Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 6309 40 пікір 13 Қазан, 2021 сағат 13:21

Тіл жанашырын кім соттамақ, неге соттамақ?

Керекудегі жұрт Руза Бейсенбайтегін тегіс танитыны сөзсіз. Кереку түгілі бүкіл елге есімі таныс тіл жанашыры. Мемлекеттік тілдің шын жанашыры. Күрескер. Біз танитын Руза Бейсенбайтегі майда-шүйде мансап қуған көп қудың бірі емес. Ебін тауып есебін түгендегіш жылтырақкөз, жылпос мінезділердің қатарынан емес. Қазақстанның қарапайым азаматы. Сөйлейтін тілі – мемлекеттік тіл. Ал мемлекеттік тіл бізде біреу ғана – ол қазақ тілі.

Амал нешік, өз жеріңде, өз еліңде жүріп, өз тіліңді сот арқылы қорғаудың қорлығын сан рет бастан кешірген адам. Abai.kz-тің тұрақты оқырманы һәм авторы. 2006 жылдан бері Керекуде мемлекеттік тілді қорғау, ұлттық мәселелерді шешудің жолын іздестіріп, белсенділік танытып келеді. Бізді қойып, жалғыз жүріп талай жерде мемлекеттік тілдің құқын қорғаған Руза Бейсенбайтегі туралы орыс ақпараты да біраз шулады. Былтыр Әбілқайыр Сқақов басқаратын аймақ (онда да Павлодар қалалық әкімдігі) батылдық жасап, тіл митингісіне рұқсат берген. Қазан айында. Сол кезде орыс ақпараты (Ресей) көгеріп-сазарып, өлердей өкпелеген. «Қазақстанда орыстар мен орыс тіліне қарсы митинг өтіп жатыр», - деп ойбайға басып, сандарын сабалаған. Орыс телеэфирінен кесірлі ауыз көп білгіш Керекудегі тіл митингін ұйымдастырған Руза Бейсенбайтегін жерден-алып, жерге салып, біразға дейін абалаған.

Сөйткен тіл жанашырының шырылына құлақ түрер Керекуде бір шенді адамның табылмағанына қарап, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың, Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың, Арман Уәлиев тізгіндеп отырған облыстық Көші-қон қызметі басқармасының не ойлағаны бар деген сұрақтың туатыны заңдылық. Облыста мемлекеттік тілді дамыту барысында олар не істеп жатыр? Көрінгеннен жәбір көріп жүрген Рузаға неге көмек қолын созбайды? Жоқ, әлде оларға мемлекеттік тілдің қажеті жоқ па?

Кеше «Тіл майданы» белсенділері Руза Бейсенбайтегін полиция ұстап әкеткенін әлеуметтік желіге хабарлады. Ал Маңғыстаулық қоғам белсендісі Жәнібек Қожық: «Қазақстанда тұрып, мемлекеттік тілді қорғағаны, қазақ тілін қолдағаны, қазақша сөйле деп талап еткені үшін Руза апай түрмеге қамалыпты. Бұл масқара ғой!

Қазақ тілінде сөйлеңдер деген адамды түрмеге қамаса, біздің Тәуелсіз ел болғанымыз қайсысы?! Руза Бейсенбайтегіне бостандық берілсін! Бойларыңда қазақтың қаны, ұлттың ары болса, Рузаның қолдаңыздар!», - деп жазды.

Одан кейін қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: «Руза апайымызбен қазір ғана телефон арқылы сөйлестім. Құдайға шүкір аман-есен үйіне жетті. Бірақ, ертең сот болады, қадағалап отырамыз», - деп хабарлады.

Біз де Руза Бейсенбайтегіне хабарласып, хал-жағдайын білдік.


10 жыл бұрынғыда, 5 жыл бұрынғы да жағдай осы...

Руза Бейсенбайтегі:

- 7-сі күні болған оқиға. Мен кезекеті қандас азаматтың тіркеу құжаттарына көмектесу үшін Көші-қон полициясына бардым. Кезекті рет ақпараттың барлығы дерлік, соның ішінде арыз-шағымдар да орысша, яғни Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде екенін көрдім. «Образец» деп үстіне бадырайтып, үлкен әріптермен жазып қойған. Сонысы ғана екі тілде. Қалғаны ыңғай орысша.

Бұл біздің жылдар бойы айтып келе жатқан мәселеміз ғой. 2016 жылдан бері талай рет олардың басшыларына да кіріп айттым. Менде видео материалдар 2016 жылдан бері сақталып тұр. Мен талай рет оларды видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге де жарияладым. Бәрібір олар қызметті орыс тілінде көрсетуін жалғастырып келе жатыр.

Осы жолы да солай болды. Кіреберістегі «reseptionнан» бастап орыс тілінде қарсы алды. Сосын, мен бүкіл сол жердегі орысша үлгілердің барлығын видеоға түсіріп алдымда, «қазір мен тағы да видеоға түсіремін. Сосын желіге жариялаймын. Ары қарай ше? Ол бес жыл бұрын да солай еді. Он жыл бұрын да солай болған. Ертең де солай болып қала береді. Оданда мен қазір ол орысша үлгілерді алып тастасам, резонанс болады. Сосын олар қазақша қояды», - деп ойладым. Соның барлығын  біздің салық төлеушілердің ақшасына шығарады ғой типографиядан. Сөйттім де, барып ол үлгілерді алып тастадым.

Сотқа тартудың себебі сол. Тағы бір келіншекке (полиция адамы) «қатын» дегенім үшін «мені балағаттадың»,- деп жатыр. Маған тілі шүлдірлеп: «ұлтаралық араздықты қоздырдың», - деп жала жапты, тағы. Жапқан жаласы жалғыз бұл емес. «Қандастарды тіркеуге көмектескенің үшін ақша аласың», - деді. Ал мен осы күнге дейін бірде-бір қандастан ақша алған адам емеспін. Ол менің өзімнің көмегім. Міне, осы себеппен Көші-қон полициясы сотқа тартты. Сот бүгін болады.

Адвокатым бар. «Тіл майданы» тобынан Әскербек Кәкімов деген азамат. Ол мені бұрыннан тегін қорғап жүр. Сосын, кеше Бауыржан Асанов хабарласты. Қызылордадан ұшып келіп, қатысатынын айтты. Рахмет көңіліне. Әлеуметтік желілерде мені қолдаушы азаматтардың қатары көп. Оларға ризашылығымды білдіремін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502