғымыз бір, -деп жымия күрсіндім мен. Әлдеде толықтап-анықтап алып сөйлеспек екенін түсіндім де, атын атап сөйледім. Былтыр күз басында Мақпал дейтін аяулы «қарындасымыз» жоғалып, әліге дейін ізін таба алмай жүрміз!
Босағаға сүйеніп, сырттан тыңдап тұрған қыз кірді де, күлімсірей келіп отырды қасыма.
- Ағай сіздің атыңыз кім?
- Мұнда келгелі атым Әбділ, өз жерімде Биғабіл едім.
- Бәсе! -деп қыз төмен қарай беріп күлді.
- Шырағым, қалыңдығың аман-есен... өз қалпында... денсаулығы жақсы!-деп шешесі күрсіне жалғастырды сөзін - амал қанша, қыстаудан көшуімізбен қайта айрылып қалдық. Қыс бойы бізбен бір қыстауда тұрып еді. Көктеуге көшерімізде оның отауын көшірмей еру қалдырған. Ертеңіне басқа біреу түйе әкеліп көшіріп әкеткенін артынан естідік. Қайда әкеткені әлі белгісіз.
Тұқырып отырып қалыппын. Бұрқырап шыққан маңдай терімді сүрте бердім. Қыз көз алмай қарап отыр.
- Бөле күйеуімен қалай екен өзі? -деп сұрадым аз кідірістен соң. - Біраз тату тұрған сияқты ма?
- Жоқ, ойбай, қанша телісе де күйеуім деп танымайды онысын, «бауырым» дейді екен. Өзі аса ақылды бала сияқты ғой, осындағы нағашы аға-жеңгелері екеуінің арасына дәнекер болып, талай кіріскен екен. Сөзге еш қайсысын беттетпепті. Сонда да екеуін кішкене үйлеріне қамап, түнде сыртынан құлыптап қояды. Алғашқы кезде күйеу «есік аш - есік аш!» деп айқайлап, түн бойы жылап шыққанын естігендер бар! - деп күліп жіберген әйел, аузын қолымен баса қойды. - Астағыпыралла-астағыпыралла, не күлетіні бар мұның, ешкімнің басына бермесін!... Мақпалдың бұл қылығына кейде үлкен ақсақал да шыдамай, терезеден ақырып жіберген кездері бар... Басқа түспегір, не қилы істер болғанын естиміз, әйтеуір Мақпалдың көнбейтіндігін біліп болдық. Үлкендерін әдепті сөзбен мойындатып, сөйлетпей тастайды. Ал оның жауы, байдың кіші ұлы Әбеу дейтіні. Ол да отызға жақындап қалған. Келіншегі екі баласы бар... Мақпал сол кіріскенде ғана қатты сөйлейді. Кейде ащы тілмен янаттап та қуады екен!...
- Ал енді мен оны қай-қай жерден іздеуім керек?... Былтыр күзде Дүйсен ағай іздеп келгенде қайда жасырыпты, соны білесіз бе?
- Мына жақта Сауыр дейтін бөктер тау бар. Сондағы Көнбай дейтін інісінің қолына жіберіпті. Ондай туыстары көп мұның. Бәрінің қоныстанған жерлерін әлгі шал біледі. Келген соң жазып аларсың шырағым!...
Бүгін мұнда қонбай қайтатынымды естіген шешесі қызына бір қарап қойып, далаға, ошақ басына кетті. Төмен қарай отырып күрсінген бойжеткен сөйледі енді:
- Ағай, мен қыста Мақпалмен анда-санда дүзде ғана кездесіп, сөйлесіп қалып жүрдім. Оны өз үйінен басқа еш кіммен сөйлестірмейді. Үйінен шығармайды. Дүйсен ағаның келіп қайтқанын менен естіді. Сіздің атыңызды, түріңізді өзі айтып берген, көп жылайды. Қыстаудан біз көшер алдында 5-6 күн бұрын бір кездестік. (одан соң мүлде көрістірмей қойды). Ондағы айтқаны былай: «осы жазда Дүйсен аға мен... сіз бірге келетін шығар» деп күлімсіреді. Егер мен тағы да кездесе алмай қалсам, ұмытпай мына сәлемімді айт» -деді сонсоң. - «Мен өзінше уағда бергенмін. Сол антымды тірі тұрғанымда ұмытпаймын!... Үкіметке арыз жазып жатырмын. Бірақ еш-қайсысы жетпей, жолда ұсталып қалған сияқты. Осы жақында бір қисынын тапсам тағы жазамын. Қайткенде де бұған адам болмаймын.... Көнгенім жоқ, өлсем де көнбеймін!... Ол да мені ұмытпасын!... Қашан құтылсам, өзіне дереу хат жазамын, тіпті өзім барамын! Сабыр етіп денсаулығын сақтасын!»
