Бейсенбі, 2 Желтоқсан 2021
1022 2 пікір 23 Қазан, 2021 сағат 14:14

Абаев: Тәліптермен келіссөз жүргізу ақылға қонымды

Қазақстан президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев қазақстандық дипломаттардың радикалды "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) өкілдерімен кездесуіне байланысты пікірін айтты.

Абаев Ауғанстан билігіне тәліптердің оралуын "ең қолайлы сценарий" деп атай алмайтынын, бірақ "өзге кейбір топтармен салыстырғанда оны ең нашар нұсқа" деп те айтуға келмейді деп санайды.

"Тәліптер көрші мемлекеттерді жаулап алуды жоспарлап отырған жоқ, соның өзі жақсы" деді Абаев "Ашық диалог 2.0" бағдарламасы кезінде.

Оның айтуынша, "Ауғанстанда экономикалық жағдай ушығып, тәліптер режимі құласа, оның орнына одан да радикал топ "Ислам мемлекеті" келмейді деп ешкім кепілдік бере алмайды".

"Осы тұрғыдан алғанда, "Талибанмен" келіссөз жүргізу – оны жасамағаннан гөрі әлдеқайда ақылға қонымды шешім" деді Абаев.

Жуырда Қазақстан президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы уәкілі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация Кабулға барған. Президент әкімшілігі жетекшісі орынбасарының пікірі осы сапардан кейін жарияланып отыр. Тамыз ортасында тәліптер Кабулды басып алғалы бері қазақстандық делегация алғаш рет Ауғанстан астанасына барып отыр.

Кездесу кезінде уәкіл "Талибан" әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және сауда-экономикалық қарым-қатынасты қалпына келтіру мәселелерін талқылаған. Қазақстандық дипломаттардың әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Атап айтқанда, кей сыншылар бес мың тонна ұнды Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберуді терроризмді қаржыландыру ретінде бағалаған. Одан бөлек, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі мен мемлекеттік телеарна тілшісінің қарулы содырлармен бірге түскен суреті де резонанс тудырды.

"Гуманитарлық апат ауғанның өз ішіндегі мәселе ғана емес. Екінші жағынан алып қарағанда, "Талибан" қозғалысына салынған тыйымды да ала алмаймыз. Бұл азаматтарымызға осы ұйымның мүшесі болуға рұқсат бергендей әсер қалдырады. Бұл қазіргі кезде ақылға қонымсыз шаруа" деді Абаев.

Қазақстан Жоғарғы соты 2005 жылы 15 наурызда "Талибан" қозғалысын террористік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Ауғанстан билігін басып алған ұйым 7 қыркүйекте жаңа үкімет құрамын жариялаған. Министрлер кабинетінде бірде бір әйел жоқ, басым бөлігі терроршылар тізіміне енген "Талибан" содырларынан құралған. АҚШ тәліптер үкіметін уақытша немесе ауыспалы кабинет деп атаған.

Abai.kz

2 пікір