Дінмұхаммед Аязбеков. Су ішкен құдығына түкіргендер
Қазақ «Іштен шыққан жау жаман» деп бекерге айтпаса керек. Тарихқа көз жіберсек, талай іштен шыққан опасыз сатқындардың кесірінен ел, халық зардап шекті. Мәселен, «Отырар апаты». Алты ай Жошы мен Шағатайдың қалың қолы ала алмаған қамалды іштен шыққан сатқынның кесірінен бір түннің ішінде жер жастандырады. Әрине, еліне, жеріне, тіліне қастандық жасап жүрген мұндай адамдарды «тірі мәңгүрт», «шіріген жұмыртқа» деген атауларды Мұхтар Шаханов ағамыз да беріп жүр. Дегенмен, ол атақтан қорқып жатқан опасыздар жоқ. Қазақтың тарихына, болмысына, салт-дәстүріне түкіретіндер көбейіп кетті. Тіпті, қазақтың мемлекетін тәуелсіз емес деп есептейтіндер қаншама! Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді. Әйтеуір, қастандық жасап жатқандар өзіміздің қазақтан да, суымызды ішіп, нанымызды жеп жатқан орыстан да шығып жатыр...
Қазақ «Іштен шыққан жау жаман» деп бекерге айтпаса керек. Тарихқа көз жіберсек, талай іштен шыққан опасыз сатқындардың кесірінен ел, халық зардап шекті. Мәселен, «Отырар апаты». Алты ай Жошы мен Шағатайдың қалың қолы ала алмаған қамалды іштен шыққан сатқынның кесірінен бір түннің ішінде жер жастандырады. Әрине, еліне, жеріне, тіліне қастандық жасап жүрген мұндай адамдарды «тірі мәңгүрт», «шіріген жұмыртқа» деген атауларды Мұхтар Шаханов ағамыз да беріп жүр. Дегенмен, ол атақтан қорқып жатқан опасыздар жоқ. Қазақтың тарихына, болмысына, салт-дәстүріне түкіретіндер көбейіп кетті. Тіпті, қазақтың мемлекетін тәуелсіз емес деп есептейтіндер қаншама! Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді. Әйтеуір, қастандық жасап жатқандар өзіміздің қазақтан да, суымызды ішіп, нанымызды жеп жатқан орыстан да шығып жатыр...
Қазақтың тарихын жоққа шығарған Владимир Жириновский секілділерді әсте ұмытуға болмайды. Алматы қаласында туылып, осында өскен Владимир Мәскеуге оқуға кетеді. Кеткенде де мол кетеді. Солайша Мәскеуде жас саясаткер болып қалыптасады. Бірақ ол су ішкен құдығына түкіреді. Қазақстанда туылып өскенін ескерместен, қазақ елі болмаған деп әлемге жар салады. Әрине, мұндай опасыздардан сақтанып өмір сүру керектігін де еліміздің саяси тәжірибесі дәлелдеп берді. Осыдан бес жыл бұрын өзін керемет саясаткер, тарихшы санайтын Владимир Жириновскийдің «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбаты естеріңізде болар. Оның сондағы сөздері бүкіл қазақтың намысын қоздырдып, қанын қайнатқан еді. Ол «Нет казахского языка. И письменности не было. Вообще ничего нет там» деп соққан еді сол кезде? Сол жолы ол қатты кеткен еді. Оның мұндай мәлімдемесін естіген қазақ қауымының «бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде» қалдырмайтыны белгілі еді. Жұрт қатты дүрлікті, билік те үнсіз қалмады. Әйтсе де, орыс билігі оны жазалаудың орнына біздерге «жындымен жынды болмаңдар» дегендей ғана сыңай танытты. Бір қызығы, бұны мәлімдегенде ол «жынды» онша-мұнша емес Мемлекеттік Думаның вице-спикері еді. Ал, «Эхо Москвы» радиосы осындай сұхбатты ұйымдастыру арқылы нені көздеген еді? Осы жақтар арадан 7 жыл өтсе де шешілмей келеді.
