Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 3809 8 пікір 18 Қазан, 2021 сағат 13:57

Қазыханның Кабулге «жорығы»

Күні кеше Қазақстан Президентінің сыртқы байланыстар бойынша арнайы өкілі Ержан Қазыхан Кабулге аттанды. Кабулде Қазақстан делегациясы тәлібтермен кездесіп, тараптар арасында арнайы келіссөздер өтті. Келіссөздер гуманитарлық көмек көрсету және қауіпсіздік мәселесі аясында өрбіді. 

Қазақстанның тәлібтермен кездесу өткізетіні уақыт еншісінде болатын. Ерте ме, кеш пе мұндай форматтағы кездесулер болатыны анық еді. Оған қалыптасқан геосаяси шындық итермелеп отыр. Ауғанстандағы жаңа билікпен қатынас орнатуға қатысты бірнеше мәрте биік мінберден де айтылды. Ол Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге көшіру, Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі мен есірткі тасымалын азайту және өзара әріптестік арқылы аймақтық тұрақтылықты қалыптастыру үшін қажет болатын.

8 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымын айтты: «Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер.

Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын.

Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін.

Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз.

Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек.

Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек», - деді ол. Бұл алдағы таңда Қазақстан билігі Ауғанстанмен қарым-қатынас орнататынын айқын көрсеткен месседж болатын.

9 қыркүйек күні Ауғанстаннан арнайы борт келді. Онда 35 қандас бар болатын. Бұл Ауғанстандағы билікті тәлібтер басып алғаннан кейінгі алғашқы рейс болатын. Қандастар арнайы тексеріліп, вирусқа қарсы тексерістен өтіп, белгіленген орындарға орналастырылды. Қандастарды Ауғанстаннан әкелу үшін сөзсіз тәлібтермен келіссөз өткізу керек болғаны түсінікті.

27 қыркүйек күні Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев Кабулда Ауғанстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Моттакимен кездесті. Ол Талибанның беделді мүшесі саналады.

«Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда қатынастарын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге уәделесті», - деп мәлімдеді Талибан өкілі Twitter парақшасында.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл кездесу туралы ештеңе хабарлаған жоқ. Тек кездесу өткеннен кейін арнайы ақпарат орналастырды.

Енді міне, алғаш рет ауқымды деңгейде тараптар арасында келіссөздер өтті. Ержан Қазыхан бастаған топ Ауғанстанның қазіргі билігінің тізгінін ұстаушы Абдул Ғани Барадар және Әмір Хан Муттакимен кездесті. Ержан Қазыхан Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Ауғанстанға 5 мың тонна ұнды көмек ретінде жеткізгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстандық вакцина QazVac-ты да жеткізу жағын ұсынды.

Спецпредставитель президента Казахстана Ержан Казыхан (слева) и соучредитель «Талибана» Абдул Гани Барадар позируют для фото во время передачи сертификата на пять тысяч тонн зерна в качестве гуманитарной помощи для народа Афганистана

Талибан ұйымы елімізде тыйым салынған террорлық топ саналады. Мысалы электронды порталындағы тыйым салынған ұйымдар бойынша төмендегідей мәліметтер берілген. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес: «Асбат аль-Ансар», «Братья-мусульмане», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы» ұйымдары тыйым салынған ұйымдарға жатады. Жалпы жиынтығы елімізде 21 ұйымның қызметіне сотпен тыйым салынған, соның ішінде Талибан қозғалысы да бар. Яғни Қазақстан тарапы елімізде тыйым салынған ұйым мүшелерімен ресми кездесу өткізді.

Жалпы алған Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда қатынасы 2020 жылы артқан. Тауар айналымы пандемиялық жағдайға қарамастан 623 миллион долларды құраған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 55%-ға көп деген сөз. Ал 2021 жылы елдегі әскери қимылдар мен соғыс жағдайына байланысты қарым-қатынас азайды. Тауар айналымы да төмендеді.

Ауғанстан Қазақстанның астығына зәру мемлекет. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан БҰҰ аясында Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде ұн мен өзге де қажетті заттарды жеткізіп отырды. Енді оны тоқтатпау маңызды, себебі Ауғанстанда гуманитарлық апат ауқымы артса, онда Орталық Азияға босқындар легі ағылуы мүмкін. Соңғы аптада Ауғанстанға қазақстандық ұнның айтарлықтай мол партиясы жеткізілген, қазір Кабул көшелеріндегі ұн бағасы 49 келі ұн бағасы 25 доллар, теңгеге шақсақ 10600 болады. Бұл баға көптеген қарапайым ауғандықтарға тиімсіз және қолжетімсіз.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы алғашқы кездесу осылайша Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек көрсету, ал тәлібтер тарапынан Орталық Азияға террорлық топтарды өткізбейтіні жайлы уәдемен аяқталды. Тараптар алдағы уақытта байланысты кеңейтуді жоспарлауда. Бірақ шешімін таппаған сұрақтар бар. Ол Қазақстан «Талибан билігін ресми мойындай ма» және «Талибанды террорлық топтар тізімінен алып тастай ма» деген сауалдар хақында.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641