Сәрсенбі, 20 Қазан 2021
Алыстағы бауырым 2217 16 пікір 8 Қазан, 2021 сағат 11:33

«Бұл-бұл» гүлі һәм азат Шуша

Араға айлар салып қарт Каспийдің арғы бетіндегі көне һәм жаңа Бакуге қайта табан тіредік. Былтыр 27 қыркүйекте Қарабақ үшін қиян-кескі шайқас басталған. 44 күнге созылған соғыста кім жеңімпаз болғанын білесіздер. Әзербайжан әскері әділеттілік орнатты. Қарабақ жерлері Әзірбайжанға қайтты. Ең бастысы Әзірбайжан әдебиеті мен мәдениетінің алтын бесігі, әзіз астанасы – көне Шуша қайтарылды.

Былтыр біз Әзербайжан, Армения мен Ресей үш жақты келісім жасап, Никол Пашинян басшылығындағы армяндар жеңілгенін мойындап, Әзербайжан жұрты шат-шадыман боп, Баку, Баку ғана емес, бүкіл Әзербайжан қалалары мен көйлеріндегі көшелерде жеңімпаз халық бөріктерін аспанға атып, тойлап жатқан шақта, ұлы тойға, жеңіс тойына бардық. Баку, Гәнжә, Бәрдә, Шамахы, Газах секілді қалаларды араладық. Соғысты көрмесек те, соғыстың сұрапыл іздерін көрдік.

Биыл сол шешуші шайқас басталған күнге бір жыл толғанда азат Шуша топырағына табан тіредік. Кезінде сән-салтанаты келісіп, думан-тойы қыз-қыз қайнап, дәуірлеп, дүркіреп тұрған Шуша отыз жылдық басқыншылық кезінде бордай тозыпты. Қаншама тарихи жәдігерлер, сандаған ғасырлардан жеткен көне тарихи нысандар аяусыз қиратылған, қараусыз қалған, темір-терсекке сатылған... Көрдік. Қарабақты көрдік. Физулиді көрдік. Шушаны көрдік. Көңіліміз құлазыды. Енді рет-ретімен жазайық...

ТҮРКСОЙ жиыны

Бұл жолы бізді ТҮРКСОЙ Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы шақырды.  ТҮРКСОЙ ұйымы 2020 жылы арнайы әзірлеген «Хары Бұлбұл» халықаралық сыйлығын тапсырды. Биыл журналистерге арналған мұндай марапатты Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Хорватия мен Франция журналистері алды. 7 мемлекеттен 36 журналист. Пендешілік десеңіз де, сол тізімде болғанға қуандық. «Еңбегіміз сіңді», деп пұлдану үшін емес, Бакуге қайта баруға, әзіз Шушаны көзбен көруге мүмкіндік туды.

ТҮРКСОЙ төрағасының орынбасары Біләл Шакыжы өз сөзінде Алтайдан Балқанға дейінгі аралықтағы түркі халықтарының тарихы даңқты жеңістерге толы екенін атап айтып: «Президент Илхам Әлиевтің басшылығындағы Әзербайжан әскері мен халқы бірігіп, отыз жыл жат қолында болған ата топырақ – Қарабақ жерлерін азат етті. Осы арқылы бауырлас Әзербайжан түркі халықтарының ортақ тарихына тағы бір жеңіс сыйлады», - деді.

Одан бөлек, Әзербайжан Президентінің кеңесшісі Хикмет Хажиевпен, Міллет Мәжілісінің Мәдениет комитетінің төрайымы, қашан көрсең Мағжаншалап «алыстан бауырым келді», деп құшаққа қысып, ақтарылып-төңкеріле кететін Ганира Пашаева ханыммен, Мәдениет министрі Анар Кәрімов мырзамен т.б. бірлі-жарым ресми кездесулер өтті.

Шушаға сапар

Осыдан соң, жаңағы жеті мемлекеттен келген журналистер қосыны Қарабақ тауларының ең биік нүктесінде (теңіз деңгейінен 1400 метр биіктікте) орналасқан Шушаға аттандық. Әуелі Шуша туралы аз-кем сөз...