Жириновский сияқты су ішкен құдыққа түкіретіндер қазір тіптен көбейіп кетті. Іштен шыққан шұбар жыландардың ішінде өзіміздің қазақтар да жоқ емес. Ең жаманы, олардың тірі мәңгүрттігі. Билік те мұндай адамдарға тиісті жазасын беріп, шара қолданбай жатыр. Неге екені белгісіз? Павлодарлық Давид Ганелин деген ұстазсымақ әнұранымызды кемсітіп, туымызға бір түкіргенін бүкіл БАҚ шулап жазды. Бірақ оны жазалаған ешкім болмады. Осылайша жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып кете берді. Басқа ел болғанда ондай опасыздарды темір тордың ар жағынан бірақ шығарар еді. Әттең, біздің қазақтың жомарттығы сондай, ең ауыр қылмыс жасаған адамды да осылай жазасыз қалдыра береді.
Елімізде өз күндерін көріп, еркін дамып жатқан орыс тілді басылымдар соңғы кездері қазақ ұлтына қарсы шығатын мақалаларды жиі жазатын болды. Бұл басылымдардың арқасында үлкен бір күш тұр. Әйтпесе, мұндай басылымдарды жауып тастауға биліктің қауқары жетеді. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа осылайша шықпай жатыр. Сол басылымдардың басты нысанасы - қазақ ұлтшылдарын масқаралау. Олардың пікірлеріне қарсы тұру. Бұған да келісуге болар. Идеологиялық көзқарас қайшылығы, пікірталас, күрес деген бар. Әйтсе де, шектен шығып, бүкіл қазақты, қазақ тілін, қазақтілділерді, қазақтың тарихын, қазақтың мәдениетін көпе-көрнеу мазақ ету, жоққа шығарушылық тым белең алып барады. Тіпті әр нөмір сайын қазақты қаралайтын бір материал шықпаса, іштері ауыратын халге жетті. Тіліне, дініне, нәсіліне, әлеуметтік ортасына қарай кемсітушілікке жол бермейтін Ата Заңымызды аяққа таптаудан именбейтін болды. Қоғамның бөліктерінің арасына алауыздыққа түрткі болып жатса да, екі ел аузына төрт ел қақпақ болып тұратын билікті де, халықты да көрмей тұрмын. Бұлай деген себебім, «Время» басылымы мен «zona.kz» сайттары сияқты орыс тілді БАҚ-тар тым шектен шығып барады. Данияр Әшімбаев сияқты мәңгүрт, өзін «қазақ емеспін, қазақстандықпын» деп есептейтетін опасыздарды сұхбаттарында кең насихаттайтындай бұл басылымдар нені көздеп жүргененін ешкім білмейді. Данияр Әшімбаев сияқты шіріген жұмыртқалар қазақша екі әріптің басын қосып зорға оқи алады екен. Дәкеңнің достары да өзіне тартқан шіріген жұмыртқа. Қазақ бола тұра өздерін «мен орыспын» деп есептейді екен көбісі. Олардың Жәнібек Сүлеев деген тағы бір досы «нағыз қазақтар» мен «шала қазақтардың» арасына ши жүгіртіп, от тастап жүр. Бұл тек ресми мәліметтер ғана. Оның бұл сияқты достары қаншама екені, Қазақстанда өз ұлтына қарсы шығатын шіріген жұмыртқалардың қаншама екені белгісіз.
Орыстандыру саясатының кесірінен, Кеңес Одағы кезінде қазақтардың бір бөлігі қазақ тілін ұмытып қалғаны рас. Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жыл орыстанған қазқатарды қайта қазақтандыруға жетерлік уақыт еді. Әрине, ол үшін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керек. Қазақша білмейтін, қала қазақтарының ішінде ұлтжандылар аз емес. Сонымен қатар, қазақ тілін біле тұра еліне опасыздық жасайтын сатқындар да жоқ емес. Мұхтар Шаханов бұл туралы: «Енді көрмегенді қазақ солардан көретін болады. Мұндай шала қазақтар үлкен күшке айналды. Билік органдарында отырғандардың дені солар» - деп бекерге айтпаған еді. Биліктің ұлттық сипатымызға, тарихымызға, тілімізге байланысты мазақ қылу, қорлау, дәлелсіз сөздер айтуға қарсы арнайы жаза қолдануға мүмкіншіліктері бар. Алайда, Шаханов айтқандай, қарға қарғаның көзін шұқымайды. Себебі, билікте отырған көп шенеуніктердің өзі шіріген жұмыртқаға айналған.
