Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 5896 1 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 13:27

Мұқағали Мақатаев және Шыңжаң қазақ поэзиясы

ҚАРАСАЗДАН БАСТАЛҒАН «МҰҚАҒАЛИ КЕРУЕНІ»

НЕМЕСЕ
РУХАНИ БАЙЛЫҚТА ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ

Сонау бағзы замандардан есімі бізге жеткен Сыпыра жыраудан басталып ХV ғасырдағы Асан қайғыға одан бергі от ауызды орақ тілді Махамбет пен албан Асанға дейінгі сан ғасырға ұласқан қазақтың жыраулық поэзиясын айтпағанда жазба поэзиясы Абайдан басталатын қазақ поэзиясы ұлы Әуезовтің сөзімен айтқанда, қайғы шер мен нәзік сезімнің ақыны Мағжан мен дауылдай өрте тиген Қасым, сыршыл да, мұңшыл Мұқағали, жұмбақ Жұмекен, асқақ махаббаттың жыршысы Жұматай болып жалғасып керуен тартты...

Өзінің сыршыл да, мұңшыл, шыншыл поэзиясы арқылы мыңдаған, миллиондаған оқырманның жүрегінен орын алған ғажайып ақындардың бірі Мұқағали әлем оқырмандарымен қазақ болып, қазақтың қара өлеңі болып тілдесіп сырласты. Бұл оның мәңгілік поэзиясы мен «күпі киген қазақтың қара өлеңінің» құдіреті еді. Мақатаевтың өзі де «қара өлеңі қазақтың құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» демей ме?..

Қытайдағы қазақтарға Мұқағали Мақатаев шығармалары өткен ғасырдың елуінші жылдардың ортасынан бастап жете бастапты. Алғаш рет 1954 жылы «Шынжаң искуствосы» журналының бас редакторы Бұхара Тышқанбаев осы журналдың 6 нөмерiне сол кездегі жас ақын Мұқағали Мақатаевтың бiрнеше өлеңдерiн басқан. Содан соң араға көп жылдар салып барып, Мақатаевтың поэзиясын шекараның арғы бетіндегі миллионнан астам қазаққа қазақта «Мұқағали Мақатаевтай» ғажайып талантты ақынның болғанын жеткізген қазақтың белгілі әдебиетші ғалымы, қызыл империяның кезінде-ақ Қазақстанда алғаш рет Шығыс Түркістан әдебиетін, ондағы ұлт-азаттық идясын зерттеген ғалым Тілеужан Сақалов болса, алғаш рет Мақатаевтың жыр топтамасын құрастырып, оған алғысөз жазып, баспадан шығарған сондағы қазақтың талантты ақыны, атақты баспагер Тәліпбай Қабаев екенiн, ал өзінің ғажайып зердесі арқылы ел ішіне кең таратқан Мұқағалидың рулас туысы (ұлы жүз Албан – Алжан– Сырымбет) белгілі халық ақыны Тоқтасын Байсал болғанын бөліп, қадап айту парыз екенін естен шығармаған дұрыс болар еді.

1985 әлде 1986 жылдың соңын ала Совет одағы мен Қытай сынды ірі империяның арасындағы қырғиқабақтық жұмсарып, сең бұзыла бастаған кезде сол кездегі советтік Қазақстаннан Қытайдың Шыңжаң автономиялы аймағына сапарлай барған Тілеужан Сақалов сол сапарында Шыңжаңдағы қазақ интеллигенциясының Құрманәлі Оспанов, Тәліпбай Қабаев, Әлімжан Қатбаев, Оразанбай Егеубаев, Рахметолла Әпшеұлы, Нығымет Мыңжани, Бұлантай Досжан, Жақып Мырзахан, Шәкен Оңалбаев секілді белгілі өкілдерімен кездесіп, ел мен жердің, әдебиет пен мәдениеттің жайын сөз етісетді. Ел мен жерді аралаған өзі өнерпаз, өзі әдебиетші Сақалов сондағы елге, бауырға деген сағынышын Тілендиев пен Мақатаевтың атақты «Саржайлауымен», Мұқағалидың  отты жырларымен жеткізеді. Қазақтың Қарасазын, Шалкөдесі мен Іле басын, Алатаудың баурайын, Жетісудай жер жәннатын, Мұқағалидай ақынды жырға қосады. Қазақта, Алматыда Мұқағали Мақатаевтай ұлы ақынның шеңберге сыймай өткенін, Мұқағали жырының, қазақтың қара өлеңінің құдіретін көсіле отырып әңгіме еткен Тілеужан Сақаловтың айтуындағы Мұқағали ақын өлеңдерін, оның өлеңдеріне жазылған әндерді, «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Таңжарық пен Нүриланың айтысы» сынды қазақ айтысының ғажайып үлгілерін осы Сақаловтың даусымен үнтаспасына түсіріп қалады. Бұл жазбалар бірден-бірге көшіліріп, Шынжаңдағы қазақтардың арасына ауызша да, жазбаша да кең тарап кетеді. 1988 сәуірде Шыңжаң автономиялы аймағының орталығы Үрміжіден Шыңжаң жастар баспасынан осы баспаның бас редакторы, аға редактор, белгілі әдебиетші ғалым Тәліпбай Қабаевтың құрастырып, алғысөз жазуымен Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып баралы» жыр топтамасы (кітаптың атын құрастырушы қойған) басылып шықты. Бұл Мақатаевтың Қытайда басылған тұңғыш жинағы.

