Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2972 0 пікір 3 Шілде, 2012 сағат 05:40

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Мен сөйлеп болғанда үйрену уақыты бітіп еді. Сәрсеннің сонда айтылған мәселелерін тыңдаушылар анықтап сұрауға ертеңіне кірісті. 1945-шы жылы жаз басында Үрімжіге қашқан гоминдаңшылардың соңынан 12 қора қой айдатып бергенін «қорыққандығымнан» деп мойындады Сәрсен. «Сондағы гоминдаң сақшы мекемесінің қанішер бастығы мылтығын білеп тұрып бұйырғандықтан 25 қойшы тауып бергенім рас. Әйтеуір қойшылардың пайдасын көздеп жалақысын молайтқыздым» -деді. Ал 44-шы жылы көктем мен жазда партизан үйлерін барлап жүріп, сары аяқтарды үстінен түсіріп, екі рет екі партизан ұстатқанын, «бастық болғандығымнан» деп мойындады. «Аудандық прқаның бір бөлім бастығы болғандығым үшін әрине гоминдаң қылмысы маған да ортақ қой. Әйтеуір ұстатқан барлаушы ғана басқа. Қашып кетіпті, әйтпесе мойынынан қойып берер едім!»

- Жоқ, сондағы ұстатып берген барлаушы дәл өзіңсің!... Оныңды көрген адамдар қашқан жоқ, өлген де жоқ! -дедім мен.

- Айтып тұрмын ғой, Биғаш, үгіт бөлім бастығы болғандығымнан олардың төгілген қанына мен де ортақпын деп! Мен басқа кейбіреуше «аппақпын, періштемін» деп, Маужуши сияқты дәнішпан, көреген болғанмын деп отырғаным жоқ қой!... Ол шақта қарамын, қап-қара соқырмын. Негіз жағынан гоминдаңның бар қылмысында болғанмын!... Олай үлестес болатыным, санминжуийді үгіттеп, уын шәшіппін де жүріппін ғой, бұдан зор қылмыс бола ма?

ІІІ

Мен сөйлеп болғанда үйрену уақыты бітіп еді. Сәрсеннің сонда айтылған мәселелерін тыңдаушылар анықтап сұрауға ертеңіне кірісті. 1945-шы жылы жаз басында Үрімжіге қашқан гоминдаңшылардың соңынан 12 қора қой айдатып бергенін «қорыққандығымнан» деп мойындады Сәрсен. «Сондағы гоминдаң сақшы мекемесінің қанішер бастығы мылтығын білеп тұрып бұйырғандықтан 25 қойшы тауып бергенім рас. Әйтеуір қойшылардың пайдасын көздеп жалақысын молайтқыздым» -деді. Ал 44-шы жылы көктем мен жазда партизан үйлерін барлап жүріп, сары аяқтарды үстінен түсіріп, екі рет екі партизан ұстатқанын, «бастық болғандығымнан» деп мойындады. «Аудандық прқаның бір бөлім бастығы болғандығым үшін әрине гоминдаң қылмысы маған да ортақ қой. Әйтеуір ұстатқан барлаушы ғана басқа. Қашып кетіпті, әйтпесе мойынынан қойып берер едім!»

- Жоқ, сондағы ұстатып берген барлаушы дәл өзіңсің!... Оныңды көрген адамдар қашқан жоқ, өлген де жоқ! -дедім мен.

- Айтып тұрмын ғой, Биғаш, үгіт бөлім бастығы болғандығымнан олардың төгілген қанына мен де ортақпын деп! Мен басқа кейбіреуше «аппақпын, періштемін» деп, Маужуши сияқты дәнішпан, көреген болғанмын деп отырғаным жоқ қой!... Ол шақта қарамын, қап-қара соқырмын. Негіз жағынан гоминдаңның бар қылмысында болғанмын!... Олай үлестес болатыным, санминжуийді үгіттеп, уын шәшіппін де жүріппін ғой, бұдан зор қылмыс бола ма?

- Қаншалық молынан мойындаған болып көрінсе де, шпиондық жаққа бастырып көрші қане!

- Өзі таңдап құрама қалпақ киіп ала қояды екен де, тесігінен шығып кете береді екен, ха-ха-һа-һа....

- Әй, су жұқпас-ау мынаған!

- Су жұқсын-жұқпасын, жолдастар, мен онымен есептеспеймін, -деп түйілді Сәрсен. - Тек Маузыдұң идеясы жұқса болғаны! Барлық тіршілігім сонда ғана. Менің барлық тіршілігім, панам - Маужуши ғана! - деп айқайлап жіберді.

- Қашаннан бері! -деп жымиды Ербол.

Сәрсен іле қайырды жауабын.

- Осында Маузыдұң идеясы келгеннен бері!

- Тіліңді тартып сөйле! - Ербол зекіріп қалды. - Сендей гоминдаңнан қалған нәжесетке Маужуши пана болмақ па!... Мен енді анықтап ұқтырайын саған, Маузыдұң идеясының сен шығып құтылып кетерлік тігісі жоқ, ол құрама емес, тұп-тұтас құрыштан құйылған идея! Ол - Марксизм-Ленинизм!

Айыржап Сәрсеннен енді тұжырымдай сұрады:

- Жә, Сәрсен, сен өзіңе мисал ретінде қойылған үш мәселеге, қазірше негізгі жағынан мойындадың ғой?

- Ие, әрине мен гоминдаң прқасының бір бөлім бастығы болғандығым үшін негізгі жағынан бәрі де бар менде!

- Олай болса, қай жақтың жауынгері болып, қай майданда тұрып келген екенсің, өзің айтшы!

- Мен үш аймақ төңкеріс басталғанға дейін сөзсіз жау жақта тұрып келдім дедім ғой, жау болып келгенмін. Ал, Биғабілдің талабы бойынша... мынаны да мойындаймын: тіпті осында аупартком келгенше Биғабілдің жауы жағында тұрып келгенім ып-рас. Үш аймақтағы ұлттық төңкеріске мал-жанымды түгел салғаным тек қорыққандығымнан ғана дедім ғой!

- Олай болса төңкерістік азаматтардың үстінен жүргізген материалдарыңды заң жағынан тексеруге тиістіміз. Жала жабуыңа мүлде рұқсат жоқ! Ондай әрекет істесең қатты жазаланасың!

- Құп-құп!... Жала жапсам, тіпті, дұспан жақта болмасам да жазалануға тиістімін. Ал, реалда болған іс туралы пікір айтуымды шектемессіздер, солай емес пе!

- Сәрсен туралы сөзді осымен тоқтата тұралық! -деді Жаңбужаң. - Өз мәселесін тануы қазірше жаман емес. Осылай сөйлесе жақсы! Ал енді сөйлемеген басқа азаматтарға өтелік. Дұрыс па, бұрыс па?