Шуша Әзербайжандікі. Әзербайжанның мәдени астанасы. Қарабақ хандығының қамалы ретінде негізі қаланған. Өзгеше сипаттасақ қамал ішіндегі қала. XVIII ғасырдың ортасында Панах ханның тұсында салынған. Сондықтан да алғашқы атауы – Панахабад деп аталған. 1773-1853 жылдар аралығында өмір сүрген әзербайжан тарихшысы Мырза Жамал Қарабақлының еңбектерінде: «Панах хан қамал-қала салғанға дейін бұл жерде ешқандай тұрғын-жай болмаған. Сол маңайға жақын елдімекендер тұрғындарына тиесілі жайылым болған», - деп жазылған. Ал тағы бір тарихшы Василий Поттоның еңбегінде: «қаладағы мешіт қабырғаларының бірінде бұл қала мен қамалды Панах хан 1167 жылы тұрғызғаны жазылған деректер бар», - деп кездеседі. Тағы бір деректерге көз жүгіртсек, Шуша 1755 жылдан 1823 жылға дейін Қарабақ хандығының астанасы болған. Ал Ибрагим Халилдің кезінде қала үш бөлікке бөлінген. Мұнда шамамен 10 мыңға жуық адам тұрған.

Бері келсек, 1992 жылдан 2020 жылға дейін әлемде ешбір ел, тіпті Арменияның өзі мойындамаған «Таулы Қарабақ Республикасы» деген ергежейлі мемлекеттің бақылауында болып, 2020 жылдың 8 қарашасында әділетті түрде Әзербайжанға қайтарылған.

«Хары Бұлбұл» қиссасы

Әзербайжанда, онда да Шушада «Khari-bulbul» деген гүл өседі. Қазақшаласақ «бұлбұл гүлі» дегенге келетін сияқты. Бұл гүл – Әзербайжан әдебиеті мен мәдениетінің алтын бесігі болған Шушаның символы. Өйткені сол аймақта ғана өсетін өсімдік түрі дейді. Енді міне, неше жүз сарбаз шейіт кеткен Қарабақ соғысының, Әзербайжан жеңісінің символына айналды.

Бұл гүл туралы Әзербайжан халқында көптеген аңыз-әңгімелер бар екен. Соның бірі:

Иран шахы Фатали өзінің әйелі, Қарабақтың екінші ханы болған Ибрагим Халил ханның қызы Ағабейімге арнап сәулетті сарай салғызыпты. Күндердің бір күнінде Ағабейім күйеуі шах Фаталиге өтініш қылып, Шушасын сағынып жүргенін айтады. Сөйтіп әлгі сарайдың ауласына Шушаны еске түсіретіндей етіп әдемі бақша салуды сұрайды. Шах Фатали Ағабейімнің өтінішін орындап, бақша салып, оған Қарабақта, Шушада өсетін барлық өсімдік түрін әкелгізеді. Сөйтіп, әлгі бақты – «Отан бақшасы» деп атайды. Қарабақтан әкелінген барлық өсімдіктер тамыр жайып, көктеп шыққанымен, жалғыз гүл – осы «бұлбұл гүлі» өнбей, солып қала береді екен. Сонда Ағабейімнің еліне деген сағынышы басылмай, «бұлбұл гүліне» мұң шағып:

Мен ғашықпын Қарабақ,
Шәкі, Ширван, Қарабақ!..
Тегеран жәннәт болса да,
Жадымнан шықпас Қарабақ..., деп өлеңдеткен екен...

(Mən aşiqəm, Qarabağ
Şəki, Şirvan, Qarabağ
Tehran cənnətə dönsə
Yaddan çıxmaz Qarabağ)

Енді бүгін «Хары бұлбұл» - Әзербайжан жұртының «жеңіс символына» айналған.

Жеңіс жолы

Баку мен Шуша арасы алты сағаттық жол екен. Шуша кімдікі – Қарабақ сонікі. Шуша – стратегиялық маңызды нүкте ғана емес, түгел аймақтың бақылауы – сонда. Шушаны алған Әзербайжан қаланы қайта салуға бел шешіп кірісіп кетіпті. Бакуден Шушаға дейін оқтай боп жатқан автожол бар. Физули ауданынан Шушаға дейін таулы аймақ. Былтырға дейін екіарада сапалы асфальт жол болмаған екен.

Әзербайжан билігі Шушаны қайтарған сегіз ай ішінде су жаңа автожол салыпты. Екіжолақты тас жол. Физули, Қожалы, Қожабент, Шуша аудандары арқылы өтеді. Бұл жолдар 2020 жылдың күзінде Әзербайжан әскері Шушаны аларда жүріп өткен бағыт бойынша салынған. Былтыр қарашада президент Илхам Әлиев осы автожолдың құрылысын өзі бастап берген. Бұл Әзербайжан аймақты азат еткелі бері басталған алғашқы инфрақұрылымдық жоба болған. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ, ұзындығы 101,5 шақырымды құрайтын Ахмедбейлі-Физули-Шуша автожолының да құрылысы басталған. Ал биыл қаңтар айында президент Әлиев Шушаға бастар бұл жолды «Жеңіс жолы» деп атаған.

