Өмір Шыныбекұлы. «ҰБТ-2012»: ұстаз көзімен
Көптен күткен «ҰБТ-2012» науқаны да өз мәресіне жетті!
Жұртшылық баспасөз құралдары мен ғаламтордағы әлеуметтік желілерде «ҰБТ-ны қолдаушылар» және «ҰБТ-ға қарсылар» болып екіге жарылып «соғысып» жатыр.
Арасында, мектеп пен ұстазға кінә артушылар да жетерлік. Ия, ҰБТ-ны ұйымдастыруда да, тест сұрақтарын құрастыруда да кемшілік жетерлік!
Көптен күткен «ҰБТ-2012» науқаны да өз мәресіне жетті!
Жұртшылық баспасөз құралдары мен ғаламтордағы әлеуметтік желілерде «ҰБТ-ны қолдаушылар» және «ҰБТ-ға қарсылар» болып екіге жарылып «соғысып» жатыр.
Арасында, мектеп пен ұстазға кінә артушылар да жетерлік. Ия, ҰБТ-ны ұйымдастыруда да, тест сұрақтарын құрастыруда да кемшілік жетерлік!
Бірақ, меніңше қазіргі Қазақстан жағдайында нәтижеге адал еңбекпен, өз білімімен жетудің ҰБТ-дан артық жолы жоқ! Бірақ, «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» дегендей, жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мектеп бітірушілер оқу жылының басынан-ақ, білім емес, «шпор» жинай бастауды дағдыға айналдырған еді. Тіпті, шәкірттер тарапынан ұстаздарға қойылатын сұрақтар да осы «шпор» мен «ұялы байланыс»төңірегінде болатын. Мысалы, «шпорды кімнен және қайдан алған дұрыс» және «қай байланыс операторының жұмысы ақаусыз, дауыс таза шығады» деген сияқты?! «Ұстаздың қадірі кетті» деп бұрынғы жылағанымыз, мұның қасында айналайын екен. Сондықтан, биылғы тестілеудің өткен жылдарға қарағанда қатаңдау өткеніне ең алдымен ұстаздар қуанды. Әлі де, қатаңдату керек! Ұйымдастыру жағының кемшіліктерін талдауды құзырлы органдарға қалдырып, тест сұрақтарының құрастырылуына тоқталсақ... Басқа мектептерді қайдам, ҰБТ-ға қатысқан өзіміздің түлектермен әңгімелескенде байқағанымыз, еш қайсысына «пәленшенің костюмінің түсі, көзілдірігінің маркасы, аяғының размері» деген сияқты қисынсыз сұрақтар келмеген. Әлгіндей сұрақтарға тап болғандарға айтарымыз....
Мақұл делік, 25 сұрақтың арасында 2-3 қисынсыз сұрақ болсын, ал қалған 22-23 сұраққа қалай жауап берді екен?
Адамның пендешілігі де сол, көп жағдайда кінәні өзінен емес, өзгеден іздейтіндігі. Сол сияқты, мұндай әңгіменің барлығы жеткілікті дайындалмаған кейбір балалар мен олардың «итің ұры десе намыстанатын» ата-аналардың өзін-өзі ақтауға бағытталған әңгімелері болса керек!
Қоғамымызда ҰБТ-ге мүлдем қарсылар да жетерлік! Мұғаліммен бетпе-бет отырып, тапсырғанда жеңіл болады ма? Онда әлгі шулап жүрген кейбір ата-аналар мұғалімді сатып немесе қорқытып-үркітіп қажет бағасын қойдырып алар еді!
Биыл мектеп бітірушілердің көп бөлігі ЖОО-на түсу үшін белгіленген деңгейге жете алмай қалды деседі. Меніңше, бүлінген ештеңе жоқ, бәрі бірдей ЖОО-ын бітіру шарт емес!
Баланың жаманы жоқ! Аралас мектепте жұмыс жасағандықтан, әсіресе қаракөз балаларымыздың бойына (білімі, қабілеті мен мінез-құлқы әртүрлі болғанмен ) «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген халқымыздың тамаша дәстүрі қанмен берілгенін байқаймыз. Өзін сыйлата білген ұстазды, балалар сыйлай біледі.
Меніңше, көп кілтипан ересектерде, ата-анада. Ата-ананы бес саусақ бірдей еместігі сияқты, барлық бала бірдей жоғары білім алуға қабілетсіз екендігі ойландырмайды!
