Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 3376 4 пікір 1 Қараша, 2021 сағат 17:19

Ішкі саясатты түлететін де, бүлдіретін де – тіл саясаты

Ең әуелі – тілдік орта

Мемлекеттік тілдің 30 жыл бойы өз тұғырына қона алмауына қатысты алуан себеп пен факторларды атауға болады. Бірақ бүгінгі маңызды шаруа – осылардың ішіндегі ең өзекті де маңыздысын таңдап, соны нәтижелі іске асыру. Бұған дейінгі мемлекеттік тараптан да, қоғамдық тараптан да тіл саясатына қатысты шаралар мен әрекеттердің бәріне ортақ бір осалдық барын атап өтейік, ол – бұл мәселеге ғылыми тараптан кіріспей, түйсікке ғана иек артқанымыздың кесірінде жатыр.

Тілдің қарапайым әрі басты анықтамасы мынау: тіл – белгілі бір қоғам мен қауымға бірігетін адамдардың өзара қарым-қатынас (коммуникация) құралы. Одан әрі тереңдесек, бүгінгі тіл: адамдардың бір бірімен ақпарат бөлісу және ақпарат алу мүмкіндігін жүзеге асыру сайманы. Ал бұны қысқаша ғана «тілдік орта»  аталатын тіл ғылымының бір басты саласы қамтиды. Бұны зерделеп, зерттейтін және мәселесін ашып әрі шешетін социолингвистика деген ғылым саласы бар. Басты өкініштісі сол – бұл сала әлі қазақ тіліне қатысты елімізде байыпты қолға алынып, дамыған жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап бұл ғылым саласын алға тартқан филология ғылымдарының докторы, социолингвист Бақытжан Хасановтың дауысы мен уәжі тиісті орындар мен органдарға жетпеді, соған сәйкес шешім болмады.

Ал тілдік ортаға не жатады? Тілдік орта дегеніміз: тірілей ауызекі және жазбаша тілді қолданатын белгілі бір адамдар қауымы. Қоғамдық-саяси жағынан алғанда бұл орта өзінше «үш жүзден» құралады: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық секторлар, қысқасы қоғамдағы адамдардың күнделікті тұрмысынан бастап, бизнес пен қоғамдағы араластық және елді билеуге дейінгі барлық ақпарат алу, тарату, өндіру аясы мен үдерістері осы тілдік ортаны қамтиды.  Ал бұл секторлардың әрқайсысы өз кезегінде әралуан форматтағы коммуникациялық-ақпараттық ресурстардан, атап айтқанда аудио-видео жазбалар, әлеуметтік желі мен әлемжелі арналары, телеарналар мен радиотолқындар, басқа да ақпарат алу мен жазу технологиясы, бүкіл өнер саласы – кино, театр, кітапхана, білім беру саласы, ресми билік органдары мен ұйымдарының барлық ақпарат контенттері, өндіру, тарату саласы (бұны қысқаша – ресми тіл атайды), секілді ресурстардың әлеуетінен тұрады. Қысқасы, тілді тіл қылатын да, тұл қылатын да – тілдік орта! Егер бизнес клиент үшін таласу майданына түсіп жатса, ал әр тіл аман қалу мен даму үшін тілдік ортаға таласады!  Осыдан тіл  саясатының мазмұны өзінен өзі келіп шығады.

Енді «электрон тілдік орта» ұғымын енгізуге мәжбүрміз, өйткені бұл сала бүгінді әрбір тілдің қауқарын айқындайтын көрсеткіш болып кетті. Бұрын сәбидің тілі ата-анасы мен жанұясында шығатын болса, қазіргі баланың тілі гаджетпен шығып жатыр. Жуырда ғана Ақтөбе облысының Ырғыз кентіндегі бір отбасыдағы 3-5 жасар екі сәбидің тілі орысша шыққандықтан, оларды амалсыз орыс мектебіне беруге тура келген. Ал, Ырғыз ауданы 99,99 қазақтілді орта! Демек, «тілге ие болғың келсе, гаджетің мен контентіңді түзе!» деген жаңа мәтел шықты. Ал жуырда ғана «BALAPAN» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Кенжебаева Президентке телеарналардағы жасөспірімдер контентіне қатысты ұсынысын білдіріп, мемлекеттік арналар бұған кем дегенде апталық эфир уақытының 2 сағатын бөлуі керегін жеткізді. Бұған алып-қосарымыз аз, бұл жағдай тіл  саясатына қатысты әлдеқашан қолға алынуы керек шара еді.