Сөйлемеген азаматтар өздеріне лайықты қалпақ қана тігіп, сол жұмыстарынан аса алмай отыр екен. Бұрынырақ тігіп болғандары бұрынырақ киіп, тәп-тәуір сөйледі. Тігіп бола алмағандары пішкен материалдарын жалбыратып, Шәкербайша ортаға тастай сөйледі. Кейбірінікі қалпақ түгіл бесіктегі балаға түбек те, сауын ешкіге желінқап та бола алмайтындай еді. Әйтеуір, Сәрсен саясаттың өңешімен оңалып, «көмегімен» көрік тауып, кәдеге жарай берді. Ең олағы Әлия сияқты. Қалпағын тігіп киюді былай қойып, әлі піше алмай отырғандай, аса қиын халге түскенін жалтақтауынан байқадым. Сөйлеу кезегі өзіне жақындаған сайын сасып, сасқан сайын өңі сарала тартып, алақ-жұлақ қарай берді маған. Өйтетіні әйтеуір кию қажет болған соң онысын өзінде бар материалдан пішсе, өзінің «қыз» басын оңдырар ма. Қыз түгіл келіншек кисе де «кезегендік» деген жиянгерліктен де кесірлі қалпақ қой, беті шыдап қалай кимек!... Ал, өзінде жоқ материалдан пішсе, «өтірік!» деп мына Биғабілдар сап ете түспей енді аяр ма, «өзіңнің Сәрсенге тәйни болғаның рас болды ғой» -деп кесетіп ескертіп те қоймады ма! «Әсен, Үсен, Қасен-Күсен... бұл кезде бәрінің мойнынан асып, аяғының астына түскен!» деп ішек-қарнымды ақтара салар! -деген күдікпен сасып отырғаны, мен күліп жібергенде тіпті айқындалды, көзінен жасы ыршып кетті де, бетін екі алақанымен басып отырып қалды. Үйрену уақыты біткен жарияланғанда бір-ақ көтерді басын. Сөйлеу кезегі енді жетіп еді. Қиналыс тері жүзінен бұршақтап кеткен екен. Қол орамалын алып беті мен мойынын сүртті де соңымнан ілесе шықты. Бөлімге соңымнан ілесе кіріп, ауыз бөлмедегі өз орнына екпеттей сұлады.

Түпкі бөлмеге кірген екі бастық газеттерін шиыршықтай ұстап қайта шықты. Орынбасар үнсіз кетті де, Шекербай Әлияға қарап тұра қалды.

- Үй, Әлияш, не болды, ауырдың ба?! -дей салды да жауап күтпей-ақ бүйір бөлмедегі маған ұмтылды. - Ал, Биғаш, біз әкім кабинетіне мәжіліске кеттік. Бөлім қызметі өзіңе қалды. Әлияш ауырған болса... сөйлесіп көрші, ауырса доқтырға барсын! Ал, сен екеуің, -деп, қатар столдағы екі инспекторға қарады. - Мектеп аралайсыңдар ма?.. Бірер айдан бері тексерілмей қалған мектеп бар ма еді, Биғаш?

Бірімізден жауап шығып үлгергенше, бастығымыз лып етіп, есіктен шығып та үлгерді. Үшеуіміз қатар күлдік. Осы үйренуде «қырттық» пен «езбелік» қалпақтарын қабаттай кигені сауап болғандай. Бір жиынға кетерінде қалғанымызға бір жиын ашпай кеткені осы ғана еді. «Сөзін бұдан қысқартса, бастықтығын біле алмай қалмаймыз ба!» деп бір инспектор еселеп күлді де, «Әлияның неден ауырғанын да қайталап сұрамай-ақ кетті ғой, енді қайтпек бұдан артық!» деп бірі күлді. «Маған сөйлегені әлі артық. Ертең «мылжыңдық» қалпақ кигізбесеңіздер болмас!» деп мен күлдім.

Шәкербай өзінің басқа үлкенірек мәселелерінің барлығын Досан әкімге артып «құтылып», өзі тігіп киген қалпақтар еді бұл. Қызметтестер түгел мені «қазымыр», «езбе», «қырт» деп атайтын. Сондай кемшіліктерім рас та болуы мүмкін. Қызметке солай шөгелірек қузамасам болмайтындай еді!» деп мойындаған.

- Шәкеңнің сұрауды қойып-қойып, жауап күтпей кете салуы сол қалпағынан қорыққандығынан болды ғой. Бүйте берсек, бұл жадігөй қасақана мылқауға айнала қояр ма екен! -деді бір инспектор.

- Біз бұл үйренген тақырыбымыздан ауа жайылып барамыз, -деп ойлана қалдым мен. - Асыра сілтеніп барады. Бәріне қалпақ іздетіп, «қыртпын», «мылжыңмын» дегізбей-ақ, жаңа демократизмнің негізгі жауларын ғана айқындап түсіндіріп, соларға байланғандарды ғана сөз ету қажет еді бұл жолы...

Сөзімді тоқтата қойдым, ауыз бөлмедегі Әлия басын көтеріп алып, қарай қалған екен. Екі инспектор түрегеліп, қызметтеріне жөнелді.

Оңаша қалғанымызды біліп, орнынан күрсіне түрегелді көне таныс. Ақырын жылжып жетіп, қарсыма тұра қалды. Өңі қуарып, сазара қарады маған:

- Биға, қош болыңыз, әсіресе сіздің алдыңызда күнәм көп, кешір!

- Қайда кетпексің?

- Өлемін!

- Не үшін?

- Өзімнен кеткен сол мәселелерді сөйлеп, қалпақ кигенше солай болғаным жақсы екен!

- Соныңнан басқа мәселелеріңді, мисалы, делдал буржуазияның баласы екеніңді ғана сөйлеп шықсаң болмады ма!

- Сіз енді сол мәселелерді әшкерелемей қоймайсыз ғой!

- Қалайша?

- Мен, сүйгеніңізден айырдым, бақытыңды байладым... Қолымнан келген бар қастықты істеппін... тіпті Сәрсенмен тілдес болып, өзіңіз айтқандай тайнилік те істегенім әшкереленді. Мені енді аямауға тиістісіз!

- Аямағанда не істемекпін?

- Бәрін жайып салып, абыройымды төгесіз!... Өзіңіздің менен ақталуыңыз үшін де соларды әшкерелеуіңіз қажет қой!

- Әлия, мен олай әшкерелеуге зәрулықтан құтылғанмын, -деп жымидым. - Сөйлемек емеспін. Себебі, біздің бұл жолы іс жүзіндік әрекетке байланыстырып талқылауға тиісті мәселеміз - жаңа демократизм туралы, оның досы мен қасы туралы ғана. Мәселен, Жұңго қоғамының жартылай отар, жартылай феодализм қаліне түсіп қалуы сенің әуейілік мәселеңнен болған емес. Атап айтқанда бұл қоғам сенің Қасенмен де, Үсенмен де, менімен де жүруіңнен туылған бала емес. Сондықтан бұл жолғы үйренуде мен сөйлейтін мәселе ол емес!.. Тіпті оның туралы басқаларға да сөйлетпеуге бармын!

- Рас па?... Басқалар... тіпті бәрін сөйлеп жатыр ғой!

- Сасқан сиырша әртүрлі жапалайтындар ғана солай сөйлеп жатыр. Олардың негізгі үлгісі де түрткісі де Сәрсен. Ал, менің үлгім Сәрсеннің қарсы жағында болуға тиісті. Сасатын ешқандай мәселем де жоқ. Сенің Үсен, Күсендерің туралы бұл жиында ауыз ашпаймын!

