Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6702 4 пікір 15 Қыркүйек, 2021 сағат 16:20

Қытай қазағынан шыққан тұңғыш қазақ әйел журналист

      Боғдатаудың қыраны
      Немесе Қытай қазағынан шыққан тұңғыш қазақ әйел журналист

Тұрсын Жолымбетқызы деген осы есім маған бала кезімнен таныс. газеттен оқып, радиодан жиі естуші едім. 2008 жылы ақпан айының басында Үрімжіге барған сапарымда Тұрсын апаның отбасына арнайы ат басын бұрып, аман-сәлем жасап, жақынырақ танысып, әңгіме дүкен құрып қайтқаным бар.

Бұл кісінің жұбайы елге белгілі журналист, аудармашы, баспагер Сағат Жайпақұлы. Қос тарланмен кездесіп қайтқанан кейін бұл отбасымен жиі хабарласып тұратын болдым. Өйткені, бұл отбасының атағы Қытайда Алатаудай болғанымен, адамның нарқын білетін, елге жұғымды, мәдениетті, ақ көңіл, адал жандар. Өмірі тағдырлы, еңбек жолдары сан қилы тарихи шежіреге толы бұл екі қарияның әңгімесін таңға дейін тыңдасаңыз да жалықпайсыз. Әсіресе, Тұрсын апа әңгіменің майын тамызып айтады. Ол кісі әңгіме шерткенде өңінде қайсарлықтың, мейірімділіктің, ізгіліктің нышаны мұндалап тұрады. Осы кездесуде Тұрсын апа «Тілші сыры», «Өмір сыры» атты екі кітабын, «қазақстандық журналист бауырым Әлімжан Әшімұлына естелік. Автордан» (10 ақпан 2008 жылы, Үрімжі) деген ізгі тілегін жазып, «Екеуіміз әріптес екенбіз, реті келгенде оқи жатарсың, әйтпесе кітап сөреңде тұрсын, бір керегіңе жарап қалар», – деп өз қолымен ұсынып еді. Тұрсын апамен соңғы рет 2017 жылдың қараша айында Қазақстанға қыдырып келген кезінде кездестім. Мен апамның жүзінен кәріліктің жеңіп бара жатқанын байқадым, бірақ жігері сынбаған, рухы биік еді. Сонда апам: «Әлімжан, біздің Алматыға келгенімізге бір жетіден асып барады, мына Амантайдың (белгілі баспагер, қазір кәсіпкер А.Сағатұлын айтып отыр) Алматыдағы достары бірінен кейін бірі шақырып, қол-аяғымызды жерге тигізбей қонақ жасап жатыр, бәрі ығайлар мен сығайлар өңшең. Біріне түстікке барсақ, екіншісіне кешкісін барып қонақ болып жүрміз, келгелі бері бір тыным жоқ. Шыны керек, осы жүрісімізбен жүре берсек сенімен кездесе алмай кетеміз бе деп Сағат екеуіміз алаңдадық. Бүгін азанда Амантайға айттым, айналайын балам, бүгін түсте баратын жеріміз жоқ екен, кешке дейін уақтымыз бар, Әлгі Әлімжанаға хабарласып көрші, Алматыда болса келіп кетсін дедім. Әлімжан қарағым, сен бізге бөтен емессің ғой, сенің орның бөлек. Келгенің қандай жақсы болды, мына асқар Ататаудың етегінде, әсем Алматының төрінде әңгімелесіп, арқа-жарқа болып бір жырғап қалыстық. Енді Алматыға қайта айналып келерімізді, келмесімізді, бір Құдай біледі...», – деді. Мен:

– Апа, аманшылық болса, ел аман, жұрт тыныш болса, Құдай қаласы әлі талай Алматыға келесіз. Үрімжі мен Алматының арасы қауындықтың жолындай болып кеткен жоқ па, – дедім.

Бұл кездесу, Тұрсын апаммен соңғы кездесу болған екен. 2018 жылы шілде айында «қарт қаламгер Тұрсын Жолымбетқызы өмірден қайтты» деген суық хабар естідім.

«...Неменеге жетісесің бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», – деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай Тұрсын апам келместің кемесіне отырып мәңгілік мекеніне аттанып кетіпті, ал Сағат ағам сыңарынан айырылған аққудай жағада қалып қойыпты... Қазаға өкініштен басқа, араша түсер шара жоқ қой?!

«Өмірдің мәні мен өлімнің салмағы ұқсамайды, Мағаналы ғұмырдың өшпес ізі, қазасының қаратаудай салмағы болады. Адамның қадір-қымбаты оның мәнсап-мәртебесінде емес, тек оның туған елі үшін, әр ұлт халқы үшін төккен терімен, өзі жасаған қоғамға қосқан үлесімен, отанға сіңірген еңбегімен өлшенеді. Әне сондай, абзал жандардың шекті ғұмырын шексіздікке ұластырып, тағы бір мәнді ғұмыры қайта басталатын, көзден кетсе де көп көңілінен ойып орын алатындары санамалы. Сондай санаулы да, салиқалы жанның бірі Тұрсын Жолымбетқызы еді» [1] деп жазыпты Тұрсын апаның қаламгер інісі Қабдеш Жәнәбілұлы «Есімі ел есінде» деген естелігінде. Бұған менің алып-қосарым жоқ. Өте тұжырымды айтылған жүрек жарды өрелі пікір.

Бүгін марқұм Тұрсын апам туралы бірнәрсе жазайын деп қолыма қалам алдым. Бұл көптен бері ойланып-толғанып жүрген шаруа еді, енді реті келген секілді. Абыз қариямен кездескен, әңгімелескен кездерімді ой елегінен өткізіп, өз қолымен берген кітаптарын парақтай бастадым... Алдымен Тұрсын Жолымбетқызының балалық, жасөспірім шағына бірге сапар шегіп көрелік.

Бір ауыз сөз үміт жібін жалғайды

Бәрі күні бүгінгедей есімде, 1951 жылдың жазы. Мінгендері ылғи да ауыздығын шайнап, ойнақшып тұрған төр-бес атты кісі бірде желе аяңдаса, бірде жорғалатып, ауыл-ауылды, үй-үйді аралап, қарбалас жүр, бір мезетте біздің үйге де келіп апыр-топыр түсе қалды.

Біз бір үйде жеті жан – шешем, бес қыз, бір ұл бар едік. Әкем Жолымбет қыстауда отырғанда қайтыс болды. Көңіл айтып, құран оқып, бата жасаушылардың аяғы әлі үзіле қоймаған еді.

