Дүйсенбі, 30 Маусым 2025
Күбіртке 224 0 пікір 30 Маусым, 2025 сағат 12:28

Тіл - соғыс құралы емес!

Сурет: eurasiatoday.ru сайтынан алынды.

Әр елдің ана тілі бар. Бірі - құрып, бірі - дамып келеді. Алайда әлемдік экономика, ғылым мен білім тілі - ағылшын тілі екенін білеміз.

Әлем ақпаратының жиынтығы саналатын «википедияда» 7,5  млнға жуық мәлімет ағылшын тілінде, 1,5 млн ақпарат орыс тілінде.

Демек, ағылшын тілін меңгергендер бізден 4 есе артық ақпарат алады деген сөз.

Көшбастағандардың арасында - орыс тілі.

Кеңес дәуірінде өмір сүрген 15 мемлекеттің 240 млнға жуық халқына көзіңнің шамшырағы, мәдениеттің мәйегі - орыс тілі деп миына құйған.

Арақ ішіп, қатын үшін атыса беретін Пушкин, «Прощай немытая Россия» деп, орысынан түңілген Лермонтов, Чехов, Толстой т.б әбден миларына құйды.

Маркс пен Энгельс, Ленин шығармаларымен сусындатып, ұлттық әдебиет пен төл тілдерін шынжырлап ұстады.

Бұлқынған бураларды өлтіріп отырды.

Кеңес Одағы күйрегеннен кейін «зомбиланып» қалған халық жанталасып, тарихын, тамырын іздеп, тілін дамытып, ұлттық салт-дәстүр, менталитетін қалыптастырып, әлемде орыс тілінен басқа тіл мен мәдениет, ғылым бар екенін түсініп, көзі ашылып, көкірегі оянып, тарихтағы орыс ұлтшылдары мен колонизаторларының әділетсіз билігін ашық сынады.

Бұл Кеңес Одағының бел баласы - Ресейге ұнамады.

Евразияны өзінікі санап, оның орыс тілі мен мәдениетінен аулақ кетуін қаламаған шовинистер бұлқынды, қылқынды.

Алмазын алып, байлығын тонап, саха мен якуттардың ұлты мен тілін жоюға жақын қалды. Араққа түсіріп, тұқымын тарыдай шашыратып, есімдерін Коля, Вася қылып жіберді.

Орыс тілін экономикалық қысым жасау қүралына айналдырды. Әлі де жалғасып келеді.

Орыс тілін және орыс тілділерді қорғау мақсатында Шешенстанға, Грузияға шабуыл жасады. Осы кезден орыс тілі соғыс қүралына айналды. Ақыры орыс тілділердің мүддесін қорғау мақсатымен Украинаға шабуыл жасады. Қанды қасап ұйымдастыруда.

Өз тілі мен мәдениетін дамытып, Еуропамен саяси-экономикалық қатынас жасап, демократиялық жолмен экономикалық даму жолына түскен ел ұнамады. Қолында қуыршақ сияқты ұстап, Солтүстік Корея халқы сияқты ақпараттық вакуумде ұстағысы келді. Оған украиндіктер қарсылық танытты.

Қазір ана тілі мен ата-бабасынан қалған атамекеніне баса көктеп кіріп келген жаумен алысып жанталасуда.

Иа, Қазақстан Орта Азияның қақпасы. Жетекші мемлекеті. Шикізат көзі. Сондықтан да Қытай, Ресей, Еуропа елдері Қазақстанға ерекше назар аударады.

Қазақстанда соғыс өрті тұтанса, екі алып мемлекетте күйрейді. Сондықтан да әскери соғыс біздің елде бола қоюы неғайбыл. Алайда екі мемлекетте «жұмсақ» дипломатиялық мәдениетті қолдана отырып, Қазақстанға идеологиялық шабуыл жасауда.

Қытай адамдарын технологиясымен қоса жіберіп, қазақ жастарының қытай оқу орындарында білім алуына жол ашуда. Қазақстанда Конфуции ілімін дамытамыз деген сылтаумен қытай тілін үйрету курстарын үн-түнсіз қарқынды үйретуде.

Үш ай оқисың, 75 мың төлейсің. Директоры қазақ болғанымен, қаржы мен бақылау қытайдікі. Қытайтану институты да бар.

