Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2448 0 пікір 22 Қыркүйек, 2021 сағат 11:29

Ауылдық жерлерде медицина мамандары жетіспейді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері С.Нақпаевтың  Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары  Е.Л. Тоғжановқа депутаттық сауалы

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Біз, Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Сізден еліміздегі ауылдық елді мекендердегі медициналық тар шеңбердегі мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуді сұраймыз.

Соңғы кезде министрлік, облыс әкімдіктері тарапынан ауылдық елді мекендерге медицина мамандарын тартуға бірқатар жұмыстар жасалынды және атқарылуда. Мамандарды ауылдық жерлерге тарту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс жасауда. Жергілікті әкімдіктерден көтерме жәрдемақы берілуде. Соған қарамастан, облыстарда, соның ішінде шалғай аудандарда кейбір дәрігер мамандар әлі де жетіспейді. Мысалы, кез-келген медициналық оталарда өте қажетті анестезиолог-реаниматолог, сол сияқты инфекционист, травматолог, пульманолог, эндокринолог сияқты мамандар көптеген аудандарда жетіспейді. COVID-19 сияқты ауыр науқастан жазылған адамдарға реабилитолог қажет. Ол мүлдем жоқтың қасы. Оларды айтпағанда, акушер-гинеколог, хирург,  фтизиатор    сияқты мамандар да шалғай аудандарда жетпей жатыр. Алыс аудандарда осындай кадр жетіспеуіне байланысты өздеріне келіп түскен ауруларды санитарлық-авиация шақыртып, облыс орталықтарына жіберуді жиілеткен. Бұның бәріне бюджеттен қаражат керек.

Бұл Қазақстан Республикасының барлық облыстарына тән проблема. Соның ішінде Атырау облысы бойынша барлығы 219, оның ішінде ауылдық жерлерге 63 маман жетіспесе, Маңғыстау облысы бойынша барлығы 221, оның ішінде ауылдық жерлерге 53 маман жетіспейді. Сол сияқты  Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 267 маман керек болса, ауылдық жерлерге 140 маман керек екен.

Жағдайдың бұлайша ушығуына грант бойынша оқыған медициналық жоғары оқу орындарының кейбір түлектерінің міндетті бөлу әдісіне бағынбай, өздері бөлінген болашақ жұмыс орындарына бармай қалулары да себептерін тигізуде.

Сонымен қатар, медициналық жоғары оқу орындары үшін бөлінетін грант саны түсініксіз себептермен 2020 жылы азайып кеткен (2019 ж-4685, 2020 ж-4638 грант).

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жасаған Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін көтеру туралы жақсы айтылды. Медицина саласына инфраструктура, кадр, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне қомақты қаржы бөлу керектігі көрсетілді.

Жалпы, медицинадағы кадр жетіспеушілігі мәселелері бұған дейін де айтылып жүр. Соған қарамастан сайлаушылармен кездескенде шалғай аудандардағы дәрігерлер осы проблеманы ренішпен көтеріп, бізден ықпал етуге көмек сұрап отыр.

Жалғыз COVID-19 пандемиясына емес, жалпы денсаулық сақтау мәселесінде алдымен маман тапшылығын жою керек.

Осы айтылғандарды қорыта келе, төмендегі көрсетілген  проблемаларды шешуді сұраймыз:

1. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы Жол картасының орындалуына сәйкес, көзделіп отырған 2021 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарына гранттар санын тиісінше 2021 жылғы 4685-тен 2025 жылғы 5185-ке дейін ұлғайтуды ұтымды пайдаланып, кадр жетіспеу мәселесін шешу;

2. Грантпен оқыған түлектердің өздерінің болашақ жұмыс орындарына себепсіз бармай қалуларын тоқтату;

3. Грант бөлгенде медициналық мамандар жетіспейтін аймақтарға квота санын көбейту;

4. Ауылдық елді мекендердегі жалпы практика дәрігерлерін біліктілігін арттыру курстарына жіберу арқылы ауылдық жерге керекті медициналық мамандықтарды алуға мүмкіншілік қарастыру.

Депутаттық сауалымызда көтерілген сұрақтарға заңнамада көрсетілген мерзімде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347