Әлгі келген кісілер оқу-ағарту туралы жоғарыдан келген матриал-құжаттарды оқып беріп, Ашылы аңғарына ел орталығы деп бір мектеп салғызып жатқандықтарын, осы мектепке оқитын балалардың тізімін алып жүргендерін ұғындырды. Мектепке жеті жастан он бес жасқа дейін бала қабылдайтындықтарын айтқанда, шешем мені нұсқап:

– Мына балам он бес жаста, сендер күзде мектеп бастағанға дейін он алты жасқа аяқ басады, – деп еді.

– Бола береді, бірнеше айдың ары-берісі жоқ. Бастауышты бітірсе де сауаты болғаны жақсы, – деді.

Осы бір ауыз сөз үміт жібін жалғағандай болды. Оқу жасына ілінген сіңлім Ғайникамал екеуімізді тізімдеді,

Мектепке тізімделдім деп қатты қуандым. Әлгі кісілер аттанып кеткенен кейін, шешемді құшақтап алып жыладым-ау кеп. Сол кездегі жағдайда, мен бойжеткен қыз саналамын, Тұрмысымыздың соншама қиындығына қарамай (біреуге құда болып, қалыңмал алып жан бағайық демей), мені оқысын деп оқуға тізімдеткен шешеме қатты разы болдым, бір жағынан оны аялап та жыладым. Ақыры, салынып жатқан мектеп те бітіпті. Қыстақ көлемінен 20-30 бала ғана жиналды. Оқыдық, Ескіше оқыған Қайыркей деген молда кісі оқытушы болып белгіленді. Бірақ, ол кісі, көбінше ел аралап кетеді де, сабақ беріп тұруды маған тапсырады. Балаларға әліппеден сабақ өтем, бір тәуірі өзге балаларға қарағанда сауатым бар еді.

Бастауыш сыныптың табалдырығын енді ғана аттай салып, «қалай оқытушы» бола қалдым? Азаттықтың қарсаңы болар, Біздің ауылға Қайдар молда деген бір кісі келді, бір жақтан көшіп келеген болса керек. Шолжота жайлауындағы әл-ауқаты тәуір адамдар осы молдаға балаларын оқытады. Біздің үйіміз осы молдамен  көрші, бір үйдің ересегі, бой жеткен қызы есептелетін мен ол кісіден оқи алмадым. Жұмалық «тіл ашар» алады екен, оған біздің күйіміз келмейді. Балалар киіз үйде тізерлеп отырып молдадан сабақ тыңдайды. Оқулықтары арабша «иманшарт», «әптиек» дейді. Молда сабақ өткенде, балалар шуылдап еріп оқып жазып алады. Мен ара-тұра киіз үйдің сыртынан тыңдаймын. Өзім үнемі бірге ойнап жүретін бір қызбаланың үйі бізбен көрші отыратын, аты Бәтіш, әкесінің аты Байқонақ. Киіз үйдің сыртында молдадан тыңдағанымды сол Бәтіштің жазғанынан көшіріп аламын. Сөйтіп жүріп мен де ел қатары қара танып, әжеп-тәуір сауаттанып қалдым. Балалар жазда оқығанымен, ел қыстауға көшкенде тарап кетеді. Солай да мен үйренгенімді толықтыруға құлшына бердім, Әке-шешем өлең кітап – дастан, хиса тыңдауға құштар, оқуды жанымен жақтыратын адамдар еді. Әкем көзі тірісінде жалғыз ұлы Үрістемді он жасында руы төре Шүйіншәлі деген молдаға үйінде тұрып оқуға берген болатын. Әкем қайтыс болудан ілгері, «Балаң Құраннан шықты», – деп артына мінгестіріп алып келіп еді, бір құнан өгіз бергені есімде, Үрістем әкем қайтыс болғанда дастарқанға құран оқыса:

–  Марқұм жанын жалдағандай болып жүріп оқытып еді, арманы орындалды ғой, – деп көңілденіп қалатын шешем. Бір үйлі жан үлкенімізден кішімізге дейін кітап десе шөліркеп тұрушы едік.

«Мектеп алыс» деп шешем бұрыннан бері қыстап жүрген жылы қонысымызды тастап, мектептің қасына көшіп барды. Бұл кішкентай сіңлілерімнің оқуына қатты қолайлы болды, мектеп жасына толғандары арт-артынан мектепке барды. Бірер жылдан кейін мектепке Үрімжіден педагогикалық мектепті бітірген Зейнелқан дейтін оқытушы келіпті, ауыл бас сайын мектеп құрылып, оқымыстылар да көбейген, оқу-оқыту сапасы жоғарылаған, Ашылының оқу-ағартуы көктем гүліндей құлпырып, ұшқан құстай тез дамыған, жоғарылап оқығандардың да саны жыл сайын көбейіп отырған.

Шешемнің үйренген жылы қонысын тастап, мектептің қасына көшіп барған еңбегі ақталып, кішкентай сіңлілерім шетінен үздік оқыды.

Әр маусымда район бойынша мектептердің оқу сапасын тексерушілер: – Қайсы сыныпқа кірсекте, Тұрсынның сіңлісі әр сыныпта бірден бар, сұраққа жауап беріп тұрған да солар, – деп таңырқағанда, шешем.

– Тілің тасқа болғыр-ай, өйтіп айтпаңдаршы, әрең бастары қосылған төрт-бес торғайым, – дейтін. Екі сіңлім Шаһиза мен Қанипа мектеп бойынша әр жылы үздік оқып, сол жылдардың өзінде тілшілердің қаламына ілініп, «Шыңжаң газетінде» жарияланды. Санжы облысының Мичуан ауданында қазақша мектеп ашылмақ болып, Ашылы орталау мектебінен оқытушы алғанда, үздік оқығандығы үшін Шаһиза қаршадайынан солардың талғамына ілініп оқытушы болып қабылданды.

Келер жылында Санжы облысының орталығынан педагогикалық мектеп ашылып оқушы алғанда, Қанипаны тағы таңдап әкетті, Кейін олар бізге «Осы жол түспесе, Шынжаң институтына қабылданып оқыр едік» дегенде, мен «Өз обалдарың өздеріңе, қатардан озып оқып, қоғамға ерте шығып кеттіңдер» деймін қалжың-шыны аралас.

Түк те өкінерлігі жоқ. Ол екеуі ұлағатты ұстаздық міндеттерін абыроймен орындап, бұл күндері қадір-қымбатымен демалысқа шығып, күндерін алаңсыз өткізіп жатыр.