Әлия орындық тартып апарып, алысырақ отыра күрсінді. Бар мүсәпірлік басына орнағандай ыңғайсызданып, тырнағын шұқылады. Тура қарап отырған маған бата алмай, тұқыра түсті. Мен:

- Өліп алу дегенді мұнан соң ойыңа алушы болма, нағыз адам болуға тырыс! -деп түйілдім.

- Мен сізден бүтіндей басқаша бірдеңе екенмін! -деп күбірледі Әлия. - Мұнымды кейінірек біраз түсінсем де, өз шырайыма қарап, теңмін деп үмітімді үзбей келгенмін. Енді толық түсіндім. Мені тастап кеткеніңізге енді наразылығым жоқ. Тіпті... ол жағынан қарыздармын!

- Қарыздармын деп түсінсең, мұнан соңғы тапқан махаббатыңа опалы бол, адал бол! Бақыттың кілті дененің сыртқы сұлулығында ғана дейтін қате түсініктен без!... Сонан соң бір бетті-бір тілді, шыншыл... және өзіңе байланысты мәселелерде өзімшіл болмай, әділ ойлайтын бол!... Маған емес, адамгершіліктің осы міндеттеріне қарыздарсың. Бірақ, қазіргі сен үшін әсіресе соңғылары өте қиын-ау! -деп күліп жібердім. - Бұлар үшін тер төге жүріп, сана іздеу керек қой!

- Сізге қарыздар болатыным... өте обалды іс істеп қойдым ғой!... Сол маған...

- Мақпалға обалды іс істегендердің негізгісі сен емессің. Оның әкесіне сенің солай шағымды хат жазарлық сбебің бар ғой. Ал, өз обалымды да саған артпаймын. Мұнан соң әлгіндей дұрыс адам болу жолына түссең болғаны!

Әлия маған басын ие күлімсіреп түрегелді. Жасаураған көзін жалт еткізіп бір қарады да қайта тұқыра иілді. «Төлейін!» деп қалды. Төлейтіні не екенін түсінбесем де, бұл иілуінің шын пейілімен тағызым еткені екенін түсіндім. Артына кілт бұрылып, көзін сүрте жөнелді де, орнына қайта барып отырды. Қыбырсыз жым-жырт ойға кеткендей, түске шейін сол отырысынан жазбады. Түстен кейін де істеген ісінен сол мелшиуі көбірек болғанын байқап отырдым. «Он бала туудан жұрт алдында өзі туралы он минут сөйлеудің қиын болып отырғанын қарашы» деген оймен күлкім де келді. Ертең сөйлеуінен жылауы көбейіп былықтырар ма екен деген күдігім де болды.

Бірақ ертеңіне таңертең сөйлеу кезегі тиісімен жайнап сала бергеніне таңдандым. Сөзді өзінің туған табы, семиясы туралы бастады. Өзінің Шинжаң жағдайындағы делдал буржуазияның бесігінде өскенін, бұл бесіктің Жұңго елін шет ел жиянгерлігіне саудалаушы бір таптың бесігі екендігін айтқанда тыңдаушылар аңыра қалыпты. «Сондай ата-ананың тәрбиесін ғана көрдім. Өзімді кішкентайымнан безеп, опа, еңлік жағынуды ғана үйрендім. Мектепке басқа қыздардан ерекше жасанып баратынмын. Ондағы мақсатым, басқалардан ерекше сұлу көріну ғана. Барлық адамдар маған ғана қарап отырса дейтінмін. Басқалар сұлусың деген сайын менменсіп, такаппар болып өстім. Кейіннен қалай екенін білмеймін... басқа бай қыздары... кімді жақсы көрсе... жоқ... қандай киімді жақсы көрсе соған қызығып, соны олардан бұрынырақ киетін болдым.... Сол киімді тіктіргенше тыныштық таппайтын болдым... Осындай... «мешшанка» болып өскен менің кім болып келе жатқаным белгілі ғой... Әкем сияқты, пайда көрсе бәрінен бұрын жүгіретін, шешелерім сияқты ыңғай жасанып, ыңғай рахатта жасауды ғана қалайтын «делдал буржуазия» болғаным ғой!... Ал, менің қазір бұлай... ерекше киінетін болған себебім... қазір көп адам жепаңжүнді жақсы көреді. Мен де солай... тіпті басқалардан артығырақ жақсы көрейін деп жепаңжүннің қыздарынша киінуге асыққаным!... Менің мәселем осылай... болып келді, сөзім бітті.»

Тыңдаушылар жымиса қарап отырып қалып еді.

- Бұдан басқа қызмет стилің жағынан айтарың жоқ па? -деп маған бір қарап жымиып қойды Ербол.

- Бәрі осы, айтты, бәрін айтты! -дедім мен шын ниетіммен шұлғи қанағаттандым. - Осы Әлия сипатты әрқандай қыз өз мәселесін осыдан артық қазып сөйлей алмайды. Өзін тәп-тәуір шыншылдықпен тексерді!

Көпшілік құптай жөнелгенде, Әлия маған көз астымен қарап алып тұқыра түсті.

- Мұнан соң, қалай өзгересің? -деп сұрады Жаңбужаң. - Соны сөйлей кеткенің жақсы!

- Ие, айтпақтайын соным қалып қапты ғой! -деп күле сөйледі Әлия... - Мұнан соң жуас боламын! -дегенінде көпшілік ду күлді. - Партия не істе десе соны істеймін!... Өзгеремін!...

Осылай разы еткен Әлия Жаңбужаңнан рұқсат алып шығып жүре берді. Басқамыз үйрену уақыты біткенше тағы бір адамды сөйлетіп тарадық. Әлия өз орнында қызмет істеген болып отырыпты. Шәкербай мен орынбасары бөлмелерінен газеттерін шиыршықтап тағы шықты да, әкім кабинетіне тағы кетті. Бастығымыз бүгін тым сәлмірейіп, өсиет айта алмай шықса да, екі инспектор мектеп шарлауға тағы жөнелді. Әлия екеуіміз тағы да оңаша қалдық. Ол менен де оңашаланғандай мүлде қарамай, үнсіз «жуастықпен» істеген болып отырды.

Ісімді түстен кейін жарты сағат бұрын жиыстырып, сырттай үйреніп жүрген қытайша дәптерімді аштым. Жарқ ете түсті бір сұлудың фото суреті. Жарқ ете түскен көзімді сығымдап-сығымдап жіберіп үңілдім. Маңдайына қарап, Мақпалымнан жасырын келген сурет екен деп қалып едім. Оның сағынышты кең шанақты тұнық аспан түсті көгілдір көзінің орнынан дөңгелек қана қаракөз көрінді. Бұл парықтың үстіне жақ сүйегі мен иегінен сопақша сүйірлеу, ұйғыршалыс бір айырмашылық байқалып, Мақпал болмай шыққан соң стол шетіне қоя салдым да, еріксіз қайта үңілдім. Дөңгелек қара көзі сәл тасырлау, қарсы алдындағыны отымен ерітіп жібергісі келгендей шақшия қараған сұлу дидар. Қысылыс-қымтырылыссыз өжеттікпен қылымсыған жап-жас қыз. Өрілген қос бүрімін екі иығына түсіре қабаттап түйіпті. Киінсі мәдениеті мен жалпы жүз шырайында Әлияға ұқсастық бардай. Әлияның кешегі «төлеймін» дегені есіме түсе кетті. Жалт қарадым өзіне. Ол да көз қиығымен қарап қойып отыр екен. Суретті алдына апарып тастай салдым.