Мақатаев поэзиясына таңдана, тамсана қараған сондағы әрбір қазақ сондай бір ыстық ықыласпен, зор махаббатпен таласа-тармаса оқыды. Жыр топтамасына жазған кіріспе сөзінде: «Мұқағали Мақатаев советтік Қазақстанның Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Қарасөз деген жерде туыпты. Көл-көсір дарынды Мұқағали Мақатаевтың шығармаларының алтын қазығы адамдық адал ар, туған атамекен, күллі жер шары іспетті. Ол осының қамын қамдап, мұңын мұңдап жырлапты. Осы арқылы поэзия аспанының  жыр шолпанына айналыпты. Мақатаев шығармалары елімізге кешеуілдеп кірсе де, өзіне қас кесек бітімді ойларымен, өзгеше екпін құлпырған мәнер бедереімен кірді. Еліміз оқырмандары Мұқағали шығармаларын жатырқамайды, оны өзімен бірге туып, бірге өскен сырласындай, өзінің қадірлі қаламгеріндей ыстық ықыласпен қарсы алып, сүйсініп оқиды. Ақынның «Қаздар қайтып барады» атты бұл топтамасын «Армысыңдар достар», «Қарлығашым келдің бе?», «Мавер», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір дастан», «Өмір өзен», «Дариға жүрек», «Соғады жүрек», «Шолпан» қатарлы кітаптарынан сұрыптап құрастырдық», - деп жазды Тәліпбай Қабаев.

Осдан кейін Қытайда Мұқағали Мақатаев шығармаларын тану мен насихаттаудың дәуірі басталды. Бұл жыр топтамасы 2016 жылға дейін он неше рет қайта басылып, неше он мыңдаған таралыммен таралды. Мұққағали Мақатаевтың шығармашылық, әдеби мұрасының Шыңжаңдағы қазақтар арасында ауызша да, жазбаша да кең таралғанын жаңа бір сөзімізде айтқан болатынбыз. Өзінің ғажайып еске ұстау қабілеті мен зердесінің арқасында Мұқағали ақынның бүкіл дерлік өлең дастандарын (шамамен төрт-бес жүз) жатқа айтып, ел ішіне кеңінен жайған сондағы халық ақындарының бірі Тоқтасын Байсалұлы (1928–2016жж) болған.