Жаңа көріскендіктен тосырқап қысылған бойжеткен Мақпалдың осы сәлемін кідіріп-кідіріп айтып болғанша өзі де терлеп, мені бұлауға салғандай балқытты, Нұрияшымның өз сөзін дәлме-дәл жеткізу жолында қаншалық қиналғаны өткір қара көзін кең аша түйілуінен білініп отырады.
- Рақымет қарындас! -деп қолын алып, тотыққан сүйір саусақтарын қыса түстім. - рақымет, көп рақымет!... Бақытты, өмірлі бол!... Ал енді, егер осы сапарымда өзін таба алмай қайтсам, менің мына сәлемімді де бұлжытпай жеткіз. «Мен бұл сапарда таба алмасам да күтемін! «ақсақ» иә, соқыр болып қалсаң да...» деп өзіне мен де ант бергенмін. Сондағы жүрегім мәңгілік қалпында!»
Қызмен сөйлесіп отырғанымда шешесі есік алдында қазанға от жаға жүріп, бізге қараумен, күлімсіреумен болып жүр еді. Қолын алып сөйлеген сөзім бітісімен үйге кіре күрсініп сөйледі:
- Менің бұл жалғызым, Мақпалмен кезіккен сайын бір жылап келетін. Өте жақсы көреді, қыстаудан айрылысқалы аузынан тастамайтын болды. «Іздеушісі қашан келер екен!» деп күбірлеп жүруші еді. Жаңа келе жатқаныңда босағадан қарап көріп, «сол сияқты» деп күліп жіберді!
Көзінен тұп-тұнық қос тамшысын ыршытып қалып, бетін баса жөнелді қызы. Мақпалдың тірілігін алғаш жеткізген осы үйге сүйіншілік үшін алып шыққан бір палтолық сукнаны жол сөмкемнен шығардым да, шешесіне ұсындым.
- Жеңешетай, мынаны қарындасыма пальто тіктіріп беріңізші, ағасының берген сүйіншісі болсын!.... Жеменейге жақындағанда сейпінге апарып тіктіріңіз.
- Ниетіңе рақымет, шырағым, ырымың қабыл болсын, алайын, алайын!
Жаны нәзік, сұлу сымбатты жас бойжеткеннің аты Гүлсана екен. Биыл өз қыстауындағы мектептен алтыншы клас бітіргенін айтты шешесі.
- Жағыз дедіңіз бе, олай болса, оқудан тіпті де қаға көрмеңіз, қадамы жеткен жерге дейін оқысын! -дегенімде үй сыртынан тағы да күлімдей кірді Гүлсана.
- Аға, сізді мектеп басқарушысы деп естігенмін... Көмегіңіз тисе қайдан болса да оқи берер едім! -деп қолын артына қайырды да, басын бір жақ иығына жыға еркелей қарады.
- Биыл аудандардың бәрінен де 7-ші клас ашылмақ. Орта мектепті егер біз жаққа барып оқығың келсе, көмегімді аямайын!... Неғұрлым мына қамаудағы әпекеңді ерте барсаң, саған ең қормал пана сол болар еді -деп жымиғанымда шешесі саңғырлап, өзі таза күмістей сыңғырлай күлді.
- Жазда келсе бұлардан мен-ақ алыпқашар едім! -деп күлген бойы қайта шықты сыртқа. Ақ үйлерден тыңшы келіп қалуынан сақтанып, күзетте жүргені екен. Әлпештеуде өскен ерке қыздың естелігі де, ер көңілділігі де жетерлік екенін байқап, басымды изеп-изеп қалдым. Шешесі күрсіне ойланып, мына қалыпта Мақпалдың құтылуы қиын екендігін, бұл аудан үкіметіне арыз жазғанымен батыл көмек тимейтіндігін айтты.