Бакуден Шушаға дейін бар-жоғы 300 шақырым жер. Алайда бұрын екіараны жалғайтын төте жол болмағандықтан, Әзербайжандықтан Гүржістан мен Армения арқылы айналып келуі тиіс болған. Бұл екінің-бірінің қолынан келе бермейтіні түсінікті. Сондықтан, Шушаға жол жабық болған. Енді керісінше... Армения үшін жол жабық.

Шушаға апарар жаңа жол Физулиден басталатынын жоғарыда айттық. Бұрын бұл Физулиде 17 мыңнан аса адам өмір сүрген екен. Ал қазір, қала қаңырап, тұрғын үйлердің тас қабырғаларының өзі үйінді топыраққа айналған.

Осы үйінді-қирандылардың арасында әшекейлі әйнектеріне күн шағылысып, сән-салтанаты келісіп, менмұндалап тұрған жалғыз ғимарат – Физули әуежайы. Әзербайжан сегіз айдың ішінде салып шыққан. Қала құрылысы толық аяқталып, тұрғындар қоныстанған соң, бұл әуежай Қарабақ пен Бакуді жалғайтын негізгі нысан болмақ.

Шуша үшін шайқас

Шуша үшін шайқас бір аптаға жуық созылған. Әзербайжан әскерінің Шушаны қалай алғаны туралы ел ішінде сөз көп. Нақты құпиялары әлі күнге толық ашылмаған. Биік жардың басында орналасқан Шушаны ұшақ (тікұшақ) болмаса, жаяу бағындыру мүмкін еместей-ақ. Былтыр қараша айының басында Әзербайжан арнайы жасағы ешқандай ауыр техниканың көмегінсіз, жартас арқылы Шуша қамалына өрмелеп шығып, қоян-қолтық ұрысқа кірген. Біп аптаға жуық жалғасқан ұрыстан кейін Әзербайжан әскері Шушаны алған. Сөйтіп, Екінші Қарабақ соғысы аяқталған.

Былтырғы сапарымызда біз Шамахы қаласына бардық. Ұлдары Шушаны азат ету шайқасында шейіт болып, қара жамылып отырған Шикаровтар әулетіне бас сұқтық. Көңіл айтып, батырдың әруағына дұға жасадық.

Әзербайжан Қарулы күштерінің сарбазы, капитан шенді Нәджаф Шикаров 35 жаста болған. «Құлынымның оғы бітіп қапты. Әрбір түйір жер үшін жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыс болған екен. Сол жерде қайтыс болыпты. Үш жерден оқ тиген. Пышақ жарақаттары да бар», - деген әкесі Шикар Шикаровтың өзі де Бірінші Қарабақ соғысында жарақат алған.

Арада отыз жыл өткенде туған ұлы Қарабақты, Шушаны азат ету шайқасында шейіт кеткен әкенің сондағы бізге айтқаны: «Шейіттер өлмейді. Отан сатылмайды», - деген сөз еді.

Сөйткен, жартасты да, Қарабақтың қақ төбесінде тұрған Шушаны да аралап көрдік. Аралап жүріп, ақ шейіт Нәджаф Шикаровтардың ерліктерін еске түсірдік...

Жыдыр дүзі

Шушада Жыдыр дүзі деген орын бар. Әзербайжан жұрты үшін ең әйдік жер. Есте жоқ ерте замандардан бері Хазардың арғы бетіндегі бауырлар той-думан, салтанат-жиынын, ұлттық мейрамдарын осы жерде өткізетін болған. Дәл осы Жыдыр дүзіне 2019 жылдың мамырында Армения премьері Никол Пашинян келіп, Бірінші Қарабақ соғысында Арменияның Шушаны жаулап алған күнін тойлап, өзін қаумалаған топпен бірге билеген. Сонда Баку бұлқан-талқан болған... Арада бір жыл өткенде Шуша Әзербайжанға қайтарылып, Никол Пашинян би билемек түгілі, өзінің Еревандағы пермьерлік мансабын сақтап қалуға әрең шамасы жеткенін көрдік. Хош.

