XVII Еуразиялық медиа форумда телевизиялық тарихи жобалармен алмасу алаңын құру ұсынылды
Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан XVII Еуразиялық медиа форумда түркітілдес елдер өндірген телевизиялық тарихи жобалармен алмасу алаңын құру ұсынылды.
«Түркітілдес елдердің БАҚ-ы. Қазіргідей жағдайда ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жұмысына Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Ф.Маджидли, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Л.Танысбай, Әзірбайжан тележүргізушісі Т.Аббасов, Венгрияның «Дуна» телекомпаниясының директоры И.Палффи-Орбан, Қырғызстанның «Кабар» агенттігінің директоры К.Таабалдиев, Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясының төрағасы А.Хаджаев, Түркіменстанның ONLINE мемлекеттік ақпараттық агенттігінің Бас директоры М.Газакбаев қатысты.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай түркітілдес елдер арасындағы телевизиялық тарихи жобалармен алмасуды табысты жүзеге асыратын алаң ретінде ортақ ақпараттық сервис құру туралы айтты.
«Корпорация бүгінде Өзбекстанның «Mening Yurtim», «Yoshlar» телеарналарымен, Түркияның «TRT AVAZ», «ТРТ» телеарнасымен, Әзірбайжанның «AZ TV» арналарымен контент алмасуды тұрақты жүргізіп келеді. Ортақ мәдениетіміз көрініс табатын көптеген деректі фильмдер, тарихи сериалдар, жобалар Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан арналарында көрсетілуде .
Түркітілдес елдер жыл сайын тарихи, мәдени бағыттарда көптеген жаңа контент шығарып отырмыз. Сол жобалармен алмасуды, арналарымызда тұрақты көрсетуді қолға алсақ, бұл үшін сериалдардың онлайн платформасын, яғни, ортақ ақпараттық сервис құруға болады. Ол жерде өнім туралы барлық ақпарат, видеоматериалдар анонс, трейлерлер орналастырылып, эфирде көрсетуге қызығушылық танытқан елдің сұранысына қарай, өндіруші ел телехикаяны тегін ұсынатын алаң ретінде қолдануға болады. Бұл - ортақ тарихымызды әр елдің ана тілінде көрсетуге зор мүмкіндік болар еді. Жүйе тележобалар өндірісіне идея алатын франшизалық алаң ретінде де пайдаланылатын болады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ынтымақ пен бірлікке қатысты кез келген шараны қолдауға және атсалысуға дайын», - деді Л.Танысбай.
Сонымен бірге Ләззат Танысбай түркітілдес елдердің бұқаралық ақпарат құралдарын мәдени-тарихи бағыттағы жобалардан бөлек, қазіргі уақыттағы ең өзекті КОВИД-пен күрес тақырыбында да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Бір ғана «Қазақстан» телерадиокорпорациясы осы күнге дейін коронавируспен күрес және көрермендерді вакцина алуға шақыратын 160 шағын ролик жасап, ұсынды. Тақырып және аудитория алдындағы біздің міндетіміз - ортақ. Сондықтан мұндай роликтермен бөлісуге дайынбыз. Түркітелдес елдер арналарындағы осы бағыттағы өнімдерді өз тілімізге дубляждап, эфирден ұсынуға әзірміз», - деді Басқарма төрайымы.
Abai.kz