Бір ауыз сөз қыран болып самғайды

Қатынас қолайсыз, салт атты кісілер жолаушы жолын жалғай алатын, асу-асу асқарлары, еңку-еңку шатқалдары бар құзар таудың қуысындағы бастауыш мектептен Үрімжіге оқуға келем десем, аспаннан түскендей сезілер...

Қоңыр күздің бір күні «Үкімет адамдары келіпті, осы мектепке мәжіліс ашады екен» деген хабар құлақтан-құлаққа жетті. Межелі уақытта аттылы-жаяу сай-саладан, жота-жоннан ағылып, ер-әйел, үлкен-кіші жинала қалды. Аттылар ауашарақ аттарын матап немесе қарсы бетке тұсап отқа қойды. Мектеп айналасы қара нөпір болды да кетті.

Осы кезде Ашылыда жаңа құрылым, жаңа түзім орнаған жоқ, баяғы зәңгі, зәлің, сұнжаң (қыстақ бастығы) көне үкімет белгілеген қоныстануына, жер жағдайына қарай емес, руға бөліп иедершілік етеді екен.

«Мәжіліс» деген осы бір сөздің өзі жалпыға жаңалық сезіледі, мұны жұрт әуес көріп, қатынасуға, үкімет адамдарының сөзін естуге ынтығады. Мәжіліс мектеп ауласындағы түкті кілемдей шөбі бітік өскен текшеде ашылды. Жұрттың шып-шырғасы шықпады. Ерлер малдас құрып, әйелдер бір тізерлеп отыра қалды. Тіпті мектепте оқып жатқан балаларда қаздай тізіліп тәртіппен отырдық. Не ұғып, не білдік, онымен де есептеспедік.

Қаладан келген үкімет адамдарының бірі әскери адам екен, қорғаушысы,  тілмәші бар. Тілмәші ұйғыр екен, әскери адам сөз сөйлейді, ұйғыр тілмәші аударады. Некен-саяқ болса да, әйелдер, жастар қауымының қытайдың сөзін бірінші рет естігенін былай қойғанда, қытай деген ұлтты бірінші рет көріп отырғаны да осы болар. Ал, әлгі ұйғыр аударушының «сөзін ұға алдмадық» деп шулады жұрт. Құдай оңдағанда, қаладан бірге шыққан бір қазақ кадр бар екен. Ол ұйғыршадан аударады. Үш тілден таратып жүріп, мақсаттарын ұқтырды қызмет группасы. Тоқ етері, Санжы ауданының орталығында мәжіліс ашылады екен, әр ұлт, әр саладағылардың конференциясы дейді, соған өкіл сайлаймыз екен. Байдан, кедейден, әйелден, ал бұрынғы зәңгі, залың, чүйжаң (мекеме бастығы), сұнжаң (қыстақ бастығы) сияқты көне үкімет тұсындағы мәнсаптылар да конференцияға қатынасады екен. Енді өкіл сайлау туралы дауысты ауыл адамдары, біреу ананы десе, біреу мынаны деп жатты, осы кезде отырған жұрт арасынан еңгезердей бір кісі түрегелді, ол:

–  Қалаға мәжіліске барған адам үкіметтің әмір-пәрменін ұғып, халыққа айтып бере алатын болу керек. Қой аузынан шөп алмас, естігенін қағазда түсіре білмейтін біреуді сайлап жіберсек өзіміз зиян тартамыз, – деп көсіле бір сөйледі де, – Жасы кіші демеңдер мен Жолымбеттің осы мектепте оқитын баласын лайық көріп отырмын. Қолы хат біледі, өзі өжет, – деп сөзін аяқтады. Бұл Бекбосын деген кісі еді, руы шотай. Бізбен көрші де емес, ауылдас, әйтеу, танимын. Мәжілісте нағашы шешем отыр екен, адуын адам еді, мінезіне қарай «Тайпал» деген лақам аты бар, ақырып орнынан түрегелді.

– Ей, жап аузыңды, қақпас! – деген айғайы атырапты жаңғыртып жіберді. Әлгі Бекбосын деген кісінің сөзін жұрт шапалақ соғып құптады. Бірақ отырған көпшілік менің шешеме қарағыштап, «Жаңылдық не дейді екен?» десті. Шешем орнынан тұрып:

–  Көпшілік тура көрсе, керегімізге жарайды десе, барсын, менің бөтен ойым жоқ, – деді.

Мәжіліс тарап, өкіл сайлау аяқтады. Әскери адам (қызыл армияның офитсері болса керек) біздің үйге келіп, аударушы арқылы шешеммен ұзақ әңгімелесті, естелігіндегі мемлекет қаритасын көрсетіп, азат болған райондарды таныстырды, коммунистік партияны, Мау Зыдұңды түсіндірді. Болашақ туралы қуанышты істерді айтты. Шешем мені жанына шақырып алып:

– Отыршы, Тұрсын, сен де ұқшы, мына әскердің айтуына қарағанда бұдан кейінгі күндеріміз жақсы болады екен, – дейді қуанып, көңілденіп:

Әскердің ұзақ әңгімесінен ұққаным: мына қызың он алты жаста екен, бастауышты бітіргенен кейін, өрлеп оқитын мектеп те бұл маңда жоқ екен.  Одан да Үрімжіде ашылған бір жылдық, жарты жылдық саяси мектептер бар, ыңғайы келсе, сондай мектептен оқыт деп ақыл көрсетті.

Осыдан бірнеше күн өткен соң әлгі сайлаудың нәтижесімен қалада ашылатын мәжіліске жүрдік. Көп адам азық-түлігін алып, жылы киініп, мықты аттарға мінді. Ол кезде жол бойында қоналқылық орын болмайды. Маған да ат, жылы киім даярлады. Барлық жұмыс ұйымдастыру арқылы жөніне келді. Төте жолмен сут жүріп, екі күнде Санжы қаласына жеттік. Тізімге алдырып, жатаққа орналастырды. Біз түскен қонақүй көне, аласа, мұжық там үйлер, астына көпіртіп сабан төсеген, сәлдебоздан жасаған көрпе, төсенішім бар. Өзгені білмеймін, мен үшін бәрі жаңалық сезілді.

Аудандық халық үкіметінің мәжіліс залында строймен кіргізеді. Өкілдерге дайындалған орындық қатарынан сұлатып тастаған, қабығын аршыған қарағай дөңбек екен, жерге отыра кетуден баяғыда жақсы. Сахна балшық кірпіштен көтеріңкі жиған текше, бір ағаш үстел, бірнеше көне ағаш орындық тұр. Екі жағына қызыл ту ілініпті, қызыл қағаздан ойып жапсырған жазу бар, үстелге гүл қойыпты. Менің көзіме әлем-жәлем көркем бір дүние іспетті көрінді.