Шушаның әрбір ғимараты жайлы егжей-тегжейлі жазуға жетерлік деректерді естідік, көрдік, көз жеткіздік. Барлығын бір материалға сыйғызу мүмкін емес-ақ... Десе де, мына бір оқиғаны жазбай кетпесе болмас...

Хажыбейлі ескерткіші

Шушада Узейр Хажыбейлі деген адам өмір сүрген. Композитор, музыкатанушы, публицист, драматург, педагог, қоғам қайраткері. Әзербайжанның кәсіби музыкалық мектебінің негізін қалаушы. Әзербайжанның КСРО кезіндегі және қазіргі әнұранының авторы. Ислам әлеміндегі алғашқы операны жазған адам.

Бірінші Қарабақ соғысында Шушаға келіп қоныстанған армяндар қаланың қақ ортасында орналасқан Узейр Хажыбейлі мен Полат Бұлбұлоғлының әкесі Бұлбұлдың және «Хан қызы» деген атпен танымал Әзербайжан ақыны Хуршидбану Наватанның ескерткіштерін темір-терсекке өткізіп жіберген екен. Кейін Әзербайжан билігі бұл үш бюсті Гүржістандағы аукционнан 500 мың АҚШ долларына сатып алып, Бакудегі Мемлекеттік мұражайға орналастырған. Арада отыз жыл өткенде сол үш ескерткіш Шушаның орталық алаңына қайта орнатылыпты.

Басқыншылардан азат еткен осы сегіз айда Әзербайжан Бакуден Шушаға дейін керемет қылып жол салып тастапты. Физулиде әуежай салып, Шушада қарқынды құрылыс жүргізіп жатыр екен. Қазір Шуша елсіз қала. Қаңырап тұрған қала. Бірақ, көп ұзамай мұнда гүл-гүл жайнаған тіршілік басталмақ. Шуша қайта тіріледі. Тіпті, ТҮРКСОЙ 2023 жылды Шушаға арнап, Түркі жұртының мәдени астанасы етіп жарияламақ көрінеді. Демек, біз бұл жерлерге әлі талай аяқ басамыз...

Жеңілген мен жеңгеннің сөзі

Жеңімпаз болған әркез жақсы ғой. Бұл Екінші Қарабақ соғысы кезінде армяндардан алынған әскери техникалар. Түрлері көп. Ыңғай орыстікі. Арасында бір бөтен елдікі жоқ. Тас-талқаны шыққан. 70-80 жылдардың техникалары. Армян сарбаздары осылармен жүріп соғысқан, қайтсін...

Өткенде жеңіс шеруін өткізгенде, Әзербайжан осы әскери техникаларды да алып өтті, алаңда. Президент Әлиев сонда, шіреніп тұрып: «Арцахтардың президенті (армяндар өздерін солай атайды) бір сөзінде: «Біздің танкілеріміз Баку көшелерінде жүретін болады», - деген еді. Ол қателеспеді. Міне, қараңыздар», - деп еді.

Қазір бұл техникаларды Каспий жағалауына жиып қойып, аспан астындағы мұражай жасапты. Бакуге келген жұртқа асқан мақтанышпен көрсетуде. Біз де көрдік. 70-80 жылғы әбден ескірген, тоз-тозы шыққан бұл темір табыттар Түркияның, Израиль мен НАТО елдерінің озық әскери техникасына төтеп бере алар ма еді?.. Әлбетте жоқ. Шын мәнінде, Қарабақта Армения ғана жеңілген жоқ. Сонымен тең Ресей қаруы да жеңілді...

Енді ойланып отырмын. Дәл осындай темір табыттардың бізде қаншасы сапта тұр. Соңғы әскери тұжырымдаманы шолып шықтық...

«Біз 30 жыл бойы вандализммен бет-бет қалдық»

Ганира Пашаева, Міллет Мәжілісінің депутаты:

- Мен де кезінде тележурналистика саласында қызмет еттім. Босния соғысы уақытында Босния лидері, тәуелсіз Босния мен Герцеговинаның алғашқы президенті болған Алия Изетбековичтің бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол: «Соғысқа дейін дұшпандарымыз бен достарымыз бар еді. Қазір соғыс. Дұшпандарымыз қарсымызда тұр. Ал достарымыз қайда?», - деп еді. «Соғыста дұшпандардың жасаған зұлымдығынан да ауыр дүние – достардың үнсіздігі, әрекетсіздігі», - дейді ол. Бұл мәселеде біз бақыттымыз. 44 күндік Отан соғысы кезінде біз бүкіл бауырлас елдерден  қолдау күткенде, сіздер: «Біз осындамыз», - деп келдіңіздер. Осында болдыңыздар. Өз өлкелеріңізде, өз елдеріңізде өз әл-әрекеттеріңізге қарай біздің жанайқайымызды, біздің шындығымызды бүкіл дүние жұртына жеткізуге қолғабыс еттіңіздер. Сіздер Әзербайжанның үні болдыңыздар.