Олар түрлі жолдармен (сыйлық беру, жоғарыдан «қоңырау шалу», т.с.с.) баласын әйтеуір ҰБТ-ге қатыстыруға тырысады!
...Бір ауық ойланыңыздаршы, неге қазақ баласы кәсіптік-техникалық мектепке барғысы келмейді?
Ия, әркімнің де өз баласын «жоғары білімді» азамат ретінде көргісі келетін ниеті құптарлық іс, бірақ сол ниет баланың лайықты білімімен ұштасып жатса ғана игі.
Жыл сайын жаңа жылдан бастап, қаламыздағы кәсіптік-техникалық мектептердің (КТМ) мамандары мектептерге келіп, 9-сынып оқушыларын өз оқу орындарына тарту шараларын жүргізеді. Өз шәкірттерінің шама-шарқын білетін мектеп ұстаздары да оларға көмектесуге тырысады. Бірақ, қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың ілуде біреуі ғана КТМ-ке баруға тілек білдіреді. Осы тұрғыда балалардың ата-анасымен сөйлессең, олардың кейбірінен «КТМ-ке өз балаңды оқыт» деген сөзді естіп қаласың. Ал, орыс сыныптарындағы жағдай мүлдем өзгеше, ондағы қыз балалар «шаштараз», «аспаз», «кулинар», ер балалар «электрик», «токарь» «слесарь», «дәнекерлеуші» мамандықтарын таңдап жатады. Ерте бастан өмірден өзінің орнын табуға тырысып жатқан жасөспірімдерді көріп, әуесің келеді. Оның үстіне кез-келген жарнама газеті мен теледидардағы «жүгіртпе жолдарды» қарап отырсаңыз, осы мамандық иелеріне сұраныс та көп.
(ҰБТ-ны білімсіз-ақ, түрлі жолдармен өтуге болатынын естіп-көріп жүрген оқушылар, соңғы жылдары колледжілерге түсуді де сирете бастаған). Ал, Қазақстанның еңбек нарығы маман-жұмысшыларға зәру.
Жуырда еліміздің баспасөз құралдары Қарағанды қаласында 2009 жылы салынған жаңа үйдің қирап қалғанын жарыса жариялады, мұндай нысандар өз қаламызда да жетерлік. Ол нысандардың құрылысын кім жүргізді? Басшы кім, орындаушы кім?
Басшы өзіміздің «қолдан» өсірген жемқор, ал орындаушы - қолына кетпеннен басқа құрал ұстап көрмеген, көрші елдің бұрынғы дихандары!
Тереңірек көз жүгірткен жанға, бұл тек жемқорлықты ғана емес, біз де тіпті қарапайым маман-тас қалаушылардың жоқтығын көрсетті. Себебі, біздің жастардың көпшілігі табақтай дипломды құшақтап, «қалам ұшымен» күн көретін жұмыс іздеп, сенделіп жүр.
"Бәрі бірдей тойшы болса, қойды кім бағады" деген сұрақ кезінде Төле бидің өзін толғандырған. («Бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың, Бәрің бірдей тойшы болсан қор боларсың, Бірің қойшы, бірін тойшы болсаң зор боларсың». Төле би).
Ал, қазіргі ата-ана тіпті баласының бойындағы Құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, жоғары мектепке сүйреп, Мархабат аға (жазушы М.Байғұт) айтқандай «Беретінін беріп жіберіп», «білімді» де сатып әпергісі келеді! «Сүйреп қосқан тазының түлкі алмайтыны» ешкімнің қаперіне кірмейді! Осы тұста Ұлы Абайдың сөздері еріксіз еске түседі: «....Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?...Сенікі - біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол....Ғылымсыз ахиретте жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына жүрмейді...» (Абай. «Қарасөздер», оныншы сөз). Сол сияқты біліммен негізделмеген дипломның да қайда «жетелейтіні» белгілі.
«Кім болғың келеді?» деген сұраққа, «полицей болғым келеді» деп жауап берген 9-сыныптың бір оқушысынан, әлденеден үміттеніп, «Неліктен полицей болғың келеді» деп сұрадық. Бірақ, үмітіміз ақталмады!
Жылайсыз ба, күлесіз бе.... «левыйы көп қой» («левый» дегені сірә, көлденең табыс болса керек) деп жымыңдайды әлгі бала!
Бұл әңгімені бала қайдан естіді? Ең нашар деген мұғалімнің өзі балаға «левыйы көп мамандық жақсы» деп үйретпейтіні белгілі. Яғни, баланың отбасыда көргені мен мектепте алған тәлім-тәрбиесі қабыспай жатыр. Осыдан-ақ, «құндылықтардың» орны ауысқан мына заманда, кейбір отбасылардың балалары үшін кімнің «идеал» екенін өздеріңіз саралай беріңіздер.