Тіл саясаты дегеніміз – елдегі, қоғамдағы аталмыш салалар бойынша тілдердің дәрежесі мен ара салмағына орай заңға негізделген, мейлінше қолданылу мен пайдаланылуды әділ үйлестіру, қайшылықтарды жойып, дамытуды қолға алумен анықталады. Тіл саясатын қазіргі заманда жүзеге асыруға қажет басты сайман – социолингвистика! Бұл – тілдік ортаның ғылыми атауы әрі зерттеу мен зерделеу пәні. Ол болмаса, бұл үдеріске қатыспаса, онда тіл саясаты соқыр деген сөз, бұл ғылым аталмыш сала бойынша барлық мәселені орнына қойып, шешімдердің жобасын әзірлеуге бірден бір керек ғылыми тетік болып табылады. Бұл ғылым тілдік ортаның әрбір жігі мен тобындағы жағдайды барынша объектив түрде көрсетіп, соған сәйкес қандай шара мен жобаны атқаруды ұсынар еді. Міне осы болмағасын, 30 жыл бойы не істеп, не қойғанымызды және қалай істейтінімізді білмей, Уақыт пен басқа да ресурстарды рәсуә етіп келдік. Тіл саясатының деңгейі «жанашырлық» сипаттан арыға баспады. Қисынды шешімдер болмады, нәтижелі әрекеттерге жол ашылмады.

Билік - басты тілдік орта

Тілдік ортаны тартатын локомотив не? Ол ресми орта – елді билейтін мемлекеттік сектор. Егер бұл сектор мемтілге деген көзқарасын біржолата, алаңдамастан, манипуляциясыз кірісетін болса, онда қалған екі сектор: коммерциялық және қоғамдық орта да басқа тілге қарай жамбастауды доғарады және сылтау іздемейді, тіл саясатына кедергі жасап машақатқа бара қоймайды. Мемсаясатты айдалаға ала қашпайды, сыртқы күштерді елдің ішкі саясатына қарсы айтақтамайды.

Бұған дейін мемсектор тіл саясатын қалай жүзеге асырып отыр? Ресми ортада конституцияның 7-бабының 2-тармағы бұрмаланып, «орыс тілі – ресми тіл» деген жалған тұжырыммен, орыс тілінде ғана мемлекеттік іс жүргізілуде. Бұл үдерісте бір емес, екі құқық бұзылып отыр: біреуі атазаңның «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген 7-бабының 1-тармағы, яғни мемлекеттік құзыр мен құқық бұзылса, тағы біреуі - мемлекеттік қызметтегі қазақтілді қостілді қызметкерлердің құқығы бұзылып келеді. Қазақтілді қызметшілер аудармашының рөлінде және олар өздерінің компетенциясын толық мемлекеттік тілді қолдануға пайдалана алмай, монотілді қызметшілердің ыңғайына жығылумен келеді. Осы жерде мемлекет неге осы екі тарапты біріктіретіндей  саясат жасай алмай отыр? 30 жылдың ішінде бұл сала бойынша алға басу неге жоқ?

