Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3031 0 пікір 5 Шілде, 2012 сағат 08:12

Cабыр ҚАСЫМОВ. Тәуелсіздік пен тәуекелшiлдік

Бүкіл әлемде дүниежүзілік жаһандану үдерістерімен қатар (немесе оларға қарама-қайшы) жер-жерлерде саяси белсенділіктің артып, халықтың ұлттық сана-сезімінің арта бастағаны байқалады. Бұл - араб елдері халықтарының оянуы ғана емес, олардың демократиялық мемлекет құруға, адамгершілікпен астасып жатқан табиғи әділетті заңдар бойынша өмір сүруге деген ықылас-ниеті.

Бүкіл әлемде дүниежүзілік жаһандану үдерістерімен қатар (немесе оларға қарама-қайшы) жер-жерлерде саяси белсенділіктің артып, халықтың ұлттық сана-сезімінің арта бастағаны байқалады. Бұл - араб елдері халықтарының оянуы ғана емес, олардың демократиялық мемлекет құруға, адамгершілікпен астасып жатқан табиғи әділетті заңдар бойынша өмір сүруге деген ықылас-ниеті. Бұл - біздің жақын көршілерімізде (Ресей, Қырғызстан) болып жатқан оқиғалар, Еуропа және басқа да елдердегі ұлт мүддесін қорғауға атсалысып жүрген саяси партиялардың танымалдығының арта түскені. Сарапшылар, тіпті, қазіргі кезде әлемнің жаңа сәулет-сұлбасының жобаланып (салынып) жатқанын да алға тартады.

Ал, қазақ халқы үшін өзі туралы нақты түрде жария ететін, өзінің ұлттық мүддесін толық ұғынатын, тарихи жауапкершілігін сезінетін уақыт келіп жетті. Қауiп-қатерге қарсы тұра алатын рухани күштердi iздестiретін және iшкi терең ресурстарды табатын уақыт келді. Тәуелсiздiк пен ұлттық жандануға масайраған уақыттың артта қалып, енді тек өз жауапкершiлiгiн ұғынатын және де заманауи бiртұтас халық, дербес ұлт болып тарих аренасына шығатын шақ туды. Қазақ халқының дүниеауи өмiр мен қоғамдастықтың, халықаралық құқықтың бiрегей және дербес субъектісі ретінде ұрандайтын кезі келді. Қазақ халқының (күллі қазақстандықтардың) іс-қимылға көшетін және сыналатын тұсы да осы шақ. Халықтың көпшілігі «темірді қызған кезде соғатын» біздер үшін уақыттың келгенін, бұл сын сағаты деп түсінер ме екен? Дәл осы тұста Міржақып Дулатовтың бір кездері «Оян, қазақ!» деп тастаған ұранының қажеттілігі арта түскендей. Өз тағдырымызды өз қолымызға алуымыз керек!

Әңгіме бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсiздiгiне, оның дербес, өркениетті түрде әрі демократиялық дамуына нақты қауіп төніп тұрғаны жайында болып отыр. Қазір біздің Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі, оның тағдыры қандай қымбат екенін түсініп бағалайтындардың барлығының «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Тәуелсiздiгiн қорғаймыз!» атты бір тудың (идеяның) астына бірігуі тиіс. Бүгінде бұл идея, осы ұран - Қазақстанның ұлттық идеясы болып табылады.

Бар мәселе Ресейдің жоғарғы саяси ортасы бiздiң көнбіс және мақұлдағыш мінезімізді пайдаланып отырғандығы.

Мәскеуде тұрып, қоғамдық ғылымдар академиясында оқыдым, кандидаттық диссертация қорғадым. Соның арқасында ондағы түрлi орталармен танысып, бірқатар мемлекеттiк және саяси қайраткерлермен тығыз байланыста болып, осы күнге дейiн жалғастырып келемін. Сондықтан жеткiлiктi көлемде мәлiметке ие болып, дұрыс және нақты шешiмдер жасауға әбден мүмкіндігім бар.

Сондықтан жеткiлiктi көлемде мәлiметке ие болып, дұрыс және нақты шешiмдер жасауға әбден мүмкіндігім бар. Сонымен қатар, достарым мен Ресей Федерациясының жетекшiлерiнiң айналасында жұмыс істейтін курстастарым арқылы маған олардың жоғарғы билік ортасында және арнайы қызмет орындарында Ұлы Ресей империясының қалпына келтiру, яғни Ресейге биік державаның мәртебесiн қайтару схемасы әлдеқашан жобаланып, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде мәлім болды.

