Жолдау жарияланды және мақсат айқын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент сессиясының басталуында сөз бастауы дәстүрге айналуда. Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауы оның үшінші Жолдауы. Бұл Жолдау мазмұны бай болғанымен, нақты үндеулерді қамтиды.
Құндылықтар, мақсаттар бірлігі, ортақ тапсырмаларды түсіну – бүгінгі күннің басты талаптары. Бұл жерде билік пен қоғамды ортақ ұлттық мақсаттарға бағыттайтын Президенттің рөлі маңызды. Биылғы жолдауда тактика, әрі стратегия жан-жақты қамтылған. Заман өзгеруі – заңды құбылыс. Елдің бұрынғы жағдайы, адамдардың қарым-қатынасы, адамгершілік ұстанымдары басқаша. Соған сәйкесті алдағы мақсат-мүдде де өзге. Президент өз Жолдауында нақты сандар, пайыздық көрсеткіштер, есеп-қисапты келтіруі арқылы халыққа ұғынықты тілде аса маңызды мәселелерді көтерді.
Екіншіден, пандемия жағдайындағы ахуал. Жер бетін түгел жайлаған кеселдің уақыт өткен сайын кезекті толқыны, жаңа штаммдары пайда болуда. Қазақ елі ғана емес, тұтастай әлемді әуреге салған дертпен күресте тиімді болар әдіс қандай? Барлық салаға да кері әсерін тигізгендіктен, қандай қолдау түрлері жүзеге асырылмақ? Аталған тақырыпты, егжей-тегжейлі талдаған Мемлекет басшысы медицина саласының олқы тұстарын да саралады. Рас, аталған сала реформасы көп, өзекті мәселелері де жеткілікті.
Тіпті, коронавирус кеселінен қорғанудың жалғыз амалы ретінде екпе алу ұсынылғаны белгілі. Әуелгі ұстаным бойынша, екпені егде адамдарға алуға болмайды деді. Кейін, Еуропа елдері қарттарды вакциналаймыз деп, алдыңғы буын жаппай екпеге жүгінді. Науқастар саны туралы да жалаң сандар емес, салыстырмалы деректер, нақты мамандардың пікірін ел арасында кеңінен тарату арқылы ғана халықты тәрбиелеп, ел ішіндегі қаңқу сөз, жалған ақпараттарды жоққа шығара аламыз. Сондықтан, Мемлекет басшысының медицина саласына айрықша мән беріп, проблемаларды атап, оларды шешу жолдарын ұсынуын жаңа Жолдаудың негізгі ерекшеліктерінің біріне балар едім.
Жолдау құр сөз емес. Елдегі өзекті мәселелерді саралаған Президент нақты картинаны көз алдымзға әкелді. Жалақысы аз мамандықтарды атап, оларды қолдау тетіктерін жариялады. Субсидия айналасындағы Үкімет көмегін талан-таражға салуды сынап, шұрайлы жерлерді адам кірмейтіндей қоршап қойған дөкейлерге әкімдердің «тісі батпайтынын», Министр ауысса, реформа да ауысатынын сынап, халық көкейіндегі мәселелерді дөп басты. Сонысымен де, өз маңызын арттыра түспек.
Жолдау жарияланды. Мақсат айқын. Ендігі жерде аталған мәселелердің оң шешімін табу жолында жұмыла қызмет еткен жөн деп білемін.
Әсем Рысқұл, философ
Abai.kz