Әскердегі «түрме заңын» қалай жоямыз?
Әскердегі әлімжеттіктің пайда болуының өзіндік тарихы бар. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары «КСРО Армиясының бес миллион әскері жауға қарсы тойтарыс беруге аздық етеді» дейді Сталин. Міне, сонда Орталық Комитет әскер қатарын бұрын сотты болған қылмыскерлердің күшімен толықтырады. Түрме ішіндегі әлімжеттіктің әскерге келуінің сыры осындай. Қазір мұндай білектінің әлсізге сес көрсетіп, тізе батырулары сияқты құбылыс Қарулы Күштерде «жазылмаған заңға» айналып кеткен. Әскердегі әлек әзәзілдің ісіндей ешкімге дес берер емес. Тіпті атынан ат үркетін күш құрылымдарының өзі оның алдында дәрменсіз. Солай деуге тура келеді, әйтпесе, әскер қатарына кеткен жастарымыздың арасындағы өлім-жітімді неге азайта алмай отырмыз?
Сенімді ақпарат көздерінің мәліметтеріне сенсек, 2011 жылы әскерде 123 сарбаз қайтыс болған. Бұл 2010-жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге көп, яғни сол жылы 86 дерек тіркелген-ді. Ескерте кетейік, мұндай қайғылы оқиғалардың себеп-салдары әртүрлі. Ауру-сырқаудан көз жұмғандар саны 2010 жылы 22 сарбазға жетсе, ол 2011-жылы 33-ке көтерілген. Өзіне-өзі қол жұмсағандар саны да алаңдатпай қоймайды: 2011 жылы 21 әскеріміз суицидке барған. Ал жол апаты өткен жылы 42 азаматымызды жер қойнына алып кетті. Негізі, әскерден ұлы келіп қуантпай, табыт келіп жылатқан ата-аналардың басым бөлігі ажалдың артында әлімжеттік тұрады деп санайды. Расталып жатқандары жоқ емес. Тарихымызда бұрын-соңды болмаған 15 әскеріміздің өлімі мен 11 сарбазымыздың қашқын атануының да басты себебі - әлімжеттік деген болжам бар.
Марлен есімді бір жас жігіт әскердегі сұмдықты былай деп әңгімелейді:
- Қатарға жаңа қосылған кезім. Жасы үлкен бір жігіт үстіндегі бар киімін жуып беруімді бұйырды. Мен бас тарттым. Сонда ол қасында тағы үш жігіт бар төртеу болып, аяусыз тепкінің астына алды. Егер мен сол жолы айтқандарын істесем, мен сол күннен бастап олардың құлдары болғаным. Ертесіне тағы қайталанды бұл оқиға. Тағы ұрды. Ол аздай жуынатын жерге тыр жалаңаш жатқызып қойып, үстіме мұздай судан бір сағатқа жуық шашты. Ал далада қыс еді. Жуынатын жер суық болатын. Цемент еденде жатқан мен қатты суықтан қалшылдап, есімнен танып қала жаздадым. Бірақ киімдерін бәрібір жумай қойдым. Бұдан кейін де талай азап көрдім. Бірақ дегенімнен қайтпадым. Менен түк шықпаған соң олар басқа біреуге ауыз салды. Оның көргенін айтпай-ақ қояйын.
Бейшара қорлыққа шыдай алмай, әскерден қашып кетті. Оны алысқа кетпей ұстадық. Жоғарғы жақ білмей де қалды. Алайда оған психотерапевтің көмегі қажет болып, ауруханаға жіберілді. Көпшілік әскердегі әлімжеттік командирдің салғырттығынан дейді. Олай емес. Бар сұмдық түнгі сағат 10-нан кейін басталады. Командир тексеруге келе жатса, бақылауда тұрған белгі беріп, бәрі орындарына жата қалады. Әскерге жаңадан келгендер түні бойы ұйықтамайды осылай.