Бұл жоспардың қауіптілігі мен екіжүзділікпен астасқан залымдығы, біріншіден, оның мақсаттарының бүркемеленгендігі мен жасырын болуы, Отанына адал және шынайы берілген азаматтардың да қырағылығын жоғалтады, екіншіден, бұл формальды-жария жоспарды қазақтардың қолымен іске асырады. Оған белсенді тартылғандар, бұл жайсыз іске лауазым бойынша қатысқан тұлғалалар туралы әңгіме бөлек. Бірақ олардың әрқайсысы әр ісіне, әр бір бастамасына, әр сөзіне халық пен тарих алдында тиісті жауап беретін кез келетінін білуі тиіс.

Көрші ел басшылығының негізгі көздегені - бейбiт түрде және мысық табандаған отарлау арқылы бірте-бірте Қазақстанды Ресейге алдымен заң және экономикалық тұрғыда, содан соң территориялық және саяси түрде байлап тастау. Қазірдің өзінде тiл және ақпарат салаларда үстемдік байқалады. Соңынан барлығы әзiр болғанында: ашық және формальды рәсімдерді өткiзу арқылы (Парламентте дауыс беру, бақылаулы референдум және тағы басқалар), немесе Қазақстанның Ресейге субъект ретiнде ерікті кiруi туралы немесе мемлекеттердiң (ССРО-ның түрi) жаңа Одағының құрылуы туралы, бiрақ iс жүзiнде Кеңес Одағы секілді қатаң түрдегі бiртұтас мемлекет құрылғанын жариялау.

Iс жүзiнде ықпалдастық жүргізудің әртүрлi жолдары байқалады. Қазақстан басшылығының, жекелеп алғанда ел басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұстанымы мемлекетіміздің егемендiгi мен тәуелсiздiгін сақтай отырып, Ресеймен бiртұтас экономикалық қаржы кеңiстiгiн құру, еркiн капитал түсiмін, тауарлар және адам ағымының еркіндігін қамтамасыз ету. Сөйтіп, бiздiң басшылық осыған дейiн жамбастап жатқан ұлттық өндірісті әйтеуір көтеруді жоспарлап отырған сияқты.

Бiрақ, ресейлiк саясатшылар мен мемлекеттiк шенеунiктерге экономикалық бiрiгу жеткiлiксiз болып тұр. Бұл олар үшiн басты мәселе емес екенi анық. Сондықтан олар өте сауатты, жоспарлы және табанды түрде алдарына қойған мақсатқа жету жолында барлық сұрақтар мен мәселелерді шешу жұмыстарын күшейтуде: жедел түрде 87 келісім дайындалып, қорытынды жасалып, бекiтiлген, 55 келiсiм қол қоюға даяр тұр (одан басқа бекiтілуге жатпайтын келiсiмдер бар), Кеден Одағы жұмыс iстейдi, бiрыңғай экономикалық және қаржы кеңiстiгi құрылды, бiздiң барлық заң және нормативтiк-құқықтық актілер ресейлiк актілерге сәйкестендірілуде, шешімі біз үшін міндетті болатын ұлтүстiлік органдар жасақталып жұмыс iстеп жатыр. Ұлт үстi органдарда қазірдің өзінде 1,5 мыңнан астам мемлекеттiк қызметкерлер жұмыс iстеуде, олар өз қызметi, функция және өкiлеттiктiң салаларын күн сайын кеңейтуде. Тіпті, олардың өз министрлері де бар. Түптің-түбінде олардың барлық жұмысы тәуелсіз мемлекеттердің егемендiгін шектеуге бағытталып жүрмесе жарады.

Бiздiң көптеген заңгерлеріміз Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк, Еуразия мен кеден одақтары, әсiресе, кең өкiлеттi ұлтүстi органдарының құрылуы бойынша жасалған келісімдер Қазақстан Республикасының негiзiн қалайтын Конституция ережелерiне қайшы келедi деп есептейді. Озық ойлы және дарынды профессор Т.Қаудыров дәрiсхананың бiрiнде Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы келiсiм шарттардың өзекті өртейтін тұстарын атай келе, бұл келiсiмдерді дайындаған Үкiмет пен оларды бекiткен депутаттар ел егемендiгін бөлшектеп сатып жатқандары үшін саяси және тарихи жауапкершiлiктен құтылмайтындығын айтқан болатын.