Бұның шешімін бірден айта кетейік. Осыдан кемі 20 жылдай бұрын елде қостілділік деген сырттай қарағанда күлкілі болғанымен дұрыс саясаттың сұлбасы басталған еді. Бірақ бұл ішкі мазмұны анықталмаған жалаң идеологияға айналып, дабыра күйінде қалды. Шын мәнінде жоғары мемлекеттік органдардағы мемқызметшілерден қос тілділік құзыреттілік талап етіліп, оны бірте-бірте мемтіл пайдасына қарай бұрғанда, қазіргідей қайшылық қалыптаспаған болар еді. Оны қалай ұйымдастыруға болар еді? Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік мемқызметшілерді ҚазТЕСТ жүйесі арқылы қазақ және орыс тілдері бойынша сынақтан өткізеді де, мемлекеттік қызметтің дәлізінде кім қай тілге жүйрік болса, сол тілде қызмет ете бастайды. Бірақ қостілді қызметшіге сәйкесінше ерекше жағдай жасалады, өйткені ол - елдің тіл саясатын қолдаушы әрі дамытушы фактордың тиегі! Екі тілді қызметші мансап бойынша жоғарылауға барынша мүмкіндігі болуы тиіс. Және де мемлекеттік қызметте құжатты бір тілден екіншісіне аударып, артық шығын мен жалған «қостілділік» жүргізудің мүлдем керегі жоқ. Ал біртілді/монотілді адам дегеніміз кім? Ол – орыстілді қызметші. Әдетте қазақтілді қызметкердің кемінде 80 пайызы екі тілге жүйрік. Кім ұтты? Мемлекеттің  саясаты ұтты және оның саясатын алға бастырып отырған кез келген қостілді этнос өкілі ұтты! Бұндай саясатқа кім шағымданады? Біртілді және мемлекетті менсінбейтін өзімшіл, кездейсоқ монотілді «қызметші» ғана шағымданады. Шағымдана берсін... тіпті кездейсоқ адам ретінде өзіне жұмысты басқа сектордан іздесін! Бұл жерде кездейсоқ қызметшілердің мүддесіне мемлекеттің мүддесі мен құзырын қор қылуға неге жол беріледі? Міне, осылайша басталған дұрыс бастаманың аяғы болмады, мазмұны ашылмады, саясатқа айналмады. Бірақ аса мықты орыстілді маманды да мемлекеттік салада қызметке алуға болады, оны мемлекеттік қызметкер ретінде емес, белгілі бір сала бойынша сарапшы-маман ретінде! Тіпті ондай маманды шетелден де тартуға болады. Яғни мемлекеттік мүддені алға бастыру үшін барлық жағынан да заң мен қисын жеткілікті.

Мемлекеттік ұйымның/мекеменің отырысын қай тілде жүргіземіз? Екі тілде бірдей. Қалай сонда? Қазақтілді қызметкер мемтілде сөйлесе, орыстілді қызметкер орыс тілінде ойын айта береді, бірақ екі тарапқа да бірдей талап қойылады: қызметші толық меңгермеген тілді ауызекі түсінуге тиіс. Егер де мақұрым болса, ондай адамды «көпұлтты» Қазақстан мемлекетіне қызметші етіп алуға әсте болмайды! Бұл - базар емес, әркім өз тілімен түсінісіп, сауда жасай беретін, бұл – мемлекет!

Ұсынылып отырған бұл модель-саясат жалғаса бермейді. Мерзім жағынан бес жылды ғана қамтуы мүмкін, бұл уақыт ішінде нағыз қостілді, тіпті мемтілді өте жақсы меңгерген келесі ұрпақ әлгі дүбәрә буынды ығыстырып шығады болмаса бес жылда мемқызметшілердің барлығы дерлік меңгеріп шығар еді. Болды!!! Осылайша мемлекеттік сектордағы тіл мәселесін бас аяғы 5-ақ жылда шешіп тастауға әбден болады.