- Мына сурет менің дәптерім арасына қалай кіріп алған?

- Білмеймін, -деп таңырқағандай үңілді Әлия суретке. - Танымайды екенмін! Сізге ғашық болып жүрген біреу шығар, танысу үшін қойып кеткен бе екен. По, неткен сұлу өзі!... Және жап-жас!

- Өзіңде тұрсын! -деп орныма қайттым.

- Мен қайтем мұны! -деп Әлия сақылдап күліп алып, күрсініп жіберді. -Танымаймын да! -деп қуа келді де суретті үстеліме қойып қайта қайтты. - Қойып кеткен орнында тұра берсін, қайтарғыңыз келсе, өзіңіз қайтарарсыз!... Сақтай тұрыңыз, ауырлығы болмас!

- Ауырлығы болмағанымен, Нұрияшымның жолында жеңілдігі де болмас!

Қайта қайрылып келіп, жымия сұрады Әлия:

- Сіз Мақпалдан әлі үміттісіз бе?

- Үміттімін. Одан үмітім өшкені сол, күн өткен сайын лапылдап барады. Ол өшпек емес!

- Ол енді әйел болып кетті ғой, -деп түйіле күйінгенсіді Әлия. - Екі жыл болып қалды. Балалы да болған шығар! ... Қайтесіз енді оны!

- Ол, бес балалы болса да келеді маған, иә, қайтарып аламын! Себебі, ол маған опасыздық істеп, өз еркімен кеткен емес, қара күштер шырылдатып байлап әкеткен!...

- Биға, Мақпалыңыздың ұжданы бар екені рас болса, біреуге әйел болған соң сізге енді қайтып келе алмайды, тіпті көріне де алмайды!... Өтер іс өтті, енді біреуді таңдап алуыңыз ғана қалды. Бұл, менің... жүрегіңізге суық салайын дегенім емес... және де енді басқадан... неғұрлым өз абыройын сақтаған қыздардан біреуін таңдаңыз!... Мен өз күнәмді жуу үшін.. тым болмаса кездестіріп, таныстырып қоя аламын!

- Кешегі «төлеймін» дегенің осы болды ғой, сен енді мынаны да түсініп ал! Шын махаббаттың төлеуі болмақ емес. Оның өзінен басқа енді төлеуі де, баламасы да жоқ, жалқы!

- Солай болса, мүмкін солай шығар, білмеймін де. Бірақ, сіз жап-жас тұрып, осы күйіңізде өте алмайсыз ғой, шын махаббатыңыз табылмаса, жай махаббат табу керек шығар. Тіпті өтірік махаббатпен де жүрген кезіңіз болған шығар!

Күліп жіберіппін, мына сайқалдан мойындатарлық шын сөз естігенім осы ғана сияқты, тың жаңалық сияқты сезілді.

- Мына сурет, сен қойған сурет болды, алып кет! -дедім сонда да.

- Жоқ, мен қоймадым. Біреудің көңілін сізден енді тосатын ақым жоқ қой! -деп күрсінді Әлия.

- Өзінің келіп, дәптерімнің арасына қойып кеткенін көрдің бе?

- Көрмедім! -деп суретке қайта үңілді Әлия, - анықтап көріп алайыншы!.. Өзі осы жердің қызы емес сияқты, мұндай сұлу көрмеппін, кездессе ертіп әкеліп көрістірейін!

- Болмайды!... Төлеймін деп бір бейкүнә қыздың пәк жанын кірлеуің, көз жасыңды енді тия алмайтын қылмыс болады! Мақпалдың жүрегінің жат болып кеткенін өзінен естімей, басқа ешкіммен үйленбеймін!

- Ол жайыңызды оған өзіңіз айтарсыз! -деп Әлия жүре сөйледі. Бейтаныс суретті үстел тартпасына тастай салып, түскі демалысқа мен де қайттым.

Түстен кейінгі қызметке қайтып келе жатқанымда алдымнан Айыржап қарсы ұшырасты. Екеуімізді партком егіншіліктегі «төтенше бір қызметке» жібермек екен. Қайдағы қызмет екенін білуге кетіп бара жатқанын айтып өтті. «Жер майын азайтып, жуан жұдырықтарға соққы беру» әрекетін бастау үшін Шәуешекте курс барын естіп едім. «Мақпалдан тағы да қабарсыз кететін болдым-ау!» деген күдік тықыршыта жөнелді жүрегімді. Түпкі бөлмедегі Шәкербайдың зарын ауыз бөлмеден Әлия тыңдап отыр екен. Мені көре сала түрегелді де, алдымнан тоса күбірледі:

- Биға, мен почтаханаға барып келейін!

- Бастығыңнан сұра!

- Ол кісімен әкім сөйлесіп отыр. Қазір барамын да қайтамын!

- Тез қайтатын жұмыс болса бара бер! -деп өз бөлмеме кіре бергенімде, Шәкербайға әкімнің күңгірлеген жуан үнді сөзі естілді.

- Лиң секретарға бұл жайыңды айттым. Көп мыжыма енді! Оқу бөлімінде Биғабілдің жалғыз істеп отырған азамат екенін, оның орнына екі инспектордың бірін жіберуін мен де өтіндім. Көнбеді. «Мұндай тыңнан ұйымдастыратын қызметке қабілет керек. Айыржап пен Биғабіл барады деп отырып алды. Ертең кешке дейін қызметін біреуге тапсырып болып, бүрсікүні таңертең жүрсін!...

Әкімнің жауабын маған жалтақтай қарап тыңдаған Әлия лып етіп есіктен шыға жөнелді.

-Биғабіл келді ме? -деп дабыстады Шәкербай. - Сырқаттанып жүреді, өзімен сөйлесіп көріңізші!

Шәкербайдың тағы да өтірік айтқанына күліп жіберіп кірдім. Жаңа міндет жайын әкім түсіндірді. Күдіктенгенімдей ұзақ уақыт алатын міндет емес сияқты. Және қайынжұрт ауылым жақта болған соң көне кеттім: жермайын кеміту әрекетінің алдында тәжірибе, үлгі ретінде ең кедей бір кентті серіктестіру қызметі екен. «Үлгілі мойынсерік құру - деп атады әкім. Барлық кедей, төмен орта егіншілер жерге ие болғанда егінді бірлесіп егудің абзалдығын сол мойынсеріктен үйренетін болады» деп түсіндірді.