Мен өз тарапымнан қазақтың саяси, шығармашыл, оқыған зиялы қауымы өз бейқамдығымен, жаны ашымастығымен, қорқақтығымен, үнсіз қалуларымен біздің тәуелсіздігімізді, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын, қазақ халқының ұлттық мүддесін талан-таражға салуға үлес қосып отыр дегенді қосқан болар едім. Бүгінгі біздің іріп-шіріген зиялыларға, алдымен ойлану және не болып жатқанын түйсіну үшін, екіншіден, «дер кезінде түсінбедім, байқамадым» демес үшін жағдайды анық және түсінікті түрде жеткізу керекпіз. Біздің тәуелсіздігіміздің теңселіп тұрғанын көре тұрып, көрмегенсу - барып тұрған қылмыс екенін әркім ұғынуы тиіс. Сондықтан, «Қарабеттер тақтасын» жасап, оған тәуелсіздіктің уыстан сырғып бара жатқандығын мойындағысы келмейтін біздің академиктердің, ғылым докторларының (экономистердің, саясаткерлердің, заңгерлердің және т.б.), жазушылардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің есімдерін бадырайтып жазып қоюымыз қажет.

Егер де өзінің жеке пікірі бар және оны батыл айта алатын елге кеңінен танымал қоғамдық және саяси қайраткерлердің бағыт-бағдарына талдау жасаған болсақ, оны құрметті оқырмандар, өздеріңіз де орындай алған болар едіңіздер.

Дәйекті дәлелдер мен салмақты цифрлар келтіре отырып, нақты ғылыми талдау жасаған ғалым М.Тайжанның бұқаралық ақпарат құралдарындағы жанайқайға бергісіз өтінішін қалың көпшілік қолдап әкете алмады. Ел-жұрт онымен тек қалтарыс-бұлтарыстарда, ас үйдегі жеке әңгімелер барысында ғана бас изеп келіскенімен, шынайы қолдау білдірмеді.

Өз Отанының мүддесі мен тәуелсіздігін қорғауға келгенде Армения басшылығының өнегесі үлгі етуге тұрарлық. Ықпалдастық деңгейін жеделдетіп, Армения­ны үштік Одаққа қосылуға итермелеу үшін Ресейдің Сыртқы істер министрі С.Лавров Ереванға келіп, Премьер-министр Т.Саркисиянмен келіссөз жүргізді. Ресей министріне ол ТМД елдерімен экономикалық ықпалдастыққа ешқандай кедергінің жоқ екенін, Арменияда ұлттық доктринаның барлығын алға тартты. Осы себептен жаңа одаққа кіру егемендіктің бір бөлігін қолдан шығарып алу екендігін, тіпті, оған еш мүмкін болмайтындығы, және ақылға сыймайтындығын батыл жеткізді. Дәп сондай ұстанымды Украинаның басшылығы да ұстанып отыр.

Ресеймен (Беларусь туралы, тіпті де, сөз қозғамай-ақ қояйық) біртұтас одақтас мемлекет құруды жақтайтын біздің министрлердің келтіріп жүрген барлық дәлелдері ақымақтық деуге қимасақ та, езуге күлкі үйірер аңғалдық екені анық. Олардың оңай теріске шығаруға бейім келетіндіктерін білгендіктен, мен оған тоқталмаймын. Бұл дегеніңіз қасқыр мен қоянды бірге қамап қойып, одан қорқақ байғұсқа ешқандай қауіп төнбейтінін, қай жағдайда да оған жақсы екендігіне нандыруға ұқсас нәрсе ғой.

Оған қоса, 2012 жылғы қаңтардан бастап біз заң жүзінде (демек, саяси түрде де) экономикалық тәуелсіздігімізді жоғалта бастадық. Енді мұнайға, азық-түлік пен басқа өнімдердің көтерме бағасын реттеу қағидаттары мен әдістеріне шешімді Қазақстан Үкіметі үшін міндетті болып табылатын Одақтық орган белгілейтін болады. Бұл біздің мемлекеттілігіміздің іргетасы экономикалық қауіпсіздігіміз бен Қазақстанның тәуелсіздігі болып бекітілген Конституциямызға, біздің еліміздің заңдарына анық қайшы келеді.

Өкінішке қарай, біздің бейқам жұртымыз, Қазақстанның «зиялы қауымы» еліміздің Ұлттық банк төрағасы Г. Марченконың осы лауазымға қайта оралғаннан кейінгі өзінің бірінші баспасөз мәслихатында журналистердің бірінің: «Бірыңғай валюта енгізіле ме, егер де енгізілсе, қашанға жоспарлануда?», - деген сауалына: «Иә, мүмкін, шашамен бес-жеті жылдан кейін», - деп нақты жауап бергеніне ешкім шынайы назар аударған жоқ. Ұлттық банк Төрағасы мұндай пікірлерді өз бетімен айта алар ма еді?