«Время» басылымы мен «zona.kz» сайттарынан бөлек «Central Asia Monitor» газеті де ұдайы Әуезхан Қодар, Жәнібек Сүлеев сияқты шіріген жұмыртқаларды қазаққа қарсы сөйлетеді. «Свобода Слова» газетінің де бағыты сол. Кілең өтірік байбалам, өтірік ойбайлау. «Орыстар кетіп жатыр», «Орыстілділер қысым көріп жатыр», «20- жылдары жаппай қазақ тіліне көшетін болдық. Бұл қалай? Елдің ішінде үлкен көтеріліс болып кетпей ме?» - деп халық ішіне әдейі осындай ойлар тастап отырады. Ақпарат министрлігі, Әділет министрлігі, Ішкі саясат органдары қайда қарап отырғанына таңым бар. Бұл барып тұрған бассыздық емес пе? Елімізде әркім өз бетімен кетті. Бір кездегі «бөліп ал да, билей бер» саясатының кері. Әлде, осыларды жазалайтын ата заңымызда заң жоқ па? Әркім аузына келгенін айтатын болды. Мұнымен қоймай «шала-қазақ» пен «нағыз қазақты» бөліп, «мәмбетизм» дегенді шығарып, қазақ халқын бір-біріне айдап салып жатыр. «Наша Казаша» жобасының әзілкешсымақтары қазақты қорлаудың шегіне жетті. Осынадай кезде, осындай опасыздардың шіріген аузына граната тастап жібергің келеді екен.
Жарайды делік. Бұл шіріген жұмыртқалардың жәй ғана ақпараттық шабуылы. Ал «Мұстафа Шоқайды» сатқынға теңеп, сол үшін ақын Қасымхан Бегманмен соттасып жатқаны үшін Өскемендік «Флеш» газетіне не айта аламыз? Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды «Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әмiршiсi, фашистiк ұйымның басшысы, фашистермен сыбайлас болған» деп қаралаған өскемендік «Флеш» газетін сот ақтап шықты. Қасымхан Бегман ағамыз сотқа қайта шағымданып, қалай да болса жеңуім керек деп жатыр. Ал оны қолдап жатқан қалық бұхара қайда? Билік не істеп отыр? Оның сотта жеңілгені бүкіл қазақтың сай-сүйегін сырқыратты. Ең қызығы, ағамыз адвокат таңдаудан жаңылса керек. Өзіне ұлты басқа Галина Хван деген адвокатты жалдапты. Өзге ұлттық адвокот қазақ ұлтшылдығын қайдан түсінсін? Мұстафа Шоқайды қайдан білсін? Егер, өзіміздің ұлтшыл қазақтан біреуді жалдағанда, бәлкім қалайда болмасын жеңер ме еді? Жақында екінші сот процесі басталады екен. Тарихшылардан Мәмбет Қойгелді Қазақстан тарихшылар қауымдастығының атынан Мұстафа Шоқайға жағылған бұл күйені ақтауға бағытталған бірнеше құжат дайындап жатыр-мыс. Одан бөлек, тарих және этнология институтынан Мұстафа Шоқайға қатысты тарихи анықтама құжаттарды ақын ағамыз сұратқан екен. Қысқасын айтқанда, екінші сотқа ақын ағамыз жан-жақты әзірленуде. Бірінші сот отырысына да барынша дайындалып, бүкіл шоқайтанушы ғалымдардың еңбектері берілген. Бірақ Өскемен қалалық сотының шешімі бойынша ақын ағамыз сотта жеңілді. Бұл деген, алаш көсемі, қоғам қайраткері, қазақ үшін қызмет жасаған Мұстафа Шоқай сатқын болып шықты деген сөз. Бұл Өскемендік «Флеш» газетінің бүкіл қазақ тарихына түкіріп жатқандығын, жоққа шығарып жатқандығын көрсетеді. Ал бүкіл қазақ болып бір ғана газетке қарсы шыға алмай аузымызға құм құйылып отырмыз. Бұдан асқан сор қасірет, зор қасірет болмаса керек?