Мұғалімге сыйлық беру жайына тоқтала кетейік.
Жалпы, сыйлық беру, алу жақсы нәрсе, бірақ, ол туыс-бауыр, дос-жаран, құда-жекжат, көрші-көлем арасында болса ғана.
Ал, мұғалімге сыйлық ұсынудың ар жағында «Мен саған, сен маған» деген «тауарлы-ақша қатынасы» «құлағын қылтитып» тұрады. Кейбір ата-аналардың, мұғалімді «жолдан тайдырудың» ешқандай әдісінен жиіркенбейтіні жасырын емес. Былай шыға, бар мұғалімді қаралап «аттандап» шыға келетіндер де солар. Мұғалім де адам баласы, қоғамның бір мүшесі! Оның да басқалар сияқты толып жатқан «материалдық» проблемалары жетерлік. Жасыратыны жоқ, ұстаздардың арасында да аракідік өз нәпсісін тежей алмай «алтын көріп, жолдан тайып кететін, періштелер» кездесіп қалады.
Бір рет сыйлық алып, «ауызданған» мұғалім, келесі жолы дәметіп тұрады, ал үшінші жолы өзі сұрап алады. Шын мәнінде жомарт болса, оқушы - үлкен азамат болып, табыс тауып, тапқаны бала - шағасынан артылып жатса, ... сол кезде ат мінгізсе де ешкім қой демейді..
Әлгі, «Атымтай жомарт» ата-ана өз баласының мектепке қажетті керек-жарағы, оқулықтарының бар-жоқтығын, күнделікті таңертең мектепке бара жатқанда сөмкесінде не бар екенін тексереді ме? Оқу жылы басында мектептен алған оқулықтардың бетін ашпақ түгілі, сол дорбадан шығармай, жыл соңында қайтып өткізетін балаларды да көріп жүрміз.
Тағы да бір тоқтала кететін жайт, көптеген ата-аналар өз балаларын қаламыздағы қаптаған ҰБТ-ге дайындайтын қаптаған ақылы курстарға береді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, кейбір курстардағы ұстаздардың не үйрететінін қайдам, әлде мықты жарнаманың әсері ме, сондай курсқа барған кейбір балалар өз ұстаздарына «шекесінен» менсінбей қарай бастайды.
Бірақ, түпкі нәтиже үшін тек мектеп жауап беретіні ата-ананың да, баланың да қаперіне кірмейді.
Ал, әлгі бала ҰБТ-де нашар нәтиже көрсетсе, барлығына ұстаз кінәлі!
Ұстаздардың түрлі науқандарға қатысып, барлық мерекелерде алаңға шығып «шад-шадыман бақытты бұқараның» ролін ойнап, үлкенді-кішілі шенеуніктердің табанында тапталғаны аздай, бүкіл қоғам таптағысы келеді.
Халқымыздың құлаққа ерсілеу естілетін «Көңілсізден көтенсіз (жігерсіз, жасық деген мағынада) бала туады» деген даналық сөзі бар. («Он үште отау иесі» дейтін халқымыздың, ҰБТ-е белгіленген межеге жете алмай қалған 18 жасар жігіттерінің жер тоқпақтап жылағанын да көрдік).
Езілген ұстаздың шәкірті қандай болады, кім болады? Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ.
«Құлдан да бір сұрау» дегендей, сөз соңында ата-аналарға айтарымыз:
Әлпештеп бағып-қағып өсірген баласы өмірден өз орнын тапса ғана ата-ана бақытты! Ал, бақыттың кілті жоғары білімде емес, жоғары білім бақытқа бастар сан тарау жолдың бірі ғана екенін естен шығармайық!
Бала тәрбиесін тек мектеп пен ұстазға артып қоюға болмайды, бұл жолда бүкіл қоғам, оның ішінде ең алдымен ата-ана атсалысуы керек.
Балаларымыздың өмірден өз орнын табуына, болашақ мамандығы мен кәсібін дұрыс таңдауына немқұрайлы қарамайық, ағайын!
(Ал, мектеп басшыларының «құлақтарына алтын сырға», ҰБТ-ң нәтижелерін талдаудың аяғы жақпай жүрген ұстаздармен «есеп айрысуға» ұласып кетпесін).
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ұстаз,
Шымкент қаласы
«Абай-ақпарат»