Осыған байланысты белгілі саясаткер және үздік талдаушы-экономист П.Своиктің Ресей және Беларусьпен одаққа кіру Қазақстан үшін қалай қарасаң да экономикалық тұрғыда тиімсіз, сондықтан, бұл тек осы елдер басшыларының саяси одағы, бұл ыңғайландырылған саяси шешім деп әлденеше рет айтқан мәлімдемесіне назар аударған жөн.

Өкінішке қарай, бiздiң үкiмет пен жетекшiлер тiршiлiк болмыстарын теңбе-тең және шынайы түрде бағалауды жоғалтқандықтан, одан қалды келіп түскен мәлiметтер мен ескертпе-дабылдарға мән бермегендіктен, аяққа басып, құлақ салмағандықтан, жағдай асқынып барады. Олар керең естiгiсi келмейдi, қоғамның, интеллигенция өкiлдерiнің наразылықтарына пысқырып та қарамайды. Олар ертеректе ресейлiк органдар мен ғалымдарының қорытындыларын, мәлiметтерiн пайдаланған және қазір де солай. Олар империялық көзқарастарымен танымал С.Глазьев сияқты мамандардың ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын негiзге алады.

Мәселен, солтүстiк көршiлеріміздің жоғарғы орталарындағы көңiл-күй мен ниет туралы бiздiң жетекшiлер хабардар екені, оның iшiнде біздің арнайы мекемелер де мәлiмет бергені маған белгілі. Осындайда Сталиннің соңғы әлемдiк соғыстың алдында немiс фашизмінің болашақ қауiп-қатерi туралы тиiстi мөлшерде сезiнбегені, мәлiметтерге мән бермегені еріксіз еске оралады.

Ресей билігі мүмкіндігінше бұрынғы Кеңес Одағының аумағында біртұтас мемлекет құру немесе қайта туғызу жөніндегі насихаттық, идеологиялық және ғылыми жұмысты кеңінен қолға алып келеді. 2012 жылғы 28 сәуірде Ресейдің Мемлекеттік Думасы «Ресей Мемлекеттік Думасы: еуразиялық кеңістіктегі парламентаризмнің қалыптасуы» тақырыбы бойынша халықаралық дөңгелек үстел отырысын ұйымдас­тырды. Мемлекеттік Думаның төрағасы С.Нарышкин, оның орынбасарлары, саяси партиялар фракцияларының, комитеттердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, белгiлi қоғам қайраткерлер, атсалысты. Жалпы дөңгелек үстел тақырыбының өзі жақындап қараған-да көптеген сұрақтар туындатады.

Өз сөздерінде ресейлік саясатшылар, депутаттар, ғалымдар Кеңес Одағының ыдырағаны - бұл дұрыс емес, қате шешім деген тұжырымға тоқталды. Барлық бұрынғы одақтас республикалардың жағдайы нашарлағанын және егемендiк пен тәуелсiздiк адамдарға еш жақсылық әкелмегенін айтты. Басқаша айтқанда, олар біздер үшін, яғни, қазақстандықтар үшін қандай мемлекетте өмiр сүру керектігін, тіпті, не ойлауымыз қажет екендігін, қысқасы, біз үшін бәрін шешіп қойыпты. Олар Еуразия Одағының кеңiстiгiнде жоғарғы заң шығару органы болып табылатын Еуразия парламентiн құруды ұсынады. Олар қаймықпастан ғалымдарды, саясатшыларды, БАҚ-ты өз идеяларын және ұсыныстарын белсене қолдауға ашықтан-ашық үндеп отыр. Сол тақілеттес акциялар мен іс-шараларды да қазiр көптеп өткiзуде. Олардың бұл саясаты В. Путиннің қайта туған Ресейлiк империяның басшысы болып сайлануына байланысты үдете күш алатын түрі бар.

Әрине, бұдан да қиын, бұдан да күрделi жағдайлардың өзінен жол тауып шыға білген басшымыз Н.Ә.Назарбаевқа арқа сүйеймiз, зор сенім артамыз. Бiз оның мол тәжiрибесіне, халықаралық мәртебесіне және басқа мемлекеттердiң жетекшiлерiмен жасалған байланыстарына үмiттенемiз. Біздің Елбасымыз Еуразиялық Одақты жедел құруға күш-жігермен кіріскендерге тоқтау сала бастағаны үміт отын жағады. Бірақ бұл жолы қалай болар екен?! Осы мәселе бойынша Ресейдің орасан зор күштерi жұмыс қа кіріскен деп жүр. Арнайы қызмет орындары, тiптi, мафия және бүгiнгi ресейлiк генералитеттiң ықпал ететін бөлiгi де жұмылдырылған деген әңгіме бар. Осы тұста өзін демократ және мемлекеттiң жетекшiсi ретінде дискредитациялаған және көршi еуропалық мемлекеттерден толық оқшаулануға тап болған Лукашенко орнын сақтап қалу үшін кез келген қадамға баруға бар. Бақылаушылар мен сарапшылар бұл жолы «батьканың» Ресейдің астына толық жатқанын айтады.