Қызметімді ертеңіне семіздерімнің біріне тәптіштеп тапсырып болысыммен аупарткомға шақырылдым. «Үлгі мойынсерік» құрудың жобасын Лиң секретар Айыржап екеуімізге толық түсіндіріп шығарды. Екінші күні таңертең әкім мекемесінің жеңіл арбасын жектіріп жатқанымда, суреттегі сұлуды ертіп, Әлия сұлу жетіп келді. Алдыңғы күні почтаханаға рұқсат сұраған жұмысын енді түсіндім, күле жетті. Маған көрсетпек «төлеуін» телефонмен шақыра қойған екен.

Әпекесіне ілесіп жүрген жас сіңілдей еркін бейғам бейнемен көрінген сындарлы көріктен ибалы бикештің қымтырылысы ғана байқалды. Мен де, әрине, «қандай қызсың, қайдан келдің?» дегендей көңіл бөлген көзқарас байқатпауға тырыстым. Ауыз жыбырлатып қана сәлемдесе салдық. Екеуімізге айлакер жеңгедей кезек қараған Әлия сөйледі:

- Сіз жүргелі жатыр деп естіп келдік. Аман барып, аман қайтыңыз!

- Үлкен табыспен қайт десеңші! -деп әдейі түйіле «өтінгенімде» бет танысым күліп жіберіп, туфлиінің біздей өкшесімен сызып тұрған жеріне қарап алды. Әлия жымия қайырды жауабын:

- Амандық болса табысты болатындығыңызға сенемін ғой!

- Мен өзім табысты болатындығыма сене қоймағандықтан тілектестікке шақырып тұрмаймын ба!

Беттанысым көз астымен күлімсірей қарап алып, дөңгелек қара көзін төмен төңкеріп әкетті. Ашық жауабын тағы да Әлия қайырды:

- Социялизм міндетіне бірінші болып аттанған сізге тілектес болмай, кімге тілектес болмақпыз. Бірақ, табысты болудың негізгі талабы ізденушінің өзінен болмай ма! Біздің тілектестіктің белгісі болар деп мына аз ғана жолдығымызды әкелдік, қабыл алыңыз!

- Сіздердің де жолдарыңыз болсын, рахымет қарындастар! -деп қалдым. Бұл қайшыкез «тілектестігіме» көңіл бөлмеді Әлия, қолтығындағы қағаз қобдишасын арбадағы үлкен сумкамның қасына апарып қойды. Қайталай амандық тілеп қайрылып, қош айтысты да артына бұрыла берді. Ал, беттаныс күлімсірей бас иіп тастап жүріп кетті. Ақ кофта үстіне киген шап-шақ қана қызыл күрең сарапан, бар көркемдігін паш еткендей. Артынан қарап тұрып қалыппын. «Суреттегісінен де сұлу екен-ау!» деп жібердім. Бірақ, Әлияға туыстық жағынан бір жақындығы бар тәрізді. Ол суретінің тартпада жасырусыз қала бергені есіме енді түсті. Әлияға сонысын қайтарып алуын тапсырайын деп оқтала бергенімде, ақ жүзін қайыра жарық еткізді жас сұлу. Ол қарағанда аңдып келе жатқан қарт сұлу да қарай қалды. «Кінәрәтсіз жас жанға соққы бергендей ол суретті қалай айқайлап қайтарамын» деген ыңғайсыздықпен кідіріп қалып едім. Жасы кәрісінен енді артта қалыңқырай қойып, ұрланып қарады маған. «Көңілінде кінерет жоқ емес екен-ау, әуіре болмасын, айтып-ақ жіберейін, Нұрияшымды қалай қиярмын бұған!» деген оймен қолымдағы партпелді арбаға лақтыра салыппын. Жас сұмның бұл ұрлығын қарт қарақшы тағы да сезе қойғандай, қайрылып қарап жымиды маған. «Дүниеде Мақпалдан басқа ешкім жоқтай көруші едің, көзіңді суырды ма, бәлем, қалай екен!» деп күлгендей сезілді. Көзім сурыла қоймаса да арттарынан сүйреліп қылмыс таба қойғанын енді білдім. «Ей Әлия!» дегенімше қос сұлу қақпадан шығып ғайып болды. Қызмет бөлмеме жүгірдім. Тартпада қалған суретті Әлия отыратын столдың тартпасына сүңгітіп жіберіп қайттым.

Айыржап келісімен арбакеш делбе қақты. Ойыма орала берді Әлияның «төлеуі». Күншіл сайқалдың осы сұлуды шындығында Мақпалдың орнына төлеу үшін емес, қылмыс төлдеу үшін тапқанын ұқтым, онысын осыншалық қызыл жілік, албарынды-жалбарынды болып көрістіруінен де айқындалмады ма. Сол күндесінен үш ала түсу үшін, одан менің жүрегімді айырып, мүлде ұмыттыру үшін осындай аса шырғаға тартуы керек қой. «Мені өзіне қайта қарата алмаған сайын қозданған күндестігі тіпті өзінің намыссымағын да құрбандыққа шалып, жеңгелікке түсіріп, өзін қор етуін қарашы!» деген оймен жымидым. Күншілдік деген азғындықтың анасы екен-ау, неткен зәрлі у еді! -деп күрсіндім.

Әлияның бұл жайын әлгі нәзік бикеш білмейді. Мені аспанға көтеріп, төндіре мақтағанына шынымен иланып, танысу үшін-ақ келген сияқты. «Көсемінен» жасырып қалай-қалай қарайды маған!... Байдың сұлуларын кедей белсенділеріне жаутақтатқан заманға қалай алғыс айтпассың! Және мен «көмөнес», социализм коллективін ұйымдастыруға осы аймақ бойынша бірінші болып аттанған «компартияға ең сенімді көменес» болып көрінуім қалай жаутақтатпасын! -деген ойға келгенімде күліп жіберіппін. Айыржап бір қарап қана қойды мұныма. - «Маған тиген бай қызына осы көменестігіммен зор бақыт орнататын, тіпті таптық жазадан әкелерін де құтқаратын «үлкен мәнсап иесі» болатындығымның мүмкіндігі көрініп тұрмай ма! Бұл жайт қалай жаутақтатпасын, бұйра басымды нұрдай көрсеткен-ақ шығар!» деген оймен қарқылдай күлдім.

- Не болды, Биға? -деп Айыржап таңырқай қарады. Бұған жауап боларлық бір сөз тіліме орала кетті:

- Байбосын дейтін әлгі бір район қатшысы бар ғой, соған жақында бір байдың қызы ұнататындығын айтып хат жазған екен. Байбосын ол хаттың шетіне «саған үйленіп өмір тарихыма дақ түсірмеймін!» деп «бұрыштама» жазып қайтарыпты.

- Дұрыс! -деді Айыржап күліп. - Таптық қарым-қатынас жағынан ондай некенің кір жұқтыруы мүмкін, ал, таптық көзқараста қыздың өзі дұрыс майданда болса, мәселен, сенің Мақпалың сияқты өз семиясында езгіге, феодалдық зорлыққа ұшыраған қыз болса, Байбосын жауапты олай жазбас еді.