Өмірінің соңына дейін әнші, жыршылық пен айтыскерлікті өзіне серік еткен, ағарту қызметімен айналысқан, бүкіл Іле өңіріндегі албан мен қызайға, алты алашқа суырып салма ақындығымен де, батылдығымен де танылған Тоқтасын ақсақалдың отбасына жақсы мен жайсаңдар, сөз ұстаған кісілер,  қазақтың белгілі тұлғалары жиі-жиі атбасын бұрып, өлең-жырмен әңгіменің тиегін ағытады екен. Солардың бірі қазақтың классик қаламгері, қазақ әңгімесінің хас шебері көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев 2011 жылдың қоңыр күзінде қазан айында Шыңжаң автономиясы Іле облысының Мұңғұлкүре ауданына қарасты Ақдала ауылында тұратын Тоқтасын ақсақалға амандаса барып, екеуара сұхбаттас болып, бірнеше күн сырласады. Қазақтың не бір эпостық дастандары мен Асан Қайғыдан, Махамбетке дейінгі қазақ жырауларының жырларын, одан бергі Абай мен Шәкәрімнің, Жамбыл мен Кемпірбайдың, Әсет пен Көдектің, Мағжан мен Сәкеннің, Ілиястың, Қасым мен Мұқағалидың, Таңжарық пен Шарғынның өлеңдерін, «Таңжарық пен Шарғынның айтысы», «Таңжарық пен Нүриланың айтысы», «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Таңжарық пен Көдектің айтысын» бірнеше күн бойы таңды таңға ұрып жырлайды. Қазақ сөзінің қаймағын бойына сіңірген, өзі от ауызды шешен жазушының таң қалғаны соншама: «Аға, қайда жүрсіз тасада қалыпсыз-ау», - дейді шыдай алмай. «Дүниеде мендей сорлы ақын бар ма, баспаға бір ауыз сөз көрінеген», - деп әннің де, айтыстың да құлагері атақты Әсеттің \ӘсетНайманбай\ жырлағанындай суырып салма ақындығымен алты алашқа аты кетіп, даңқы аспандағанымен, баспада бір ауыз сөзі жарияланбаған, бақытты да бақытсыз ақын-жырау туралы жазушы «Қазақ әдебиеті газетінде «Қазақтың соңғы жырауы», - деген мақала жазып жариялапты.

Жаңағы Тәліпбай аға Қабаев құрастырған «Қаздар қайтып барапды» топтамасындағы Мұқағали Мақатаевтың бір бөлім шығармалары Шыңжаңдағы мектеп бағдарламасына енгізілді. Атақты «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек», «Моцсард жаназасы» поэмалары мен өлеңдерінің орта, орталау сыныптарының әдебиет оқулығына (Оқу-ағарту баспасы», 1999, 2000, 2001, 2002, 2003, 2004, 2005, 2006 жж) енгізілуі Мақатаев шығармаларының шетелдерде әдеби, ғылыми, рухани айналымға түскенін көрсетеді.

«Қаздар қайтып барадыдан» кейін әр жылдары Мақатаевтың «Жылап қайттым өмірдің базарынан» (құрастырған Ұланбек Қабдолла, Іле халық баспасы, 1995 жыл), «Жырлайды жүрек» (құрастырған Нәзигүл Тәліпбайқызы, Шыңжаң жастар баспасы, 2001 жыл), «Жүрек демін алғанда» (құрастырған Мәдетхан Мұстафин ,«Шыңжаң халық баспасы, 2003 жыл), «Аққудың қанатына жазылған жыр» (құрастырып баспаға дайындаған Бақытбек Тоқтасынұлы, «Ұлттар» баспасы, Бейжің 2004 жыл),  «Аманат» (құрастырып, басапаға дайындаған Бақытбек Тоқтасынұлы, «Ұлттар» баспасы, Бейжің 2006 жыл ) секілді жыр жинақтары жарық көрді. Бұл жыр жинақтары да оқырман сұранысымен бірнеше рет қайта басылған. «Қара саз қара шалғын өлеңде өскен» Мұқағали Мақатаевтың қасиетті қара өлеңге барар жолда қара сөздің ауылына да ат басын бұрыпты. Кәдеуілгі Мұқағали шебер прозашы да болыпты. «Қош махаббат» деп аталатын прозалық жинағы соның куәсі. «Құлыптас», «Марусияның тауы», «Өзгермепті», «Әже», «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» сынды әңгіме-повестерінен, «Қош махаббат», атты пьесасынан және Мақатаевтың әр жылдары жазған әдеби сын мақалаларынан тұратын бұл кітап белгілі баспагер Бақытбек Тоқтасынұлы мен Сержан Сәрсенбайдың баспаға дайындаумен, 2006 жылы Бейжіңдегі Орталық Ұлттан баспасынан шығыпты. Сонымен, 1990 жылдардың ортасынан кейін Шыңжаңда Мақатаев туралы естеліктер мен мақалалар жинақтар дүркін-дүркін болмаса да әр кездері жарияланып тұрыпты. Ақын, әдебиет сыншысы Ыдырыс Әділханүлы мен ақын Мұрат Шаймаранұлының құрастыруымен, «Аңызға айналған адам» атты естелік эсселер жинағы 1996 жылы Іле Халық баспасынан үлкен тиражбен жарық көріпті. Кітапқа Қазақстан авторларының мақалалары таңдалып, енгізілген. Кітапты құрастырушылар «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Парасат», «Жұлдыз» қатарлы газет-журналдар мен Фариза Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» атты кітабынан пайдаланып, құрастырған. Бұл жерде белгілі Мұқағалитанушы ғалым Нұрлан Сәрсенбаевтың  «Аңызға айналған адам» атты эсселер жинағы Қытайдағы қазақ оқырмандары үшін Мұқағалитанудың алғашқы беташары болды десе де болады», - деген пікірімен келісіуге болады.