Сарапшылар бiздiң Президентке ресейлiк державаның саяси және мемлекеттiк элитасының қуатты қысымына жалғыз өзінің қарсы тұруы өте қиынға түседі деп болжайды. Сондай-ақ, олар басқа да факторларды алға тартқылары келеді. Дей тұрғанмен, бұл жерде өз Отанын, ел тәуелсiздiгiн қорғауға жаппай халықтың қолдау білдіруі қажет, жаппай халық қозғалысы қажет. Бұл жерде бүкіл елдің бірлігі маңызды роль атқарады.

Тарих-тағдыр Қазақстан халқына мемлекеттiк бостандық пен тәуелсiздiкке, ата-бабаларымыздың арманын iске асыруына мүмкiншiлiк бердi. Елбасы Н.Назарбаев халықаралық озық күштердің, әсiресе, Б.Ельцин бастаған Ресей демократтарының арқасында Қазақстан өз егемендігіне ие болды. Және бiз қандай бір қысымдар мен байбаламдардың немесе алдап-арбаулардың ырқында кетпей, өзіміздің Отанымызды, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтай білуіміз қажет, тіпті, олай істемеске бiздің құқығымыз да жоқ.

Бүгiн біздер, Қазақстанның әрбiр азаматы, халқымыздың әрбiр адал ұл-қыздары, өз ар-ұжданымыз бен тарихтың алдында «Біз ғасырлар бойы Қазақстанның бостандығы мен тәуелсiздiгі және аймақтық бүтiндігі үшін бел шеше күрескен ұлы бабаларымыздың ұрпағы атануға лайықпыз ба?», - деген сауалға жауап беруiмiз керек. Бүгiн Қазақстанның әр азаматы, әсiресе осы тәуелсiз 20 жыл ішінде (мемлекеттiк құрылымдар, ұлттық компаниялар) қызметінде, ғылым, мәдениет және өнер салаларында, қоғамдық майданда, кәсiпкерлiкте өздерiн жүзеге асыра алғандар Қазақстан алдындағы адалдығына тест тапсыруы тиіс! Олар шетелге қашып кетпей, ел алдындағы өз мiндеттерiн орындауы, тәуелсiз Қазақстанның алдындағы өз парыздарын өтеуі, қайтаруы керек. Қазір мен осы тәуелсiз жылдар ішінде әр-түрлі себептермен табысқа жете алмаған, тұрақты жұмысы және тұратын үй-жайы болмай, әдiлетсiздiкке ұшырап, шенеуніктер мен сыбайлас жемқорлардың озбырлығынан азап шегіп бейнет тартқан, бүгiнгi өкiметтiң оппоненттерi болып табылған өз отандастарым мен ағайындарыма: «қиын болса да бүгiнгi ауыртпалықтардан жоғары дана болыңыз, өз мәселелерiңіз бен iске аспаған армандарыңыз туралы ғана емес, бiздiң талай азап шеккен халқымыздың тағдыры туралы, «мың өліп, мың талай тірілген» қазақтың тағдырын ойлаңыз, туған еліңіздің мүддесін өз немесе отбасыңыздың мүддесінен жоғары қойыңыз!» демекпін. Ерлiк танытыңыз! Жәбiр көріп жабырқаған сәттеріңіз бен ұтылғаныңызды ұмытыңыз! Бәріңіз бiрiгiп Қазақстан Тәуелсiздiгін қорғауға шығыңыз! Әдiлетсiздiк кетедi, «шешілмейтін» мәселелер шешіледі, өкiмет алмасады. Сiздiң даналығыңызды, батырлығыңызды, Қазақстан мен қазақ халқының алдындағы адалдығыңызды дұрыс бағалай алатын жаңа ұрпақ келедi. Сол қасиеттi баға мен мақсаттан жоғары ештеңе болмайды!

Редакциядан:

Бұл мақала М. Тайжан бастаған 10 жас саясаткердің мәлімдемесіне дейін әзірленген болатын. Қоғам қайраткері С.Қасымовтың негізгі мақсаты, бірқатар бағыт-бағдары «Ондықтың мәлімдемесімен» үйлесімді үндеседі.

 

Cабыр ҚАСЫМОВ,  қоғам қайраткері

ҰЛТ TIMES 24 МАМЫР 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340