- Ағай, Сарсүмбеде достарыңыздан ешкім барма еді? Деп есіктен басын сұға күбірлеп сұрады Гүлсана. Менен Ынтықбайдың аты-жөнін естіді де қызмет жайын толықтап жазып қойыңызшы! -деп басын тағы сұқты. - Оған өзіңіз де хат жазып, Мақпал туралы мықтап тапсырыңыз!... Өз үйіңіздің тұрған жерін де анықтап жазыңыз!....
Сөйтіп, әр жайды бір сұрап жаздырып тұрғанында отыншылар қайтып келді. Асылған түстікті жеп болғанша күн екінтіге еңкейіпті. Мақпалды ендігі іздеуге тиісті жерлерімнің барлығын Қайдардан егжей-тегжеймен сұрап, жазып ала қайттым.
Алғашқы табысыма Бақай да, дос мұғалім де разы болды. Бірақ іздейтін жеріміз бір-бірінен аса шалғай, басатын жерлеріміз көп екен. Ертеңіне Қобық мұғаліміне рахыметті жаудыра айрылысып, Бақай екеуіміз Жеменей қалашығына кеттік. Көп сабақтастың бірі ол жерден де табылды. Бірақ Жеменей аудандық үкіметтен Мақпал жазған арыз табылмады. Жолдан қағып алып, байға қайтарып тұратын біреуі бар сияқты. Сонан соң-ақ тау сағалап, дала шиырлап кезе бердік. Алдымен Сайырдағы Көнбайдың иен жықпылдағы үш үйін тауып түсіп едік. Іңірде әкесі сыртқа шығарып күбірлеген бала жігіт таңертең жоқ болып шықты. «Мақпалды жасыруға сол жөнелген-ау!» деп түйілді Бақай. Жоғымызға сол жігітшені қосып іздеп кезе бердік, кезе бердік. Жазып алған бар адрестен бір із табылмады. Біз көз жүгіртпеген қуыстары қалмады.
Шілденің аяқ шенінде жауындатып, малшынып «бөле» аулымызға қайта келдік. Айран-шалабымен өзімізді, жұғымды жайлау жайылымымен атымызды күтті. Біздің қайтып келгенімізді бөле баладан ести шапқылап Гүлсана жетті бір күні. Азып-тозғанымызды көре сала жылай күліп, ағалай кірді құшағыма. Осы қиналғаныңызды толық айтамын өзіне. Білесіз бе, ол қайраттанып кетеді мұны естісе!... Және ол сіз дегенде қандай деңізші....
- Желекпен жүре ме өзі?
- Жоқ, желек қайда!... Түзге шығарда жеңгелері әкеліп жапса, лақтырып тастайды екен!... Өзінің жазған бір өлеңі мен сіздің бір өлеңді қосып айтып күбірлей жүреді де, «жоқ, мен өлмеймін, сені көрмей тіпті де өлмеймін!» деп тауға қарай сөйлеп жібереді. Сол кезде тіпті нұрланып кетеді. Киімін түзеп, ұзын бұрымын уысына жиып, күлімдей қарайды жан-жағына!. Қандай сұлу деңізші!.... «Келе алмаса өзім-ақ барамын да» деп неше рет айтқан. Ол сізді таппай қоймайды, ондай ақылды қыз көргенім жоқ. «Күркіреп төнген аюды күле сөйлеп қана жуасытып қайтарады екен!» деп бір кемпір айтып күліп жүрді. Енді сіз бұл жерде көп жүрмеңіз, байлар сезіп қалса, оқыс қып кетер. Аман-есен қайтып, оны қамсыз күтіңіз!»...
Гүлсана осылай жұбатып қайтып еді. Содан екі күн өткенде әкесі келіп, біреуден естіген көмескі хабарын айтты: «қыз - күйеу отаспаған соң өз жеріне қайтарып жіберіпті дейді. Мөлшері сіздер келудің алдында ғана сияқты!»