Ал орыстар қазағы көп оңтүстікке орыстың үш мектебін салуды талап етуде. Орыс тілін насихаттайтын ақпарат қүралдарын қаржыландырып, орыс тілінде сөйлейтіндер санының көптігін пайдаланып «Солтүстік өңірлер Ресейдікі», «орыс тілі мемлекеттік тіл болу керек», «орыс тілі кемшілік көруде» деген сияқты арам ой тастап, билікке психологиялық, экономикалық, саяси қысым жасап келеді. Елде орыс ұлтының және оны қолдайтындар санының көбеюіне мүдделі.

Қазір елімізде 4 млнға жуық орыс ұлтының өкілдері мен 1200 аралас және таза орыс тілді мектеп бар. Ақпарат құралдарының 70% орыс тілінде. Кеңсе тілі қағаз жүзінде қазақша болғанымен, қосарланған тіл бірге жүреді. Бұдан артық не керек оларға? Кім оларды кемсітіп жатыр? Кім сыйламай отыр?

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзіміздің «орыстарды» жаным жақсы көреді. Қасымда Евгении деген азамат бар. Әріптес. Қазақшасы менен аспаса кем түспейді. Қалай құрметтемейсің?

Ал аз ғана қазақ тілді орта - ұлтшыл саналып, қағажу көруде. Алайда біздің билік олардың да сөйлеп қалуына байқамағансып мүмкіндік беріп қояды. Қаттырақ кеткендерін екіқабат екеніне қарамай соттатып жіберіп, босата қояды.

Қысқасы, әлем мәдениетінің өзегі саналатын француз, ағылшын, испан, қытай, неміс, орыс тілдерінде өз елдерінде «мемлекеттік тіл туралы» заңдары бар. Әлемнің жартысына жуығы сөйлейтін тілдер.

Ал қазақ тілі 33 жыл жалғыз шаба алмай, артынан еріп алған көк есекті сүйретумен келеді. Қосарланған, айыр тілді жылан емеспіз ғой. Иә, тілді меңгер. Үйрен. Алайда қаныңның тамшысы қазақ тілін біл.

Көрші елдің тіл мен ұлт мәселесін соғыс қүралына айналдыруы - өздерін жеккөрінішті етті. Қадірі кеткен қазақ тілін қорғайтын заң жоқ. Қазақстанда «Мемлекеттік тіл туралы» заң қашан қабылданады? Қазыбек Иса ағамыз біраз еңбектеніп еді, жоғары жақтан қоя қой деді ме? Қолдау таппады. Сылтаулары - көпэтносты елміз. «Оларды сыйлап, қүрметтеуіміз керек» деп Ассамблея да қүрып қойдық. Бәрінің өз тілінде сөйлеуіне еркіндік бердік. Құрметтедік. 33 жыл қүрметтпеп келеміз. Алайда қазақ тілін қүрметтегендері бар ма? Өте аз.

Ассамблея қазақтың саны 40%-дан аспай тұрған Назарбаевтың ойлап тапқан қулығы еді. Қазір қазақ саны 70%-ға жетті. Орыстың саны 14%. Енді осы ұйымның қажеті шамалы.

Марат Әзілхановпен бірге жұмыс жасадық. Жақсы танимын. Ресейде 100-ден аса ұлт бар. АҚШ тіптен, қырық жамау. Неге оларда Ассамблея жоқ?

Қысқасы ел тыныштығы, береке-бірлікті сақтау деген сияқты ұғымдарды біз де білеміз. Мұндағы айтпағым - қандай да тіл болсын, соғыс құралына айналмауы керек. Ол үшін қанша достық дипломатияны сақтасақ та, өз халқымыздың мүддесін қорғап, қырғыздар сияқты батылырақ болғанымыз абзал.

Тіл - болашақтың кілті. Жасынан бойына ұлттық мәдениет пен тілдік қорын бойына сіңірмеген ұрпақ - мәңгүрт, ұлттық коды қалыптаспаған, жалтақ болып өсері хақ. Тіл бейбітшіліктің кілті болу керек. Ол әркімнің қалтасында бар. Тек есігін дұрыс тауып, ашқаны жөн. Ал есікті орнатып беретін мемлекет пен қоғам!

Асылбек Баяжұма

Abai.kz

0 пікір