Тұрсынғали Еділов: Біздің жігіттердің көздерінде от жоқ екен
Жиырма бір жыл бұрын Сидней олимпиадасында Қазақстан құрамасының бас бапкері болған ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділовтің шәкірттері 2 алтын, 2 күміс медальмен айды аспанға шығарды. Сол үрдісті әлі күнге дейін ешкім жалғастыра алмай келеді.
Токиода 81 кг салмақта сынға түскен Бекзат Нұрдәулетовтің алғашқы кездесуінде ресейлік Имам Хатаевтан 4:1 есебімен жеңілуі туралы Т.Еділов пікірін айтты.
- Әрине, Бекзат Нұрдәулетовке жеңуге болар еді ғой. Бірінші раундта Бекзат жұмыс істеген жоқ. Қарсыласын күтіп уақыт өткізіп алды. Ал ол қаншама соққы беріп үлгерді. Бірінші раунтда-ақ жасарын жасап қойды. Содан кейін екінші раундта Нұрдәулетов енді бастағанда Имам Хатаев өзіне тән іс-қимылына салып, жақын арақашықтыққа кіріп, Бекзатқа жұмыс істетпеді. Біздің боксшыларымыздың барлығы шаршап келген мына жарысқа. Бекзатта әл жоқ, жылдамдық жоқ, сезім де қалмаған. Біздің команда жігіттерінің көздерінде от жоқ екен. Тек қана мінезбен, қазақи намыспен ғана рингке шығып жатыр. Намыспен ғана ұзаққа бармайсың. Шеберлік керек.
Екінші раудтан бастап Имам Бекзатқа өзінің жоспарын қойды. Орта және жақын аралықты сақтап, кейбір жерлерде құшаққа алып жақындап, әйтеуір ұрғызбады. Ал үшінші раундта айтарлықтай жұдырықтасу да болған жоқ.
Сәуірде Санкт-Петербург губернаторының кубогында Бекзат И.Хатаевты нокдаунмен жеңген еді. Бұл жолы ұрған жөнді соққысы да болған жоқ. Қарсыласы өзінің жоспарын қойып Бекзатқа жұмыс жасатпады. Ол сезді, бірінші раундта жақсы ұпай алғанын. Екінші және үшінші раундтың кейбір жерінде ұтып, оның үстіне бірінші раунда өз дегенін істегені бар, арманы мен жоспарына жетіп, Бекзатты жеңді.
Жазып алған Айбек Мұханов
Abai.kz