Сот төрешілері шешiмдерінде: «Мақаладағы терiс пiкiр фильмнiң авторына, яғни, сізге емес, фильмнің кейiпкерiне қатысты айтылған», - деген уәж айтыпты. Бұған қарсы «Халық сөзі» газетінде берген сұхбатында Қасымхан Бегман: «Сонда өскелең ұрпақ Мұстафа Шоқайды ұлт зиялысы деп емес, фашистік ұйымның жетекшісі деп тануы керек пе? Соттың шешіміне адамның күлкісі келеді. Менің кейіпкерімді фашист, сатқын деп жатса, фильмді түсірген мына менің кім болғаным сонда? Фашисті насихаттап, елімізге керағар дүние жасаған адам болып шықпаймын ба? Мұстафа Шоқайды қаралағандарға бүкіл түркі дүниесі айқай салды. Анау Стамбулдан Әбдуақап Қарадан бастап, ұлтым деген барлық азаматтар үн қатты» - деп жауап қайырды. Айдаладағы түркі бауырларымыз бұған жан берісіп қайғырып жүр. Ал біз бір халық болып неге үнсіз отырмыз?
Жоғарыда қазақтың тарихына қарсы шығып жатқандардың дені бүлінген қазақтар екенін айтып өттік. Солардың бірі - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов. Мың жарым жылдық тарихы бар Алматы деген атауға жармасып жүргендерді ұмыттық па десек, олай болмай шықты. Әр жерден бір қылтиып шығып, пікір айтатын ондайлар қалаға Кеңес үкіметі таңбалап берген «Алма-ата» деген атауын қайтарып беру қажет дейді. Жалпы соңғы рет бұл мәселе осыдан екі-үш жыл бұрын қызу талқыға салынған болатын. Баспасөз бетінде ғалымдарымыз қызыл кеңірдек болып айтысып-тартысқаны әлі есімізде. Алматымыз «Алма-ата» болып өзгеріп кетуіне сәл-ақ қалған еді. Абырой болғанда, ат төбеліндей ғана тарихшы Алматы атауының мың жарым жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп, оны «өз орнында» қалдырды. Осылайша қаланың орысша атауын қалпына келтіремін деп әуреленген кейбіреулердің аузына құм құйылды. Дегенмен біз ойлағандай емес, бұл мәселенің қызуы әлі де басылмапты. Жақында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов егер ономастика туралы заң қабылданар болса, Алматы атауы «Алма-ата» болып өзгеруі мүмкін екенін айтты. «Иә, қала осылай аталуы мүмкін. Бұл қала әкімінің және менің идеям. «Алма-ата» деген өте әдемі естіліп, әдемі жазылып, әдемі септеледі», - дейді ол «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында. Әрине, орыстанғандар үшін солай әдемі естіледі. Демек, Серік Сейдуманов та орыстанған. Ең сорақысы С.Сейдуманов қаланың «Алматы» деп аталуы кездейсоқтық дейді. «Конституцияны жазған кезде ешкіммен ақылдасу болған жоқ. Сосын «Алматы» деп жазып жіберген», - дейді ол. Білдей бір қаланың басшылығында отырған азаматтың пікірі осындай болған соң тарихымыз қалайша әділ жазылып, қалайша мәдениетіміз өссін деп ойлайды екенсің. «Алма-ата» деп атау тарихымызды бұрмалау деп талай тарихшылар ескертіп жатыр. Кезінде 1921 жылдары Ораз Жандосов бастаған қазақ зиялылары күш салып қаланың «Алматы» деген атауын қайтарып алған болатын. Оны қазақтар қолдаған. Біз қаламыздың тарихи атауын бұрмалауға жол бермеуіміз керек. Егер, Алматы «Алма-Ата» болып өзгеретін болса, қазақтың соры қайнағаны. Онсыз да «Петропавл», «Павлодар» т.б. қалаларымызды қазақша атаумен атай алмай жүрміз. Себебі, ол жердегі орыстар қаланың атауын қызғыштай қорып отыр. Егер, біз де «Алматымызды» қорғай алмасақ онда кім болғанымыз?
Бүгінгі кейбір қазақтардың ахуалы осындай. Өз ұлтына, өз тіліне, өз тарихына қарсы шығып жатыр. Мүмкін, ақыр заманнның белгілерінің бірі осы шығар. Адамдардың хайуандардан парқы қалмай бара жатыр. Тіпті, хайуандардың өзі туған індерін қызғыштай қориды. Ал біздегі кейбіреулер өз туған жерін қору былай тұрсын, көрге итеруде. Су ішкен құдықтарына түкіруде.
«Абай-ақпарат»