Бақай екеуіміз бұл хабарды ести сала қамданып, ертеңінде құзғын сәріде аттандық. Дауылдатып Қобыққа жеттік те, Мақпалдың бұл қайтарылуына сенбей, Ынтықбайға құтқаруды мықтап тапсырып, хат жаздым. «Көрсең, Нұрияштың дәл өзі екендігіне мойындайсың» дегенімде көз жасым да ыршып түсті қағазға. Жаңбырлата жортып, аюлата ығып, Орқашардан түстік. Бақайды атымен Дөрбілжінге қайтардым да, бөктермен айлана тартып, қайын жұрт жаққа жөнелдім.
Өзім көріп жүрген жайлауының ауыл сыртындағы белесіне ертеңі талтүсте жетіп едім. Алдымнан қайната жүзбек атпен шыға келді. Сәлем беріп тұра қалдым алдына. Бұл жолы тым ақжарқын амандастым. Ол да пейілдіси ахуалдасты. Атымның жараулығы мен жүзімнің тотығуына қарай түсті. Аужәйді байқағандай, «жол болсын» сұрамады.
- Ағай, Мақпалыңызды аман-есен көріп, көз айым болған шығарсыз? -дегенімде қызының көзіндей үлкен көкшіл көзі бадырая түсті.
- Қашан келіпті! ... Биған-ай, ол қайда енді маған, дерегін әлі де таба алмай шешесі зар қағып отыр! -деді де күрсінген болып, атын тебіне жөнелді. Қанатын кере жайған қара құстың көлеңкесі қарсы алдымнан жүйткіп өте шығып еді. Іле шала бір түйдек қара бұлт келіп, күн жүзін қымтай қойды да, басып тұра алмай, ол да жылжып кете берді. Жазық сайдағы жым-жырт ауылға жылжып мен жеттім де, тура тартып келіп, үлкен үйіне түстім. Сәлеміме шала-шарпы амандаса салып ыңқылдап, дөңбекши түсті жуан кемпір. Кіші үйіндегі үлкен келініне дауыстады.
- Үһ-аһ-аһ-һ... әй Бижамал қайдасың, бері кел ойбай!...
Мақпалдың өз шешесі кіріп, маған бар пейілімен еселеп амандасты. Соза күрсініп, дымданған аялы көзін кимешегінің шалғайымен сүртті. Тасырая қалған тажал кемпірге сонан соң қарап еді. Сыр мінез ененің тілдеп жіберуге оқталғанын байқады білем, ақ жүзі сәл қызғыш тарта жылжып алдына барды. Сермеп жіберген саусақ тұспалымен жүктен екі жастық алып, басына жастады. Сонан соң саусақ бұйрығын көрмесе де, үстіне кемпірдің өзінің қаптал күпісін жапты. Күн ыстық болса да басы-көзін мықтап қымтап жатқанына қарап мен жымидым...
Арманды ананың ішінен түйіліп, зәр жұтып жүргенін енді біліппін. Күмісті тегенеге қымыз құйып әкеліп, дастарқанын шағындап қана жайды да, екі шыныға қымыз құйды. Өзі де отырып ішті. Көз астымен қарай-қарай отырып егілгенде, мен де тұқырып, ішіп отырған шыныма төгіп-төгіп жіберіп едім. Мұнымды біліп қалған ана өзін-өзі тежей алмай, өкси жөнелді. Күпі астынан жалғыз көзімен сығалап жатқан тажал:
-Ыһ-һы-үһ... байың өлді ме ей сенің! -деп қалғанда екеуіміз де тиыла қалдық.
- Енді соны жұтбақсыз ба! -деді келіні.
- Ойбай-ай, мына бетпақ не дейді? -деп басын көтеріп алды да менің бадырая қалған көзіме қарап, сұлық отырып қалды. Алдымдағы бірінші қымызды жұта салып, Аллоху акбар айттым да, шыға жөнелдім.
Нұрияшымның нұрлы шешесі соңымнан еріп, үй сыртындағы дереге бірге келді.
- Жеменейге барып келдім. - деп күбірледім ат айылын тарта тұрып. - Мақпалды көп іздеп таба алмасам да, амандығын толық естіп қайттым. Қамықпаңыз, ол келеді!
- Келсе, өзің қабыл көрсең... бар батам екеуіңнің жолыңда болар еді!
