Бейсенбі, 29 Қаңтар 2026
Қоғам 293 0 пікір 29 Қаңтар, 2026 сағат 12:21

Бір тілді қоғам және оның артықшылығы

Сурет: tilalemi.kz сайтынан алынды.

Қоғам дамуының өзегінде әрдайым тіл проблемасы тұрған. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол ұлттың жадын, дүниетанымын, мінезін, тарихи тәжірибесін сақтайтын рухани өзек. Сондықтан «бір тілді қоғам» ұғымы кейде үстірт түсіндіріліп, тар шеңберде қарастырылады. Ал шын мәнінде, бір тілді қоғам – бір ойлау кеңістігі, ортақ құндылықтар алаңы, ұлттық тұтастықтың тірегі.

Бір тілді қоғам дегенде басқа тілдерді жоққа шығару немесе көптілділікті мансұқтау – деп ойламау керек. Ел ішіндегі негізгі қоғамдық, саяси, экономикалық және мәдени қатынастардың бір ортақ мемлекеттік тіл арқылы жүзеге асуын айтуымыз керек. Бұл – әлемдік тәжірибеде дәлелденген, мемлекет тұрақтылығы мен ұлт бірлігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.

Ұлттық бірлік пен қоғамдық тұтастық

Бір тілді қоғам ең алдымен ұлтты біріктіреді. Ортақ тіл – ортақ тағдырдың белгісі. Тіл арқылы адамдар өзара тереңірек түсінеді, ойы мен мақсаты тоғысады. Қоғамда ақпарат алмасу жеңілдеп, әлеуметтік кедергілер кемиды. Әртүрлі тілдік топтарға бөліну саяси, мәдени және әлеуметтік жіктелуге әкелуі мүмкін. Мысалы, біздің Қазақстанды билік иесі екі қоғамға бөліп тастады, қазақ және орыс тілді ғылып. Алдағы уақытта осы саясат елді екіге бөліп жібермесіне кім кепіл. Өте қауіпті, тұрақсыз саясат. Ал бір тіл үстем болған ортада азаматтар өзін біртұтас қауымның мүшесі ретінде сезінеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, бір тілді қоғам қалыптастырған елдерде ұлттық сана тез жетіліп, мемлекетшілдік берік орныққанын байқаймыз. Франция, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерде мемлекеттік тіл қоғамдық өмірдің барлық саласында басымдыққа ие. Осы елдерде тіл – ұлттық бірегейліктің темірқазығы.

Бір тілді қоғам мемлекеттік басқару жүйесін айтарлықтай жеңілдетеді. Заңдар, нормативтік актілер, ресми құжаттар бір тілде әзірленіп, бір тілде түсіндірілгенде, оны халықтың қабылдауы да, орындауы да оңай болады. Көптілді ресми кеңістік кейде түсінбеушілікке, бюрократиялық кедергілерге, жауапкершіліктің әлсіреуіне алып келеді. Елімізде қазіргі кезде тура осындай жағдай.

Мемлекеттік тіл үстем қоғамда азамат пен мемлекет арасындағы байланыс тікелей әрі сенімді болады. Халық заңды өз тілінде түсініп, талапты да сол тілде қояды. Бұл – құқықтық сананың өсуіне, азаматтық жауапкершіліктің қалыптасуына ықпал етеді.

Бір тілді қоғам білім жүйесінде де үлкен артықшылық береді. Оқу бағдарламалары, оқулықтар, ғылыми зерттеулер бір тілде жүйеленсе, білім сапасы артады. Оқушы да, студент те өз ана тілінде терең ойланып, күрделі ұғымдарды еркін меңгере алады. Ана тілінде алынған білім – ең сапалы білім.

Ғылым саласында да тілдің орны ерекше. Бір тілді ғылыми орта қалыптасқанда терминология жүйеленіп, ұлттық ғылыми мектептер дамиды. Бұл өз кезегінде шетелдік білім мен тәжірибені сүзгіден өткізіп, ұлттық мүддеге сай бейімдеуге мүмкіндік береді. Тіл ғылымды тежемейді, керісінше, дұрыс саясат арқылы ғылымды алға жетелейді.

Көп жағдайда тіл проблемасы экономикадан бөлек қарастырылады. Алайда бір тілді қоғам экономикалық тұрғыдан да ұтымды. Бір тілде жүргізілетін іскерлік қатынас, құжат айналымы, жарнама мен қызмет көрсету саласы уақытты да, ресурсты да үнемдейді. Кәсіпкер мен тұтынушы бір тілде сөйлескенде сенім артады, нарық кеңейеді.

Сонымен қатар, ішкі нарықта ортақ тілдің болуы отандық өнімнің, ұлттық брендтердің дамуына жол ашады. Тіл – экономикалық кеңістіктің де тұтастығын қамтамасыз ететін фактор.

Бір тілді қоғам мәдени тұтастықты сақтайды. Әдебиет, кино, театр, музыка – барлығы тіл арқылы өмір сүреді. Мемлекеттік тіл үстемдік еткен ортада ұлттық мәдениет дамып, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетеді. Тіл әлсіреген жерде мәдени жады да әлсірейді.

Рухани қауіпсіздік тұрғысынан да бір тілді қоғам маңызды. Ақпараттық кеңістік бір тілде қалыптасқанда, сыртқы идеологиялық ықпалдарға қарсы тұру жеңілдейді. Ұлттық мүдде мен құндылықтар сол тіл арқылы қорғалады.

Кейбіреулер бір тілді қоғамды оқшауланумен, әлемнен бөлінумен шатастырады. Бұл – қате түсінік. Бір тілді қоғам басқа тілдерді үйренуге тыйым салмайды. Керісінше, мемлекеттік тіл мықты болған жағдайда ғана шет тілдерін меңгеру тиімді болады. Өз тілінде нық тұрған ұлт қана өзге мәдениеттермен тең дәрежеде сұхбат құра алады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, алдымен ішкі тілдік тұтастыққа қол жеткізген елдер ғана жаһандану үдерісінде өз болмысын жоғалтпай, табысты дамып келеді.

Бір тілді қоғам – бір ұлттың артықшылығы емес, мемлекеттің беріктігі. Ол – қоғамдық келісімнің, тиімді басқарудың, сапалы білімнің, дамыған экономиканың және рухани қауіпсіздіктің негізі. Ортақ тіл бар жерде ортақ мақсат, ортақ жауапкершілік қалыптасады.

Тіл – саясаттың құралы демейік, ұлттың тағдыры. Сондықтан бір тілді қоғам құру – біреуге қарсы бағытталған қадам емес, болашаққа жасалған саналы таңдау. Ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын кез келген мемлекет үшін бұл – табиғи әрі заңды жол.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір