Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8339 0 пікір 10 Шілде, 2012 сағат 11:49

ӘРИНЕ, МҰХТАР ШАХАНОВ!..

Мұхтар Шахановтың атақты екенінде сөз жоқ. Қайда барса да, әлі күнге дейін артынан дүрмек ілесіп жүреді. Әсіресе жастар жағы Мұхтар Шахановтан қолтаңба алғысы келіп, алқалай қоршап тұрғанын жиі көреміз. Өздерін өркениетті санайтындардың мұрын шүйіретіні болмаса, оның қарапайым халық арасындағы беделі Олжас Сүлейменовтен асып түспесе, кем түспейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мұхтар Шаханов ішіне кіріп, зерттеп, зерделеп қарауға сұранып тұрған өте бір қызықты болмыс.

Біздіңше ол өзі кездескен адамның рухын қалай өзіне қаратып алуға болатынын шебер меңгерген тұлға сияқты. Сондай-ақ, халықтың да көңілін өзіне қалай аударудың әдіс-тәсілін өте жетік біледі. Біліп істесе де, білмей істесе де, оның осындай қадамдарды кездесулерде үсті-үстіне бастырмалатып жасайтыны көрер көзге көрініп-ақ тұрады. Бұл қасиет оның табиғатында да бар екені анық, бірақ өзі көп ілесіп жүрген Евгений Евтушенко мен Шыңғыс Айтматовтан да біраз нәрсе дарыған тәрізді. Рас, Шаханов оларға қарағанда қарапайымдау, халыққа жақындау. Мәселен, кездесу сайын оның аузынан түспейтін «тж»-лар мен «жепутаттар» соның айғағы. Бірақ бұл айтып отырған әңгімеміз Шахановтың беделін бір мысқал да кеміте қоймас. Қашанда халықтың тілін тауып сөйлейтін адамға ол да қажет.

Мұхтар Шахановтың атақты екенінде сөз жоқ. Қайда барса да, әлі күнге дейін артынан дүрмек ілесіп жүреді. Әсіресе жастар жағы Мұхтар Шахановтан қолтаңба алғысы келіп, алқалай қоршап тұрғанын жиі көреміз. Өздерін өркениетті санайтындардың мұрын шүйіретіні болмаса, оның қарапайым халық арасындағы беделі Олжас Сүлейменовтен асып түспесе, кем түспейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мұхтар Шаханов ішіне кіріп, зерттеп, зерделеп қарауға сұранып тұрған өте бір қызықты болмыс.

Біздіңше ол өзі кездескен адамның рухын қалай өзіне қаратып алуға болатынын шебер меңгерген тұлға сияқты. Сондай-ақ, халықтың да көңілін өзіне қалай аударудың әдіс-тәсілін өте жетік біледі. Біліп істесе де, білмей істесе де, оның осындай қадамдарды кездесулерде үсті-үстіне бастырмалатып жасайтыны көрер көзге көрініп-ақ тұрады. Бұл қасиет оның табиғатында да бар екені анық, бірақ өзі көп ілесіп жүрген Евгений Евтушенко мен Шыңғыс Айтматовтан да біраз нәрсе дарыған тәрізді. Рас, Шаханов оларға қарағанда қарапайымдау, халыққа жақындау. Мәселен, кездесу сайын оның аузынан түспейтін «тж»-лар мен «жепутаттар» соның айғағы. Бірақ бұл айтып отырған әңгімеміз Шахановтың беделін бір мысқал да кеміте қоймас. Қашанда халықтың тілін тауып сөйлейтін адамға ол да қажет.

Жо-жоқ, біз мұндай әңгімелермен ұсақ-түйек, көр-жерді термештейік деп отырған жоқпыз. Қайта қоғамда Шаханов болмысын тануға деген құлшыныстың бар екенін айтқымыз келіп отыр. Өйткені қай жерде жүрсек те қазақы ортада Шахановтың әңгімесі үнемі алдымыздан шығып жатады. Шындығында, ол Шахановтың өзі емес, Шаханов қозғап жүрген мәселелер десек, нысанаға дәлірек тиетін шығар. Тіл, діл, доктрина, кеден және жер-су аттары желтоқсан оқиғасымен қоса ту етіп көтерер тақырыпқа айналғалы қашан?

«Өлең құрау - ақындықтың көп қырының бір түрі

Тек сол үшін оны ардақтау жөнсіздеу һәм күлкілі», - деп өзі айтпақшы, ол бүгінде отты өлеңдерін қып-қызыл күреске жығып берді. Айтпақшы бұл күрес қашан және қалай басталып еді?

1988 жылы республикамызда тұңғыш экологиялық қозғалыс - Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитет құрылды. Арал мәселесін біраз жерге дейін сүйреді де. Әлем назарын Аралға аудару үшін, Американың Атланта қаласының төрінен бір-ақ шықты. Дегенмен Арал орта жолда қалып қойды. Неге қалып қойғаны туралы неше түрлі сыбыс болғанмен, нақты себебін көп ешкім біле бермейді. Мұхтар Шахановтан гөрі, сортаңда қалған Аралға «Арал. Арал. Аралымдап» жүрген Әбдіжәмил Нұрпейісовтің тигізген пайдасы көп екенін айтпасақ, айып болар.