Аудан басшылары сол сахнада тұрып ұзақ-ұзақ сөйледі. Қайта-қайта шапалақ үні көтерілді. Жартып ешнәрсе түсінгенім жоқ, жатаққа қайтып, группалар бойынша мәжілістің рухын талқылаймыз. Өлкелер арасында бұрын ел басқарып жүрген, әр дәуірді басынан кешірген шежіре-шешен, білімдар адамдар да бар. Ұқпаған мәселені олар түсіндіреді. Шаманың жетісінше мен де қағазға жазып алған боламын. Өзімді сайлаған халыққа қалай түсіндіріп, қалай жеткіземін деген уайым да жоқ емес. Мәжілістің соңына ала жер-жерден келген өкілдер арасынан сахнаға шығып, алған әсерлерін сөйлеп, әлденелерді істейтіндіктерін айтып жатты, сөзге шығушылар көбірек қытай, дүнген және ұйғыр ұлты қатарлы қала адамдары болды. Әйелдерден де сөзге шығушылар болды. Әсіресе, бір ұйғыр қыз сахнаға шығып сөйлегенде делебем қызып: шіркін, мына қызда не арман бар, недеген көп білім үйреніп алған... деп қызығамын іштей.

Қазақ өкілдеріне жауапты Жау Аңхы деген қытай кісі еді. Қазақша жаттық сөйлей алмайды, бірақ мақсатын толық ұқтырады. Осы кісі біздің қазақ өкілдері арасына келіп, әркімге сыбырлап бірнәрселерді айтады, олар бас шайқап зәрезеп болады, алыстан көріп отырамын. Жағалап менің жаныма да келеді:

– Сен қазақ өкілдері атынан сахнаға шығып сөйлейсің бе? – деді ол түсіндіріп.

– Сөйлеймін, – дедім. Көктен тілегенімді жерден бергендей. Сөйлеу туралы дайындығым болмаса да, менің көкейімді тескен зал толы қалың адамның алдында сахнаға шығу еді. Бағана топтарға бөлініп талқы жүрізігенде сөйлеген сөзімді үзіп, жалғап, ежіктеп мәжіліс ашылғалы ұққан бірнеше мәселенің басын құрап, «Солтүстік корей еліне көмек беріп, Америкаға қарсы тұрамыз» деген сөзбен аяқтаттым да, ду шамалақ үні ішінде сахнадан жүгіріп түстім қуанып. Осының өзіне таудан барған өзіміздің үлкен-кіші өкілддер таң қалып, «Недеген жүректі еді», – деп дуылдаса қалды. Бұл білгендіктен емес, еш нәрсені де түсінбейтін албырттықтың бас білмеген асаудай ала қашпағаны еді.

Солай да солай, мәжіліс ертең аяқтайды деген күні бізді басқарып жүрген бір тілмәш келіп:

– Сені Ли шиянжаң шақырып жатыр, – деп ертіп кетті. Бардым, «тілмәш» арқылы, «Сені Үрімжіге оқуға жібереміз», – деді. Жүрегім аузыма тығылды, қорқып отырмын ба, қуанып отырмын ба, өзім де білмеймін. Ол кезде қыз бала қалаға оқуға бару тарих жазылмаған.

–  Болады, шешеме барып айтып көрейін, – дедім.

– Болмайды, уақыт тығыз, оқу басталып кетті, кешігіп қаласың, – деді.

Санам санға бөлініп қысылып отырмын. Бір сәт ойлана қалдым. Осы араға келудің өзі үкіметтің орналастыруы, халықтың қамқорлығы арқылы болып отыр. Үйге барсам қайтып келетін шама қайда, күннің суығы мынау, ат қайда, азық қайда, кім мені қалаға әкеледі. Ауылдан жалғыз аттап шығып көргем жоқ, осы орайда кетейін, әкем жоқ, жалғыз бауырымның жалға жүріп тапқан талшығына ортақ болмайын, ол кезде қыз балаға отбасында отын-су әкеліп, келі түйуден басқа кәсіп жоқ. Егер қазіргідей қыз бала еңбек істеп, ақша табатындай жағдай болса, жар құлағы жастыққа тимей еңбек істейтінің бірі мен болар едім. Имандай сырым, оқып адам болам деп ойлаудан гөрі, өлсем де өз бетіммен кетейін деген ой басым болды. Оқуға баратын болдым. Сол күнгі таңды ұйқысыз атырдым. Шешеме хат жазып, оқуға баратын жағдайымды айттым.

Қалаға келіп жүріп түске дейің нағашым менің мәжілісте екенімді естіп он тоқаш, қос жұдырықтай науат әкеліп берді. Қатты қуандым. Бұл біздің отбасымыз үшін көрім аужал. Осыны және сырт киімдерімді қайтардым.

Ауылдан келген өкілдер:

Шешеңе қайтіп айтамыз? Ертіп кетіп едіңдер, тастап кетіпсіңдер дейді-ау, – деп алаңдады. Бірақ үйге барғанда шешем:

– Жаңа үкіметке сенем, оқу баламның арманы болатын, ес қатып қалған еді, сағынамын ғой, оқуға кеткеніне өкінбеймін, – депті.

Осы жол менің бақыт жолым болды. Адамның өмір жолы – қылдан жіңішке, ұстарадан өткір, сенің осы жолыңда қадамың қалай басталса, сол өмірлік жолың, бақытың, несібең солай бейімделеді екен.

Менің өмірімдегі «ең» армия офитсерінің ауылға баруы болды. Одан қалса, бірінші рет өкілдікке көрсеткен Марқұм Бекбосын ақсақалға имандылық тілеймін, жатқан жері торқа болсын! Сол кісден «бір ауыз сөз қыран болып самғады». Осы жолы оқуға бармасам, өмір жолым бұдан басқаша болары анық. Бұл оқиға яғни өмірімдегі осы бұрылыс есімнен бір кетпейді. Өкінерлігі, әлгі әскердің аты-жөнін біліп алуға ақылым жетпеген. Өң-әлпеті күні бүгінге дейін көз алдымда тұрады. Орта бойлы, аққұба, түсі жылы кісі еді. Жас мөлшері сол кезде отыздың ішінде шығар деп кейін ойлаймын. Өмірімнің, бақытымның бастау кезі болған осы сапарым туралы партия құрылғанының 70 жылдығында бір әдеби ессе жаздым.