Күрсініп жібердім. Мақпал ауызға алынғанда, қарсымыздағы тау жақтан соққан салқын ызғырықтан көзді жұма отрып қалғуға кірістік. Құрыштаған сол ұйқыдан айыққысы келген Айыржап, үлкен қапшығынан бір құмыра арақ шығарды. Менің есіме бикештердің жолдығы түсті. Оны ашып конфет алдым. Бір бөтелке Совет кониегінің астынан бүктеулі хат шықты. Айыржап ұсынған құмырадан екі қылғып жібердім де, каласканың арқалығына шалқалай жатып оқыдым. Әлияның жазуы: «аты Әсия, орта мектептің тоғызыншы класын бітірген. Бұл да Мақпалға ұқсас жақсы оқып жүр еді. Ата-анасы өздеріне жақын келетін бір байдың ұлына бермек болып, Мақпалға ұқсас мұны да зорлауға кірісіпті. Сізге сыртыңыздан таныс екен. Бұл жердегі қызмет жағдайыңыздың бәрін біледі екен. Мен айтқанымда сыртыңыздан соншалық жақын таныстығын білдірді. Қайтып келгеніңізде сөйлестіремін! Мені кешіріңіз, ықтияр өзіңізде ғой!...»

Хатты өз қалпымен бүктедім де, партпелімнің бір қалтасына тыға салдым. Түске көтеріліп қалған күн шары бадырая қарап, қарсымыздан соққан жел ызғарын сындыра бастады. Қыс қыспағынан «талықсып қалған» сұры дала есін енді жиып, күн нұрына шерін шерткісі келгендей демін күрсіне алып, өксіп жатқандай сезілді.

Біздің ұйымдастыруға келген кентіміз Сарбұлақ деп аталатын. Оны «Сарыбұлақ» атандырып қойған шығыс жақ қатарындағы екі бұлақтан су ішетін бір ғана жаңгөдей[1] негізгі иесі болған отыз үйлі кент ол бөгеуден бергі тұмалардан ғана там-тұмдап күн көріп келіпті. Үш аймақ төңкерісі жеңіп, жаңгөдей помещиктің ерекше құқығынан жерлік халық құтылғанда, су да құтылды. Жазда үзілмей ағатын болған сол бұлақ, маңайы көк жасаңға айналып қалса да, әліге дейін «Сарыбұлақ» аталық келеді.

Тұралап келген тұрғындары екі-үш жылдан бері ғана қоңторғайлықтан құтылып, жейтініне жетсе де жегіміне әлі де толық жете қоймапты. Көпшілігі соқасы мен тіс ағашына бұзаулы сиыр, құлынды бие, тайынша жегеді екен. Күш көлігі мен бұлығы барларын тізімдеп кеп жібергенімізде, он шақты отбасы ғана шықты. Олардың жетеуі орта, үшеуі ғана жоғары орта егінші қатарына жетіп келеді екен. Әйтеуір күштері серіктессе сол кенттегі егілуге тиісті жерді түгел меңгеріп әкете алатындығын есептеп шығардық.

Егіс уақыты мен жиым-терім кезінде күш бірлестіруге көндіре алсақ болғаны, Сарыбұлақ, егінсіз үй жоқ, тұтас жасыл бұлаққа айналады екен. Тұрмыс жағынан әл-ауқаты жасыл бұлаққа да, егіншілердің тілек-мұратын бірлестіретін асыл бұлаққа да айналады. Біз үшін ең зәруі осы соңғысы, яғни бұл бұлақты осы өңірдегі егіншілердің көзіне көрсетіп, коллективизмдік аң-сананың бесігіне айналдыру еді. Істі алдымен осындай идеологиялық тәрбиемен бастадық. Әрбір отбасымен жеке-жеке де, бәрінің басын қосып та әңгімелестік. Серіктесудің пайдасын көздерімен көрмей көне қоймайтын ұсақ меншік ережесі бойынша есептеп те көрсеттік. Күш көлік пен құрал-сайман жағынан жақжұты кедейлері құлшына кетті бұл есепке.

Ал, өзіндік егінге күші жететіндері, әсіресе жоғары орталар нараулай тыңдады. Бұларға лайықты нәсихатты күшейте түстік. Құрал-сайман, күш-көлік жағынан көбірек күш қосқандары қол күштерінен де көбірек пайдаланады, салыстырмалы түрде көбірек егеді ғой. Оның үстіне, өз күшіне қарағанда сол көбірек егінін еккенде тез егеді де, жиғанда тез жияды. Табиғи апаттан көп зияндалмай, мол өнім алу - күш серіктестірудің негізгі абзалдығы екендігін еселеп-еселеп түсіндірдік. Бір аптада кеңірдегімізді құрғатып, жағымызды сорайтып болған осы кеңесімізбен бәрін көндірген сияқтымыз. Мектептің үлкен бөлмесіне алғашқы үлкен жиынымызды ашып кеп қалдық бір күні. Разылық дауыстар көтеріле, түгел құптап еді. «Енді өзіміз кеңесіп, өзара келісіп алайықшы!» -деп күбірлеп қалды көсе сары шал. «Өзіміз кеңесейік» дегенді көпшілік тағы да түгел құптай дауыстады. Бір сағатқа келісіп шыға беріп едік, соңымыздан қаптап ере шықты да, төрттен-бестен бөліне жөнелісті. Сарыбұлақ мектебінің маңы түгел күйіс қайырғандай күбір-сыбырға тола кетті. Сарылған ұзақ күн еңкейіп қалыпты. Кей бір топтағы күйістер кіртілдемей сартылдай бастады.

Айыржап екеуіміз жатқан мұғалімнің үйінен шәй ішіп шығуға кетіп бара жатып, тұра қалдым. Әлгі өзара кеңеске шақырған сары шалдың үйіне өткен кеште Таңқан дейтін кәрі үкірдай ауылынан біреу келіп қонып кеткенін естігенмін. Шәй ішуге Айыржапты жібердім де, күйістерден аңыс байқау үшін сол маңда арлы-берлі жүрумен болдым. Ұзын бойлы еңкіш, көсе, сары шал жоғры орта егіншінің бірі болатын. Екінші топтан үшінші топқа ауысқанын көрген көзімнің қыры сонда болды. Оның алғашқы «күйсескен» тобы бір-бірден таралып, басқа топтарға ауысыпты. Солармен бірге әзәзілдіктің де таралып жатқанын ауыс-күйістердің көбейе бастағанынан байқай қыдырыстадым.

Уақыт бітіп, мектепке қайта кірдік.

- Ал, қандай пікірлеріңіз бар, ұқпай қалған мәселе бар ма екен? -деп Айыржап сұрады. Бағанағыдай аңқылдаған мінез жоқ, көпшілік жиырыла қалғандай, жым-жырт отырып қалып еді. Ең момыны болып көрініп жүрген бір қарасақал қол көтеріп, сөйлеуге рұқсат сұрай түрегелді. Көсе сарының қарсы сөзге осы «момынды» ыңғайлап қойғанын тұспалдадым.

- Жаңа үкіметіміз кедейлердің өз үкіметі, бостандық пен еркіндікке жеткізді дейсіздер ғой шырақтарым, солай ма?... Осы біздің еркіндігіміз бар екендігі рас па?