Экологияның мәселесімен қатар келген Желтоқсан көтерілісі Мұхтар Шахановтың Алладан сұрап алған қозғалысындай көрінеді. Сондағы Мәскеудегі биік мінберден сөйлеген сөзі аңызға пара-пар іске айналды. Көтеріліске біржақты баға беріліп жатқанда, жан-жақты тексеретін комиссия құру қажеттігін айтып, қасқайып тұрып алған екен. Желтоқсан оқиғасына дейін де, кейін де жоғары жақтан бастап, қарапайым халыққа дейін шулатқан тарпаң мінезі әлі де бар. Той жиындарда «Шаханов өйтті, Шаханов бүйтті» деген әңгімелерді жиі естиміз. Сол тарпаң мінез Шахановтың күрескер тұлғаға айналуына ықпал еткені байқалып-ақ тұрады. Аралды орта жолда қалдырғанмен, Желтоқсан көтерілісінің жүгін әлі күнге дейін арқалап келеді. Желтоқсан десе - Мұхтар Шаханов, Мұхтар Шаханов десе - Желтоқсан көтерілісі бірден ойға сарт ете түседі. Желтоқсан Мұхтар ағамыздың фамилиясы сияқты құдды...

Бұл Желтоқсанның зардабы кімдерге ғана тимеді дейсің? Шаханов осының арқасында дос та, қас та тапты. Қазір соттасып жатқаны соның дәлелі шығар мүмкін... Жетпіске таяғанда таяғын сүйретіп соттасу Шахановқа да, Шахановты жақсы көретіндерге де оңай емес. Оны «Қазақстан комсомолының орталық комитеті жиынында желтоқсандықтарды қаралап, оларды қатаң жазалуға «батасын берген», алаңға шыққандарды мәңгүрттер деп қаралаған» деп сотқа беріп жатқан адам жай адам емес. Ол желтоқсаншы, иә, Хасен Қожа-Ахметтің өзі. Дегенмен, күрескер ақын Мұхтар Шахановты тізерлету одан зорлардың да қолынан келе қоймас-ау..

Кешегі «Ел бірлігі» доктринасына қарсы шығып, аштық жарияламақ болып, қарсы тұрған да осы Шаханов. Анығында билік мүдделі болса, доктрина баяғыда-ақ іске асып, бір-бірімізге «мен қазақстандықпын» деп жүрер  ме едік. Шаханов оңтайлы кезде ұрымтал тұстан табылған тәрізді. Әйтсе де Шаханов бұл жерде іші пысқаннан аштық жариялаған жоқ, бұл оның ұлттық мәселеге келгенде бәрібір байыз таппайтынының айғағы.

«Жаңаөзен» оқиғасы кезінде де жанына нөкерлерін ертіп, Жаңаөзенге барып, «сыртынан» қайтқан да осы Шаханов. Теле-радиоарналардан кейбір зиялысымақтар құсап бос сөйлем шамға тиген жоқ. Оқиғаны өз көзімен көріп қайтты. «Руханият» партиясының сайлауға қатыспай қалғанына түрлі себеп айтылады қазір, түрлі себептің ішінде Шахановтың фамилиясы да жоқ емес. Алайда, өзінің үндемегеніне қарағанда, үнсіз келіскен сыңайы бар. Жұрттың басын қатырып жүргені де сол. Кейде келісімге келместей шамырқанады, кейде келісімге келгендей үндемей қалады.

«Осы Мұхтар Шаханов ақша жеп қойыпты» дегенді өмірі естімеппіз. Тазалығы бар адамға жаманат қалай жабыссын? Бірде немересінің лагеріне 50 мың теңге тауып бере алмағанын естідік, бірақ сенгеміз жоқ. «Халық рухы» партиясы құрылып жатқанда жүрегін емдетемін деп жүрген 10 мың долларын жұмсап тастағынын да көпшілік біледі. Халықтан жасырған байлығы да, құпиясы да жоқ екеніне тағы да көзіміз жеткендей болды. «Ішім дәріханаға айналып» кетті дейді екен өзі. Екі рет инфаркт алған адам дәрісіз қалай өмір сүреді енді?