Оны жазу жәйіті былай еді:

Бір күні марқұм Ақия Раданұлы: «Бірнеше адамға мақала жазып, радиода өзі Оуды ұйғардық оның бірі сіз. Тезірек жазыңыз, көлік жіберіп, студияға алдырамын», – деді.  Жаздым, оқыдым. Осы ессем мақала бағалауда ШҰАР бойынша бірінші дәрежелі болып бағаланды. Мақтау қағаз бен қоса сыйлық алдым.

Тұңғыш қазақ әйел журналист 

Тұрсын Жолымбетқызы 1936 жылы Санжы қаласының Ашылы ауылында дүниеге келген. Өз ауылында тиіп-қашып жүріп бастауышты бітіріп, 1951-1952 жылдары Шыңжаң өлкелік биро кадрлар мектебінде оқыған, 1952 жылдан 1955 жылға дейін Санжы ауданының алтыншы районында, Санжы облыстық партия комитетінде қызмет істеген. 1956 жылдың соңынан 1970 жылдың бас шеніне дейін Шынжаң газеті мекемесінің Қазақ редакциясы бөлімінде, 1970 жылдың ақпанынан 1984 жылы қыркүйекке дейін Орталық халық радио станциясының Қазақ бөлімінде тілші болып қызмет атқарған. 1984 жылы қазаннан 1990 жылға дейін Шынжаң газеті мекемесінде журналист бола жүріп «тете аға тілші» деген Қытайдың ең жоғарғы ғылыми атағын алады [2. 202-б.].

1950 жылдардан бастап туған ауылы Ашылыда жай ерікті тілші болып қолына қалам алған ол тапжылмай 40 жыл журналистікпен айналысады. Қыруар хабар-мақала, очерк, ессе, өлең, тілші естеліктер жазды. Егер сіз осы еңбектерін оқысаңыз, бірде салқын самал ескен тау жолында, бірде күн аптабы қақтаған шаңдақ борбаста жүргендей сезінесіз; бірде мектеп ауласын араласаңыз, бірде зауыт цехтарын көресіз. Бірде отардағы қоста сексеуілдің шоғына жылынасыз, бірде атыз басында диқандармен сырласасыз, бірде жер танабын тартқан отарбада оырасыз, бірде көкте қалықтайсыз. Бірде 70-80 дегі ата, әжемен кеңесесіз, бірде жеті жастағы балдырғанмен сөйлесесіз, бірде мұғалімге құрмет көрсетесіз. Қойшы, әйтеуір, сіздің маңайыңыздан әртүрлі кәсіптің адамдары табылады. Қоғамның түкпір-түкпірі қағыс қалмайды. Авторға кейде жаяу, кейде алдынан шығып атының басын ұстайсыз. Кейде жүк көлігінде, кейде жеңіл көлікте, кейде арбада, кейде шанада, кейде кемеде, кейде отарбада, кейде метрода, кейде ұшақта кезігесіз. «Тұрсын апай – әлеуметке танылып, көпке қадірлі болған кісі». «Тұрсын апай – жапакеш тілші». Арысы астанамыз Бейжіңде, берісі Шынжаң даласында, әсіресе қазақ халқы қоныстанған солтүстік Шынжаңның тау жазирасында Тұрсын апайдың ізі қалды. Әйел адамның аттылы-жаяу, жаздың шіліңгір ыстығы, қыстың қақаған аязы, бірде аш, бірде шөлдеп жүріп тілшілік істеу қанша машақатты болатыны бәрімізге түсінікті» (Қапас Әсейінұлы) [3. 248-б.].

Ал жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатов «Тұрсын Жолымбеттің жетістігі үздіксіз құлшынуында» деген мақаласында: «...Ақылды ақсақалдары, озық оқу орны, үлгілі балалары бар ауылдың түлектері қашан да сорпа бетіне қарай ұмылады. Ашылы жақтағы ауылдар өңшең болашаққа тебінді ұмтылып, өз ұясынан қырандар ұшыруға тырысқан мекендер.

Дейтұрғанмен, ішкі себеп бірінші. Ашылы тараптан шыққандардың бәрі Тұрсын, бәрі бірдей керемет дей алмаймын. Тұрсын – тума дарындылығын қор қылмай ауылдың абзал әсерін ала жүріп, өздігінен үйрене ұмтылып жетілген тұлға. «Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ жазушыларының» Тұрсынды таныстырғанда «өз ауылында тиіп-қашып жүріп бастауышты бітірген» деген Тұрсын сөзін былжытпай түсіргенде бір сыр бар. Ол – қоғамда туырылықтай дипломы бар Жиу Баже де, алақандай дипломы да жоқ Сұн Коң да бар» (Жиу Баже, Сұң Коң қытайдың «Батысқа сапар» телесериясындағы кейіпкерлер, Ә.Ә)» дегенді аңғартып, Тұрсынның қызыл ту астында өздігінен үйрену арқылы жетілгенін білдіру. Бұл және әр түрлі себептен оқу орындарында болуы аз жастарға үлгі көрсету.

Жолымбеттің Тұрсыны бастауышты тауысқасын еңбек жолын бастайды да, арада бір жылдай ғана өлкелік партия мектебінен білім алады. Сосынғы оқуы өздігінен, басылымдар арқылы тырыса үйреніумен қонымда жалғасқан. Туа біткен алғырлық, дарын, өмір мен білуге құштарлық болмаса, Өздігінен үйренуге құмарлық туа ма?! Ауылдан басталған маңайдың оң ықпалы болмаса, ол құмарлық баянды бола ма?! Партия мен үкіметтің сан саналы қамқорлығы болмаса, ол ықпал мен құштарлық жебеу көріп. өнім бере ала ма?» [4] деп абыз қарияны сағынышпен еске алады.

Енді Т.Жолымбетқызының  «Тілшімін» деген толғауын оқып көрелік:

«Қаламды ерте ұстадым, кеш ұстадым,
Демеймін шабыт кернеп толысқаным.
Тамшыдай болсадағы терім сіңген,
Газет менің өлмейтін құрыш жаным.

Көнбейтін барып келге, көріп келге,
Газет беті борышты көлдей терге.
Қара шашым ағарған, көз нұрым да...
Тұра-тұра қарауыл әріптерге.

Болмаса да сөреде жинақтарым,
Өмір аяп көрген жоқ силы аттарын.
Көлге құйған бұлақтай үлесімді,
Сақтайды осы газетім жинап бәрін.