Ақын Серік Дәуітовтың құрастыруымен,  «Поэзия меніменен егіз бе едің» деген Мұқағали шығармашылығы туралы зерттеу мақалалар мен естеліктер жинағы 2004 жылы Шыңжаң халық баспасынан жарық көріпті. «Сыр сұхбат», «Естелік эссе», «Ақын образы», «Шапағатты шақтар сынды» бөлімдерден тұратын бұл кітапқа екі ел қаламгерлерінің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Бұл кітаптың ерекшелігі сонда - ақын, аға редактор Сәулет Тоқтыбаев өзінің осы кітаптың редакторы ретінде жазған алғы сөзінде: «Ірі таланттар жөнінде сөз болғанда олардың өшпес ғұмырнамасы, еңбегі, халқына сыйлаған ұшан-теңіз рухани әлемі дәріптеледі. Әсіресе олардың халықтың дүниетанымы, жан тазалығы, ұлттық кемелділігі үшін жол ашқан әрі соған бастаған кісілік өмір арнасымен біте қайнасқан ақыл-парасаты дәріптелері сөзсіз. Мұндай таланттар өзінің мәңгілік ғұмырын өз жаралтыс әлемі мен талант-табиғатын танытып, соның жолында тынбай еңбектенуге бел байлаған күннен бастаса керек. Ал сол мәңгілік ғұмырлы талант иесінің танылуы бір басқа да оны халықтың оқырманы тануы бір басқа, яғни екеуара уақыт парқымен түсіністіктің ілгерлі-кейінді өмір сүріп жататын халықтың қолда бар асылын жоғалтып алып, артынан жамырай қайта қауышатын да, кезінде таныса да қатар жүрген азаматына жай көзбен қарап артынан аңырап, бар-жоғын түгендеп жататыны сондықтан болар. Әне сонан бері қаншама уақыт зымырап, сан сорап өшіп, сан ұрпақ жаңаланды. Ғасырдан ғасырға қадам тастадық. Алайда Мұқағали Мақатаев жасампаздығының сол уақыттың шегін бұзып, өзінің байырғы қалпымен уақыт озған сайын түлеген жаңарған, құдіретті күшімен арадағы бір мезгіл саяси һәм әлеуметтік үрдістен соң Қытай қазақтарына әсіресе, 1980 жылдардың жас талап түлектеріне қайта оралды», - деп парасатты пайымдау жасайды.

Осындай тағы бір жинақ Мұқағали Мақатаев туралы естеліктер мен ақынның күнделіктерінен тұратын «Мұқағали қазақтың домбырасы» деген жинақ. Кітап Шыңжаң халық баспасынан 2003 жылы басылған. Бұл да сондағы қазақ оқырмандары таласа-тармаса оқыған кітап болғанын айту керек. Осылайша Мұқағали Мақатаевтың кітаптарымен, ол туралы жазылған естеліктер мен эсселер топталамары әр кездері басылым көріп, қолдан-қолға тарап жатты.