- Бұл жаққа... жасырып әкелсе, естісіңізбен дереу мына мектеп бастығына - Дүйсенге хабарлай қойыңыз!
- Енді ешкімнен тайынар да, жасырар да жайым жоқ!... Бұл жауыз қанша жиырылса да, өлген айдағардай көрінеді маған. Өзің де тез-тез хабарласып тұр, қарашығым!..
Атқа ана пейілімен қуаттана қонып, Дүйсеннің үйіне жеттім....
Апайтөс жеңгем екі биесінің қымызымен төрт-бес күн күтіп, тынықтырып қайтарды. Екі ай бойы сарпылдап жортып, салбырап қайтқан жайым бар. Қақпадан көрінісіммен шешем шығып, күле қарсы алды: «О құлыным-ау! Аман қайттың ба, әйтеуір? Не қилы қастыққа ұшырады деп өзің кеткелі зәрем қалмады!.. Бақайдан естідім, ұжданы бар бала көрінеді ғой, тірі болса шығар бір жерден!».
Тағы да екі-үш күн дем алып, мекемеге түс жарымдағанда бардым. Баруымнан қайтуым тез болды, Махмұт екеуіміздің орнымызға кексесінен жуан екі инспектор тағайындап, орнымызға жалпайтып отырғызып болыпты.
- Қысқартылып қалдың, шырағым, жалғыз сен емес, бүкіл мекеме қызметкерлері ықшамдалып, қысқартылып жатыр. Өзіңнен де болды ғой, өкпелеме! -деп Шакербай тұқырды.
- Жоқ, Шәке, мен қайтадан ұзара аламын, сіз өкпелемеңіз! -деп күле шығып барып, әкім бөліміне кірдім. Алдындағы қағазын түртпектеп, бас көтермей қойды Досан. Қасақана төр жақтағы орындығына шалқаладым.
- Жай-жапсарды Шакербайдан ұққан шығарсың? -деп әкімнің мұрты бүлкілдеп қалды бір шақта. - Кадырларды ықшамдау шартына ілініп қалдың, амал қанша!... Және, шырағым, өзің асқан бір қыңыр жігітсің ғой, сонда да әйетуір неше жыл қызметтес болғаныңа қарап, ол айыптарыңды ашпадық жоғары жаққа.... Ғани батырдың қалай қолға алынғанын естідің бе өзің? Осы жақында Үрімжіге зор жиынға барып қатынасқан екен. Бір әйел өкілді жеке жатақта ұстап алып, қыртып отырғанында сақшы кадырлары кіріп, бассалыпты. Ал, сен одан да асып бірлік саптың құрметті өкілдеріне «қызың қайда?!» деп ақыраңдауға дейін жеттің ғой!... Тіпті өлмелі қарт шешесін басынуың қаншалық! ... Қызметтен қысқартылған соң, жығылған үстіне жұдырық болмасын деп мұны жаба салып отырмыз... Ал, өзің қаншалық бұзылғаныңмен де қабілетің бар жігітсің. Әлде де бір жерден қызмет іздестіріп көрерміз. Тағы да біраз дем ала тұрасың да енді! Қазірше лаж жоқ, жоғары жақтың бекітуінен өтіп кетті, қысқартылып қалдың!
- Жоқ, әкім, мені қанша шұнтитқаныңмен де кеми қоймаймын, нанбасаң созып көрші өзің, кедейдің көнпісі емеспін бе, бес құлаш ұзарарлығым бар әлі! -деп шықсам да, ойынбұзар айыпқа тартылғаныма қам жеп шықтым. «Төңкеріс жолы бұраң» деген ғой, оқасы жоқ. Компартия бар, түзетілер деген сенімге кеп те шықтым.
Данышпан тергеушім, даңуисіз[1] бостандықтың дектатура пышағы қайраусыз. Кезінде-ақ талай қысқартылған, өрескел ұзын кері төңкерісші екенмін ғой, әлде де бір аз тұқылым қалар. Қылмыс деген, ондай тұқыл түгіл титтей оқыра қабыршағынан да өніп-өсе беретін, аса жансебіл батыр емес пе?!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Даңуи (қытайша) - партия ұйымы (компартия комитетінің қысқартылған атауы)