Зор емес деп атағың шарықтаған,
Кейде шеке қарайды «даңқ» маған.
Ал өзім шы?! Өзгенің шаттығы үшін –
Шаттығы үшін шалқимын, шабыттанам.

Жабырқаймын қаламмен сөйлемесем,
«Өртке тиген дауылдай» өрлемесем.
Мәртебе де, даңқ та деп санаймын,
Газетімнен көрінген күндегі есім.

Тілшімін – қырағымын, қажырлымын,
Құлы емен өзім дейтін ажырғының.
Тарихтың тынысында тұншықпайды,
Жақсыға жаршы болған қазіргі үнім.

Ақбар сүйген кәсібім, тіршілігім,
Міндетіме алғаным тілшілігің.
Дәуір үнін көтерсем қуанамын,
Төленбеді демеймін «бір шығыным.

Әр бастың ұқсамайды тың арманы,
Жылағаны, күлгені, қуанғаны.
Бойға біткен бар менің қасиетім:
Кірсіз көңілім достарға шар айналы. [5,120-б.]

Наурыз, 1987 жыл. Үрімжі

Бұл өлеңді оқырмандарға талдап, түсіндіру артық болар. Автордың өз кәсібіне деген құштарлығы мен махаббаты өте шебер бенеленген.

Т.Жолымбетқызы өз толғауында жырлағанындай, мейлі хабар жазсын, таныстыру жазсын, мейлі очерк, тілші естелігін жазсын өз нысанасын аса байсалдылықпен күзетіп, тексеріп-зерттеп барып қолына қалам алады. Әрі жазғанын заман ауқымына, үкіметтің сол кездегі саясаттарына ұштастыра отырып қоғамдық пікір туғызады. Мысалы, «Неге заңның атқарылуы әлсіз, құдалық алым-берімде құлқын зорайып барады» деген сын мақаласы «Шынжаң газетіне» жарияланғаннан кейін, үкімет орындары жағынан қолдау тауып, ШҰАР халық құрылтайының мәжілісінде аңыс қозғап талқыланады. Іле облыстық халық құрылтайы тұрақты комитеті неке заңы туралы қосымша құжат шығарады. Жер-жердегі оқырмандар автордың мақаласын қолдап жазған хаттар ат көпір болады.

«Байырғы аға шопан» деген очергі «Іле газетінде» (1980 жылы) жарияланғаннан кейін «Дәл уағында жазылған мақала болды» деген жоғары баға алады. Өйткені, Қытайдың мәдениет төңкерісі кезінде және одан кейін Қытай билігіне біраз лаң салған «төрт кісілік төбе» құлағаннан кейін қазақ тілді ақпаратқа бұл алғаш түрен салған тарихи маңызы бар очерк болды. Сол сияқты «Көкпар биі астана сахнасында», «Достық гүлі», «Қысыр кеңестің қисыны» қатарлы очерк, тілші естелігі өз кезінде қоғамдық ықпалы көрнекті болған туынды болды.

Т.Жолымбетқызы мақаланың мазмұнына терең үңіліп қалмастан, тақырыбы мен көркемдігіне айырықша мән берген журналист. «Кісінің бәрі сіздей ме?», «Талантты шәкірт, дарынды күйші», «Аға редактор асқан асулар», «Шексіз әсем көрініс құзар шыңның үстінде», «Гәкку қайта гәгалады», «Қыз өссе елдің көркі», «Достықтың мейірі телегей», «Адамның бір қызы бала деген», «Өзі жақсы кісіге мың кісілік орын бар», «Суды жетелей білген, байлық жолын төтелей біледі», «Жатқан ел жайылған мал», «Бес жыл да бір белес» секілді очерктерінің тақырыбы мұның айқын мысалы.

Жарты ғасыр қолынан қалам тастамаған қаламгер кейінгі жерде әдеби жасампаздықпен де айналысады. неше ондаған көркем очерк, жүзден астам өлең, шалқыма, әдеби шолулар жазып жариялайды. «Орман туралы ойлар», «Ескі жұрт», «Тау», «От жүрегім», «Қиялымды қышқыл оймен сапырам» «Тілшімін», «Атамекен», «Желмен бірге жылжыған арман», «Өзен ағып таусылмайды», «Жетпіс жайып желкенін», «Жыл алдында сыналдым», «Сараптайды оқырман», «Газетім», «Менің үйім», «Мен» қатарлы өлеңдері мен «Ана қуанышы», «Қарлығаш», «Әйел және өнер» атты есселері, «Дауылпаз домбырашы Дәулет», «Микрофон алдында», «Кісінің бәрі сіздей ме» қатарлы көркем очерктері оқырман қауымның жақсы бағасын алады. Тұрсын Жолымбетқызы мемлекет дәрежелі бір рет, ШҰАР дәрежелі төрт рет, аймақ дәрежелі төрт рет таңдамалы әдебиет сыйлығын қанжығасына байлаған.

1986 жылы балалар әдебиеті үшін әзірлеген  суретке қарап «Хат тану» атты кітабы Шыңжаң халық баспасы жағынан жарық көрсе. «Тілші сыры» (1997 жылы), «Өмір сыры» (2003 жылы) жинақтары Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан басылып шығады, ал «Көңіл сыры» (2010 жылы), «Мен» ( 2010 жылы) кітаптары Іле халық баспасынан жарық көреді.

Тұрсын Жолымбетқызының шығармалары Қазақстандағы басылымдарда жарық көреді. Мәселен, еларалық «Қазақ елі» газетінде «Қыз өссе елдің көркі», «Аға редактор асқан асулар» атты очерктері жарияланса, еларалық «Шалқар» газеті мен Республикалық әдеби-мәдени «Үш қоңыр» газетінде бір топ өлеңдері жарық көреді. Дүниежүзі қазақтарының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген Қытайдағы ақын әйел-қыздардың өлеңдерін топтастырған  жинаққа алты өнеңі кіреді.

Есімі мен еңбектері «Қытай аз ұлт мамандары сөздігі», «Қытай оқымыстылары сөздігі» қатарлы ірі сөздіктерде таныстырылған Тұрсын Жолымбетқызы Шынжаң жазушылар қоғамының, Шынжаң журналистер қоғамының, Шынжаң қазақ тіл-мәдениет ғылыми қоғамының тұрақты жорасы болған.