Қош, сонымен Шыңжаңдағы қазақтар арасында Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби зерттеулер, эссе реквиумдар сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасынан жазыла бастапты. Сұлтан Жанболатов, Сәулет Тоқтыбай, Балапар Рабат, Ыдырыс Әділхан, Нұрлан Сәрсенбай, Бақытжан Иманқұл, Нұрболат Әбдіқадыр, Кәдірбек Бердіқожаұлы секілді қаламгерлер мен әдебиетші ғалымдардың мақалалары сондағы әртүрлі әдеби басылымдарда газет-журналдарда жарияланып түрған. Шыңжаң қазақ әдебиетінің көрнектң өкілі ғалым-жазушы, профессор Сұлтан Жанболатов: «Әлемдегі күллі қазақ түгілі халық саны миллиардтан асқан Қытай сияқты өзге де елге танымал Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқағали Мақатаев қазақ поэзиясына кесек үлес қосқан қазақтың шебер, лирик ақыны. Үздік аудармашы. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы Қайша Табарақтың тәржімасымен Қытай оқырмандарына жетіп, аудиториясын кеңейтті», - депті. Қытайдағы қазақ қаламгерлері жазған Мұқағали Мақатаев туралы еңбектердің ішінен мына екі еңбекті, бірі - Бейжіңде тұратын қазақ қаламгері, сондағы Бейжің радиосының аға дикторы, әдеби-муызыкалық бағдарламалар редакциясының жүргізуші редакторы, қазақтың талантты ақыны, аудармашы, өзі композитор, әнші, Балапан Рабатовтың «Сортаң тағдыр, тарпаң талант» деген эссе реквиумын (Ұлттар баспасы, Бейжің 1998 жыл), енді бірі - Шынжандық жазушы, Мұқағалитанушы, әдебиетші ғалым Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали керуені» (Ұлттар баспасы,Бейжің 2016 жыл, Ан-Арыс баспасы, Алматы 2018 жыл) кітабын бөліп айтуға болады. Балапан Рабатовтың Мұқағали Мақатаев туралы жазған эссе реквиумнан болмысы бөлек дара таланттың «Ел мен жер» деп соққан ақындық жүрегін, аққудың қанатына жазылған жырдай сағынышын байқайсың. Хантәңрі, аспан таулар мен Алматының арасында шарықтаған ақын қиялы кәдеуілгі үйрегшікті ойларға қамалып қалмайды. Уақыт пен кеңістікті аттап өтіп еркін ой, ұшқыр сезімдермен астасқан Б.Рабатовтың эссе реквиумы өлең құсатып төгіліп жазылған. Осыдан біраз ертеректе жазылғанына қарамастан қазіргі біздің жас жаңа оқырмандарға жақын, көркем дүние секілді жақсы оқылады.

Енді бірі жаңа айтқанымыздай Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали керуені» кітабы. Нұрлан Сәрсенбаев Мұқағали Мақатаевтың мұрасын зерттеуші ғалым ретінде «Мұқағали керуеніне» барар жолға дейін он неше жылғы ізденісті басып өтті. Оның осыған дейін әр жылдары Шыңжаңдағы және Қазақстандағы әдеби басылымдарда, газет-журналдарға «Болашаққа Мұқағали керуені», «Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім», «Мұқағали», «Мұқапғали Мақатаевтың ата-тегі кім» деген секілді оншақты мақаласы жарияланған екен. Мынау еңбек сол ізденістің нәтижесі. Кітаптың ерекшелігі сонда Мұқағали Мақатаевтың шыққан топырағы, ата-тегі туралы арыдан сыр шертеді. Ақынмен қатарлас өмір сүрген Еркін Ібітанов, Фариза Оңғарсынова арасындағы өмір сабақтастығы жан-жақты сөз болады. Сонымен бірге, Қытай қазақтарындағы Мұқағалитану барысын тілге тиек етсе, Мақатаев поэзиясының сыр мен сипатын, поэтикасын ашып көрсетуге де автор өзінше құлшыныс танытқан. Біздің айтып отырған Рабатовтың да, Сәрсенбаевтың да бұл еңбектерін Мұқағалитануға қосқан үлес ретінде бағалауға болады.

Рухани байлықта шекара болмайды. Қазақ поэзиясының дат шалмас алтын қазығына айналған Мұқағали Мақатаев поэзиясының шекараның арғы жағындағы тағдыры басқа болғанмен, тамыры бір қазақтың рухани байлығына айналып, өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарындағы Шыңжаң қазақ поэзиясының көркейуіне, дәуірбөлгіш жаңа деңгейге көтерлуіне ықпалының өзі Мұқағали поэзиясының ортақ рухани байлыққа айналып кеткенінің куәсі. «Өседі өлең немесе көшеді өлең», - деп ақынның өзі жырлағандай өмір өзеннің ұлы айдынында өзінің ұлы арнасын салып, қазақтың алтын домбырасына айналып кеткен Қарасаздан басталған Мұқағали ақынның «Көш керуені», «Мен жиырма бірінші ғасырдың құрдасымын» деп өзі болжап кеткендей, жас ұрпақпен сырласып, келешекке көш керуенін түзеп, мәңгілікке көшіп барады. Мұқағали Мақатаевтың ұлы көш керуеніне бәрімізде сүйсіне қарап жаңа туған жас өскін қазақтың әр баласы қош келдің «Мұқағали керуені» деп тұрғандай. Қазақ өлеңінің ұлы көші Мұқағалидың көш керуені бошлашаққа бет алып барады.

Жанайым Ауғанбайқызы, 

филолог

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560