Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 3441 5 пікір 3 Қараша, 2021 сағат 14:00

ДАИШ пен тәліб соғысы: қауіп қайдан?

2021 жылдың 15 тамызында Ауғанстан билігін тәлібтер басып алды. 20 жылға созылған соғыс осылайша аяқталды. Батыстық күштер драмаға толы жағдайда Кабул әуежайынан әскері мен жақтастарын шығарып, елден кетті. Бұл «Талибан» билігінің нық орнағанының көрінісі болатын. Алайда Ауғанстандағы жалғыз күш тәлібтер емес. Паджшер аймағындағы қарсыласу күштерінен бөлек, ондаған ірілі-ұсақты террорлық топтар бар. Олардың басым бөлігі тәлібтерге қосылуды қаласа, ДАИШ (ИГИЛ) керісінше үстемдікке ұмтылатынын және тәлібтерге қарсы әрекет ететінін мәлімдеді. 

2021 жылдың 26 тамызында ДАИШ ұйымының жанкештісі өзін Кабул әуежайының алдында жарып жіберді. Жарылыстан 13 АҚШ сарбазы мен 30-дан астам тәліб қаза тапты. Жалпы қаза болғандар саны 200 адамды құрайды, ал жараланғандар 1300-ден астам. Жарылысты ДАИШ содырлары өз мойнына алып, тәлібтерге қарсы соғыс жариялады. Бұл «Талибан» билігін мойындамау және «оларға қарсы әрекет етеміз» деген нақты сигнал болатын. «Талибан» ДАИШ содырларына қарсы әскери операция бастап, әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

Сарапшылардың мәліметінше, Ауғанстанда орта есеппен 3000-5000 мың арасындағы ДАИШ содырлары бар. Олардың басым бөлігі Орталық Азия елдерінен шыққандар. Әсіресе тәжік, өзбек ұлтының өкілдері басым. Тәлібтер сандық және әскери техникалық үстемдікке ие, сондықтан ДАИШ лаңкестері ашық ұрысқа түспей, партизандық соғыс тактикасын таңдаған. Олар террорлық актілер жасау және жекелеген тұлғаларды өлтіру әдістерін кеңінен қолдануда. Тәлібтердің көліктеріне жарылғыш зат орнату, көпірлерді жару арқылы астыртын әрекет етуде.

2021 жылдың 8 қазанында ДАИШ ұйымының лаңкесі Құндыз қаласындағы Гозар-э-Сайед Абад шииттер мешітінде өзін жарып жіберді. Жарылыстан 150 адам қаза тауып, 160 адам жарақат алды. Араға бір апта салып. Мазари-Шариф қаласындағы шиит мешітінде тағы да бір жарылыс болды. Бұл жолғы жарылыстан 110 адам қаза тапты. Қос жарылыстың да шиит мешітінде болуы тегін емес еді. Содырлар жұма намазы үстінде жарылыс жасау арқылы екі мақсатты көздеген. Біріншісі, барынша көп адамға зиян келтіру болса, екіншісі діни рәсім үстінде қан төгу арқылы діни қақтығыс тудыру. Себебі тәлібтердің басым көпшілігі сүннит. Осы арқылы Иранның да қарсы реакция беруін күткендей.

Әр жарылыстан кейін тәлібтер жарылыс болған ауданда арнайы операция өткізіп, ДАИШ ұйымына қатысы бар деген адамдарды тұтқындайды. Алайда оның тиісті эффектісі байқалар емес. Дәлел ретінде кеше болған оқиғаны айтсақ болады. 2 қазан күні ДАИШ содырлары Кабул қаласындағы әскерилер ауруханасына шабуыл жасап, 19 адам қаза тапты.

Батыстық сарапшылар тәлібтердің ессіз әрекеті ДАИШ-тың күшеюіне әсер ететінін болжауда. Мысалы бұрынғы үкімет жасақтарына рақымшылық жарияланғанына қарамастан, оларды қудалау тоқтаған емес. Сәйкесінше ДАИШ тарапына өтіп кеткен үкімет жасақтары бар екені айтылуда. «Тіпті оларға айына 340 доллар көлемінде қаржы төленеді» дейді The Guardian. Бұл Ауғанстандағы дағдарыс жағдайында қомақты қаржы саналады. Алайда тәлібтер ол ақпаратты жоққа шығарып, негізсіз деп отыр.

ДАИШ содырлары мен тәлібтер арасындағы ұрыс Орталық Азия мемлекеттерін де алаңдатуда. Себебі Ауғанстандағы ДАИШ ұйымының басым бөлігін Орталық Азиядан шыққан радикалдар құрайды. Кез келген уақытта олар Орталық Азияға өтуге тырысуы мүмкін және бұл аймақтың тыныштығы мен тұрақтылығына кері әсер етуші фактор болмақ.

Ауғанстандағы экономикалық дағдарыс артып келеді. Азық-түлік тапшылығы мен күнделікті қажеттіліктер 35 миллионнан астам тұрғынға жетпей, жоқшылық басталған. Тіпті аштық болуы да мүмкін деген болжамдар бар. Экономикалық дағдарыс күшейген сайын, тәлібтердің билігіне деген халық сенімі азайып, наразылық күшеюде. Бұл ДАИШ содырлары үшін мүмкіндік болып отыр.

Асхат Қасенғали 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349