Мемлекеттік дәліздегі тілдің қандай екендігі көшедегі яғни қоғамдық сектордағы адамға қандай қатысы бар?! Ешқандай да. Көшеде шемішкі сататын болмаса зейнетке шыққан,тіпті студентке де мемлекеттің қай тілде қызмет ететіні ешбір кедергі етпейді, ал мемлекет тарапынан керек құжат пен хат-хабар екі тілде бірдей беріле береді. Ендеше бұған қоғамдық пікір мен демографияның қандай қатысы бар?! Мемлекеттің өз қызметін мемтілде атқаруына ешбір демографиялық жағдайдың да әсері жоқ. Ол заңды да, шешімдерді де, отырыстарды да қазақ тілінде атқара алады және солай болуы тиіс. Бірақ қоғамдық орта болмаса тіл  саясаты үшін ол жерде демократиялық  сайман – ілеспе аударма болса жеткілікті, сосын қазақша түсінбейтін қарапайым азаматтың хаты мен тілегіне орысша нұсқасын/аудармасын беруге адам құқығын бұзбау жағы қарастырылса болғаны. Бұл мемлекеттің мәдениетін де қалыптастырады, мемлекет пен азаматтық қоғам арасын да жақындатады. Бірақ жазбаша қатынаста аудармамен бірге мемтілдегі түпнұсқа міндетті түрде қоса жүруі керек. Керісінше, түпнұсқа орысша болып, оған қазақшасы қосақталмауы тиіс. Негізінде дұрыс болғанда, қазақстандық тіл саясатының идеалы осылай болар еді!

Ал біз бұның орнына не істедік? Қазақтілді қызметкерді аудармашы етіп қойып, орыстілді құжаттарды архив үшін соған аудартып отырдық, ал нағыз тілдік орта тек қана орыстілді болып қала берді, қазақ тілінің ресми саласы аударма-калькалық сипатқа көшті.  Бұл шын мәніндегі қылмыс еді. Ақырында қазақтілді қызметкерлер орыстілдене бастады. Қазақ тілінің ресми саласы дамымай кері кетті. Ал тілдік ортаның бастысы – мемлекеттік дәлізде.

Осы жерде қоғамда әбден тізесі шыққан қисынсыз тіркестерге қатысты ой өрбіту керек болып отыр. Мысалы көптеген өңірлерде «тілдерді дамыту» деген жалпақшешей тіркес ресми басқармалар мен департаменттің,тіпті комитеттің де атауына кірістірілген. Бұл жосығы жоқ қисынсыз нәрсе: елде 100-ден аса этнос болатын болса, Қазақстан соншама тілдерді дамытуды мойнына алуы – абсурдтың абсурды. Шын мәнінде әлгі мүсәпір ресми атаулар «тіл саясаты жөніндегі» бөлім, департамент, басқарма, комитет сықылды болып келуі керек еді.

Жіктей айтатын болсақ, орыс тілі онсыз да дамыған халықаралық тіл және оны одан әрі дамытатын Ресей федерациясы бар, бұл туралы өзбек, украин, поляк, неміс, түрікпен, қырғыз, шешен-ингуш,  түрік тағы басқа тілдер туралы да айтқан қисынды болмақ. Ал ұйғыр, дұңған, курд секілді тілдерді дамыту үшін бұл этностардың алдында тарихи әрі заңдық күші бар халықаралық құзыр мен құзыреттілікке ие болуы керек, яғни БҰҰ болмаса ЮНЕСКО алдында міндеттеме алып, соған сәйкес талап пен қолдау болса ғана оларды дамытуға Қазақстан міндетті болмақ. Ал елдегі этносаралық татулық нығайтудың бұл салаға ешбір қатысы жоқ. Сондықтан мемлекеттік тіл саясатының берекесін кетіріп келген жалпақшешейлік пен жалған бастаманың құйрығы бір тұтам болғандықтан да, бұл салада нәтижесізбіз. Алайда, қоғамдық деңгейде жергіліктенген тілдік саясат үшін бұларды ішкі саясаттың бір көрінісі ретінде назар аударуға әбден болады, бірақ ол кез келген тілдің тарихи даму міндетін Қазақстанның мойнына ілу деген сөз емес. Ал халықаралық деңгейде әлгі ұйғыр, дұңған, курд тілдерін дамыту үшін сол этностардың тарихи жерін ұстап отырған мемлекеттерге қарата бастама көтеру – Қазақстанның халықаралық аренадағы міндеті ғана емес, өзіміздегі әлгі диаспораларды рухани қолдау әрі парыз болмақ. Тұжыра айтқанда, ұйғыр мен дұңғанның тілін дамытуға тиісті мемлекет – Қытай, курдтардың тіліне Ирак пен Түркия міндетті. Ал түркілердің қара шаңырағын ұстаушы басты ел ретінде ноғай, тыва, қарақалпақ, құмық, қарашай-балқар, ғағауыз тағы басқа түркі жұрттарының тілдерін ғылыми әрі араластық үшін тілбілім саласы бойынша дамытуға үлес қосу қай жағынан да жарасымды әрі қисынды. Сол үшін де тарихи-рухани миссиясы бар Түркістан қаласында жалпытүркілік тілбілім институты құрылса, ол қазақ тілінің де дами түсуіне ықпалы зор болмақ.