- Рас! -деді Айыржап маған бір қарап қойып.

- Еркіндікке жеткендігіміз рас болса, мына жұрт егінді де өз еркімізбен егеміз, бірлеспейміз деп отыр. Қамқор үкіметіміз әркімнің өз қотырын өзі қасуына рұқсат етсе болғаны, Құдайға шүкір, әйтеуір, жаңа үкіметіміз помещиктерді кідіңдетпейтін болды ғой, енді күн көре алмасақ өз обалымыз өзімізге болсын!... Сөзім осы ғана.

Айыржап абыржып алақ-жұлақ қарап сөйледі жан-жағына:

- Ал, бағанағы келісімнен қандай себеппен айныдыңыздар, соның себебін айтыңызшаршы?.. Әлде азғырған біреу бар ма?.. иә, түсінбейтін, шеше алмаған бір мәселе шықты ма?

Ешқайсысынан жауап шықпай қалған соң мен сұрадым:

- Енді осы «өз қотырын өзі қасу» дегенге қарсы пікір бар ма, қане? Көпшілік бір-біріне, әсіресе көсе сарыға көбірек қарасып қойып, тағы да үнсіз қалды. Мен күлкімен қайта сұрадым. - «Өз қотырымызды өзіміз қасуға қолымыз жетпейтін шолақтарымыз көп» дейтіндер бар-еді ғой!... Ал, «өз қотырымызды өзіміз қасысақ та, қышуымызды қандыра алмайтынымыз тіпті көп. Келіңіздер селбесіп қасысалық!» дейтіндер де аз емес еді ғой!... Солай болғанда «өмір бойы қанша тырнасақ та арқамыздың қышуын бір қандыра алмай, тасқа да, ағашқа да сүйкеніп келеміз. Байдан да Құдайдан да тілеп, сол сордан бір құтыла алмадық, қанеки өзіміз бірлесіп, айызымыз қанғанша қасысалық!» дейтін біреуіңіз жоқ па?

Егіншілер бұл сөзге түгел күлсе де, әр тұстан жамырай жауап шығарды:

- «Көп суыр ін қазбайды, ін қазса жөн қазбайды»... еңбегіміз өнімсіз болып қалса, бір-бірімізден көріп бажылдаспайық!»... «Аш құлақтан тыш құлақ».. «Қойдық әр қайсынымыз өз бетімізбен - кқ көрелік!»... «Өз еркіміз өзімізде екені рас болса, болды, рахымет бұл қамқорлықтарыңызға!

- Көп суыр ін қазғанда өте жақсы қазатын мықты тәртіп, абзал ақыл тауып берсек қалай? -деп мен сұрадым.

- Шырағым, Биғаш, рахымет, қойдық енді соны, қойдық! -деп шу көтерген көпшіліктің соңында  - «бұл баяғы калхоз ғой, жаңа ұқтық!» - деп қалды біреуі. Жат таптың сүпсиқырымен айнығандықтарын енді толық түсіндім. Жіп үші көрінсе де тастай қатты түйіншектелгендіктен қатқыл тойтарыстарынан байқап, Айыржап екеуіміз бір-бірімізге күйзеле қарастық. Бір апталық жапалы үгітіміз зая кеткендей. Зорласақ өзімізге зобалаң көрінетіні сезілді, ешқандай өктемдік көрсетпей, насихаттап қана, нағыз өз ықтиярларымен серіктестіруді Лиң шужи қатты тапсырған болатын.

- Енді қайтеміз? -деді Айыржап күбірлеп. - Қалай да ұйымдасудың пайдалы болатындығын ескертіп қана ойлатып қойып, біреуіміз парткомға барып келейік пе?

- Жоқ, оны артынан көрерміз. Мен енді бір сағат сөйлейін. Мына айну, біреудің кері үгітімен пайда болғаны сезілді. Совет одағындағы колхоздасуды да жиренішті етіп, қате түсіндіріп қойған екен. Колхозға қай таптар неліктен қарсы болып бұзғыншылық әрекет жүргізгенін, колхоздардың оларды қалай жеңгенін, аса күшті фашизммен соғысқанда колхоздық коллективтің Совет одағын қаншалық құдіретке ие еткен тарихын қысқаша ғана сөйлеймін. Мына мойынсерігіміздің қасиеті осы баяндамамен айқын түсінілетін болады, қалай?... Бұдан зорлау мағынасы шықпайтын шығар?

- Осы сөзіңнен «қайтсең де серіктесесің» дегендей зорлаушылық мағына шығармай, сөйлей аламысың?

- Жай ғана әңгіме етіп шертемін, тыңдап көр!...

Айыржап түрегелді. Көпшіліктің өз ықтиярында екендіктерін қайталай дәріптеді де «Биғабіл жолдастың» аз сөзі барын айтып, тыңдауға шақырды. Егіншілер мына бұйрабас қу енді қай қырына алар екен» дегендей аңтарылыспен үнсіз қарасты маған.

-  Менің туысқан ағаларым мен інім, бес жылдан бері өздері сияқты жалданба егіншілер мен серіктесіп, қашқан бір жаңгүдейдің жеріне ортақ егін салып келеді, -деп күлімсірей бастадым сөзімді. - Сенбегендеріңіз барып көріңіздер! Мына Қарағашта ғана, Бикелді, Биғазы, Биғаділ дейтіндер! Жалшының тері мен қанын қоса сорып әдеттенген байларды сол серіктесулері арқылы малайсыз қалдырып, ызаландырып жүр. Біреуден кепсен сұрағанды қойып, қазір өздері кепсен беріп жүр. Демек, мен жалшылықтан да, жоқшылықтан да әрең құтылған, өздеріңіз сияқты семияның баласымын. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды». Сіздер осы ауылға кешегі келген қонақтың қомағай қожайынындай - Таңқан, Омарбектердей өздеріңізді торып жүрген - тонап жүрген қасқырлардың азғырындысын тыңдағанша менің, көзді-құлақты мына өз балаларыңыздың ақылын тыңдаңыздар! -дегенімде еріксіз өксіп қалып, бір кідірдім.

- Ал, тыңдадық, тыңдадық! -деп қалды бірнешеуі. Мен, іле жалғастырдым сөзімді:

- Өзі түсіне алмай жат таптың сұп-сиқырына сенген бір сорлы шалдың сөзімен айнып қалып отырсыздар. Ол шал колхоздық тұрмысты мүлде білмейтін, колхоздың жауларының сөзімен кері түсінікке ие болып қалған шал. Сондықтан колхоз туралы шындықты түсіндіру өте қажет болып қалды. Қазір мен сіздерді колхоздастыру үшін емес, тек, қате түсінікке қарсы дұрыс түсінік беріп қою үшін ғана сөйлемекпін...

Осылай басталған лекция бір сағатқа жетпей аяқтады. Сөзімнің қаншалық жеңісті болғанын Айыржаптың жадырауынан байқадым. Елжірей қарап изектеді маған. Көпшілік атынан сөйлеген бағанағы қарасақал жан-жағына жалтақтай түсті де, «сорлы шалына» қарады.

