Сенбі, 23 Қараша 2024
4112 3 пікір 14 Қазан, 2021 сағат 16:59

ЮНЕСКО-ның жұмыс тілі қазақша

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Қазақстандағы ЮНЕСКО тарихта алғаш рет еліміздегі мемлекеттік органдарға, атап айтқанда Түркістан өңіріне арнап тек қазақ тілінде «Ақпаратқа қол жеткізу арқылы өмірді жақсарту» тақырыбында веб-семинар ұйымдастырды. Жиынды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, ҚР ҰҒА мүше корреспонденті Ерден Қажыбек басқарды.

Алқалы іс-шара БҰҰ- нің белгілеуімен әлем бойынша ақпаратқа жан-жақты қол жеткізу күні болып есептелетін – 28 қыркүйекке орайластырды.
Жиында ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле ханымның жолдауынан кейін Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы ЮНЕСКО жетекшілері, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Түркістан облысы және Алматы әкімдігінің жауапты қызметкекрлері баяндама жасады. Жиын интерактивті түрде, сұрақ-жауап, сауалнама алу, дауыс беру, ұсыныс және ой-пікір бөлісу форматында өтті.

Халықаралық заң талаптарына сай мемлекеттік мекемелер халықтың ақпаратқа қолжетімдігін қамтамасыз етуі керек. Бұл әлем бойынша негізгі құқықтардың біріне жатады. Мәселен, мемлекет тарапынан берілетін ресми ақпарат дәл, нақты болуы керек. Ондай ақпарат қоғамға оңай қолжетімді болуы тиіс. Қазіргі әлем індет құрсауында. Ал осы індет елімізге жайылар алдында мемлекет тарапынан берілген ақпарат дәл, нақ болмады, пайдасы да аз болды. Әлеуметтік желіге елді шатастыратын негізсіз ақпарат тарап кетті. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеті денсаулық сақтау құқығын қорғаудың негізгі талаптарын сақтау аясында мемлекеттерді «қоғамдағы денсаулыққа қатысты негізгі мәселелерге, оның ішінде алдын алу және бақылау әдістеріне қатысты ақпаратқа қол жеткізуді» қамтамасыз етуге шақырып отыр.

Біздің жағдайымызда ақпаратқа қолжетімділік мәселесі мемлекеттік тілдің өзіне тиесілі аумақта толық қызмет ете алмай отырғанына байланысты болып отыр. Бұл тілдің кемістігінен емес.Тілден тілдің кемдігі болмайды, кеңдігі ғана болады.

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды», - дейді Ақымет Байтұрсынұлы. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қайда салсаңда жарайды. Тек қазір оның айтқызатын адамы түгел табылмай тұрғаны өкінішті.

Кезінде ағылшын тілінің Британ аралдарында ғана жайылғандығы тарихтан белгілі. Еуропада, тіпті әлемде испан, француз, неміс тілдері «мода» болған еді. Бірте-бірте АҚШ күш алды, Англияның экономикасы дамыды. Сөйлеушісі күшейген соң тілі де әлемге жайыла бастады. Қазір ағылшын тілі әлемді басып қалды. Бұл оның күштілігінен, сұлулығынан, жүйелігінен емес. Өздері «Ливерпуль деп жазып, Манчестер деп оқимыз» - дейді. Ал Ақаң болса қазақ тілін ғылым жолында жүйелеу үшін, тілді оқып үйрену үшін бізге ағылшын тілі үлгі бола алмайды. Ол «Ит» деп жазып, «шошқа» деп оқитын тіл деген болатын. Солай бола тұра ағылшын тілі әлемдегі нөмір бірінші қатынас құралына айналып отыр...

Біздің үлкен лауазымды кісілеріміз өз кеңістігімізде тек қазақ тілінде сөйлесе, ғалымдарымыз, әсіресе, жаратылыстанушы ғалымдар қазақша мәтін тудыра бастаса, мемлекеттік тілді білмейтін маман мемлекеттік қызметке алынбаса және т.б. қазақ тілі де өзіне тиесілі аумаққа түгел жайылар еді ғой.
Ұлт жұмысы машинаның тетігі емес, басып қалсақ басқа жөнге түсетін. Ол құмырсқаша жабылсақ қана бітеді (А. Байтұрсынұлы). Айтпағым, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның өкілдігімен бірігіп, бұрын басқа өңірлерде тек орыс тілінде өтіп келген «Ақпараттың халыққа қолжетімділігі» атты жиынның қасиетті Түркістан облысында бастан аяқ тек мемлекеттік тілде өтуіне мұрындық болды. Мұны жетістік деп, бөркімізді аспанға атудан аулақпыз. Бұл қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Ол үшін қазақ тілін әркім өз шамасы келгенше жетектеуі керек. Ол сонда ғана күш алады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілінің заңды тұғырына қонуына шама шарқымызша бәріміз атсалысайық.

Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының вице-президенті
Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475