Ал қазақ тілін дамыту керек пе? Әлбетте. Мемлекеттік мәртебесі бар тіл үшін бүгінде терминология мен лексикология, аударма саласы мейлінше даму үдерісін қажетсінуде. Тіпті, бұл салаларға арнайы институт құру қажеттігі бар.

Аударма – тілдің алтын көпірі

Әрбір тілдің өзге тілдермен араласар көпірі бар, ол – аударма саласы. Аударма техникалық сипаты жағынан жазбаша және ауызша болып екіге бөлінеді. Ауызша аударманы «ілеспе аударма» деп те, қазақы мағынасында «тілмаш аударма» деп те атауға болады. Аударма саласы мазмұнына қарай ғылыми, әдеби, ресми және тұрмыстық деп те жіктеледі.Алайда, қазақ тілінің бүгінгі көпіріне қарап, бұлардың ара-жігін ажырату мүмкін емес.

Тілдің аударма саласының ахуалын қарастырғанда, оның қазақ тілін өзге тілдермен қатынастыру қабылеті қандай деген мәселеге амалсыз тірелеміз. Жалпы, аударма саласының дамуы тілдің өзге тілдермен сандық және сапалық жағынан қатынас сипатын білдіретін көрсеткі (индикатор) болып табылады. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілі әлемдегі қауқарлы ондаған тілдермен тікелей қатынас жасап отырғандығына күмәніміз бар. Себебі, Қазақстанның мемлекеттік тілінің өзге тілдермен аудармасы өзінен тікелей емес, орыс тілін делдал етіп, соны бетке ұстап қана күн кешіп отырғанын жасыруға болмайды. Тіпті, оның өзі де анда-санда болатын аса сирек құбылысқа айналған.

Қазақ халқының демографиялық араластығы мен лингвистикалық мүмкіндігі барынша аралас-қоралас қытай, түрік, ағылшын, француз, испан, неміс, украин, өзбек, грузин, моңғол, парсы т.т. тілдік орталармен тікелей тұрғыда аудармалық араласу үдерісі көз үйренген жайтқа айналмай отыр. Бұл жағынан,тіпті маңғол тілі бізді шаң қаптырып отыр деуге болар.Аталмыш сала тек қана орыс тілінің құзыры арқылы атқарылатын лингвистикалық міндетке айналған. Мұның бір мәселесі, елдегі аталмыш шет тілдерін оқыту қазақ тілінде емес, Ресейдің мемтілінде бірыңғай жүргізіліп, сол тілдегі әдістеменің бар билікті қолына алуында. Сонымен, әлі күнге қазақ тілінің өзге тілдермен араласы, яғни, аудармасы білім саласында түпкілікті жолға қойылмай, тіпті, қарастырылмай отыр деуге болады. Әсіресе, қазақтілді орта мектептердің өзінде шет тілдері үшін қатынас тілі орыс тілі болып қалып отыр, яғни, қазақтілді балалар шет тілін орыс тілі арқылы үйренуге душар, тәуелсіз қазақтілді әдістеме де көзге түспейді.