Бірақ Шаханов саясатқа аса жоқ екенін өзі де, былайғы жұрт та жақсы біледі. Қоғамдық мәселелермен қанша тер төгіп айналысса да, біз оны саясаткер ретінде тани алмадық. Дегенмен саясатқа да жүрекпен келу керек екенін Шахановтан үйрену керек шығар. Кәсіби, кең масштабта ойлайтын саясаткерлер мен саясаттанушылардан гөрі, Шахановтың қарапайым тұжырымдары әлдеқайда түсінікті, көңілге қонымды. Өйткені халыққа жақын. Қазір саясатқа саясат деп қараудың түк те пайдасы жоқ. Оған ұлтшыл көзқарас ауадай қажет екені күн өткен сайын өз-өзінен белгілі болып келе жатыр. Бұл саясатқа Шахановша қарасақ та ұтылмас едік-ау деген ой. Бәрібір қадірлі тұлға ғой. Өз арасы ала-құла болғанымен, халық оны қалтқысыз жақсы көреді. Базбіреулер секілді мың құбылып, жасанды қылық танытқанын көрмек түгілі, естімеген де екенбіз. Халықтың жүрегін ақындығымен-ақ жаулай білді.

«Мықтылардың күйін шертіп өтер күн,

Заман терек адам соның бұтағы.

Мен туғанда досым сенің, әкеңнің

Жазылыпты Абай жайлы кітабы.

Менің әкем соны оқып, ұзақ түндер отырыпты оңаша.

Бір биікпен таныстым деп тамаша.

Шаттаныпты балаша.

Ашып тастап аспанын,

Жинап барлық достары мен  қастарын.

Ниетімді құптар деп,

Бұл есімде ерекше бір құт бар деп,

Мына мендей перзентіне сол күні

Ат қойыпты Мұхтар деп», -  жырлапты, «Мені неге Мұхтар қойған?» деген өлеңінде.

Шахановтан басқа тілдің мәселесін тіліп тұрып айтқан адамды көрсек көзіміз шықсын. Иә, Мұхтар Шаханов ішпеген у бар ма? Сыртынан мысқылдап күліп жүргендердің халық арасында Шаханов сияқты беделі де, абыройы да жоқ екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Кім не десе, о десін, Шахановтың беделі «өркениетті» оппозициядан әлдеқайда биік. Өзі жиі айта беретін жеті жүз жазушының ішінде билікке сөзін жеткізе алатын да жалғыз өзі болып қалды. Қалай дегенде де, қарсыластары бетіне салық қып айтатындай ол қарабайыр емес, халықтың нақ өзіндей қарапайым.

Шындығында Шахановтың арқасында бас жарылып, көз шықпай қалған кездер де бар. Гуманист ақын қанша қарсылықты тұлға болғанмен, агрессивті әрекетке жан-тәнімен қарсы. Бұл тұрғыда оның қарсылығы «ақындық қарсылық» екенін түсінетін кез жеткен сияқты.

Қазақ біреумен біреуді салыстырмаса жүре алмайды ғой. Біз де осы мақаланы жазарда біраз ағайыннан: «Қазаққа қазір Олжас пен Мұхтардың қайсысы көбірек керек» деп сұрап қалдық. Барлығы да бірдей: «Әрине, Шаханов!» деп жауап берді. Осы жауапты мақаламызға нүкте етіп қойсақ, ешкім шам шақыра қоймас. Иә, әрине, Мұхтар Шаханов!..

 

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Әр адамның өзіне тән кемшіліктері болады. Менің ойымша, біз өзімізбен бірге қатар жүрген адамдардың жақсылығын айтып, кемшілігін жасыруымыз керек. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым», - дейді. Мысалы, Хасен Қожа-Ахмет пен Мұхтар Шахановтың арасын алайықшы. Екеуі де халыққа еңбегі сіңген адам. 1975 жылы ұлт үшін үнпарақ таратып, КНБ-ның қолына түскен Хасендей адам жоқ. Бірақ Мұхтардың Хасен туралы жалған сөздерді айтқанын талай естідім. Сосын Хасен оған да қарсы сөз айтуға кірісті. Осындай сөздердің бәрі екі жақтың да деңгейін төмендетеді. Біздің не істеп жүргенімізді, жұмысымыздың қандай деңгейде екенін саясатпен айналысып жүргендер емес, халық бағалап беруі керек. Қасында жүрген адамдар олар туралы баға бермеуі керек дегенім ғой, қысқасы. Менің айтқан кейбір сыни пікірім жамандаған сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал олар туралы жақсы сөз айтсам, Мұхаңды мақтап, қолпаштаған болып көрінемін. Осы уақытқа дейін Мұхаңның көтерген мәселелерінен, мені жұмсаған жерінен мен ешқашан бас тартқан жоқпын. Өйткені, ол жалғыз Мұхтарға ғана керек емес, бәрімізге керек. Ал кейде осының бәрін істеп отырған тек қана Мұхтар Шаханов сияқты көрінеді. Бұл да дұрыс емес. Оның қасында жүргендер көлеңкеде қалып қояды да, не тісін қайрайды, не болмаса жау болып шығады. Сол кезде Мұхаң да: «жоқ, оны жасаған мен емес, мыналар істеген еді», - деп айтуға жарамай қалады. Сондықтан бұндай кезде әр адамның жетістігі мен кемшілігі қатар тұрады екен. Дәл қазір Мұхаңды қазақтың ұлттық мәселесін көтерудегі басшының бірі деп есептеймін.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377