Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3839 10 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 11:04

Кімге сенеміз: Маминге ме, Мусинге ме?..

Қазақстан Республикасының премьері Асқар Мамин елімізде 99 пайыз елді-мекен интернетпен қамтылғаны жайлы айтқан болатын. Премьер бұл туралы 2021 жылдың 5 ақпанында, Алматы қаласында өткен «Digital Almaty» форумында айтты. Ел премьері былай деген еді:

«Цифрландыру экономика саласында да, адам өмірінде де өте маңызды мәселе екенін айта кеткен жөн. Барлық жерде жұмыс, білім беру саласы қашықтан жалғасып жатыр. Бұл цифрлық экономиканың айтарлықтай маңызды екенін көрсетеді. Пандемия Қазақстанның экономикасы тұрақты екенін көрсетті. 2020 жылы Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша 29 орынға тұрақтады. Біз ары қарай да цифрландыруды дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біз қазіргі таңда мемлекеттік органдарды толығымен цифрландыру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Ақпарат жинау және анализ жасау жолында цифрлық инновацияларды қолдана отырып, жаңа жүйелерге жол бастайтын боламыз. Алдағы бес жылда Қазақстанның барлық облыстары мен аймақтары 5G интернетпен қамтамасыз етілетін болады», – деп сөйлеген.

Ол сондай-ақ: «Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қол жетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша күш-жігерімізді жеделдеттік. 2020 жылы біз 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желілерін салудың МЖӘ жобасын аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды, бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», – деп мәлімдепті.

Әрине, 99 пайыз интернетпен қамту деген сөзді көпшілік күмәнмен қарсы алды. Себебі қалалық аймақтардан басқа елдімекендерде интернеттің сапасы көңіл көншітпейді. Қаладан қырық шақырым шыққаннан кейін, интернеттің «Е» белгісі көзімізге оттай басылады.

Маминнің сөзіне Мусиннің ақпараттары қарама-қайшы.

«Бүгінгі цифрландыру ауылдық деңгейге жету үшін оларды интернетпен қамтамасыз ету керек. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында біз 1257 ауылға оптика тартып, 928 ауылға мобильді интернет тараттық. Бүгінгі таңда жалпы 5 332 елді мекенге интернет берілді. Бірақ, олардың ішінде сапасы төмен интернет бар. Оларды зерттеу үшін өзіміздің стандарттарымызды бекітуге тура келді. Өйткені, бұрын сапа параметрлері жоқ еді. 3G бар маболды. «3G бар» деген сөзді қабылдадық. Осы орайда, шетел тәжірибесіне сүйеніп, сапаны анықтайтын ең төмен параметрлерді белгіледік. 3G үшінбір мегабит, 4G үшінбес мегабит», – деді Бағдат Мусин. Мусин еліміздегі интернеттің сапасы да төмен деп отыр. Министр мүлде интернет жоқ ауылдық аймақтың саны мыңнан асатынын да атап өткен.

«Осыдан 1178 ауылдық жер мүлдем интернетсіз қалып отыр. 2024 жылға дейін «Қазақтелекомның» еншілес компаниясы «Востоктелеком» «250 минус» бағдарламасының аясында 561 ауылдық жерге интернет тарататын болады. Сондай-ақ, екі жыл ішінде төмен орбитадағы спутниктер арқылы 617 ауылдық жерге интернет таратамыз», – деп қосты Бағдат Мусин.

1178 ауылдық аймақтың интернетсіз отыруы Мамин мырзаның 99 пайызына қарама-қайшы көрсеткіш қой. Әлде, 1% елді-мекеннің саны ма? Елімізде 7 мыңға жуық қала, ауыл, кент пен қалашық, аудан орталығының барын есепке алсақ, бұл айтарлықтай көп көрсеткіш.

Министр Мусиннің сөзін Білім және Ғылым министрлігінің статистикасы да қуаттап отыр. 2020 жылы пандемиялық шектеулерге байланысты ЖОО, колледж, мектеп оқушылары мен студенттері қашықтықтан және онлайн форматта өте бастады. Бейресми деректер бойынша интернет жылдамдығының нашарлығына байланысты 2,6 млн білім алушы қашықтықтан білім алуға мәжбүр болған. Оның онлайн форматқа жатпайтынын ескерсек, ұстаз бен білім алушы арасындағы тікелей байланыстың жоқтығын есепке алсақ, білім сапасының қаншалықты төмендегенін ойлай беріңіз.

Еліміздегі интернет жылдамдығына киберспортшылар да наразы. Қазақстандағы интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты қазақстандық киберспортшылар өзге елдерге барып жаттығуға мәжбүр. Әсіресе Ресей мен Шығыс Еуропа елдеріне. 2018 жылы тіпті еліміздің киберспортшылары министр қызметінде болған Абаевқа Counter-Strike және Dota2 ойындарын ойнауда интернет жылдамдығының тым баяулығы мен сигналдың жиі үзіліп кететініне шағымданған болатын.

Еліміздегі интернет жылдамдығына қатыстырейтингтер де жақсы көрсеткішті емес дейді. Мысалы 2021 жылдың рейтингі бойынша, Қазақстан интернет жылдамдығы секундына 30,18 мегабит жылдамдықпен 80-орынға тұрақтаған.

Интернет жылдамдығы мен интернеттің таралу қарқыны бойынша премьер мен министрдің сөздері екі түрлі. Кімге сенеміз, Маминге ме, Мусинге ме?

Ка Мырза

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560