Тұрсын апаның жерлес, журналист інісі Қапас Әсейін «Тау қызымын тауда тұрып дүниеге қараған» атты ессесінде: «Тұрсын Жолымбетқызы еліміз азат болғаннан кейінгі Бұғда-Еренқабырға өңіріндегі тұғыш мектеп есігін ашқан қазақ қыздарының бірі.

Боғда-Еренқабырға өңірінен өлкелік биро кадрлар мектебінің табалдырығын аттаған тұңғыш қазақ қызы.

Тұңғыш ауыл-қыстақ әйел кадрі.

Тұңғыш рет қолына қалам алып коммунистік партияны, жаңа өмірді жырлаған әйел ерікті тілші.

Ақпарат саласында тұңғыш әйел ақпарат саңлақтарының бірі.

Тұрсын апайымызың басынан мұндай тұғыштарды тізе берсек әлденеше онға жеткіземіз.

Осындай көп тұңғыштардың иесі болған тасқайрақ қыз ұшырған Ашылының даласы неге шарықтап, шалқымасқа?! Ашылының ұл-қыздары осындай бір апайларының болғанын неге мақтаныш тұтпасқа?! Ашылының ақсақалды аталары мен ақ самайлы аналары ұрпақтарынан осындай қыз, осындай ұл өсуін тілеп неге ақ батасын бермеске?» [4, 248-б.] деп жазады. Мұнда Тұрсын апа туралы өте керемет тарихи фактілер айтылған.

Енді тау қызы Т.Жолымбетқызының  «Мен» деген өлеңіне кезек берейік:

«Мен осы таудың түлегімін,
Тауда өскен жасыл құрақпын.
Құдыретті бұл күнім, –
Тауымдай мықты тұрақтың.
Тау қызымын!

Тауда тұрып дүниеге қараған,
Кекілімді тау самалы тараған.
Тауым куә тарихқа, тағдырға,
Айлар емес, жылдар емес,
Сан ғасырды санаған.

Тауларым-ай!
Қарағайың болат найза асынған.
Не өтпеді бұлт дуылға басыңнан,
Быт-шыт болып кетпедім,
Жасқансам да жаңбыры жоқ «жасыннан».
Мықтылықты үйреніппін тасыңнан.

Таудың жолы күдірлеу,
Күндерім жоқ дей алмаймын сүрінген,
Сүрінген жерден бақыт кілтін таптым да,
Түрегелдім бүгін мен!
Жігерім тас, елжіреуік жүрегім,
Нәзіктікті үйреніппін үлбіреген гүліңнен.

Тауларым-ай!
Өр мінезді үйретті ме биігің,
Тапшылықтың тарта жүріп күйігін.
Бермесе де сыбағалы сыйымды,
Кездерім жоқ жаутаң көз боп жасыған –
Шымырлықты үйрендім бе, –
Тау жынысы асылдан,
Қастарымды әйтеуір,
Асырмадым басымнан.

Мен!
Таудан аққан бұлақпын,
Құз басынан құлаған.
Тауқыметті тең тартып,
Тау жыласа жылаған.
Жабырқасам, жүдесем,
Тауым еді хал-жайымды сұраған.
Туған тауым – өскен елім,
Екеуі бейне бір адам.
Екеуі де өз анам.

Мен!
Тауда өскен қайыңмын,
Оңайлыққа сынбайтын.
Таудан алған құнармен,
Бүршік жармай тынбайтын.
Таудай-таудай ұлылар бар тауымда
Бағы жанса бұл әлемге симайтын.
Міне осындай ұлылық,
Жат табанның жаншуына қимаймын.
Мәңгүрттер бар десе де,
Ұлы таудың ұлылығын білмейтін.
Құрт шыбындай ызңдап,
Сол жаныңды қинайтын.
Болса екен ұрпақтар,
Ұлы таудан үйреніп,
Ұлылықты сыйлайтын.
Ұлылардың ұлағатын,
Өз бойына жинайтын» [5. 11-б.].

Шілде, 2000 жыл.

Бұл қазақ қызына тән қайсарлықты, өрлікті, батырлықты, ибалықты, әдептілікті, нәзіктікті туған жерінің тауы мен шыңы, бұлағы мен өзені, тасы мен топырағы, қарағайы мен қайыңы, жасыл майсасы мен үлбіреген гүлінен дарығаны  ақиқат. Бұл өлеңде оның өмірге деген құштарлығын, туған жерге болған махаббатын, халқына болған сүйіспеншілігін, өмірге болған асыл арманын көруге болады. Өлеңде өмір шындығы, азаматтық пайымы өте шебер бейнелеген.

Т.Жолымбетқызы зейнет демалысына шыққанан кейін де қолынан  қаламын тастамаған қаламгар. Ол денсаулығы сыр беріп жүрсе де, оған мойын ұсынбай жүріп бір қыдыру өлең, естелік және есселер жазады. Кейін осы жазған дүниелері автордың «Көңіл сыры» деген жинағына кірген. Бұл туралы Тұрсын апа: «2006 жылдың жаз айы, бір жұмыстың ығымен үйімізге Әуелқан келді (жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым, профессор Әуелқан Қалиұлын айтып отыр). Сәтті күн, үстелде бірнеше қолжазба күнделігім бей-берекет жатқан, жинастыруға үлгіре алмай қалдым. Бір жағынан осы бір ғалым кісінің аузынан шыққан сөзді бағып, бір жағынан дастарқан әзірлеп, әбігер болып жүрмін.

Әуелқан әлгі естеліктердің бірнешеуін қолына алып, қайта орнына қойып отырды. Мен істей ұят болды-ау, жазуым да қиқы-шойқы...деп ойладым. Қайтарында екі естелікті сомкасына салып жатыр.

– Үй, Әуелқан! Оны не қыласың, алма, деп зәрезеп болдым, – мен.

– Құпиялығы бар ма, апай? – деді.

– Құпиялығы ғой жоқ, бірақ өте ретсіз, тұрмыстағы ұсақ-түйек істер, қоғамдық көзқарасы да жоқ, керек десең бет нөмірі де жоқ, – дедім. Үндемеді, бір-екуін сомкасына салғандай болды, шынымды айтсам іштей қысылдым, аралықта бір апта өткен еді. Зүпира Ыбырайқызынан телефон келді.