Иә, бауырлас елдер осындай қиын кезеңде бір-бірінің жанына табылуы заңдылық дерсіз. Мен: «Жоқ, сіз әділеттің жанынан табылдыңыз», - дер едім. Бұл өте маңызды. Себебі, 30 жыл бойы 1 миллион адам өз үйлеріне, өз жерлеріне бара алмай жүрді. Олардың әрқайсысы өз шаңырақтарына қашан барамын деген арманмен жүрді. Қазір соғыс бітті. Жеріміз қайтты. Алайда, басқыншы ел жаңағы 1 миллион адамның үй-жайын тас-талқан етіп кетті. Ең сорақысы ата-бабаларының мазарына дейін қиратып, тегістеп кетті. Енді ата-анасының бейтіне барып дұға жасауды 30 жыл күткен жұрт сол ата-анасының бейітін табалмай қалды. Бұл вандализм емей не?

Бала демей, жас демей, Қожалыда қырғын салды. 1 миллион адамды өз үйлерінің қуып шығып, босытып жіберді. Ол да түсінікті. Ал енді қабірді қирату – бұл адамдыққа тән бе? Кім болсын, қандай этниканың, қандай діннің өкілі болса да, қабірді қирату – адамдыққа тән бе? Міне, біз 30 жыл бойы осындай вандализммен бет-бет қалдық. 30 жыл бүкіл дүние жүзінен әділет күттік. 30 жыл халықаралық ұйымдардан көмек күттік. Біз артық дүние сұраған жоқпыз. Сол халықаралық ұйымдардың өздері қабылдап берген қарарлардың орындалуын талап еттік. Алайда ол алып күштер әрекетсіздік танытты. Халықаралық ұйымдар қозғалмады. Кез келген өлкенің, ол Қазақстан болсын, Өзбекстан болсын, хақы бар. Өз территориясын халықаралық ұйымдар шеңберінде қорғауға, ал одан еш нәтиже болмаса, әскер арқылы қорғауға құқы бар. Біз де, өз құқымызды өзіміз қорғауға әрекет еткенде, халықаралық ұйымдарға хабар жеткізіп: «біздің әділетті құқымызды қорғауда біздің жанымыздан табылыңдар», - дедік. Алайда, біздің үнімізді естіген ел көп болғанымен, жанымыздан табылғаны аз болды. Бір адам 30 жыл өз үйіне орала алмаса – бұл қасірет.

Елчин Гафарлы, ТҮРКСОЙ-дағы Әзербайжан өкілі:

- Шуша – Әзербайжанның мәдени астанасы. 30 жыл Армения оккупациясында болған. Былтыр Әзербайжан әскері басқыншылардан азат етті. Бұл жердегі көптеген тарихи жәдігерлер осы отыз жылда қастандықпен жойылған, қиратылған. Тек қана Шуша емес, оның айланасындағы Физули, Жабраил секілді қалаларда да тарихи-мәдени нысандар қиратылған. Мысалы, Физули деген қаланы көрдіңіздер. Бірде-бір бүтін ғимарат қалмаған. Тек қаланың атауы тұр демесеңіз, қазір бұл аймақтарда адам тұруы мүмкін емес. Мектептер, мұражайлар, кітапханалар, мешіттер мен театрлардың тоз-тозы шыққан. Бұл топырақтардың азат етілгеніне 8-9 айдың жүзі болды. Алайда, біз бұл жаққа қазір азаматтарды қоныстандыра алмаймыз. Өйткені, қоныстандыратын орын да жоқ. Қазір біз барлық әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіру, миналардан тазарту секілді жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.

ТҮРКСОЙ 2023 жылды Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялауды жоспарлап отыр. Демек, 2023 жылы мұнда көптеген мәдени-рухани іс-шаралар өткізілетін болады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Алматы-Баку-Шуша

Abai.kz

16 пікір