Түрлі еларалық форумдардың жұмысы елдегі онға тарта телеарнаның ішінде тек қана «Қазақстан» арнасында қазақшаланады да, басқасында теріскей елдің тіліне қотарылатыны жасырын емес.  Өйткені, аудармашылар мен тілмаштар мұндай жұмысқа жылына бір-екі рет қана тартылатындығы мәлім, сондықтан оларда қандай дағды мен білік қалыптасып, өзге тілмаштардың деңгейіне жете алсын! Қысқасы, қазақ тілінің аударма саласы бейнелеп айтқанда, көтерем күйінде. Сынап айтқанда, өз алдына лингвистикалық сала ретінде мемлекеттік назарда емес, аудармашылардың ресми, құқықтық мәртебелері айқындалмаған, оларға қажетті керек-жарақ пен мүмкіндіктер жасалмаған.

Қазақ тілмаштары мен аудармашылары үшін қазақ аудармасын дамытарлықтай не қоғамдық, не мемлекеттік немесе коммерциялық негіздегі құрылым жоқ! Қазақстанда таралатын кәмпиутрлер мен басқа да ақылды саймандарда автоматтанған электрон сөздіктер бар дей алмаймыз, бар болса, ол жеке бастама түріндегі, ал мемлекеттік қолдаудағы ондай сайман жоқ және де тек қана орыс тілін тәржімалауға ғана арналған, оның өзі де іске жарамсыз, уақыттас, қажетті тілдік бірлікке балама табу қиынның қиыны.

Аударма саласы әсіресе енді ғана мемлекеттік мәртебе алып, дамуға амалсыз міндетті алған тіл үшін ерекше маңызы бар, оған бұрынырақта айтылған кейбір ұлтшылдардың сыңарезу пікірінің кесірінен жабылған барлық ілеспе аударма саласын өзегіміз өртене тұрып, өкінішпен еске алуға мәжбүрміз.

Айта берсек, аталған сала бойынша мәселе жеткілікті,түйткілді шешуге арналған жоба жоққа тән. Енді аударма саласындағы кейбір мәселелерді шешу жолдарын атап өтуге тәуекел етейік:

  • Тіл комитетінің құрамында аударма саласын дамытуға қажетті жобалар мен бағдарламаларды, әрекеттерді үйлестіретін бөлім болғаны абзал;
  • Қазақ тілінің Аударма саласын дамыту жөніндегі арнайы мемлекеттік бағдарлама керек;
  • Қазақтілді аудармашылар мен тілмаштар бірігіп, өздерінің қауымдастығын құруына мемлекет мүдделі болуға тиіс;
  • Аударма саласын дамытуға қомақты қаржы бөлуді қазақ тілін дамытудың бір тетігі ретінде қарау керек;
  • Аударма саласына арналған сан алуан тілдермен қазақ тілін араластыруды қолдайтындай арнайы электрон портал жасақталуы қажет;
  • Қазақ тілінің әлемдік жетекші тілдермен қатынасын толық қамтитындай ғылыми-аудармалық кеңестер құрылып, олар қазақ тілінің сол тілдермен арадағы баламалық (семантикалық емес, сөзбе-сөз) сөздігін түзуге кіріскені жөн;
  • Қазақтілді аудармашылар мен тілмаштарды сәйкес тілдік ортада дамыту мақсатымен шетелдерге біліктерін арттыру сапарларына жолдама қарастырып, оны Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі бірігіп үйлестіруі керек деген тілек бар;
  • Барлық ресми мекемелер мен ақпарат беру орындарында ілеспе аударма жүйесі міндетті түрде қолға алынуы керек.