– Сен туралы Әуелқан бүгінгі газетке бір бет мақала жариялапты, өте жақсы екен – деді. Біз газетті күн бе күн ала алмаймыз, қолды-аяққа тұрмай сол күнгі газетті іздедім. «Жинаққа кірмеген жинақ», қатты қуандым. Атағы Алатаудай профессер Әуелқан менің күнделікті кәкір-шүкір күйбіңімнен реттеп келіскен бір шалқыма жазып, «Шынжаң газетінде» жариялап отыр ғой. Мен туралы мақала жазып, мадақ айтып, өлең арнап жүргендер де бір қауым. Алайда, Әуелқан қаламы маған ерекше шаттық бағыштап, шабыт берді. Көңіл күйім көлдей толқыды, мұны көңіл сыры демей не дейміз» [6. 5- 6-б.] деп ағынан жарылады.

Енді прафессор Әуелқан Қалиұлының ессесінен бір мысал келтірейік: «Өзгеше сүйінгенім – Түкеңнің естеліктеріндегі шалқымалар...» [6. 22-б.]. «...Бір баяндамалы шалқымасын оқыдым, отбасы жанның панасы осындағы жұбы жарасқан ерлі-зайыптының сүйіспеншілігі мен өмірі суреттеледі, осындай өмірдің бола беруін көксейді; «...Әйелінің шуағын сезіне алмай, алғашқы махаббатының жалынын түтінге, шоғын көмірге айналдырып, жарының жігерін құм қылып, жанын жасытқан» кей еркекке кейіс көрсетеді. Арақпен бусанып, отбасын ойрандағандарды «мұндай еркектің болғанынан болмағаны жақсы!» деп, жанұйядай қасиетті ортадан көргісі келмейді. Осы шалқыманың бас жағында жетімсіреген бір қарт оқымыстының күй-жайын былай сөз етеді:

Есік қағылды, жасамыс тартқан көне көз кіріп келді. Ол «Адамсырап қалдым, адаммен сөйлесуді, сөз ұғатын адамды сағынамын. Іш құса болғанда, далаға шығып жан-жағыма қараймын да, көңілім тартқан адамды іздеп жүріп кетемін», – дейді... Қазір сыны да, сәні де кетіп, өңі түскен асыл киім сияқты...әй! Өмір-ай, мезгілсіз сыңарынан айырылып жалғыз қалу қандай жан азабы деші! ...Жалғыздықтан жәбір көріп тұр ғой, ойын ортақтастыратын, қуаныш-жуанышын ұғатын жанашырдың болғаны қандай ғайныбет...

Автор бүгінгі таңдағы бір болымысты ширатады: өмірлік арпалысын санмен аяқтатып, сыңарын мезгілсіз жолға салған көнекөз көңілі сынып, көкірегі қарауытқан қарттың «адамсырадым» деген сөзі бірден жүрегіңді қарып, қабырғаңды қайыстырады-ау! Баласы, немересі бар шығар-ау, неше он жылдық өмір серігіндей тіл табыспайды ғой, соған «адамсырайды». Автор отбасын ойрандаған мен адамсыраған адамды салыстыра келіп, жанұйяға ақша да, алтын да керек емес; бәрінен бұрын үзілмейтін көңілді күлкі – амандық, тату-тәтті өмір керек, осыған бас демекші...

Естелікті оқып, түйсік-түсінігімді жаздым-ау, апайдың құпиясына араласқандай сезіндім. бір ойлаймын, түк те құпия жоқ, бұрынғы жинақтарына кірмеген бірқыдыру шығармасы жүр, көп өтпей-ақ, «құпиялық әшкеріленіп» тағы бір жинақ шығары даусыз» [6. 25-б.].

Марқұм Тұрсын апа танымал журналист, жазушы, ақын болумен бірге, отбасының ұйтқысы, берекесі, асыл ана да бола білген жан. Өз қанатының астында тәрбиеленген, өскен, жетілген ұрпақтары бүгінгі күнде қоғамның әр саласында тындырымды жұмыстар істеп жүр. Тұңғышы Амантай Сағатұлы Бейжіңдегі Ұлттар баспасын талай жыл басқарып зенеткерліке шығып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрсе, ортаншы қызы Майгүл Сағатқызы Шынжаң радиосында қызмет істеп жүр, ал Қытай кино саласында өз қолтаңбасы бар әйгілі режиссер Жанар Сағатқызы Тұрсын апаның сүт кенжесі. Немересі Айдос Амантайұлы белгілі жазушы. Қазақ Мемлекеттік Ұлттық универстетінің филология факльтетінің түлегі. Оның «Жетесіз» атты поесті «Жалын» (№12 2014 жыл) журналында жарияланып, оның «Ғабит Мүсірепов» атындағы сыйлығын жеңіп алады. Ол Алматыда оқып жүрген кезінде жазған «Айдос-Шолпан» романы Қытайда қазақ және қытай тілінде жарық көреді. Айдостың бұл романы Гансу правенциясының Ақсай қазақ автономия ауданы ұйымдастырған аз санды ұлттардың қаламгерлеріне берілетін мемлекеттік дәрежелі сыйлықтың «Жас талант» жүлдесін  жеңіп алады.

Иә, Тұрсын Жолымбекқызының ізгі істері мен жасампаздығын бір мақалаға сидыру мүмкін емес. Бұл тек абыз апамыз туралы жазылған бір үзік сыр ғана. Абыз апамыздың өмір кешірмелері, ғибаратқа толы еңбектері, ізгі істері ертеңгі ұрпақтарымызға өнеге, үлгі болары хақ.

Жатқан жеріңіз торқа болсын, ардақты абыз апа!

Әлімжан Әшімұлы

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қабдеш Жәнәбілұлы. «Есімі ел есінде» естелік. Қытайдың «NURBOLAT halamger1», әлеуметтік парақшасы. 30 сәуір 2020 жыл.
  2. //Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ жазушылары// анықтамалық топтама. Шынжаң халық баспасы. 2007 жыл. Үрімжі.
  3. Қапас Әсейінұлы. «Тау қызымын тауда тұрып дүниеге қараған» ессе, Т.Жолымбетқызының //Өмір сыры// жинағы. Ұлттар баспасы. Шіле 2007 жыл. Бейжің.
  4. Сұлтан Жанболатов. «Тұрсын жолымбеттің жетістігі үздіксіз құлшынуда» естелік. Қытайдың «abai jole» үнхат текшесі. 9 қыркүйек 2020 жыл.
  5. Тұрсын Жолымбетқызы. «Тілшімін», «Мен» өлең. Автордың //Мен// өлеңдер жинағы, Іле халық баспасы. Күйтің. Қыркүйек 2010 жыл.
  6. Тұрсын Жолымбетқызы. //Көңіл сыры// жинағы. Іле халық баспасы, Қыркүйек 2010 жыл. Күйтің.

 Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443