- Енді болдық! -деп дауыстап жіберді өзі. Бұл «болған» қалай болғандық екенін «сорлы шал» қалбалақтай сөйлеп түсіндірді:

- Шырағым, түсіндік, тіпті жақсы түсіндік. Сөзіңның бәріне... Әсіресе, менің рас сорлы екендігіме мойындадым. Ал, сіз айтқан кешегі қонақ менен де сорлы, ол да бұрыннан естіп жүрген өсектерін айтқан, ып-рас, үстінен түстіңіз!... Жалғыз-ақ, ол әлгі Омарбек пен Таңқанның сөзімен келген емес, өз пікірі солай... ал енді бастай беріңіздер, бар ыразылығымызбен ердік сіздерге!

- Біз ғой, мына ақсақалдарымыздың райына қарап отырғанбыз, -десті көпшілік. - Осы кісілердің айтқанымен жүретін әдетіміз болмаса, ақылдарыңызға алғашынан-ақ көнгенбіз ғой!... Енді ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірлестік!... Енді бастығымызды, қалай, қалай істейтінімізді, әсіресе тәртібімізді мықтасаңыздар болғаны!..

Ертеңіне көпшіліктің дауыс беруі бойынша сол ырықты көсе сарының өзін бастық етіп сайладық та, жеке жерлерде соны мықтап тәрбиелеумен болдық. Оған ақылшы-хатшы деп сайлағандарымыз да, бақылаушы комиссия етіп сайлағандарымыз да ыңғай кексе кедей егіншілерден болды. Табыс біткеннің барлығы ұйымшылдықта, тәртіп-түзімшілдікте екендігін түсіндіре жүріп, жер жыртуға дайындадық. Әр-бір егіншінің жер бөлігін көріп, өлшесіп жүргенімде Лиң секретар жетті. Қайын жұртына ұрын келген дәстүршіл күйеуше, алыстан жаяулап еді. Алдымен маған қарай беттеп жақындағанда күйеу сияқты емес, ондайдан бүтіндей басқаша көрінді: әскери сарыларынан таңдап, ең көп жамаулысын киіпті де, сары былғары мумкасын ат дорба сияқты ескі березен дорбаға тығып, қолына ұстапты. Жарқырауық ешнәрсе көрсетпей, кедей егіншінің дәл өзі болып көрінейін деген сияқты. Өзінің бүтіндей керісінше ыңғай былғары киінген маған салқын ғана амандасып, қысқаша сөйлесті де, егіншілерге изектеп күле өтті. Бір жақта жер өлшесіп жүрген Айыржапқа жөнелді.

Айыржапты ерте жүріп, әркіммен сөйлесті. Түскі демалыста да, кешкі қоналқыда да келмеді менің қасыма. Оған еріп тілмаш болып жүрген Айыржап, «үстімізден көрсетінді бар сияқты!» -деп бір кезі келгенде күбірлеп қана өтті. - «Биғабіл қорқытып зорлап ұйымдастырды деген сөз бар екен. Бірақ, кімнің көрсетіндісі екенін айтпады!» деп ескерте кетті.

Аупартком секретары ең кедей үйдің бидәй көжесін ішіп қонған соң, бар егіншімен жеке-жеке сөйлесіп болған соң, ертеңіне түсте бір-ақ келді менің қасыма. Ауыл мұғалімінің төр үйіндегі дөңгелек столда шәй ішіп отырғанымда екі езуін екі құлағына жеткізе күліп кірді де, төрге шақыра түрегелген менің қолымды қатты қысып, сілкіп-сілкіп жіберді.

- Құттықтаймын жеңісіңді!... Егіншілердің қайта айнығанынан кейінгі лекцияңды түгел естідім. Бәріне де өте жақсы әсер еткенсің!... Кейін бұлар копирацияласқанда да бұл сөзің естерінде болады, өте жақсы!...

Сол күні кеште сол үйге бірге қондық. Әр түрлі сұрау қойып, бар жағдайымды сұрастырып жатты. Айыржап былтырғы конференциядағы шағым сөздерден мақпалдың атын секретардың өзі жазып алғанын біледі екен. Байланып жоғалған сол қыздың менің қалыңдығым екенін айтқанда, едәуір ыңылдап ойланып қалды секретар.

- А..а, -деді бір шақта - былтыр 11-ші айда Мақпалды мен Алтай жерлік парткомға тапсырып қатынас жібергенмін. Оны сақшы мекемесі арқылы тапса, өз қамқорлықтарына алуларын өтініп жазғанмын. Тапса олар бізге хабарлайды!...

Алдынғы күні Дүйсен ағай маған келіп, «Мақпал 1 ай мөлшерінде бөле күйеуден құтылған сияқты деген тұспалын айтқан: «Сауырдан, қай жердікі екені белгісіз, сақшылар алып кетіпті». Секретар менен соны естіп, «ы----ң, табылған болса, бізге қайтарады!» дей салды да қор ете түсті.

Ертеңіне таңертең әкімнің жеңіл арбасын шоқақтатып көшіре келді. Кешке жақын шығып, жолдағы туыстарына қоныпты. Секретарға конверт ұсынды. Шинжаң өлкелік парткомның үгіт бөлім таңбасы басылған қатынас екенін көрдік. Менің Үрімжіге - оқу-ағарту меңгермесіне қызметке шақырылғанымды аупарткомға тапсырып жазыпты. Оқу-ағарту меңгермесі бірінші рет сұрағанда аудандық үкімет бермегендігі себепті партия жағынан сұратқан сияқты.

- Биғабили жолдас, сен осы арбамен қайтып, Үрімжіге жүруге дайындала бер! -деді секретар, маған райлана қарап алып, - бірақ, мен қайтқанша күте тұр!... Партия қатарына өтуге жазған өтінішің бар емес пе, мен өзім кепілдік етіп қабылдатамын. Партияға өтіп, партбелетіңді алып барғаның жақсы!..

Қолымды кеше қатты қысқан секретарымның қолын енді мен қатты қысып аттандым. Бәсе, таразыны әркім өз көкіректеріне - өз жүректеріне тіремей, осылай қалыс ұстау керек қой! -деп жымидым былай шыға бере.

Жеңімпаз тергеушім, қадамын қалай-қалай тастаған мына тарих!... Сәрсен ағаң мың құбылып, мың бұралып кіре алмай жүрген партияға илігуді білмейтін мендей «тоңмойын кері төңкерісшінің» шынымен-ақ зып бергені ме! Дүлей жұдырығыңызбен қағып тастап, қайта жазсаңыз қайтеді сол тарихты. Әділет таразыңыз осыны құптайды ғой! Қолыңыздан бұрмалауда жұлмалау да келіп жүрмей ме! Тарихты сіз жаратпай, сіздейлерді тарих жаратып, соқыр шегіне жиып сақтап келе жатқанымен ісіңіз болған ба. «Партияға сиқырлықпен жалбызбалап кіріп алған, бұл атақты қылмысын бұрып алған, зор шатақты қылмыскер» деп қондыра қоярсыз!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Жаңгөдей (айтылуында Жаңгүйді) - қытай байларын осылай атайды, қожайын мағынасында.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407