Өткен ғасырдың 90-жылдары жер-жерде ілеспе аударма сіңісіп, бір де бір жергілікті билік отырысы монотілде өтпейтін, соның арқасында қазақ тіліне ойысу мен білім алу үрдісі пайда бола бастаған-ды. Бірақ әлдекімдердің, бәлкім орыстілділердің ықпалынан болар, «бәріміз түсінікті тілде сөйлейік» деген жетесіз ұранның жетегінде кеттік те, таз қалпымызға түстік.

Жалпы алғанда, кез келген тілдің шарықтау шегі оның аудармасының дамуынан көрініс табады. Ал, мемлекеттік тілдің ондай дәрмені әзірге аса аянышты жағдайда. Қайбір тіл де әлемдік және ресми деңгейге тек қана аударма арқылы жетеді, сондықтан бұған мемтілді дамытудың бастапқы сатысы мен басты бір кепілі ретінде назар аударатын уақыт жетті.

Қоғамдық орта неге қыр көрсетті?

Жоғарыда аталған басты тілдік орта мемтілге қатысты «менсінбеу» саясатын қолға алғасын, қазақтілді қауым не істеді? Белсенді азаматтар арқылы орыстілді адамдарға, түрлі қызметшілерге тиісе бастады. Оны қазақы қауым батырлық пен іскерлік әрі отаншылдық санады!? Бұл бір жағынан – қылмыс, біреудің құқығына, абыройына қол сұғу, басбұзарлық дейік. Ал мемлекеттік тілдің құзыры мен қазақтілді адамдардың құқығына қол сұғып отырған мемлекеттің рөлі қайда?! Бұл қылмыстың артында тіл саясатын жеткілікті жүргізбей отырған тиісті органдар неге аталмайды? Кеше ғана елден кетірілген Қуат Ахметовтың жазығы не? Жазығы тіл саясатын желеу етіп, адамдарға тиіскендігінде, дәлірегі - басбұзарлық жасағанында. Онда неге ол лаңкес ретінде елден қуылды? Ал ондай отаншыл жастарға басқаша қалай қимылдау қалып еді? Әрине, басқаша заң жүзінде ішкі саясат құрылымдарымен бірігіп, қайшылықсыз, даурықпасыз, популизмсіз, заңды қоғамдық жобаларды атқаруға болар еді! Ол неге атқармады? Себебі, Ішкі саясат құрылымдары ондай жобаларды атқаруға жағдай жасамайды және қолдамайды! Неліктен Қуаттардың отаншыл әлеуетін ішкі саясатты алға бастыруға қолданудан сәйкес құрылымдар қашады?! Олардың сауаты мен әрекетін неліктен заңға сәйкестендірумен, оқытумен, тәрбиелеумен, көзін ашумен айналыспайды?! Бар мәселе осында.

Демек, Қуаттардың осындай басбұзарлыққа баруы - тіл  саясатын жүргізуде және елдің ішкі саясатын үйлестіруде тиісті органдардың өз қызметтерін жеткіліксіз атқаруынан туындап отыр деген сөз.  Ал монотілді орталарға мемлекеттің толерант саясатын алға бастыру, сіңіру, насихаттау шаралары қайда қалды? Ол мемлекеттік тілді тежеу арқылы ғана «іске асырылып» жатыр ма, сонда?!

Ішкі саясат арқылы жыл сайын миллиардттаған қаржы жұмсалатын болса, соның кемінде 30 пайызы тіл  саясатын дамытуға жұмсалуы керек! Неге? Себебі, көптілді, көпжұртты Қазақстан үшін ішкі саясаттың мәйегі – тіл  саясатының негізінде жатыр. Ал біз соны көрер көзге көрмегендей болып отырмыз! Тіпті, барлық өңірлердегі Ішкі саясат құрылымдарының басты жұмыс көрсеткіші тілге қатысты болуы керек. Өйткені, ішкі саясатты түлететін де, бүлдіретін де сол – тіл саясаты.

Серік Ерғали,

педагогика ғылымдарының магистрі

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236