Осыдан кейін балаңды жіберіп көр әскерге! Жасыратыны жоқ, әскерге жастар қазір тек әскери билет үшін ғана барады. Өйткені күш құрылымдарына жұмысқа тұру үшін қолыңда міндетті түрде әскери билет болуы тиіс. Бұл КСРО кезінен келе жатқан шарт. Біздің ойымызша, осы жүйеге қандай да бір өзгеріс енгізу керек сияқты. Ақыры тәуелсіз сарапшылардың пікірлеріне қарағанда, қазір бұрынғыдай ешкімді міндеттемейді екен, яғни әскерге шақырылатындардың саны шектеулі.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
- Әскери билетті жемқорлық жолмен алғандар - ертеңгі күнгі жемқорлардың өздері. Былайша айтқанда, кеден, салық, ҰҚК, прокуратура сияқты орындарға жұмысқа тұру үшін әскери билет қажет. Ал аталған мамандыққа ешкім жалақысы үшін қызықпайды, түрлі жолмен олжа табуға оңтайлы орын. Өкінішті әрине, бірақ мойындау керек, қазіргі сарбаздардың арасында Отаным деп кеуде соғатындар некен-саяқ. Ойлайтындары - жеке бастың мүддесі. Әскери кафедралардағы жағдай да қынжылтады. Ондағылардың да көксегені - әскери билет. Жұртшылықтың осындай осал тұсын біліп алған ЖОО-лар әскери билетті тауарға айналдырып, саудаға салуда. Көпшілік шетелдерде әскери билетті талап етпейді. Жұмысқа тұрарда сол орган өзі әскери дайындықтан өткізеді. Ақыры әскери билет төңірегіндегі былық-шылыққа тосқауыл қоя алмайды екенбіз, бізге де шетелден үлгі алу керек шығар? Сонда біз жемқорлықтың алдын-аламыз және күш құрылымдарын шынайы дайындықтан өткен мамандармен толықтырамыз. Осылай біз «екі қоянды бір оқпен атамыз». Менің мынандай ұсынысым бар: әскерге сұранып тұрған жастарды шындық детекторымен сынау керек. Оған әскери билет қана керек пе, әлде Отан алдындағы борышын өтеу үшін бе?
Иә, қалтасы қалыңдар балаларын әскерге жібермейді. Олардың балалары әскери кафедраларда оқиды. Болмаса әскери билетті сатып алады. Әйтеуір «қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқтырмайды». Зардап шегетіндер - тағы да баяғы қарапайым жандар.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір ҚР Парламенті қабылдаған «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заң Елбасына қол қоюға жіберілсе керек. Заңға сәйкес, ер-азаматтарымыз әскери дайындықтан ақылы түрде де өте алатын болады. «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңда әскери дайындық пен әскери білім алуға қатысты енгізілмек өзгерістер мен толықтырулар әзірге бастама күйінде тұр. Сенат отырысында қаралған заң жобасында әскери қызметті келісімшарт негізінде өтеу үшін Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-техникалық мектептерде әскери дайындықтан міндетті түрде өту нормасы енгізілген. Аталған заңның негізінде азаматтық оқу орындарының әскери кафедраларында білім алған жастарға төменгі офицерлік шен, яғни «запастағы лейтенант» атағын беру туралы норма енгізілген екен. Негізі, бұл үдеріс кеңес өкіметі тарағаннан кейін тоқтап қалғаны болмаса, тәжірибеде бұрыннан бар. Қарулы Күштер мұқтаж болып отырған мамандарды дайындау мақсатында азаматтық әскери оқу орындарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әскери факультеттер туралы норма енгізілді. Азаматтық оқу орындарының әскери факультеттерінде, кафедраларында оқыған студенттер соңғы екі курстан бастап курсант болып саналады және әскери қызметшілер үшін көзделген бүкіл құқықтар мен міндеттерге ие болмақ. Сөйтіп, бұдан былай ЖОО әскери кафедрада білім алғандар дипломына қоса офицерлік шен алып шығады. Дұрыс-ақ. Алайда ЖОО-лардағы әскери кафедраға түсудің өзі бір бейнет қазір. «Қойылатын талаптың барлығын орындасаң да, әйтеуір бір жерден шалады. Кедергіні қолдан жасайтындардың нені көксейтіні белгілі. Ұлым әскери кафедраға түспек болған еді, бізден 2000 АҚШ долларын талап етті. Түсінгенім, ақшаң болса, кафедраға түсесің, жоқ болса, амал жоқ балаңды әскерге жібересің. Ал ұлым болашақта ішкі істер органында жұмыс істегісі келеді» дейді аты-жөнін толық атағысы келмеген ана. Қысқасы, әскери билет жемқорлықтың тамырлана түсуіне түрткі болып отыр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Міне, әскери билетке ие болудың жолдары біздің елде осылай не өміріңді қауіпке тігуі мүмкін, не қалтаңды қағары сөзсіз. Болмаса әскердегі бақылауды күшейту керек. Ең дұрысы - бақылау камераларын орнатып тастау. Қазір техниканың дамыған заманы. Былық-шылыққа белшесінен батып жатқан орындарға камера орнатқаннан басқа амал қалмаған сияқты. Бәлкім, әскери дайындықтан өткізуді күш құрылымдары өз құзырларына алғандары жөн шығар? Тиімдісі сол ма дейміз. Әйтпесе, әскери билетті сатып алғандардан қандай қорған болмақ?
Автор: Ләззат БИЛАН
"Алаш айнасы" газеті